Пысыќтауыш басќа сµздіњ єйтеуір бір сапасын, ерекше белгілерін білдіру ‰шін ж±мсалатын баѓыныњќы м‰ше



Дата14.10.2023
өлшемі221,5 Kb.
#114003
Байланысты:
dip -turaqty-tirkesti-mezgil-pysyqtauysh[Replica]


Жұмыстың тақырыбы: Тұрақты тіркесті мезгіл пысықтауыш
Жұмыстың көлемі:

Жұмыстың құрылымы:


Жұмыстың мазмұнын сипаттайтын тірек сөздер: пысықтауыш, тұрақты тіркес, сөйлем мүшесі,


,
Жұмыстың негізгі мақсаты мен міндеттері: Пысықтауыштың алғашқы қалыптасуы мен оның тұлғаларының берілу жолын нақтылау. Тұрақты тіркестерден жасалған мезгілдік мағына беретін пысықтауыштарды тұлғаларына қарай жіктеу. Тұрақты сөз тіркестерінің барлық сөйлем мүшесінің қызметін атқара алатындығын нақты мысалдармен дәлелдеу.

Жұмыстың мазмұны: Кіріспе бөлімінде тақырыптың түп негізі болып саналатын синтаксис туралы және оның зерттеу объектілеріне тоқталады. Жұмыстың бірінші тарауында пысықтауыш және оның зерттелуі жайлы сөз қозғалады. Осы мәселеге байланысты ғалымдардың әрқилы пікірлерін келтіреді.


МАЗМҰНЫ

Кіріспе ..............................................................4-бет

Пысықтауыш және оның зерттелуі........................6-бет


Пысықтауыштың түрлері және олардың жасалу жолдары.............................................................15-бет


Тұрақты тіркесті сөйлем мүшелері........................1-бет


Тұрақты тіркесті мезгіл пысықтауыш...................20-бет


Қорытынды.........................................................30-бет


Пайдаланылған әдебиеттер...................................31-бет


Қосымша әдебиеттер............................................32-бет


Көркем әдебиеттер...............................................33-бет


Мерзімді басылымдар мен диссертациялар.............34-бет


Синтаксис (грек. sintaxis–біріктіру)–грамматиканың үлкен бір саласы. Синтаксис сөйлемдегі жеке сөздердің байланысын, сөз тіркесінің заңдылықтарын, сөйлем құрудың амал-тәсілдерін қарастырады. Егер де жеке сөздер морфология саласында статикалық (сол тұрған қалпында) тұрғыдан зерттелсе, синтаксисте олар динамикалық (қозғалыста) тұрғыдан қарастырылады.


Синтаксис сөз тіркесін, сөйлемді, олардың түрлерін, сөйлем мүшелерін және басқа синтаксистік формаларды адамның ойын білдірудің грамматикалық тәсілдері ретінде, өзара байланысты категориялар ретінде қарастырады. Синтаксис сөздерді сөйлемнің бөлшектері ретінде, ал жалғауларды сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен қиюластырып тұратын морфологиялық-синтаксистік категория ретінде тексереді. Синтаксис–сөз тіркесінің, сөйлемнің грамматикалық сыр-сипатын зерттейтін ілім.
Жай сөйлемге қатысты үлкен мәселенің бірі – сөйлем мүшелері. Сөйлем мүшелері әр тілде әр түрлі зерттелген. Лексикалық мағыналары толық сөздердің тіркесу нәтижесінде пайда болған грамматикалық мағыналарға ие болып, синтаксистік қызметті атқарып тұратын сөздерді сөйлем мүшелері дейміз. Сөйлемдегі сөздердің саны аз болса да, көп болса да, бір-бірімен мағыналық, тұлғалық байланысқа түсіп, сөз тіркесін жасайды. Ал сол сөз тіркесінің жеке сыңарлары сөйлем мүшелерінің қызметін атқарады. Сөйлем мүшелерін дәл анықтап, дұрыс ажыратудың басты шарттары мыналар:

  1. Сөйлемнің әр мүшесінің өзіне тән жеке сұрақтары болады.

  2. Сөздердің бір-бірімен байланысына қарай басынқы сөзден бағыныңқы сөзге сұрақ қойылады.

  3. Ол сөздердің қандай грамматикалық тұлғада тұрғандығын білу шарт.

Қай тілдің болмасын синтаксистік категориялары мен морфологиялық категориялары бір-бірімен өзара тығыз байланыста болады. Сөз синтаксистік қызметі мен басқа сөздермен арадағы қатынасын сөйлем құрамында көрсетеді. Кейде сөздің лексикалық мағынасының өзі сөйлем құрамы арқылы айқындалады.
Сөйлем белгілі бір ой желісін білдіріп, тыңдаушы жұртқа түсінікті болу үшін, ондағы сөздер өзара берік синтаксистік байланыста тұруы тиіс. Сөйлемдік қоршаудағы әр сөз өзіне лайықты орында тұруы және жалғау, шылау сияқты дәнекерлік қызмет атқаратын тұлғаларды дұрыс қабылдауы керек. Осы талаптар дұрыс орындалмаса, сөйлемдегі сөздер өзара берік байланыса алмайды да, айтылған ой түсініксіз болады. Демек, айту, тыңдау процесі өз мақсатына жете алмайды.
Сөйлем құрамына енген сөздерді өзара таптастырғанда, оның рөлі мен маңызы ескеріледі. Осы тұрғыдан қарағанда, тұрлаулы, тұрлаусыз болып екі топқа бөлінеді. Сөйлем құруға негіз болатын бас мүшелер – тұрлаулы мүшелер – сөйлем атаулының грамматикалық ұйытқысы. Ал тұрлаусыз мүшелер тұрлаулы мүшелердің маңына топтанып не тікелей соларды, не бірін бірі анықтап, толықтап, пысықтап тұрады.

Ι ТАРАУ
Пысықтауыш және оның зерттелуі


Түркологияда Н.К.Дмитриев, М.Балақаев, А.Н.Кононов, Е.И.Убрятова пысықтауышты арнайы сөйлем мүшесі ретінде қарастырса, Г.Д.Санжеев пен Л.П.Поцелуевский пысықтауышты формалық белгісінің негізіне сүйеніп және тек үстеу үшін арнайы сөйлем мүшесін қарастыру қажет емес дейтін пікірді негізге ала отырып, пысықтауышты сөйлем мүшесі деп танымайды.


Қазақ лингвистикасында А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Х.Басымов, Ә.Ермеков, М.Томанов, Т.Сайрамбаев, т.б. ғалымдардың пысықтауышқа қатысты еңбектері бар. Ахмет Байтұрсынов: «Тіл құрал» атты еңбегінде пысықтауышқа қатысты былай дейді: «Пысықтауыш сөздер деп амал пысықтау үшін айтылатын сөздерді айтамыз. Сөйлем ішінде әр нәрсенің амалын көрсететін сөз баяндауыш. Сондықтан пысықтауыш сөздер баяндауышты пысықтайтын сөздер болып шығады. Бұлар баяндауышты қалай пысықтайды? Әуелі баяндауыш көрсетіп тұрған амалдың мезгілін айтып, екінші орнын айтып, үшінші сынын, сыйқын айтып, төртінші себебін айтып, бесінші мақсатын айтып пысықтайды. Сондықтан пысықтауыш сөздердің өзі бес топқа бөлінеді:

  1. мезгіл пысықтауыш

  2. мекен пысықтауыш

  3. сын пысықтауыш

  4. себеп пысықтауыш

  5. мақсат пысықтауыш

Амалдың мезгілін, мекенін, сынын, себебін, мақсатын көрсету-бұл пысықтауыш сөздердің ішкі белгілері. Бұлардан басқа тысқы белгілері де бар. Әр пысықтауыш сөздің өз алдына жауап беретін сұраулары бар. Олар тысқы белгісі болады». (
Қ. Жұбанов үш түрлі сөйлем мүшесі бар деп көрсетеді. «Сөйлемде бастауыш пен баяндауыштан басқа да мүшелер болады. Олар я баяндауышты, я бастауышты анығырақ, айқынырақ аңғарту үшін тұрады.
Сатырлаған сойыл үйдің үстіне жауды (Б.Майлин).
Бұл сөйлемде сойыл, жауды деген сөздер негізгі мүшелер. Қалғандарының бәрі де айқындауыштар. Үстіне деген сөз қайда жауғанын көрсетіп, жауды деген баяндауышты айқындап тұр. Үйдің деген сөз ненің үстіне жауғанын білдіріп, үстіне деген айқындауыштың айқындауышы болып тұр. Сатырлаған деген сөз қандай, қайткен сойыл екенін аңғартып, сойыл деген бастауыштың айқындауышы болып тұр». (
С.Аманжоловтың пысықтауышқа қатысты пікірі төмендегідей: «Тұрлаусыз сөйлем мүшелерінің бірі–пысықтауыш. Бұл да шартпен алынған термин. Пысықтауыштар–қимылды, сынды айқындайтын сөз. Мұны анықтауыш, толықтауыштардан бөлгенде, тек қана мағынасына, сөз табының жігіне қарай бөлгенбіз. Анықтауыш–қандай, қай, қайсы, қайсы сияқты сұрауларға, толықтауыштар септік жалғауының тура сұрауына жауап берсе, пысықтауыш тек қана үстеулердің, көсемшелердің және шылаулы сөздердің сұрауына жауап береді. Сонымен қатар, пысықтауыштар септік жалғауының бұрма сұрауларына, есімдердің, етістіктердің шылаулы түрлерінің сұрауына жауап береді.
Нығмет Сауранбаевтың 1953 жылғы еңбегінде пысықтауыш туралы былай делінген: «Сөйлемде пысықтауыш болған сөз етістік болған басқа мүшенің мезгілін, мекенін, амалын, шартын, мақсатын, себебін білдіреді.
Пысықтауыштар белгілі сөз таптарынан ғана болады. Көбінесе, пысықтауыш болатын–үстеулер. Сол сияқты белгілі орында сын есім де, етістіктің көсемше, есімше түрлері де мекен, мезгіл мағынадағы зат есімдер де пысықтауыш бола алады». ()
Пысықтауыштар басқа сөйлем мүшесінен әлдеқайда абстракттанған сөздер. Бұлардың да түп негізі объект, зат болған. Оны байқау үшін кеше, бүгін, ертең, өте, аса, қолма-қол... сияқты үстеулердің этимологиясын қараса болғаны. Кеше+нің түбірі кеш, бүгін+нің түбірі бү+күн, ертең+нің түбірі ар-арғы, тең-таң мағынасындағы екі сөзден құралған. Өте +нің түбірі–өт (етістік), асаның түбірі–ас (етістік), қолма-қол дың түбірі–қол мен қол деген сөзден құралған.
Пысықтауыштардың мағынасы етістіктің мәнімен байланысты, сондықтан бұлар, көбінесе, етістікке жақын тұрады. Қазақ тілінде үстеулерден басқа сөздер де пысықтауыш болады. Оның ішінде, әсіресе, сын есімдер етістікке тетелес тұрса, сөз жоқ, пысықтауыш болады. Етістіктер көсемше түрінде ғана емес, белгілі жалғау я жұрнақ жалғанған есімшелерден де пысықтауыш болады. Ашығырақ айтсақ, -ша, -ше жұрнағы жалғанған есімдік, есім сөздер, есімшелер үстеуге айналып барып, пысықтауыш болады. Бұлардан басқа сан есім анықтаған жылы, күні, айы... дегендер де күрделі пысықтауыш болады. Бұлармен ғана іс бітпейді. Бізде орасан, әсіресе, ерекше, тым-тым... сияқты сын үстеулер де пысықтауыш болады. Барлық пысықтауыш мағынасына қарай беске бөлінеді:

  1. мезгіл пысықтауыш

  2. мекен пысықтауыш

  3. себеп пысықтауыш

  4. мақсат пысықтауыш

  5. сын-қимыл пысықтауыш

Мұғалімдердің және тіл мамандарының 1952 жылдан бері «Халық мұғалімі» журналы бетінде толықтауыш пен пысықтауыш жайында айтысып келе жатқан мәселесі, әсіресе ол мүшелердің мекендік мәндерін айыра тануға, олардың мәндік, формалық белгілерін шатастырмайтын етіп анықтауға арналған еді. Сөйлем мүшелерінің ішінде осы толықтауыш пен пысықтауыштың анықтамасын дұрыстау, оларды талдағанда бірімен-бірін шатастырмайтын қалыпқа келтіру қазақ тілін зерттеушілердің де, грамматика жазушылардың да, мектеп мұғалімдерінің де негізгі мақсаты деп білеміз. Бұл–бізде тек қазақ тілшілерінің ғана алдында тұрған мәселе емес, орыс, өзбек, татар т.б. тілшілерінің алдында көптен қойылып келе жатқан даулы мәселенің бірі.
Оқушы жұртшылығына белгілі қазақ тілі синтаксисінің бұл мәселесіне байланысты бірнеше көзқарас бар. Сол көзқарастар әр кезде жарыққа шығып та келді. 1938 жылы шыққан орталау, орта мектептерге арналған алғашқы синтаксистің өзінде-ақ мекен пысықтауыш болатындар тек мекен үстеулері ғана делінген. Септік жалғаулы болғанымен, мағынасына және контекске қарай пысықтауыш болып кететін сөздер туралы да сонда тұжырымды пікір айтылған. Осымен байланысты септік жалғауының «тура сұрауы», «бұрма сұрауы» деген фразалар пайда болып еді. Шынында да, іліктен басқа септік жалғауында тұрған сөздер біркелкі емес. Бұларды дұрыс тану үшін, сөздердің қасиетін, олардың байланысу, грамматиканың қарамағына түсу жолдарын білу қажет. Грамматика сөздердегі, сөйлемдердегі жеке, нақты нәрседен абстракцияланып алынған. Біз сөз етіп отырған толықтауыш, пысықтауыш... дегендеріміздің бәрі– грамматиканың қарамағына түсіп, соның нәтижесінде аса зор маңызға ие болып тұрған сөздер.
Тілшілер, оқытушы мұғалімдер, алдымен, әрбір грамматикалық категорияның өзіндік ерекшелігі, өздеріне тән мағыналық, формалық белгісі, жасалу жолдары болатынын еске алулары керек. Бұл ерекшеліктері болмаса, оларды бірінен-бірін айыру қиын болар еді. Ғалымдар грамматиканың ережесін жасағанда, форма немесе мағына қуалап қателесуі, бір жақты кетуі, схоластикалық т.б. ағымға түсіп кетуі сөзсіз. Қазақ тілшілерінің арасында осылай, мәселеге біржақты қараушылықтың салдарынан болып жүрген бірсыпыра қателер, даулы мәселелер бар. Сол 1952 жылдан бері жазылған мақаланың бірде-бірі мәселені тұжырымды, дәлелді етіп шешіп бере алмағаны осыған айғақ. Рас, әркім өзінің көзқарасын дұрыс-ау деп шамалады, сол көзқарас бойынша грамматикамыз осы мәселені түйіндеп, оқушыларға үйретсе, оңайлық, жүйелік пайда бола ма деп ойлады.
Шынында, бұл мәселе оңай мәселе емес. Оның оңай еместігін тілдегі мекендік мағынаны беретін, лексика- грамматикалық ұғымды білдіретін сөздердің, грамматикалық мағына мен грамматикалық формалардың әр алуан екендігінен көземіз. Демек, мекендік мәнді зат есімнің жатыс, барыс, шығыс, кейде көмектес жалғаулы түрі де білдіреді.
Жалпы түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің, фактілері мекендік мәнді білдіретін сөздер мен тұлғалар көп екендігін және олар әр алуан болып кеетіндігін дәлелдейді. Сонымен бірге, кейде бір форманың өзі түрлі мағынаға ие болатындығы да кездеседі. Кейбір есім сөздер белгілі қосымшаны, шылауды қабылдаумен байланысты және контекске байланысты абстрактыланып, бірде үстеудің, бірде есім сөздің сұрауына жауап береді. Бұл да жалғыз қазақ тіліне тән ерекшелік емес, түрлі тілдердің бәріне тән ерекшелік.
Жасыратыны жоқ, біз синтаксисті орыс тілінің грамматикасына сүйене отырын жаздық, бізден бұрынғылар да орыс грамматикасына сүйене отырып жазған болатын. Түркологтардың сол тілдің ерекшелігіне байланысты ізденгендері де бар. Соның ішінде Е. И. Убрятованың «Исследования по синтаксису якутского языка» деген еңбегі осылай жазылған.
Орыс тілінде де толықтауыш пен пысықтауыш арасыында бұлдыр нәрселер бар. Орысша «куда?» дегенге жауап беретін нәрселерді бір қалыпта алуға бола ма, жоқ па? Біздегі объектілердің предикатқа қарым-қатынасы орыс грамматикасындағыдай ма? Оларды қазақшаға механикалық түрде алуға бола ма? Және орта мектепке мұны қалай енгізуге болады? Бізде «қайда?» деген сұрау жалғаулы, жалғаусыз сөздерге қойыла береді. Осының айырмашылығын орта ментеп үшін қалай беру керек? Біздің жалғаусыз сөз ғана пысықтауыш болады, жалғаулы болса толықтауыш болады деп жүргеніміз осыдан екенін түсіну керек.
Бұл айналып келгенде балаларды шатастырмау үшін және жеңіл болу үшін айтылған нәрсе. «түбінде, ішінде, жанында, қасында» деген сөздердің бәрі «қайда» деген сұрауға жауап береді. Тіпті көзге көрінбейтін нәрселер де «қайда»-ға жауап береді. Мұндай абстрактылық ұғымдардың барлығына балалардың ойы жетпейді. Орыстарда «в Москву», «на Москву» дегендегі «у»-лар қойылудың критерийі А.М. Пешковскийдің еңбегінде тамаша айтылған. Бұлардың екеуі бір «куда?»деген сұрауға жауап береді, бірақ мұнда предлогтар бар, олар септік жалғаулармен қабаттасып жүреді. Бізде ол жоқ.
Біздегі толықтауыш пен пысықтауыш жіктелуі сияқты ерекшеліктерді еске алып барып айтылған. Оларды еске алмай, көз жұмып, қалай болса солай еліктеп, ала салсақ қазақ тілінің өңін айналдырып жіберу болып шығады.()
Бұл ғалымдар пысықтауыштың тұлғаларын анықтап, мағыналық түрлерін жіктесе, Қ.Шәукенов «Синтаксис» атты еңбегінде пысықтауышты сөйлем мүшесі ретінде қарастырмайды (1.97).
Пысықтауыштар өздері қатысты мүшені (көбінесе етістік баяндауыштың) мекен, мезгіл жағынан да және істің істелу амалы, себебі мен мақсаты жағынан пысықтайды.
Пысықтауыш мүшенің тағы бір ерекшелігі – ол пысықталатын мүшемен соншалық тығыз байланыста бола бермейді. Логикалық екпін өзіне түскен жағдайда ғана пысықтауыш өзі айқындайтын етістік баяндауыштың нақ алдында тұрады да, қалған реттерде бірде арасына сөз салып, сөйлемнің орта шенінде, бірде сөйлемнің бас шенінде, тіпті, бастауыштан бұрын келе береді. Мысалы: Мұрат мектепке кеше барды. Мұрат кеше мектепке барды. Кеше мектепке Мұрат барды. Осы сөйлемдер құрамындағыдай пысықтауыштың орнын ауыстырып айта беруге болады. Бір рет қана логикалық екпін кеше сөзіне түскенде, пысықтауыш баяндауыштың тікелей алдында келген. Қалған сөйлемдерде логикалық екпін пысықтауышқа түспей, басқа сөздерге түсіп, соның салдарынан оның орны да әр қилы өзгере берген. Пысықтауыштардың мұндай «еркіндігі», әрине, сөздің стильдік қолданылу заңдылықтарымен ұштасып, инверсия заңдылығын туғызады. Екінші жағынан, бұл ерекшелік пысықтауыштың өзі пысықтайтын сөзбен байланысының біршама әлсіздігін, көбінесе, грамматикалықтан гөрі мағыналық жағынан ғана ұласып жататындығын дәлелдейді.
Пысықтауыш - басқа сөздің әйтеуір бір сапасын, ерекше белгілерін білдіру үшін жұмсалатын бағыныңқы мүше. Солай болғандықтан, ол анықтауышқа ұқсас. Дегенмен ол екеуінің елеулі айырмашылығы бар: анықтауыш заттық ұғымы бар сөздердің – зат есімдердің, субстантивтенген басқа есімдердің-әр алуан сапасын, меншіктілік-тәндік қатынасын білдіру үшін жұмсалса, пысықтауыш, негізінде, заттың қимылдық сапасының сапасын, белгісін білдіреді. Басқаша айтқанда, пысықтауыш етістіктен болған мүшені анықтайды (2.186).
Пысықтауыштар білдіретін мағыналарына қарай былай бөлінеді: мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, мақсат пысықтауыш, себеп-салдар пысықтауыш, амал пысықтауыш, мөлшер пысықтауыш.
Пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер – үстеулер, үстеу мәндес есімдер, сапалық есімдер мен мекендік, мезгілдік, мақсаттық, амалдық мағыналарда жұмсалатын септеулі (жатыс, барыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі) зат есімдер.
Үстеу-түркі тілдерінде кешеуіл қалыптасқан. Дербес сөз табы ретінде өзге грамматикалық категориялардан кейін пайда болған. Тілдегі өзге сөз таптары үстеудің пайда болу, қалыптасына үлкен әсер етті. Тіл білімінде үстеудің пайда болу, қалыптасуын «адвербиалдану» деп атайды.
Сөз таптарының бірден пайда болмай тілдің тарихи дамуы барысында біртіндеп жасалатындығы үстеудің сөз табы ретінде қалыптасуынан айқын көрінеді. Зерттеушілер үндіеуропа тілдерінде зат есімдер мен сын есімдердің септік жалғаулы түрлерінің сөйлемде пысықтауыш қызметінде жұмсалу барысында олардан үстеулердің жасалғандығын айтады. Ал қазіргі түркі тілдерінде қолданылып жүрген бірге, зорға, иоқару, илгери үстеулері де бір кезде басқа сөз таптарына тән, өзге функцияда қолданылған сөздер тобы болған. Осындай бірқатар сөздер өздерінің қолданылу аясында, сөйлемдегі қызметіне байланысты пысықтауыштық функцияда тұрақтанып, кейіннен мағыналық реңкінің ауысуына, бастапқы нақты мағынасының жалпылануына, дерексізденуіне байланысты үстеу сөз табының ерекшеліктерін, қасиеттерін бойына сіңіріп сол жүйеге өтеді.
Форма жағынан көнеленген, мағына жағынан әуелгі төркіндерінен алшақтаған сөздер өздерінің бастапқы топтарынан бөлініп шығып, лексикалық мазмұны жағынан басқа сөздер тобына айналады. Сонымен қатар форма жағынан да не біржола септелмейтін, не бірен-саран септік жалғауларын қабылдайтын жарым-жартылай ғана өзгеретін сөздерге айналады. Мысалы: артқа, алға, алда, арттан. Мұндай сөздер мағына жағынан қимылдың алуан түрлі күй-жайын, белгісін білдіреді, оларда заттық мағына болмайды. Сөйлемде көбінесе пысықтауыш болып қызмет атқарады. Ал сөз табындық ерекшелігі, морфологиялық өзгешелігі тұрғысынан үстеулерге жатады.
Қазіргі түркі тілдеріндегі кейбір үстеулердің құрамындағы аффикстер шығу тегі жағынан алғанда алғашында жалғаулар болғанмен қазіргі кезде олар сөздің түбірінен ажыратып алуға келмейтін дәрежеге жеткен де, түбірге сіңісіп, оның құрамдас бөлігі болып қалған. Осындай құбылыстардың нәтижесінде үстеулер жасалған. Сөз таптарының ішінде зерттеу объектісі болып отырған үстеу сөздер бір кездерде бейтарап жатқан, лексико-грамматикалық белгілері мен семантикалық айқындалмаған тілдік сөз топтары еді.
Түркі тілдерінің тарихы саналатын Орхон-Енисей, Талас жазбалары жазба тіл нұсқасын танытатын бірден-бір мұра. Аталмыш жазбалар сол дәуірлердің тілдік жүйесінде әбден екшеленіп, белгілі нормаға түскен жүйе ретінде танылады. Әрбір сөз таптарының анықтамасы мен лексико-грамматикалық қасиеттерін айқындағанда көне түркі тілдерінің материалдарын пайдаланбай тұжырым жасау қиын да күрделі мәселе.
В.М.Насилов V-VIII ғасырларда үстеу әлі де қалыптасу, даму үстінде, жеке лексикалық категория ретінде толық қалыптаспағандығын айтады. Біршама үстеулер есімді сөз таптары және етістіктің көсемше форманттарымен кездесетіндігін ескертеді. Орта ғасыр ескерткіштері материалдары бойынша зерттеулерде үстеу деп аталатын сөздердің қатары едәуір молайып, атқаратын қызметі мен қолданылу аясы кеңейіп қалғандығы байқалады. Бұл дәуірлерде үстеулер өз алдына топ құрап, беретін мағынасы мен жасалу жолдарына байланысты біршама теориялық анықтамаларға ие болып қалған болатын.
Ғалым А.М.Щербактың айтуынша ескі өзбек тілінде үстеу сөздер түрлендіруші формалары жоқ сөз табы. Бірақ көп жағдайда мүлдем қатыспайды дегеннен гөрі кейбір сөз түрлендіруші формалары бар, бірақ олар тұрақты, көнеленген, аралық синтагматикалық байланысы үзілген грамматикалық көрсеткіш ретінде танылады дейді. ()
Салыстыра, сатылай зерттеу барысында көне түркі дәуірінде үстеу сөз табының әлі де болса толық қалыптаса қоймағандығын, орта түркі дәуірінде үстеу сөз табының жеке сөз табы ретінде пайда болып, өзіндік грамматикалық құбылыс түрінде, біршама лексика-семантикалық грамматикалық белгілерге ие бола бастағандығы айқындалды. Зерттеу нәтижелерінен белгілі сөйлем мүшелері тарапынан үстеу сөздердің пысықтауыштық қызметке ие болып, соның салдарынан қызметіне байланысты пысықтауыштық сөздер пайда болып, қолданылу аясына, беретін мағынасына қарай үстеу сөз табы болып, белгілі категорияның қалыптаса бастағандығы айқындалды. Ал қазіргі түркі тілдері материалдарын сараптағанда жекелеген түркі тілдерінде үстеу сөз табы әбден орнығып, сөз табындық қасиеттерімен көрініп, лексика-семантикалық топтарының ұлғайып, сөзжасамдық қабілетінің артып қалғандығы көрініп тұр.
Үстеу сөз табы қазіргі түркі тілдерінде толық қалыптасқан, тұрақты грамматикалық категория. Зерттеуші И.И.Мещанинов үстеудің қалыптасуында бірден-бір қызмет атқаратын сөйлем мүшелері, оның ішінде пысықтауыштық сөздер екендігін айтып, сөйлемдегі функциясына байланысты біртіндеп қалыптаса бастағандығын көрсетеді.() Шынында, үстеулердің сөз табы ретінде қалыптасуына әртүрлі сөз таптары ықпал етті. Үстеулер сөйлем ішіндегі қолданыстарына байланысты бөлініп шықты. Бірақ барлық пысықтауыштар үстеулер қатарына өте беруі шарт емес. Үстеулер лексикалық топ болып өзінің грамматикалық формасына байланысты өзге сөз таптарынан етістік ретінде қолдабай, тура осы қатарда үстеу түрінде жекеленген.
Түркі тілдеріндегі үстеу әр дәуірге тән өзіндік белгісімен, даму, қалыптасудағы арнайы заңдылықтармен көне заманнан Орхон-Енисей, Талас ескерткіштері, одан беріде Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн еңбектерінен белгілі. Қазіргі тілімізде қолданылып жүрген көптеген үстеулер көне дәуірде қолданыс тауып келе жатқан сөздер тобы. Олардың сөз табы ретінде қалыптасуы өте ерте кезеңде жүргендіктен көбі қазіргі түркі тілдерінде түбір үстеулер сипатын алып келген. Мысалы: қазақ тілінде енді, кеше, ертең, зорға, бірге, дәйім, әрең, әдейі.
Ал қалған үстеулер кейінгі жылдары ауызекі сөйлеу тілі, әдеби жазба тілдің дамуы, қалыптасуы, белгілі нормаға түсуі нәтижесінде жасалып, жаңа сөз, жаңа мағына ретінде үстеу сөз табына телініп отырды.
Ескерткіштер тілінде үстеу түрінде қолданылған йоқару-«жоғары» сөзі V-VIII ғасырларға дейін қалыптасудан өткен. Мәтінде аталмыш сөз үстеу ретінде толық мағынаға ие болған, қызметі жағынан да үстеулік реңкке ие тұлға. Сөздің құрылымдық-семантикалық сипатына келетін болсақ, мынандай ерекшеліктерді көруге болады. Сөздің түбірінен септік жалғауын бөліп алайық. Түбір йо-«жо»+ғару жалғау. Форма еш өзгеріске түспеген, ал түбірдің мағынасына, тұлғалық сипатына қарасақ еш деректерден кездестіре алмаймыз. Өйткені тілде «йо»-«жо» түріндегі единица жоқ. Яғни түбір сөз өзгеріске түскен. Көне түркі материалдарын салыстыра қарастыру барысында аталмыш сөздердің нақты формасы табылды. Сөз көне жазбалар тілінде «йоқ»-«қырат, шоқы» деген мағынада қолданылған. Зат есім сөз ескерткіштер тіліне дейін грамматикалық форма –ғару көрсеткішін қабылдап, өзгеріске түскен. Алғашында зат есімнің түрленуі болғанымен, кейіннен сөйлем ішіндегі қызметі өзгерген. Функциялық жақтан әуелі өзге сөз табына тән болған сөз кейіннен мағыналық жақтан да үстеулер қатарына жылжып ауыса бастаған. Көне заманда өз алдына жеке лексикалық единица ретінде қолданылған «йоқ» сөзі йоқ йер «биік жер, қырат, үстірт» септік формасымен бірігіп оның ажырамас бір бөлігі болып қалған. Процесс тілдің дамуында ұзақ мерзімді сұрыпталу мен қалыптасуды басынан кешірген. Пайда болған жаңа тұлға түрленбейтін сөздерге айналды. Бастапқы сөз түрлендірушілік қасиетінен толық айырылады. Осындй процестің нәтижесінде туынды сөз түбір сөзге айналады.
Қазақ тілінде кездесетін кешке сөзі үстеу ретінде кейінгі жылдары ғана қалыптасып, толық мағынаға ие болған.
Құрамы мен тарихи тұрғыдан талданбаса, қазіргі тіл тұрғысынан еш ажыратуға, талдауға келмейді. Аталмыш сөздердің құрамынан қазіргі қазақ тілі материалдары бойынша талдасақ, -ке формасы бойынан жалғау қасиеті ауытқып кеткен көрсеткіш ретінде танылады. Яғни сөз құрамындағы жалғауда сөз түрлендірушілік қасиет жоғалған, өлі форма түрінде ғана көнеленген септік жалғауы десе де болады Ал егер аталмыш форманы сөз түрлендіруші барыс септігі ретінде қараса, онда сөз толығымен үстеулер қатарынан шығып кетеді.
Сын есімдердің үстеуге айналуының басты белгілерінің бірі ретінде конверсия құбылысы ерекше сипатқа ие болады. Өйткені көп жағдайда сын есім сөздер өздерінің тұлғалық сипатын сақтай отырып контекстік мағынасына, функциясына байланысты үстеуге айналады. Сын есім сөйлем ішінде есіммен тіркесіп анықтауыш ретінде заттың сапасын, сынын білдірсе, етістікпен тіркесіп қимылдың белгісін білдіріп үстеу болады.
ΙΙ ТАРАУ
Пысықтауыштың түрлері және олардың жасалу жолдары

Мекен пысықтауыш


Қимылдың, іс-әрекеттің болу орнын, бет алысын, қайдан екенін білдіретін пысықтауыштар мекен пысықтауыш болады (2.191).
Мекен пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер, негізінде, мекен үстеулер: жоғары, төмен, ілгері, кейін, соң, әрі, әрмен, бері, бермен, кері, ішкері, тысқары, сыртқары, алда, артта, соңында, бұлай, олай, тұс-тұстан, алды-арты, ерсілі-қарсылы, әрі-бері, жоғары-төмен, ілгері-кейін, жан-жақ (-қа, -тан), т.б. бұл үстеулер түбір күйінде де, жатыс, барыс, шығыс жалғаулы формаларда да мекен пысықтауыш болады:
Жоғары қарашы, көкте не көрінеді? (Ы. Алтынсарин) Ол күлімсіреп төмен қарады (С. Мұқанов).
Мекен пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздердің енді бір қатары – жатыс, барыс, шығыс және көмектес септікті зат есімдер. Оларға қайда? қай жерде? қай жақта? деген сұрақтар қойылады:
Мен өзенге келдім. Әйел орнынан тұра бастады. Торғайлар бұтаққа қонды. Біз ала сәуледе ағашқа кірдік (Ғ. Мүсірепов).
Септік жалғауларындағы сөздердің мағыналарын бұрынғысынан да дәлдеп, айқындап тұратын сөздер бар. Олар – септік жалғауларын меңгеретін демеулер. Демеулер меңгеретін сөздерінен кейін тұрып, мекен пысықтауыштың құрамына енеді:
Ол үйге қарай кетті, Жақып өзенге таман жүрді.
Мекен пысықтауыш ретінде жүретін сөздердің бір тобы – сілтеу есімдіктері. Олар септеліп, не жақын, алыс, жер, жақ, маң сияқты көлемдік мағынадағы есімдермен тіркесіп келіп жұмсалады:
Мен бүгін осында үлкен шаруамен келіп отырмын. Бұл маңда ел жоқ-ты. Мына жақта Жанас пен Арыстан ғана өздерінің күйлерін шертуде (Ғ. Сланов).
Мекен пысықтауыш қызметінде фразеологизмдер де жұмсала алатынын зерттеу жұмысының барысында анықтадық. Оны біз мынадай мысалдардан байқаймыз:
Ана жақта жұрт қызыл қырғында жүргенде, тыныштық жерден орын таба алмады (Т.Ахтанов). Есік пен төрдей жерге өзі де ұшып кетті (Ә.Әбішев). Ит арқасы қияннан сүйегін сүйретіп әкесі келіп тұр деп түсіндір (Б.Мұқай). Бұл жолы дауыс оның нағыз көк желкесінде тұрып сөйлегендей естілді (Х. Есенжанов). Солардың жуан ортасында Нұри жүр (М. Иманжанов).Аңға шықса далақтап шауып, айғайлап шулап, күндік жерден үркітіп жібереді (С. Бегалин). Керманға барып өлгенше, өзіміздің кір жуып, кіндік кескен жерімізде өлгеніміз жақсы (С. Сейітов). Қатал әкенің қалауымен кәрі шалға қырық қараға сатылған қыздың ат жетпес, атан жетпес жерге ұзатылып бара жатып, ел-жұртымен қоштасқаны (Ә.Нұрпейісов). Көз көрім жерде анда-санда ағаш араларында отырған киіз үйлер көрінеді (С.Сейітов). Кенет иек созымдай жерден жермен жексен бір үйді көрді (Ә.Нұрпейісов). Бір бауыр жерге дейін дуылдаған әлгі көңілді жиынның үні өшіп, үй іші тына қалды (Ә.Нұрпейісов). Көз жететін жерде қыбыр еткен жан жоқ (Ә.Әбішев). Олар бірінікін жасырып, бірінікін көз көрмес, құлақ естімес жерге жасырып тұрады екен (Х. Есенжанов).
Мақсат пысықтауыш
Іс-әрекеттің не үшін, қандай талапқа лайық істелетінін, болатынын (не болмайтынын) білдіретін пысықтауыш мақсат пысықтауыш болады. Мақсат пысықтауыштар кім үшін? не үшін? неге? қандай мақсатпен? деген сұрақтарға жауап береді (2.194).
Мақсат пысықтауыш қызметінде жұмсалатын үстеулер өте аз, олар мыналар: әдейі, жорта, қасақана, бекер, босқа, әшейін.
Мен бұл жерге әдейі келдім. Ол жорта айтып отыр. Досжан бұл жерге бекер келген жоқ.
Мақсат пысықтауыш ретінде мынадай сөздер мен сөз тіркестері жүреді:

  1. у қосымшалы қимыл есімдер барыс жалғауында кел, кет, әкел, шақыр, бер сияқты етістік баяндауыштарға қатысы болғанда:

Сен Алматыға ойнауға келген жоқсың, оқып білім алуға келдің. Сырбай буыршынды, расында, шалуға әкелген еді.

  1. зат есімдер мен –ғалы//-гелі, -қалы//-келі тұлғалы етістіктер тіркесі:

Бала кітап алғалы келіпті. Біз хал-жағдайыңызды білгелі келдік.

  1. есімдердің үшін шылауымен тіркесі:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін. Отан үшін аттанам, Ақ семсерді қолға ала.

  1. қалау, бұйрық рай формалы етістіктерден кейін көмекші деп етістігінің келуі, кейде көсемше тұлғалы етістіктің жеке өзі тұруы:

Алматыға оқып білім алайық деп келдік. Қарт Иван, Антон, Ильялар Ысқақты шығара келіпті.

  1. барыс жалғаулы есімге бола етістігінің тіркесуі:

Мен саған бола келдім.

  1. –ма+с, -ме+с тұлғалы есімшеге барыс септігінің жалғауы жалғанады:

Қылмыс заңын атамасқа, адам зарын елемеске келіп пе едік осында!

  1. Мақсат пысықтауыштың жетінші тұлғасы ретінде біз тұрақты тіркестерді енгізуді ұсынып отырмыз:

Шылбыр ұшын сұрауға асықпай қоя тұр, біраз шыдап көрейік (Ә.Әбішев). Ешкімге білдірмей ұшты-күйлі жоғалғалы отырмын (Б.Соқпақбаев). Бұдан кейін шығынға батпасқа әбден бекінді (Ж.Жиенбаев). Қарсыласының абыройын жыққалы әрекет іздеп жүр (Б. Мұқай).

Себеп пысықтауыш


Себеп пысықтауыш қимыл процесінің себебін білдіреді. Оған неліктен? не себепті? деген сұрақтар қойылады (2.196).
Себеп пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөз көбінесе өткен шақтық есімше болады. Есімшеге кейде –дық+тан//-дік+тен деген жұрнақ пен жалғау, кейде тәуелдік жалғауы мен шығыс септігінің жалғаулары жалғанады, кейде себепті, соң деген шылау сөздер тіркеседі:
Қатты ұйықтағандықтан Ботагөздің басы ауырып қалған екен (С. Мұқанов). Шошынғаннан шешесі есінен танып қалды (Ы. Алтынсарин). Ашыққан соң ішегімді өзім суырып жеп отырмын,- депті түлкі (Ертегіден). Қайырбек жұмыс қарқынының нашарлығын күн райының бұзылғандығынан деп есептейтін.
Көңілшектік, еріншектік, жалқаулық, тәртіп тәрізді абстракт мәнді зат есімдер тәуелденіп және септеліп, себеп пысықтауыш бола алады:
Сенің көңілшектігіңнен мен осы халге ұшырап отырмын. Оның жалқаулығынан жұмыс кезінде орындалмады.
Көбінесе шылау қызметінде келетін сондықтан, сол себептен, солай болғандықтан деген сөздер себеп пысықтауыш қызметінде жұмсалады:
Біз социалистік жарыс туын сол себептен жоғары ұстауға тырысамыз.
Оқта-текте себеп пысықтауыш қызметін көсемшелер атқарады:
Мен сені сағынып келдім. Тәжен білмей қателесті.
Бұған қоса фразеологизмдер де себеп пысықтауыштың қызметін атқарады деп еш күмәнсіз айта аламыз. Оған мына сөйлемдер мысал бола алады:
Ел сұмдықтан тыйылсын, көріп көзі қансын, түңіліп көңілі шайлықсын деп істемеп пе еді (М.Әуезов). Тірі жанға көрінбегендіктен тағы болып кеткен тәрізді (Т.Ахтанов). Тілін кәлимаға келтірген себепті мұсылмандар қатарына алынды (Ә. Нұрпейісов).

Мөлшер пысықтауыш


Мөлшер пысықтауыш деп – іс-қимылдың немесе қимыл уақытының мөлшерін, көлемдік таралу, созылу, қайталану және сандық, баға, салмақ дәрежесін, сондай-ақ арақашықтық шамасын, істің істелу қарқынының өлшемін, адамның жас мөлшерін білдіретін пысықтауыштың түрін айтамыз. Сұрақтары: қанша? неше? қанша рет? қай мөлшерде? қай шамада? қаншалықты? қай мөлшерге дейін?
Мөлшер пысықтауыштың жасалу жолдары:
1. Зат есімнен жасалады:
Қотан боларлық қой қадау-қадау ұшырайды (Ж. Аймауытов).
2. Сын есімнен жасалады:
Ағаш кессең, ұзын кес - қысқартуың оңай, темір кессең, қысқа кес – ұзартуың оңай (Мақал).
3. Сан есімнен жасалады:
Жарнаманы бір емес, он оқыды (Қ. Нұрғалиев).
4. Есімдіктен жасалады:
Нағашымның бұл жөнінде ұрсып айтқан сөздерін түгел тыңдадым (С. Мұқанов).
5. Етістіктен жасалады.
Күмпиген-күмпиген нән саусақтар долы дыбысты көсіп-көсіп төгіп жатыр (Ә. Кекілбаев).
6. Үстеуден жасалады:
Дене келбеті де, астындағы атының бітімі де Рабиа-Сұлтан-Бегім көркі мен мінген жүйрігінен анағұрлым асып түскендей (І. Есенберлин).

  1. Тұрақты тіркестерден жасалады:

Жауап ала алмаған сұрақ иесі ет шайнам әрі-сәрі боп тұрды да, тез-тез басып шығып кетті (Д. Исабеков). Сіз, тым болмаса судан бір жұтым беріңізші (Д. Исабеков).

Амал пысықтауыш


Қимылдың қандай тәсілдермен атқарылуын білдіретін пысықтауыш амал пысықтауыш болады. Сұрақтары: қалай? қайтіп? қалайша? (2.198).
Амал пысықтауыштар екі топқа бөлінеді:

  • Тәсілдік амал

  • Сапалық амал

Тәсілдік амал пысықтауыштар мынадай сөздер мен сөз тіркестерінен жасалады:

  1. етістіктің көсемше тұлғасы

Олар бір-біріне күлімсіреп қарады (Ғ.Мұстафин). Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың (Мақал).

  1. етістіктің есімше формасына –ша//-ше жалғануы арқылы:

тойғанша жеді, шаршағанша жүгірді, жеткенше қуды.

  1. тез, жылдам, шапшаң, ақырын, жай, шұғыл, қайта-қайта сияқты үстеулерден тез қимылда, сәл көтерілді, ақырын сөйледі, шапшаң бас, жылдам жүр, жай оқы, шұғыл бұрылды деген пысықтауыштар жасалады.

  2. қалт, кілт, тарс, тарс-тұрс, жалт, бұрқ-бұрқ, жалт-жұлт, маң-маң, талтаң-талтаң, бүкең-бүкең, ербең-ербең, қарш-қарш, пырт-пырт сияқты еліктеуіш сөздер:

Жантық осыны айтты да, қалт тоқтады (Ғ.Мұстафин). Нар түйелер аяқтарын маң-маң басады. Ботақан қалт-құлт басып келеді (С.Мұқанов). Кәмшат мұндағы үлкендерге кішкене нәзік саусақтарын созып жалт-жалт қарайды (М.Әуезов).
5. амал пысықтауыштар мынадай үстеулерден жасалады: бірден, бір-ақ, бірте-бірте, қолма-қол, жалма-жан, зорға, әрең, шалқасынан, жүресінен, етпетінен, алшысынан, тізелеп, жамбастап, т.б. Мысалы:
Ол үйге бірден кіріп келді. Олар бізге бірте-бірте жақындай береді. Темір қақпа шалқасынан ашылды. Ол жүресінен бір тізелеп отыра кетті.
Сапалық амал пысықтауыштардың қызметін мынадай сөздер мен сөз тіркестері атқарады:
1. –сыз//-сіз жұрнағы жалғанған туынды сын есімдер:
Сенсіз қағаз жазылмайды (Ғ.Мұстафин). Ол менсіз ешқайда кете алмайды. Бала қатесіз жазды.
2. –дай//-дей//-тай//-тей жұрнағы арқылы зат есімнен жасалған туынды сын есімдер:
Елім берік құрыштай,
Тілім өткір қылыштай,
Егескен жауды езгілеп
Тығамыз көрге жаныштай (Н.Байғанин).
-дай//-дей жұрнағы етістіктің есімше түріне жалғанып та сапалық амал пысықтауыш жасалады:
Бұл жолы екеуміздің даусымыз бірге өрілгендей шығады. Жылан аққан арық суын жалаңдаған сары құм жалмап алып, түк көрмегендей сазара түседі (Ғ.Мұстафин).
3. –ша//-ше жұрнағы арқылы үстеуге айналған есімдер:
Суда балықша жүзетін бір балықшы шал бар екен. Білмейтін кісіше сазара қалуын қарашы (Ғ.Сланов).
4. сан есімдер мен сандық ұғымды білдіретін басқа есімдер:
Қарға екі шоқып, бір қарайды. Аспандағы боз торғай қырық құбылды. Кадр жайында шақырып алып, екі рет ескерттім (Ғ.Мұстафин). Сөзге ысылмаған Жанбота сол тілден қорғанып, көп бұққан (Ғ.Мұстафин). Өзінің немере інісі оны бірқатар әурелеген болатын (Ғ.Мұстафин).
Фразеологизмдерден де амал пысықтауыш жасалатынын аңғардық. Оған мынадай мысалдар келтіруге болады:
Жаңа ғана жалына қол апармай өрекпіп тұрған жан, кенет бір кезде өзінен-өзі жуасып, су сепкендей сөне қалды (Ә.Нұрпейісов). Жұрт алдында әлгі ұстаны тірідей жерге кіргізе ұялтыпты (А.Тоқмағамбетов). Арық қара кісі ар-ұятты жиып қойып, ойына алған іске өрелене, өлімін сата кірісіп кететін (Ә.Нұрпейісов). Мен заводқа жақындай бергенде, еңгезердей біреу дедек қағып кетіп бара жатты (Ғ. Мұстафин). Аяғаныма араша сұрап барамын деп отырған адамды профессор жерден алып, жерге салып сілікпесін шығарды (Б. Мұқай).Бота Раушанды ет жүрегі елжіреп аяп кетті (Б. Иманғазина). Жанымды жаппарға тапсырып, жаратқанға жалбарынып ел кезіп кеттім (А. Тоқмағамбетов). Салы суға кетіп жұмсақ креслоға отыра кетті (Б. Иманғазина). Жас ботаның көзіндей мөлдіреген қара көзі шарасынан шыға жарқырап барады (Ә.Әбішев). Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай сөйлейді (Б. Мұқай). Шал көкірегі қарс айрылардай терең күрсінді (Б. Мұқай).
Мезгіл пысықтауыш және оның жасалу жолдары
Етістіктің шақтық мағынасына мезгілдік мағына үстеп, оның қашан, қай мезгілде болған процесс екенін білдіретін пысықтауыш мезгіл пысықтауыш болады. Мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер – мезгілдік үстеулер, зат есім, сын есім және кейбір сөз тіркестері (2.188).
Үстеулерден болған мезгіл пысықтауыш дегенде, алдымен мезгілдік үстеулердің сол қызметте жұмсалуын ескеруге тиістіміз.
Мезгіл үстеулердің мағыналарына лайық синтаксистік қызметі етістіктің шақтық мағынасын дәлдеу, толықтыру, айқындап көрсету болады:
Бүгін көзбе-көз сынасатын кезең келіп тұрған сияқты. Лезде ол қайта оралып от тамызды (Ғ.Сланов). Мен бүгін туған күнімді тойлаймын (Ә.Әбішев). Енді құтыдағы суға да кезек келді (Ә.Сәрсенбаев).
Мезгіл пысықтауыш болып жиі жұмсалатын сөздер қатарына таңертең, әнеугүні, бүрсігүні, әлдеқашан, бірсыпыра, бірталай, әрқашан, кешқұрым, ешқашан сияқты біріккен сөздер мен ертеңді-кеш, әлсін-әлсін, күндіз-түні, қысы-жазы, анда-санда, оқта-текте, жылма-жыл сияқты қосарланған үстеулер де енеді. Олардың пысықтауыш қызметінде жұмсалуына мысалдар:
Ертеңінде таңертең тұтқын есігі ашылды (М.Әуезов). Әп-сәтте Амантай тобы солдаттарға араласты да кетті (С.Мұқанов).
Зат есімдердің ішінде мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер – шақтық, мезгілдік ұғымды білдіретін есімдер: жаз, қыс, көктем, түн, түс, сәске, кеш, т.б. Бұл сөздер кейде түбір күйінде, көбінесе жатыс, шығыс, барыс, көмектес жалғауларында тұрып, мезгіл пысықтауыш болады:
Жаз шанаңды сайла, қыс арбаңды сайла (Мақал). Жолаушылар түнімен жүрді. Көктемде құлпырады ой менен қыр (Абай).
Сол сияқты жас, өмір, дөнен, құнан тәрізді зат есімдер тәуелдік жалғауларда және жатыс жалғауында айтылып та мезгіл пысықтауыш болады:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім...(Абай) Дөненінде үйретем, ат болудың қылығын (Жамбыл). Зылиқа жасында ажарлы еді (Б.Майлин).
Сілтеу есімдіктеріне –ша//-ше жұрнағы жалғанып та, қашан деген сұрау есімдігіне шығыс жалғауы жалғанып та, мезгіл пысықтауыш жасалады:
Осынша соңыма түсетін, мен саған не істедім? (С.Мұқанов) Сендермен қашаннан аға-інілі болғанмын (Жамбыл).
М.Балақаев сөз тіркестері мен әр түрлі сөздердің түйдекті тіркестері күрделі мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалуы мүмкін деген пікір айтып, олардың құрамы негізінде мынадай болады деп көрсетеді:

  1. Үстеу мен үстеу, үстеу мен зат есім тіркесі:

Бүгін кешке Қарағайда ойын болады. Тапа-тал түсте үгіт таратып басынуын көрдің бе, мұның (Ғ.Сланов). Таң қараңғысында еркек атаулы жұмысқа кетеді (С.Мұқанов).
2. шақтық мағынадағы зат есімдер атау күйінде не түрлі қосымшалар жалғанып, олрдың алдында сілтеу есімдіктері, бір, әуелгі, соңғы, ұзақ тәрізді анықтауышы болып, күрделі мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалады:
Сол кезде жартыланған ай туған еді (С.Мұқанов). Бұл күні мұны Құсырдың көзі шалды (Ғ.Сланов). Асқар ұзақ уақыт ұйықтай алмады (С.Мұқанов).
3. Септеулі, кейде атау тұлғалы есімдер кейін, соң, дейін, бері, бойы дегендей көмекші сөздермен тіркесіп, күрделі мезгіл пысықтауыш болады:
Манадан бергі ащы сөздердің бәрінен де мына сөз Ұлжанға ауыр тиді (Ә.Әбішев). Түн бойы аяз қаһарына мінді (С.Мұқанов).
4. Таң ата, күн шыға, ел орнына отыра, жаз шыққанша тәрізді сөйлемдік құрамы бар тұрақты сөздер тіркесі үйірлі мезгіл пысықтауыш болады:
Ел жата Олжабек отауын жыққан да, көше жөнелген (Ғ.Мұстафин). Қарағым, жылыт, тамақ бер, жаз шыққанша асыра (Абай).
Сонымен қатар мынадай сөз тіркестері де үйірлі не күрделі мезгіл пысықтауыш қызметінде кездеседі:
Күн жоқта күлімсірер жұлдыз бен ай...(Абай) Жоғарғы Совет төрт жылға сайланады.
Біз бұл зерттеу жұмысында М.Балақаевтың жоғарыда айтқан пікірін әрі қарай өрбітіп, фразеологизмдер пысықтауыштың барлық мағыналық түрлерінің қызметін атқара алатынына көз жеткіздік. Соның ішінде мезгіл пысықтауышқа ерекше тоқталмақпыз.
З.Күзекова өз зерттеу еңбегінде: «Іс-құбылыстың, әрекет-қимылдың мезгілін анықтау жолдары қазақ тілінде әр түрлі болып келеді. Бірақ солардың қайсысы да халық өмірімен, оның тұрмыс-салтымен қабысып жатады. Қазақ тілінде мезгілді білдірудің қалыптасқан жолдарын тұрақты тіркестер айқын көрсетеді»,- деп жазған (9.51).
Біз бұл жерде осы уақытқа дейін мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалып келген сөздерді атап өттік.
Осы арада мына мәселе жөнінде ойлану керек. Үстеулердің сөз табы ретінде қалыптасуы, ғалымдардың пайымдауынша, соңғы кездің жемісі. Егер арнайы пысықтауыш қызметінде жұмсалатын үстеу соңғы кезде қалыптасқанын, ал зат есім, сын есім, сан есімдер пысықтауыш қызметінде одан да кейін жұмсалатын дәрежеге жеткенін ескерсек, үстеу пайда болмай тұрғанда қазақ халқы мезгіл, мекен, мақсат, себеп, мөлшер, амалды білдірмеген бе деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, ондай міндетті атқарған сөздер және сөз тіркестері болған. Ендеше, «пысықтауыштың барлық түрлері үстеудің түрлеріне байланысты туындаған, ал пысықтауыш үстеудің негізінде орныққан» деген пікірдің бұлжымас ақиқат екендігіне күмән туындайды. Ерте кезде сөйлемдеріміздегі мезгіл, мекен, мақсат, себеп, мөлшер, амал мағыналы көріністі халық немен білдірді екен деген сауалға жауап беру үшін тұрақты тіркестерге назар аударуға тура келеді.
Халқымыздың бағзы заман жайын, салтын, ғұрпын, сыр ғып шертетін өлмес те, өшпес қалып танытқан батырлық, ғашықтық жыры мен тұрмыс-салт өлеңдерінде, ертегі мен аңыздарда, айтыстарда, қазақтың өткен ғасырлардағы көркем тіл зергерлерінің мұраларында тұрақты сөз тіркестері жетерлік. Сол сияқты ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ақыл-ойдың діңгегі саналған Абай шығармаларындағы шебер қиыстырылған сөз кестелері, қисса-дастандарда кездесетін фразалар фразеологизмдердің аясын кеңейтеді.
Қазақ және орыс халқында құрғақ қасық ауыз жыртар, сухая ложка рот дерет дейтін тұрақты тіркестер бар екені белгілі. Осы екі тілдегі фразеологизмдердің:

  • сөз саны

  • сөз таптары

  • жалғаулары

  • орын тәртібі

  • беретін мағынасы өте ұқсас. Бірақ бұл тіркестің қай тілде бұрын қалыптасқанын ешкім дөп басып айта алмайды.

Жалпы қазақ тілінде де, өзге тілдерде де тұрақты тіркес өте ертеден қалыптасқан құбылыс екені дау туғызбаса керек. Аталған тілдік құбылысты терең зерттеген ғалымдар оның байырғы кезеңдерден келе жатқан тілдік мұра екенін мойындайды. Осы дерек тұрақты тіркестердің пысықтауыш қызметінде үстеудің, зат есімнің, сын есімнің, сан есімнің жұмсалуына дейін тілдік айналымда жүргенін көрсетеді. Бұл – бірінші айғақ.
Екіншіден, тұрақты тіркестердің мағыналық топтастырылуы сөйлем мүшесі пысықтауыштың барлық мағыналық түрлерімен сәйкес келеді. Бұл жағынан фразеологизмдердің беретін мағынасы үстеудің мағынасымен көп сәйкесетіндігін атап өту қажет.
Міне, осы екі айғақ негізінде қазақ тілінде үстеу, т.б. сөз таптары пысықтауыш қызметінде жұмсалмай тұрғанның өзінде тұрақты тіркестер мезгілді, мекенді, мақсатты, себепті білдіретін нағыз тілдік факт болғанына көз жеткіземіз. Пысықтауыш сөйлем мүшесі қызметін екі факт негізінде атқарған. Олар: топонимдік атаулар және тұрақты тіркестер. Тұрақты тіркестер арқылы пысықтауыштың барлық түрі де жасалады екен. Біз соның ішінде мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалатын тұрақты тіркестердің тұлғаларына тоқталамыз.

ΙΙΙ ТАРАУ


Тұрақты тіркесті сөйлем мүшелері
Әр халықтың өз дүниетанымына байланысты тілдік құрамында тұрақты тіркестер кездеседі. Кейде ол тіркестер барлық халыққа ортақ болуы мүмкін. Фразеологизмдер лексикология саласында жақсы зерттелді, ал синтаксистегі функциясы бірді-екілі еңбекте қысқаша тоқталумен шектеліп жүр. Синтаксисті зерттеген ғалымдардың еңбегінде фразеологизмдерден анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш жасалады деген пікір кездеспейді. Тұрақты тіркестердің сөйлемде белгілі бір сөйлем мүшесінің қызметін атқара алатыны бәріне мәлім, бірақ соны жүйелі түрде енгізген ешкім жоқ.
Орыс тіл білімінде фразеологизмдер жете зерттеліп, олардың сөйлемдегі функциясы жан-жақты қарастырылған.
1. Бастауыш қызметінде: Злые языки поговаривали что во время отъезда мадам Стаковской на курорты экономке приходилось значительно расширять круг своих обязанностей (В.Попов).
2. Баяндауыш қызметінде: Сергей Ильич мелким бесом рассыпался перед ними. Низко кланясь и улыбаясь (К.Седых, Даурия).
3. Толықтауыш қызметінде: Успех, бешено растущий, сопроваждал первые шаги писателя (Телешов).
4. Анықтауыш қызметінде: В ту пору он держался в стороне от товарищей и слыл среди них за человека себе на уме (М.Горький).
5. Пысықтауыш қызметінде: Для меня эти маневры – большой экзамен. Надо првести их на ять (Б.Ромашев).
Фразеологизмнің сөйлемдегі рөлін орыс лингвистикасы былай деп бағалаған: «Практически правильное и теоретически объективное определение фразеологизма как самостоятельной единицы языка возможно только при учете реальных связей фразеологизма со словами в предложении». (13.9).
БАСТАУЫШ
Бастауыш–сөйлемнің негізгі, басты, өзекті мүшесі. Ол грамматикалық жағынан сөйлемнің басқа мүшелеріне тәуелсіз, бағынышсыз болады. Ол сөйлемде айтылған ойдың синтаксистік субъектісі. Бастауыш зат есімнен, сын есімнен, сан есім мен етістіктен жасалады.
Бастауыш көбінесе атау тұлғада тұрады. Бірақ ол тек бастауыштың ғана тұлғалық көрінісі емес, атау тұлғалы сөз мағынасына, орнына қарай анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш және баяндауыш қызметтерін де атқара береді. Солай болғандықтан бастауыш қазақ тілінде сұрақ қою арқылы, мағыналық жағына талдау жүргізу арқылы ажыратылады. Күрделі бастауыш мына жолдармен жасалады:
1.кісінің фамилиясы, аты, азамат, жолдас, сияқты қосалқы айқындауыштармен тіркесіп;
2.ілік септіктің жасырын түріндегі сөз үшінші жақтық тәуелдік жалғаулы сөзбен тіркесіп;
3. маңы, іші, жаны, қасы, алды, арты, бойы сияқты көмекші есімдермен тәуелдік жалғаулы сөздер тіркесіп;
4. жіктеу мен өздік есімдіктері тіркесе келіп;
5. бірнеше сөзден құралған күрделі жалқы есімдер;
6. субстантивтенген есімдер тобы;
7. негізгі және көмекші етістіктер тобы мен есімдер бірлесе келіп;
8. кісі аты, не жіктеу есімдігі жинақтау сан есімдерімен тіркесе келіп;
Диплом жұмысын жазу барысында, бұған қоса тұрақты тіркестерді жатқызуға болатынына көз жеткіздік. Оған төмендегі мысалдар дәлел: Ел арасына тарап кеткен лақап сөз кімнің керегін өтер еді (А. Тоқмағамбетов). Күпті көңіл айнала дүниені үрейге толтырып тұр (Ә. Нұрпейісов). Сұңғыла қарттың санасының көзі енді ғана ашылды (Б. Мұқай). Бір ашуланса сабасына түсуі қиын (М. Иманжанов). Бірақ Асылхан езу де тартқан жоқ, қабағының қыртысы жазылмады (Б. Мұқай). Сүйекке сіңген қасиет біржола жоғалып кетпейды екен (Б. Мұқай). Қарға адым жер мұң болды (Б. Мұқай).

БАЯНДАУЫШ


Баяндауыш та бастауыш сияқты сөйлемнің тұрлаулы мүшелерінің бірі. Ол көбінесе жіктік жалғауында тұрады. Баяндауыш, негізінде, бастауышпен жақтық және жекеше, көптік жағынан қиыса айтылады. Қазақ тіл білімінде баяндауыштар барлық сөз табынан жасала береді. Күрделі баяндауыш мына жолдармен жасалады:

  1. етістіктің күрделі түрлерінен;

  2. қалыптасқан тұрақты сөз тізбектерінен

  3. бар, жоқ, қажет, керек, жөн, тиіс тәрізді сөздер мен көмекші етістіктер тіркесіп келіп күрделі баяндауыш жасайды

  4. көмекші етістіктер есім сөздер мен тіркесе келіп күрделі баяндауыш қызметін атқарады.

  5. күрделі сан есімдер де күрделі баяндауыш қызметін атқарады.

Орыс тілімен салыстырғанда, қазақ тіліндегі күрделі баяндауыштың тағы бір ерекшелігі бар. Ол күрделі баяндауыштағы сөздердің орнына байланысты. Мысалы, орыс тіліндегі ему необходимо учиться, ему нужно читать деген сөздер қазақ тілінде оған оқу қажет, оған оқу керек болып аударылады. Қазақ тілінде тұйық рай көмекші сөздердің алдына шығып кеткен, орыстілінде ол, керісінше, сөйлем соңында тұрады. Бастауыштың баяндауышқа логикалық жағынан ие екендігін, біріншіден, осы орын мәселесі көрсетсе,екіншіден, бұл олардың өзара қиыса байланысуынан да байқалады. Бастауыш есімдіктен жасалған жағдайда, ол баяндауышқа тікелей өз сәулесін түсіріп тұрады: мен келе-мін. Сен келе-сің. Басқаша айтқанда, бастауыштың көрінуі екі жақтан бірдей болады. Бастауыш баяндауышпен қиысқанда, ол мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да көрінеді. Бастауыш басқа есімдерден болғанда, мұндай қасиет байқалмайды.
Қазіргі қазақ тіліндегі баяндауыш сөйлемде айтылатын ойдың, хабардың өзегі. Ол грамматикалық тұлға жағынан да, семантикалық мағына жағынан да сөйлемнің ең маңызды мүшесі. Бір сөзбен айтқанда, баяндауыш сөйлемнің мағыналық орталығы болып табылады. Қазақ тіліндегі баяндауыш орыс тіліндегімен салыстырғанда, бастауышқа анағұрлым бағынышсыздау болып келеді.
Күрделі баяндауыш тұрақты сөз тіркестерінен де жасалады. Мысалы: Бірақ аз күлетін мінезге ауыр, сырға тұйық Гүлнұр махабатын ішке бүкті (Ө. Қанахин). Осы қазірде ол әйелінің қабағынан айыға қоймаған ашу ізін көріп іші мұздады (Ә. Нұрпейісов). Келіншектің бұл қылығы онсыз да ынтық болып жүрген жігіттің ішін қыж-қыж қайнатты (Ә. Нұрпейісов). Бұрынғы жағдайда балықшылар бұған қуанар еді, ал бүгін мұз қатқанын Еламанның іші қаламады (Ә. Нұрпейісов). Тексерушінің де құлқыны жаман пенде екен, бүгін бір сиырды қылғып салды (А. Тоқмағамбетов). Қазақтың еркегін білесің, үйде қыл қимылдатпайды (Ө. Қанахин). Ақсұр аттың үстіндегі жалпақ бет қара жігіттің жүрегі қылп ете түсті (М. Әуезов). Талай боздақ қыршынынан қиылды (Б. Мұқай). Ішкендей кәусар суын мейірің қанар (С.Торайғыров). Мұны естіп ишекең де мұртынан күлді (С.Торайғыров). Осы күнгі ауыл жастарының жұмысқа мойындары жар бермейді (М. Иманжанов). Ол жігіт үйленгелі мойнына құрық түсті (Ө. Қанахин). Байғұсты қайтсін, өзінің де мұрнына су кетіп жүр (А. Тоқмағамбетов). Шөлдеген кісіні аңсатарлық қымыздың қышқыл исі мұрныңды жарады (М. Әуезов). Кейінгі күндері мұртын басуға мұршасы келмеді (Б. Мұқай). Көлгірсу, жалтақтау дегенді білмейтін, өсекшінің мінін бетіне басатын (Б. Мұқай). Оның есімін естігенде Есеней нілдей бұзылды (Ғ. Мүсірепов). Екеуі күрең қабақтасып қалды (Ө. Қанахин). Орыс байының ұзап кеткенін көрді ме, неді Құлтума күшке мінді (Ә. Нұрпейісов). Үшінші күнгі соғыста Құнанбай тәсіл ойлаған кезде, Байдалы да бір есебін тапты (М. Әуезов).

ТОЛЫҚТАУЫШ


Сөйлем құрамында толықтауыштар, көбінесе, тек сөйлемнің баяндауышына ғана қатысты болады да сол баяндауыш білдіретін іс–қимылдың таралатын объектісін немесе сын-қимылдың әсеріне, ықпалына ұшырайтын, не оған жанама қатысты болатын затты (кісіні), құбылысты, т.б. білдіреді.
Толықтауыштар мен меңгеруші сөз арасындағы мағыналық қатынас, басқа сөз тіркестеріне қарағанда тығыз болады. Өйткені, меңгеруші сөздің шын мәні толықтауыш арқылы ғана шын ашылып, айқындалады. Толықтауыштардың меңгеруші сөз білдіретін іс-әрекетке, қимылға қатыстылық дәрежесі мен мағыналары, сондай-ақ сөйлем құрамындағы синтаксистік қызметі бірдей емес. Олардың бұндай синтаксистік және мағыналық ерекшеліктері тұлғалары арқылы көрінеді.
Қазақ тіліндегі тура толықтауыштар меңгеруші сөзбен, басқа да түркі тілдеріндегі сияқты, табыс септіктің ашық және жасырын тұлғасы арқылы байланысады. Біз тарихи спектакль қойып жүрген жоқпыз (Т.Ахтанов). Тура толықтауыштардың табыс септіктің ашық, жасырын тұлғаларында жұмсалуы жайлы түркологияда әр түрлі пікірлер бар. П.М. Мелиоранский, Н.К. Дмитриев табыс септіктің ашық не жасырын келуін белгілілік, белгісіздік теориясымен байланыстырады.
Жанама толықтауыштар жанама объектіні білдіреді.Кейде олар кісінің айырықша қасиетін де білдіруі мүмкін. Толықтауыштың алдына мөлшерлік және сапалық анықтауыштардың келуі олардың тұлғасын күрделендіреді.
Күрделі толықтауыштардың жасалуы:

  1. Сөз тіркесінен болады. Біз Ақтөбе алқабын шолып тұрмыз.

  2. Күрделі сан есім, сын есім, етістіктен. Мәмет теңбіл көкке жеңіл фаэтон жеккен.

  3. Негізгі сөз+көмекші есім арқылы. Щербаков үй ішіне байыппен қарады.

  4. Туралы, жөнінде, жайында шылауларының қосылуы арқылы.

Күрделі толықтауыштар көбінесе фразеологизмдер арқылы да жасалады: Өз үйінің ірге тасын қалауға кірісті (Ө. Қанахин). Содан кейін-ақ мойнын бұруға мұршасы болмады (Б. Мұқай). Жата-жата қалың боп үйілген күртіктердің мұртын сындыруға ондаған кісі мен ондаған аттың шамасы келер емес (С.Мұқанов). Осы жігіттің өзінен мүшел жас үлкендігін білді (Ө. Қанахин). Молдекең неке қиярымды берсін деп жатыр (С.Торайғыров). Кіндік кесер кәдеге жарытпады (С.Мұқанов). Туған халқына, кір жуып, кіндік кескен жеріне қауіп туғанын анық білді (І.Есенберлин). Бәрі Алланың қолында, пешенеңе жазылғанды көресің де (Б. Мұқай). Ол тасмаңдай Аяғаныма кәрі иттігін жасайды десеңізші (Б. Мұқай). Өзге үшін ойланбай өзегін жұлып беруге дайын (Ө. Қанахин).

АНЫҚТАУЫШ


Анықтауыштар сөйлемнің есімнен болған басқа мүшелерін анықтайды да, соған қатысты болады. мысалы: Сәлделі кісі ернін анда-санда бір қимылдатып ұзақ отырып, жұрттың қары талған кезде алақандарын маймытып әкеп бетін сипайды (Мұқанов). Анықтауыштың мән-мағынасы да сол анықталатын сөзбен бір тіркесте қарастырғанда ғана анық байқалады. Соның салдарынан, Анықтауыш пен Анықталатын сөз сөйлеуде де бір әуенмен, бір ғана ритмикалық топта ғана айтылады. Анықтауыш пен анықталушы сздер тіркесінің мұндай тығыз бірлігі кейде сөйлеу практикасында олардың күрделі сөзге айналып, қалыптасуына да негіз болатын тәрізді. Жарқабақ, қарағаш тәрізді біріккен сөздер мен Көктің көлі, Иіркөл, Талдықорған тәрізді жер- су аттары, әрине, о баста анықтауыш пен анықталушы сөздер тіркесі болғанына сөз жоқ. Дегенмен осы ізбен анықтауыш пен анықталушы сөздер тіркесін бөліп-жаруға келмейтін бір ғана лексика-грамматикалық единица деуге болмайды. Қазіргі қазақ тіліндегі анықтауыштар сөйлем құрамында лексикалық та, грамматикалық та дербестігі бар элемент ретінде өзіне лайық синтаксистік функцияны атқарады.
1.екі негізгі сын есімдердің өзара тіркесіп барып басқа бір мүшеге анықтауыш блоып қолданылады:Аспанды қара қоңыр бұлт торлап алды(Ахтанов).Астындағы қойшылар мінген қара кер бесті үсті-үстіне ұрып отырмаса кейін қалып қоя береді(Майлин).Сеңгір-сеңгір таулардан секіріп алып жөнелді(эпос).
2.негізгі сын есім мен қатыстық сын есім тіркесі: сұңғақ бойлы, кең жауырынды,... кең маңдайлы,... шолақтау дөңес мұрынды,... сүйірлеу иекті, толық мойынды, аршын тік денелі Байжан жолыққан сайын Гүлнардың құмарлығын арттыра түсті (Мұқанов).
3. негізгі сөздер мен көмекші есімдер тіркесі сын есім тудыратын –ғы, -гі жұрнағын қабылдау арқылы: Таң алдындағы мұнар мен қалғыған Көкшетаудың биігінің басына қарап тұрды (С. Сейфуллин).
4. сөздерге –лы аффиксі қосылу арқылы: Жұлдыз көзді, ай маңдайлы сұлуға кеп тірелді (С.Сейфуллин).
5. өзара меңгеру, қабысу арқылы байланысқан есімшелі тіркестер: Күн батып бара жатқан кезде күйеулер отырған үйден үш-төрт жігіт шығып, қыз-келіншек оырған үйге қарай жүрді.
6. жалқы есімдер мен сықылды, сияқты, тәрізді, деген, дейтін тәрізді көмекші сөздердің тіркесінен: Кәдір сияқты кісінің Айша сияқты көк өрімдей қызын мал-жанын сала қадалып алғалы жатыр (С.Сейфуллин).
Күрделі анықтауыштың тағы бір тұлғасы ретінде тұрақты тіркестерді атауға толық негіз бар. Оны мына мысалдардан көре аламыз: Ішіне шынашақ айналмас шырт етпенің өзі (М. Әуезов). Үйіміздегі бірден-бір іліп алар, іске татыр мүлкімізден біз солай айрылдық (Б. Соқпақбаев). Айрықша алып-қаштысы көп ел іші оны сот деп дәріптеп, істі болған кісілер Нағыметтің шалғайына оралады (Ә. Нұрпейісов). Алшынбай мен Құнанбай ішек-қарны араласқан жақындардың өздері (М. Әуезов). Елуге жетпей қылаң шалған мына шаштың ағарған әрбір талын есіңе алшы (М. Иманжанов). Қылауы түспеген жассыңдар, бапкер ұстаз керек сендерге (А. Тоқмағамбетов). Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпайық (М. Әуезов). Жаңа жылдың басына шейін май тоңғысыз болып тұрған ауа райы қыс ортасы ауа қағынады (С.Мұқанов). Мұқтаж болған жігіттің, шықпайды ешбір шырайы (Б.Өтемісов). Нобайы түзу бір механизм жоқ (Ғ.Мұстафин). Топан су ортасында Нұқ пайғамбардың кемесіндей бір талшық іздеп тұрғандай (Ә. Нұрпейісов). Жердің айналуын айтудан басқа Тәңірге нұқсан келтіретін сөзге молда жоламайды екен (С.Мұқанов). Кісі бетіне күліп қарап көрмеген, ибалы асыл Қамарымыз ... қайғыра-қайғыра сүзектен тұрған кісідей құр шыбын жаны ғана бар еді (С.Торайғыров). Өзеннің сонау көмейінен кісі бойы ор қазамыз да, төбесін бөренемен жабамыз (Ә.Әбішев). Бөрік кигеннің намысы бір болса, орамал салғандардың да ары бар (Б. Соқпақбаев). Жігіт болсам, осы елдің бұғағынан үзілейін деп тұрған қыздарын өзім таңдар едім (Ә. Нұрпейісов). Ол хаттардың дүниені шарлап-шарлап келіп, осындағы үзеңгі бауы алты қабат шенеуніктердің қолына тиерін білді (Б. Мұқай).

ІV-ТАРАУ
Тұрақты тіркесті мезгіл пысықтауыш


Ғалым В.Н.Валгина өз еңбегінде пысықтауышқа тоқталып: «Обстоятельства могут быть выражены наречиями, деепричастиями, существительными в творительном падеже без предлога, существительными в косвенных падежах с предлогами, инфинитивом, фразеологическими сочетаниями наречного типа»,- деп, оның қызметінде жұмсалатын сөздер мен сөз тіркестерін атап көрсетеді (11.125).
Қазақ тіл білімінде, тюркологияда, фразеологианың жалпы проблемалары бұл күнге дейін түбегейлі зерттеліп, өзінің тиянақты шешімін тапқан жоқ. Басқаша айтқанда, сан алуан фразеологиялық тізбектер дербес зерттеу объектісі болудан гөрі ілгері-кейінді жазылған сөздіктерде, мақалаларда иллюстрация материялы дәрежесінде ғана қолданылып келді. Тіпті жалпы тюркологияда елеулі орын алатын бұрынғы сөздіктерде де идиомдық және басқа тұрақты сөз тіркестері тым сирек кездеседі. Тек соңғы кезде ғана қайсыбір түркі тілдерінде осы салада еңбектер туа бастады. Фразеологизмдер- тіліміздің бөлінбес бір бөлшегі. Өзінің көнелену жағынан да, тұлға, мағына тұрақтылығы жағынан да, стиль жағынан да оларға тән ерекшкліктер бар.
Тілімізде көкейге қонымды, көркем, орамды алуан түрлі тұрақты сөз тіркестері кездеседі. Тіл қазынасына жататын қат-қабат тіркес, тізбектерді халық орынды пайдаланады. Мақал-мәтелдермен барабар жоғары бағалап, оларды қастерлей сақтап келеді. Сол ман-салалы тізбек, қалыптасқан сөз топтарын жинау, бір ізге түсірудің мәні өзінен өзі түсінікті.
Тіл тілдің өзіне лайық ұлттық қасиеті оның барлық тарауларынан байқалады. Сол қасиет тиянақты сөз тіркестерінен анық көрінеді. Тіл байлығын сөз еткенде сөз байлығы деген топқа алуан түрлі фразеологизмдерді жатқызуға болады. Фразеологизм байлығын тексеретін саланы фразеология деп атау орынды. Бұл саладағы ғылыми топшылаулар 1944 жылдан бері айтылып келе жатыр. Мұхтар Әуезов, С.Е.Малов, Н.В. Юшманов осы мәселе жөнінде құнды пікілер білдірген.
Фразеологизмдердің семантикалық жүйесі жайында мынаны айтуға болады. Тіл иесі–халықтың басынан өткен, өмір шындығына сай туған сан-салалы фразеологизмдер әлеуметтік, шаруашылық, діни, т.б. факторлар ауанымен пайда болған. Олардың құрылым жағынан қалыптасуында, компоненттерінің тіркесу амалдарында нақтылы бір заңдылығы болатыны тәрізді. Фразеологизмдердің мағына тұрғысынан саралануында да тиянақты тәртіп, жүйе бар. Бұлай болудың себептері өзінен-өзі түсінікті. Өйткені олар әлеуметтік жағдайға жанасып, өз заманының таоабына лайық туып жатады. Бұл тақылеттес талай дәуірден елес беретін фразеологизмдер тіл қорынан мықтап орын теуіп, әрдайым жұртшылық кәдесін өтеп отырады. Екінші сөзбен айтқанда, әрқилы экстралингвистикалық, яғни сыртқы факторларға сәйкес туған фразеологизмдермен бара-бар жынысқа, мекен, мезгілге, өлшемге, көңіл-күйіне, адамдардың өзара қарым-қатынасына, жас ерекшелігіне, мінез-құлыққа байланысты топтастырылатын да фразеологизмдер бар.
Фразеологизмдердің түп-төркіні тым әріге кетеді. Адам баласы сонау отқа, суға, көп құдайға табынған шағында-ақ талай-талай заттарды киелі санап, оларға өздерінше лақап ат қойған. Тілімізде сол ежелгі дәуірден келе жатқан қамбар ата, шекшек ата, зеңгі баба, ойсыл қара, шопан ата тәрізді тіркестер бар. Олар наным-сенім бойынша төрт түлік малдың сақтаушысы, қорғаны, мифологиялық иесі.
Қазақ халқы өзінің өткен тарихында талай көрші елдермен, шет жұрттармен экономикалық әрі мәдени қарым-қатынасты басынан кешіргені мәлім.
Көшпелі өмір кешкен ата-бабаларымыз уақыт мөлшерін болжауға күннің, айдың немесе басқа бір аспан шырақтарының көкжиекпен салыстырғандағы денесін алған. Сондай-ақ әрекет-қимылдың, мезгілдің арақашықтық мөлшерін белгілеуді де қазақ халқы өзінің өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен, айналысқан шаруашылығымен тығыз байланыстырады. Әр нәрсенің мөлшерін білдіруге келгенде де қазақ тілі сөздер мен сөз тіркестеріне, тұрақты сөз тіркестеріне өте бай, яғни тілімізде өлшемдік, мөлшерлік ұғымдар жайында сөздер мен тұрақты тіркестер сақталған. Т.Сайрамбаев жалпы сөйлем мүшелерінің жасалу жолдарының бірі ретінде тұрақты тіркесті баса айтады (6.8). Н.Қошанова: «Тұрақты тіркестер – сөйлем аясын кеңейтудің бір элементі. Тұрақты тіркестерде белгілі аффикстер табиғи көрсеткішіне айналып (көнеріп), белгілі бір сөйлем мүшесі қызметіне жұмсалуына негіз болады»,- дейді (10.143).
Осы пікірлерге сүйене отырып, пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздердің қатарына фразеологизмдерді де енгізген жөн деп санаймыз.
Қазақ тіл білімінде фразеологизмдердің сөйлем мүшесі ретінде жұмсалуы қарастырылмаған. Біз зерттеу жұмысымыздың нәтижесінде тұрақты тіркестердің сөйлем мүшесі бола алатындығына көз жеткіздік.
Біздің пайымдауымызша, фразеологизмдер жеті түрлі тұлғада келіп, мезгіл пысықтауыш болады.

  1. Фразеологизмдер нөлдік тұлғада тұрып, мезгіл пысықтауыш қызметін атқарады:

Ала жаздай ән салсаң, селкілде де билей бер (Абай). Күзембай жазға салым түйесін жүндейді (Ермеков). Күн бұрын еңсесі түсіп кетті (М.Әуезов). Жыл он екі ай қой соңында сүйретіліп жүрсе де, оның табан ақы, маңдай тері іске аспайтын (М. Ермеков). Капитан Скориков күні кеше ғана Долгушовтан көрген зәбірін айтып, қатты ширығып кетті (Ә. Нұршайықов). Жер алыс болмаса да, Құнанбай күн ұзын ат үстінде жүріп, кешке ғана қайтты (М. Әуезов). Зәуде бір келіп қалған екенсің, әңгіме дүкен құрайықшы (А. Тоқмағамбетов). Дұшпан солдаттары бұл блиндаждарда екі-екіден тұратындары күн ілгері белгілі еді (Ә. Нұршайықов). Бұл жалғанда өмір бақи жүрегі дауаламайтын батылдыққа бел буған жолдасының жаңа ерлігіне сүйсінді (Ә.Нұрпейісов). Күні ертең құдалар келген кезде бұл қалпында қалай көрсетем? (Т.Ахтанов) О баста сырнайлатқан, күміс жапқан (І. Жансүгіров). Бәтестен хат келмегелі құдайдың құтты күні поштаға барам, кей күні әлденеше рет барам (С.Мұқанов).

  1. Фразеологизмдер жатыс септікте тұрып, мезгіл пысықтауыштың қызметін атқарады:

Құнанбайдың тығыз берген бұйрығы бойынша, бір шай қайнатым уақыт арасында жүз елудей жігіт атқа мінді (М.Әуезов). Ойпырма-ай, қас пен көздің арасында соқыр боп қала жаздадым (З.Қабдолов). Қариялар күн қызылы тарап, аптап басылған екі кештің арасында құм шағылдың біріне шығады (С.Бердіқұлов). Жау жағадан алғанда, аттандық майданға (Жамбыл). Кемпір мен Қадиша демнің арасында әкей-үкей болды да қалды (А. Тоқмағамбетов). Шырағым, қолың қалт еткенде кіріп тұрсаң етті (А. Тоқмағамбетов). Ел аман, жұрт тынышта күйінесің де отырасың (Ғ.Мұстафин). Олар жұмыс басынан жұлдыз толғанда қайтты (Ш. Айтматов). Баймұқаным келіп, ақ түйенің қарны жарылып жатқанда дастарханымның бедерін көрмей кетесің бе? (А. Жұбанов). Көзім тіріде бір көрісіп қалайық (М.Әуезов). Жеме-жемге келгенде аузына сөз түспеді (А.Тоқмағамбетов). Жеті қараңғы түнде мына күймен қолға түссем, алдымен ұры деп ұрады (Х. Есенжанов). Есте жоқ ескі мезгілде маңғұлдан бір татар аталған халық бөлінген екен (Абай). Қамшы салым жерге атты осынша терлетіп, ақ көбік еткенің нең? (Ғ.Мұстафин). Онсыз да сіркесі су көтермей тұрғанда мынаның бөрік асты буланып тұратын ақ шанаш басы жынына тиді (Ә. Нұрпейісов). Жетінші кенже баласына барлық ұлым бай болып өтсін деген үмітпен молдаға азан шақыртып, ат қоярда құлағына Жетібайлап айқайлаған (М.Қабанбай).

  1. Фразеологизмдер соң демеулігімен тіркесіп, мезгіл пысықтауыштың қызметін атқарады:

Басқа қысым түскен соң, қайырылмастай күн болды (Махамбет). Қас қарайып, кеуім тартқан соң үйге қайтамыз (М.Әуезов). Әрі-беріден соң майдан қайсы, тыл қайсы оны да шатастырып алды (Т.Ахтанов). Қайғы мен ыза қысқан соң, зар шығады тілімнен (Абай). Күн өтіп, айы асқан соң, ауруына ем қонбас (Д. Бабатайұлы). Көктем шығып, жер аяғы кеңіген соң кәделі айт тойларда осы өңірдің халқы бір-біріне келіп жататын (Ә. Нұрпейісов). Үй ішінің ызғары ымырт үйірілген соң сезіле басталды (Ә. Нұрпейісов). Онда да бірқыдыру уақыттан соң астанада болған бір жиналыста сыртынан көргені бар (Ә. Нұрпейісов).

  1. Фразеологизмдер кезде сөзімен тіркесіп, мезгіл пысықтауыштың қызметін атқарады:

Ел орынға отырар кезде Абай Қарашоқыдағы қыстауға тақап еді (М.Әуезов). Ел аяғы басылған кезде Сәмет ағай сөз арасында менен сыр тартты (С.Омаров). Қас қарайып, ымырт жабылған кезде баяғы алты аққу Кендебайдың төбесінен алты айналып ұшып, жақындап келеді (Ертегіден). Тек мойындары ырғайдай, биттері торғайдай болғанда, кіші бесін кезде бір қалың қамысқа келді (Ертегіден). Қырық күн шілде кезде тас құрттады (М.Сұлтанқожаұлы). Жуан созылып, жіңішке үзілген кезде тоя тамақ ішуге жүзден бір адам болмаса, шамасы келмейтін қара қатқақ кез еді (Б.Мұқай).

  1. Фразеологизмдерге –ша//-ше үстеу тудырушы жұрнақ жалғану арқылы мезгіл пысықтауыштың қызметін атқарады:

Жамбасы жерге тигенше солар асқақтамасын, басынбасын деп ойлайды ғой (М.Әуезов). Естеместің Қарашоқысынан әні-міне дегенше жеті қоян алғанын өз көзіммен көрдім (Тайшықов). Басқа бәле тілден деген, Әбікен қас пен көздің арасынша «кулак» болып, Шұбартаудан Семейге қайтады (С.Төлешов). Қонақ кірпік қаққанша табақты тазалап, тағы да ет сұрай бастады (Ертегіден). Қас қаққанша неше түрлі ой басына кіріп- шығып, Хамит орыстың көзіне қадала қарады (С. Сейфуллин). Көзді ашып-жұмғанша Жылдам хабар алғызды (Ы. Алтынсарин). Қабағыңды қаққанша жарқ етті де сарт етті (Д.Бабатайұлы). Бәкизат ертеңіне тағы да үй-ішінің шаруасын істеп, түн ортасы ауғанша төсегіне жуымай жүріп алғаны жынына тиді (Ә.Нұрпейісов).

  1. Фразеологизмдер дейін септеулігімен тіркесіп келіп, мезгіл пысықтауыштың қызметін атқарады:

Ертеңнен қара кешке дейін жұдырықтай баланың басын қатырады да, отырады. Сүт пісірім уақытқа дейін біраз нәрсе істеп тастадым (Ә.Әбішев). Жаздың сарша тамызына дейін бітіріп алу керек, одан қалса кеш болып кетеді (Т.Ахтанов). Күні бүгінге дейін оған ауылын жайлаудан көшіргенін айтқан жоқ (Ғ.Мүсірепов). Сары Иван сүт пісірім уақыттан кейін сәл кідіріп, айтар сөзінің алды-артын ойлап алды да, ығыстырып ақырын сөйлеп кетті (Ә.Нұрпейісов). Ол көз сұғын қадағаннан кейін қызғаныштан көкірегі қарс айрылды (Ә.Нұрпейісов).

  1. Фразеологизмдер шығыс септікте тұрып, мезгіл пысықтауыштың қызметін атқарады:

Есілбай мен Сүгір молданың маңайын қызыл іңірден аңдытып қойған еді (Ғ.Мүсірепов). Ертеңіне ағам мені боз ала таңнан оятты (С.Бердіқұлов). Бұл үйде атам заманнан семьясыз жалғыз тұратын қарт парихмахер бар еді (С.Мұқанов). Бір көргеннен ғашық болдым (Д. Исабеков).
ҚОРЫТЫНДЫ

Қорыта келгенде, пысықтауыш тұлғалары үстеу және адвербиалданған сөз таптарымен ғана шектелмейді, бұған фразеологизмдерді де қосуға болады.


Бұл процесс пысықтауыш болатын үстеу және басқа сөз таптарының тарихына байланысты. Тарихи жағынан алғанда, бұл топтағы пысықтауыштар - соңғы кездің жемісі. Бірақ бұл процесті пысықтауыштар болмай тұрған кезде де қазақ тіліндегі сөйлемі пысықтауыштармен құралған сөйлемдер құрамынан көруге болады. Соның үлкен қайнар көзі – тұрақты тіркестер. Осы жұмыс барысында тек мезгіл пысықтауыш болатын фразеологизмдердің тұлғасы анықталды. Келешекте пысықтауыштың қалған мағыналық түрлерінің қызметінде жұмсалған фразеологизмдердің тұлғасын анықтасақ, пысықтауыш болатын сөздердің аясының кеңейгендігін айқындауға болады. Сонымен қатар, фразеологизмдер кең қолданысқа түсіп, тілдегі жұмсалу аясы да ұлғаяр еді. Ана тіліміздегі бейнелі, көркем сөздердің, яғни фразеологизмдердің жиі қолданылуы – сөз жұтаңдығынан сақтап, бай әдеби тіліміздің практикалық қызметінің өрісін кеңейтері даусыз.

Әдебиеттер тізімі


1. Шәукенов Қ. Синтаксис. – Алматы: Ана тілі, 1996
2. Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі. –Алматы: Ана тілі, 1992
3. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1977
4. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992
5. Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.
6. Қазақ тілі грамматикасы. Алматы: Ғылым, 1967
7. Аманжолов С. Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы 1940
8. Сайрамбаев Т. Синтаксистің кейбір мәселелері
9. Сайрамбаев Т. Синтаксис туралы ойлар 1996
10.Жиенбаев С Синтаксис мәселелері
11Валгина В.Н. Синтаксис современного русского языка. Москва: Высшая школа, 1973
12Русская грамматика. Москва: Наука, 1982
13Фразеологический словарь русского языка (под ред. Молоткова). Москва:Русский язык, 1978

Қосымша әдебиеттер


Сайрамбаев Т Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері
Сайрамбаев Т. Есім пысықтауыш. Алматы: 1976
Хасенов Ә. Синтаксис пен пунктуацияның кейбір мәселелері 1957
Сауранбаев Н. Қазақ тіл білімінің проблемалары 1982

Көркем әдебиеттер



  1. Нұрпейісов Ә. Қан мен тер

  2. Нұрпейісов Ә. Соңғы парыз

  3. Иманғазина Б. Тауқымет

  4. Мұқай Б. Өмірзая

  5. Әуезов М. Абай жолы

  6. Мұқанов С. Өмір мектебі

  7. Мұстафин Ғ. Қарағанды

  8. Мүсірепов Ғ. Ұлпан

  9. Әбішев Ә. Найзағай

10.Иманжанов М. Алғашқы айлар
11.

Мерзімді басылымдар мен диссертациялар



  1. Күзекова З Қазіргі қазақ тіліндегі мезгіл пысықтауыш Алматы 1995

  2. Көпбаева Ж Қазақ тіліндегі мөлшер пысықтауыш Алматы 2002

  3. Қошанова Н. Қазіргі қазақ тіліндегі тұрақты тіркесті сөйлем мүшелері Алматы 1995




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет