16.21.21
ПРАГМАЛИНГВИСТИКА ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕУ НЫСАНЫ
Сейдалиева Г.О., PhD., аға оқытушы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Алматы қаласы, guldanaseida@mail.ru
Адилбаева Р.К., магистр., аға оқытушы, Ахмет Ясауи университеті, Түркістан қаласы rsaldy.adilbaeva@mail.ru
Аңдатпа: Кез келген коммуникативтік үдерістің ақпараттық-психологиялық ықпалы болады. Серіктеспен сөйлесу барысындағы прагматика мақсатқа жету үшін, ішкі пиғылды орындау үшін барлық сөйленіс тактикасы мен аялық білімді жұмсауға, тіпті эмоция мен аффектіні көрсетуге мәжбүр етеді. Сол себепті серіктес болмысын тану арқылы оған қандай коммуникативтік стратегиямен дайындалып тілдік қарым-қатынас жасау қажеттілігі, кез келген акті бойындағы интенцияның түпкі мәнін тани білу қажеттілігі прагмалингвистика саласында қарастырылады.
Кілт сөздер: прагмалингвистика, сөйлеу актісі, антропоөзектік парадигма, пресуппозиция, адресант, адресат.
Тіл білімінде прагмалингвистика ұғымы сөйлеушінің таныған немесе танылмаған сөйленіс қатынасын зерттеуден туындады. Осы критерийдің нақтыланбауына байланысты прагмалингвистиканың зерттеу нысаны бүгінгі күнге дейін екі жақты қарастырылады. Бір жағынан, прагмалингвистика семиотика мен тіл білімі зерттеулерінен тоғысатын прагматиканы анықтауы тиіс деген пікірлерге сүйенетін болсақ, онда сөйленістегі тілдік таңбалардың жұмсалымдық қызметіне ерекше мән беруіміз керек. Аталмыш зерттеулер 1990 жылдан бері тілдік таңбалардың функционалдық қызметі ретінде қарастырылып келеді. Екінші жағынан алғанда, прагмалингвистика адресат пен адресант арасындағы қарым-қатынас жағдаяттары мен коммуникация актілерін зерттеуге бағытталды. Ал бұған дейін аталмыш мәселелер, яғни сөйлеу әрекетін зерттеу, дұрыс сөйлеуге тәрбиелеу, дұрыс сөйленісті қалыптастыру психолингвистиканың нысаны болатын. Дегенмен, сөйлер алдында адресанттың ішкі пиғылы мен айтпақ ойын, мүдделерін танудың өзі тіл болып жарыққа шыққаннан кейін ғана анықтауға мүмкіндік беретін жаңа зерттеу нысанын қалыптастырды. Қазіргі таңда адресат пен адресант арасындағы коммуникативтік актінің ішкі пиғылға, мүддеге сай жеткізілу/жеткізілмеуін зерттеуге бет бұрған прагмалингвистиканың қарастыратын мәселелері көбейе бастады. Себебі бүгінгі күні астыртын сөйлеу, «ішімдегіні тап» деп жасырын айту, ішкі эмоциясын құпиялап сөйлеу сияқты коммуникация техникасы өзгерді. Адамзат баласы тіл арқылы бірін-бірі алдап өмір сүретін заманға қадам басты. Тура айта алмайтын жағдаяттарды жанамалап айтудың бірнеше тәсілдері қалыптасты. Сондай-ақ әртүрлі институционалды дискурста тілдің күші арқылы мойындату, мәжбүрлеу, сыйластығын білдіру, көмегін білдіру, тіпті тіл арқылы қылмысқа итермелеу тактикалары арнайы зерттеуді қажет етті. Сондықтан прагмалингвистиканың негізгі зерттеу нысанына коммуникативтік акт барысындағы түрлі жағдаяттардың мәні мен мазмұнын, мүддесі мен мақсатын, ішкі пиғылы мен оны жеткізудегі қолданылған тілдік құралдардың үйлесімділігін көрсететін прагматикалық бірліктер (идиологема, прагмема, т.б.) жатқызылды. Осындай зерттеулердің кеңеюінің арқасында прагмалингвистика өзінің салалық шекарасын семиотика мен психолингвистика ғылымдарынан ажыратып, шегін (контурын) нақтылап алды.
Осы тұрғыдан зерттеген ғалым Г.Матвеева прагмалингвистиканың екі түрі болуы қажет деп есептейді: біріншісі – функционалды прагмалингвистика, екіншісі – жасырын прагмалингвистика [1; 90]. Ғалымның пікірінше, функционалды прагмалингвистикада белгілі бір иллокуцияны арнайы пиғылмен таңдаған мәтін жіберушінің сөйленіс әрекеті зерттелсе, жасырын прагмалингвистикада мәтін жіберушінің сөйленіс әрекетін актуалдайтын тілдік сигналдардың бастапқы интуитивті таңдауы қарастырылуы тиіс. Осылайша прагмалингвистикалық зерттеулердің мақсатты жүзеге асуы, нәтижелі болуы басқа тіл салаларының зерттеу нысанымен шатаспауы үшін маңызды деп көрсетеді [2;86]. Н.Арутюнованың пікірінше, функционалды прагмалингвистика тілдің дискурс құрамында қызмет етуін зерттейді. Себебі дискурс бірнеше адамдардың тұлғааралық ықпалдастығын қалыптастыратын тәжірибе болып саналады [3;53]. ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында қарқынды зерттеле бастаған прагмалингвистиканың осы күнге дейінгі жеке ғылыми пән ретіндегі болмысын айқындайтын мынадай тұжырымдарды нақтылап көрсетуге болады.
Сөйленіс субъектісі тұрғысынан алғанда прагмалингвистиканың зерттеу нысанына мыналар жатады:
ашық және жасырын айтылған ой (Дж. Остиннің зерттеуінше, «иллокутивті күш»). Мысалы, бұйрық, өтініш, кеңес беру, сұрау, уәде беру, кешірім сұрау, сәлемдесу, шағым айту, т.б.;
сөйленіс тактикасы және сөйлеу әрекетінің типтері;
көзделген мақсат пен әңгіме бағытына сай тілдік қатынас жасауды талап ететін сұхбаттасу қағидасына тәуелді сөйленіс ережелері. Мысалы, ақпаратты жеткізілу нормасына сай дұрыс хабарлау (сандық мөлшері тұрғысында), шынайы ақиқат ақпаратты немесе тек дәйектелген бағалауыш-сыни пікірді жеткізу (сапа мөлшері тұрғысынан), әңгіме тақырыбына сәйкес оның мазмұнын да соған сай релевантты түрде хабарлау (қатынас мөлшері тұрғысында), сөйленісті кезекті ой тудыратын, пікір қалдыратындай (последовательность) ықпалмен жеткізу (сөйленіс мәнері тұрғысында). Бұл – Грайстың ұсынған зерттеулерінің топтамасы.
сөйлеушінің мүддесі немесе сөйлеуші пікірінің прагматикалық мәні: жанама пікірлер, астарлы тұспал, астарлы сөз, жұмбақтап сөйлеу, т.б.
сөйлеушінің мақұлдап немесе сынап білдірген пікірі (референциясы), яғни белгілі бір зат не жағдаятқа қатысты сөйлеушінің ниетінен туындайтын ойдың жеткізілуі.
прагматикалық пресуппозиция: сөйлеушінің жалпы аялық біліміне, ақпараттан нақты хабардар болу/болмауына, қызығушылығы мен мүддесіне, пікірі мен көзқарасына, психологиялық күйіне, мінезіндегі ерекшелігіне, адресатты түсіне алу/алмау қабілетіне баға беру.
- сөйлеушінің хабарлап тұрған сөйленісіне қатысты қатынас:
а) айтылған пікірдің мазмұнына (оның жалған немесе ақиқат, ирония, жалпылама, мәнсіз, маңызсыз, салмақсыз, т.б белгілеріне) баға беру;
ә) сөйлеушінің назарына алынған тұлғаны сөйленіс қатынасында қатыстыра сөйлей білуі немесе эмпатияны жеткізе білу шеберлігі;
б) айтылмақ пікірді көп мән берілуге тиісті маңызды хабарламаға сәйкес ұйымдастыра білу.
Осы орайда прагматикалық мақсатта жұмсалатын бейнелі сөздер, фразеологизмдер, перифраздар жалпыадамзаттық таным мен ұлттық таным аясындағы стереотиптердің вербалданған құралы іспетті қызмет ете алады. Мәселен, Осылайша, тіл мәселесінде «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» күйін кешіп отырмыз (А.Т., 15 маусым 2011). деген сөйлемдегі «айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» фразасы көпшілікке әбден таныс болған стереотиптік таным болып есептеледі. Мақала авторы да осы стереотиптік танымға сүйене отырып, әсерлі жеткізу мақсатында аталмыш фразаны оңтайлы қолданып отыр. Бұнымен қоса БАҚ тілінің прагматикалық мүмкіндіктері еркін әрі кең екенін аңғаруға болады. Мәселен, мерзімді басылымдарда оқырманға қарапайым жалпақ тілмен түсіндіргеннен гөрі дүниенің ұлттық бейнесімен сәйкестендіре отырып баяндауды маңызды деп санайды. Мысалы, Тәуелсіздігін алып, бөркін аспанға лақтырған бүгінгі атқарушы билік сонда жиырма жылдан бері жалпақ елдің ауызсуға деген сұранысын шеше алмай отыр. Бұл сөйлемде бөркін аспанға лақтырған деген тұрақты тіркестің қазақ танымында қуану, шаттану мағынасында жұмсалатынын, дүниенің ұлттық бейнесі (эмоцияны бейвербалды жеткізетін қазақтың ұлттық түсінігі) арқылы астарланып тұрғанын жете түсінбеген адам айтылмақ ойдың мәнін де ұғына алмайды. Демек, БАҚ тілінде міндетті түрде стереотиптік танымнан туындаған оның вербалды көріністері (бейнелі метафора, эпитет, теңеулер, перифраздар) арнайы прагматикалық міндетті атқара алады.
2.Сөйленіс адресаты тұрғысынан алғанда прагмалингвистиканың зерттеу нысанына мыналар жатады:
мәтін интерпретациясы, яғни жасырын, айтылған пікірдің мазмұнын сараптай отырып, ондағы жанама және жасырын қорытынды ойды анықтау ережелері, ондағы мәнмәтін, прагматикалық жағдаят, пресуппозиция ұғымдары
адресаттың пікіріне ықпал ету (Дж. Остин зерттеуі бойынша перлокутивті әсер): адресаттың ақпараттық білімін кеңейту, эмоционалды күйін өзгерту, адресаттың көзқарасы мен берген бағасын өзгертуіне ықпал жасау, эстетикалық әсер ету.
сенсорлы немесе саналы қабылданған стимулға сөзбен жауап қайтару амалдары (тура және жанама жауап қайтару). Мысалы қойылған сұраққа тура жауап беруден ауытқу (қашу) тәсілдері. «Көп түкірсе көл болар» демекші, жақсылық жасауға жаны құмар жандардың арқасында балалардың қуанышын көріп, атсалысқан барша жандарға Алла тағала нұрын жаудырсын. Бұл сөйлемдегі көп түкірсе көл болар мақалы айтылмақ ойға ерекше ажар беріп, мәтінге нәр бергендей болды. Сөйлем мазмұнын толықтыра түсті. Тіліміздегі паремииялық қордың барлық функционалды стильде еркін қолданылуының да осындай прагматикалық қызметтері болатынын айғақтай түседі.
Коммуникация қатысушылар арасындағы қатынас тұрғысынан алғанда прагмалингвистиканы зерттеу нысанына мыналар жатады:
тілдік қатынас формасы (ақпараттық диалог, достық сұхбат, пікірталас, дау-дамай);
тілдік қатынастың әлеуметтік-этикалық сипаты (қаратпа формасы, қарым-қатынас стилі);
нақты сөйлеу актісіндегі коммуниканттардың өзара қатынасы (өтініш немесе бұйрық).
Қарым-қатынас жағдаяты тұрғысынан прагмалингвистиканың зерттеу нысанына мыналар жатады:
дейктикалық таңбалар түсініктемесі («осы бір», «тырнақша ішіндегі», «әрі қарай»), сөз мағынасын жанама беруге бағытталған индексалды сөз- таңбалар («қара тізімдегілер», «ақжағалылар»);
сөйленіс жағдаятын коммуникация формасы мен тақырыбына сәйкес құру (әдеттегі тақырып, қонақтар арасындағы, ойын-сауықтағы, емханадағы сөйленіс формалары, институционалды дискурс формалары (дәрігер қабылдауында, қорғаушы алдында, сот алдында, т.б.).
Прагматика бірнеше ғылым салаларында қызмет етеді. Мысалы жалпы антропоцентристік парадигмада прагматика сөйленіс мәселесін қарастырады. Осыған орай Ю.Остин перформативті пікірлердің жіктелімін жасаған болатын. Ал мәтінге автоматты талдау жасауда энциклопедиялық ақпарат, яғни прагматикалық мәліметтер сценарийлер мен фреймдер формасына ұйымдасады Тарқатып айтар болсақ, біртекті жағдаяттар туралы біліми ақпараттарды модельдеп мәтін мазмұнын дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ прагматикалық мағлұматтар ақпараттық - іздеу жүйесінде де қолданылады. Прагматика категориясы бірқатар пропозиционалды орныққан тұжырымдарға (бағалау логикасы, тақылау тәжірибесі, т.б. ) сүйене отырып философиялық логика саласының зерттеу нысаны қатарынан орын алды.
Сонымен коммуникативті жағдаятта сөйлеушінің тіл қолдану қағидалары мен прагматикалық құзіреттілігін біріктіруші нысан ретінде прагматика көптеген мәселелердің басын ашып зерттеуге негіз болды. Әсіресе риторика мен стилистика, коммуникативті синтаксис, сөйлеу теориясы мен типологиясы салаларында шешімі табылмаған көптеген қайшылықтарды нақтылауға септігін тигізді.
Ю.Д.Апресянның зерттеуінде прагматика адресанттың 1) ақиқат дүниеге; 2) ақпарат мазмұнына; 3) тыңдаушыға деген ниет-пікірінің қандай да бір тілдік бірлікте (лексема, аффикс, граммема синтаксистік конструкция) сипатталуы [4;12]. Ал лингвистикалық әдебиеттерде прагматикаға берілген ұғымдарды былайша топтастыруға болады: 1) адам факторына басымдық беретін пайымдаулар; 2) прагмалингвистикалық зерттеулердің қызметтік құзіретіне, олардың мәнмәтіндік шарттылығына ерекше мән беретін қолданыстар; 3) тілдік қатысымның барысында коммуниканттардың бір-біріне әсер етуі тұрғысынан тиімділігін зерттеуге негіз болатын құрал; 4) белгілі коммуникативтік актіде көрініс беретін сөйленімдердің интерпретациялық мүмкіндігін ажыратып көрсетуші бірлік ретінде қарастырылған. Бұл жерде интерпретация деп сөйленімнің прагматикалық мағынасы ретінде алынып отыр [5;58].
Н.Ф.Алефиренконың зерттеуінде «Такое понимание объекта и предмета коммуникативно-прагматической лингвистики предполагает исследование прагматических свойств языковых единиц в нескольких аспектах, связанных с а) субъектом речи, б) адресатом, их стремление к взаимному воздействию (особенно в диалогической речи) и в) ситуацией общения» [6;124], - деп түсіндіріледі.
Демек, прагмалингвистика психология, философия, тіл ғылымдарын сабақтастыратын жаңа сала болып табылады. Лингвопрагматика – бұл белгілі бір коммуникативті-прагматикалық кеңістіктегі тіл бірліктерінің қолданысын, яғни сөйлеуші/жазушы немесе тыңдаушы/оқырман арасындағы сөйлеу актісінің уақыты мен орнын, мақсаты мен мүддесін анықтауға бағытталатын тіл білімінің саласы. Дегенмен, прагматиканы зерттеу барысында сұхбаттасушының сөйлеушіге ықпал етудегі әрекеттерін анықтау қажет болғандықтан алдымен адам құлықтары мен оны сипаттау механизмдері қоса зерттеледі, түсіндіріледі. Сондықтан прагматикалық зерттеулерде бірінші болып сөйлеу әрекетінің басты нысаны ретінде субъект – адам алынады. Себебі кез келген айтылған пікір, сұхбаттағы реплика немесе мәтін – сөйлеуші таратынан болатын тілдік құбылыс. Ал сөйлеу қатынасына қатысушылардың стереотипі, өмірлік тәжірибесі, аялық білімі экстралингвистикалық зерттеулермен толыға түседі. Осылайша екіжақты зерттеу (лингвистикалық, экстралингвистикалық) сөйлеушінің коммуникативтік ниетін айқындауға, сол арқылы айтылған пікірдің түпмәнін түсінуге мүмкіндік береді. Прагмалингвистика ғылымы осындай мәселелерді шешу үшін қажетті деп саналады [7; 275].
Прагмалингвистиканың аталмыш өзекті мәселелерін жіті зерттеген ресейлік және шетелдік ғалымдардың еңбегі бұл ғылымның пән ретінде дамуына елеулі септігін тигізді. Мысалы Э. С. Азнаурова , В. Г. Гак, Г. В. Колшанский, И. П. Сусов.
Қазақстандық зерттеушілердің еңбектерінде прагмалингвистиканың өзекті мәселелері жан-жақты қарастырылды. Мәселен, М. Оразов сөз семантикасының прагматикалық аспектісін қарастырса [8;45], А. Алдашева публицистикалық ұғымдардың прагматикалық ерекшеліктерін, Б. Момынова газеттік лексиканың прагматикалық сипатын, З. Ерназарова сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингвистикалық қызметін, Д. Әлкебаева қазақ тілі стилистикасының прагматикасын, С. Аташев бұқаралық ақпарат құралдарының прагматикасын, Ғ. Хасанов сөздің лексикалық мағынасы мен прагматикасын, Ф. Жақсыбаева газет мәтінінің прагматикалық функциясын қарастырса, Г. К. Ихсанғалиева тақырыпаттарға прагматикалық талдау жасаған.
Сондай-ақ, соңғы жылдары газет мәтінінің жекелеген жанрларына арналған зерттеулер де пайда болды. Мысалы, М. С. Абишева ақпараттық жазбаның құрылымы, семантикасы және прагматикасын диссертациялық деңгейде арнайы қарастырған.
Отандық зерттеушілер прагматиканың мүмкіндігін мәтін мен дискурс айырмашылықтарын зерттеуде жіті пайдаланады. Мәселен, қазақстандық зерттеуші Б. А. Ахатова дискурсты реципиенттер түсіндіретін коммуникативтік әрекет нәтижесі деп таниды да дискурс бойында прагматикалық қызметтің салмағы басымырақ болатынын атап өтеді. Яғни дискурс коммуникативтік әрекеттің жазбаша немесе ауызша түріндегі тілдік жемісі деп қорытындылайды. Б. А. Ахатова “дискурсты” актуалды сөйленіс әрекетімен, ал “мәтінді” тілдік жүйемен байланыстырады. Автор дискурсты қашанда нақты бір жағдайдағы нақты нысандарға қатысты нақты бір мәнмәтінде қарастыруды ұсынады [9; 42].
К. Садированың зерттеуінде дискурстың прагматикалық мүмкіндігі прагмалингвистика, функционалды лингвистика, лингвостилистика, формалды немесе бағдарлық лингвистика, лингвомәдениеттану тұрғысынан түрлі анықтамаларға ие. 1-жағдайда дискурс деп қарым-қатынасқа қатысушылардың ақпарат алмасудағы, бір-біріне әсер етуіндегі интерактивті әрекеті мен қарым-қатынастың вербалды емес түрлерінің коммуникативтік стратегия түрлерін пайдалану ретінде түсініледі [10;19].
Қ. Ө. Есенованың тұжырымынша, дискурсты прагматикалық түрде талдағанда коммуникативтік ситуацияға және оған қатысушыларға байланысты экстралингвистикалық, этномәдени факторларға және коммуниканттарға мақсат-ниеттері басшылыққа алынуы тиіс. Қандай да бір ақпаратты алғанда тыңдарман немесе оқырман мәтін авторының сол мәтінді дайындаған сәттегі қиял-дүниесін елестетуге тырысады. Басқаша айтқанда, дискурсты түсіну бөгде адамның ойлау дүниесіне еріксіз және ерікті түрде ену деуге болады. Ал өз кезегінде адресант сол дүниені керекті нұсқада жасау үшін тілдегі семантиканың барлық мүмкіндіктерін пайдаланады [11;16].
Ф. Жақсыбаеваның зерттеуінде: «Кез келген тілдік қарым- қатынастың барысында оған қатысушылар тілдік құралдар арқылы бір-біріне ықпал етуге тырысатындығы белгілі. Прагмалингвистика тіл білімінде тілдік қарым-қатынасқа қатысушының тілді қандай мақсатта қолданып тұрғандығын зерттейді. Сондай-ақ прагматика тілдік құралдарды коммуниканттардың сана-сезіміне, іс-әрекетіне әсер ету мақсаты тұрғысынан қарастырады» делінеді [12;13].
Белгілі бір ойын жеткізу үшін адам адресатқа бағдарланған белгілі бір әрекетті жүзеге асырады. Осы әрекет сөйлеушінің мақсатымен, ниетімен тікелей байланысты болады. Прагмалингвистикада ол сөйлеу акті, сөйлеу әрекеті деп аталады. Сөйтіп аталмыш ғылымның терминологиялық аппаратын құрайтын негізгі ұғымдарға: қатысымдық жағдаят, адресант, адресат, интерпретация, сөйлеу акті және пресуппозиция жатады.
Кез келген сөйлеу әрекетіне белгілі бір жағдаяттар себеп болады. Осындай қажеттілікке орай адам сөйлеуге және екінші бір адаммен сөйлесуге мәжбүр болатыны белгілі. Осындай жағдаяттардың жиынтығын қатысымдық жағдаят ұғымы құрайды. Қатысымдық жағдаят барысында коммуниканттар өзара әрекеттеседі.
Адресант – мәтінді тудырушы автор. Адресат – мәтінді қабылдаушы оқырман. Интерпретация – автор тарапынан мәтіннің дүниеге келуі, оқырман тарапынан оның қабылдануы, яғни мәтінде қатталған мазмұнды ашу, айқындау, ғаламның индивидуалды тілдік бейнесіндегі көрінісін концептілік деңгейде қабылданатын күрделі процесс.
Пресуппозиция – адресант пен адресаттың ортақ білімдер жүйесі, әр адамның аялық білімінің негізінде қабылданатын ой.
Сөйлеу актісі – белгілі қоғамдық ортада қалыптасқан сөйлеу принциптері мен ережелеріне сай, арнайы мақсатта жүзеге асырылатын сөйлеу әрекеті. Сөйлеу актісінің негізгі белгілері: белгілі бір мақсат көзделетіндігі, қалыптасқан дәстүрге сай шарттылық сипаты болатындығы]. Біздің зерттеуіміз прагмалингвистиканың зерттеу нысаны болып табылатын барлық бірліктердің прагматикалық ерекшеліктеріне арналатын болғандықтан мерзімді баспасөздегі прагматикалық ықпал, әсерлер туралы нақтырақ айтатын боламыз. Мерзімді басылымға мақала жазған автор оқырманға прагматикалық әсер етуі үшін қолданатын тіл бірліктерінің мазмұнында прагматикалық әлеует болуын қадағалайды. Бұндай мәтін прагмема деп аталады. Прагмема (негізінен тұтас мәтін) құрамында айтылмақ ақпараттың заттық-логикалық мағына элементтері ғана емес, автордың қабылдау сипатынан туындаған коннотаттық компоненттер де (эмоционалды, стилистикалық, ассоциацивті-бейнелі элементтер) қатысады. Мысалы, Портфель ұстағандардың бәрі шіреніп, өздерін құдайдай көретін болды. Ондайлар әдетте, қолынан іс келетін қабілетті жандарды емес, өздерін өтірік мақтап, арттарына көпшік қоя сөйлейтін жағымпаздарды жандарына жинауға құмар (А., 12 шілде 2016) деген сөйлемде портфель ұстағандар оқырманның көз алдына шенеуніктің сыртқы болмысын, имиджін елестетеді. Осылайша санада стереотиптелген бұл түсінік шенеунік ұғымын әсірелеп, әсерлі жеткізуден туындаған прагмема болып саналады. Сондықтан мерзімді басылымдарда экспрессивті реңкі бар бейнелі қолданыстар стилистикалық тұрғыдан емес, прагматикалық әлеуеті болғандықтан таңдалып алынады. Соның ішінде көпшілікке етене таныс фразеологизмдер мен тұрақты теңеулер немесе жеңіл метафоралар алынады. Себебі оқырман стереотипіне сәйкес келетін прагмемалардың прагматикалық жасырын мазмұны тез түсініледі. Мерзімді басылымдарда қолданылатын стереотиптердің мәртебесі тұтас мәтін ретінде емес, айтылмақ ой түрінде қабылданатындығында. Өйткені стереотипті қолданыс мазмұнындағы пайымды пікір прагматикалық мүддесі бар ақпараттың мазмұнын вербалды коммуникацияда әсерлі жеткізеді. Сондықтан стереотипті прагмемалардың прагматикалық сипаты оның құрамындағы репрезентацияланған әсерлі мүшелерінің көмегімен адресатқа эмоционалды ықпал жасауда тиімді тәсіл болып табылады. Мәселен, Кейбір билік бұтағында қонақтап отырғандар Парламентте Жер туралы Заң қабылдап, оны тауар ретінде сатпақ көрінеді (Е.Қ., 16 наурыз 2016). Бұл сөйлемдегі билік бұтағына қонақтап отырғандар деген тіркес мақал да емес, фразеологиялық бірлік те емес. Бірақ заң шығарушы лауазымды тұлғалардың, Парламенттегі қаздай тізілген креслоларға тізбектеле отырған депутаттардың болмысын визуалды түрде бұтаққа қатарласа қонақтаған құстарға теңеген журналист оқырманның ассоциациялық түсінігіне сай бейнелеп жеткізді. Демек, бұл прагматикалық қолданыс автордың прагмема жасай алушы тілші екенін, стереотиптерді бейнелі вербалдай алатын шебер қаламгер екенін таныта алды.
Демек, прагмема сөйленіс субъектісінің, яғни автордың оң немесе теріс пікірін әлеуметтік орта қабылдайтын жағымды немесе жағымсыз эмоциямен сәйкестендіре отырып, коммуникативтік мақсатын құруға бағыттайтын вербалды қолданыс.
Газетті-публицистикалық кеңістікте сөйленіс жанры тек лексемалармен ғана емес, сөйленіс субъектісінің менталды пайымдауларын дәл жеткізуді көздейтін фразалармен толығады. Сондықтан автордың танымындағы «ақиқат бейнені» беруде бірнеше қабатталған имплицитті прагмемалар қолданылуы мүмкін. Бұндай жағдайда бағалау шкаласына, әсірелеу шегіне шектеу қойылмайды. Мысалы, бір мақаланың өзінде тұлғаны сипаттау немесе оның қоғамдағы әрекеттеріне баға беруде мынадай стереотипті прагмемалар қолданылады.
ТҰЛҒА: саусағынан бал тамған, ізгі данышпан, періште, пір, бас июші, көшбасшы, дарын, тума, шебер, // топас, дүмше, жексұрын, сұм, сайқымазақ, қылжақбас, ақымақ, қуақы, озбыр, алаяқ, азғырушы, бақталас, қарақшы, күңкілдек, жалқау, жәдігөй, масыл, әлпешті, жекешелендіруші, стратегиялық әріптес, отаршыл елдің атқосшысы, Билік идеологиясының бұлбұлы т.б.
Прецедентті атаулардан құралған тұлға бейнесін сомдауда қолданылатын стереотипті прагмемалар: Шықбермес Шығайбай, Алдаркөсе, Асанқайғы, Қожанасыр, Беларусьтің батькасы, Коммунистердің көсемі Ленин.
Кірме стереотипті прагмемалар – деспот, тиран, вандал, ипохондрик, фаворит, културтрегер.
САПА: сындарлы саясат, соқыр саясат, ұлтбезер орта, су жұқпас саясат, өткір мәселе, өткір пікір, өткір саясат, өткір билік, өткір қаулы, өткір үкім, салиқалы саясат, солақай саясат, сұрқия саясат, өктем саясат, кешегі қызыл саясат.
Достарыңызбен бөлісу: |