«ЕЛІМ-АЙ» ДАСТАНЫ – ЕЛДІК МҮДДЕНІҢ
ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ
Амангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының докторы, профессор
Жоңғар шапқыншылығы және «Ақтабан шұбырынды» алмағайып заманда
қазақ ұлттық идеясының бағыт бағдары айқындалып, отаншылдық, бірлік идея-
сы өзекті ойларға арқау болды. Бұл ел бірлігіне сын болған заман еді.
Қожаберген жырау елдің ауыр халін тек дұшпандардан көрмей, қазақ
ұлтын да сынға алады, алауыздық қысылтаң кезде елді бірліктен айырып, әлсіз
еткендігін көрсетеді. Өз бастарын сақтау үшін кейбір төрелер қалмақпен құда
болып аман қалған, елді сатып, қыз алысып, қыз беріскен. Ел басқарған азамат,
қоғамшыл болар, паң болмас деп, жырау Сәмеке, Болат, Барақтың әлсіздіктерін,
Әбілмәмбет пен Сәмекеңнің бір хандықты төртке бөліп, халқының берекесін
алғандығын, Әбілқайырдың дер кезінде жауға соққы бере алмағанын сынайды.
Бірыңғай мадақтауды идеологияға айналдырған біздің қоғамда ұлтішілік сын біз
үшін тағылымы мол.
Жырау үш жүз қазақ ұлтының екінші атауы дейді:
Қазақ деген атауға
Ілескен үш жүз есімі.
Бір жұрттың екі аты боп,
Тағдыры ерте шешілді.
Қазақтың ту ұстап, қол бастайтын ұлдары, дінін, тілін сақтаған, дұшпаны-
ның табасына қалмаған, тірлікте бір-біріне жәрдем берген халық. Жырау
азаттық тың қамы үшін қажымай, сескенбей, ілгері ұмтылып, жау мен теңдесіп
39
Қожаберген жырау – 350
дұшпанның туын жығуға шақырып, намыс отын тұтатады. Төре, төлеңгіт, қожа
да қазақтың ұлы, би мен бек болып бөлінбей, жұртын қорғауға, бірін-бірі демеу-
ге, тобын жазбай іргелі ел болуға шақырады.
«Ассалаумағалейкум, халқымызға, деп басталып, «сардарларым, жұрт үшін
ерлік еткен дегдарларым», «сарбаздарым, болашақ көпке тұтқа маңғаздарым»,
«қариялар, ақылға қиын істе дариялар, шораларым, билеген әр аймақты данала-
рым», «өзегің қайғы өртеген, дертің қалың, есен бе, мырзаларым, ішің жалын,
жастардың басын қосып, елді қорға, өзім де қалсын десе дүние-малым, бимен
ылғи тегін», – дейді жырау.
Елім-ай концепциясы – бірлікке деген арманы мен мұраты, ол бүгінгі күнге,
біздерге бабамыздың аманаты.
Елбасының «Қазақстан-2050» атты жолдауында қазақ мемлекеті мәселе-
сі орынды қойылған. Тарихи атамекені бар, сол жерде тұрып жатқан елді әлі
ұлттық мемлекет деуге болмайды, қазақ халқын да толық ұлт болып ұйысты
деуге болмас. Біз тіліміздің, мәдениетіміздің, дәстүріміздің толық иесі емеспіз.
Қазақтың саны мен сапасының арасында алшақтық біраз. Оған тарихи себеп тер
де бар.
Ресей империясында тұңғыш халық санағы 1897 жылы жүргізілген, Түркістан
өлкесін есептемегенде, қазақтар 71,9%, орыстар 10,15%-ды құраған, басқа да
диаспоралар бар.
Одан әрі 1959 жылға дейін қазақтардың үлесі өз елінде азая берді: 1920 жылы
58,5%, 1939 жылы 37,8%, 1959 жылы 30%, 1970 жылы бастап қазақтардың
үлес салмағы аз да болса өсе бастап, 32,6% құрайды, 1979 жылы 36,8%,
1989 жылы 40,1% болды. Екі жылдан кейін халықтың 60%-ға жуығы басқа ұлт
өкілдері болғанмен тәуелсіздік алдық. 1999 жылы қазақтар 53,4%, 2009 жылы
63,7% болды. 2013 жылдың басында Н.Ә. Назарбаев қазақтардың елде 65%
құрайтынын ресми түрде хабарлады.
Орыс, украиндықтар, басқалармен бірге елімізге орыс тілі, орыс мәдениеті,
орыс мектебі, дәстүрі келді, келіп қойған жоқ, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, дәс-
түрі ығыстырылды. Себебі сан жағынан басым ұлт өкілдері қазақтарды өзіне
тартып, сіңіре бастады, ал өздері қазаққа бейімделмеді. Қазақстан орыстанды,
ел өзгерді, басқа орыс тілді елге айналды. Қазақстан халықтар достығының
лабораториясы деп айтылды, шындығында орыстанудың лабораториясы бол-
ды. Қазақ интеллегенциясының бірқатары бұл жағдайға іштей қарсы болды.
Ал қоныс аударушылар қазақ мәселесіне пысқырып та қарамады, тіпті қазақ
мәселесі бар екенін, қазақ ұлтының мұң-мұқтажын елемеді. Қазақтарды адам
ретінде, маман ретінде сыйлағанмен, ұлт өкілі ретінде қабылдамады. Олар ақша
40
Қожаберген жырау – 350
табуға, пәтер алуға келгендер еді. Қоныс аударушылардың саны көбейіп, олар
40-50-60%, тіпті 70%-ға дейін өскенде, олар қазақтарға емес, қазақтардың
оларға икемделуіне тура келді. Бүгін қоныс аударушылардың Ресейге көптеп
баруына байланысты, орыс ғалымдары азиатизация үрдісі күш алып келеді дей-
ді. Қазақстанда русификация үрдісі күш алып қойған жоқ, өмір сүрудің салтына,
заңдылыққа айналды. Осылай орыстану дерті батпандап кірді. Атадан балаға,
баладан немереге ұлтсыздану, тілін, мәдениетін жатырқау кең етек алды. Бүгін
тек орыстар, украиндықтар емес, қазақтар арасында ана тілін сыйламайтын,
демек білмейтін, менсінбейтін сана сіңген.
2009 жылғы санақ бойынша жағдай жақсы сияқты, қазақтардың 98,3%-ы
ауызекі сөзді түсінеді, 95,4%-ы еркін қазақша оқиды, 63,2%-ы еркін жазады.
Бұл деректер сенімсіздік туғызады, өмірде олар дәлелденбей отыр. Көптеген
ата-аналар, әсіресе жастар, тілі шықпаған балаларына дейін өздері шала білетін
қазақ тілін балалары да біледі деп жазған. Бұл жерде ұлттық психологиялық
фактордың да ықпалы бар. Қазақ тілін білмесем, орыс деп жазады деп те
сақтанған, бірқатары намысқа барып, қазақ тілін білмейтіндер көп демесін деп
біледі деп жаздырған. Ұлттық сезім – ең бір терең сезім, өз тілін білмесе де, өзін
тегіне қарай ұлтқа жатқызу кең тараған үрдіс.
Ұлт құндылықтарына қарай шартты түрде қазақтарды үш топқа жатқызу-
ға болар. Бір топтың психологиялық бағыт-бағдары ұлттық мәдени, тіл, тарихи
санаға негізделген, олар ұлттық құндылықтарға артықшылық береді. Екіншілер,
өз бойына екі, не оданда көп мәдениетті сіңіруге тырысатындар. Үшіншілер,
ана тілінен орыс тілін артық білетіндер, сондықтан бөтен тілге, мәдениетке
артықшылық беретіндер.
Сонымен қатар, қай тілді де, мәдениетті меңгермеген маргиналдар да бар,
олар ұлт мәселесі төңірегінде ойланбайды. Бірақ барлығына ортақ – «мен қа-
зақпын» деген сана. Қазақ сөзін сөйлейтіндер қазақи рухы мықты бірінші топ-
тағылар. Олар әзірге көп емес, екіншілер біршама баршылық, үшіншілер көп.
Ұлт тұтастығы туралы аз болғанда біз рулық, тайпалық психологияны айна-
лып өте аламыз.
Бір демограф 1999 жылғы Президент сайлауы алдында ұлы жүз қазақтары-
ның 25%-ы, кіші жүз – 31%, орта жүз 44%-ды құрайды. Сайлау тағдырын
орта жүз шешеді дегендей ой тастаған. Тарихшылар қазақта 112-ден 159 дейін
ру тайпалар бар деп жүр.
«Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті
түрі», – деп Н. Назарбаев орынды бұл мәселеге назар аударды. Социологиялық
зерттеулер рулық-тайпалық қатынастардың мынадай көріністеріне көңіл ауда-
рады. Сауалға жауап бергендер айтуынша, мемлекет басқару саласында, әсіресе,
41
Қожаберген жырау – 350
аймақтарда, облыстарда рушылдық көріністері байқалады, жемқорлыққа жең
ұшынан жалғасып ықпал етеді; материалдық, қаржылық ресурстарды пайдала-
нуда да көрінеді, заңдардың орындалуына тосқауылда да көрініс алады.
Болашақта да ол ықпал жалғасады. Не істеуіміз керек?
1. Рушыл, тайпалық, жүзшіл психологияның жағымсыз ықпалын БАҚ
ашып көрсету қажет, бұл – эгоцентризмнің бір түрі;
2. Тарихты бір рудың, тайпаның, жүздің тұрғысына емес, тұтас қазақ хал-
қының мүддесі түрғысынан зерттеу;
3. Нарықтық экономикада бәсекелестік күшеймей, монополизмді еңсермей,
ру, жүз, тайпаға бөліну жойылмады. Әлсіз кәсіпкер монополист ағайынан қолдау
іздейді;
4. Өңірлердің (батыс, оңтүстік, орталық) дамуында айырмашылықтарды
еңсеру, себебі өңірлік бөлісте жүздік сипатта бар;
5. Ауылдарды қолдау, жұмыссыздықты азайту, екі қолға бір күрек таба
алмаған қаладағы рулас ағайынын паналайды;
6. Көп партиялық жүйені дамыту, қоғамды саяси-әлеуметтік мәселелер
төңірегіндегі топтастыру, саяси мәдениет тәрбиелеу;
7. Орта тап қалыптастыру, табысы бар, үйі бар қазақ руласынан қолдау
іздемейді;
8. Қазақ халқының бірлігі, тұтастығын қалыптастыру, рулық, тайпалық
жүздік патриотизмнен жоғары қазақ патриотизмін тәрбиелеу.
Басқа тілге ауысқан, басқа дінге өткен, әр түрлі партияға, руға, жүзге бөлінген,
бірақ тегі бір, қаны бір қазақтардың басын, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, мұсылман
діні негізінде бірігу қажеттігі туып отыр. Қазақтың бірлігі біздің мақсатымыз –
сонымен бірге сол мақсатқа жету үшін құралы. Басқа шаруалар осыдан туады.
Қазақтың бір-бірін қолдауы ұлтшылдық емес, тамыр таныстық қазаққа
пайда беретін болса қолдау керек, одан қазақ ұтылмайды. Біздің ұлтшылдығы-
мыз – патриотизм, қазақтың мәртебесін өсіру. Өзін сыйламаған басқаны да
құрметтей алмайды, басқа сөздің барлығы ақиқатты бұрмалау, алдау. Өз қанына
жақындарды тарту, биологиялық та, адами да орта жасау бізге де тиімді.
Ұлттық мамандар дайындау – қасиетті іс. «Кадры решают все» деп тегін
айтылмаған. Кадрлар – біздің ертеңіміз. Әрбір жоғары оқу орны – ұлттық
кадр лар дайындайтын ұстахана. Басқалардың қолынан келген іс қазақтардың да
қолынан келеді. Басқалардың білгенін біз де біле аламыз. Бізді кемсіткен-
мен, бүгін біз өзіміздің бағамызды білуіміз керек.
Мәселе – кадрлар сабақтастығында. Қай заманда да аға ұрпақ тарихи сах-
надан кеткенде, олардың орнына дайындығы мықты, тәрбие жағынан шынық-
қан орта келеді. Сондықтан бүгін басқару саласындағы азаматтарды іріктеу,
42
Қожаберген жырау – 350
дайындау, зерек жігіттерді қолдау қажет. Бүгін жастар әлі жетілген жоқ деп
жоғары биліктен шеттетуге дұрыс болмас, жетілгмеген тұстарын өмірдің өзі пісіп
жетілдіреді.
Заман қатыгез, жалпақ шешейлікті көтермейді. Ал елімізде орыс тіліндегі
ақпарат құралының саны қазақ тілдегі таралымнан 3-4 есе артық. Мемлекет-
тік тапсырыс пен бойынша жұмыс жасайтын 94 газет, журналдың 70-і орыс
тілді. Олар шетелдік ақпараттың құралдарының ықпалында, шет елдегі аранда-
тушы топтардың айдауымен жұмыс жасауда. Осылай өзімізге қарсы күштерді
өзі міз асырап, қолтығына су бүркіп отырмыз.
Әр ұлт өз бақытын өз қолымен жасайды. Сондықтан қазақтың ертеңін
қа зақ қана ойлауы керек. Басқаға біз керекбіз бе? Барлық ақшалы, жоғары
еңбекақы төленетін жұмыстар қазақтарға тиесілі болу керек. Айналып келгенде
бұл ұлттық табыс, қаржыларды күндемейік. Бірақ табыс адал еңбекпен, термен
келетін болсын.
Қазақтың идеологиясы, өмірге көзқарасы да өзгеру қажет. Қазір «асқан
байлық не керек, ден сау болса болғаны-ай» деп әндету нарық заманына үйлес-
пейді. Байлық, қаржы – денсаулықтың көзі, ақшалы адам сүйген асын ішеді,
қалаған жерінде демалады, таңдаған жеріне барып емделеді. Сондай-ақ ден-
саулықтың өзі де байлық, дені сау адам ғана табыс табады, несиесін төлейді.
Сондай-ақ «бай болып, ауру болғанша, деніміз сау, кедей болғанымыз жақсы»
дегенді де қолдауға болмас. Дәулетті де және денімізде сау ұлт болуымыз керек.
Жеңіс әр уақытта бірден қолға тие бермейді, күте білу, төзімділік таныту –
біздің парыз. Біз – бірден үлкен олжаға, жеңіске жете алмаймыз, мысық-
табандықтан, ақырын басып алға ұмтылайық, әрбір ілгері қадам – ол да жеңіс.
Әр құнды кітап, кино, сұлу ғимарат, спорттағы қазақтардың жеңісі – ұлттың
мақтанышы.
Қазақ мәселесін жиі көтеріп, әсіресе басқа ұлт өкілдеріне қазақтың отар-
лау саясатынан көрген қорлығы, қуғын-сүргінге ұшырағандығын, азапты көп
шек кендігін, кемсітушілікке ұшырағандығын, бүгін соның орнын толтыруға
тыры сатынын айтуымыз дұрыс. Диаспоралардың тағдыры тарихи отандары-
на шешіліп жатқандығын да еске салған жөн. Қазақтар әлі де ауылдық жерде
даладағы әжетханаға баратынын, көмір жағып күн көріп отырғанын айту керек.
Қазақтардың жағдайы туралы ақпаратты молынан беруіміз жөн.
Ақпарат – ең басты құндылықтың бірі. Қаржы, ақпарат және кадрлар –
басты байлық, біздің ырысымыз. Сонымен бірге еліміздегі диаспоралардың
іс-әрекетінен, ниеті мен істерінен қазақ хабардар болып отыруға тиісті. Ақпа-
рат құралдары, үгіт-насихат, баспасөз, радио, теледидар, кино – барлығы да
қа зақтың қолында болып, қазақ ұлтына қызмет жасауға тиісті. Әр мәселенің
43
Қожаберген жырау – 350
тө ңірегінде қазаққа пайдалы қоғамдық пікір туғызу керек. Еврейлер айтады:
«Из любого пустяка можно сделать проблему, а из любой проблемы-пус-
тяк». Қазаққа пайда бермейтін мәселені түкке тұрғысыз етіп, әрбір ұсақ-түйек
мәселеден қазаққа пайда беретін үлкен проблемаға айналдыру керек.
Әрбір істе қазақтар лидер болуға тиісті, қолдан келгенше бірінші болуға ты-
рысу тиісті.
Тарихымызды білу – парыз. Тарихын білмеген халық жетім бала сияқты:
талай халықтар мақұрым болып тарихынан, дәстүрінен, тілінен айырылды. Со-
нымен бірге еліміздегі диаспораларды қазақ тарихын білуге, бірте-бірте оларды
өз тілімізге, өз ортамызға сіңіруге еңбек еткен жөн. Олар түбінде не еліне орала-
ды, не сіңісіп кетеді. Диаспора өкілдерін билікке тарту дұрыс, бірақ олар көнгіш,
басқарылуға икемді болуға тиісті. Оларды қазақтың сойылын соғатын маман-
дар ету, шовинистерге қарсы қою – бізге міндет. Бұл – әлемдік тәжірибе. Оны
біздің оралмандар жақсы біледі.
Қазақстанда әлеуметтік қақтығыстар азайып, шиеленістер бәсеңсіп, тұрмыс
жақсарған сайын қазақтар арасында тоғышарлық психология, ұлттық селқос-
тық, немкеттілік белең алса, сонымен бірге кейбір орыс ағайындардың арасында
кеңес заманынан қанға сіңген ұлттық амбиция, менмендік те күш ала бастай-
ды. Оларға қазақ мәселесі уақытша науқандық мәселе болып көрінеді. Бүгін
біз советтік үрдіске оралғандаймыз. Ұлтаралық қатынастардың қазақстандық
моделін, үлгісін таптық деп, мәселені үзілді-кесілді шешілгендей сайраймыз.
Осы жағдайда екінші үрдісте, қорғаныш үрдісі де күшейді, патриоттық ұлттық
топтар арасында нигилизмге, шовинизмге, тоғышарлыққа қарсылық туып,
ұлттық энергия шоғырланып, күш жинайды. Ұлттық қатынастарды энергияның
сақталу заңы осылай көрініс алатын сияқты. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда
Тәуелсіздік мерекесіне дейін шыршалар қойылмады, тіпті христиандық жаңа
жыл аталмады.
Нарықтық экономикаға көшкен тұста біз өмірдің қай саласы туралы сөз
қозғағанда, оның қаржы тапшылығына тірелетінін айтудан жалықпаймыз. Де-
сек те мемлекетте рухани бір арқаудың, тіректің жоқтығында сезінеміз. Өмір-
дің барлық қырын валюта нарығындағы доллардың, болмаса еуроның құнымен
өлшеуге болмайтындығын, қоғам бағыт сілтейтін құндылықтарға сүйенгенде ғана
қалыпты өмір сүре алатынын түсіне бастадық. Оның өзі ауыр індеттен сауыға
бастауымыздың нышаны. Ұлттық идеяға, бірлікке қажеттілік туды. Ол идеяның
бастауы билік кабинеттерінде емес, рухани мұрамызда жатыр. Тек өткен шақпен
ғана байланыстыруға болмайтын, бүгінгі күнмен үндесіп жатырған шығарма-
ның бірі, ұлттық идеяның қайнар бұлағы – Қожаберген жыраудың «Елім-ай»
дастаны.
44
Қожаберген жырау – 350
ДАҢҚТЫ БАБА ҚОЖАБЕРГЕН
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Өз заманында кең-байтақ жерімізді, бытырай қонған елімізді қызғыштай
қорғаған, халқының бостандығы, болашақ ұрпақтың бақыты жолында қасық
қаны қалғанша күрескен қазақтың хас батырлары жылдар, ғасырлар өтсе де
ұмытылмайды. Еліміз Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен бері олардың тарихтағы
орнын айқындау, өнегелі істерін ұрпаққа үлгі ету, лайықты құрмет көрсету
бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Соның бір мысалы жақында
Үкімет үстіміздегі жылы Қожаберген Толыбайұлының туғанына 350 жыл то-
луын атап өту туралы қаулы қабылдады.
Расы сол, тарих қойнауында қалған баяғының батырларының, би-ше-
шендерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді ғылыми тұрғыдан
негіздеу, жүйелеу жеңіл жүріп жатқан жоқ. Сірә, ол ұзақ жылдар бойы қазаққа
ерлікті де, білімдарлықты да, шешендікті де, бір сөзбен айтқанда, көп игіліктерді
қимаған саясаттың ықпалы болса керек. Қожаберген бабамыздың аты да көп
уақыт қалың елге белгісіз болып келді. XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең
көрнекті өкілдерінің бірі болған Бұқар жыраудың Қожабергенге арналған «Ғаділ
ер» деген толғауындағы:
Көшебе керей ағасы,
Толыбай сыншы баласы.
Қол бастаған Қожекең,
Үш жүздің болды-ау данасы, –
45
Қожаберген жырау – 350
деген немесе «Ұстазыма» деген толғауындағы «Бата алған Бұқармын Қожа-
берген асылдан» деген сөздерді, Қожабергеннің өзі «Елім-ай» дастанында
Бұқар жырауға:
Шәкіртім сүйіндікте Бұқар жыршы,
Ол Бұқар – өзі ақын, өзі сыншы.
Ол дағы қарап жатпас аттан салар,
Сөзіне оның, халқым, құлақ түрші! –
дегенін көзге ілмей келдік.
Десек те, зерттеушілердің Қожаберген бабамыздың ғибратты ғұмырына қы-
зығушылығы ешқашан да бәсеңсіген емес. Қожабергеннің өмірі мен еңбегі қазақ
халқының алғашқы ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсаринді де қызықтыр-
ған. Ыбырай Алтынсарин Қожабергеннің атын 1879 жылы Орынбор баспа-
сынан жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» және Қазан қаласында басылып
шыққан «Мәктубат» деген кітабына енгізеді. Қожаберген мұрасына С. Сей-
фуллин, І. Жансүгіров, С. Көбеев, Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, І. Омаров сынды
асыл ұлдарының да ден қойғаны тарихтан белгілі.
Бұларға дейін Қожаберген Толыбайұлы туралы Дәстем сал Қарабасұлы
(1677-1752), Жанкісі жырау Көшекұлы (1734-1817), Жанақ Төлекұлы (1743-
1821), Баһрам Шақшақұлы (1779-1826), Көрпеш, Сегіз сері Баһрамұлдары,
Шәңгерей Бөкеев (1847-1920), Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазған.
1983 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасынан «Ерте дәуірдегі қазақ
әде биеті» деген еңбек жарық көрді. Осы кітапта Қожаберген жырауға да орын
берілген. Міне, содан бері Қожаберген Толыбайұлы туралы бірнеше кітап,
жүзден астам зерттеу мақала жарық көрді.
2000 жылдың 19-20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғы-
лым академиясының ұйымдастыруымен «Қожаберген Толыбайсыншыұлының
ел тарихындағы орны мен рөлі» деген тақырыпта Қызылжар қаласында өткен
ғылыми-теориялық конференцияда негізгі баяндама жасаған академик, мар құм
М.Қ. Қозыбаев Қожаберген мұрасын зерттеу, бүгінгі ұрпаққа жеткізу замана
талабы екенін баса айтқан. «Қожаберген бабамыз көп батырлардың бірі ғана
емес. Ол – 1688-1710 жылдары 22-23 жыл бойында қазақ, ноғай, қарақалпақ
халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардарбек, ордабасы,
Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер! «Ақтабан шұбырындыдан» кейін
Қожаберген ұлы жеңісті шыңдаған стратег», – деген еді сонда атақты академик
ағамыз.
46
Қожаберген жырау – 350
Тарихтан бізге жеткен деректер бойынша, Қожаберген Толыбайұлы 1663
жылы наурыз айының басында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жам-
был ауданындағы Благовещенка селосының маңайындағы Гүлтөбе деген жерде,
батырлар мекенінде дүниеге келген. Олай дейтініміз, орта жүздің керей руы-
нан тарайтын Толыбай сыншы да, ХVІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІ
ғасырдың бірінші ширегінде өмір сүрген Дәулен де (Толыбайдың әкесі), арғы
атасы Көшебе де батыр болған. Қожабергеннің:
Арғы атам ту ұстаған ер Көшебе,
Қай батыр тең келіпті Көшебеге, –
немесе:
Ол соғыс Есімханның тұсында өткен,
Қалмақты Дәулен атам қырған шеттен, –
деуі содан.
Осындай ел қорғаны болған асылдардың тұяғы Толыбайдың аты болашақты
болжай білетін көрегендігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, шешендігі-
мен, ел іргесі сөгілсе, қылышын қынабынан суырар ерлігімен де шыққан. Ол
Гүлтөбеде көп жыл бойы қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен
әскерін басқарып ел тыныштығын қорғаған, ордабасы – баһадүр атанған. Ел
ішінде әлі күнге дейін Толыбай сыншыға телінетін нақыл, қанатты сөздер аз
емес.
Ал, Қожабергенге келсек, ол – ақын-жырау, әнші-күйші, сазгер ғана емес,
ел тағдыры таразы басына тартылған қан-майдан жорықтарда қалың қолды
бастаған батыр, «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы»
сияқты тарихи конституциялық пәрмені бар «Жеті Жарғыны» жазған жеті
бидің бірі. Балуан, мерген, сыншы, саятшы, он саусағынан өнер тамған шебер,
емші, са уатты адам болған. Жүз жасаған Қожаберген өмірінің алпыс жылын
елінің тәуелсіз дігі үшін күресіп, ат үстінде өткізген. Бұл жөнінде көзі тірісінде
ұлт намысы атанған әйгілі заңгер Салық Зиманов Қызылжар қаласында өткен
халықаралық конференцияда былай деген болатын: «Қожаберген – біздің
тарихымыздағы тұтас құбылыс, бүкіл ғұмырын қазақ халқының тәуелсіздігі
жолындағы күреске арнаған ұлы тұлға». Атақты ғалым бұл сөздерді тектен-тек
айта салған жоқ. Ол Қожаберген Толыбайұлы, оның «Жеті Жарғыны» жазуға
қатысқаны туралы өзінің толық шығармалар жинағында да жазған болатын.
47
Қожаберген жырау – 350
Белгілі Көтеш ақын Райұлы да өзінің «Жиен жырау» дастанында:
Ақылдасып үш бимен
«Жеті Жарғыны» жазған ер.
Кім десеңіз ол бекті,
Қожаберген кемеңгер, –
деп жазады.
Қожаберген жасында Үргеніш, Бұхара, Самарқанд медреселерінде оқып, мол
білім алады. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгереді. Осындай білімінің
арқасында 1683-1688 жылдары Әз Тәуке ханның елшілік қызметінде 5 жыл
басшылық етіпті. Оның:
Тіліне араб-парсы болдым жетік,
Оны да қолданбадым өнер етіп.
Көрші елге елшілікке ылғи барып,
Мен жүрдім қазағыма қызмет етіп, –
деген жолдар осыны ұқтырады.
1688-1710 жылдары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен қолы-
на әскербасы болып қалмақ шапқыншылығына қарсы ұзақ жылдарға созылған
соғыстарда талай рет ірі жеңістерге жетіп, ордабасы атағын алған үлкен баһадүр,
әскери қайраткер. Оның 23 жыл әскер басқарғаны өзінің «Үш би» атты өлеңінде
былай деп көрсетілген:
Басқарып үш жүз қолын 23 жыл,
Орнымды Бөгенбайға бердім биыл.
Еш сардар қайт қылған жоқ жарлығымды,
Кезінде ұзақ соғыс күндер қиын.
Ендеше, М.Қ. Қозыбаевтың жоғарыда біз сөз еткен конференцияда:
«Ақтабан шұбырындыдан» кейін Қожаберген – ұлы жеңісті шыңдаған стратег.
Қожаберген батырлардың батыры, қолбасшы, Әз Тәукедей дананың оң қолы,
қиын замандағы ел қорғаны», – деп жариялауы өте орынды. Атақты тарих-
шы «Дауылпаз баба – Қожаберген» деген еңбегінде Қожаберген жыраудың Әз
Тәукенің тапсырмасымен «Жеті Жарғыны» ақ былғарыға жазып, ханға табыс
еткені туралы деректер де келтіреді.
48
Қожаберген жырау – 350
Қожаберген жыраудың ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасы өте мол. Олардың
бәрін жинап, сақтаған – Сегіз Сері. Атақты Сегіз сері «Елім-ай» жырын
шығарған Қожаберген жырау екендігін былайша айтып кеткен:
Қожаберген бабамыз –
Әріде өткен данамыз.
«Елім-айдай» қиссасын
Әнмен шырқап саламыз.
Тұлпар мініп ту алған.
Қожаберген бабамның
«Елім-ай» жырын жаттағам.
«Ата тектей» дастанын
Жадыма мықты сақтағам.
«Елім-ай» әнін бабамның
Бала кезден шырқадым.
Ол жыраудың «Күлдірмамай», «Қойлыбай көрген», «Қарасары Болат ке-
рей», «Соқыр абыз», «Баба тіл», «Жеті Жарғы», «Қабанбай батыр», «Ер
Көкше», «Асан ата», «Ер Қосай», «Ер Жәнібек», «Қорқыт баба», «Ер Едіге»,
«Орақ батыр», т.б. төлтума шығармаларын жинап, өзінен кейінгі ұрпаққа аманат
еткен. Осы дастандарының бәрінде де ақын елді сыртқы жауға қарсы азаттық
жолындағы күреске шақырып, қазақ халқының бірігіп, іргелі ел болуын ар-
мандап, соны жырға қосады. Бұл жағынан алғанда, Қожаберген бабаның жыр
еткен тақырыбының саяси жағынан өте маңызды екенін көреміз. Қожаберген
шығармаларының ең шоқтықтысы, сөз жоқ, «Елім-ай» дастаны. Жеті бөлім-
нен, 3683 шумақтан, 14732 жолдан тұратын «Елім-ай» дастанында жырау
1723 жылдың апатын, халықтың қайғы-қасіретін, күйзелісін ашына жазады.
«Елім-ай» – ел өміріндегі тұтас бір кезеңді қамтитын тарихи шығарма. Автор
бұл еңбегінде Жоңғар империясының дәуірлеп, күшею себептерін, Әз Тәукеден
кейінгі қазақ хандығында болған текетірес, бақталас, алауыздықтың бетперде сін
ашады. «Елім-ай» дастанындағы:
Әз Тәуке болса-дағы достыққа ынтық,
Сатпады көрші екі жұрт бізге мылтық.
Жоңғарлар қорғасын оқ жаудырғанда
Найза ұстап, садақ тартып қарсы шықтық, –
49
Қожаберген жырау – 350
деген жолдардың да астарында көп ой жатқаны анық. Бұл арада әңгіме
жоңғарлардың орыстар мен қытайларға арқа сүйегенінде болып отыр. Дастанда
Түрікпен, Қоқан, Хиуа, Бұқардың қазақ еліне деген қастандығы, өзбек пен тә-
жіктің жалтақтығы әшкереленеді. Осы тұрғыдан алғанда, М.Қ. Қозыбаевтың
тілімен айтсақ, «Оны тек «дастан» деу аз сияқты. Оның арнасы кең: ұлттың бо-
лу-болмауы, Отан тағдыры. Бір ғасырлық тарихты саралап, ұлттың сан ғасырлық
салт-санасын, мемлекет билеу жүйесін бағалап, жүздеген мемлекет, әскери, сая-
си қайраткерлерін жеке-жеке даралап, дүбірлеген оқиғалар болған жерді аралап
жазылған ұлы эпопеялық туынды. «Елім-ай – шын мәнінде ұлттық сананың
биік шыңы, ұлттық сергелдеңге душар болғандағы мұңы, болашаққа құлаш
сілтеп, қайсар намысшыл қазақтың ұлт болмысын жаңғыртуға ұмтылысының
шаншыла атқан қайнар жыры да сыры. «Елім-ай» – ұлтымыздың Илиада мен
Одиссеясындай эпикалық өміршең трагедиясы».
Халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, батыр-қаламгер Бауыржан Момыш-
ұлы «Елім-ай» дастаны жайлы: «Керей Қожаберген жыраудай бұрын-соңды
өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, ше-
карасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры – әскери дастан!
Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол
әскери дастан қайда бар екен?» – деп жазған екен.
Ірі ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың
пікірі де осыған үндес. Ол өз ойын: «Көшебе керей Қожаберген ақын То-
лыбайсыншыұлының «Елім-ай» дастаны – тарихи эпопеялық жыр. Әрі сол
«Елім-ай» ерлік қиссасының бірінші бөлімі – 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды,
Алқакөл сұлама» атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден бір та-
рихи құжат», – деп тұжырымдапты. Осы мазмұндас бағаны кезінде академик
Әлкей Марғұлан, академик Ақай Нүсіпбеков, тарих ғылымының докторы, про-
фессор Бек Сүлейменов те шегелеп айтқан екен.
Жырау 1710 жылғы жазда өзінің көп жылдарға созылған ауыр соғыстар-
ға үздіксіз қатысып шаршағанын мойындап, Әз Тәуке ханнан өзін ордабасы
қызметінен босатуды өтініп, орнына шәкірті жас Бөгенбай батыр Ақшаұлын
ұсынады. Әз Тәуке хан арнайы құрылтай өткізіп Бөгенбайды ордабасы етіп сай-
латады, сол жиында Қожаберген Бөгенбайға ақ батасын береді.
Бұл жайында Бұқар жырау былай дейді:
Қожаберген ғаділ ер,
Қадірін білген қалың ел.
Бөгенбайдай батырға
Билігін берген ардагер.
4-254
50
Қожаберген жырау – 350
Қожекеме Бөгенбай
Шәкірт болған жан еді.
Сайлатқан оны ұстазым
Қарадан шыққан хан еді.
Жоғарыда Қожабергеннің өмірі мен шығармашылық қызметіне XIX ғасыр-
да өмір сүрген ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин алғашқылардың бірі болып
ден қойғанын айттық. Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын-
бек Кәкішевтің айтуынша, одан сәл бұрын, 1875 жылы «Записки Оренбург-
ского отдела Императорского русского географического общества» атты кітапта
(253-бетінде) «Қаратаудың басынан көш келеді» әнұранының алғашқы нұсқасы
16 жол көлемінде беріліпті. Сонымен бірге Түрсекең «Қазақ әдебиетінің қыс-
қаша тарихы» атты еңбектің бірінші томында «Қожаберген жырау (1663-1763)»
атты арнайы тарау жарияланып, қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет «Елім-
ай» әнінің авторы жайлы бірқыдыру мәліметтер берілгенін де айтады.
Алайда, кейін ұзақ жылдар бойы Қожаберген есімі аталмай келді. Акаде-
мик Манаш Қозыбаев екі себебін атайды. «Бірінші – Қожаберген баба орыс
империясына ашық қарсы, оның «Елім-айы» империяға қарсы туынды. Онда ол
орыс империясы қалмақтарға қару сатты, қолдады деп айыптайды... Екіншісі –
«Елім-айы» қазақ хандарының төре тұқымынан сайлануына қарсы. Ал, төрелер
әулеті қазақ қоғамына ендеп, бойлап араласып, құраласып кеткен-ді».
Қожаберген Толыбайұлы – шын мәнінде бар қазаққа ортақ тұлға. Сондық-
тан да оның өмірі мен шығармашылығы жайлы солтүстікқазақстандықтар
ғана емес, еліміздің барлық аймағында тұратын зерттеушілер жазуда. Соның
нәтижесінде Қожаберген батыр халқына қайта оралды. Оның ерлігі, даналығы
туралы көптеген еңбектер жарық көрді. Осындай игі істерге белгілі заңгер Бе-
кет Тұрғараев басқаратын «Жеті Жарғы» және Қожаберген жырау» қоғамдық-
қайырымдылық қорының ұйытқы болып келе жатқанын айту жөн. Аталмыш
қордың қолдауымен жыраудың туған жеріндегі қорымында жерлестері оған
арнап күмбез орнатып, ас берді. Жамбыл ауданының орталығы Пресновка
селосындағы қазақ мектебінің алдындағы алаңға есімі беріліп бюсті орнатылды,
мектепте мұражайы ашылды. Петропавл қаласындағы №6 қазақ орта мек-
тебі жырау есімімен аталады.
Иә, айта берсек, қолға алынып жүзеге асырылып жатқан игі істер аз емес.
Бірақ, кезегін күтіп тұрған шаруалар да бастан ашып жатыр. Осы жайында
жақында мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С.Н. Ахметов-
ке депутаттық сауал жолдадым.
51
Қожаберген жырау – 350
Онда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1678 қаулысына сәйкес үс-
тіміздегі жылы 350 жылдығы аталып өтілетін Қожаберген Толыбайұлының
мерейтойына дайындық барысында әлі шешімін таппаған кейбір мәселелер-
ге тоқталып, атап айтқанда, балалар мен жастарды әскери-патриоттық рух-
та тәрбиелеу жөнінде еліміздің театрларында тарихи деректерге сүйене оты-
рып, Дауылпаз баба – Қожаберген Толыбайсыншыұлы туралы сахналық
қо йылымдарға бәйге ұйымдастырылып, үздік шыққан сценарийлер бойынша
спектакльдер қоюға; тарихи деректерге сүйене отырып, «Ақтабан шұбырынды,
Алқакөл сұлама» кезеңіндегі «Елім-ай» жыры мен Қожаберген бабамыз тура-
лы қазақ және орыс тілдерінде бір сағаттық деректі фильм түсіруге және оны
еліміздің басты телеарналарынан көрсетуге; «Елім менің» патриоттық әндер
конкурсы аясында халық ақынының өмірі мен ерлігіне арналған әндер конкурсын
ұйымдастыруға; «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан
облысы Жамбыл ауданының Благовещенка елді мекеніне қарасты «Бүркітқон-
ған» деген орманның маңында орналасқан Қожаберген жыраудың кесенесін мем -
лекет қамқорлығына алып қайта тіркеуден өткізіп, кесенеге күрделі рестав-
рациялық жөндеу жұмыстарын жүргізуге; министрлік Астана қаласы әкім-
дігімен бірлесе отырып орталық бір көшеге Қожаберген жыраудың есімін бе-
руді ұйымдастыруды қолға алу және құжаттарын дайындауға; республикалық
ақындар, жыраулар байқауын ұйымдастыруға; жасөспірімдерді рухани-
адамгершілік пен отанды сүюге тәрбиелеу мақсатында ұлттың рухын қиын
ке зеңде де көтере білген тарихи тұлға Қожаберген жырау өміріне арналған
республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыруға; барлық
республикалық, облыстық кітапханаларда дауылпаз баба – Қожаберген Толы-
байсыншыұлының туғанына 350 жылдығына арналған кітап көрмелерін ұйым-
дастыруға; бабамыздың 350 жылдығына арналған іс-шараларды бұқаралық
ақпарат құралдарында тұрақты түрде жариялауды ұйымдастыруға; Қожаберген
Толыбайсыншыұлының өміріне қарасты тарихи деректерді қайта сүзгіден өткізіп
мемлекеттік тапсырыс аясында шығарылатын әдебиеттер негізінде арнайы кітап
шығаруға қаржы бөлуді сұрадым.
«Егемен Қазақстан» газеті,
12 ақпан 2013 ж.
52
Қожаберген жырау – 350
Достарыңызбен бөлісу: |