Практикалық конференциялардың материалдары және ақындардың арнау өлеңдері мен жыр-дастандары енгізілген



Pdf көрінісі
бет9/22
Дата29.01.2017
өлшемі13,56 Mb.
#2961
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   22

ҚОЖАБЕРГЕН ЖӘНЕ ОНЫҢ ДӘУІРІ
Ғалым ҚАДІРӘЛІҰЛЫ,
өлкетанушы
Өз заманының дүлдүлі, асқан дарын иесі Қожаберген жырау – екі ғасыр-
дың куәгері, жүз жасаған адам. Табиғат оған ұлылықты да, жасты да аямай-ақ 
берген. Біздің ғасырымызда атақты адамдардан жүз жасағаны Жамбыл ғана. 
Сонау ХVII-ХVIII ғасырлар тоғысында өмір сүрген жерлесіміз Қожаберген 
жыраудың тағдыры осыған дейін қалай болып келді деген ой көкейден кетпей-
ді. Бұрынғы Совет Одағы кезіндегі солақай саясат «ұлтшылдық», «рушылдық» 
пиғылдың түп тамырын қырқамыз деп жүргенде өткен тарихымыздың қалай 
бұрмаланғанын байқамай да қалыппыз. Соның нәтижесінде ұлыларымыз 
ұмытылып, ақын-жырау мен асыл мұраларымыз көмескі тарихымыздың кө-
леңкесінде көрінбей қалғаны шындық. Енді соңғы он жылда егеменді ел болып, 
есімізді жинаған кезде жоғалғанды мұрағаттан қазып, ауыздағыны елден жинап, 
өлең-жыр, аңыз-әңгімелерді тырнақтап теріп жатырмыз.
Қожаберген жырау да іздестіріліп, теріліп зерттеліп жатыр. Ауыз әдебиеті-
нің зерттеушілері, ғалымдар мен жазушылар бұл жыраудың біраз енбектерінің 
бетін ашты, әлі де ашылмағандары баршылық. Бұл бетбұрыстың басталуы 
келешек те оқушы жастарға Қожаберген жырауды толық көлемде көрсетіледі де-
ген сенім білдіреді. Мәселен, оның «Елім-ай!» дастаны толық көлемде табылса, 
онда біз жалғыз Қожабергенді танып қоймай, онымен қоса сол XVII-XVIII ға-
сырлардағы қазақ елін, оның әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, шежіре тарихын, бүкіл 
болмысын білген болар едік. Зерттеушілердің айтуынша, жеті бөлімнен тұратын 
бұл тарихи дастанның қазіргі таңда бір-ақ бөлімі қолда бар көрінеді.
Қолда бар деректерге сүйене отырып Қожаберген туралы өз ойымызды айту 
үшін алдымен ол өмір сүрген ортаны, сол кезеңді, дәуірді шолып өткен жөн бо-

148
        Қожаберген жырау – 350
лар. Қожаберген он жетіге келгенде елді Тәуке хан билейді. Ол Жәңгір ханның 
баласы. Хандық билікті шамамен 1680 жылдары алады. Тәуке сол кездің өзін-
де елулерге келіп қалған, егде тартқан, ақыл тоқтатқан, тәжірибесі мол, білікті 
адам болған. Орыс патшалығын бұл кезде І Петр билеп тұрды. Қойшығара 
Салғараұлы «Қазақтар» деген еңбегінде бұл кезеңді ерекше суреттейді. Атап 
айтқанда ол елдің іргесін аман сақтау, сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізу, 
ел ішінде құқықтық тәртіп орнату сияқты күрделі саяси қоғамдық, мемлекет-
тік мәселелермен тікелей айналысқан. Жәңгір хан жанына батырлар жинап
хандығын білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаса, ал оның баласы Тәуке 
хан төңірегіне ақыл иелерін жинап, ақыл-ой мен парасат үстемдігін орнатты. 
Оның қасында ұлы жүзден Төле би, орта жүзден Қазыбек би, кіші жүзден 
Әйтеке би, қырғыздан Қоқым би, қарақалпақтан Сасық би сияқты аса беделді, 
ақылды адамдар болған. Сөйтіп Тәуке хан осы ақылы асқан «алыптардың» ара-
сында отырып «Әз Тәуке хан» атанады. Қожаберген Әз Тәуке ханның рөлін 
былай суреттейді:
Төрелер Әз Тәукедей бола алмады, 
Оларға қазақ көңілі тола алмады. 
Арамза Қайып, Болат сатқын болып, 
Кездейсоқ ел жағдайы оңалмады.
Әз Тәуке хан халықтың басын біріктіріп, бірлікке, ынтымаққа шақырады 
және қуғын-сүргін, барымта, зорлық-зомбылық сияқты халықтың берекесін 
кетіретін зиянды әдеттерді жоюмен айналысады. Осындай істердің нәтижесін-
де қазақ хандығының беделі арта түседі. Бірақ сыртқы жаулар көз алартуын 
тоқтатпайды. Жоңғар қалмақтарының шабулы бұрынғыдан да үдей түседі.
Алдағы айтқан алдыңғы толқын ұлылардың, ақыл иелерінің ізгі істері 
Қожабергенді де ұлылыққа жетелегені сөзсіз. Сол сияқты соғыс, ел қорғау ісі 
оны ерлікке, батырлыққа баулығаны да белгілі. Әз Тәуке хан аузын арандай 
ашып отырған көрші екі (орыс, қытай) империяға бас иіп, бағына қойған жоқ. 
Елшілік қарым-қатынастар жөніндегі деректерге қарағанда тіпті сескенушілік 
те байқатпайды. Бірақ екі империя қалмақтарды айдап салып, өздері тікелей 
соғысқа қатыспағанымен, қолтығына су бүркіп, бойына дем беріп отырды.
Әз Тәуке ханның ел ішіндегі тәртіпті бір жүйеге келтіру мақсатында шығар-
ған «Жеті Жарғы» деп аталатын құқықтық заңы да тарихта ерекше аталады. 
Оны сол кездегі «Конституциялық ескерткіш» деп атай аламыз. Мұндай жарғы 
Тәукеге дейін, әлде одан кейін болды ма? Неге «Жеті Жарғы» деп аталған? Бұл 

149
Қожаберген жырау – 350
сұрақтарға жауап әр қилы. Себебі жазба мәдениетінің ол кезде кенже қалуы-
нан дәл айтуға мүмкіндік болмай отыр. Әлеуметтік саяси жағдайдың осындай 
дәрежеде тұрған кезінде Қожаберген өсіп, ер жетті, қоғамдық өмірге белсене 
араласты.
Қожаберген Солстүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Жеке-
көлге қарасты Гүлтөбе деген жерде 1663 жылы өмірге келеді. Әкесі Толы-
бай Дәуленұлы кезінде сыншы, ел басқарған адам, ел қорғаған батыр, әділ би, 
жезтаңдай шешен болған. Ел арасында «Толыбай сыншы» атанған. Толыбай 
сыншының бәйбішесі Ақбілектен 20 ұл туады, соның ең кенжесі Қожаберген 
еді. Толыбайдың балалары Орта Азиядағы Үргеніш, Бұхара, Самарқанд қа-
лаларында оқып, мұсылманша білім алады. Әрине, Қожаберген дін жолын қуып 
имам-ишан болмайды, әке жолын қуып он жеті жасынан бастап мемлекеттік іске 
араласады. Тәуке хан оны Қоқан, Хиуа, Бұхара хандықтарына дипломатия -
лық жұмыстарға жібереді. Ол араб, парсы тілдерін жетік меңгереді. Қожаберген 
кіші жүздегі алшындардың есентемір руынан шыққан Қабылан бидің Айша 
деген қызына үйленеді. Жол-жора, құда түсу, т.б. рәсімдерін Қожабергеннің 
ағасы Қарабас батыр жасайды. Айшаны елге алып келеді, бір жылдан кейін 
Қожабергеннің әке-шешесі (Толыбай сыншы және Ақбілек) дүние салады. 
Ал Қожаберген және оның жанұясы әлгі Қарабас батырдың қамқорлығына 
қалады. Соғыс өнерін үйренеді, одан соң тікелей соғысқа да қатысады. Тәуке 
хан Қожабергеннің батырлығын, батылдығын, ақылдылығын ескере келе оны 
Сібір біріккен әскери жасағының ордабасы (қолбасшысы) етіп тағайындайды. 
Ол жасақтың құрамында қазақтармен қатар ноғайлар, татарлар, қарақалпақтар, 
т.б. ұлт өкілдері болған. 
Қожабергеннің ақын-жырау, күйші-композиторлық қасиеті бойына біткен 
табиғи дарындылығынан шығар, ал батырлығы сол кездегі тарихи-әлеуметтік 
жағдайға байланысты туған күш-қайрат, ашу-жігер, ыза-кек болар. Онымен 
қоса шығу тегі, өмір сүрген ортасы да білімді, касиетті, дана, батыр азаматтардан 
құралған. Қазақ-қалмақ соғысы үздік-создық, бірде алысып, бірде шабысып, 
бас аяғы екі ғасырға созылғандығын білеміз.
Академик белгілі тарихшы Манаш Қозыбаев былай дейді: «Көшпелі қазақ 
халқының мәдениеті баяу дамыды. Оған себеп – жаугершілік, соғыс. Батырлық, 
қол бастау – қазақтың ата өнері. Өз жерін қорғау, немесе жаугершілікпен айна-
лысу ата-бабаларымыздың маңдайына біткен іс тәрізді».
Әр ұрпақтың өз батырлары туады, өсіп шынығады, олар еліміздің тәуелсізді-
гін сақтап қалды. Солардың түгел дерлік артында аты, соңында ізі қалды деп айта 
алмаймыз. Қожаберген жыраудың атын ол өзі шығарып кетті. Батыр-қолбасшы 
болды, оған себеп болған нәрсе – батылдығы мен ақылдылығы.

150
        Қожаберген жырау – 350
Соғыс болмай, тыныш жатқан ел болса, оның батырлық жағы көрінбес те еді. 
Қожаберген өмір сүрген кезеңде елдің жағдайы қандай күйде еді? Халқымыз 
соғыс зардабын неліктен шекті? Әрине, бұл үлкен, ұзақ тарихи кезең. Сондықтан 
тарихи деректерге сүйенгеніміз дұрыс болар. Манаш Қозыбаевтың айтуын-
ша, қос бүйірден екіге бөлінген жоңғар-қалмақ қазақ даласына XVI ғасырдың 
аяғынынң XVIII ғасырдың ортасына дейін үзбей ойран салады. Он жетінші 
ғасырдың орта кезінде Ұлы жүздің шығыс аймағын жаулап алады. Ал XVIII ға-
сырдың басында Алтай, Алатау, Еділ, Жайық, Шу, Талас, Сыр, Қаратау өңірін 
биледі. Одан соң Тараз бен Түркістанды басып алады. XVII-XVIII ғасырларда 
жонғарлар қазақ елін тоздырды, халықтың жартысынан артығы қырылды. Осы 
туралы Қожаберген жырау былай дейді:
Бүгінгі күн – мұнар күн. 
Жер бетін тұман басқан күн. 
Жалаңтөс аспас асудан
Кәпір қалмақ асқан күн. 
Ақыл таппай қиналып, 
Билерім қатты сасқан күн.
Жоңғарлар қазақ елінің шығыс және оңтүстік жағындағы бірқыдыру 
жер лерді жаулап алғанымен қазақтардың кең байтақ орталық бөлігіне дәрмені 
жетпеді. Тәңірберген Қалилаханов өзінің еңбегінде бұл соғыс жөнінде былай 
атап өтеді. Халқымыз «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған кезде орта жүз бен 
кіші жүз хандықтары бір мәмлеге келе алмай өз беттерімен түйе айдап, Арқа мен 
Жетісу халықтары босып кетті. кіші жүздің ханы Әбілхайыр орыс патша айы-
мы Анна Иоанновнаның етегіне оралды. Халық соғыстан, аштықтан Алқакөл 
маңында сұлап жатты, тірілері Сыр бойына құлап жетті. Қалмақтар Арқа мен 
Жетісудың жайлы жерін толық жаулап алып, одан кейін тастап кетпеуді ойлады. 
Сайып келгенде қазақ пен қалмақ «өліспей беріспейтін» қырғын соғысқа кірісті. 
Соғыс тәсіліне үйренген, ерліктің жыршысы Қожаберген жырау былай дейді:
Сол кезде өзімді өзім тоқтата алмай, 
Ұрандап «Ошыбайлап» салдым айғай. 
Сілтедім оңды-солды көк найзаны, 
Жығылды талай дұшпан салып ойбай.
Жоңғар жорығында тойтарыс беру, қалмақтарды өз жерімізден қуу үшін 
бірігу, табан тіресе алатын күш жинау үш жүздің ортақ мақсатына айналады. 

151
Қожаберген жырау – 350
«Ақтабан шұбырынды» босқынында тоз-тоз болып, сүттей іріген қазақ ру-
тайпаларын біріктіріп, жеңіске жетелейтін ерекше күш қажет болады.
Әз Тәуке хан XVIII ғасырдың басында қайраты кетіп қартайып, билік 
тіз гінін бұрынғыдай берік ұстай алмайтын халге жетеді. Ол өлгеннен кейін
(1718 ж.) таққа таласу басталады. Әбілқайыр және оны жақтаушы билер кіші 
жүзді жеке бөліп әкетуді ойлады. Мұның ақыры орталық биліктің әлсіреуіне 
әкеліп соқтырады. Тәуке ханнан кейін қазақ хандығының іштей ыдырап, 
берекесі кете бастағанын сезген жоңғарлар кеткен есесін қайтарар сәттің ту-
ғанын біліп, жойқын шабулға шығады. Аз уақыттың ішінде хандықтың тас-
талқанын шығарып, тұтас елді босқынға ұшыратады. Сөйтіп халықтың қаралы 
күні «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» басталады.
Әз Тәуке өлгеннен кейін оның орнын баласы Болат басады. Бірақ Болат хан 
Әз Тәукенің үңірейген орнын толтыра алмайды. Енді халық өз тағдырын өзі 
шешпек. Оның бірден-бір жолы – билер арқылы шешу. Негізгі мақсат – ата 
жауға соққы беріп, атамекенді қайырып алу. Тек 1726 жылы ғана үш жүздің 
өкілдері Ордабасына жиналып құрылтай жиынын өткізеді. Ол жиынды 
басқарған шала-шарпы хандар емес атақты билер: ұлы жүз Төле би Әлібекұлы 
(1663-1756), орта жүз Қазыбек би Келдібекұлы (1667-1764), кіші жүз Әйтеке 
(Айтақ) би Байбекұлы (1682-1766) еді. Бұл ұлы жиын елдіктің, бірліктің көрінісі 
болып тарихқа енді. Сөйтіп халықтың санасына шапқыншылықтан құтылу, 
елді апаттан сақтап қалу, сөйтіп дербес ел болу саясатын енгізді. Қожаберген 
жыраудың замандастары, құрдастары үш кемеңгер бір арнаға қосылып, елдің 
келешегіне жол ашты.
Болат хан өлгеннен кейін оның орнына кіші жүз ханы Әбілқайыр, Әбілмәмбет 
(Болаттың баласы), Сәмеке (Болаттың немере ағасы) таласты. Ұлы қырғын 
кезінде олар бір-біріне бағынбай ыдырап кетті. Елді билер басқарды, ел бірікті.
Бұланты өзенінің бойында қазақтар қалмақтарға ойсырата соққы береді. Бұл 
жерді бүгін «Қалмаққырылған» деп айтады. Одан кейінгі үлкен соққы Аңырақай-
да болады. Осы екі жер қазақ елі бірлігінің, батырлығының ескерткішіндей бо-
лып қалды. Ұлы жеңісті ұйымдастырған сол кездегі өз беттерімен түйе айдаған 
хандар емес, бірліктің берік қазығы болған дана билер еді.
Алдағы аталған үш дана билер, Жәнібек хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абы-
лай хан ел бірлігін, ел тұтастығын ойлаған ірі тұлғалар ұлттық тарихымыз дың 
төрінен құрметті орын алады. Қожаберген жырау – өз өмірінде осыларды көріп 
тікелей олармен араласқан, ұлылардан ұлағат алған адам. Ендеше оның да дана 
болып тууы, өсуі – заңды құбылыс. Бұл жерде Абылай ханның Қожаберген 
жыраудың өлеңдерінде неге кездеспейтіндігі жөнінде айта кеткен жөн.

152
        Қожаберген жырау – 350
Абылай Қожабергеннің саналы өмірі кезінде қалмақ басқаншылығына қар сы 
ұлт-азаттық күреске қатысып жүрген батырлардың бірі еді. Ш. Уәлихановтың 
айтуынша «әкесін өлтірген жаулардан жан сақтап жат елде өскен жетім бала 
Абылай (Әбілмансұр) хандықты мұрагерлікпен емес, өзінің батырлығымен, 
ақылдылығымен алған». Ал Бұқар жыраудың айтуынша, Абылай Төле бидің 
түйесін баққан құл болған, аты «Сабалақ». Қалмақ басқыншыларына қарсы 
жорықтарға қатысып, «хан болудың қамы» емес, халық үшін оққа кеудесін 
тосып, басын бәйгеге тіккен батыр болған. «Қарадан шыққан хан» деп атады. 
Бірақ Абылай төре тұқымынан, Шыңғыс ұрпағы. Сол Абылай-Әбілмансұр-
Сабалақ Аңырақай соғысында «Абылайлап» шауып жауды ойсырата жеңіп, 
қуып шығады. Содан Абылай атанып кеткен екен. Сәбит Мұқанов өз еңбегінде 
Абылай 48 жыл хан болды дейді. Ол Арыстанбай ақынның мына өлеңін дәлел 
үшін келтіреді:
Қылады Мақаржада айлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Сұрасаң Абылайдың тұрған жері
Хан болған 48 жыл Көкшетауда.
«Абылай 1781 жылы өлді, олай болса, оны қазақтың хан көтеруі 1733 жыл 
болады», – дейді Сәбең. Бірақ бұл жерде Абылайды аға сұлтан деп танып, 
хандығын мойындамаушылық, тіпті батырлар санатынан да шығарып тастау 
біздің заманымызға дейін созылады. Абылайдың үш жүзге хан болып, таққа 
отыруын 1771 жылдан бастайды. Үш жүздің басын қосып, біртұтас ел жасау 
Абылай сияқты ерекше ер тұлғалардың ғана қолынан келмек. Сайып келген-
де Алтын Орда хандығының қақпанынан құтылып, еліне оралған қазақтарды 
қалмақтар қайта мазалап, жерін тартып алып еді. Сол ұзаққа созылған соғыс 
қазақтардың жеңісімен аяқталды. 
Бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қожаберген жырау халқымыздың 
тағдырын айта келе бір жерінде былай дейді:
Қазыбек, ер Жәнібек, Алдарбек би, 
Көрді олар өз халқынан кеткенін күй.
Үшеуі тозған елді біріктірер, 
Қайғырма, азаматтар, есіңді жи!
Шынында Жәнібек айбарлы батыр, ерен қолбасшы болған. Хан болса Абы-
лайдай, батыр болса Жәнібектей болсын дейді. Олай болса тарихта Жәнібек-

153
Қожаберген жырау – 350
тің есімі Абылаймен қоса айтылады. Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, 
Шәкәрім қажы, Тәттіқара, т.б. Жәнібек Шақшақұлының батырлығына сүйсі-
ніп, өздерінің өлең, шығармаларында оны ерекше атап өтеді.
Қожаберген жырау заманы дүрбелең соғыс, зобалаң қайғы-қасірет қана 
емес, алып ақыл иелері мен әйгіл батырлар шыққан кез болатын. Бұқар жырау 
айтқандай:
Қаракерей Қабанбай, 
Қанжығалы Бөгенбай, 
Қаз дауысты Қазыбек, 
Шақшақұлы Жәнібек,
Орманнан көп орта жүз,
Содан шыққан төрт тірек, – 
деп, бір тірегі
Жәнібек екенін сөз етеді. «Ақтабан шұбырындыда» Арқаға көшкен қазақ 
рулары (арғын, қыпшақ, найман, керей, уақ) бірнеше жыл хансыз тұрады. 
Олай болса Абылай арқада 38 жыл хандық құрып, ақ туының астына халықты 
топтастырған. Содан соң ғана үш жүзді билеген.
Қожаберген жыраудың артына қалдырған әдеби-рухани мұрасы (бізге 
жеткені, жетпегені бар) аз емес. Олар ондаған дастандары, толғаулары, өлеңдері, 
әндері, күйлері бәрі де асыл қазына. Осы қазынаның ішінде өзі бір төбе оқшау 
тұратын еңбегі – «Елім-ай» дастаны. Белгілі зерттеуші-жазушы Нәбиден Әбу-
тәлиев «Елім-ай» – ел гимні» деп жазды. Әрине, сол ХVІІІ ғасырды тарихи 
кезеңімен алсақ, бұл шығарманың гимн екеніне ешкімнің дауы болмас. Өйткені 
ол кезеңде «Елім-ай» алдына шығар шығарма бола қойған жоқ. Жоңғарлар 
жорығын, халқымыздың қиын-қыстау кезеңін, қайғы-қасыретін бейнелейтін 
бұдан асқан шығарма кейін де кездеспеген шығар. Оның алғашқы шумақтары 
ғасырлар бойы ұмытылмай ел аузында жатталып қалуының өзі шығарманың 
құндылығын көрсетеді. Бірақ «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты та-
рихи зұбалаң-қасірет жөніндегі еңбекті білсек те, оны кім сөзін жазды, әнін кім 
шығарды деген сауалға жауап жоқ болатын. Халық әні деп айтылатын еді. Енді 
бүгінде иесі табылып, тарих шындығының беті ашылуда. «Елім-айдың» иесі – 
Қожаберген жырау. Алдыменен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» 
не екенін айта кеткен жөн болар.
Белгілі зерттеуші-тарихшы Мұхаметжан Тынышпаев 1723 жылғы ұлы 
сүрбелеңді былай суреттейді: «Қалмақтар шабулы кезінде халық ел-жұртын та-
стап, жанынан, малынан, жерінен айырылып, босып кетті. Осы босқындарды 

154
        Қожаберген жырау – 350
«Ақтабан шұбырынды» деп атаған. Сол кезеңде халық Сырдария өзеніне 
бет теп ағылады. Ол өзеннің екі қанатында Алқакөл деген екі көл бар. Екеуі 
де жаудан құтылуға қолайлы жер болған. Жан ұшырып, жан сауғалап Сыр 
бойына құлап жығылады халық. Мұны халық «Алқакөл сұлама» дейді». 
М. Тынышпаевтың айтуынша, Сыр бойына қашқандар көп қырылады, ал 
Қаратаудан бері Ұлытауға, Торғай, Солтүстікке кеткендері көп шығынға 
ұшырамайды. Олардың көпшілігі арғындар болатын.
«Міне, осы құбылысты Қожаберген жырау өзінің «Елім-ай» дастанында 
бастан-аяқ жырға қосап суреттейді. Өз өмірін айта келе ғасыр мұңын, ғасыр 
сырын, ғасыр жырын шертеді. «Елім-ай» дастандық дәрежеден жоғары, биік 
тұр», – дейді М. Қозыбаев. Ол – эпопеялық ұлы туынды, өйткені онда ұлт 
та рихы сараланып, салт-сана, мемлекет билеу ісі, әскери оқиғалар, түрлі дүбірлі 
дүниелер айқын суреттелген. Олай болса Қожаберген – дауылпаз ақын, жы-
рау. Ол – Жоңғар империясының дамуы мен күшею жолдарын ашқан тарихшы 
адам. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» себебі – екі империяның 
(орыс, қытай), көршілес Қоқан, Хиуа, Бұқар елдерінің қазақтарға қырын 
қарауы және іштегі алауыздық, бақталастық, берекесіздік болатын. Сөйтіп 
Қожаберген жырау осы уақиғаны егіліп-төгіліп жырлайды, бірақ болашаққа 
сеніммен қарайды.
«Елім-ай» дастанының зарлы, жоқтау, қайғылы үнмен айтылуы заңды. 
Оның «жыр мақамы» қобызбен орындауға лайықты. Халық әні деп келген 
«Елім-айдың» әні де, сөзі де Қожаберген жыраудікі екенін аңғару мына жол-
дардан байқалады:
Қолыма қобыз алып, әнге шырқап, 
Айтайын көргенімді өлеңменен. 
Қожаберген – ақын, дарын иесі, бүкіл саналы өмірі жаугершілік, соғыс, қыр-
ғын кезеңінде өткендіктен және қолына қару алып өзі де соған араласқандық-
тан дастан-жырларында ерлікті, батырлықты жырлайды, бірлікке шақырады. 
Оның дастандарының өзі(ел аузында қалған) – кесек-кесек шығарма, үлкен-
үлкен мұра. Олар «Елім-ай», «Ер Көкше», «Ер Есім», «Ер Сырым», «Ер 
Қасым», «Ер Қосай», «Ер Жәнібек», «Бөгенбай», «Қабанбай», «Орақ ба-
тыр», «Ер Едіге», «Қойлыбай көреген», «Қорқыт баба», «Әмір Темір», «Айша –
Жанша», «Соқыр абыз», «Баба тіл», «Ататек», т.б. дастандары, «Ақсуат», 
«Ғасыр жас», «Дүние», «Жігіттік» сияқты толғаулары, «Қарғыс атқан қал-
мақ-ай», «Шоңғал тас», «Сылаң сыр», «Балқан тау», «Қазақ пен ноғайдың 

155
Қожаберген жырау – 350
қоштасуы» атты өлеңдері, өзі шығарған «Дабыл», «Аңырақай», «Бозайғыр» 
«Күлдірмамай», «Сұлама» күйлері еді. «Күлдірмамай» күйі өзі қолынан жа-
сап шығарған білтелі мылтығына арналып шығарылған екен. Сайып келгенде 
жыраудың дастандары да, толғаулары да, өлеңдері де, әндері мен күйлері де 
күрес, майдан, ерлік пей батырлық, сатқындық, қайғы-қасірет жайында болып 
отырады.
Қожаберген жыраудың шығармашылығы туралы Бұқар жырау өзінің 
«Ұстазыма» деген елеңінде былай дейді: 
Шаңқобызын Қожа-екең 
Жосаменен сырлаған.
Елім-айдай қиссасын 
Қан майданда жырлаған.
«Елім-ай» деп ат қойған
Ән мен күйін шығарған. 
Жұрттың мұңын ұғасың
Тыңдағанда солардан.
«Ер Көкше» мен «Ер Қосай»
Ұстазымның жыры еді. 
Қозғағаны сардардың
Халайықтың мұңы еді.
«Елім-ай» дастанының шығу тарихы жөнінде бірер сөз айтуға болады. Ұлы 
қырғын болатын (1723) жылы Кожаберген отбасын алып, қайын жұртына бара-
ды. Қайын атасы Қабылан бидің үйінде (кіші жүз алшын) жаз бойы аунап-қунап 
қонақтап жатады. Сыр бойы, бүгінгі Қызылорда облысы болатын. Күз айының 
бірінде қалмақтардың тағы бір сұрапыл шабулы басталып кетеді. Бұл жоңғар 
қалмақтарына қосылып шапқан Еділ қалмақтары болатын. Тыныш жатқан 
қазақ елін кенеттен шабуылдаған қалмақтар қоршап алып, елді қыра бастайды. 
Қоршауда Қожаберген жырау да қалып қояды. Бұл жыраудың алпыстың асу-
ына келіп қалған кезі болатын. «Елім-ай» дастанының да басталуы осы кез еді.
Ызғарлы күн шығыстан жел келеді, 
Шұбырған Алтай жақтан ел келеді.
Еділге «Убашы» қалмақ тағы шапты, 
Зор бөгет тас маңдайға кез келеді.

156
        Қожаберген жырау – 350
Осылай екі жақтан тиді қалмақ, 
Ғаскерін күн-түн демей жиды қалмақ. 
Қазаққа екі беттей шабуылдап, 
Түсірді бейбіт елге ауыр салмақ.
Бастарын Қаратаудың мұнар жапқан, 
Сылдырап Сырдың суы сылаң қаққан. 
Жүргенде момын халқым көшіп-қонып, 
Кенеттен қалмақ құрды қанды қақпан, – 
дейді.
«Елім-ай» дастанының алғашқы шұмақтарында. Жан ұшырып, әуре-сарсең 
болып жатқан кезде Қазыбек, Әйтеке, т.б. билерге, палуандарға, батырларға 
арналған үндеу-шумақтары, сол кездегі кіші жүз ханы Әбілқайырға ызасы бы-
лайша суреттеледі:
Қамданған жасақ жиын тігіп шатыр, 
Қолбасшы Әбілхайыр қайда жатыр?
Көп тостық Әбілхайыр келеді деп,
Тосыннан жауға соққы береді деп. 
Алайда негізгі қол көрінбейді, 
Қорықтық халық түгел өледі деп.
Осы соғыста Қожаберген жыраудың көптеген туыстары, балалары қаза та-
бады. Өзі қоршаудан құтылып шығып, жасының егделігіне қарамастан жауға 
қарсы күресін тоқтатпайды, жырларын жалғастырып жаза береді. 
Айша бәйбішеден он төрт ұл, бір қыз туады. Бірақ Айша Қожабергеннен 
бұрын қайтыс болады. Кәрілік өнінде Қожаберген былай дейді: 
...Орта жас – ол да мені тастап кетті, 
Кәрілік Қожекеңе келіп жетті. 
Ту ұстап тұлпар мінген қайран күнім, 
Бір күнгідей болмай-ақ өтіп кетті. 
1763 жылы тоқсан тоғыздан жүзге қараған шағында Қожаберген жырау 
туған жері Гүлтөбеде дүние салады. «Толыбай сыншы қорымында» жерленеді. 
Бір жылдан кейін (1764 ж.) туыстары Қожаберген бабасына арнап ас береді. 

157
Қожаберген жырау – 350
Ол асқа Абылай хан, Бұқар жырау, Бөгенбай, Қабанбай батырлар, түрлі жыра-
улар, ақын, серілер қатысады.
Қожаберген жырау өзінің туған тегін былайша атап кетеді:
Көрші елге батырлықпен даңқы кеткен,
Сібірдің батыс жағын мекен еткен.
Керейде Толыбай сыншы кіші ұлы едім,
Жырларым қазақ жұртын елжіреткен.
Орта жүз арғындағы асыл тектен, 
Анамның шыққан заты сүйіндіктен. 
Жиырма ұлдың көкжал туған кенжесі едім, 
Тұңғыш қыз Айдаболдың Ақбілектен. 
«Елім-ай» – ұзақ дастан. Өйткені онда Қожаберген жыраудың ұзақ өмірі, 
соған байланысты тарихи кезең, ұзаққа созылған қазақ-қалмақ соғысы жайында 
жазылған бүкіл дәуір дастаны бар. Қазақ жерінің төрт бұрышын түгел қамтыған 
бұл соғыс ешқашан ұмытылмақ емес. Ендеше бұл дастан ұрпақтан-ұрпаққа, 
ауыздан-ауызға тарап жалғаса бермек.
 Зар заманда туған «Елім-ай» дастаны – жалғыз Қожабергеннің көңіл-
күйінен ғана туған туынды емес, ол бүкіл халқымыздың қайғы-қасіретінен, 
мұңлы-зарынан туындаған тарихи шығарма.
Бұл шығарманы оқып отырсаң, Қожаберген жыраудың ата-тегі, үрім-бұтағы, 
өскен ортасы, отбасы, халықтың әлеуметтік жайы, қалмақ-қазақ соғысы, бүкіл 
тарихи дәуір поэзиямен суреттеледі. Әрі ақын, әрі шежіреші Мәшһүр Жүсіп 
Көпейұлы былай дейді:
Қолбасы, ақын, жырау һәм елші-би, 
Шығарған «Елім-айдай» тамаша күй.
«Елім-ай» әні менен жырын тағы 
Шығарған Қожаберген бабаңды сүй.
Жазу мәдениеті ол кезеңде дамымаса да, ауыз әдебиеті әбден дамыған қазақ 
жерінде Қожаберген жырау бізге қандай күйде жетті деген сұрақ туары сөзсіз. 
Кейбір деректерде Қожаберген мұрасы (өлеңдері) алғашында былғары тері ге 
жазылған. Ол жазуларды Қожабергеннің немере інісі Дәстем сал Асқапұлы 

158
        Қожаберген жырау – 350
Көшек деген кісіге табыс етеді. Одан соң бұл еңбек Сегіз серінің атасы Шақ-
шақтың қолына түседі. Шақшақ бұл жазуды Сексен деген ұлына береді. 
Төңкеріске (революцияға) дейін бұл мұраны Қожабергеннің ұрпағы Боранбай 
деген кісі сақтайды. Ал 1917 жылы шаш ал десе, бас алатын қызыл әскер офицері 
Досай деген кісі Қожабергеннің қолжазба еңбектерін және музакалық аспап-
тарын отқа жағып жібереді. Одан кейін жырау және Сегіз сері ұрпақтарының 
жазып алған дүниелері де жоғалып кетеді. Сөйтіп XX ғасырдың ішінде бар 
дүниелер жоғалып, асыл мұралар ізсіз кететін күйге ұшырайды.
Бірақ халық аузында сақталған дүниелер жоғалып кетуі мүмкін емес. Әйтеуір 
әр түрлі нұсқалармен бізге жеткендері де бар. Оларды жеткізген әнші, ақын-
жыраулар, шежіреші-зерттеушілер.
Қожабергенді ХІХ ғасырда зерттеп, жазып, оның дәрежесін көтеру мақса-
тын қойған ағым болды деп айту қиын. Тек ел аузындағы жаттанды-өлеңдері, 
одан кейінгі Ы. Алтынсарин мен Сегіз серінің және басқа ақын-жыраулардың 
айтып кеткендеріне сүйенуге тура келеді.
ХХ ғасырда С. Торайғыров, С. Сейфуллин, одан кейін Б. Майлин, 
І. Жансүгіров, Ғ. Мүсірепов, І. Омаров сияқты абзал ардақты азаматтар 
Қожабергенді зерттеуге шын кіріскен. Бірақ оған тарихи-қоғамдық, саяси 
өзгерістер кедергі болғаны да белгілі.
Қожаберген жыраудың мұраларын тиянақтап, жүйелі жұмыс жүргізген 
жазушы Нәбиден Әбутәлиевтің еңбегін ерекше атаған жөн. Ол көптеген 
ма қалаларымен қоса «Ордабасы Қожаберген» деген жинағын (1995 ж.) 
шығарды.
Соңғы 10-15 жыл ішінде Қожабергенді елге таныстыру жөнінде еңбек етіп 
жүрген белгілі азаматтар: академик Манаш Қозыбаев, Шаймұрат Смағұлов 
(э.ғ.д.) Темірхан Тебегенов (ф.ғ.к.), жазушы Ожан Қали, этнолог Жағда 
Бабалықов, фольклоршы-зерттеушілер Қаратай Биғожин, Әскер Кенжеғозыұлы, 
Амантай Барлықпаев, Шайхыуәли Нұрғожаұлы (зейнеткер, мұғалім), Мәдина 
Дастанова (мұғалім), т.б. Олар Қожаберген жырау туралы тарихи деректер 
жинап, ірі-ірі мақалаларымен көрініп жүр. Әсіресе, Мәдина Дастанованың 
құрастыруымен шыққан «Елім-ай» атты кітабы солтүстікқазақстандықтардың 
көңілінен шықты. Әттең, кітап аз данамен басылды. Сондықтан көпшіліктің 
сұранысын қанағаттандыра алмады.
Қожаберген жырау дәуірінен есептесек үш ғасырдай уақыт өтіпті. Бұл кездегі 
тұрмыс, салт-сана, мәдени дәреже ол кездегімен салыстырғанда әлдеқайда өсті, 
қай саланы айтсақ та дамыды. Сөз жоқ, жастар Қожаберген жырау сияқты 
ұлыларды білу керек, оқу керек. Олардың қолда бар мұраларын саяси, ғылыми, 

159
Қожаберген жырау – 350
тарихи, әдеби дәрежеде жеткізу ғалымдардың, зерттеушілердің, жазушылар-
дың, оқу саласы қызметкерлерінің ісі болмақ. Бұл жерде Қожаберген жыраудың 
өлеңдерін оқып беру, жаттап алу ғана емес. Сол шығармалардың философиялық 
мағынасы, сол кездегі тарихи кезең, елдің экономикалық жағдайы, соғыстың 
(себебі, әскері, әдісі, сауыт сайманы, қару-жарағы) қажетті және жеткілікті 
шарттары терең түсіндірілуі керек. Мемлекет болғаннан кейін оның шекарасы, 
халқы, байлығы, қалалары, сауда саттығы, қарым-қатынасы, өнеркәсібі, т.б. бо-
лады. Қожаберген жырау – ауыз әдебиетінің өкілі ғана емес, ол ірі қолбасшы, 
мемлекет қайраткері. Сондықтан оны алдағы айтқан дәрежеде танып, біліп, 
зерттеп, жастарға үйретуіміз керек. Бұл жөнінде Ұлттық ғылым академиясы 
бізге көмек жасайды деп сенеміз. Сонда ғана Қожаберген жырау оқу орында-
рында өз орынын табады.
1997 ж.

160
        Қожаберген жырау – 350

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет