1937–1938 жж. саяси репрессия бұрынғы КСРО-ғы жеке тұлғаларға қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргін шараларының ең шарықтаған кезеңі болады. Ол бірнеше факторлардың, əсіресе белгілі əлеуметтік-саяси топтардың, соның ішінде Б (б) КП-нің билік үшін күресінің нəтижесі болып табылады. Бұл күресте И.Сталиннің жеке билігін орнату барысында тек шынайы қарсыластарын ғана емес, бəсекелестерін, сталиндік режимнің қарсыластарын да жоюға бағытталған саясат негізгі роль атқарады.
Репрессияның басталу себептері
1937–1938 жж. репрессия науқанының күшеюіне 1936 жылғы 29 шілдедегі Б (б) КП ОК барлық партия ұйымдарына жіберген «сақтық пен жауды тани алмау» барысында жіберген қателіктер мен олқылықтарды тез арада жоюды талап еткен Жабық хаты ықпал етеді. Бұл құжатта контрреволюциялық жұмыстардың ұйымдастырушылары ретінде кезінде Қазақстанда жұмыс істеген И.Рейнгольд пен С.Мрачковскийдің аттары кездеседі. Аталған хат басқа одақтас республикалардан «халық жауларын» табу бойынша артта қалып жатқан Қазақ Өлкелік комитеті (əрі қарай — Қазөлкеком) басшыларының жұмыстарын жеделдетуге түрткі болады