Проблемы языкознания


Е. МЫРЗАХМЕТОВТІҢ «КӨГАЛДАЙДЫҢ КӨКШАҚПАҒЫ» РОМАНЫНДАҒЫ



Pdf көрінісі
бет28/40
Дата02.01.2017
өлшемі4,73 Mb.
#971
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   40

Е. МЫРЗАХМЕТОВТІҢ «КӨГАЛДАЙДЫҢ КӨКШАҚПАҒЫ» РОМАНЫНДАҒЫ 
ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ПЕН КӨРКЕМДІК  
ШЫНДЫҚТЫҢ АРАҚАТЫНАСЫ 
 
Мақалада  бүгінгі  әдеби  процестегі  мәселенің  бірі  тарихи  тұлғалардың  ғұмырының 
көркемдігі  әдеби  шығармаларда  бейнелену  жолдарын  меңгерудің  тәсілдерін  қарастыру 
болып  табылады.    Халықтың    өткені  көптеген  тарихи  романға  таусылмас  деректеме 
береді.  Ол  –  бүгінгі  тұстастарымыздың  түсінігі  мен  танымының  тарихи    қалыптасу 
сипатын  көрсететін  жәй.    Кеңестік  дәуірде    дүниеге  келген  тарихи  роман  бүгінгі  таңда 
өзгеше және байсалды, тереңірек үңілуді талап етеді.  
 
Тірек сөздер: тарихи факті, өмірдерек, проза, драма, зерттеу еңбектері, туынды. 
 
 
Әдебиет  –  өмір  шындығының  көркемөнердегі  айнасы  болғандықтан,  сол  дәуірдің 
тарихи-саяси  ақиқат  қалпы  әдеби  туындыларында  өз  көрінісін  тауып  жатты.  ХХ  ғасырдың 
20-шы  жылдарында  әдебиет  тарихын  сөз  еткен  алғашқы  М. Әуезов,  Х. Досмұхамедұлы 
еңбектері 
мен 
Ә. Бөкейханұлы, 
М. Жұмабаев, 
Ж. Аймауытұлы, 
Қ. Кемеңгерұлы, 

237 
 
М. Тынышбайұлы,  т.б.  мақалалары,  жазбаларында  ХІХ  ғасыр  әдебиеттің  тарихилығы 
принципінде, әдебиет дамуын халық тарихымен байланыста  қарастыра бастаған. 
Қаламгер  Естай  Мырзахметовтің  мол  мұрасын  саралауға  жылдар  жұмсалар,  бәлкім 
ғасырлар керек шығар. Бүгінгі біздің айтпағымыз – қазақ руханиятының туы мен топырағы, 
яғни  мақтанышы  мен  мектебі  болған  және  бола  да  беретін  Естай  Мырзахметұлының 
еңбектерін  бүгінгі  дамыды  деп  жүрген  ғылым,  білімімізбен  ұштастыру,  қазіргінің  қажетіне 
жарату.  Біздің  ойымызша,  саралы  болар  бұл  бағытта  тілтанушылар  мен  әдебиетшілер, 
тарихшылар,  саясаттанушылар  мен  мәдениеттанушы  ғалымдары  Естай  Мырзахметовтің 
мұрасын  игілікке  жарату  ісінде  атқарар    еңбектері  орасан  зор  деп  білеміз.  Әсіресе, 
әдебиетшілер  бұл  тарапта  Естай  Мырзахметовтің  көркем  әдебиет,  әдеби  аударма, 
журналистика  саласындағы  туындыларын,  оның  әдеби-теориялық  құнарлы  ойға,  бағалы 
ғылыми байламдарға толы публицистикалық мақалаларын қажетке жаратпай жүргендей әсер 
қалдырады.  
Ұлттық  әдебиетімізге  өзіндік  үнімен,  суреткерлік  қолтаңбасымен,  соны  ізденісімен 
жаңа  сипаттар  әкелген  қаламгерлер-жазушы  Естай  Мырзахметовтің  тарихи  роман  жанрына 
қалам тартуы әдебиеттану ғылымы үшін бір арнаның бастау көзіндей болып табылады.
 
Тарихи  роман  жанры  қазіргі  қазақ  әдебиетінде  өз  алдына  бір  жүйе  болып  қатар  түзе 
бастады. Әрбір дамыған халықтың көркем әдебиет саласында тарихи роман жанры бұрыннан 
қалыптасқан, методологиясы мен теориясы жетілген. 
Бүгінгі  әдеби  процестегі  мәселенің  бірі  тарихи  тұлғалардың  ғұмырының  көркемдігі 
әдеби  шығармаларда  бейнелену  жолдарын  меңгерудің  тәсілдерін  қарастыру  болып 
табылады.  Жеке  адам  концепциясы  -  өзекті,  басты,  ешқашан  сарқылмайтын  проблема. 
Адамның жан дүниесін танытудың қазіргі әдебиетте түрлі жолдары көркемдікпен игерілуде. 
Жазушыларымыздың  адамның  жан  дүниесін  диалектикалық  қайшылықтарымен  жеткізудің 
соны тәсілдерін табуға ұмтылуының сыры осында.  
 
Естай  Мырзахметовтің  «Көгалдайдың  көкшақпағы»  атты  тарихи  романына  арқау 
болған  тақырып  пен  идея,  характерлерді  талдай  отырып,  заман  шындығы  мен  көркем 
шындығының  арақатынасын  таразылау  үшін  тарихи  романдағы  автор  ұстанған 
шығармашылық  концепциялардың  ара  қатынасына  талдау  жүргізе  отырып,  автордың 
суреткерлік  қолтаңбасының  өзіне  тән  көркемдік  ерекшелігін  айқындап,  жазушы 
шығармасындағы  тарихи  тұлға  мен  тарихи  кезеңнің  өмірлік  шындық  пен  көркемдік 
шындыққа қатысын көрсетіп, өмірлік деректі көркемдік әдіс-тәсіл арқылы көркем шығармаға 
айналдыру  процесін  автордың  қалай  жүзеге  асырғанын  талдап,  шығармалардағы  өмірлік 
шындықтың  негізгі  кезеңдерін  сұрыптап  берудегі  суреткерлік  шеберліктерді  көркемдік 
таным тұрғысынан бағамдауды қажет деп білеміз. 
Жазушы  үшін  тарихи  фактілер,  болған оқиғалар,  тарихи  тұлғалар  алғашқы негіз  ғана. 
Ол  туралы  көркемдік  әдістерден,  шартты  түрде  суреттеу  тәсілдерінен  бой  тарта  отырып, 
өмірдің өзіндегідей етіп жазғанының өзіне  ол тарихта болғандағыдан өзгеше болып шығады. 
Ол тарихи шындықты қалпына келтіре отырып, оны көркем түрде қайта туғызады. 
 
Көркем  шығарма  қашанда  қалам  иесінің  өмір  тәжірибесімен  астасып  жатады.  Алтын 
бесік  туған  жердің  тау-тасын,  әр  шоқысын,  сай-саласын  автордың  бес  саусағындай  білетіні 
туындының поэтикалық әрін арттыру үстінде қазақ елінінің  тағдырына тікелей қатысты зор 
тарихи оқиғалардың шынайы суреттелуіне аз қолқабыс еткен жоқ. 
Филология  ғылымдарының  докторы,  профессор  Құныпия  Алпысбаевтың  айтуынша: 
«Халықтың    өткені  көптеген  тарихи  романға  таусылмас  деректеме  береді.  Ол  –  бүгінгі 
тұстастарымыздың  түсінігі  мен  танымының  тарихи    қалыптасу  сипатын  көрсететін  жәй.  
Кеңестік  дәуірде    дүниеге  келген  тарихи  роман  бүгінгі  таңда  өзгеше  және  байсалды, 
тереңірек  үңілуді  талап  етеді.  Ол  бабалар  тұлғасынан  пайымдап,  ұмытылмас  бейнесін, 
лайықты  ерлік  істерін  –  салыстыруға  мүмкіндік  береді,  қазіргі  және  болашақ  ұрпақтарды 
тәрбиелеу  үшін  қызмет  етіп  өмір  сүреді.  Тарихи  тақырыпты  игерудегі  көркемдік  сипаттың 
бірі де осы»[1, 49]. 

238 
 
 
Әдеби теориялық және эстетикалық бағының даму барысында қалыптасқан теориялық 
категориялар    көркем  қиял  және  көркемдік  болжам  өнердің  әр  дәуірдегі  даму  процесінде 
күшті өзгерістерге түсетін құбылыс екені белгілі. Өнертанушы мамандардың айтуынша, қиял 
–  суреткердің  шынайы  (реальды)  шындықты  дәл  өмірдегідей,  өмірді  қаз-қалпында 
суреттеуден  ауытқу  құралы.  Ал  болжам   - тарихи  шындықты  көп  әсерлемей,  негізін  сақтай 
отырып суреттеу тәсілі. 
 
Әдебиет жайлы айтылған пікірлердің тарихына көз салсақ, сонау қайта өрлеу кезеңінен 
бастап,  өнер  танушылардың  әлемдік  өкілдерінің  пайымдауынша  көркем  образ  жасаудың 
бірден-бір  тәсілі  –  сол  қиял.   Бұл орайда  тарихи  романдардың  дүниеге  келуіне  байланысты 
көркем  қиял  мен  болжам  жөнінде  арнайы  әңгіме  ету  –  уақыттың  еңшісінде.  Ол  жөнінде 
пікірталастар әлі күнге толастаған емес. Дүниеге келген әрбір нағыз көркем шығарма өзінше 
әлем,  әрі  суреткер  көркем  қиял  мен  болжамды  пайдаланудың  өзінше  үлгісін  жасамақ. 
Осыған  байланысты  әр  шығарма  жөнінде  сөз  еткен  кезде  зерттеушілер  өзінше  жаңа  бір 
әлемге  кез  болып,  жаңа  ойлар  айтады,  тың  тұжырымдар  қорытады.  Мұны  тарихи  роман 
жөніндегі  зерттеулердің  байыпталарына  көз  салғанда  байқауға  болады.  Яғни,  оларда 
шығармадағы  көркем  қиял  мен  тарихы  шындықтың  арақатынасы  мәселесіне  ылғи  да  назар 
аударылып отырады.  Тарихи шындықтың іргетасы, құрылыс  материалы – ең әуелі факт.  
Көркем шындық дегеніміз эстетикалық жолмен игерілген өмір шындығы.  Бейнелемек 
дәуір шындығының фактілерін, құбылыстарының ең  маңыздысын, елеулі сипаттарн іріктей 
отырып,  өткен  заман  шындығының  көркемдік  шешімін  табуға  керек.  Ал  ондай  шешім  
дәуірдің  ерекшеліктерін,  әр  жақ,  бер  жағын,  елдің  ішкі-тысқы  үдістерінің  заңдылықтарын 
жете  ұғынудан  бас  алады  яни  тарихилық  принциптен.  Тарихилық    -  күрделі  ұғым.  Көркем 
шығармада  бұл  –  суреткердің  тарих  заңдарын,  ағымын  қаншалықты  терең  түйсінуінің 
таразысы,  құбылыстардың  мазмұнын  елдің  кешегі,  бүгінгі  мен  болашағы  тұрғысынан  аша 
білудің дәрежесі, өлшемі деп білеміз. 
Жазушы сурет нысанасына алған тарихи кезеңді жетік біледі, бұрынғы өмірдің бүгінге 
өмірімізге  пайдалы,  залалды  жақтарын  кейіпкерлерінің  сан    түрлі  харекеттерін  суреттеу 
барысында әсерлі де айшықты көрсетіп отырады. 
Бұл  жетістігі  аспаннан  түсе  қалған  жоқ.  Ол  ізденудің  ұзақ  жолынан  өтті.  Тарихи 
мағлұматтарды, деректерді жинап теру бейнетімен қатар мемлекеттік мұрағаттардан, тарихи 
институттардан, республикалық кітапханалардан тапқан ұлан-асыр материалдарды дұрыстап 
екшеп қорытудың нәтижесінен пайда болған дүние. Тарихи шындық пен көркемдік шындық 
арақатынасынан туындайтын ақиқат. Фактілерге, табылған материалға жан бітірудің сыннан 
өткен  әдеби  тәсілдердің  бірі  –  ойдан  қосу.  Белгілі  тарихи  фактіні,  оқиғаны  я  болмаса 
кейіпкер  әрекетін  басынан  аяғына  дейін  тәптіштей  бергеннен  гөрі,  ойдан  қосу  тәсілімен 
жасалған ұтымды деталь, лепті суретке жететін нәрсе жоқ. 
Көркем  қиял  –  дүниені  өнерде,  өнер  әлемінде  бейнелі  түрде  танудың  өзіндік  құралы. 
Шығарма жазуда жазушы өзінің творчестволық қиялында жүйелі образ туғызуды, содан  соң 
барып  оны  көркем  бейнелеуге  қажетті  тәсілді  таңдайды.  Айталық  жазушы  өзінің 
шығармасына  өмірде  нақты  болған  тарихи  тұлғаны  кейіпкер  етіп  алып,  жазып  отырған 
күннің  өзінде,  сол  тарихи  адамның  сипатын  шығармаға  өмірде  болған  күйде  көшірмейді, 
оның  басты  қасиеттері,  өміріндегі  үлкен  әрекеттерін  негіз  ете  отырып,  өз  прототипін 
көркемдік  құралдың  құзырына  бағындырып, жаңа  әдеби  тұлға  жасайды.  Көркемдік  болжам 
тарихи шығарма табиғатына етене жақын, алайда, көбіне құжаттық шығармаларға тән болып 
келеді.  Бұл  категориялар  жайында  белгілі  әдебиетші  А.П. Александрова  өз  ойын  былайша 
білдіреді: «Көркем қиял шығармаға тарихта болмаған жеке эпизодтар мен кейіпкерлердің іс-
қимылы  арқылы  енеді,  сонымен  қатар  романның  құрылымы,  оның  образдарының  жүйесі 
типтендірудің мәні объективті шындықтың субъективті бейнесін жасауға бағынады. Көркем 
қиял  жазушының  шығармашылық  қиялының  негізінде  жатыр,  мұнда  көркем  болжам  бар 
және  соңымен  қоса  жалған  әлемнің  мәнін  айқындауға  бағынады.  Автордың  реалды 
шындықтың  кейбір  фактілерден  ауытқуы  (олар  жайлы  сөз  қозғамау,    жанама  фактілерді 
суреттеуде  хронологиялық  тізбекті  өзгерту  т.б.)  бұл  тарихи  кейіпкердің  мінезіндегі  кейбір 

239 
 
қырларын  күшейту,  не  бәсеңсіту,  тарихи  құжатқа  шығармашылық  жағынан  жақындау  – 
мұның бәрін көркем болжам деуімізге болады»[2, 33].  
Тарихи    романдар  тәжірибесінде  құжаттарды  пайдаланудың  екі  тәсілін  айырықша 
айтуға  болады.  Бірінші  тәсілде  құжаттық  факті  композициясы  элементіне  айналып, 
суреттеліп отырған дәуірдің кең картинасын бедерлеуге қызмет етеді. Тарихи романды басқа 
құжатқа  негізделген  басқа  өнер  шығармаларынан,  сондай-ақ  ғылыми  еңбектерден 
ерекшелейтін тәсіл де осы болып табылады. Екінші тәсілде де құжат таза күйінде немесе сәл 
көркем  қорытылып  шығармаға  енгізіледі  де  композиция  элементі  ретінде  қызмет  атқарады. 
Осы  тұрғыдан  келгенде  көркем  шығармаларға  пайдаланған  тарихи  деректер  мен  қаламгер 
қиялы  арқылы  өзгеріске  түсіріп  немесе  жетілдірген  көркемдік  шеберліктің  жігін  ажырату 
әдебиеттану  ғылымындағы  өзекті  мәселенің  бірі  болып  табылады.  Тарихи  шығармадағы 
тарихилық  пен  көркемдіктің  арақатынасын  пайымдау,  ол  –  жазушының  шеберлік  қырын 
ашу. 
Естай  Мырзахметов  тарихи  романында  белгілі  бір  тарихи  кезең  яғни  1916  жылғы 
көтерілісті толық қамтыған.  
Сондай-ақ  Балуан  Шолақтың  балуандығы  мен  өмірі  туралы  қазақтың  академик 
жазушысы  Сәбит  Мұқанов,  зерттеуші  Дәулет  Қасымжанов,  жазушы  Жайық  Бектұровтар 
Балуан  Шолақ  туралы  жақсы  деректер  береді.  Бұл  кісілердің  зерттеулері  де  құндылығымен 
адамды сүйсіндіреді және тарихи шығарма жазуда ерекше рөл атқарады.  
Жазушы-зерттеуші  Естай  Мырзахметовтың  болашақ  зерттеулерге  түрткі  боларлықтай 
құнды деректер жазып қалдырғанын есте ұстауымыз керек. Оның айтуынша, Балуан Шолақ 
туып-өскен «елдің бұрынғы жайлауы Айқайқабақ, Үйжығылған сықылды кең даланы», «осы 
күнгі  Ақмола  облысының  Астрахан,  Мариевка  (Амантай),  Журавлевка  (Қылыш),  Макинка 
(Бұланды  қарағайы)  аймағын  басып,  Бурабайға  өтетін  тас  жол,  темір  жол  бойындағы 
бұрынғы  қазақ  елінің  шұрайлы  қонысы»,  күллі  «әдемі  жерлерді»  келімсектер  иемденген. 
Үкімет  тартып  алған  бұл  жерлерге  қоса,  қолдағы  біразын  –  «Қайрақты,  Мат  өзендерінің, 
Қандықарағай,  Ақсу,  Айдабол  жайлауларының  кең  өрісін»  жергілікті  қазақ  алпауыттары 
«патша  әкімдеріне,  орыстың  кулактарына  ...сатқан».  Мұндай   әрекеттерге  Балуан  Шолақ 
наразы  болып,  отаршылдарға  қарсы  күрескен.  1916  жылғы  қазақ  ұлт-азаттық  көтерілісінің 
Көкше өңірінде кең өрістеуіне осы жәйт мықты тірек болды деп есептейді қаламгер. Балуан 
Шолақ туып-өскен Көкше өңіріне – қазіргі Ақмола облысының Бұланды ауданына – іргелес 
жатқан  Ақкөл  ауданындағы  Моншақты,  Салқынкөл  деген  жерлерде  орын  алған  
қозғалыстардың, сонау Салқынкөл көтерілісінің табиғаты мен туу себептерін, сондай-ақ оған 
қатысушыларды,  әсіресе,  Естай  Мырзахметов  зерттеу-мақаласында  жазғандай,  Балуан 
Шолақтың  көтеріліске  тигізуі  ықтимал  ықпалын   анықтаңқырап,  терең  қарастыру  қажет-ақ. 
Патшаның  тақтан  құлауы,  одан  кеңес  өкіметінің  орнауы  Балуан  Шолақтың  бұл  орайдағы 
белсенділігін  арттыра  түсті.  Рас,  оның  революция  мұраттарын  қолдағаны  жайында 
жалпылама  түрде  айтылады,  соны  нақты  деректермен  толықтыру  мәселесі  зерттеушісін 
тосып  тұрғандай.  Одан  кейінгі  төңкеріс  жылдарында  орын  алған  оқиғаларды,  Алашорда, 
кеңес  өкіметі  кезіндегі  ахуалды  саралау,  сондай  зерттеулер  негізінде  күрескер  әнші-сазгер-
палуан өмірінің соңғы сәттерін жаңғырту орынды болмақ. 
Ал,  Сәбит  Мұқанов  «Балуан  Шолақ»  туындысында  осы  жайтқа  ұқсас көрініс 
беріледі. Халыққа  ауыр  тиген  реакцияшыл  саясаттың  бірі  –  жер аударылған  орыс 
келімсектеріне  қазақтың құнарлы жерінің зорлықпен алып берілуі еді. Жер мәселесі XIX 
ғасырдың  аяғы  мен XX  ғасыр  басында  қазақ  халқы  үшін  ең  бір  ауыр,  жанға  тиген, 
арға салмақ салған әлеуметтік теңсіздік мәселелерінің бірі ретінде көрінгені мәлім. Ел үшін 
аса бір ауыр жағдайға айналған бұл мәселе – XIX ғасырдың өзінде  «Түркістан  уәлаятының 
газеті»,  «Дала уәлаятының  газеті»  беттерінде  кейде  бүркемеленіп,  кейде  ашық көрініп 
отырды. Сонымен қатар бұл мәселе XX ғасыр басында «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті 
тарапынан  халықтың  «жан  айқайы»  ретінде  жеткізіліп  жазылғаны  тағы  да  белгілі.  Расында, 
бұл кезең  қазақтың  өз жеріне  өзі  ие  бола  алмай  қалған,  содан  да мейлінше қорланған сәті. 
Қазақ халқы  үшін  әлеуметтік  теңсіздіктің асқан  көрінісі  болған  бұл  мәселе  жөнінде,  кезінде 

240 
 
жер  проблемасын елдік  проблемамен  сабақтастыра  көтеріп,  көкейкесті  ойлар  айтқан Телжан 
Шонанұлы  мынадай  пікір  тербеген  болатын:  «Қазақ  жерінің отарлануын  және  қазақ 
даласының талануын тарихи мақсатына, уақытына, отарлаған еліне қарай екіге бөлуге болады. 
Әуелгі дәуір орысқа бағынғаннан бастап XIX ғасырдың 80 жылдарының басына дейін. Бұл –
 атты  қазақтардың  пайдасына,  әскерлік  кісілердің  пайдасына  деп  жер  алу  дәуірі.  Екінші 
дәуір – өткен  ғасырдың  80 жылдарының  аяғынан  патшашыл  өкімет  құлағанға  дейінгі 
дәуір. Бұл  қара  шекпендер  үшін  жер  алу  дәуірі»[3,  75].  Ел  билеген  би-болыстар  патша 
әкімдерімен  бір  болып, кедейлердегі  шұрайлы,  құнарлы  жерлерді  көшіп  келгендерге 
беріп, жергілікті  халық  тіршілікке  қолайсыз,  құнарсыз  аймаққа ығыстырылды.  Осы 
жайларды көзбен көріп, біліп өскен Сәбит Мұқанов кейін жазушы болып қалыптасқанда өз 
шығармаларында оны  айтпай,  үндемей  қала  алмады.  Өзінің  «Өмір  мектебі»  мемуарлық  
шығармасында да, «Балуан Шолақ» романында да жер, «переселен» мәселелерін қайта-қайта 
оралып  суреттейтін  себебі  де  осыдан. Жоғарыда  келтірілген  эпизодтардан  байқалғандай,  ол 
шындық мемуарлық  шығармада  көзбен  көрген  оқиға  ретінде  сипатталса,  ғұмырнамалық 
туындысында  кейіпкерлер  арасындағы  тартысты өрістетін  әлеуметтік  теңсіздік  оқиғасы 
ретінде 
суреттеледі. Айтылған 
жайларды 
«Балуан 
Шолақ» 
шығармасының 
жазылу 
тарихы тұрғысынан  қарасақ,  бұл  жерде  жазушы  бала  жасында  көрген, естіген-білген 
өмір  оқиғаларын  көркем  шығармада  кейіпкерді тұлғалайтын  жинақталған  көркемдік 
шындық  ретінде пайдаланғанына  көз  жеткіземіз. Еліміз  тәуелсіздік  алған  кезеңге  дейінгі 
тарихи  туындылар  мен  ғылыми-зерттеу  еңбектерінде  Қазақ  елінің  Ресейге  қосылуы, 
орыс шаруаларының  Ресейден  көшіріліп  келіп  қоныстандырылуы прогресшіл  маңызды 
роль атқарды деп насихатталып келген болатын.  
Сөз  зергері  Естай  Мырзахметов   – өмірдің  қат-қабат  шындығын  көркем  шығарма 
өзегіне  айналдырған  жазушы. Тақырыпты  ашуға автор  үлкен  дайындықпен  келгендігін,  ел 
аузындағы  әңгіме,  естелік материалдарды  зерттегенін  байқатады.  «Балуан  Шолақ» –
 әлеуметтік  астарлы  шығарма.  Балуан  Шолақ  өміріне  қатысты  оқиға деректерін  суреттей 
отырып, сол дәуірдегі қоғамдық жағдайлардың шындығын ашқан. 
Балуан  Шолақ  1919  жылы  наурыз  айының  орта  шенінде  қайтыс  болған.  Жағдайды 
нақты  білетін  кісілердің  естеліктеріне  сүйене  отырып,  Естай  Мырзахметов  осындай 
қорытынды  жасайды.  Ақпан  айының  соңына  қарай  Балуан  Шолақ  кіші  ұлы  Құдайбергенді 
ертіп  Атбасар  жағындағы  құдаларына  қарай  шығады.  Алайда  межелі  жерге  жетпестен  кері 
оралуға  бел  буады.  Қайран  қалған  баласына  мұнысының  себебін  түсінде  «Аққошқарының 
аян  бергенімен»  түсіндіреді.  Тездетіп  қайтпаса  болмайтынын,   «ажал  шіркіннің  соңына 
түскеніне үш жылға айналғанын», содан,  «ақыры, міне, қуып жеткенін» айтады. Үйге келген 
соң «ішінің жанып әкетіп баратқанын» айтып, төсек тартып біраз жатады. Сосын бәйбішесі 
Қаныкей  мен  ағасы  Төлеубайды  оңашалап  қасына  алады  да,  сырын  ашады  және  ақтық 
аманатын  естіртіп,  «Барамын  алыс  сапар  қайтып  келмес...  Тұрыңдар  дұға  қылып,  құрбы-
құрдас!»  деп  келетін  ел-жұртына  арнаған  қоштасу  өлеңін  айтады.  Бірер  күнде  көз  жұмады. 
Бәйбішесі,  ағасы  және  Сабыр  қажы  батырдың  «өсиетін  айтқанындай  орындайды».   Ақтық 
аманатының  мазмұны  бертінге   дейін  белгісіз  болып  келген.  «Ерінің  өмірден  өту  құпиясын 
Қаныкей  бәйбіше  қырық  құлыптың  астына  сап  аса  берік  сақтаған,  жат  тұрмақ  өзінің  қара 
құрсағын  қақ  жарып  шыққан  Исажары  мен  Құдайбергеніне,  жан  дегенде  жалғыз  қызы 
Бәтеніне  де  ашпаған  күйі,  1948  жылы  өзімен  бірге  қара  жер  қойнына  ала  түседі»,  –  дейді 
Естай Мырзахметов[4, 160]. 
Балуан  Шолақ  туралы  жазған  көптеген  жазушы-зерттеушілердің  тарихи  ғылыми 
еңбектерін бір-бірімен салыстыра отырып оқыған кісі өмірде болған жайдың шындығы мен 
қоспасын  айырып,  тарихи  шындықтың  көркем  шындыққа  қалай  айналғанына  көз  жеткізері 
анық. Тарихи шындық пен көркемдік шындықтың ара қатынасы қаншалықты маңызды болса 
да,  бұл  жерде  шындық  жазушы  шеберлігі  мен  шығармашылық  қарымы  ғана  емес,  белгілі 
уақыттағы мүмкіншілігіне де тікелей байланысты.  
Естай  Мырзахметов  «Балуан  Шолақ»  туындысына  түрткі  болар  әсерді  көбіне 
санасында  сақталған  естеліктер  негізінде  тапқан.  Балуан  Шолақ – болашақ  жазушы 

241 
 
көңілінде  айырықша  әсер қалдырған  тұлға.  Естай  Мырзахметов  жас  шағынан  Арқаның 
атақты  өнер иелері  Ақан  сері,  Балуан  Шолақ,  Үкілі  Ыбырай сынды  сал-серілер  өнері 
туралы  көптеген  зерттеу  мақалаларын  жарыққа  шығарды.  Аталмыш  мақалаларда 
мәліметтердің  деректік  маңызы  бар.  Классик  жазушы  А.М.  Горький  былай  деп  жазады: 
«Көркем шығарма  өмір шындығынан туады. Бірақ тіршілік бетінде шашырап жатқан құбылыс 
өздігінен  тізіліп  бас  құрамайды.  Әдебиеттің  қадірлі  мүлкі саналатын  туындылар  өмір 
байланыстарын  жан-жақты  зерттеудің, жеке  адамдар  тағдырын  үлкен  қоғамдық  даму 
заңцылықтарымен ұштастырудың  нәтижесінде  ғана  пайда  болады.  Бұл  мәселенің сыртқы, 
обьективті  жағы  болса,  болмыстық  факторларын  біріктіріп, оларға  қан  жүргізетін,  ерекше 
қуаттандыратын  нәрсе– суреткердің өз  басын  қатты  толқытқан  аңсар,  идея.  Көркем  туынды 
суреткер белгілі  бір  идеялармен  жалындап,  көкірегіне ұялаған  сырын  айтпауға  болмайтындай 
халге жеткенде ғана жазылуға тиіс»[5, 86]. 
Шындық  құбылыстарды  типтендіре  жинақтау  арқылы  жазушы болашақ  образдың  жалпы 
бітімін,  түлғасын  қалыптастырумен  қатар оның  ішкі  ерекшелігін  ашып,  мінезін  даралайды. 
Әрбір  әдеби тұлғаны өз ортасынан адам ретінде бөлек оқшау  танытып тұратын оның  тек  өзіне 
ғана  тән  өзгелерде  жоқ  ерекшеліктері  болуы  – заңдылық.  Суреткердің  өмір  шындығын 
жинақтау  әрекеті  әрқашан адам  мінезін  даралау  әрекетімен  ұштасады.  Қаламгер  Естай 
Мырзахметов  тарихи  тақырыпты өзіндік  игеріп,  өмірлік  деректі  өз  дүниетанымы 
тұрғысында  баяндап,  мұрат  тұтқан  образ  арқылы  көркем  шығарма  жазып, 
өз концепциясын  білдіреді. Қандай  жазушы  болсын  алған  тақырыбын  мұқият  зерттейді.  
Естай  Мырзахметов  та  «Балуан  Шолақ»  туындысын  жазуды  мақсат тұтқан  соң  өнерпаздың 
өмірі мен шығармашылығын терең зерттегені сөзсіз. Балуан Шолақ туралы көркем шығарма 
жазу 
үшін суреткер 
бұрыннан 
білетіндерін 
ізденіспен 
толықтырып, 
көп еңбектенген. «Балуан  Шолақ»  (1987  жылы  жарық  көрген)– тарихи  тұлғаның  өмірі 
қазақ халқының  тіршілігімен  сабақтастырыла  суреттелген  туынды.  Тарихи және  көркемдік 
шындық  арасындағы  ара  қатынасты  ескере  отырып тарихи  тұлғадан  қаһарман  бейнесін 
сомдау – әдеби 
процестегі ежелгі 
дәстүр. 
Көркем 
шығарманың 
негізгі 
арқауы –
қазақтың XIX ғасырдың  аяғы  мен XX ғасыр  басында  өмір  сүрген  асқақ  әншісі, ақыны, 
балуаны,  өнерпазы  Нұрмағамбет  Баймырзаұлының  өмір жолы. Балуан  Шолақ – сал-серілік 
дәстүрді  жалғастырып,  қазақтың  ұлттық  мәдениетінің  дамуына  өзіндік  үлес  қосқан  тарихи 
тұлға. Белгілі 
өнер 
зерттеушісі, 
профессор 
Ахмет 
Жұбановтың  
Балуан 
Шолақ жайлы зерттеулері  оқырманға  белгілі. Өнер  адамының  бейнесін  жасауда 
қаламгер 
үшін 
оның өмірбаяндық 
мәліметтерімен 
бірге 
өзі 
қалдырған 
әдеби 
мұраның маңызы  зор.   Естай  Мырзахметов  шығарманы  жазу  барысында  тарихи дерек 
ретінде  жиналған  естелік,  әңгімелермен  бірге  Балуан Шолақтың  өз  өлеңдеріне 
сүйенгені  белгілі.  Балуан  Шолақ шығармаларының  бір  ерекшелігі – өмір-тарихы,  шыққан 
тегі, 
өзінің табиғи 
бітімі, 
тұлғасы, 
мінез 
ерекшелігі 
өлеңдерінде 
көрініс 
тауып отыратындығында. Жазушы 
Балуан 
Шолақ 
өлеңдерін 
пайдаланғанда 
онда қамтылған  өмір  деректеріне  сүйене  отырып,  ол  шығарма  арқылы әдеби  тұлғаның 
эмоциялық  көңіл-күйін,  психологиясын  ашады. Суреткер-жазушы  батыр  балуанның 
бейнесін жасау  барысында негізгі тарихи мәні бар деректерді Балуан Шолақтың ән-өлеңдері 
өзінің  басынан  кешірген  оқиғаға,  сол дәуірдегі  әлеуметтік,  қоғамдық  жағдайға  байланысты 
туған. Естай  Мырзахметов – өмірлік  дерекке  аса  жауапты  қараған  жазушы.  Жинақтап  айтсақ, 
Балуан  Шолақ  ғұмырнамасы  Естай  Мырзахметов ойына  тақырып  ретінде  өмірдің  өзінен 
келген. Ал,  тақырыпты  көркем шығармаға 
айналдырып 
жазу 
жолында 
жазушы 
көптеген материалдар пайдаланған. Көркем шығарманың жаратылысына қарап отырып оны 
біз: 
1) 
ел 
аузындағы естеліктер, 
2) 
архивтік 
деректер, 
3) 
әнші-ақынның 
өлеңдеріндегі, әндеріндегі психологиялық сәттерге бойлау деп үш салаға жүйелей айтамыз.  
Демек,  жазушы  туындысының  негізгі  объектісінде  тарихи  тұлғаның  болуы  үлкен  міндет 
жүктейді  деген сөз. Басты  кейіпкердің  әрекетінен  автордың  да  үні  естіледі,  яғни  суреткер 
өзінің  азаматтық  позициясын  білдіреді.  Қаһарманның көңіл-күйі,  жүрек  соғысы  жазушы 
бітімімен  сабақтас.  Жазушының  «Балуан  Шолақ» туындысында  баяндалған  эпизодтық 

242 
 
оқиғалар,  кейіпкерлердің табиғи  болмысы  мемуар  деректерімен  байланысып  жатыр. 
Әйгілі  сазгер-композитор,  айтулы  ақын,    жел  көрік    әнші,  түкті  жүрек  батыр,  теңдесіз 
балуан,  құралайды  көзге  атқан  мерген,  ат  үсті  ойындарының  асқан  шебері,  ақ  сұңқар 
сипатты сері,  кеудесіне балтаның дүмімен немесе жарты пұттық гірдің тасымен ұрғызғанда 
дақ та түспейтін болат сүйек, білегінің бұлшық етін тісі қанжардай жігіттерге тістеткенде із 
де  қалмайтын  көк    құрыш,  қалшылдаған  қаңтардың  қан  жалаған  аязында  бәстесіп,  басына 
тымақ  кимей  Шортан  қаласынан  Қотыр  қаласына  дейін  жалаңбас  барғанында  тек  салт  
қамшының  сабымен  екі  құлағын  кезек-кезек  қағып-қағып  қойып  тарта  берген  ғажап  берік 
жаратылысын, қыран жанарлылығын, іңір қараңғылығында да кешкі ала кеугім шақтағыдай 
көретін  ғажайып  қасиетін  сырттағы  «тышқанның  тықырын»  сезіп  отыратын  әлемет 
сезімталдығын, басқа да санап тауысқысыз қасиеттерін айта берсек таусылмас. 
 «Қай  халықтың  да  бақталайына  туған  мақтаныш,  мерейі  болуға  лайық  осындай 
ғажайып  жанның  өмірінен  бүгінге  өсер  ұрпақ  үшін  көңілге  көлегейлі  жайлар  тым  көп. 
Айталық  Балуан  Шолақтың  ата-тегі  мен  туып  өскен  жері,  сондай-ақ  жоғарыда  айтып 
өткенімдей  оның өмірден өтуі  туралы қара орман халқымызға оншалықты аян емесі анық. 
Соның салдарынан көп жағдайда ақиқаттан алшақ кете сөйлейтін кезіміз жиі ұшырасады», - 
дейді Естай Мырзахметов. Мысалы, жазушы   академик Ахмет Жұбановтың былай жазыпты: 
«Хан тауын мекен еткен Ұлы жүздің Дулаттан тараған Сәмбет деген руы болған. Сол Сәмбет 
ішінде Баймырза деген кісіден Балуан Шолақ туады»[6, 38]. 
Қазақ  Совет  энциклопедиясынының  екінші  кітабында  Балуан  Шолаққа  қатысты 
берілген  дерекке  де  өзек  болған  және  де  бұл  күндері  әрікімдердің  аузынан  шығатын  осы 
сөзді  Ахмет  Жұбанов  кімнен  естіді?  Оған  кім  және  қалайша  айтты?  Ол  арасы  бізге 
беймағлұм. Ал бірақ соның өзі шындықтан ауылы тым-тым алыстау, жаңсақ айтылған сөзге 
жататыны өз көңілімізге кәміл. 
Сол  сияқты,  Сәбит  Мұқанов  «Балуан  Шолақ»  повесінде  де  ұлы  ұшқыр  қиялы 
қисынсыздан 
қиыстырған, 
сөйтіп 
мән-жайға 
қанықтығы 
кем 
былайғы 
жұртты 
жаңылыстырып, жадынан орныға орын алған да біраз кінәраттар баршылық. 
Шығармада  баяндалған  фактілерді  соған  сәйкес    құжаттармен,  тарихи  деректермен 
салыстыру  –  белгілі  дәрежеде  тарихи  шығармалардың  обьективт  негізін  негізін  ашуға 
мүмкіндік  беретін  сипат.  Алайда  ол  қыруар  еңбекті  қажет  ететін,  тарихи  деректі  образ 
әлеміне  айналдырудағы  жазушының  қиял  қарымын  байыптау,  оның  өзінің  айтайын  деген 
түпкі  ойына  бағындыру,  шеберлігін  айқындай  білуді  керек  ететін  нәрсе.  Бұл  орайда  әңгіме 
тарихи  шындықтың  көркемдік  шындыққа  айналудың  авторға  тән  ерекшелігін  саралауда 
болып  отыр. 
Естай  Мырзахметовтің  «Балуан  Шолақ»    шығармасындағы  суреттелетін  негізгі 
оқиғалар,  басты  қаһармандар  тарихта  болған,  белгілі  деректерде  сақталған.  Шығарма 
табиғатынан  бір  айқын    аңғарылатын  нәрсе, жазушы    шығарма  жазуға  үлкен  дайындықпен 
келгендігі. Яғни, ол әр кезеңдегі Балуан Шолақ туралы тарихи деректер мен мағлұматтарды 
мол  жинап,  ғалымдар  еңбектерін  барынша  оқып  танысқан,  саралаған,  тереңдей  зерттеген. 
Шығармада  Балуан  Шолақтың    «шолақ»  атануы,  мыңдағын  жарыс  күрестеріне  қатысқаны 
туралы  үзінділер  келтірілген.  Естай  Мырзахметов  ақтарған  тарихи  деректердің  оқырманға  
бірден белгілі болып, айқындалып тұрған   бөлігі осы болса керек. Шығармада жан толқытар 
сыршыл  ойлар  мен  жаңа  шындықтарға  көз  жеткіземіз.  Көркемдігі  келіскен,  өмір  мен  аңыз 
астасқан, тарихи өресі биік, шебер соғылған мүсін шығарма дер едік.  
Сонда  бұл  шығарманы  жазуға  қаламгер  құштарлығы  басым  болғаны  ғой.  Неге?  Бұл 
жай  дүние  емес.  Аспанымызда  сөнбес  сәуледей  болып  қалған,  аңыздағы  «Көгалдайдың 
көкшақпағының»  жарқылындай  халқымыздың  асыл  азаматтары  Балуан  Шолақ  пен  Сабыр 
Шәріпов  жайлы  сыр  сандық,  күтпеген,  аңғармаған  жай,  өткен  қиын-қыстау  кезеңнен 
беймәлім  бір  сыр  ақтарған.  Сабыр  Шәріповтің  Балуан  Шолақпен  жібі  қалайша  жалғасып 
жүр. Сол жай жазушы туындысының көркем желісін түзеген сияқты.  
Балуан  Шолақтың  өмір  жолы  Сәбит  Мұқановтан  бастап  Естай  Мырзахметов,    Әнес 
Сарай, Дулат Исабеков, Серік Тұрғынбеков, т.б. сөз шеберлерінің шығармашылығына арқау 

243 
 
болып,  олардың қаламынан туған прозалық, драмалық, поэзиялық туындылар жұртшылыққа 
қажет 
рухани 
азық 
қорын 
толықтыруда. 
Көптеген 
зерттеушілер, 
публицистер,  
балуаншолақтану  саласына  қызықты  ізденістерімен  өз  үлестерін  қосуда.  Дала  серісі, 
халқымыздың  мақтанышына  айналған  Балуан  Шолақтың  әншілік-ақындық  мұрасын 
насихаттау, оның қаһармандық бейнесіне мұқият назар аудару – баршамыздың парызымыз.  
 
Әдебиеттер тізімі 
1 Алпысбаев Қ. Көркем шығарманы талдау жолдары. Оқу құралы.1995 
2 Александрова А.П. Основы теории литературы. М., «Просвещение».1966 
3 Кәкішев Т. Дәуір дидары. А., «Жазушы». 1985 
4 Мырзахметов Е. «Көгалдайдың көкшақпағы». Көкшетау. 2008 
5 Лизунова Е.В.Современный казахский роман. А., АН ССР 1964 
6 Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. «Жазушы» 1975. 
 
В  данной  статье  раскрывается  важная  особенность  литературного  процесса  – 
раскрытие  действительности  и  правды  жизни  через  художественное  восприятие.  В 
произведениях  писателя  земляка  Е.Мырзахметова,  конкретно  в  повести  «Көгалдайдың 
көкшақпағы»  о  легендарном  батыре  казахского  народа    Балуан  Шолаке  (Нурмагамбет 
Баймурзин). 
 
The  artice  deals  with  an  important  feature  of  the  literary  process  –  disclosure  reality  and 
truth  of  life  through  artistic  perception  in  the  works  of  the  writer  countryman  E.Myrzahmetov, 
specifically in the story «Көгалдайдың көкшақпағы»  аbout the legendary beoples batur B.Sholak  
(Nurmaganbet Baymurzin) 
 
 
 
 
ӘОЖ 812.512.122.09 
Қ.Қ. Мәдібай, Г.Т. Оспанова 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 
Maryama70@mail.ru, Kapi-51@mail.ru 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет