Психикалық дамуы тежелген оқушыларды білім беру мекемесінде оқыту. Психикалық дамуы тежелген балаларды оқытудың негізгі міндеті оларды негізгі орта білім алуға қабілетті арнайы жағдаймен қамтамасыз ету болып табылады. Психикалық дамуының тежелу деңгейіне және жеке ерекшеліктеріне байланысты осы балаларды мектепте оқыту түрліше ұйымдастырылуы мүмкін. Конституционалды, психогенді, соматогенді шығу тегіндегі псхикалық дамуы тежелген балалар оларға осы санаттағы балаларды оқытудың әдісімен және психикалық даму ерекшеліктерімен таныс бастауыш сынып мұғалімдерінің жеке тәсілдері және мамандардың (логопед, психолог, арнайы педагог, дәрігер) психологиялық-педагогикалық қолдауы жағдайында жалпы білім беретін мектептің жай сыныптарында оқуы мүмкін болады.
Церебралды-органикалық шығу тегіндегі психикалық даму тежелісі көрсетілген балалар саралап оқыту жағдайына мұқтаж болады. Мінез-құлқында күрделі бұзылысы және психопатиялық реакциясы бар балалар үшін үйде оқыту ұйымдастырылады. Оқытуда қиындықтардың пайда болу себептерін дер кезінде анықтау және оларды оқыту мен тәрбиелеудің қажетті жағдайымен қамтамасыз ету маңызды. Психикалық дамуы тежелген оқушылардың мектепте шамадан тыс ұзақ уақыт болуы оны қажытып, мектепке бейімсізденуге алып келеді, тіпті эмоционалды ортаның қалыптасуына кері әсерін тигізеді, тұрақты үлгермеушілік пен мінез-құлқының бұзылуын өршітеді. Оқу әрекетін қалыптандыруда және оқытудағы қиыншылықтарды жеңуде оқушыларды ПМПК қорытындысы бойынша оқытудың кез келген кезеңінде арнайы сынып жағдайында білім беруді жалғастыру мүмкіндігі бар. Негізгі мектептердің арнайы сынып түлектері Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқуын жалғастыра алады. Психикалық дамуы тежелген оқушыларды дамыту ерекшеліктері, олардың мектептік оқуға дайындығының төмендігі оқу жоспарларын, бағдарламаларды түрлендіруді, оқу материалын қайта бөлуді және оны өту қарқынын өзгертуді қажет етеді. ПДТ көрінісінің жеңіл түрі анықталған оқушыларды оқыту стандарт талаптарына, үлгілік оқу жоспарларына, білім беру бағдарламаларына сәйкес іске асады. Оқу үрдісінде жалпы білім беру оқулықтары, сонымен қатар, арнайы әзірленген дидактикалық материалдар (жұмыс дәптерлері), АКТ және оқушылардың танымдық мүмкіндігі ескерілген т.б. материалдар қолданылады. Қарастырылып отырған санаттағы балалармен арнайы Жергілікті әкімшілік Білім беру ұйымы басшысы Педагогтар Ата-ана Ерекше оқушы 60 педагогикалық жұмыстың міндеттері оқуға жалпы қабілеттерін дамыту және дамуындағы жеке кемшіліктерді жеңу болып табылады. Балалар мультипәндік мамандар командасының: логопед, психолог, арнайы педагог көмегін қажет етеді. Оқытудың түзетушілік бағыттылығы сонымен қатар, сабақта оқу жоспарының барлық пәндері бойынша жаппай оқыту үрдісінде іске асады. Оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау үрдісінде мұғалім бала туралы психологиялық-педагогикалық қолдау командасынан алынған барлық мәліметтерді жалпылаушы және түсініктеме беруші, олармен тікелей жұмысты ұйымдастыратын интегратор рөлінде болады. Оқушыларды оқыту стратегиялары мен әдістерін таңдау оқушылардың танымдық қызметі мен жұмыс қабілеттілігінің ерекшеліктерімен анықталады. Оқытудың бастапқы кезеңінде, яғни 1 және 2-сыныптарда «кіші қадам» әдісі маңызды орын алады. Ол балалардың зияткерлік жұмыс қабілетінің мүмкіндігін ескере отырып, жаңа материалды оқушылардың қабылдауына сәйкес кішігірім мөлшермен, біртіндеп беруді талап етеді. Сонымен қатар, ой қорытындысын жасау іскерлігін дамытуға негіз болатын «дидактикалық бірлікті күрделендіру» әдісіне сай, оқу материалын кең көлемде ашу да маңызды. Бастапқы кезеңде түсінікті қалыптастыруда көрнекіліктер мен пәндік-тәжірибелік қызметті қолдану, келе-келе көрнекі-бейнелік ойлауға сүйену арқылы оларда сапалы білім қалыптастыруға мүмкіндік туады. Психикалық дамуы тежелген оқушылармен жұмыста практикалық және ақыл-ес әрекетін алгоритмдеу әдісін қолдану арқылы үлкен табысқа қол жеткізуге болады. Сондай-ақ, нұсқаулықтар, пиктограммалар, технологиялық карталар және т.б. қолдану да пайдалы. Жоғары оқу уәждемесін қолдау үшін ПДТ оқушылардың өзіне деген сенімін, тиісінше өзіндік бағасын қалыптастыру барысында педагог әр баланы табысты жағдаймен қамтамасыз етуі қажет. Оқуға тұрақты уәждемені қалыптастыру балалар жетістігін ерекше түрде ұйымдасқан бағалауға мүмкіндік береді. Ол үшін ПДТ оқушылардың жетістігін басқалармен салыстырудан аулақ болу қажет. ПДТ оқушының жетістігін оның өзінің алдыңғы жетістіктерімен салыстыру нәтижелі болады. Оқу үрдісінде бағалаудың ашықтығын қамтамасыз ету және мұғалім қойған бағаның оқушының өз-өзін бағалауымен үйлесуі маңызды. Оқытудың жағымды нәтижелерін талдауда ПДТ оқушының талпыныс, зейінділік, шыдамдылық, тәртіп, яғни өзін өзгертуге қабілетінің артуы сынды жетістіктердің себептерін атап көрсетуге болады. Ал ПДТ оқушының сәтсіздігін талдауда мінез, қабілеттілік деңгейі және т.б. ішкі тұрақты факторларды көрсетпеуге тырысу керек. Түзету-дамытушылық оқытудың маңызды құраушысы ПДТ оқушының оқу жетістіктеріне әр пән бойынша мониторинг жүргізуді іске асыру болып табылады. Мониторинг оқушылардың біліміндегі кемшіліктің пайда болуын дер кезінде байқауға және қажетті түзету іс-шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Инклюзивті білім беру жағдайында ПДТ оқушымен жүргізілетін сабақтың мақсаты оқушының жалпы даму деңгейін арттыру; алдыңғы оқыту мен дамудағы кемшіліктердің орнын толтыру; жеткіліксіз меңгерілген оқу білігі мен дағдыларын қалыптастыру бойынша жеке жұмыс; танымдық аясы мен тілін дамытудағы ауытқуларды түзету; жаңа оқу материалын қабылдауға мақсатты бағытталған дайындық болып табылады. Түзету-дамыту жұмыстарының тиімді құралдары мен тәсілдерін таңдау оқу бағдарламасын меңгеру барысында балаларда пайда болатын қиындықтардың себептерімен анықталады. ПДТ балалардың тілі жас ерекшелік нормасынан кеш қалыптасады және үнемі ерекшеленеді. Тіл дамуындағы кемшіліктердің пайда болу деңгейі әр түрлі болуы мүмкін. Осыған байланысты оқытудағы мәселелер де әр түрлі болады. Сондықтан инклюзивті сыныптарда тілдегі бұзылысты түзету жағдайын анықтау мақсатымен барлық оқушылардың тілдік қызметінің даму деңгейіне міндетті түрде диагностика жүргізіледі. Ол логопедпен сабақ барысында, сыныптағы сабақ үстінде, мұғалімнің жеке тәсілі және т.б. әдістер арқылы анықталады. ПДТ оқушыларды оқыту міндеттерінің бірі – отбасылық психотерапия және оқушының ата-анамен, мұғаліммен, құрдастарымен тең қарым-қатынасын қалыптастыру арқылы мінез-құлықтың бейәлеуметтік түрінің алдын алу. Мектепте мінез-құлық бұзылысының алдын алу бойынша әлеуметтік жұмыстар жоспарлануы және іске асуы қажет, сонымен қатар, кәсіптік-еңбектік дайындық арқылы балаларды қоғамға кіріктіруді жүзеге асыру қажет. Әлеуметтік-еңбектік дайындық түзету-дамытушылық педагогикалық үрдіспен және емдеу-сауықтыру кешені іс-шараларымен бірге жүргізіледі. ПДТ оқушыларды әлеуметтік-еңбектік даярлау міндеті келесілерден тұрады: қолжетімді және кең танымал мамандықтарды табысты меңгеруге кедергі келтіретін қолдың ұсақ моторикасының жеткіліксіздігі, көру-қозғалыс үйлесімінің бұзылуы сынды ерекшеліктерді ерте анықтау және түзету, оқушыларда оқу-еңбек қызметі үрдісінде тапсырмаға бағытталу дағдысын, жұмысты жоспарлауды, өзін-өзі бағалау мен өзін-өзі бақылау дағдыларын қалыптастыру; кәсіптік бағдар беру және т.б.