Қр білім және ғылым министрлігі



Дата21.05.2022
өлшемі38,47 Kb.
#35204
Байланысты:
Баянадама. Арал теңізінің тартылу себебі


ҚР Білім және ғылым министрлігі
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті

Баяндама
Тақырыбы: Арал теңізінің тартылу себебі

Орындаған: Килажев Ернар
Тобы: СК-211
Қабылдаған: Сыздыков Е.Т.

Көкштау 2022

Жоспар


  1. Кіріспе

  2. Негізгі бөлім

  • Арал теңізінің қазіргі ахуалы

  • Теңіздің тартылу себептері

  • Арал теңізін құтқару шаралары

  1. Қорытынды

Қолданылған әдебиеттер

Кіріспе


Қазіргі таңда табиғатқа түсіп отырған ауыртпашылықтың дәрежесі орасан екендігі соншалық, егер Аралды қорғауға тиісінше шұғыл көңіл бөленбесе, мұның ақыры апатқа әкелуі әбден мүмкін. Өйткені қоршаған ортаның ластануы ауқымы халықтың денсаулығы мен еңбек қабілетіне қатер төндіретіндей дәрежеге жеткендігі анық.
Арал - Қазақстан жеріндегі Қызылорда және Ақтөбе облыстары мен Өзбекстан жерінде, Тұран ойпатының шөлді белдемінде, Үстірттің шығыс шетінде орналасқан тұйық көл. Алабындағы қарқынды антропогондік әрекеттерге дейін ( 1960 – 70 ж. ) дүние жүзілік теңіз деңгейінен 53,0 м биіктікте жатқан. Осы деңгейдегі айдынының ауданы аралдарымен қосқанда 66,1 мың км кв, орташа тереңдігі 16,1 м, ұзындығы 428 км, ені 235 км, су жинау алабының ауданы 69 000 мың км кв. болған. Сол кездерде жылына 50 - 150 мың балық ауланса, теңіз жағасынан едәуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген. Алабындағы шаруашылық мақсаттарға үздіксіз су алу барысында 1998 ж. теңіз деңгейі 18 м - ге төмендеді. Аралдың ауыр ахуалын Кеңес үкіметі кезіндегі ең жоғарғы лауазымды мемлекет және партия қайраткерлері білді. Бірақ, біле тұра тақап келе жатқан апат туралы ащы шындықты халықтан жасырды. 1988 жылы Көкарал аралы Оңтүстік құлықпен қосылып кетті. Нәтижесінде теңіз 2 суқоймаға – Үлкен Арал және Кіші Аралға бөлініп қалды. Суы тайыз, тартылуы да қарқынды Кіші теңіз – Қазақстан жағында, ал Үлкен теңіз - Өзбекстан жағында қалды.
Арал теңізі көне замандардан белгілі. Ежелгі гректер мен римдіктер теңізді Каспийдің “сақ шығанағы” деп есептесе, А. Македонский кезінде Окс теңізі ( Окс – Сырдарияның грекше аты ) деп атаған. Араб саяхатшылары Әбу Али Ахмед ибн Русте, Әбу Исхақ әл - Истахри, Әбу Абдаллаһ, Мұхаммед әл - Идриси, Әбу – л - Фида, сондай - ақ Әбілғазы жазбаларында Арал туралы деректер көптеп кездеседі. Теңіз табиғатын жан - жақты зерттеу Ресей империясының шығысты отарлау саясатын жүргізу кезінде іске асырыла бастады. 1848 – 49 ж. әскери теңізші, әрі зерттеуші А. И. Бутаковтың экспедициясы Арал теңізінің су айдынын алғаш рет толық зерттеді, нәтижесінде 1850 ж. Аралдың алғашқы толық картасы жасалды. Теңіздің морфометриялық сипаттамаларын тұңғыш рет И. А Стрельбицкий анықтаған. 1874 ж. геодезист А. А. Тилло теңіз деңгейін өлшеп, солтүстік - батыс жағына қада орнатты. Теңіз суының химиялық құрамы туралы зерттеулердің нәтижесі 1870 – 73 ж. жарық көрді. 1900 – 1903ж. теңіздегі және оның маңайындағы кешенді географиялық және гидрологиялық зерттеулер Л. С. Бергтің басшылығымен жүргізілді. Одан кеіінгі жылдары теңізді зерттеумен көптеген ғылыми - зерттеулер және жобалау институттары шұғылданды.
Арал теңізінің жағалауында халық аз тұрады, жергілікті халық балық аулау, мал шаруашылығымен және көкөніс - бақша өсірумен айналысады. Арал өңірінің тұрғындары 1970 жылдарға дейін әлеуметтік экономикалық тұрғыда жақсы қамтамасыз етілген тiршiлiк кешті. Теңіз өңіріндегі елді мекендерде 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт және 2 балық комбинаты жұмыс істеген. 1960 жылдырдан бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Осы аймақтағы игерілетін жер көлемі бұрынғыдан Өзбекстан мен Тәжікістанда 1,5 , Түркменстанда 2,4 , Қазақсатнда 1,7 есеге өсті. Ал Әмудария мен Сырдария бойындағы халықтар саны 1960 - 1987 жылдар аралығында 2,2 есеге артты. Халық санының өсуіне орай суға деген қажеттілік те артты. Осыған орай, 1970 - 1980 жылдар аралығында Аралға құйылатын су мөлшері азайды. Оның негізгі себептері - антропогендік факторлар еді. Екі өзен бойындағы суды көп қажет ететін күріш пен мақта есіру ісі қарқындап дамыды. Орта Азияда су баратын жердің бәріне дерлік мақта егiлдi. Жердiң әр гектарына жүздеген килограмм минералды тыңайтқыштар, ондаған килограмм улы химикаттар қосылды. Әр гектардан 23 центнер мақта алу үшін, мелшердегiден екі есе артық су жұмсалды. Осындай құйтырқы әрекеттердiң негiзiнде Аралдың табаны жалаңаштана бастады. Жағалау, теңіз порттарынан 40-50 шақырымға ұзап кетті. Ауа райы өзгеріп, жан - жануарлар дүниесі құрып, жоғала бастады, 178 турлi жануарлардың арасынан қазiргi күнi 38 - i қалыпты.
Орта ғасырда Сейхун деп аталған Сыр өзенінің Фархад тауын жарып өтетін бір тармағына 1948 жылы Фархад ГЭС - і ашылса, бертін келе, алпысыншы жылдары , Шардары ГЭС - і , мұнан басқа - Тоқтағұл , Әндіжан , Шарбақ су қоймалары пайдалануға берілді. Бұл іс - әрекеттер көптеген суару - суландыру жүйелерін іске қосуға мүмкіншілік жасады. Жол жөнекей Сырдың суын әркім әлі келгенше жарып ала берді. Ақыр аяғы бiр кездерi кемерінен асып , төгіле аққан лай суының жойқын күшiне қарай Сейхун аталған . Мол өзеннің жұрнағы ғана Арал теңiзiне жетiп жатты. Дәл осындай күйді теңіздің сыңарындай Әмудария өзені де көріп жатты Арал теңiзiне негізгі суды әкелiп жатқан екі өзен жабылып, 60 - шы жылдардың басында 60 текше шақырым су берсе , 1980 жылдан бастап, жылына орта есеппен, 4 текше шақырым ғана су беріп келеді. Ал теңізге қажетті ылғалды беру үшін, кемінде жылына 40-45 текше шақырым су керек. Аралдың бұрынғы 66 мың шаршы шақырым су айдыныннан, Қазір небәрі, шамамен 25 шаршы шақырымға жуық су айдыны қалып отыр. Орта Азияның егіс далаларында көптеген жылдар бойы мақтаның " Солыма " деген ауруына қарсы ДДТ химикаты пайдаланылған. Ол адам үшін өте қауіпті, өзі табиғат аясында ыдырау дегенді білмейді. Сол ДДТ және де басқа да улы химикаттар, көптеген жылдар бойы егiс алқаптарынан ақаба күйiнде ағып шығып, теңiзге келiп қосыла берген. Кейiнгi жылдарда Арал өңірінде - малға, балыққа, құсқа қорек болып, адамдарды асырап келген жүздеген табиғи көлдер тартылып кетті. Аралдың балық аулау ауданында Арал теңiзiне құятын өзендердің атырау аумағы кіреді. Балық өңдеу зауыттары бұрын Әмударияның атырауынан, Аван кентіне, Бөген ауылында, бұрынғы Ұялы және Ұзынқайыр аралдарында орналасқан болатын. Алған Әмударияның атырау тұсы Арал теңізі аталып ( аралдардың өте көп болуы себепті ), кейiн теңіз түгелдей Арал атанған . Арал теңізі - Қазақстанның інжу- маржаны, шөл белдеміндегі бірден - бір көгілдір су айдыны еді. Мойнақтан Аралға дейiн кемелер ерсілі - қарсылы жүріп жататын. Енді міне, Арал теңізінің деңгейі 23 метрге дейін төмендеп, оның су айдыны 30 200 км - ге дейін қусырылды. Табанының біраз аумағы қолдан жасалған шөлге айналып шыға келді, оған " Аралқұм " деген ат та беріліп үлгерді. Аралқұмда улы тұздардың миллиардтаған тоннасы шөгіп жатыр. Судың тұздылығы 40 пайызға артты. Оның үстіне екі өзен бойындағы шаруашылықтарда тыңайтқыштар мен химиялық препараттарды қолдану бұры соңды болмаған көрсеткішке жетті. Тыңайтқыштарды қолдану 10-15 есеге өскен. Осындай анропогендік факторлар Арал өңірін экологиялық апатқа ұшыратты. Құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын айналаға зиянды өте жоғары 2 млн. тонна тұз шаңдар көтеріліп, желмен тарай бастайды .

Асылы Арал терең теңіз емес, әсіресе осы теңіздің оңтүстік және сыпыра шығыс жағалауы тіпті тайыз тұғын. Сондықтан да қайтқан судың қасіреті көзге ерекше түседі. Бұл тұстарда қайтқан су теңіз түбін ырситып, жалаңаштап жүз шақырымнан да кетіп қалған. Көк теңіздің көлемі отыз жеті процентке кемісе, ал тереңдігі тіпті құлдырап он екі метрге терең түсті. Күні кеше ғана бұл жер бетінде теңдесі жоқ ғажап теңіз еді. Халқымыздың ежелден маңдайына біткен осы теңіз Қарақұм мен Қызылқұмның екі аралығын алып жатқан осынау суы тапшы, шөбі жұтаң ұлан-байтақ шөл далаға ажар, көрік беріп, ел ырысына айналған құты еді ғой.Жер-дүниенің апшысын қуырған аптап ыстықта қуаң даланың тіпті бұрынғыдан бетер құты қашты. Көзге қуаныш, көңілге демеу, жанға шипа теңіз еді ғой.

Арал сияқты үлкен теңіздің бұлайша тез тартылып кетуінің өзіндік себебі бар. Себептің сыры белгілі де-қос өзен-Сырдария мен Амударияның теңізге сыңар тамшы тамбай қалғалы қанша жыл. Қазақстан мен Орта Азияның халық шаруашылығы, ала-бөле соғыстан кейін күрт көтерілді. Ежелгі ел мекендемей бос жатқан иен сардала, шөл далаға арықтар, каналдар қазып, су тартты. Күріш екті,мақта өсірді. Кеше құрық сүйреткен малшы қазақ өзінің ежелгі ата-кәсібін тастап, біріңғай диқаншылық жолға көшті. Тек бір ғана Қызылордалықтар Сыр өзенінің алып жатқан иен алқапқа жайқалтып ақ күріш өсірді. Қос өзеннің екі аралығында ежелден ел ырысы болған диқан-бабажеріне кейіннен қанша қала салынды, кен ашылды, өндіріс орнады. Тусырап жатқан тың жерлер игерілді. Күн сайын, апта сайын қатар өсіп, өркендеп жатқан өндіріс пен ауыл-шаруашылығы құдды құстың қос қанатындай Орта Азия мен Қазақстан экономикасын күрт көтеріп, шырқау биікке шығатындай жіберді.Арал өңірінен ежелден бері, жері, желі, суы мен қалыптасқан жарасымды табиғи әдемі үйлесімнің шырқын бұзып, көресіні көріп отырмыз. Табиғаттың тепе-теңдігі біржолата бұзылды. Қосмостан алған соңғы мағлұматқа қарағанда қазірдің өзінде теңіз түбінен босаған жерден жылма-жыл көтерілген жетпіс бес миллионнан тоннадан астам тұзды сор шаңдақ ауа арқылы маңайындағы аяқ жетер жерді басып салған. Сол сияқты Бұқар, Хорезм, Қызылорда облысына қарасты суармалы егістіктің әр гектарына орта есеппен жыл сайын жеті жүз киллограм тұз жауады екен. Жер азды, су бұзылды. Бұрында келіспеген ауа-райы теңіз тартылғалы тіпті қатты бұзылып, жаз болса ыстық аптап айлап, апталап ұрып, қайта-қайта қара дауыл қаптай соғып бергенде бетіне соры шыққан борпылдақ дала алағайда-бұлағай борап ала жөнелді. Осының салдарынан қанша жылдан бері Арал өңірін мекендеген сол араның тұрғын халқының тірлік, денсаулығына шаш-етектен зиянды, төтенше қиын жағдай туа бастағанын Қазақ Ғылым Академиясы өзінің ақпарында бүкпесіз ашық айтты. Томаға-тұйық су қоймаларында ұзақ тұрып қалған, адам түгіл мал ішуге жарамсыз, борсыққан ақаба суды тұрғын халық басқа лажы болмаған соң амалсыз пайдалануда. Күріш пен мақта егістігін бастырған су шілденің сарытап ыстығында әрі-бері тұрып бұзыла бастағанда, арық-атыз бойымен Сырға қайта құйғанда лайланып, өзімен бірге неше түрлі зиянды химикаттарды ала келеді. Ауыз суға қойылар санитарлық талаптың жұрнағы да сақталмаған суды ішкен бұл өңірдің тұрғын халқы шалдықпаған аурудың түрі кемде-кем. Мәселен, республика бойынша сары ауруға шалдыққан кісілердің көбі Қызылордалықтардан табылды. Ал асқазаны ауыратын, ішегінің қырындысы кеткен сырқаттардың түр-түрі Қызылорда облысында. Тек соңғы жылдары төрт жылда бұл облыста жұқпалы індет бірнеше рет қайталаныпты. Халық «Жұт – жеті ағайынды» дейді. Рас болар. Теңіз тартылғалы ауа – райының күрт өзгеруіне байланысты бұл өңірде жауын – шашын да пышақпен кескендей тыйылды. Сондықтан жазда жаңбыр, көктемде қар суына үміт артудың да қисыны қалмады. Аралдың үстіне бұлт айналмағалы қай заман. Көктемнің аяқ кезінен бастап, жаз бойы қырдан толассыз соғатын қара дауыл қылтанақ шөптің түбіндегі топырақты суырып, ал жусан атаулы құдды күйіп, әуелі қурап, сосын жер тістеп жығылып жатқаны. Теңіз суы күрт төмен түскелі бұрын кісі бойы қазсаң су шығатын далалықтағы құдықтардың көзі алыстап кетті. Су шыққанның өзінде де бірер күнді артына салғасын әуелі кермек дәм пайда болып, сосын көп ұзамай ашып кететін болып жүр. Жер астының суы азағайлы, жер бетінің түгі жұтаңданып, мал жайылымы қурап кетті. Жемшөптен кемтарлық көргелі мал басы да шұғыл кеміп, қайсыбір қыста жұтқа ұшырап жатқаны. Басқасы – басқа , бір кезде Асанқайғының «Ұлықұм-ау, Ұлықұм, тізеден еді құдығың » - деп сұқтанатын, шынында да шұқысаң ар жағынан су шығатын шөбі шүйгін құтты мекен – Ұлықұм мен Кішіқұмның да күйі тайған. Егер таяу уақытта ғажайыптан – тайып бір кездейсоқ құдірет күш қол ұшын берсе өзі біледі, өйтпеген жағдайда, қос өзеннің суын бұрынғы бейпілдігімізге салынып қолы жеткен жыл сайын көлемі өсіп далиып бара жатқан егістік даласына бас жоқ, аяқ жоқ ысырап қып лақылдатып ағызып әкете берсе, көрерсің де білерсің, соңыра Арал теңізі дәл бір оқымыстылар айтқан болжам аумай - төкпей келіп, аспанға жылма – жыл алпыс текше метр бу ұшыратып алып қазанға айналады. Аралдың ендігі жауы – жел мен күн. Осы рақымсыз қатал екі жау екі жақтан тиісіп бергенде, онсыз да өлімші теңізден тамтық қалып жарымас. Сонан ары бір кезде марқұм академик Федоров айтқан долбар аумай – төкпей келіп, Арал қылышпен шапқандай екіге қақ бөлінеді. Айтса да биылдың өзінде бұрынғы Көкарал деп аталатын аралдың деңгейінен әлден – ақ алдағы бөліністің нышаны анық белгі беріп қалды. Келешекте әлгіндей екіге бөлінген екі көлшік келе – келе азая – азая ақырында жырымдалып, ұсақ – ұсақ шалшықтарға айналып, орнында ақырған ащы тұз қалады. Оқымыстылардың өзі « Аралдың құритыны анық ақиқат, келешекте кісі тұру – тұрмауы неғайбыл » - деп тұжырым жасап қойды. Осы заманның кісілері қолдан жасаған көл екеш көлге мақтанып, қуанышы қойнына сыймай газет бетіне айқайға толтырып жібереді. Ал енді осынау ай мен күн астында нелер ықылым заманнан бері тірлікпен қоян – қолтық жасап келе жатқан ғажайып бір теңіз тағы да сол адам шіркіндердің сұқақтап араласқанының арқасында көре – көзге құрып бара жатқанына куә боп отырған біздер бұған не дейміз Рас, Аралдың аянышты тағдыры талайдың жүрегін сыздата бастады. Аралдыапаттан құтқарудың амалын қарастырып, жолын іздеп ғалымдар мен инженер – мамандардан құралған арнаулы комиссия білек сыбанып кірісіп жатыр. Халықта қарап қалмай, жер – жерден қаржы жинала бастады. Аралға академик Федоров келгенде – бар жағдайды өз көзімен көріп, егжей – тегжейіне әбден қаныққанан кейін атақты ғалым, сол кездің өзінде, ауырда болса, әділ кесігін айтып еді. « Аралдың басына төнген апаттың бетін қайтару мүмкін емес. Тек соңыра екі бөлінген теңіздің сонан әрі тартылуына жол бермей, тым құрыса теңіз орнына пайда болған қос көлді кенерінен орта түсірмей ұстап тұратындай мөлшерде жылма – жыл Амудария мен Сырдариядан су жіберіп тұру керек »,- деген сол ғалымның ұсынысы ақылға сыяды. Адам көкірегі көпті сезсе де, тек не пайда, бәрі бірдей қолдан келе берген бе
Дүниеде болып жатқан экологиялық шым – шытырық құбылысқа ақылым жете бермейді. Көп нәрсенің бабына барып, ой түйе алмасым да ақиқат. Бірақ, сөйтсе – дағы Аралдың келешегі келіспесіне күмәнім жоқ. Оның тағдыры баршамыздың балтырымызды сыздататын қиын проблема. Басқаны айтпағанда Орта Азия мен Қазақстанның ауа – райына қолма – қол ықпал тигізіп, ұйтқысы болып келген теңіздің тағдырына араласпай, қалыс қалуға болмайтын тықыр – таяң кез төнді. Жұрттың бәрі дәл осылай түсінеді. Ендеше сөзді қойып, іске кірісетін, жобалар мен ұсыныстарды жедел жүзеге асыратын кез жетті. Осыған дейін айтылып жатқан сөзде, алынып жатқан сан – сапалақ қаулылар да, неше түтлі ғылыми – техникалық жобалар, ұсыныстардың бәрі – бәрі де әрілегенде мүсіркеу, желеп – жебеу сияқты ізгі ниеттің о жақ бұ жағынан аспады. Ғылым академиясының топырақтану және мелиорация проблемаларын зерттейтін ғылыми кеңесі қабылдаған қарарда Аралға байланысты әлеуметтік, экологиялық және экономикалық мәселелердің бұнан артық сөзбұйдаға салып, кейінге қалдырмай тез арада шұғыл шешілуі қажет деп тауып отыр.
Адам иманы ешуақытта да қоғам мүддесіне кереғар қайшы келмеген. Ал адамның да, қоғамның да мүддесі мен мақсаты Аралдың қайткен күнде де аман сақтап қалуды көздейді. Сол сияқты жаңадан тың жер игеріп, дән – дақыл өнімін бұдан былай да арттыра түсуді де нысанаға алып отыр. Негізі аз, жетімсіз суды жырымшылап ала түсуге мәжбүр етеді. Бұл, сырт көзге заңды құбылыс сияқтанып көрінуі мүмкін. Егер зейін қойып, жытырақ қараған жағдайда суды басы – көзіне қарамай шамадан тыс ысырап қып жатқанымыз өзінен-өзі белгілі. Адамда құды жас бала тәрізді, қолда бардың қадырын біле бермеген. Қазір ауылшаруашылығындағы техника ұшан теңіз. Техниканың құдіретті күшінің арқасында Амудария мен Сырдарияны ауыздықтап алдық. Екі өзеннің жылдық суын кез – келген жерден буып – матап, су қоймаларын аузы – мұрнынан келтіре толтырып алдық та, тандыры кеуіп жатқан Аралға татырмай қойдық. Шамадан тыс көп болғанда, тегі, сірә, байлықтанда қадыр қалмайтын болса керек. Аузы – мұрнынан келе лықылдап толған су қоймаларындағы су кнопканы бассаң болғаны лақылдап ағады. Ал, біз бір кездерде егістікке су жіберерде ата – бабамыздың әр тамшыға дірілдеп, сығымдап жіберетін үнемшілдігін ұмытып, бас жоқ бұйдарақсыз бейпіл кетеміз. Шыны керек, осы бір бейқасиетберекеміздегі бетке басып, қаламы жүйрік журналистер ашынып – ақ жазуда. Бірақ, не пайда, санасына бермегесін қанша жер – жебіріне жеткенмен де әзір миына жеткен бір пенде жоқ. Әлі күнге егістікті суарған сайын шамасын білмей бей – берекет жіберген ысырап мол су жер бетін топанша басып, топырақтың құнарын шайып, ертеңіне көк сортаң тұз бетіне шығып жатқаны. Бір кездежаннымызды жалдап, Арал суы қайта бастағанын қынжыла жазсақ, енді қазір оның басына төнген апатқа араша тұрам деген жандардың жан дауысы шырқырап, айқай салатын кез келді. Осы жайындағы айтылып жатқан сан – сала пікірлер, болжамдар, пайымдаулар, қисапсыз көп-ақ. Қанша жылдан бері біздің экономикалық һәм экологиялық мүддемізге қайшы келмейтіндей көрінген көңілге қонғандай бір идея төңірегінде әңгіме болған-ды. Ол өзі Сібір өзендерін Аралға бұру хақында Мәскеу мен Ташкенттің білікті-ақ деген институттары жасаған жоба-тұғын. Маман болмасақ та, бірақ өзіміздің өлкеміздің тағдыры таразыға түсіп жатқан дәл қазіргі тұста мына жағдайға қатысымыз жоқ па, бар ма ,шырқырап үстіне түсе кетпей қалыс қалғаным түйсіздік болар еді ғой. Халық « Келісіп пішкен тон келте болмайды » депті. Тек, әттең өз шаруасына келгенде иненің жасуындай тесіктен жол тауып өтіп кететін жылпос мамандар кейінгі кезде қойдай балалатып жіберген жобаларын іске асырудан бұрын әуелі жергілікті тұрғын халықтың да пікірін тыңдап, көңілге қонған қисынды сөзге құлақ ассақ қайтер едік. Сібір өзендерін бұрдық делік. Сібір өзенін бұра қалғанда Обьтан Аралға дейінгі екі араның екі жарым мыңдай шақырым екенін ойлайық. Бұл жолдың бойында суға зәру боп отырған ірі – ірі өнеркәсіптер мен талай – талай қалалар, тусыраған далалар жатқан жоқ па. Су келе қалғанның өзінде де алақанына түкіріп отырған кісілер жолшыбай қолы жеткені жеткендей қасықтап, ожаулап ала бастағанда бәрібір Аралға бір тамшы тимесі белгілі. Аралдың тартылып жатқаны, айта берсең, Амудария мен Сырдарияның суы аздығынан емес қой. Екі өзеннің құятын судың жылдық көлемі 114,7 миллиард текше километр. Бұның бәрін Аралға берген жағдайда оның ежелгі сабасынан бір елі төмен түспейтіні белгілі.
Қазақстанда өзен саны аз емес. Тек өкінішке орай, сол әлгі біздің үстімізден өтетін үлкенді – кішілі өзендердің басында басқалар да, ал сағасында біз отырмыз. Халық « Өзеннің басындағы батып ішсе, аяғындағы сатып ішеді » деп бекер айтпаған. Сондықтан да ала – бөле егін суаратын кезде су жетпей, сыңар тамшыға зәру боп жатамыз. Эксперт комиссиясы Қазақстанның суармалы жерлеріне арнап Сырдария суынан жылына он төрт текше километр сыбаға белгіледі. Жоғарғы жақ үнемі қадағалап, бақылап отырмағандықтан Сырдарияның басы мен ортасында отырған ағайындар тиесілі сыбағалы суынан әлдеқайда артықалғандықтан да он бес жыл бойына біздің елдің диқандары өздеріне белгілеп берген лимтке де қолдары жетпейді. Ала – бөле Сырдың теңізге құятын сағасында отырған халықтың ауыз суын адам түгіл мал ішудің өзі қиын. Жоғарыда айтқандай су бұзылғасын жер бұзылды. Осының себебі – Қарақұм каналы емес пе деп қаласың. Қарақұм каналы мақта өнімін арттыруға қажет болған шығар.

ХХ ғасырдың 60-80 жылдары Әмудария мен Сырдария өзені бойындағы халықтың саны 2,2 есеге артып, суға қажеттілік өсті. Соның салдарынан теңізге құйылатын су мөлшері азайды. Яғни қос өзеннің суын бел ортадан бөгеп, күріштік пен мақта алқаптарының көлемі артты. Мұндай антропогендік факторлардан теңізге 1960-1965 жылдары 44 мың текше метр су құйылса, 1974-1978 жылдары 13 мың текше метрге азайды. Тіптен, 1990 жылдары судың мөлшері екі есеге кеміді.


Нәтижесінде Аралға құйы­латын судың 89 процентке азайып, теңіздің су айдыны 30-200 ша­қырымға дейін құрғады. Судың тұздылығы 40 процентке дейін артты. Осылайша, Арал шөлге айналып, құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын зияндылығы жоғары 2 млн тонна тұзды шаңдар көтеріліп, экологиялық зардап аймағына айналды. Экологиялык дағдарыс салдарынан Арал өңірінде адам­дар­дың денсаулығы күрт төмен­деп, аурушаңдық белең алды. Аралды құтқару әлемді құтқару­мен пара-пар мәселеге айналды. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Арал проб­лемасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашық айтып, әлем елдерінің назарын аударды. Мәселенің өткір екендігін Орталық Азия елдерінің басшыларына түсіндіріп, бірлесе шешуді үндеп, Президенттердің басын Қызылорда қаласында қосты. Бұл 1993 жылдың 26 нау­рызы еді. Яғни Арал проб­лемаларына арналған алғашқы халықаралық конференцияға Қырғызстан президенті Асқар Ақаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сапармұрат Ниязов, Өзбекстан президенті Ислам Каримов қатысты. Конференция барысында «Арал теңізі және Арал маңы проблемаларын шешу, экологиялық сауықтыру және Арал аймағының экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша бірлескен әрекеттер туралы келісімге келіп, Аралды құтқару халықаралық қоры туралы ережеге қол қойды. 


Әрине, Арал мәселесіне арналған халықаралық конференция Сыр өңіріндегі айтулы мәселелердің шешілуіне ұйытқы болды. Яғни конференция қорытындысы бойынша қатысушы мемлекет басшылары атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы­на үндеу жолданды. Халықара­лық қауымдастықтың қолдауы­­мен Арал теңізі бассейнін эко­ло­гиялық сауықтыру мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлескен нақты істер мен бағдарлама­лық жобаларды қаржыландыру жөнінде келісімге келді. Ең бас­тысы, Аралды құтқару халық­аралық қоры құрылды. Қор­дың төрағалығына Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Орталық Азия елдері үш жыл сайын қордың жұмысын үйлестіретін болып шешілді. Міне, осы халықаралық қордың құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. 
Айта кететіні, сол кездегі облыс басшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов Арал проблемасын терең түсініп, 90 жылдардың басында-ақ облыс әкімдігінің жанынан «Арал проблемасы жөніндегі» комитет құрды. Сондықтан С.Шаухаманұлы облыс басшысы ретінде халық­аралық конференцияның жо­ғары деңгейде өтуіне жауап­кершілікпен қарады. Мен облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде конференцияның жұмысшы тобының төрағасы болдым, әрі халықаралық шараның ұйымдастыру жұмыстарымен шұғылдандым. Конференцияны ұйымдастыру жұмыстарымен Алматы қаласына бірнеше рет барып, Су шаруашылығы ко­митетінде және басқа мекемелерде арнайы болып, Арал теңізі жайлы материалдарды жинадық. Тіпті Санкт-Петербургке іс-са­пармен барып, Арал теңізінің экологиялық картасын алдық. 
Конференциядан кейін Арал дағдарысын қалпына келтірумен Аралды құтқару халықаралық қоры үйлестіруді бастады. Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Даму бағ­дарламасымен, Экологиялық бағдарламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік банк, Азия даму банкі, ТАСИС ұйымдарымен, сонымен қатар, Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Кувейт және басқа да донор елдер үкімет­терімен біріге отырып, АҚХҚ аймақтың әлеуметтік және эколо­гиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіп келеді. 
Атап айтқанда, 1994 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары «Арал теңізі ала­бының бағдарламасын» қа­был­дады. Бағдарлама арқы­лы Арал теңізі алабындағы қор­ша­ған ортаның жағдайын тұ­рақтандыру, Арал маңының бү­лінген экологиясын қалпына келтіру, алқаптың су және жер ресурстарын қалпына келтіру және басқа да жұмыстар көзделді. 1997 жылдың бірінші жартысында бағдарламаны қар­жыландыратын Орталық Азия­­­ның бес елі және негізгі халық­­аралық ұйымдар мен оның ұйымдастырушылық-бас­­қарушылық құрылымы анық­­талды. Яғни су ресурс­тарын басқарудың аймақ­тық­­ стра­тегиясы, су қойма­ларын және бөгеттердің тұрақ­ты­­лы­ғын қамтамасыз ету, гидро­ме­тео­рологиялық қызмет­тер,­ экологиялық ақпараттың ай­мақ­тық жүйесін, су сапасын бас­қару, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және басқа да шаруалар жүйеленді. Мәселен, құны 65 млн АҚШ доллары тұратын «Сырдария өзенінің ағысын және Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су деңгейін реттеу» (1-кезең) жобасын сәйкестендіру және бағалау бойынша жұмыстар 1998 жылы басталды. Оған Бүкіләлемдік банк, Германия үкіметі және Кувейт қоры қаржы салды.
2002 жылдың 6 қазанында Душанбе қаласында Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары бағдарламаның бірінші кезеңін талқылап, екінші кезеңін бастауға уағдаласты. Осылайша, 2003-2009 жылдары екінші кезеңінде солтүстік Аралды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2009 жылдың 28 сәуіріндегі Мемлекет басшыларының шешіміне сәйкес Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитеті бағ­дарламаның 3-кезеңін бастады. Осылайша, «Ғасыр жобасына», «Дүниенің сегізінші кереметіне» баланып жүрген «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы дүниеге келді. Адамзат тарихында те­ңіз­ді екіге бөліп, сақтап қалу тәжі­рибесі болған емес-тұғын. Жобаның маңыздылығы осында. Айта кететіні, тұңғыш ха­лық­­аралық конференциядан кейін жұмыс тобы Сыр өңірінің эко­логиялық жағдайын Үкіметке түсіндіріп, Қызылорданы эко­логиялық облысқа жатқызу үшін жұмыстар жүргізілді. Жұмыс тобы мүшелерінің белсенді ізденісімен «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң жобасы жасалды. Әрі оны Ұлттық ғылым академиясының ғимаратында Үкімет мүшелері мен ғалымдардың алдында қорғадық. Топ мүшелері теңіздің экологиялық әсерін жан-жақты ғылыми негізде түсіндіріп берді. Осындай талқылаулар мен пі­кірталастардан кейін заң жо­басы қабылданды.
Заң бойынша Экологиялық апат аймағы, Экологиялық дағ­дарыс аймағы, Экологиялық дағ­дарыс жағдайына жақындаған аймақ болып топтастырылып, тұрғындарға әлеуметтік кө­мек тағайындалды. Осылайша, Сыр өңірі тұрғындарының ай­лық жалақыларына пайыз­дық үстеме қосылды. Сондай-ақ медициналық қызмет көр­сетуді, денсаулық сақтау ісін қаржыландыруды және ма­териалдық тұрғыдан жабдық­тауды ұйымдастыру, халықты әлеуметтік жағынан қолдау, экологиялық апат салдарынан зардап шеккен адамдарға берілетін қосымша өтемдер мен жеңілдіктер және басқа да халыққа тиімді жағдайлар бекітілді. Мұның игілігін аймақ жұрты осы күнге дейін көріп келеді. 
Мен ғаламат жобаның ба­сы-қасында болып, 10 жыл Арал ауданының әкімі болдым. Жобаның арқасында Арал теңізіне жан бітіп, ба­лық шаруашылығы дамып, өзге өңір­­лерге көшіп кеткендер ата қонысқа көшіп келіп, атакә­сібін жалғаған ұрпаққа куә болдым. Расында, қазір Аралдың балығы қайтадан алыс-жақын шетелдерге экспорттала бастады. Теңіз қалаға жақындады. Халықтың әлеуметтік жағ­дайы дұрыстала бастады. Сол­түстік Аралды жаңғырту жұмыс­тарымен жұрттың бойында үміт оянып, бойларында келешекке сенімділік орнықты. Мұны теңіз маңында қоныс тепкендердің жанарынан көруге болады. 
Әлі есімде, 2005 жылдың 27 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арал ауданына сапарымен келді. Президент Көкарал бөгетін көзімен көріп, ғалымдар мен жобалаушылардан: «САРАТС жобасы іске ас­қанда Арал қаласына теңіз суы келе ме?» – деп сұрады. Бұл сауал­ға мамандар теңіз жиегінің 25-30 шақырым ғана жетпей қала­тынын айтты.
«Ендеше, Кіші Аралды те­ңіз­ден бөліп алып, жағалауды қалаға дейін жеткізуіміз керек. Ол үшін САРАТС жобасының екінші кезеңін бастап кетуіміз қажет», - деп кесіп айтты. 
Осыдан бастап айтылған шаруаны орындау жолында қыруар жұмыстар басталып кетті. Кіші Аралдың су баспаған жерлерінде сексеуіл ормандары бой көтере бастады. Сексеуілді орман ал­қаптарын құру сырбойылық азаматтардың белсенділігінің арқасында жүзеге аса бастады. Қазір Арал теңізінің орнында 500 гектар алқапта сексеуіл жай­қалып тұр.
Арал теңізі бассейніндегі шекаралық өзендердің су рес­урстарын бірлесе басқаруды ұйымдастырудағы шешілмей жатқан мәселелер мен әлеумет­тік-экономикалық, эко­логиялық жағдайлардың ушығуы Орталық Азия елдерін Арал дағдарысына қарсы күресте күш-жігерлерін біріктіріп, аймақтық қарқынды қызметтестікке мүдделі етуді мақсат ететін халықаралық ұйым осындай келелі істерді ат­қаруда үлкен рөл атқарды. Әри­не, мұндай маңызды қадам­дарды алдағы уақытта да атқара бере­тіні сөзсіз.

Қорытынды
Арал өңірінің экологиясы, Арал қасіреті республика аумағынан асып, бүкіл планетаның бас ауруына айналып отыр. Оны сауықтыру бағытында Орталық Азиядағы бес мемлекет - Қазақстан, Қырғыстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркменстанның президенттері бірнеше рет кездесті . Оның біржола жойылып кетуі Орта Азия мен Қазақстанды ғана емес, көптеген Шығыс елдерінің тыныс-тiршiлiгiне өзгерістер әкелмек. Ал әлемдік климаттың өзгеруі, шөлге айналу, атмосферадағы ауытқушылықтар, антропогендік экожүйелердiн тұрақсыздығын тудырады. Арал мәселесі соңғы 10 шақты жылда географ және эколог ғалымдар арасында жиi - жиі пікірталастар туғызуда. Арал мәселесі туралы халықаралык конференциялар ұйымдастырылды . Өркениетті елдер қаржылай көмек көрсетуде. Олар негізінен Орта Азия республикалары, Ресей, АҚШ, Жапония, т.б. мемлекеттер.
Арал теңізін сақтау жөніндегі халықаралық шаралар – Арал апатынан зардап шеккен елдер басшыларының іс - қимылдарына көмектесуге бағытталған алғашкы халықаралық келісім. 1990 жылдың 24-26 қаңтарында БҰҰ - ның қоршаған орта бағдарламасының ( ЮНЕП ) ұсынысымен жасалды. Бұл халықаралық құжат "Арал теңізін сақтауға арналған нақтылы iске дайындыққа қатысу " деп аталды . 1990 жылғы 11 - 12 карашада Хаттамаға қол қойылып, келісім заңды түрде бекітілдi. Бұл үлкен ғылыми - тәжірибелік зерттеу Арал апаты кеселінің бетін ашып бердi, нақтылы іске бағдарлама жасауға себiн тигiздi. "Диагностикалық құжат" 1992 жылдың тамызында ЮНЕП - тің басқаруымен Женева каласында бекітілді.
Табиғат - бiзге ата-бабамыздан мұраға қалған қасиетті. Арал өңiрiн экологиялық апаттан құтқару үшін көпшіліктің күші, күресі қажет.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. “Экология және табиғатты тиімді пайдалану” Ә. Бейсенова, Т. Есполов
2. Арал теңізінде орналасқан арал// “Егемен Қазақстан” 2004 жыл, 28 сәуір
3. Арал аспанындағы атом жарылыстары//“Егемен Қазақстан” 2003 жыл, 29 қазан
4. Арал өңірінің экологиялық проблемалары//”Атамекен” 2004 жыл, 24 маусым
5. “Экология және таза су проблемалары” А. Баешов, Алматы 2003 жыл
6. “Экология” Г. Оспанова, Алматы 2002
7. Арал қайта тірілді//”Егемен Қазақтан” 2004 жыл,24 қараша
8. “Экология негіздері” Ж. Жатқанбаев, Алматы 2004
9. “Қазақстан” энциклопедия 2006
10. “Экология” Байжомартов//Ақтөбе 2005

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет