Қр президенттік мәдениет орталығының кіші ғылыми қызметкері



Pdf көрінісі
Дата12.01.2017
өлшемі162,25 Kb.
#1701

Ежелгі көшпенді скиф-сақтардың діни дүниетанымы. 

Шохаев Еркінбек Керімбекұлы,  

ҚР Президенттік мәдениет орталығының кіші ғылыми қызметкері 

 

 

 

Адам  баласының  өмір  және  қоршаған  ортасы  туралы,  адамның  және  басқа  да 



жаратылыстың  қалай  пайда  болғаны  турасында  өз  түсінігі  мен  көзқарасы  қашанда 

болсын  шектеулі  болып  келген.  Себебі,  бұл  мәселеде  қолмен  ұстап,  көзбен  көрген 

дүниелер болмады. Қазіргі біздің заманымызға дейін де ол болмай келеді. Адамзат осы 

құпиялықтың  тығырығына  тірелген  кезде  шарасыздықпен  әлсіздігін  мойындап, 

біреулері адамдар арасынан шыққан пайғамбарлардың  тәліміне жүгінді, енді біреулері 

буыннан-буынға беріліп, ел ішінде тараған аңыздар мен ертегілерге, нақыл сөздер мен 

атадан  келе  жатқан  дәстүрлі  ұғымдарға  сүйеніп,  өздерінің  діни  сенімдері  мен 

нанымдарын қалыптастырды.  

 

Ал, қазақ  халқының ежелгі бабалары болып келетін  сақтардың, көшпенділердің 



дүниетанымына, діни наным-сеніміне келер болсақ, ғалымдар қазірге дейін толығымен 

зерттемегендіктен шешімді пікірге келе алмай  отыр. Сақтардың қазірге дейін табылған 

мұраларына қарағанда, олар да басқа халықтар секілді табиғаттың тылсым күштеріне – 

күнге, оның күркіреуіне, нажағайға, жел-дауылға табынған, осынау құбылыстар оларға 

Құдай  бейнесі  секілденіп  көрінген.  Сондай-ақ  жерлеу  материалдарына  қарағанда, 

сақтарда  ата-баба  аруағына,  отбасылық-рулық  әулиелер  мен  желеп-жебеушілерге 

сыйыну  ғұрыптары  болған.  Бұл  ғұрыптардың  шығуы  өлген  тумаларының  мәңгі 

жасайтынына, өлгендер өзінің рулық қайымының салттары, үйреншікті ғұрыптары мен 

ережелері  бойынша  өмір  сүре  беретін  о  дүние  бар  деген  сенімге  негізделген.  Осыдан 

келіп өлген адаммен бірге оның беделі мен қауымдағы алатын орнына лайық мүліктің 

көмілуі, әрбір тайпаға немесе тайпалар тобына тән сол қауымның жеріндегі зиратында 

атқарылатын  күрделі  жерлеу  ғұрпы  шыққан.  Сондай-ақ  таулы  Алтай  мен  Қазақстан 

аумағындағы  сақтар  зираттарын  ашып-қазу  сақ  қоғамының  ерекше  ақсүйек  өкілдері 

үшін мәйіттерді бальзамдау мен мумиялау қолданылғанын көрсетеді. 

 

Сақ  тайпаларының  жерлеу  ғұрпы  алдындағы  уақыттың  ғұрыптарынан  едәуір 



ерекше болды. Сақтардың заманынан бұрын тас қоршаулар мен тас жәшіктерге жерлеу 

тән  болса,  сақтар  мекендеген  аймақтарда  обалы  қорымдар  болып,  адамдар  көбіне 

сопақша  етіп  қазылған  қабірлерге  жерленді.  Барлық  аймақтарда  жерлеу  тәсілдері 

бірдей болмады. Мысалы, Оңтүстік Орал сырты мен Батыс Қазақстанның савроматтары 

өлген тайпаластарын бетін ағашпен жапқан, тар немесе кең тік бұрышты шұңқырларға 


көмген. Кейбіреулері  қабірді шеңбер түрінде жасап,  сонда жерлейтін  болды.  Ал,  Арал 

маңы сақтарында түбін айнала шырмап орлаған, жерден ойып нар жасаған және түбінің 

бұрыш-бұрышына немесе оны айналдыра орнатылған діңгектердің орны бар өзінше бір 

үлгідегі қабірлер кездеседі. Жетісуда және Алтайда ауқатты адамдар сол кездегі жердің 

бетіне  салынған  не  жерді  қазып  орнатқан  үлкен  ағаш  кималарға  қойылатын  болған. 

Орталық  Қазақстанда  жалпақ  тақта  тастармен  жабылып,  жерден  қазылатын  сопақша 

жерлеу  тұрақты  дағдыға  айналды,  нақ  осында  тас  кешенді  обалар  түріндегі  мола 

құрылыстардың  ерекше  үлгісі  де  болған.  Тайпалардың  жерлеу  ғұрпындағы 

айырмашылықтар оларда біртұтас жүйелі діни ұғымдардың болмағандығын көрсетеді.  

Осы  орайда  айта  кететін  қызық  мәселе,  сақтар  мәйітті  жерлеп  болғаннан  кейін 

жуынып өздерін тазартатын болған екен. Геродоттың айтуынша: «Сақ азаматы мәйітті 

жерлегеннен кейін арнайы монша жағады. Олар үш діңгекті бір-біріне түйістіріп, оның 

үстін жабады. Үйдің ортасына ішінде қыздырылған тастары бар мыс ыдысты қояды. Ол 

тасқа  арнайы  шөптер  салынып  лашықтың  ішін  түтінге  толтырады.  Түтін  араласқан 

ысыған лашықтың ішінде сақтар басын жуып, ал денесін моншаның буымен тазартады. 

Мұндай  моншадан  кейін  олардың  денесі  жалтырап  тұрады».  Бұл  құбылыс  Исламның 

тәліміне    сәйкес  келіп  жатқан  жағы  да  бар.  Себебі,  Ислам  шариғаты  мәйітті  жерлеу 

рәсіміне қатысқан адамға дәрет алуды құп көреді. Бұл сәйкестік бізді  сақтар  әлемінде 

Исламнан бұрынғы пайғамбарлар тәлімінің сарқыншағы болған деген ойға жетелейді. 

 

Сақтарда  мәңгі-бақи  өмір бар, қайтыс болған адам  екінші өмірді жалғастырады 



деген  ұғым  олардың  арасында  ешқашан  талас  тудырмаған.  Бұл  ұғым  да  Адам  атадан 

бастап  барша  пайғамбарлардың  арасындағы  ортақ  болған  сенімге  сәйкес  келеді. 

Сондықтан,  мәйіт  қойылатын  бөлме  ол  тірі  кезіндегідей  безендірілген.  Геродот 

сақтардың жерлеу  рәсімі кезінде қабірге  салынатын отбасылық үлесі  туралы деректер 

келтіреді. Қайтыс болған көсемнің өзінің таптық шеніне оның үлесі қорғанға салынған. 

Геродоттың  пайымдауынша  көсемнің  байлығының  қомақты  бөлігі  өзімен  бірге 

жерленетін  болған.  Ал,  қалған  бөлігі  отбасы  мен  ұлдарына  мұра  болып  қалатын.  Сақ 

қорғандарында  жиһаздар  мен  асыл  тастардың  көптеп  кездесуі,  тайпа  көсемінің 

байлығы үлкен мөлшерде жерленуіне байланысты. 

Сақтардың  түсінігі  бойынша  «құдайларды»  қанатты  тұлпарлар,  ат-самұрықтар 

сияқты,  қиялдан  туған  аңдар  мен  құстар,  жануарлар  бейнесінде  беретін  болған. 

Осындай  образдардың  мифологиясы  ауыз  әдебиетінен  кең  орын  алатыны  сондай, 

Еуразия далалары өнерінде өзгеше бір «аң стилін» тудырған. Ал бұл ұғымда адам мен 

табиғаттың  байланысы  ерекше  дәріптеледі.  Мәселен  мал  өсіруші  тайпалар  отқа, 



жылқыға  және  де  аспандағы  басқа  да  шырақтарға  табынған  деген  мәліметтер  тарихи 

тұрғыдан дәлелденіп отыр.  

 

Сақтар мифологиясында сәйгүлік ат күнмен, отпен байланысты болған.  «Авеста 



–  Уәста»  сөзіне  жүгінсек,  дүниені  жаратқан  Көк  тәңірі  Митра  төрт  ат  жегіп  шығады 

екен.  Аттарға  Сурья,  Яма,  Агни,  Индира  секілді  «құдайлардың» қатысы  болған.  Есік 

обасындағы  патша  дулығасының  төбесіне  қадалған  қанатты  тұлпарлар  бейнелері  –  ол 

күн  күймесі.  Бұл  құбылыс  сақтарда  күннің  қаншалықты  орын  алғанын,  оған  табынып 

сиынғанының белгісі деп айта білеміз. Қанатты тұлпардың күн бейнесі ретінде берілуі 

өзге халықтар фольклорында да кездеседі. Гректерде күн шұғылалы құдай Аполлонның 

күймесін  аспанда  қанатты  пырақтар  зулатып  алып  бара  жатады.  Қанатты  тұлпарға 

қатысты, қазірге дейін, қазақ құдайы ас бергенде сойылатын жылқының қанатты болып 

шығуын «Пырақ ат» болды деп жақсы ырым ететінін білеміз. 

 

Жыртқыш  қырандар  бейнесі  де  күн  құдайының  символы  болған.  Үнді,  Иран 



халықтарының  қиял-ғажайып  ертегі-аңыздарында Күн, аспан көкте төрт пырақ немесе 

төрт бүркіт зымыратып алып жүретін дөңгелекті күйме түрінде көрінеді. 

 

Антик  және  көне  Ирандық  деректемелер  сақтар  мен  Қазақстан  жерінде  болған 



ежелгі  көшпенді  халықтардың  басты  сыйынатын  «құдайы»  Күн  болғанын  анық 

көрсетеді, сондай-ақ онымен аспан отының бейнесі тығыз байланысты болған. Орталық 

Қазақстан  мен  басқа  аудандардың  сақ  қабірлерінде  Күн  құдайына  құрбандық  ретінде 

жылқы  шалу  дағдысы  талай  рет  анықталған,  дәйектер  ретінде:  аттың  өлігі  мен  оның 

тұлыбын көму, аттың басы мен аяқтарының терісін көму, ат әбзелдерін немесе олардың 

жекелеген бөлшектерін көму нұсқалары мәлім болды.  

 

Қазақ  мифологиясындағы  отты  бәрінен  тазартатын  киелі  күш  деп  білу  осы 



сақтардағы Күнге табынудан келіп шыққан. Бұл діни құбылыс Еуразияның мал өсіретін 

көптеген  тайпаларында  кеңінен  таралған.  Қазіргі  қазақтың  отпен,  түтінмен  аластауы, 

жаман  түс  көргенде  отқа  тұз  тастауы  секілді  ырымдарын  да  осымен  байланыстыра 

білеміз.  Батыс  Қазақстандағы  ағаштан  жасалған  мола  үстіндегі  құрылыстарды  өртеу 

ғұрыптары  зұлым  рухтарды  жолатпайтын  оттың  тазартқыш  күшіне  сенумен 

байланысты.  Арал  маңы  сақтар  сияқты,  Елек  пен  Жайық  савроматтарының 

қабірлерінен де қызыл бояу – от пен Күннің символы жиі ұшырайды. 

 

Сақ  және  савромат  тайпаларының  діни  нанымдарында  өлген  адамға  екі  түрлі 



қарау айқын аңғарылады: бір жағынан,  оны  құрметтеп,  оған  сыйынатын болса,  екінші 

жағынан  тайпаластарға  өлген  кісінің  жаны  қайтып  келіп  кіреді  деп  қорқатын  болған. 

Біз  бұл  жерде  сақтардың  бұл  ұғымы  үнділердің  «аруақтың  екінші  тәнге  көшуі»  деген 

сеніміне сәйкес келетінін байқаймыз.  



 

Сондай-ақ  сақтардың заманында түр жағынан барынша өзгерген және өңделген 

күйде  болса  да  анимизм,  тотемизм,  фетишизм  және  магия  сияқты  алғашқы  ең  ежелгі 

діни  ұғымдар  да  сақталған.  Савроматтардың  қабірлерінен  әдейі  сындырылған 

бұйымдардың  жиі  кездесетінін  ғалымдар  анимизмнен,  заттардың  жаны  болады  деген 

сеніммен  байланыстырады.  Тайпалас  адамдар  өлген  кісінің  қаруын,  айнасын  және 

басқа  меншікті  заттарын  әдейі  сындырғанда,  өлген  адамның  жанымен  бірге  өліктер 

еліне  жететін  заттардың  жанын  азат  етуге  көмектестік  деп  сенген.  Тотемизмнің  және 

магияның  сарқыншақтары  әр  түрлі  тұмарларда,  тылсымдар  мен  бойтұмарларда 

сақталған. Рудың немесе тайпаның хайуан тегінен шығуы  туралы ұғым жануарлардың 

металдан  жасалған  мүсіндеріне  бейнеленген.  Қазақтағы  сақталған  «Көк  бөрінің» 

ұрпағы деген ұғымның да тамыры осында жатқан сияқты. Шайқастарда желеп- жебейді 

деп  онымен қару, жауға мінетін атты  сақтасын деп жүген безендірілген.  Киелі хайуан 

ұғымы сол сақтардан келе жатқан ұғым. Сақтар шапшаңдық, қайсарлық, ептілік секілді 

ерекше қасиеттерімен танылған кейбір хайуандар турасында аңыздар шығарған.  

 

Солардың  ішінде  көшпенділер  аққуды  жоғары  бағалаған.  Аққуды    тазалықтың, 



сұлулықтың,  махаббаттың  символы  ретінде  көрген.  Пазырық  қорғанынан  ақ  киізден 

тігіліп,  ішіне  бұғының  жүні  тығындалып  жасалған  аққу  құсы  шатырды  тіреп  тұрған 

төрт  діңгектің  төбесіне  қондырылған.  Көшпенділердің  діни  дүниетанымында  құс 

адамның жанын  тәңірге жеткізеді деген ұғымды білдірген. Төбесін  тұскиізбен жапқан 

мұндай  шатырды  сақтар  белгілі  діни  рәсім  өткізу  үшін  қолданған.  Ғалымдардың 

пайымдауынша олар мұндай рәсім кезінде тәңірмен тілдесеміз деп ұғынған.  

 

С.П.  Толстов  кезінде  сақтарда  жылан  тотемизмінің  болғанын  жазып  кетті, 



сонымен  бірге  ол  сақтардағы  жыланның  өлімсіздігі  туралы  түсініктің  болғандығын 

атап көрсеткен еді. Бұл сөзді растайтын қазақтың мына бір:  

Алтын басым аман болса алты күнде тірілем, 

Жез құйрығым аман болса жеті күнде тірілем, 

Ортан белім аман болса, отыз күнде тірілем.... 

-  деген  өлең  жолдарына  назар  аударсақ,  қазақ  түсінігі  жыланды  өлімсіз,  қайта-қайта 

тіріле береді деп есептеп, ежелгі сақтардың түсінігін қайталап тұр.  

Жылан культінің скиф-сақтардың ұғымында әйел бейнесімен, сумен байланысты 

болғанын  және  ол  жылан-қыз  тек  үңгірде  тұратындығын  Геродот  өз  кезегінде  айтып 

кетеді.  Оның  мәліметінше,  Геракл  Скиф  жеріне  келеді.  Ұйықтап  жатқанда  оның 

жылқылары  жоғалып  кетеді.  Іздеп  жүріп  бір  үңгерге  тап  болады.  Үңгірде  жартылай 

жылан, жартылай қыз денелі пенде тұрады. Ол Гераклға аттарды ұрлап кеткенін айтады 

да,  тек  өзімен  жыныстық  қатынасқа  түскеннен  соң  ғана,  қайтарып  беретіндігін  айтып 


шарт қояды. Геракл онымен келіседі. Сөйтіп, Геракл мен Жылан-қыздың некесінен үш 

бала  дүниеге  келеді,  олар  –  Агафирс,  Гелон,  Скиф.  Геракл  кетерінде  садағы  мен 

тостағаны  бар  белбеуді  тастап  кетеді.  Шарт  бойынша,  үш  баласының  ішін ен  әлгі 

садақты  тартып,  ие  білгені  ғана  Скифияның  патшасы  болады  екен.  Геродот  басқа  да 

мәліметтерді  келтіреді,  бірақ,  қалай  болғанда  да,  скиф-сақтардың  дүниетанымында 

жылан культінің өзекті мәселе болғанын байқаймыз. 

 

Сақтардың әлем құрылымы жөнінде өзіндік  түсінігі болады. Космостағы тәртіп 



оларға  арт  түсінігіндей  болып  көрінген,  сақтар  оны  Күн,  Күн  күйме  деп  ой лаған. 

Әлемдегі  тәртіптің,  үйлесім  мен  гармонияның  және  ондағы  бар  нәрсенің 

ұйымдастырушылары Митра, Варуна,  Индира секілді құдайлар болды. Әлемнің үлгісі 

оларға  үш  дүниенің  –  жерасты  дүниесі  –  төменгінің,  белорта  дүниесі  –  жердің  және 

жоғарғы дүние – аспанның өзара сәйкестігі болып көрінген. Әлемнің сол, оң, алғы және 

артқы жақтары болған.  

 

Сақтардың  космос  жөнінде  символикалық  түсінігіне  Есіктен  табылған  сақ 



патшасының дулығасы нақты мысал бола алады. Ондағы ою-өрнектер тік сызықты үш 

қабатқа  бөлінген.  Шеңбер  бойындағы  қалпақ  алтын  таулар  мен  ағаштар  тізбегін 

көмкеріп  тұр.  Тау  баурайында  «жер  хайуандары»  жолбарыстар  мен  ешкілер  жүр. 

Шырқау  биікте  –  құстар  мен  қанатты  жолбарыстар.  Ою-өрнекті  дулыға  жиегі, 

сақтардың түсінігінше дүниені жан-жағынан қоршап тұрған әлемдік тау қыраты болып 

табылады. Ою-өрнек әлемнің төменнен жоғары қарай орналасқан үш бөлігін – жерасты 

дүниесін және жер мен аспан-көкті бейнелейді. Дөңгелек жиектің крест іспеттес болып 

орналасқан  нүктесіне  әлемнің  жан-жағын:  шығыс  пен  батысты,  солтүстік  пен 

оңтүстікті күзетіп тұратын аңдар бейнелері қойылған. Бас киімнің алдыңғы жағына күн 

белгісі  –  күллі  космостың  тұтас  бейнесі:  төрт  қанатты  пырақ  пен  төрт  алтын  жебе 

салынған.  Бұл  күн  өз  жолымен  жүргенде  айналып  өтетін  барша  үш  дүние  мен 

жалғанның төрт бұрышын  түгел билейтін  өктемдіктің  өзгеше белгісі.  Алдыңғы жақты 

сақтар  жалғанның  шығыс  жағы,  артқы  жақты  –  батыс  жағы  деп  есептеген.  Осындай 

мұрақты  тәжді  кигізу  көсемге  күллі  мифологиялық  Космосты  билеуді  берді  деген 

ұғымды білдірген. Көсем – дүниенің кіндігі, оның орталығының бейнесіндей болған, ал 

оның киіміндегі символдардың бәрі мифологиялық ұғымдар.  

 

Пайдаланған әдебиеттер 



1.

 

Ермұқанов  Б.Б.  Қазақстан:  тарих-публицистикалық  көзқарас.– 



Алматы: Ғылым, 2000. – 248 б. 

2.

 



Жұмабекұлы  С.  Сақ  патшасы  сыр  ашты.  Алтай  тауындағы 

қорғаннан  табылған  ата-баба  мәйiтi  2500  жыл  бойы  бүлiнбей,  мұз 

құрсауында жатып бiзге жеттi//Егемен Қазақстан.- 2000.- 26 қаңтар.  


3.

 

Өмірбекова М.Ш. Сақ (скиф) тарихы мен мәдениеті. Оқу құралы – 



Алматы: «Зият Пресс», 2004 ж. – 112 б. 

4.

 



Геродот.  История.  В  9-ти  кн.  Перев.  Г.А.Стратановского.–М.: 

Ладомир, ООО «Фирма «Издательство АСТ», 1999.–752 с. – (Классически 

исторической мысли). 

5.

 



Қожабек-Албани Б.Р. Мұхамед Хайдар Дулати; – Алматы: Ататек, 

2000. – 312 б. 

6.

 

Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы, бірінші және үшінші кітап; 



- Алматы: «Дайк-Пресс», 2004 ж. – 1/512, 3/488 б. 

7.

 



Жанайдаров  О.  Ежелгі  Қазақстан  мифтері;  -  Алматы:  «Аруна», 

2006 ж. - 252 б.   



8.

 

Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін, Қ.А. Ақышев, К.М. 



Байпақов, төрт томдық; - Алматы: «Атамұра», 1996 ж. – 544 б. 

 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет