Құрамындағы жай сөйлемдері бір-бірімен салаласып та, сабақтасып та байланысқан құрмаластың түрін аралас құрмалас сөйлем дейміз. Аралас құрмалас сөйлемнің құрамында кем дегенде үш сөйлем болады.
Олар бір-бірімен салаласып та, сабақтасып та байланысады.
Кеш батарда өзінің қағушы жігітін қасына алып, бетін қазбаладағы өз қосына қарай бұрды да, Абайларға қоштаспай-ақ тартып кетті (М.Әуезов). Мұндағы бірінші жай сөйлем өзінен кейінгі сөйлемге
бағынып, сабақтасып байланысып тұр, екінші жай сөйлем соңында тұрған
сөйлемге бағынбай, салалас құрмаластағы сияқты, тиянақты айтылып,
салаласа байланысқан.
Егер аралас құрмалас сөйлем үш жай сөйлемнен тұрса, олардың
екеуінің баяндауышы тиянақты, біреуінің баяндауышы тиянақсыз болып
келеді. Баяндауышы тиянақсыз сөйлем бірде аралас құрмаластың бас
жағына орналасса, бірде баяндауыштары тиянақты сөйлемдердің арасына
орналасады. Мысалы: Айтқанындай Қарашолақ қатты ұшып, түлкінің үстіне екпіндеп барды да, ар жағындағы биік тастың басына барып қонды (М.Әуезов). Яғни бірінші сөйлем бағыныңқы, екінші, үшінші
сөйлем басыңқы. Егер еті көтеріңкі болса, осы бетпен жемдесе, екі-үш күннен соң анық айқын болады (М.Әуезов). Бұл сөйлемде бірінші, екінші
сөйлем бағыныңқы ал үшінші сөйлем басыңқы болып тұр.
Егер аралас құрмалас сөйлемнің құрамындағы сөйлемдер саны үштен
артық болса, салаласа немесе сабақтаса байланысу түрі тең болуы, сондай-
ақ не салаласа, не сабақтаса байланысу жолдары бір-бірінен басым түсіп
жатуы мүмкін. Мысалы: Шешесі қапелімде сусытып алған тәспиығына ұмтыла берем дегенше, барыстай ырғып келді де, одан бұрын қағып алып, саусағына іле қойды (О.Бөкей). Сызбасы: бағыныңқы, басыңқы,
бағыныңқы, басыңқы (екі бағыныңқы, екі басыңқы). Абайдан төрт-ақ жас үлкен болса да, Михайловтың дәл өзі араласып, өзі жақын жерден көріп, естіп шыққан оқиғаларының барлығы Абай үшін шың мен шытырман ғаламаттар еді және Абайдың ойынша, жазылмаған дастан
96
болатын (М.Әуезов). Сызбасы: бағыныңқы, бағыныңқы, бағыныңқы,
басыңқы, басыңқы.
Аралас құрмаластағы жай сөйлемдердің арасына қойылатын тыныс
белгісі, негізінен, салаласа және сабақтаса құрмаласқан сөйлемдерге
қойылатын тыныс белгілерден құралады.
1. Егер араластың құрамында қарсылық мәнді жай сөйлемдер болса,
ол басқаларынан үтір және сызықша арқылы ажыратылады. Жүсіп сөйлемекші еді, - оны жұрттың ду көтеріле шапалақтаған қолы бөліп, бірсыпыра уақытқа шейін сөйлетпеді (С.Ақтаев).
2. Араластың құрамында түсіндірмелі не себеп мәнді жай сөйлемдер
болса, олар басқаларынан не қос нүкте, не сызықша арқылы ажыратылады.
Ақбозға сол күні өмірінде бітпеген шабыс пайда болған сияқтанды: төрт тұяғымен жердің топырағын уыстай аспанға атып зымырағанда, көлденеңнен көзі түскен жұрт оны ұшып барады екен деп ойлайды (С.Мұқанов).
3. Қалған жағдайлардың бәрінде араларына үтір қойылады.