Алѓы сµз
Еліміз тәуелсіздік тізгінін өз қолына алып, әлемдік деңгейде бой көрсете бастаған қазіргі таңда ұлттық мұраларымызға деген құрмет-қошемет артып, ана тілімізді таным құралы ретінде зерттеудің маңызы ерекше болып отыр. Халқымыздың өткен дәуіріндегі тарихын, өзге елдермен жасалған мәдени қарым-қатынасын және әдет-ғұрпын танып-білуде рухани бай мұрасына үңілетініміз айқын.
Қазақтың белгілі тарихшысы, ақыны М-Ж. Көпеевтің қазақ әдеби тілінің дамуына қосқан үлесі зор. Ғұлама ғалым, ойшыл, философ, тарихшы, шежірешінің халқымыздың тарихын, ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеу нәтижесінде құнды да бай мұралары қалып, күні бүгінге дейін өзінің мән-маңызының ерекшелігімен оқырмандарын тәнті ету үстінде. Медицина, философия, лингвистика, этнография, әдебиет, тарих, өнертану, археология салаларына сіңірген еңбектерінің мәні зор. Тілдің лексикалық қабаттарын қамти отырып, зерделі ақын өзі өмір сүрген кездегі әлеуметтік жағдайдың сырын жайып салған. Ішкі мұң-шерін өлеңмен шерте отырып, жуандардың кемшіліктерін бетке басқан, халқын өнер-білімге үндей отырып, болашаққа қам жасаған, көпті көрген абзал жан өткен-кеткен өмір жолына барлау жасайды. Прогресшіл бағыттағы ақын әдебиетті, мәдениетті өркендетуге зор үлес қосып, халықтың ой-арманын, мақсат-мүддесін шынайылықпен бейнелеген.
М-Ж. Көпеев заманының бұқарашыл, алдыңғы қатарлы, биік мақсат қоя білген ақыны болды. Өлеңдерінің дені философиялық ой-тұжырымдарға құрылған. Өз заманының озық ойлы күрескер қаламгері ретінде көкейтесті мәселелерді өз шығармаларына арқау еткен. Ол қазақ әдебиетін де, ислам діни әдебиетін де өте жақсы білген және насихаттаған. Барша жұртшылықты жақсы қасиеттерге үндеп, жамандықтан аулақ болуға үндейді.
Еліміз егемендік алғаннан бері ұлттық мәдениетіміздің, құнды жәдігерлеріміздің басым көпшілігі өзінің бағасын алып, ел арасына танылуда. Әсіресе, Елбасының қолдауымен басталған «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде ұлттық құндылығымыз болып табылатын асыл мұралар, сонымен қатар Кеңес дәуірі тұсында жарық көрмей, тұншығып жатып қалған дінімізге қатысты жазылған дүниелер жарыққа шығып, халыққа танылуда. Сондай мұралардың қатарында көзі тірісінде-ақ алты алашқа аты танылған, Қазан қаласында үш кітабын бастырып шығарған ғұлама ғалым Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің мұралары да бар. Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының жан-жақты, сан-салалы екендігі белгілі.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен көрнекті ақын. Оның шығармашылық әрекеті күрделі жағдайларда жүзеге асты. Оның мұрасы бай әрі сан алуан тақырыпты арқау етеді. Оқырман қаламгердің туындыларынан адам, оның өмірі туралы философиялық көзқарастарды, халықтың тағдыры, мейірімділік пен қатыгездік, оқу-ағарту, адамгершілік тәрбие мәселелерін табады. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің шығармалары көп жылдар бойы жарық көрмей, есімін ауызға алу қиын болды. Ал бүгінгі таңда оның есімі жазықсыз жалалардан ажырап, ақын-философтың, ойшылдың бай мұрасы қалпына келтірілді.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев (1858-1931) Шәкәрімнің замандасы, ақын, ағартушы, діни ойшыл, көркем туындылардың авторы. Зар заман ақындарынан көркем ойлау мен өзіндік көзқарасы жағынан Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің көптеген ерекшеліктері бар. Діни құбылыстарды саяси тұрғыда талдау жағынан және белсенді ағарту әрекетіне қатысты өзекті туындылары мол.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің өмірінің ақындықпен ұштасуына отбасының да тығыз байланысы болды. Бала жасынан болашақ ақын тиянақты білім мен тағылымды тәрбие алып, өзі де ұстаздық қызмет атқарады. Көп жылдар бойы бала оқытып, сол кездің жаңа бағыттағы оқу үлгісі – жәдитті қуаттаған.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің танымдық көзқарасының ұштасуына Абай Құнанбаевтың ықпалы зор болған.
Еліміздің Егемендік алуымен байланысты Мәшһүр-Жүсіп мұраларын кең ауымда қарастырып, тануға мүмкіншіліктер туды. Ғұлама ғалым артында 30 томдай мол мұра қалдырды. «Қара месі» -таусылмайтын қазына. Ғалым, әйгілі фольклорист, тарихшы, ақын, әулие 1858 жылы, ережеп айында, жұма күні әкесі – Көпей марқұмның 42 жасында, анасы – Танашқызы Ұлбаланың 18 жасында Қызылтауда Ашамайтас деген жерде дүниеге келген. Азан шақырып қойылған шын аты – Адамжүсіп болады.
1864 тышқан жылы Жүсіп 6 жасында Шөкел ұғлы Дүржанбай халфеден білім алып «Шығыс әдебиетінің» небір қызық жайттарымен танысады. Ауыз әдебиетінің үлгілерін, ертегі, жырларды жатқа біліп, ел ішінде айтып жүреді. Алты жасында «Шар кітабын» тауысып, араб, парсы тілдерін меңгеріп шығады. Өзі зерек, суырып салма ақын, талантты бала өзге балалардың алдына түсіп, көзге ерте ілінеді.
1874 жылдан бастап Мәшһүр-Жүсіп ұстаздық етіп, бала оқытады. Білімін жалғастыруды арман етіп, 1873 жылдың жазында Түркістан, Ташкент сапарына шығады. Көне қолжазбалар мен кітаптарды ақтарып, әдеби мұра сөздерін көп үйренеді. Ақмола дуанында Қоңырқұлжа төре тұқымдарымен, Жәңгір төремен танысады. Осы өңірде Бөгенбай батырдың немересі жүз жасаған Саққұлақ шешенмен танысады. Көкшетауда Абылай тұқымы көп төрелермен танысады. Сыздық төре Кенесарыұлымен Ташкент қаласында және т.б. жерлерде бірнеше рет кездеседі. Атығай, Қарауыл руының өнерпазы Ақан серімен жақсы қарым-қатынаста болады.
1887 жылы 29 жасында М-Ж.Көпейұлы екінші рет Бұқар, Ташкент, Түркістанға сапарға шығады. Білім мен ғылымның нұры болған Орта Азия Шығыс мәдениетіне иек артады. Мақсаты – білімнің қыр-сырымен терең сусындау. Дамолда, Хамза хазіреттерден 9 ай сабақ алады. Осы сапарында ақын түркі тілдерінің бірсыпырасын меңгеріп, еркін сөйлеп, жаза білетін халге жетеді. Түркістандағы атақты Қожа Ахмет Иассауи басына барып, тәу етеді. Сыр өңірін аралап, Майлықожамен кездесіп, жеті атасынан ақындық үзілмеген Көшек, Күдері қожа тұқымдарымен танысады.
Ақынның шабытына келіп, шығармашылығын жандандыратын кезеңі – 1889-1890 жылдар аралығы. Осы кезде «Дала уалаяты» газетіне үзбей мақала жазып, елдің өмірін, халықтың тұрмысын именбей жазады. М-Ж.Көпейұлы шығармалары Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, Рабғұзи, Құтып, Хорезми, Сейф Сарай шығармаларымен үндестік табады. Ақынның еңбектерінен Шығыс философиясын, тарихын, тілін, әдебиетін, мәдениетін өте жақсы меңгергенін көреміз.
1907 жылы 49 жасында М-Ж.Көпейұлы Орта Азия жаққа төртінші сапарын бастайды. Осы жылы 1907 жылы Қазан баспасынан «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы», «Хал-ахуал» деген үш кітабын бастырып шығарады.
М-Ж.Көпеев ғылымның әр саласынан терең хабардар болғаны белгілі, қалам тербемеген тақырыбы жоқ десек қателеспейміз. «Қазақ тарихы және географиясы деректері» танымдық еңбегінде уақытқа қатысты мынадай ойлары бар: «Күн әр уақытта бір жерден шығып тұрмағандықтан, күннің шығысы мен асыл жақты белгілеуге қатысы болмағандықтан, Темірқазық жұлдызымен белгілеу анық болады. Жұлдызға қараған кісінің алды - сол, арты - оң. Мұнан басқа құбыланамамен белгілеуге болады. Құбыланама әр уақытта оң мен солды білгізеді» (9 т, 221-б).
Ф.ѓ.д., профессор Т±рышев Айтм±хамет Ќасымбай±лы
Достарыңызбен бөлісу: |