Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романы
ХХ ғасырдың 60-жылдары ұлттық əдебиетіміздегі жаңа бір кезеңнің бастауы болды. Бұл кезеңде əдеби жанрлар барынша дамыды. Проза жанрындағы елеулі ізденістер өз жемісін бергеніне осы кезеңде жазылған əр түрлі тақырыптағы романдар мысал. XX ғасырды ұлттық жазба əдебиетіміздің алтын ғасыры деп түрлі мазмұндағы, көркемдік сапасы жоғары шығармалардың дүниеге келуімен бағалап жүргендігіміз белгілі. Бұл кезеңдегі проза ұлт өмірінің əр қилы қырларын бейнелей отырып, көркем бейненің бай галереясын жасады. Проза жанры бүгінгі күн тақырыбы мен тарихи дəуір шындықтарын игере отырып, ұлт өмірінің шежірелі болмысын бейнелеп берді. Бұл салада 60- жылдары əдебиет əлеміне келген Ə.Кекілбаев, О.Бөкей, М.Мағауин, Т.Əбдіков, Қ.Жұмаділов, Д.Досжанов, Р.Тоқтаров есімдерін ерекше атауға болады.
Аталған кезеңдегі прозаның ең басты табысы — оның көркемдігінде. Дəуірдің қоғамдық- əлеуметтік келбетін суреттей отырып, жазушыларымыз оны көркем бейнелердің мінезі, қарым- қатынасы, əрекеті, ой-аңсары, мақсаты, ішкі жан-дүниесі арқылы бейнелеп берді. Жазушылар қаламына көп іліккен тарихи тақырып əр қырымен көрініп, ұлт тарихындағы ұлы оқиғалар мен ұлы тұлғаларды бейнелеп-сомдауда əдебиетіміздің тамаша табыстарға қол жеткізгені белгілі.
Филология ғылымының докторы, əдебиет сыншысы Бақытжан Майтановтың айтуынша, жазушы Рамазан Тоқтаровтың шығармалары жаңашылдық сипатымен ерекшеленеді.
Ендеше, Рамазан Тоқтаров «Абайдың жұмбағын» жазуға үлкен дайындықпен келген. Тоқтаров жазушы Мұхтар Əуезовтен шыққан «Абай жолы» романын негізге ала отырып, бес кітапты біріктіріп, жаңалығымен «Абайдың жұмбағы» атты роман-хамсасын қалың оқырманға ұсынды. Бұл шығарманы жазуда үлкен мəн бар. Себебі, туындыны оқи отырып, «Абай жолында» жазылмай қалған кейбір тұстарын байқаймыз жəне Абайдың өміріндегі айтылмай қалған маңызды оқиғаларды анық аңғарамыз.
Абайдың əдеби мұрасын өз деңгейінде тереңірек танып ұғынуымыз үшін, алдымен, Абай өмір сүрген, ұлы ақынды қоғам қайраткері етіп қалыптастырған отбасы тəрбиесі мен сол заманның саяси- əлеуметтік болмысын, қоғамдық ортасын жете танып-білудің мəні айрықша болмақ. Ол үшін Абайдың өзі ғұмыр кешкен заманы мен оның атасы Өскенбай мен əкесі Құнанбайдың заманын салыстыра қарап, сын көзімен қарасақ, көптеген саяси-əлеуметтік мəселелердің астарлы сыры ашыла түсетінін аңғарамыз.
Еліміз тəуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде əдебиетімізге алдымен келіп қосылған ірі туындылардың бірі — Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» атты шығармасы. Автордың өзі роман-хамса деп айдарлаған бұл еңбегі жазушы қаламының əбден төселген кезінде жазылған.
Роман-хамса, автордың пайымдауынша, ақынның əдеби бейнесін толымдырақ етіп жеткізу үшін əлі де қамтылмай келе жатқан жайттар баршылық. «Бір Абайдан сан кісінің саралы өмірі тұр. Абайдың не бергені — біздің қолымызда. Өзінің өмірден не алғаны, қалай алғаны — жұмбақ. Ол жұрт көрмегенді көрді, жұрт сезінбегенді сезінді. Қалай көрді, қалай сезінді, түсінік-түйсігі қай дəрежеде қалыптасты? Не нəрселерге көбірек əсерленді? Абайдың достығы, мейірбанды жүрегі, махаббатығы, сүйініш-күйініші — бəрі өзгеше».
Абай өз заманынан озық туса да жапа-жалғыз тіршілік еткен жоқ. Дүние жүзінде əдебиет пен мəдениет күрт өркендеген кезеңде өмір сүрді. Өзінің оқып білуі арқылы сол тұстағы Еуропа мен Ресейдің небір ғұлама ойшылдары мен дарынды сөз иелерінің шығармаларынан сусындады. Өз топырағында не бір аты əйгілі болған жақсылармен, сөз қуған шешендермен, елге ес көсемдермен дидарлас болды. Олардың көбін кешегі кеңестік заманда Абай айналасында көрсетпек түгіл аттарын атауға да тыйым салынған-ды. Роман-хамсада соларды жөн-жосығымен толығырақ көрсетуге мол мүмкіндіктер бар еді.
Автордың абыройына қарай, роман-хамса бастан-аяқ жоғары көркемдік дəрежеде жазылып, қалың оқырман қауымның ойынан шықты, жаңа дəуірдегі əдебиетімізге сүбелі үлес болып қосылды.
Ілтифат-хат түрінде жазылған пролог пен роман-хамсаны түйіндеген эпилогтың арасында əрқайсысы жеке-жеке кітап түрінде ұсынылған бес бөлімнен тұратын бұл ілгері туынды ұлы Абайдың жарық дүниеге келген күнінен бастап бақиға аттанғанға дейінгі бүкіл өмірін қамтиды. Онда өзінен бұрынғы айтулы эпопеяның егініне түсіп еркінсу де, онымен бой теңестіремін деп тыраштық білдірген əдепсіздік те жоқ, өз тынысы мен өз əуені өзінде дара туынды.
Енді ой көзін Абай дүниеге келген кездегі қазақ елінің тарихи жағдайына қарай бұрайық. ΧΙΧ ғасырдың орта шені. Орыс патшасының бодандығына кіргелі ғасырдан астам уақыт өткен кез. Сол мерзімнің өн бойына дерлік қыр елдің ұзын арқан, кең тұсаумен алдарқатып ұстаған патшалық оны сыртқы жаудан аман сақтап, ішкі өміріне араласпайтын сыңай танытқанымен, бірте- бірте оның шекараларын айнала қоршай ірі-ірі қалаларын салып, тірек бекіністерін нығайтып алған- ды. Сөйтіп оның ішкі өміріне тікелей араласып, əкімшілік билікті үкіметтің өз қолына алуына жол ашылған. Соның алғашқы шарасы ретінде қазақ жерінде хандық билік жойылып, əр өңірде шағын көлемді округтер құрылған. Олардың билік басына аға сұлтан деген алдамшы атақпен хан тұқымының бас көтерер пысық мырзалары тағайындалған да, олар түгелімен ішкі қалалардағы ояз бастықтарына бағындырылған.
Қазақ даласында патшалықтың ашық отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің алғашқы ұшқыны батыс өңірде сақталып қалған хан билігінің сарқынына қарсы XIX ғасырдың отызыншы жылдары Исатай-Махамбет қозғалысы арқылы тұтанса, сол өрт бірден-бірге жалғаса келіп, қырқыншы жылдардың орта кезінде Арқадағы Кенесарының қайсар қарсылығына ұласқаны белгілі. Бірақ ержүрек батыр қаншама қайрат көрсетсе де, патшалықтың от қарумен жасалған жүйелі əскеріне төтеп бере алмай, оңтүстік өлкелерге қарай жылыстыруға мəжбүр болған.
Роман-хамсаның ұзақ сонар оқиғалары маң далада уақытша тіккен шатырын жығып, Арқадан ауғалы тұрғанда айтқан Кенесарының қоштасу сөзімен ашылады.
– Уа, кір жуып, кіндік кескен туған елім! Сарыарқа сары белім! Абылай атам ту тіккен, алты Алашқа кең жазира қоныс болған алтын босағам... Кер миықтым кеңестен, керторы атым жүрістен қалып барады. Жасанған жаудан емес, жағадан алған өз иттерімнен жеңіліп, мен кетіп барамын. Қош-қош, енді айналып келгенше. Жеңсек — қазы, өлсек — шейітпіз. Шашылған күлің мен жапырылған шалғының кейінгі өсіп-өнетін ұрпағыма көрінсін. Боз інгенім ботасынан, боздауық бура жетесінен қалып бара жатса да, үйелменім аман болсын! Абылайдай атағы жер жаратын ұл тусын Сарыарқамда. Сол бастасын халқымды салқар ұлы көшке. Есіңде сақта осы сөзімді, қайран ел-жұртым, қазағым! Мен кетпеспін біржола. Тірі болсам өзім, өлсем аруағым қайтып кеп қалар. Қош-қош енді... .
Осыдан сəл ғана бұрынырақ Кенесары ел тағдырын ойлап қамығып отырғанда, өзін-өзі жұбату үшін болса да жəне бір ауыз сөз айтып еді: «Халық қасиетін жоймау үшін дана тууы керек», — деген ол. Жаңағы қоштасу сөзінде сол ойын жаңғырта қайталап айтқан.
Жаратқанның ісіне адам пенде шек келтіріп бола ма? Тəңірінің немесе бір тылсым табиғат құбылыстарының ішкі сырларында əлдеқандай таң-ғажайып сабақтастық байланыстар болатынына адам ақылының болжамы жете алмай жатса, оған не айтуға болар еді?
Хан Кененің жаңағы бір таусылып тұрып тəуба қылғандай көрегендік сөзі айна-қатесіз дəл келгендей екен. Дəл сол күні, Кенесарының қалың қолы қазақ даласының төскейінен төмен қарай жылжыған сəтте, Құнанбайдың екінші бəйбішесі Ұлжан ана қатты толғатып, үш күн, үш түн қиналғаннай кейін, шекесі торсықтай бір ұл туыпты. Қазақтың маңдайына біткен болашақ данагөйі ұлы Абай дүниеге осылай келген екен.
Роман-хамсада Абайдың нəресте сəби күнінен бастап, ес кіріп есейген жасөспірім кезіне дейінгі балғын балалық шағы соншалықты сүйкімді де тосын мінез-қылық ерекшеліктерімен, ешбір əсірелеусіз, ғажайып ертегі, аңыздарда кездесетіндей алып-қашпа қоспарларсыз, мамыражай маңғаз көңілдің ұстамды тілектестігімен əсерлі етіп баяндалады.
Міне, ол қырқынан шығар-шықпас шарана күйінде, тал бесікте үстіне төне еңкейген ананың ақ омырауын мейірлене еміп жатып, сол бір жылы жүзді кісінің бет-ажарынан көз айырмай, қас қақпай, қадала қарайды. Əлгі тəтті сусыннан ауық-ауық өзі татырмаса, бұл қыңқ деп дыбыс білдірмейді. Қасында анасы жоқ болса, жоғарыда шаңырақтан дөңгелектеніп көрінген көк аспанға немесе киіз үйдің жабығынан түскен жарық сəулеге қарап, тағы да тып-тыныш жатады.
Сегіз айдан аса бергенде ол бесіктен шығып, құйрығынан отырған кезде өз аяғынан тұратын болыпты. Бірақ ілгері қарай еңкейіп еңбектемепті. Бір халықтың болашақ данышпанын тағдыр жер бауырлап жорғалатқысы келмеген болар, ол бесігіне сүйеніп тік түрегелген бойда қаз басып ілгері қарай аттап кеткен дейді. Тілі жаңағыдай аяқтағаннан едəуір кешеуілдеп шыққан сияқты. Сондағы тағы бір оқшау мінезі — ол үйге келген адамның бет-жүзіне көз тоқтата қадалып, ұзақ уақыт қарайды екен.
Осыдан секем алған анасы Ұлжан бір күні оны Зере енесіне сыр қылып айтады ғой. Сонда өмірден түйгені көп ақылды қария бұл құбылысты өзінше түсіндіреді. Немересінің ақыл-есі кермей тұрғанда кісіге əуелі екі көзін тоқтатып алып қарайтын əдетін ол да байқап жүреді екен. «Мыйға қонатын ақыл ішке сəулемен, көз арқылы енеді. Сəуле — ақылдың азығы. Баланың есі кіре бастағаннан жыламайтыны, кісі жатырқамайтыны да содан, күнім!».
Соңғы кездері бала мінезінің бəрінен де күштірек таңырқатып жүрген тағы бір қылығы бар. Ол — кешкісін ауыл шетінен қып-қызыл боп туатын дөңгелек ай. Күндіз жоқ еді, жер шегінде кетпей қонақтап тұрып алған бұл не қылған жұмбақ шар. Өзі мұны «кел-кел» деп өзіне шақырғандай бола ма, қалай?
Толған айды бар ғажайып сəнімен тұңғыш көріп тұрған əсершіл сəби кішкентай саусақтарын көкжиекке созып:
« – Апа... Əпе... Əпе... », — дыбыс білдіреді. Соны əркім əрсаққа жүгіртіп, өздерінше жорамалдап жатқанда, анасы былай деп тоқтау айтады:
«Толған ай — баланың көңіліне орнаған тұңғыш жұмбағы. Аманат жаны аман болса, оны да түбі өзі шешеді».
Абайдың тілі əбден шыққаннан кейінгі кейбір қылықтары таң-тамаша. Ес білгелі кісіден жатырқамайтын үйірсек жас, сырттан келген адамдардың бет-ажарына көз кідіртіп қадала қарайтын мінезі өз алдына болғанда, сол кісілердің аузынан шыққан сөздерді қалт жібермей, есінде сақтап қалады екен. Сон соң кісі кеткеннен кейін бір сөзін қалдырмастан, түп-түгел қайталап бере алады екен.
Осыдан Абайдың бала кезіндегі естілігін аңғаруға болады. Сол естілікті Абай, өзінің он тоғызыншы қара сөзінде былай деген екен. Қазақта мақал бар: «Көре-көре көсем боласың, сөйлей- сөйлей шешен боласың».
Абайдың атасы Өскенбай Ырғызбайұлы (1773–1850) тобықты руының атақты биі болған. Өскенбай заманы тəуелсіз Қазақ хандығы мен Ресей империясының отаршылдық заманында өмір сүрген. Құнанбай əкесі Өскенбайға 1851 ж. Ас бергенде 6 жасар Абай əжесімен бірге сол асқа барған еді. Бала Абай жастайынан атасы Өскенбай заманын, онда болып өткен түрлі оқиғалар мен ру таласын, саяси-əлеуметтік мəселелерді сезініп өссе, олар жайлы тарихи əңгімелерді ел аузынан естіп, көкірегіне түйіп өсті. Өйткені ол заман əлі де болса қазақтың көшпелі өмірі мен əдет-ғұрпын, ұлттық салт-санасы, дүниетанымы сол қаз-қалпында сақталып, өзгеріссіз тұрған кезең еді.
Осындай ерекше зерек зейін-зердесі арқасында ол бес жасында ауыл молдасының алдынан дəріс алып, тез арада хадим əліппесін игереді. Көп ұзамай Құранға түседі. Оның сыртында «Бозжігіт», «Құламерген мен Жоямерген» сияқты ертегі-хиссаларды да зуылдатып оқи беретін болады.
Бұл жасөспірім баланың сегізден тоғызға қараған шағы еді. Бір күні оған пейілі түсіп отырған əкесі қасына шақырып алып:
Балам, сені алдағы жаз оқуға апарам, — дейді. Содан кейін сəл кідіріңкіреп, толғанып отырып сөзін жалғастырады: — Ендігі жерде білекті емес, білімді алатын заман келе жатыр. Сен Семей шаһарындағы үлкен мешіт қасынан ашылған Ахмет-Риза хазіреттің медресінен оқып білім аласың.
Əке сөзі екі болмайды. Келесі жылдың жазында Құнекең Абайды Семей қаласындағы медресеге алып барып, оның хазіретіне өз қолынан тапсырған. Кетіп бара жатқанда əке өсиеті мынадай еді: Балам он қой жарысса біреуі озып келеді, ол емес жүйріктік.Қатарыңнан жарысып озба, бойыңнан өнер шығарып оз. Өнбейтін нəрселерге ұмтыламын деп, отыңды өшіріп алып жүрме.
Дүние жүзіндегі ең бір шытырман, ең бір қиын, мағынасыз оқу — діни сабақтар жүретін медреседе Абай да оңай азап тартқан жоқ. Мағынасы жат діни кітаптардың əрбір харпіне шұқшиып, жаттап алуға мəжбүр болды, медреседе ересек адамдар да оқушы еді. Олар да құранның түсініксіз сөздерін жаттап, ораза тұтып, намаз оқығаннан басқа өмірге жуысатын пайдалы ілім ала алмаушы еді. Бар əңгімелері діни ереже болатын осындай ойсыз ортада жүрсе де, жас Абай олардың ауқымында, ықпалында қалып қоймады. Ислам дінінің кертартпа қағидалары оны қанағаттандыра алмады. Өмір үшін туған Абай сол діннің күңгірт дүниесінде адасып қалмай, сəулелі, нұрлы дүниеге қарай талпынды. Поэзияға ерте əуестенді.
Əрине, медреседе жүрген шəкірт Абайдың алғашқы өлеңдері, əсіресе тіл жағынан шұбарлау, халық тұрмысынан жырақтау еді. Кейінгі өте нəрлі, татымды піскен поэзиясына келе алған жоқ-ты.
Медреседе хазірет Абайдың құран мағынасын еркін шығаратын сауаттылығын ескеріп, оны өзінен көп үлкен ересек балалардың тобына қосып қойды. Ондағы сабақ беретін молдалар — Сүлеймен қалпе, Шəріпжан қалпе, Əлкембай хажы сияқты өңдері салқын болғанмен, үндері құлаққа жағымды, дүние ісі мен сөзінен мол хабардар ғұлама адамдар болады. Олар араб, парсы тілдерінен дəріс береді. Одан басқа тарих, жағрапия, есеп сабақтары оқылады екен.
Солардың ішінде Абайды ерекше баурап əкеткені жаңағы аталған қалпелер жүргізетін араб, парсы тілдерінің сабағында айтылатын өлең-жырлар: тілге жеңіл ғазелдер, қысқа шумақты рубаяттар, ұзақ-ұзақ айтылатын ғашықтық жырлары. Абай алғашында оларды өзінен өзі туған, Құран сияқты көктен түскен дайын дүниелер деп есептейді. Сөйтсе оларды Науаи, Сағди, Фирдоуси, Жəми, Руми, Хафиз, Хайям сынды ақын, шайырлар шығарған екен.
Бір күні хазірет Абайды қасына шақырып алып, өз үйіне ертіп барады. «Келешекте ғалым болатын балаңыз осы ғой, молда? Өз үйің бұл», — деп жайдары жүзбен қарсы алған абызтай апасынан қысылыңқырап, сыпайылық сақтап тұрған жігіттің көңілін бөлейін дегендей, хазірет əуелі шəкіртінің əкесі туралы сөз бастайды.
Құнанжан екеуміз бір жылдың төліміз. Қара қазақта өзінің тұрғыласынан сенің əкеңнің алдына шығар тірі пенде жоқ. Тек Құдай бойына қуат, жанына саушылық берсін. Алда тұрған көп ықылым замандарға кетеді оның ғибратты істері», — деп алады да, хазірет өзінің негізгі айтпақ ойына көшеді.
Тауарихтан айтсақ та, дала тіршілігін таратып сөз етсек те, əуелі ғылымға, даналардың ғаделет заһиріне көбірек үңілеміз... Бай бол, бағылан бол, — бір ғылымнан басқаның бəрі кесеп, асылық етеді. Бір күнде қапысын тауып, алдан тосады. Сонда да һаммаға харекет беретін бір Алла тағаламның хикметі ғой.
Сөзің ерте піскен зерек ойыңнан кəмелет — ғазаматтық таныдым мен, Ибраһим. Пайғамбардың хадис-шарифінде айтылған ол, «зеректік — ерте есеюдің белгісі » деп...».
Роман-хамсада Шоқанмен Абайдың алғаш кездесуі жасы сегізден тоғызға аса бергенде, өзінің айтуы бойынша, ақыл-есі кірген кезде, Құнанбай ауылында болған еді. Ат аяғы жетер жердегі игі жақсылардың біразы бас қосқан үлкен жиынға Шыңғыс Омбыдағы оқуын бітіріп, генерал- губернатордың қарамағында қызмет істеп жүрген баласы Шоқанды ерте келген. Сонда ол ауыл молдасынан сабақ алып, хат танып қалған бала Абайды ұнатып қалып, бойына үйір еткен. Оған өзі білетін біраз хиссалардан жатқа үзінділер айтқызып, өте риза болған. Оның келер жаз Семейге барып оқитынын естігенде, соған шын ниетімен қуанып, ағалық тілектестігін білдірген.
Келесі жылы қызмет бабымен Гасфортқа еріп Семейге барған сапары кезінде, қасында Достоевский бар Шоқан Ахмет-Риза медресесіне шəкірт Абаймен екінші рет кездесті. Өзін алғаш көргеннен бері бір бүйірінен шықпай қойғанын айтып:
Қалай оқуың көп пе, əлде тоқуың көп пе? — деп сұрағанда, Абай іркілместен:
Сол екеуі де аздық етпесе, көптік қылмас деп ойлаймын, Шоқан аға, — деп ұшқыр жауап беретіні бар.
Сонда Шоқан оның қолынан алып, салалы ұзын саусақтарына сүйсіне қарап тұрып:
Аздық етеді, бауырым! — дейді. Мұндағы оқуының үстіне орыстың оқуын қоса оқуға кеңес береді. Жарты əлемнің сонда тұрғанын айтады. Жəне соған Абайдың өз аузынан уəдесін алып кетеді.
Медреседе бес жыл болған Абай сол жылдардың соңғы кезінде, бір жағынан, Семейдегі орыс мектебіне түсіп оқиды. Медресенің діни қаталдығы оны қаймықтыра алмайды. Бұл Ресей патшалығына бағынған қазақ халқы орыс мəдениетінің дəмін толық тата бастаған, орыс тілін білу үлкен өнер саналған кез еді. Абай өз заманының жаңа оянған тілегіне орай, ерен талпынушылардың бірі болды. Бірақ Абай сол орыс мектебінде үш-ақ ай оқыды. Оны ел билеу ісіне араластырмақ боп, əкесі ауылға алып кетеді.
Құнанбай ол кезде қаншама дəуірлеп тұрса да, қарсылыққа көп ұшырап, бар күнін тартыспен өткізген еді. Қарапайым халықтың ішінен бас көтере бастаған адамдар болып еді. Соны сезген, содан қаймыққан Құнанбай ең алдымен балаларына арқа тіремек болады. Əрқайсысына əр тайпаны, əр руды басқартып, күллі өлкені шеңгелінде ұстай беруге күш салады. Сол балаларының ішінде Абайдың өрен алғыр, тапқыш, шалымды екенін кəміл аңғарған Құнанбай оған ерекше зер салады, өзінің төл мұрагері еткісі келеді.
Құнанбайдың ертеден жəне аға сұлтан болып сайланған дəуірден басталатын қызметтері жайлы да марағат қорынан бірнеше құжаттар табылды. Құнанбай мен Бөжей екеуі бірігіп, 1840 ж. Шекара начальнигі Михаил Васильевич Ладыженскийге жазған арызынан олардың 1831 жылдан бастан-ақ ел басқару ісіне араласып, Ресей өкіметімен қарым-қатынаста болғандығын аңғартады.
«1831 жылы Қарқаралы округі құрамына ендік. Келесі жылдан бастап-ақ, елдің таңдаулы адамдарын ұйымдастыра отырып, қара бұқараға ықпал жүргізіп, алым-салық жинап өткізу ісін жүзеге асырдық. Əр уақытта оларды жоғары ұлықтарға бағынуға, оларды тыңдауға үйретіп отырдық. Өткен үш жыл ішінде бүлікшіл сұлтан Кенесары Қасымовтың жəне оның сыбайластарының əрекеті кезінде біздің ел қазақтары оларға ешқандай көмек көрсетпеді жəне оларға қатыспады. Біз бұған ресей еліне беріле қызмет ету нəтижесінде жеттік. Ресей өкіметінің ішкі қарсылас жауларына сақтықпен қарап отырдық» — деп айта келіп, осы еңбегімізді бағалап, наградаға ұсынсаңыздар деп өтініш жасайды (18 декабрь 1839 ж.).
Құнанбай — ауыл басқарған старшина, болысты басқарған управитель, округті басқарған аға сұлтан. Жер дауы, барымта, жесір дауы, ел билігі, сауда ісі, егін шаруасы, оқу ісі сияқты шешуі қиын түйінді мəселелердің бəрінің қиындығы мен азабын басынан кешірген феодалдық қоғамның өкілі. Əкімшілік басқару ісінде патша өкіметінің шенеуніктеріне үнемі арқа тіреп, солардың жəрдем- қолдауымен жүріп отырған. Ел басқару оңайлыққа түскен жоқ. Оның аталас қарсылас жаулары үнемі оған қарсы шығып, арыз үстіне арыздар жазып, талай рет тергетіпті де. Құнанбай тартып алған жерлерін, айдап алған малдарын төлетіп қайтарып алған кездер аз болмаған. Құнанбайды інісі Майбасар, баласы Құдайберді мен басқа да аға-іні туыстарын сабап жарақат түсірген қарсыластары əр уақытта табылып отырған. Бүкіл тобықты елінің болыстары мен билері əскери губернаторға арыз жазып, Құнанбай мен Майбасарды қызметінен түсіріп, түрмеге қаматып тексерткен істері əлденеше том болған. Ол бірде жеңіп, бірде жеңіліп өмірін арпалыста өткізген. Құнанбай қызметіндегі бір көрініс беретін ісі — оның оқу-ағарту жұмысына мəн бере қарауы.
Құнанбай дінді мықтап ұстанып өткен адам. Діни оқуды, сонымен қоса орыс оқуын да үйрету ісіне өз тарапынан кейбір жұмыстар жасағаны байқалады. 1845 жылғы январь айындағы арызында Құнанбай шекара басқармасынан қазақ балаларына жəне өз балаларына азиатша, орысша тіл үйретіп, білім беру үшін аулымнан училище ашамын. Балаларды оқыту үшін қазақша-орысша сөйлей алатын, жаза білетін бір орыс мұғалімін жіберуді сұраймын деп жазады.
Академик Мұхтар Əуезов: «Шынайы күрделі, қиын қақтығыстар тұсында ғана адам сезімінің, талайының, талабының, мінездерінің, тағдырдың, барының түгел ашылып, тартыс қатал айқасқа айналады. Осындай ғана қақтығыстар барлық повесть, роман, драма атаулының ең сенімді қаңқасын, арқа сүйер тұлғасын тұрғызады», — деп жазды.
Ендеше, ең үздік, шебер жасалған адам образын алдымен қою тартысқа құрылған қалың оқиғадан іздеуіміз абзал. Осыдан келіп сюжет пен характердің өзара байланысы туады.
Жазушы, əуезовтанушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың айтуы бойынша: «Негізі «Абай жолы» роман-эпопеясындағы кейіпкер Абай мен кейіпкер Құнанбайдың өмірі бір басқа да, тарихтағы Абай Құнанбайұлы мен Құнанбай Өскенбайұлының жеке өмірі бір басқа. Романды оқып отырып «егер, Құнанбай бөгет болмаса, Абай көксеген арманына жететін еді», деп ойлайсың. Бірақ бұл өмірлік те, тарихи да шындық емес. Абай, өзге балаларына қарағанда, еркін өссе де, əкесі орнатқан тəртіпке бағынған. Олар бір-бірімен өштесіп өмір сүрмеген. Абай сынды адам Құнанбайдай əкеге қарсы шыға ма? Мұндай қылық біздің ұлттық қасиетімізде жоқ. Бірақ Əуезов əке мен бала арасындағы тартысқа саналы түрде барған. Өзінің «Абай жолын» ақтап алу туралы мақалаларында: «Мен өзімнің романымда əке мен бала арасындағы қақтығысты негізгі тартыс етіп алдым. Абай — жаңа заман, Құнанбай — ескі заман. Екі заман тартысын əке мен баланың тартысы арқылы суреттедім», — дейді.
Бұл орайда жазушыны кінəлаудың реті жоқ. Өйткені Кеңес үкіметінің ол тұстағы идеологиясы сондай еді.
«Абай жолы» эпопеясы кейіпкердің, яғни шəкірт Абайдың, мүшел жасқа толар-толмас, небəрі он үштегі кезінен басталады. Елге асығып, оны сағынған жас жеткіншек Қодар-Қамқа трагедиясына тап болып, əке қатыгездігінен қатты түршігеді. Міне, осы тұстан Абай əке озбырлығы мен өктемдігін көріп, жамандықтан жиренеді, жақсылықты мұрат тұтып, өмірге көзқарасы қалыптаса бастайды [5].
Сол трагедияға қысқаша тоқталайық. Мұхтар Əуезовтің «Абай» романында Құнанбайдың ел шетінде отырған Қодар есімді батыршалыс жігітті келінімен қоса түйеге асып өлтірген қатал үкіммен басталатын оқиға бар. Бұл оқиғаны жазушы тартыс үшін əрі бояуын қалыңдатып, əрі шын мəніндегі болған оқиғаны роман желісіне орай сəл өзгертіп, иіп келтіріп алғаны рас. Шындығына келсек, Қодар баласы өлген соң əлде күйіктен, əлде басқа бір жағдайдан, бұл арасы зерттеушіге беймəлім, өзінің туған келінімен жақындасып қояды. Үлкен бір жиында бөтен рудың биі Құнанбайдың алдына дəл осы оқиғаны кесе көлденең тартып: «Еліңде дінді бұзған, салтты аттаған адам бар», — деп бетіне басады. Құнанбай тосылып қалады. Елге оралған соң Қодар қонысына сенімді шауыпкелін аттандырып «біліп келші, əлгі бидің сөзі рас па екен», — дейді. Шауыпкелі «Рас екен», — деп келеді. Содан Құнанбай қаһарға мініп, ашу, ыза, жын, шайтанын шақырып, əр рудың ақсақалын соңына ілестіріп барып, «діннен безген тентекке өлім жазасын бұйыртқаны» сол болатын. Тарихи боямасыз шындық осы.
Жазушы, əуезовтанушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Айқын» газетіндегі сұхбатында бұл туралы былай дейді:
Мұхтар Əуезов күнделігінде: «Абайдың «Қодар мен Қамқа» оқиғасын естуі мүмкін», — деп жазады. Ол «Қодар мен Қамқа» оқиғасының «тонын теріс айналдырып беру» арқылы Абайдың кіршіксіз мінезін айқындай түскен. «Қодар мен Қамқа» оқиғасы Абай тұлғасы үшін қызмет етіп, оның бүкіл дүниежүзі сүйінетіндей жағымды, адамгершілік қасиетін беріп тұр емес пе?!
Бұл оқиға Абай өмір сүрген кезеңде болмағанымен, сол қоғамда болған. Атасы мен келінінің арасындағы зинаны тыю үшін Құнанбай дала заңына сүйене отырып, оларды қоғамнан аластау туралы үкім шығарады. Екеуін дарға асып, болашақта басына жастардың келуі мүмкін деп қауіптеніп, опасыз оқиғадан ескерткіш қалмау үшін денелерін қара жерге де бермей, өртеп жіберген. Бірақ романда Қодар жазықсыз кедей ретінде суреттеліп, күнəсіз жандарды Құнанбай жер үшін өлімге қиған болып, өмірлік шындық көркемдік шындыққа айналып кете береді.
Рамазан Тоқтаровтың романында Абайдың бойында адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына Ұлжан анасы мен Зере əжесінің берген тəлім-тəрбиесі зор екені байқалады. Соның бір көрінісі ретінде мына оқиғаны келтіруге болады:
Абай жас ортасына қарай келіп, кемелденген шағында мына бір жəйтті еске алып, күліп отырады екен: Менің ақыл-есім сегізден тоғызға қараған күнгі бір таң қараңғысында, үй-ішімізбен көк арба үстінде кетіп бара жатқанымызда кірді, — дейді екен.
Бұл оқиғаның мəнісі былай болады. Бала Абай, оның анасы Ұлжан, əжесімен емшектегі Оспан төртеуі бір көлікте отырып, көшке ілесіп келе жатқанда, жаңағы өзі айтқан таң қараңғысы кезінде, бұлардың арбасы ауып, құлай жаздайтындай қатерге ұшырайды. Сөйтсе арбаның артқы бір тегершігінің мұрындығы түсіп қалып, доңғалағы бірге құлаған екен. Ересектер сол кедергіні жөндеп, көш ілгері жылжығанда, күн көзі едəуір көтеріліп, дала табиғаты мамыражай қалпына келіп тұрған бір шақта, арбада бейқам отырған Абайдың алдына бір нəрсе топ етіп құлап түседі. Кіп-кішкентай, жып-жылы, тірі жан иесі. Дір-дір етеді. Соны аңғарып үлгергенше, тағы бір нəрсе өзіне қарай оқтай атылып жақындай бере, зу етіп өте шығады. Бұл байқап қалады, құйрығы шолтаң еткен тұрымтай екен де, алғашқы құлаған нəрсе содан қашып, жан сақтаған торғай екен. Екі көзін бұдан айырмай, діріл қағып, тұла бойы қалт-құлт етеді. Бұл аяушылық білдіріп, соған қарай екі алақанын жайып, қолын соза берген.
Тиме балам. Тұрымтайдан ығып, сені пана тұтты ғой, бейшара! — дейді осы оқиғаны көзімен бағып жатқан анасы. Сəл есін жиып, қатерден құтылған торғай сол кезде пыр етіп ұшып кетеді.
«Шамаң келгенше, əлсіз нашардың бəріне қорған бола жүр, балам!» — деген сол көш үстінде Ұлжан анасы. Осы сөз Абайдың азамат болып, өмірінің ел ісіне қызмет ете бастаған алғашқы кезеңінде ана өсиетіндей болып есінде қалып еді. Соның жемісіндей болып, жас жігіт, əке қызметінде жүргенде, əр түрлі дау-шарға араласып, төрелік айтқан кездеріндегі əділдігіне, жəбір көрген нашарларға болысқан жанашырлығына ұласқан. Бұл қасиеттері əсіресе Құдайберді ағасы қайтыс болып, соның кандидаты ретінде болыс болған кезінде айқын танылып еді. Сондағы оның жанына батқаны ел ішіндегі атқамінер пысықтардың баспайдасын ойлап, бас араздықтың ырқымен іс етіп, халық арасында жік туғызғаны жəне солардың айтқанын істеп, бұқараға зорлық-зомбылық істеген патша ұлықтарының заңсыз қылықтары еді. Ол соған қарсы ашық наразылық танытқан.
Біздің пайымдауымызша, «Қодар мен Қамқа» оқиғасы Абайдың өмірге деген енді-енді қалыптаса бастаған көзқарасына үлкен əсер етті. Əкесінің шешімін түсінбеген ол, неге олай істеді? Оныкі дұрыс па? Жоқ па? Деген сияқты сұрақтарға жауап іздей бастады.
Ұлы ақын Абайдың он үш жастан өмірінің соңғы күніне дейінгі өмір жолы аға сұлтандық билік жүйесінің соңы мен елді ала тайдай бүлдірген болыстық биліктің заманында өтіп жатты. Сондықтан да Құнанбайды терең танып білмейінше, Абайды жете танып білудің өзі қиынға соқпақ. Құнанбай Абайды он үш жасынан бастап ел билеу жұмысына баулып, ел өмірімен, халықтың тұрмыс- болмысымен мидай араластырып жібереді. Абай осы ортада ер жетіп, отбасы тəрбиесі мен халық өмірін танып-білу жолымен қалыптаса бастады.
Ел билеу жолындағы əкесінің тапсырмаларын орындай жүріп, елдің əдет-ғұрып, салт-санасы мен əңгімешіл қарттарымен сырласа жүріп, халқының рухани қазынасына қаныға түсті. Аты шыққан замандас ақындары Дулат, Шортанбай, Шөже, Балта, Тəттімбет, Қазақбай, Жанақ, Түбек, Біржан, тағы басқа ақындардың алдын көріп, Сарыбай ақынмен сыр шертіп сырласуы Абайдың əдеби ортасының алғашқы бастау көздеріне жатпақ. Осы ортада жүріп, өзінің тұңғыш ақындық талпынысы Абайдағы бойына біткен ақындық өнердің бүр жара бастаған кезеңін оның бозбала шағындағы экспромтты өлеңдері мен құрбыларымен сөз қағыстыру өнеріне төселе түскен қалпын танимыз. Медреседе оқыған жылдары мен əкесінің ел билеу жұмыстарымен айналысқан бозбала Абай жігіттік шағында шығыстық классик ақындарын оқып, ақындық рухани қазынасы да күн асқан сайын нəрленіп қорлана береді. Ауыл қарияларынан, ел ақсақалдарынан да əңгіме үстінде шешен, тапқыр сөйлеудің сырын танып, сөз өнерінің тыңдаушыға əсер ету қуатынан сабақ алып, көркем сөздің қоғамдық ойдағы алар орнына мəн бере бастайды.
Бұлардың бəрі де Абай мұрасының рухани көздері немесе өзгеден алған рухани нəрлеріне жатады.
«Дүниені көздеп, ғылымды іздеп, Екі жаққа үңілдім», — дейтін Абайдың Шығыс пен Батыстан, яғни екі жақтан алған рухани бұйым белгілері де Абайдың əдеби ортасына жатады. Осы екі салаға қоса Абайдың қазақи қалпын танып білмейінше, кетпен тұяқ кемеңгер ақынның ұлттық, халықтық, ақындық өнер болмысындағы ерекшелігін танып біле алмаймыз. Өйткені Абайдың өзі күнделікті іздену үстінде нəр тартып, тікелей араласқан, танысып біліскен, шығармаларымен бала жастан қанығып, жаттап өскен əдеби ортасы абайтану саласында айрықша мəнге ие болмақ. Себебі Абайдың əдеби ортасы да өзіне нəр алған рухани қазына көздерінің біріне жатады. Мысалы, Мұхтар Əуезов
«Абай жолы» эпопеясында Абай мен Қадырбайдың (Садырбайдың) кездесу кешіне аса мəн беруі себепті: «...Екі күн, екі түн бойы əңгімеде Абай ылғи ғана Қадырбай көрген ақындар жайлы сұрастырған. Қадырбайда үлкен мінезділік, кеңдік бар. Сонысы ...осы кəрі ақын есіне алып отырған Садақта, Шүмекте, Барласта да бар сияқты. Қадырбай қасиеттерінің түбіне бойласақ, ақындық дарыған күш тегінде заманның қасіретін айтады екен. Абайдың жақсы көрген ақындарының бірі Барлас еді. Беріде Шөжені біледі, Балтаны көрді. Абай Қадырбайға ұстаз алдында алмаған азық алғанын айтты» (М.Əуезов Шығармалар 4-т., 176-б.), — деп Абай тербеліп өскен ақындық бесігі болған əдеби ортаның рухани əсерін анық аңғартады. Абай араласқан қазақы əдеби ортаның аумағы Түбек ақынның Алатауды жайлаған Сүйінбай, Жамбылдармен айтысып жүруі əдеби ортаның географиялық кең өрісін де айғақтап тұрады.
Роман-хамсада Шоқанның Абайға айтқан ақылы, білімге жол сілтеуі, бағыт беруі екеуінің əңгімелерінен айқын аңғарылады. Соның мысалы ретінде мына бір жайтты келтіруге болады:
Арада біраз жыл өткеннен кейін Абай Шоқанмен үшінші рет кездеседі. Шоқан Қашғар сапарына барып қайтқаннан кейін, тарихи-ғылыми тұрғыдан үлкен жаңалық ашып, атақ-даңқы дүрілдеп тұрған шағы. Енді елге қызмет етпек болып, билік үшін шарға түсіп жатқанда, Құнанбай Абайды Атбасарға ерте барған. Бұл оның жігіт жасына келіп, үйленген, əке болған кезі болатын.
Екеуі ескі достардай шұрқырасып көрісті. Он жас үлкендігі бар, оқығаны, көрген-білгені көп Шоқан ағасы болашағынан зор үміт күттірер інісіне кездескен бойда өзіне керек сұрақты бірден көлденең тартқан.
Арманың, мақсұтың не алдыңа қойған?
Көргенімді, сезгенімді ішіме тығып, жинап келемін. Солардан босанғым келеді, — дейді Абай.
Алға қойған өмір жоспарың қандай? Кім болғың келеді? — деп тағы да тосынан қойылған сұраққа нақты жауап тауып үлгермеген інісі:
Халқыма қадари-қал қызмет етсем деймін, — деп сəл мүдіріңкіреп тұрып: — Ептеп өлең жа- замын, Шоқан аға, — дегенде, ақ тілеулі ағасы жан дүниесімен елең етіп: — Бəлі, əкел қолыңды, інішегім! Бірден осыдан бастауың керек еді ғой! — дейді. Бұл талабын қатты қолдай келіп, өлеңді жазып шығарған дұрыс екенін алдымен ескертеді. Абайдың арғы ойынан дөп түскендей, орыстың ұлы ақындары Пушкин мен Лермонтовты үлгі қылып ұсынады. «Ақ қағазға түскен сөз маржаны ғана адамды мəңгілікпен тілдестіреді» деген бір шындықты санасына ұғындырып айтады.
Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағындағы» Абай өмірі — ғажап өмір. Бесікте əнмен əлдиленген ол көшпелі елде, əр түрлі рулардың салтында əсершіл боп өседі. «Бахаббат пен ғадауатқа» ерте қанығады. Тіршіліктің шұғылалы жағымен көлеңке жағын түгел таниды. Бармағынан бал тамған өнерпаздарға қызықса, қарапайым жандардың ішкі сұлулығына сүйсінсе, үй ішіндік, рулық, таптық шəркездіктерге жауап іздеуге тиісті болады.
Достарыңызбен бөлісу: |