С.С.Черников қазған Шілікті обасы Шығыс Қазақстанның далалық бөлігінің тамаша ескерткіші болып табылады, ол 51 үйіндіден түратын үлкен қорымның құрамына кіреді. Басқа жерлердегі сияқты, мұнда да ұсақ обалар жоқ. Қорымның үйілген топырағының диаметрі 100 метрге, биіктігі 8—10 метрге дейін жетеді. Бүл — жүздеген жылдар бойы кісі жерленген, тайпалар мен ру көсемдерінің үлкен зираты.
Обаны қазу жұмыстары оның құрылымын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жердің бетінен аумағы 58 шаршы метрдей, терендігі 1 метрдей шұңқыр қазылған. Оның ішіне балқарағайдың жуан беренелерінен шаршы қима жасалған, бөліктерінің қабырғалары екі, ал тебесі бір қатар бөренелерден тұрады; бөренелер жылжып кетпес үшін шұңқырдың қабырғалары мен ағаш құрылыс арасына уатылған тас толтырылған. Қиманың бұрыштары бөренелердің бір-біріне тиер жерінде күйдіріліпті. Ағаш моланың ішінде, батыс жақ қабырғасы жанында, жонылған қалың тақтай еденде 40-50 жастағы еркек пен 50—60 жастағы әйел жөне олардың жанына қойылған заттар жатты. Өліктерді қабірге шығыс жағынан жалғасқан дәліз-дромос арқылы кіргізген. Жерлеп болғаннан кейін дромос бөренелермен жабылып, бүкіл құрылыс уатылған ірі тастармен көмілген. Содан кейін тығыз сары түсті балшықтан үйінді тұрғызылып, оның үстіне майда малта тас араласқан топырақ үйілген. Алғашқы түрінде обаның диаметрі 45 м, биіктігі шамамен 10 м үйінді болған. Кейін бірте-бірте шөгіп, қазатын кезде оның диаметрі 66 м, ал биіктігі 6 м болды.
Басқа да көптеген обалары сияқты, Шілікті моласы да көне заманда-ақ тоналған.
Тоналғанына қарамастан, обада өте бағалы заттар: ертеректегі жебелердің ассиметриялы-ромб түріндегі деп аталатын ұңғылы қола ұштарының он үші салынған былғары қорамсақтың қалдығы, темір заттың сынығы және ертедегі қолданбалы өнердің 524 алтын бұйымынан тұратын жарқын үлгілері сақталған. Олардың арасында қорамсақтарды сәндеген, аяқтары бүгулі бұғы түріндегі қаптырмалар (14 дана), басы бұрулы бүркіттердің (9 дана), шиыршықтала бүктетілген қабыланның (29 дана) бедерлі мүсіндері, жұқа қаңылтырдан қиып жасалған қабандардың мүсіндері (12 дана), балық бейнесі, перуза тас еткермеленіп, майда домалақ алтын түйіршіктермен әшекейленген, қанаттары жаюлы құс түріндегі қаптырма және басқа неғұрлым ұсак зергерлік әшекейлер бар.
Шілікті обасы б.з.б. VII-VI ғасырлар аралығына жатқызылады. Бұл Қазақстанның солтүстік далалық өңіріндегі ең ертедегі «патшалық» оба және Евразия аймағындағы сондай обалардың бірі. Мұнда Еуразия далаларындағы мал өсіруші тайпалардың қолданбалы өнері айқын көрсетілген. Шілікті обасындағы аң стиліндегі бірқатар көркем туындылар (аяқтары бүгулі бұғы, шиыршақтала бүктетілген қабылан, басы бұрулы бүркіттер) сақ-скиф дүниесі өнерінің алғашқы үлгілеріне жатады.
2003 жылы Шілікті қорымынан конструкциясы осыған ұқсас, ағаш қимасы мен оба үйіндісінен тұратын тағы бір «патша обасы» Ә.Т.Төлеубаев жетекшілігімен қазылды. Осы археологиялық нысанды қазған экспедиция құрамында археолог Ғ.Қ.Омаров та қажырлы еңбек етті. Шілікті-1-3 тобындағы бұл обадан (Шілікті-3, №2 оба; Бәйгетөбе) алтын киімді адамның қалдықтары табылған. Обаның биіктігі 7,9 м, диаметрі 97,4 м. Обаның өзі үш қабаттан тұрады. Ең жоғарғы қабаты топырақ, шым және құм араласқан қиыршық тастан көтерілген. Екінші қабаты үйілген тас оба. Тас оба (тас сауыт?) астында самырсын қарағайларынан қималанып салынған қабірхана (биіктігі 3,5 м) орналасқан. Онда бір адам ғана жерленген. Оның шығыс жағынан үлкен (ұзындығы 15,6 м, тереңдігі 1 м) және кіші (ені 0,8 м ) екі жер асты дәліз (дромос) аршылған. Дромостан қабірханаға кіретін есіктің ені 1,2 м, биіктігі 1 м. Қабірхана екі қатар самырсын бөренелермен қималанып көтерілген. Араларына тас толтырылған. Қабірхана ерте замандарда-ақ тоналған, алайда мұнда жерленген ақсүйектің киімі мен бас киімін әшекейлеп тұрған бұйымдардың біразы тонаушылар траншеясында түсіп қалған, оларды археологтар тапты. Далалық ізденістер барысында 3-Шілікті қорымының Бәйгетөбе обасынан жалпы саны 4303 дана алтын заттар аршып алынған. Олардың 153 данасы мәлін маскасы, 36 данасы бүркіт-самұрық, 20 данасы бұғы, 39 данасы қасқыр (аю), 1 данасы арқар бейнесінде, алынған заттар арасынан әсіресе бесжұлдыз салынған түйме-қаптырма ерекше көз тартады. Сондай-ақ көңірдекше (63 дана), жартышар (141 дана), қоңырауша (23 дана) түріндегі және басқа да көптеген салпыншақтар мен қапсырмалар, алтын тілікшелер алынған. Шілікті алтындарындағы негізгі ерекшелік, мұнда басқа өңірлерге қарағанда құйма алтын басым. Санкт-Петербург ғалымдары В.Скрипкин мен Н.Ковалюктың дендрохронологиялық сараптамасы бойынша ағаш ғимараттың салынған мерзімі шамамен б.з.б. 810-760 жылдар аралығын қамтиды.
Берел кезеңінде Шығыс Қазақстан ежелгі мал өсірушілерінің мәдениеті айқын да мәнерлі және де аяқталған кейіпке ене бастайды.
Таулы аудандарда бұрын белгілі болған топырақ шұңқырда ағаш қимасы мен жылқылары жерленген тастан қаланған обалар түрі жаппай таралады.
В.В.Радлов, С.И.Руденко, М.П.Грязнов, Н.В.Полосьмак, В.И.Молодин, В.Д.Кубарев, З.С.Самашев секілді мамандардың кеңінен танымал қазба жұмыстарының нәтижесінде ескерткіштердің бұл түрі Шығыс Алтайдың Пазырық обаларынан нақты байқалады.
Антропологтардың анықтауынша, Есік обасына жерленген адам 17-18 жасар. Ол алтынмен мол тігілген сәнді киім киінген. Басына түгелдей түрі де, көлемі де әр түрлі алтын қаптырмалармен сәнделген, төбесі шошақ, биік (65-70 сантиметрге дейін) бас киім киген. Бас киім жылқы барыс, тау теке, кұс бейнеленген 150-дей алтын қаптырмалармен және тоғалармен сәнделген. Есік жауынгерінің мойнында - ұшы жолбарыстың басы іспеттес алтын алқа, сол жақ сырғаларында - перузадан жасалған салпыншақтары бар, көз салған алтын сырға болған.
Үстіне мата көйлек кигізілген, оның өңірі мен жеңдері неше түрлі алтын қаптырмалар мен тізбелер араластырып, әшекейлеп, кестеленген; көйлектің сыртынан киілген қызыл бояумен боялған былғары бешпенттің өн бойы жолбарыстың басы бейнеленген алтын тоғалармен және үш сала жапырақ формасындағы кішкене тоғалармен қапталған. Бешпенттің сыртынан зооморфтық стильде жасалған, көздің жауын алатын он алты көлемді қаптырмамен қапталған құрама белдік тағылған. Белдіктің оң жағына қызыл қынға салынған ұзын темір семсер, сол жағына бұлан мен жылқы бейнеленген алтын қаптырмалар шегеленген қыны бар темір ақинақ ілінген. Шалбар тігісі бойымен ұсақ алтын шеттіктермен әдіптелген және балақтары бешпенттегідей алтын қаптырмалар шегеленген саптама етікке сұғындырылған. Сақ жауынгері саусағына екі алтын жүзік таққан, олардың біреуі — сәнді бас киім киіп қырын қарап тұрған адамның бас бейнесі бар алтын (жүзік-мөр). Есік обасындағы қабірдің мерзімі б.з.б. IV ғасырдың соңы мен б.з.б. III ғасыр бас кезі деп белгіленіп отыр.