ҚАНЫШ
ЕР ЕДІГЕ
Ерте заманда Бабағұмар деген әулие бар екен. Он бесте әулиелік қылып кеткен екен. Сол уақытта бір қызға көзі тиген екен. Көзі тиген сол қыз буаз болған екен. Буаз болған соң ұл тапты. Ол ұлдың атын Баба түкті Шашты Әзіз қойды. Жиырма бес жасқа келгенде әулиелік қылып жөнелді. Ағұн дариясына барды. Дария жағасында алтын шашын алдына алып тарап отырған қызды көрді. Қыз жақын келгенде суға шомып кетті. Баба түкті Шашты Әзіз де қыздың артынан шомып кетті. Дарияның астында алпыс ақ отау тұр екен. Отауға кіріп барды. Ішінде ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ, бұлғарыдай бұлқыған, бұлұсы жұпар аңқыған ғажайып бір қыз отыр екен. Қызды көрді де қайта шықты. Қыз етегінен ұстап, «я, жігіт, қайда барасың?» - деді.
«Мен саған сөйлеспеймін, сөйлесем күнакар боламын деп барамын – мен сені, іздегенім жоқ, жібер», - деді. Қыз айтты: «егер мені алмай кетсең он бестегі күнәм мойныңа», - деді. Жігіт ақыл ойлады: «мен сені алмай кетсем күнәм жоқ болар деп едім, алмай кетсем күнәм көп болады екен, айналайын» деп ой қылды. Некелеп алды. Қыз айтты: «әбден менікі болдың ба?». «Я болдым», - деді.
«Олай болса мен етігімді шешкенде аяғыма қарама. Көйлегімді шешкенде қолтығыма қарама, басымды жуғанда шашыма қарама», - деді. Күндерде етігін шешеді: аяғы ешкінің аяғындай – оны жігіт көрді. Бір күні көйлегін шешті. Қолтығынан өкпесі көрініп тұр. Жігіт тағы да көрді. Қыз көргенін білді. Аспанға ұшып кетті. Қайран «кет құдайым», деп қайтып түсті. Тағы күндерде бір күн қыз шашын жуды. Бас терісін алдына алып тарап отыр. Жігіт тағы көрді. Қыз аспанға ұшып жөнелді. «Ей, жігіт!» деді, ішімде алты айлық балаң кетіп барады. Ніл дариясының басында Құмкент шарының қасына балаңды тастап кетермін. Өзің іздеп тауып ал» деді. Сонымен қыз кетті. Баб түкті Шашты Әзіз баланы іздеп Ніл дариясын қыдырды. Ніл дариясының басында Құмкент шарының қасында жібек орамалға ораулы жатқан баласын тауып алды. Елсіз, күнсіз жерде туды деп атын «Едіге» қойды да, жауырынына таңды. Тоқтамыс ханның ауыр жұртына алып келді. Ноғайлының жұрты екен. Үш жасқа келгенде қолынан ұстап молдаға берді. Баласының бар парызынан құтылған соң Шашты Әзіз ғайып болды. Ұшып кетті. Онан соң сегіз жасқаша Едіге оқуда тұрды. Оқуда тоқсан бала бар еді. Сол балалармен күрескенде бәрін де жықты. Бәрінің де киімдерін алып үйіп салды. Киімдерінің үстіне шығып отырып айтты: «Міне, Тоқтамыс ханның тағының үстіне отырдым», - деді де, киімдерін қайтарып берді.
Күндерде бір күн екі кісі келе жатыр еді. Едіге балаларға айтты:
«Өздеріңіз сәлем бермеңіз, егер сәлем берсе алыңыз. Сәлем бермейсіңдер деп сөксе жауабын мен берейін», - деді. Екі кісі келді. Балалар сәлем бермеді. «Балалар неге сәлем бермедіңдер» - деді.
Едіге: «бастан өздерің неге сәлем бермейсіңдер?» - деді. Екі кісі айтты: «Біз үлкен бе, жоқ сендер үлкен бе?». Едіге айтты: «Біз үлкен». Екі кісі: «Сендер қалайша үлкен боласыңдар?», - деді. – «Егер мен тоқсан баланың жасын санап салсам сонда біз үлкен болмаймыз ба?», - деді. Екі кісі сөзден жығылды да: «бағанағы дауымызды осыған салайық», - деді. «Ей бала, даулы болып Тоқтамыс ханға бара жатыр едік, енді дауымызды саған салғалы тұрмыз. Бітіресің бе?» деді. – «Егер құдай аузыма салса бітірермін» деді. «Олай болса мынау – Алшын атасы Көкжалды мерген. Мен Кеңестің ұлы Кеңжанбаймын. Еділ мен Жайық менікі еді. Онан қашқан қоян да менікі еді. Жайықтың жағасында Ақ көлдің сағасында жатқан ақ қоянды көрдім де, атайын деп мылтығыма кеттім. Мен мылтығымды алып келгенше Көкжалды атып алыпты. Осының төресін беріңіз», - деді. Сен қандай жерден аттың?» деп Көкжалдыдан сұрады. Ол қанша жерден атқан мөлшерін көрсетті. Егер бір төре берсем екеуіңіз де көнесіз бе?» - деді. Екеуі де «көнеміз» - деді. Баланың төресі: қоянды алып бір балаға құшақтатты да Кеңестің Кеңжанбайына айтты: «Балаға тигізбестен қоянды атқан жерден ат: егер балаға тигізсең – құнын бер: оқ далаға кетсе – қояннан бейдамақ бол: тигізсең – қоян сенікі болады», - деді. «Бұл төреге көнбеймін, Тоқтамыс ханға барамын деп Кеңжанбай ашуланды. Қайтып келді. «Ұстат балаңа, атамын!» деді. Балаға дарытпастан қоянның қалаған жерінен тигізді. Едіге: «Ендеше бұрын көрген қоян сенікі» деді. Көкжалды: «бұл төреңе көнбеймін» деп ашуланды. Екеуі Тоқтамыс ханға барысты. Хан алдында Кеңжанбай: «бір төре болып еді», - деді. Тоқтамыс «қандай төре?» - деп сұрады. Кеңжанбай баланың берген төресін айтты. Сонда Тоқтамыс хан: «Сол баланың төресі – төре, біз ондай төре бере алмаспыз да», - деді.
Сол бала Едіге сегіз жасқа келген соң оқудан шықты. Мал табамын деп біреудің қойын бақты. Бір күні төрт кісі келеді. Орталарында бір аяғы ақсақ жетегі бар. Төртеуі «мынау көті боқ қойшыға жүгінейікші», - деп Едігеге келді. Төртеуі бір ағайынды екен: «орталарымыздағы бір қара еді. Осы ақсақ мал біздің еншімізге тиген еді. Басы үлкен ағамызға, төрт аяғы төртеуімізге тиген еді. Осы ақсақ мал барып кәпірдің егініне түсіпті. Кәпір төрт аяғының тиген жеріне төрт жүз ділдә сұрайды. Біздер соған даулы болып отырмыз. Төресін бересің бе?» - деді. «Алда аузыма салса берермін, - деді. «Мынау ақсақ аяғы қайсыңызға тиесі еді?» - деп сұрады. Ең кішісі: «маған тиіп еді», - деді. «Ендеше төлеуден сен бейдамақ бол», - деді. «Екі жүзін басын алған ағаң тартсын. Өйткені, малды егінге көзі көріп, басы сүйреп алып барды. Екі жүзін екі ағаң тартсын, өйткені ауру аяқты сау аяқ сүйреп апарып бастырған», - деді. Үш ағасы бұл төреге көнбей Тоқтамыс ханға барды. Хан алдында кішісі: «біз біреуге жүгініп едік», - деді. Хан: «жүгінген уақытта қандай төре беріліп еді?» - деп сұрады. Баланың берген төресін естіген соң хан: «соның төресі – төре, мен ондай төре бере алмаймын», - деді.
Тағы да бір күні бір атан түйені жетелеп екі кісі келе жатыр еді. Едігені көріп: «мынау көті боқты қойшыға жүгінейікші», - деп бұрылды. «Ай, қойшы, осы түйеге даулымыз, төре бересің бе?» - деп сұрады. Едіге: «беремін», - деді. Біреуі айтты: «Осы түйе менікі. Бота екенінде жоғалған. Атан екенінде танып отырмын. Ұрлаған ұрым мынау», - деді. Едіге қалған біреуіне «сен сөйлеші», - деді. – «Өз түйемнің ботасы. Өз бурамның баласы. Осынаудың маған қылып отырған жаласы», - деді. Едіге біреуіне «сендегі енесі бар ма?» - деді. Анасынан тағы да енесін сұрап алып екеуіне: «Екі інген мен бір арқан алып келсеңдер төресін берейін», - деді. Сұраған нәрселері даяр болған соң Едіге атанның тақымына арқан салып бұрады. «Жоғалтып едім» дегеннің інгені атанның үстіне боздап түсе қалды. Сонда бала: «Мұның ұрлатқаны шын, сіздің ұрлағаныңыз шын екен. Мұның түйесін бересіз», - деді. Төре тимегені: «Бұл төреге көнбеймін» деп Тоқтамыс ханға барды. Дауды айтты. Төре тиген адам ханға: «Осындай бір төре болып еді», - деді. – «Ендеше соның төресі – төре. Мен ондай төре бере алман. Түйесін бер», - деді. Тағы да бір күні қой бағып жүргенде екі қатын мен екі еркек орталарындағы бір балаға таласып келеді екен. Едігені көріп: «Мынау көті боқты қойшыға жүгінейік» - «жүгінсек жүгінейік» пен бұрылып отырып қойшыға келеді. «Әй, қойшы. Біздер даулы болып келеміз. Төре бересің бе?» - деді. Едіге: - «Төресін берейін» деді. Бір қатын мен бір еркек айтты: «Осынау, баланы бесікте жоғалтып едік, жүгіріп жүргенде танып отырмыз», - деді. – Он ай көтеріп омыртқамды сөгіп тапқан балама жала қылады», - деп қалған екеуі айтты. Едіге төртеуіне де: «Берген төреме көнесіздер ме?» - деп сұрады. Төртеуі де «көнеміз», - деді. Сонда Едіге баланы екі қолынан екі қатынға ұстатты. «Жоғалтып едім» деген қатын үндемей тұр; анау қатын, «не қылсаң да мейлің білсін», дейді. Едіге «Даулы баланы семсерменен екеуіңізге қақ бөліп беремін» деп семсерді көтере бергенде «жоғалтып едім» деген қатын білегінен ұстай алды. «Өлтірмеңіз», - деді. «Менен туған бала болса, өскенде мені бір табар, әзірше мынау-ақ алсын», - деді. Едіге үндемеген қатынға «сенің ұрлағаның шын екен. «Өлтірсе өлтірсін деп үндемедің. Мынаның баласы өзіне бер», - деді. «Өзім таптым» деген еркек пен қатын: «Бұл төреге көнбейміз», - деп Тоқтамыс ханға барды. Төре тимеген қатын мен еркек ханға: «Даулы болып сізге жүгінуге келдік», - деді. Нақ баланың шешесі: «Бір төре болып еді», - деді. Хан: «Қандай «төре» болып еді? – деп сұрады. Бұлар қойшы баланың берген төресін айтты. Хан: «Соның төресі – төре. Ондай төрені мен бере алман», - деді.
Мұнан соң Тоқтамыс хан: «Төрт рет мұндай әділ төре берген қандай бала? Кім де болса мұнда шақырыңдар», - деп бұйрық берді. Дереу Едігені шақырып алып келісті. Хан: «Төрт рет төре берген сен бе?» - деп сұрады.
Ие, мен едім, тақсыр! – деді.
Атың кім? – деді. «Атым Едіге», - деді. Үстіндегі киімдері жаман екен. Хан:
«Бұл киіміңді таста», - деді.
Жаурындары жақталды,
Түйме баулы тартпалы
Ал қаракес тон берді.
«Мұны үстіңе ки», - деді.
Көк ала жорға ат мін, - деді.
Көнте белбеу бу, - деді.
Тұтам бауы сом алтын
Ақ сұңқар құс беремін.
Ұшаң теңіз шүй, - деді.
Қырымнан қиын дау келсе,
Төресін соның бер, - деді.
Қырымнан қалың жау келсе,
Едігем, соны қыр, - деді.
Едіге дауды бітірді, жауды қырды. Тоқтамыс хан тыныш болып жайына тұрды. Жұртты билеп топ еркін қолына алды.
Күндерде бір күн Тоқтамыс ханның ханымы айтты: «Осы алып жүрген жалшы балаңыздың аруағы сіздің аруағыңыздан басым көрінеді», - деді. Хан: «Ей, тентек қатын, есігімдегі жалшының аруағы нағып менен артық болсын», - деді. Ханым: «Ендеше сіз білмеген екенсіз, Едіге «Алдаң жар болсын», деп кіріп келгенде қашан да сіз селк ете түсесіз. Сескенетініңізді өзіңіз де білмейсіз. Егер де менің сөзіме иланбасаңыз киіміңіздің етегін тебен инемен түйреп қояйын, сол уақытта селк ететініңіздің белгісі мәлім болар», - деді. Ханның етегінен тебен ине түйреді. Сол уақытта Едіге: «Алдаң жар болсын», - деп есіктен еніп келгенде, хан селк ете түсті. Түйрелген тебен ине ортасынан екі үзіліп аспанға ұшты. Ханым: «Енді білдіңіз бе аруағының зорын?», - деді.
Едігенің аруағын төмен түсірейін деп ханым бір аяқ қатық ұйытып, ішіне өзі сиіп араластырып қойды. Едіге кіріп келіп отырған соң манағы қатықты қолына ұстатты. Едіге қолындағы ыдысқа үңіліп қарады да, жанындағы пышағын суырып алып қатықты төрт тіліп, ортасын былғап жіберіп көтеріп ішіп салды. Ханым: «Едігем, тәтті ме екен?», - деді. «Егер де ыдыс ескі болмаса тәуір көрінеді» - деп Едіге шығып кетті. Едіге шыққан соң хан ханымға қарап: - «Ыдысы ескі болмаса тәуір екен дегені несі?» - деді. – «Кәрі қатынның сідігі болмаса тәтті екен», - дегені ғой», - деді. Хан тағы да: «Пышақпен осып ішкені несі?» - деп сұрады. Ханым: «Жұртыңды төрт бөлек қылармын» дегені. Ортасын былғап ішкені жұртыңды да осындай бөлшектермін дегені», - деді.
Хан: «Ендеше мұны өлтірейік», - деді. Ханым: «Мұны бүйтіп жүргенде өлтіре алмайсыз», - деді. «Арақ-шарап жинайық, алпыс басты ақ орданы шетке тігейік. Ноғайлының ауыр жұртының барлы-жоғын жиыңыз. Едігені аяқшыға қойыңыз. «Едігем кел батырға» зорлатыңыз, сонда арақ ішіп мас болып жүргенде өлтіресіз», - деді.
Бұл сырды естіп жүрген Едігенің алты жасар Аңғысын атты бір досы бар еді. Естігенін Едігеге айтты. «Кел батырға» зорлап аяқ бергенінде осы меске құя бер», - деп серке терісінен істелген бір мес берді. «Мен келген кісілердің аттанар жақ үзеңгі бауын қиып қоярмын. Сол мезгілде өзіңе бір ауыз сөз айтармын. Берік бол», - деді.
Арақ-шарапты жиды. Ақ отауды тікті. Ноғайлының ауыр жұрт, барлы-жоғын жиды. Тоғыз ерді босағаға аңдушыға қойды. Алпыс алыбын ай даладан аңдытты. Едігенің бала досы Аңғысын жиылған адамдардың аттанар жақ үзеңгі бауларын айналдырып қиып қойды. Едігені үйге кіргізді. Аяқшыға қойды. Едіге серке терісі месті ішінен буып алған. Жиылған топ Едігені зорлады. «Кел, кел-ге» басып әр қайсысы аяқ берді. Ішкенін ішіп, ішпегенін беліндегі меске құйып жүр.
Бойы қызыңқырап келгенде Аңғысын досы есік алдынан келіп қарады. Онан соң айтты:
Табаны жалпақ тарлан боз,
Түн қатуға күн-сана!
Тақта отырған қамқа тон,
Төрде отырған билерге
Қулық шақпай бұл сана.
Менің атым Аңғысын,
Берген саған алғысын.
Барлағайсың түнеугі
Сөзіміздің соңғысын.
Едігенің жадына түсіп үйден шықты. Бір аяғы босағаға тигенде, бір аяғы Тарланның үзеңгісіне тиді. Қарауылға қойылған Тоқтамыстың 9 ері бірін-бірі пышақтады. Тарланға атып мініп садағын жерден ала бергенде Тарланның жамбасы жерге бір тиді. Тоқтамыстың алпыс алыбы бастыра түсіп, бата алмай қала берді. Едіге сол кеткеннен кетіп Еділ мен Жайықтың арасында бір тіл алып кетейін деп жатты дейді.
Ноғайлының ауыр жұрты абдырады, айланды. Айланып кеңес таппады. Сонда Тоқтамыс тоғыз ерін алдырып есігінің алдына қойды. Бірден-бірден шақырып ақыл сұрады:
«Есенімде ескімді берсем елемес,
Егескенде жыға тисем кектемес.
Есентай ұлы Құдайберді батырым,
Толғап көрші, деп еді.
Еңкейіп үйге кіргеннен
Қол қусырып тұрғаннан
Тұрды дағы сөйлейді.
Айтып еді бір сөзді
Өкіліне түспеді.
Байыбына бармады.
Оның сөзін жаратпай,
Үйімнен тез шық деді.
Қос-қос пышақ асынған,
Қосалқы отау тіктірген,
Көшкенде бар тал тарттырған.
Салтанатын хан ұлынан арттырған,
Мойтандардан ер шыққан.
Екі бірдей Қосдәулет,
Егізіңмен еніп кеп
Толғап көрші деп еді.
Еңкейіп үйге келген соң,
Қол қусырып тұрған соң,
Екеуінің де сөзін жаратпай
Байыбына бармады,
Өкіліне түспеді.
Екеуің де үйден шық деді.
Көшкенде көшін айланған,
Өткір семсер байланған,
Жау қарасын көргенде
Жауар күндей торланған.
Кетер құстай сайланған,
Бір алладан қашан да
Тілек тілеп зарланған.
Арғындардың басы едің,
Қарақожа батырым!
Сен бері кеп ойланып,
Толғап көрші деп еді.
Еңкейіп үйге кіргеннен,
Қол қусырып тұрғаннан
Толғау салып көріп еді,
Өкіліне түспеді,
Байыбына бармады.
Оны да үйден шық деді.
Қараңғыда жол тапқан,
Қапы жерде сөз тапқан.
Жауырының үлкен қақпақтай
Айдарың үлкен тоқпақтай.
Адам тілін алмаған,
Өз райысы болмаса,
Асу жерге бармаған.
Қара қыпшақ Қобыландым,
Сен бір кіріп ойланып
Толғап көрші деп еді.
Еңкейіп үйге кіргеннен,
Қол қусырып тұрғаннан.
О да толғап көріп еді,
Оның да сөзін жаратпай,
Байыбына бармады,
Өкіліне түспеді.
Оны да үйден шық деді.
Қас қояндай қасқарған,
Қараңғы меңреу түндерде
Сансыз қолды басқарған,
Күнде бір сүңгі сындырған,
Ер көңілін тындырған,
Сүңгіге кісі міндірген,
Алмаған жау қоймаған,
Ішсе қанға тоймаған,
Елге аз да, жауға көп,
Ақбалтыр ұлы Уағым!
Мәнжүр ұлы Шуағым!
Егізіңмен бері кеп
Толғап көрші деп еді.
Егізі мен екеуі
Үйге кіріп келгеннен,
Қол қусырып тұрғаннан,
Толғау салып көріп ед,
Оның да сөзін жаратпай
Байыбына бармады,
Өкіліне түспеді.
Оны да үйден шық деді.
Садағын қырық нарға тарттырған,
Салтанатқа үлде мен бүлде арттырған.
Тойға келсе ерке едің,
Қасқита басқа кигенің
Алтай қызыл бөрік еді.
Кеңесімнің бұрышы едің,
Кең қарнымның құрышы едің.
Кеңестің ұлы Кеңжанбай!
Шаршамайтын дүлдүлім.
Шалдырмайтын бұлбұлым.
Сен толғашы деп еді.
Еңкейіп үйге келгеннен,
Қол қусырып тұрғаннан,
О да толғау салып еді.
Оның да сөзін жаратпай,
Байыбына бармады,
Өкіліне түспеді.
Сен дағы үйден шық деді.
Ноғайлының ауыр жұрт
Абдырады, айланды.
Айланып кеңес таппады.
Аузында отыз тісі жоқ,
Сұм аяқты, сүп бөрікті.
Сыпыра сынды сұм жырау,
Жібекпен жағын тарттырып.
Салтанатқа үлде мен бүлде арттырып
Алып бір келші деп еді.
Сұм аяқты, сүп бөрікті
Сыпыра сынды сұм жырау
Алып бір жетіп келгеннен,
Еңкейіп үйге кіргеннен
Қол қусырып тұрғаннан,
Тұрады дағы толғайды.
Толғайды да сарнайды,
Сарнайды да жырлайды.
Толғап, сарнап жырласа,
Сансыз ноғай қорлайды,
Өкіліне түскен жақсылар
Не оқиға болы деп
Қамыққаннан зарлайды
Өкіліне түспес жамандар -
Қартайғанда қазымыр
Сандыраққа басты – деп
Көңілсіз жүре тыңдайды.
- Мен қартыңмын, қартыңмын,
Не көрмеген қартыңмын?
Бастыққа бастық, бастық хан,
Оны көрген кәріңмін.
Онан соңғы Кедей хан,
Оны көрген кәріңмін.
Онан соңғы Алахан,
Оны көрген кәріңмін.
Онан соңғы Қарахан,
Оны көрген кәріңмін.
Құлағы шұнақ Назархан,
Оны көрген кәріңмін.
Он екі тұтам оқ атқан,
Онан соңғы ер Шыңғыс,
Оны да көрген кәріңмін.
Мұнарасы қырық құлаш,
Өзден сұлтан Жәнібек
Оны көрген кәріңмін.
Ұлы бабаң Домбауыл,
Соны көрген кәріңмін.
Жас та болсаң Тоғым хан,
Сені көрген кәріңмін.
Жүз сексенге келгенде,
Шықпаған жан жүргенде
Менен дәурен кеткенде,
Саған дәурен жеткенде
Сонша хандар өткенде.
Кешегі кеткен еңселі,
Ерні салпы құбаша ұл
Сонша жасқа келгелі.
Осындай ер жігітті көре алмаған кәріңмін.
Артынан келіп сынасам,
Қардан пайда болғандай,
Алдынан келіп сынасам,
Жалыннан пайда болғандай.
Сонау бір жалғыз кетер сол,
Сәтемір ханға жетер сол.
Сәтемір хан қол берсе,
Аллатағалам жол берсе
Қырқада біткен қырық адыр,
Қырық басып жүрер-ді.
Қырық күншілік шөліңе,
Айдынды бұлақ салар-ды.
Сауырлы бұт күреңше ат,
Бұтқа тартып мінер-ді.
Екі түгей торша ат
Ылауға жайдақ алар-ды.
Алағаншық күндей боп,
Алды артыңнан шығар-ды.
Ноғайлының ауыр жұрт,
Баяу жатқан қайран жұрт,
Аш күзендей бүгіліп,
Аш бөрідей керіліп,
Шетіңнен қиқу асыр сап
Ащылы сүрең салар-ды.
Есілдің басы Қызылжар,
Аспадан суат салар-ды.
Ертістің басы Қарадөң,
Екі арасын қосар-ды.
Алтыннан соққан Ақ ордаң,
Күмістен соққан ақ есік,
Түсі суық шым – болат
Ұшыменен ашар-ды.
Төрге төсек салар-ды.
Төс аршынды сұлудың
Сұлулығын аямай
Төс астына алар-ды.
Керегеңді кертер де
Туырлығың тілер ол.
Тіліп тоқым қылар ол.
Тоқсан басты Ақ орда,
Тонамай ие болар-ды.
Торылы жылқы тобыншақ
Топтап жиып алар-ды.
Қаныкейдей көріктің
Тінікейдей тектіңді
Ат көтіне міндіріп,
Ал ендігін солдырып.
Тегін олжа қылар-ды.
Сонау бір жалғыз құбаша ұл
Әлі де ұзап кеткен жоқ.
Еділден әрі өткен жоқ.
Тоғыз мынау еріңді,
Тобыменен жібер де.
Алдап-сулап қасыңа ал.
Қасыңа ал да, басын ал.
Есен аман кетсе ол,
Еділден арман өтсе ол,
Сәтемір ханға жетсе ол,
Осы өшін сірә да
Сенен алмай қоймас-ты –
Деді дағы сұм жырау
Жағы түсіп өледі.
Мұнан кейін Тоқтамыс
Тоғыз ерге келеді:
- Ей тоғыз ер, тоғыз ер,
Тоғызың да бара көр.
Алдап-сулап Едігені
Қастарыңа ала көр!
Алдап-сулап қасыңа ал,
Қасыңа ал да басын ал.
Тоғыз ер кетті алданып,
Бір алла деп зарланып,
Еділдің бойына барғанда
Едіге отыр қасқайып.
Едігені көрген соң
Жалбарынып тоғыз ер
Айбарынан қорыққаннан,
Қасына барып жетпеді,
Сөйлесуге батпады.
Тоғыздан төртеу бөлініп,
Бір бірінен өтілді
Ең соңында өтілдің
Кеңестің ұлы Кеңжанбай
Келді дағы сөйледі:
«Ей Едіге, сен енді қайт сәна,
Қайтып Еділ өт сәна
Еңсесі биік Ақ орда
Еңкейіп сәлем бер сәна.
Ернеуі жұқа Сарыаяқ
Ер сарқытын іш сәна
Жаурындары жақталы,
Түйме бауы тартпалы,
Ал Қаракес тон беред
Үстіңе соны ки сәна.
Көк ала жорға ат мініп,
Көн дабылпаз байланып,
Ұшан теңіз айланып,
Тұтам бауы сары алтын.
Ақ сұңқар құс береді.
Көл айлана шүй сәна.
Арбаң да арбаң жүгіртіп,
Адымын жерде қуыртып,
Арғымақ ат береді.
Салтанатқа іл сәна
Құлағын біздей қадаған.
Кекілін қыздай тараған,
Жүргенде ізін санаған,
Баурын тартып жараған.
Қысыр жылан өзекті,
Қолтыраудай танаулы.
Саптыаяқтай ерінді,
Сарымсақтай азулы,
От орнындай тұяқты,
Қиған қамыс құлақты,
Табаны жалпақ тарлан боз
Ат береді, мін сәна.
Байтал бөліп береді,
Байлап қымыз іш сәна.
Байтақ бөліп береді,
Батсалық сүр сәна.
Алған жарың атақты
Омар ханның қызы еді,
Айтулының өзі еді.
Оймақтайын үзілді,
Сағынды да сарғайды:
Салқын түспей бар сәна.
Ыбын-сыбын екі нақ,
Сыбырласып, сөйлесіп,
Сыңқылдасып, күлісіп,
Жең үшінен жалғасып.
Ши түбінде сырласып,
Не дегенін біл сәна.
Тоқтамыстай хан иең,
Саған өкпе қылады.
Өкпе пәни сөзіңді
Хан алдында арыз қып,
Өз аузыңнан айт сәна.
Кел Едіге бауырым,
Енді ырайдан қайт сәна.
«Мен қайтпанды, қайтпанды,
Қайтып Еділ өтпенді.
Еңсегей биік Ақ орда,
Еңкейіп сәлем берменді.
Еңсеме қатты иманнан,
Болат шоқпар тигенді.
Ернеуі жұқа сары аяқ
Хан сарқытын ішпенді,
Ернім жерге былғанды.
Жауырындары жақталы,
Түйме бауы тартпалы
Тон берсең де кименді.
Иініме ноғай қотыр шыққанды.
Көк ала жорға ат мініп,
Көн дауылпаз1 байланып.
Ұшан теңіз айланып,
Тұтам бауы сом алтын.
Ақ сұңқар құс берсең де
Көл айлана шүйе алман.
Қолымнан құт кеткенде.
Арбаң да арбаң жүгіртіп,
Адымын жерде қуыртып,
Арғымақ ат берсең де,
Салтанатқа іле алман.
Салтанат бізден кеткенді.
Құлағын біздей қадаған,
Кекілін қыздай тараған,
Жүргенде ізін санаған,
Бауырын тартып жараған
Қысыр жылан өзекті,
Қолтыраудай танаулы,
Саптыаяқтай ерінді,
Сарымсақтай азулы,
От орнындай тұяқты,
Қиған қамыс құлақты,
Ат берсең де міне алман.
Ауымнан құт кеткенде,
Байтал бөліп берсең де,
Байлап қымыз іше алман.
Байтақ бөліп берсең де,
Мен патсалық сүре алман.
Басымнан бақ кеткенде:
Алған жарым Айтулы,
Омарханның қызы еді.
Сағынбақтан сарғайсын,
Салқын түспей барман-ды.
Ыбын, сыбын екі нақ,
Сыбырласып сөйлесіп,
Сыңқылдасып, күлісіп,
Ши түбінде сырласып,
Жең үшінен жалғасып,
Не дегенін білменді.
Құлағым саңырау болғанды,
Тексіз иең Тоқтамыс,
Енді еңкейіп барманды.
Өкпе пәни сөзімді,
Көктен оғым зуылдап,
Зымырап барып айтпаса,
Сірә аузымнан айтпанды.
Еркек боп атқа мінген соң,
Бір жол алып жүрген соң
Қатындай болып қайтпанды.
Салпаң-салпаң жортармын,
Сар азбанға қосым артармын.
Ұшайын десем қанат жоқ,
Қонайын десем құйрық жоқ.
Әй, жалғыздық, қайтермін,
Сұм жалғыздық, қайтермін?
Жалғыз да болса кетермін.
Сәтемір ханға жетермін,
Сәтемір хан қол берсе,
Қадыр алда жол берсе,
Тілегімді мол берсе,
Қырқада біткен қырық адыр,
Қырық басып жортпасам;
Қырық күншілік шөліңе,
Айдынды бұлақ салмасам;
Сауырлы бұт, күреңше ат,
Бұтқа тартып мінбесем;
Екі түгей торша ат,
Ылауға жайдақ ілмесем;
Алағаншық күндей боп,
Алды-артыңнан шықпасам;
Аш күзендей бүгіліп,
Аш бөрідей сумаңдап,
Ноғайлының ауыр жұрт,
Баяу жатқан қайран жұрт,
Шетінен қиқу асыр сап,
Ащы сүрең салмасам;
Есілдің басы Қызылжар,
Аспадан суат салмасам;
Ертістің басы Қарадөң,
Екі айырымын қоспасам;
Алтындап соққан ақ ордаң,
Күмістеп соққан ақ есік,
Түсі суық шым болат,
Үшіменен ашпасам;
Төрге төсек салмасам,
Төсі аршынды сұлудың
Сұлулығын аямай
Төс астына алмасам;
Керегеңді кертпесем,
Кертіп отын қылмасам;
Туырлығың тілмесем,
Тіліп тоқым қылмасам;
Тоқсан басты ақ ордаң,
Тонамай ие болмасам;
Торылы жылқы тобыншақ
Топтап жиып алмасам;
Қанікейдей көріктің
Тінікейдей тектіңді
Ат көтіне салмасам;
Тегін олжа қылмасам;
Осы өшімді алмасам,
Дегеніме жетпесем,
Айтқанымды қылмасам,
Күні кеше жапанда
Есіл ерді еңкитіп,
Екі иінін жауыр ғып,
Кәмәр белін ауыртып,
Ніл дарияның басында,
Құмкент шәрі қасында,
Бабатүкті шашты Әзіз
Мені сонда тауып ап,
Едіге деп ат қойғанда
Едіге атым құрысын!
Мен, мен дүрмін, мен дүрмін,
Менменсіген мінезден,
Тауба қылған ер дүрмін.
Досымның отын сөндірмен,
Дұспаным отын жандырман,
Өзім демес намартқа
Шаңқан боз ат міндірмен,
Тоқсанды жебе салдырман.
Асылын сұрамай ас бермен,
Атасын сұрамай дос қылман.
Өзім демес намарттың
Еңсесіне мінген соң,
Иманнан шоқпар төндірмен.
Мұнан әрі мақтанбан,
Мұнан әрі мақтансам,
Он екі тұтам оқ тартқан,
Кешегі өткен ер Шыңғыс,
Өзіменен тең дүрмін.
Тауға ұялар сұңқармын,
Тау бөктерлей шүйермін,
Тұрлаусыз өскен құланмын,
Мезгілсіз жусап өрермін,
Бұжығаннан ащымын
Сербет құйсаң тұщымын,
Буыршыннан қаттымын,
Бұйдаласаң шөге алман.
Буырлыштан асаумын,
Бұғалық салсаң тоқтаман.
Өзім деген жақсыны
Өлгенімше боқтаман.
Шалғынды көл төңірек
Шалулы сөзің не керек!
Қоғалы көл төңірек,
Сенің маған қорлықты сөзің не керек.
Изенді көл төңірек,
Құр мені алдап жалған сөзің не керек.
Білгің келсе тоғыз ер,
Қарағайдан берік біткен терекпін
Басымнан дауыл үрсе теңселмен,
Қарағайға қайнап біткен бұтақпын,
Балталасаң айрылман.
Еменге айыр біткен бұтақпын,
Еңкейіп келсем оңдырман.
Қарағайға қарсы біткен бұтақпын
Қасалассам оңдырман,
Қылтаңдаған күреңше ат
Қыдырауды жыққанмын,
Жағысы алтын кіреуке,
Жағаласып жыртқанмын.
Тоқсан баулы ақ көбе,
Тоғысқан жерде кигенмін.
Садақ толы сай жебе
Саудыратып төккенмін.
Атанға тартсаң ауырмын,
Батпанға тартсаң бастырман,
Таразыға тартсаң тең дүрмін,
Мұнан әрі мақтанбан,
Мұнан әрі мақтансам,
Жел ұсатқан қарт көксең
Өзіменен тең дүрмін.
Тұра тұршы, тоғыз ер,
Туған жерім айтайын,
Айтпағанда қайтейін?
Бабаомар бабамды
Мен батамда көргенмін,
Бабатүкті шашты Әзіз
Арқа беріп жүргенмін.
Әзірейіл сынды періште
Алты күн арыз еткенмін.
Жебірейіл сынды періште
Жеті күн арыз еткенмін.
Омар менен Оспанға,
Әбубәкір, Сыздыққа,
Әзірет Әлі бабама
Арқа беріп жүргенмін.
Мұқамбет атты піріме
Меке деген шәрінде
Барып арыз еткенмін.
Тәңірі үйі мекені
Үш айланып, зыр кешіп
Бар күнәмнен пәк болып,
Сонда айрылып қайтқанмын.
Түсімде аян береді,
Ақ шалмалы бір кісі,
Оқымысты дүр кісі,
Енді Едіге батырды
Шаужайға қағып иментіп
Тоқтатам дейтін қай кісі?
Тоқтамыстық тоғыз ер,
Сен тоғыз да мен жалғыз
Мәнің болса кел, доңыз.
Қамшы тиер мойныңа,
Қан сорғалар қойныңа,
Шыдамассың біраз да ақ
Тарқы қылған ойныма.
Кеңестің ұлы Кеңжанбай,
Кеңесің кеткен боқ жанбай,
Ашпа көзің, тесермін,
Сөйлеме, тілің кесермін.
Атаң қара кісі еді,
Мал бергеннің құлы еді,
Енең қара кісі еді
Ас бергеннің күңі еді,
Мен салпаң-салпаң жортармын,
Саразбанға қосым артармын.
Алда жалғыз жаратты
Бір шыбындай қарып жан
Кім алар деп қорқармын!
Осыны айтып Едіге жөнелді де кетті. Тоғыз ер бата алмай қалды. Едіге онан-мұнан құралып 18 кісі болды. Едігенің атқа жүруіне 17 серігі шыдамады. Ас ішуіне қарны ашып шыдамады. Бұлардың шыдамағандығын Едіге ойлап білді.
«Әй, он жеті дос,
Біз жиылсақ он сегіз,
Мен шаршадым деп налықпа
Сусадым деп талықпа,
Қарным аш деп қамықпа.
Тамақтарың таусылса
Тамақ тауып берейін,
Киімдерің жыртылса,
Киім тауып берейін.
Атың өлсе төлейін,
Өзің өлсең не дейін?
Арық атты көк жасық,
Серне қылып жесейік.
Жаңбырдан тұрған қызыл қақ,
Сербет қылып ішейік,
Он жеті досым, өлсеңдер,
Жаназаңды шығарып,
Баялыштан от жағып
Таза арулап көмейін.
Бәрін айт та бірін айт,
Мен тіріде өлмессің,
Он жеті досым - кедейім».
Бір күні Едіге түс көріп шошып оянды. Ояна сала жолдастарына айтты:
- Ей, он жеті дос, сүйінші!
Түре келіп киінші,
Беліңді қынай буыншы,
Бет, қолыңды жуыншы,
Мен бүгін бір түс көрдім,
Сол жақсылық түс болса,
Жақсылыққа жорышы,
Егер жаман түс болса
Осы он сегіз кісіні
Төңіректеп қорышы.
Мен бүгінгі түсімде
Алтынды ер, ақбоз ат
Жалынан тартып мініппін,
Ақ сұңқар құс болыппын,
Көкке таман ұшыппын.
Көктен жүрген періште
Оларға барып сөйлесіп,
Онан да аса ұшыппын.
Төбеде жүрген қоңыр қаз
Көк үстінде іліппін,
Тұр тауына қоныппын,
Төс етіне тойыппын
Ол не болар, онжетім?
Он жеті дос ұйлықты,
Ұйлыққанның белгісі
Бір біріне жыйлықты.
Еш амалын таппады
Жиын тұрған бәрісі
Іштерінде бар екен
Жасамыс бір кәрісі.
Түс жоруын сол тапты:
- Алтынды ер, ақбоз ат,
Түс ұйқыңда мінсең сен,
Бар мұратқа жеткенің;
Көкке таман ұшсаң сен,
Жұрт алдына шыққаның;
Көкте жүрген періште,
Оларға барып сөйлессең,
Қайып ерендер қолтықтап,
Демеу істеп жүрген-ді.
Онан да асып ұшсаң сен,
Қызыр сүйеп жүрген-ді.
Төбедегі қоңыр қаз
Көк үстінде ілсең сен,
Тұр тауына қонсаң сен,
Төс етіне тойсаң сен,
Кеше сені жұртынан
Отарлап қуған Тоқтамыс,
Соны быт-шыт қыларсың.
Тояттап мейірің қанарсың.
Ал жүріп кетті, бір күні алдарынан бір ақ, бір көк шатыр көрінді. Атын он жеті досына беріп, өзі бір таз көбеген болып шатырға келді. Келіп көрсе өзінің іздеп бара жатқан Сәтемір ханның қызын Дәудің ұлы Қабантын алып келе жатыр екен. Зорлықпен айдап әкеле жатқан қырық биесі, қырық қосшысы бар екен. Бұларды көрген соң Едіге жолдастарына қайтып барды: «Ей он жеті досым, мен іздеп бара жатқан Сәтемір ханның қызын мына алып зорлықпен апара жатқан көрінеді. Енді мен барып алыпқа қосшы болайын. Сендер осының қонған жеріне қонып, түстенген жеріне түстеніп отырыңдар! Сендердің тамақ-азықтарыңды мен бір шоқпыттың түбіне жасырып қойып кетермін. Іздеп тауып алып тамақтанып келерсіңдер», - деді де өзі қайтып келіп алыпқа қосшы болып тұрды. Алып қырық қосшыларынан да бұны артық көрді. Едіге қырық қосшыға суды тасытып алып, айламен далаға қондырып отырды. Күн сайын жасырын бір биені сойып кейінгі жолдастарының азығы үшін шоқпыттың түбіне қойып келеді. Оны жолдастары кейіннен алып жеп келеді.
Бір күні Едіге қыздан: «Сен кімнің қызы едің?» - деп сұрады. Қыз: «Мен Сәтемір ханның қызы едім. Осы алып зорлықпен алып келе жатыр», - деді. Едіге: «Егер де осы алыпты өлтіріп сені есен-аман жұртыңа алып барсам әкең мені жақсы көрер ме еді?» - деді. Қыз: «Егер де мені есен-сау жұртыма алып барсаң әкем сені өзінен соңғы патша қылар еді», - деді. Едіге: «Олай болса алыптың ұйықтайтұғын күнін маған сездір», - деді. Қыз: «Мен қашан сізге бауырсақ берсем, содан сезерсіз», - деді. Бір күні қыз жеті жарым бауырсақ берді. Едіге мұнан алыптың жеті күн өтіп, түс жарымда ұйқыға кететінін білді. Жеті күн өткен соң Едіге қызға бір бауырсақтың жарымын берді де айтты: «Мен жолдастарыма барып, бір оғымды кезеп, бір оғымды тістеп келермін: «Сен алыптың төсін аша бергейсің, мен бір атайын сонда», - деді. Үйден шығып бара жатып алыптың оқ-жайын көрді. Қолына алып тартып қарады: «Күші өзімдей-ақ екен, артық емес екен. Бекер қорқып жүр екенмін», - деп желіп жүре берді. Қырық қосшыны суға жіберіп, он жеті серігіне келсе, бәрі де семіріп қалған екен. Жолдастарына: «Алладан тілеп тұрыңдар, бүгін бір ойын болады», - деді. Бір оғын кезеп, бір оғын тістеп ұйықтап жатқан алыпқа жақын келіп қызға: «Төсін аша бер», - деді. Қарға жүнді, қозы жауырын, масақты оғымен тартып, өте шыққанда алыптың бөксесі жатып қалып кеудесімен сермегенде тарланның құйрығы қолына түсті. Тартып еді – жата қалды.
«Бал аштырғанда балгерлер ажалың өзіңдей перінің қызынан туған Едігеден болар деуші еді. Сол қалтақ Едіге сен болдың ба?», - деді де алыптың жаны шықты.
Едіге манағы суға жіберген қырық қосшыға жетіп барып: «Не қылып жатырсыңдар? – Алыбың бәрімізді қырамын деп отыр», - деді. Қосшылардың бәрі де жылады:
Жалғызға жасақ болған,
Жаяуға таяқ болған.
Едігені қайдан табарсың.
Қарны ашқанға тамақ болған,
Аты жоққа ат болған,
Ол қайдан келер дейсің?» -
деп зарлады.
Едіге бұлардан: «Егер де Едіге келіп алыпты өлтірсе не берер едіңдер?» - деп сұрады.
«Егер де Едіге келіп алыпты өлтірсе, біздер әркімнің жалғызы едік – біздерге ерік берсе біз жол батасын берер едік».
Едіге: «Олай болса Едіге деген ер - мен. Алыпты жаңа өлтіріп келдім», - деді.
Сонда қосшылар: «Біздер әркімнің жалғызы едік. Біз сізге жол батасын берейік. Сіз біздерге ерік батасын беріңіз, барып ата-анамызды қуантайық», - деді.
Едіге оларға: «Ендеше бәріңе де ерік бердім. Барыңдар. Сәтемір ханға сәлем айтыңдар. Алыпты өлтіріп, қызыңды Едіге аман есен алып келе жатыр деп сүйінші сұраңдар», - деді.
Қырық қосшының бәрі де Едігеге батасын беріп:
«Жорытқанда жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын», -
деді де жолдарына кетті.
Осы қырық ердің батасы тиіп Едіге батыр болды. Қырық ер Сәтемір ханға барып «Едіге деген бір ер шығып, алыпты өлтіріп, қызыңды алып келе жатыр», - деді. Сәтемір хан қуанып: «Күнге, желге тигізбей Едігені алып келіңдер», - деп алдынан үш сан қол жібереді. Үш сан қол күндік, түстік жерге келгенде:
«Жалғыз атты кедейді
Қайдан тауып аламыз,
Іздеткен хан тентек пе?
Іздеген біз тентек пе?» -
деді де кейін қайтты.
Едіге бұлардың кеткенін біліп ашу қылды.
«Қашан болса да сендерді бір қырмасам ба!» - деп серт қылды. Ел шетіне барып кірді. Алдынан хан кісі жіберіп, өз ордасының қасына түсірді. Төбел бие сойды. Төрт қырлап ошақ қазды. Сәтемірдің сансыз қолының барлы-жоғын жиды. Үлкен бір той істеді. Арақ пен шарапқа жұрты жаман тойды. Ақ некесін қидырып қызын Едігенің қойнына салды. Қыз: «Мені анық алдың ба?» - деді. Едіге: «Алдым!» - деді. Қыз сонда бір байталды көрсетіп айтты: «Осы байталға айғыр шапқан күні мен де алыппен бірінші рет ойнаған едім. Биенікі су болса, менікі де су», - деді. Биені сойып қаратты – сұр ет болмай су болып тұр екен. Қыз: «Ендеше өзіңдікі жеңер», - деді. Сонан соң қыз буаз болып, айы жетіп, күні толған соң бір ұл тапты.
Қара кіске бөлетті,
Ал қара кіс батар деп,
Бала кіске бөлетті.
Алтыннан шүмек ойдыртты,
Күмістен түбек құйдыртты.
Беліне садақ будыртты,
Көкірегі жаулы өссін деп,
Қашқан бір жауды қудыртты.
Хан Нұралын туғанда,
Сәтемір хан сансыз қол
Барлы-жоғын жидыртты.
Төбел бие сойдыртты.
Жалғызыма алғыс тисін деп,
Арақ пенен шарапқа
Сонда жұртты тойдыртты,
Үлкен бір той қылдыртты.
Көңілін сөйтіп тындыртты.
Нұралын он екі жасқа келгенде асық атып ойнады. Торғай аулап күн көрген бір жаман шалдың жілігін атқан асығына үздіртті. Шал мертігіп жатып: «Жүгермек, менің жіліншігіме әлің жеткенше жұртынан қуып шығарған Тоқтамыс ханнан барып кегіңді алсайшы», - деді. Нұралын ашуланып үйіне келді. Әкесіне: «Ей, ата, сіздің көңліңізде бұрыннан қалған ескі кек бар екен», - деді. Атасы Едіге кегін ұмытып бара жатыр екен, есіне түсірді. Сәтемір ханға білдірді, Сәтемір үш сан қол берді. Бұрынғы ішкен анты бар-ды. Едіге де қолменен аттанды.
Қырқада біткен қырық адыр,
Қырық басып жортыпты,
Қырық күншілік шөлдерге,
Айдынды бұлақ салыпты.
Сауырлы бұт, күреңше ат,
Бұтқа тартып мініпті.
Екі түгей торыша ат
Ылауға жайдақ алыпты.
Алдына жай төгіп, жалтыр-жалтыр сулардан сусындап қол кетіп бара жатыр дейді.
Жарандары сұрайды: «Бұ қандай қуы жоқ, құтаны жоқ, жекені жоқ, борығы жоқ, неткен көлдер?» - деп. Едіге айтады: «Бұ Қоғалы көл, қорлы көл, жекені жоқ, борығы жоқ сорлы көлдер деген осы көл», - дейді. Едігенің атқа жүруіне шыдамай қолдың бір саны қайтып кетті. Көрінген судан су ішемін деп ауру болып бір сан қол қырылды. Су құрып қалған жерлерде түтігіп тағы бір сан қол қырылды. Жалғыз-ақ аталы балалы екеуі кетті. Алдында бір қара тау көрінді. Тауға келгенде Едіге Нұралынға айтты: «Бұл Тоқтамыс ханның қарауыл қарайтын тауы, бізден күндік, түстік жерде тұр. Тоқтамыстың қарға бұтты қара кемпірі осы қара таудың басына торғай қонса да көретұғын. Берік болып шық», - деді. Нұралын тауға шыға келді. Қарға бұтты қара кемпір қарауыл қарап отыр екен. Нұралынды көрді. Бірақ кісі екенін, қара құс екенін айыра алмады. Кемпір жұртына кісі шаптырды. «Тауға бір қара шықты. Құс екенін, адам екенін айыра алмай тұрмын. Жұрт берік болсын», - деді. Нұралын атасына: «Бір қара жамылыш алып кел, айла жасайық, кемпір не екенімді айырмай тұр», - деді. Әкелген қара жамылышты алып киіп, екі шетінен ұстап, құстың қанатындай қылып жайды: Бір уыс топырақты алып шашып жіберіп таудан түсті. Кемпір жұртына қайта кісі шаптырды: «бейбіт болсын, қара құс екен, ұшып кетті», - деп. Жұрт бейбіт болып жатқанда аталы-балалы екеуі ел шетіне кірді. Ел қорқып бүлінді. Тоқтамыс ханға хабар жіберді: «Едіге екеулеп келіп ел шетіне жетті», - деді. Хан айтты: «Ей, жұртым! Қойларыңды сойыңдар, қол қусырып алдына барыңдар. Сендерге тимес, мен үшін бүлінбеңдер», - деді. Елдің бәрі де қойын сойып, қолын қусырып Едігеге барысты, қабыл алынды. Сонда Тоқтамыс ханның жұртынан айрылғандағы жыры:
«Едігем менің бар еді,
Едігемнің мінгені,
Ауызы ақтан кер еді.
Едігемнің ашу ісі сол еді:
Өзінен бір жас үлкенге
Әзіз ағам, сіз біліңіз дер еді.
Өзінен бір жас кішіге,
Үкем сен тұра тұр мен сөйлейін дер еді.
Ескіден кегі бар еді,
Кете алмай-ақ жүр еді.
Көре алмасы көп болды,
Көтермесі жоқ болды.
Едіге сынды батырдан
Қапыда сөйтіп айрылдым,
Сұм жыраудың айтқаны
Ақырында дөп келді», -
деп жылап, тұрған жұртының алдында Сыпыра жыраудың бастап айтқан жырын айтып, тоқпақ жалды торшаны алдырды. Тоғыз көзді кіреукені киді. Жеті кетпеннен ағыс атады екен. Тоғыз көзді кіреукесінен өтпейді екен. Қарағай найзасына сүйеніп, тоқпақ жалды торы атына мініп жұртын жиып айтқан сөзі:
Ей, жігіттер, шоралар,
Ормамбет би өлгенде,
Онсан ноғай өнгенде,
Саназар батыр жауынан
Жаралы болып келгенде,
Алашта алаш болғанда,
Алаша хан болғанда,
Аязды күнде аршындап
Арасат оты жанғанда,
Бура мұздан тайғанда,
Шықырлаған буыршын
Бас көтеріп тұрғанда,
Ханнан қайрат кеткенде,
Биге медет жеткенде,
Хан қашып, би қуғанда,
Хан Тоқтамыс қарланып,
Байтағым деп зарланып,
Айтып жылай жөнелді.
Ей, байтағым, байтағым,
Бастатып сені алдырттым.
Ал, аман бол менен соң,
Байтағымның ішінде
Он сан елім ноғайлы,
Сені тағы алдырттым.
Он сан ноғай ішінде
Үш жүз алпыс отау қазағым,
Сені тағы алдырттым,
Ал аман бол менен соң,
Он бес шорам арта алмас.
Он екі атан тарталмас.
Байдалы туым, басты ордам,
Бастата сені алдырттым,
Ал, аман бол менен соң,
Өзенде өзен, өзен су,
Өзектеп ордам қонған жұрт.
Өзектей соққан сом темір,
Есігіме өзекті шынжыр болған жұрт.
Жағасынан балапан торғай ұша алмас.
Басқұрдан баса қонса жапырылмас,
Балығы жылқы жусатпас,
Бақасы кісі ұйықтатпас,
Маралы бар киіктей,
Балдырғаны білектей,
Алмасы бар жүректей,
Еділ менен Жайығым,
Сені тағы алдырттым,
Ал, аман бол менен соң,
Ормамбет би өлген жұрт,
Он сан ноғай өнген жұрт,
Саназар батыр жауынан,
Жаралы болып келген жұрт,
Бие сауған сүтті жұрт,
Қымыз ішкен құтты жұрт,
Атам күйеу болған жұрт,
Еңкейіп тәжім еткен жұрт,
Анам келін болған жұрт,
Иіліп сәлем еткен жұрт,
Көрікті туған сұлуым,
Алғаным келін болған жұрт.
Ақ бүркеншік салған жұрт,
Ал еңдігін жаққан жұрт,
Қызыл маржан таққан жұрт,
Ақбозатқа мінген жұрт,
Жаңғыз да қалқам Қадырберді,
Қадырберді сұлтан туған жұрт.
Қапылы қамқа жыртқан жұрт,
Он сан ноғай жиған жұрт,
Асырлы той қылған жұрт,
Жалғызыма алғыс тисін деп
Қарып пенен қасерым
Арақ пенен шарапқа
Сонда әмән тойған жұрт.
Жабағылы нар тайлақ
Жардай атан болған жұрт.
Адасып қалған бір тоқты,
Жайылып мың қой болған жұрт,
Ал, аман бол менен соң,
Жапырағын жайқалтқан,
Жардай атан семірткен,
Жарлыны байға теңелткен,
Суы менен жары тең,
Құлыны менен тайы тең.
Өзені менен сайы тең,
Үш алапты үлкен су,
Сені тағы алдырттым,
Ал, аман бол менен соң,
Алыс жерде көре алман,
Жуық жерге жете алман.
Жаяулық басқа түскен соң,
Алдымда қатер болған соң,
Сап-сап жүрек, сап жүрек,
Сай азамат қосылып,
Жауды жайқай ала алман.
Қара қыпшақ Қобыландым,
Сен секілді ерден соң,
Отырушы едік жайласып.
Шалғынға бие байласып,
Құлын тайдай ойнасып,
Иіндесіп, сырласып,
Асылдан саба толтырып,
Тең құрдаспен отырып
Әзілді қымыз іше алман.
Ноғайлы менің ауыр жұрт,
Сен секілді елден соң
Маңдайым күнге күймей ме?
Табаным жерге тимей ме?
Басқа зорлық түскен соң.
Жалғыз да қалқам Қадырберді,
Маңдайын иіскеп сүймедім.
Бұл барғаннан барармын,
Телікөлден асармын
Көкөлдінің көліне,
Баса барып жатармын.
Тілеу тілеп тұрғайсын.
Алдам ие ес берсе.
Аруақтар дес берсе
Он үш жылдың жүзінде
Қайта айналып жетермін, -
деді де жүріп кетті. Бара жатып сусады. Бір кемпірден бір аяқ ас сұрап ішті. Бара жатып алқынды. Тоғыз көзді кіреукені шешіп алып жанына бөктерді. Кіреукесі жанындағы қанжығасынан босап түсіп қалды. Со барғаннан Телікөлге барды. Онан қорыққан соң Көкөлдінің көлін баса барып жатты. Қалған байтағына Едіге ие болды. Тоқтамыстың екі қызы бар еді. Бірін Едігенің өзі алды. Біреуін баласы Нұралынға бермек болып қойды. Нұралын Тоқтамыс ханды іздемекші болды. Едіге айтты: «Ей, балам, маған қырық ерден бата тиген еді. Шын іздесең табарсың», - деді. «Тауып Тоқтамыстың басын аларсың», - деді. Кеңестің ұлы Кеңжанбай отыр еді: «Қай жағыңнан жолығар екен?» - деді. Едіге айтты. «Әйтеуір бір жағыңнан жолығар. Егер жаны үшін жалынып сөз айтса – басын ал; егер де өзіңмен қарсыласып сөз айтса – бір ер де, тимегейсің», - деді. «Бұ қызды маған сақтап қоярсың», - деді де Нұралын жүріп кетті. Хан Тоқтамыс ас ішкен кемпірден бұ да ас сұрап ішті. Бара жатып тоғыз көзді кіреукені тапты. Үстіне киіп алды. Тағы да әрі іздеп кетті.
Көкөлдінің көлінде жатқанда Тоқтамыс ханның жүрегі дүрсілдейді, найзасы солқылдайды, жапырылады. Су толықсиды. Қызғыш құс үстінен түйіп-түйіп шығады. Хан мұның бәрінен де қорқады. Зарланып жылайды:
«Бекер тұрып туламашы, торыша ат!
Күн, түн қатсам тұрарсың,
Бекер тұрып дүрсілдеме, сұм жүрек.
Едіге екеу, мен жалғыз,
Сайысқан жерде тынарсың.
Солқылдама ақ найза,
Салысқан жерде сынарсың.
Бекер тұрып жапырылма, көк-орай,
Бұл қатерден жан қалса,
Ноғайлының ауыр жұрт,
Басшы болып әкелсем,
Ен дәулетті байларым
Баса қонып үстіңнен,
Төрт түлік малын жайғанда,
Қу шөп болып соларсың.
Толықсыма тұнық су,
Дәулеті ен байларым,
Жылқыларын баса айдап,
Жалдатып бір суарса,
Құрым батпақ боларсың.
Қиқулама қызғыш құс,
Даусың зарлы байғұс құс,
Қанатың қушық, мойның бос.
Баттауық толған жылқым жоқ,
Жиек толған жұмыртқаң
Етектеп жинар ұлым жоқ.
Мен елімнен айрылдым.
Сен көңліңнен айрылсаң,
Сен де мендей боларсың,
Бұл қатерден жан қалса,
Алдам ие ес болса,
Жұртымның ауыр көшіне
Бас болғандай күн болса,
Саятшылар үстіңнен,
Алғыр қара лашынын
Бастыра келіп сілтесе,
Сонда қорқып жымарсың».
Қызғыштың түйіп шығып жүрген жеріне Нұралы жетіп келгенде хан ұшып түрегелді. Бір біріне сәлем беріскен соң, Нұралын ханға «Атыңыз», - деді. Хан: «Жоқ, сен ат», - деді. Нұралын: «Жол сенікі, сен ат әуелі», - деді. Хан үш мәртебе атты. Өзінің жоғалтқан тоғыз көзді кіреукесінен өтпеді. Кезегі біткен соң: «Өз құраныма жолықтым,» - деп хан басын ұсына берді. Нұралын басын кесіп қанжығасына байлап алып жүре берді; Көз үшінде көрінген бір бәйтерекке түстік етейін деп жетіп барды. Барса терек саясында бір адам қара арғымағын кесе қаңтарып ұйқықтап жатыр. Өлтірейін деп ойлады да «Ұйықтағанды өлтірген қатын ісі», - деп оятты. Адам сарнай түрекелді де айтты:
«Ей Нұралын, Нұралын.
Еш бермесін мұрадың,
Тоғыз көзді кіреукем,
Оны неттің Нұралын?
Сауырығы бие сүті еді,
Байсалды жұртқа құт еді.
Тоқтамыстай хан ием,
Оны неттің Нұралын?...
Сонда Нұралын айтты:
«Тоқпақ жалды торыны
Тонаған жерде мінгенмін.
Тоғыз көзді кіреукең
Тоғысқан жерде кигенмін,
Сауырығы бие сүт болса,
Байсалды жұртқа құт болса,
Телікөлде ізін шығарып,
Көкөлдінің көлінде,
Баса барып жеткенмін.
Теңкиіп басын кескенмін».
- Ей, Нұралын, Нұралын!
Еш бермесін мұрадың.
Төбеге шыққан төртеуге
Төре берер күн туғай ма?
Арқада тұрған алтауға
Аға болар күн туғай ма?
Арқаға біткен Алатау,
Ер аттар күн туғай ма?
Төбедегі төрт жұлдыз
Таң атар күндер туғай ма?
Төбел торы ат құйрығы
Төрт шалуға келгей ме?
Қалған құтқан ел болып,
Қадырберді сұлтан хан болып,
Бұрынғыдай ел болып,
Ту желкілдеп шыққай ма?
Бізге туған осы күн
Сендерге де туатын,
Шүйделі балта қолға алып,
Иініңе мінетін,
Төбеншік көзді бабаңды
Төбелер күндер туғай ма?
Атасы Нұралынға: «қарсы сөз айтса ерді өлтірме», - деген сөзі бар еді. Сондықтан Нұралын да тілін тартпай қасқиып тұрған жігітті өлтірмей жүре берді.
Нұралын жолға кеткен соң Кеңжанбай жасырын атасы мен баласын шағыстырайын деп Едігеге жетіп келді. Келді де Едігеге: «Тоқтамыстың бір қызын қуантып, бір қызын қуартып қойғаның не?» - деді. «Бір дәуір сүргенде екеуін де өзің алсайшы, баланың ырысы өзінде емес пе?» - деді. Кеңжанбайдың шағыстырып отырғанын білмей Едіге екі қызды да өзі алды. Үлде мен бүлдеге малды. Екі қолын екі қыздың үстіне салды. Бір заманда Нұралын кіріп келді. Ерні кезеріп, көзі бозарып, екі қыздың иініне қолын артып отырған әкесін көрді. Сол заман ашуы келіп атасына «А!» дегенде атасының көзі шықты. «Ма!» дегенде қолы сынды. Едіге зарлап жылады:
Ей тумағыр, тумағыр!
Сені қайдан тудырдым?
Сен туғанда, Нұралын,
Төбел бие сойдырдым.
Төрт қырлап ошақ қаздырдым.
Сәтемірдің сансыз қол
Барлы-жоғын жидырдым.
Жалғызыма алғыс тисін деп,
Қарып пенен қасырды
Арақ пенен шарапқа
Сонда аман тойдырдым.
Сен туғанда Нұралын,
Қара кеске бөлеттім.
Ал қара кес батад деп,
Бала кеске бөлеттім.
Алтыннан шүмек ойдырттым.
Күмістен түбек құйдырттым.
Хан қасында туды деп,
Тумағыр, сенің атыңды
Хан Нұралын қойдырттым.
Беліңе садақ будырттым.
Көкірегі жаулы өссін деп
Қашқан жауды қудырттым.
Қарға қонбас қарағаш,
Қаз қондырдың, Нұралын!
Құзғын қонбас қу ағаш,
Қу қондырдың, Нұралын!
Қу қанатын сал етіп,
Еділ-Жайық өзеннен
Көктей өттің, Нұралын!
Қара суға қан құйдың,
Суды қайдан ұрттарсың?
Қара арғымақ қатырдың,
Атты қайдан мінерсің?
Қара ылашын қашырдың,
Құсты қайдан шүйерсің!
Жан дегенде жақының,
Жалғыз атаң мен едім,
Алғаштан көзім шығардың.
Бергештен қолым сындырдың.
Қайда барсаң тынарсың?
Сонда Нұралын айтты:
«Қарға қонбас қарағаш
Қаз қондырдым жұрт үшін.
Құзғын қонбас қу ағаш,
Қу қондырдым жұрт үшін.
Қу қанатын сал қылып,
Еділ-Жайық өзеннен
Көктей өттім жұрт үшін.
Қара суға қан құйсам,
Сербет суын ұрттармын,
Қара арғымақ қатырсам,
Ат тұлпарын мінермін.
Қара ылашын қашырсам,
Сұңқар құсты шүйермін.
Қаулы жерге өрт қойсам,
Шүйгін шөпті оттармын,
Жан дегенде жақыным,
Жалғыз әкем сен болсаң,
Алғаштан көзің шығарсам,
Бергештен қолың сындырсам,
Тәңірім үйі мекені,
Үш айлансам тынармын, -
деді де жұртты қақ бөліп алып кетті. Судың екі жағында екеуі жатты. Сонда Едіге жалғыз баласын сағынады. Сағынып сарнайды:
«Терлігім алтын болмады.
Теңім мінер болмады.
Қан жиені би ұлы,
Нұралын хан болмады.
Хан болғанның несі артық?
Өзімізден соңғыға.
Жора болып қалмады.
Алыстан қара көрінсе,
Айланысқан мырза ұлым,
Жуықтан қара көрінсе,
Толғанысқан мырза ұлым.
Жетекшісі келіссе
Жер жаңылмас мырза ұлым.
Жеті дария қосылып
Көбіктеніп тасқанда,
Жел қайықтай омырауын
Желге беріп қасқиып,
Көктей өткен мырза ұлым.
Борай да борай қар жауса,
Керіскей кигіз мырза ұлым.
Борасындап оқ жауса,
Темір шымды болаттай,
Қалқан болған мырза ұлым».
Бір күні Нұралынның қатыны баласының құйрығына болат бізді сұғып алып жылатты. Нұралын ашу қылды. Сол уақытта қатыны айтты:
«Қара кеске оратқан, алтыннан шүмек құйдырған, әлпештеп өсірген атаңа сен не көрсеттің? Бұ да бізге не көрсетер дейсің», - деді. Мұнан соң айыбын біліп Нұралын өзін бір кісіге жетелетіп, бір кісіге қамшылатып атасы Едігенің алдына барып татуласты – дейді.
Тоқтамыс ханның баласы Қадырберді сұлтан жүз кісімен қашып кеткен еді. Жанына жиналған қалған-құтқан ел болып Қадырберді сұлтанды хан сайлайды. Сол уақытта Қадырбердінің жылқысындағы бір құлаша құлынын да емді, тайында емді, құнанын да арда емді. Дөненінде үйретті. Бестісінде жібек арқан сүйретті. Алтысында адуынды ат болды. Жетісінде жіліктеніп толды. Сегізінде серіппей құлан атты. Тоғыз жаста әбден толысты. Он жасына келгенде пат құндыздай өңісті. Он бір жасқа келгенде оқ жыландай қарғыды. Бір мезгілде Қадырберді сұлтан садағын байланды. Жұртқа құрбан боламын деп жұртын үш қайтара айланды. Ақылын ішіне сақтап кіжінді. Құлашаға мініп алып жұртына сырын айтпай Едігені іздеуге жөнелді. Тал түсте ел шетіне келіп кірді. «Едігенің ордасы қайсы?» - деп сұрады. Бір адам: «Едігенің үйі анау!» - деп көрсетті. Көрсеткен үйге құлашамен желіп келіп түсті. Үйге еніп келісімен төрде жатқан Едігенің кеудесіне мінді.
«Кімсің кеудеме мінген?» - деп сұрады.
Сонда Қадырберді:
«Төбедегі төрт жұлдыз
Таң атудың кезіне,
Төбел торы ат құйрығы.
Төрт шалуға келгенде,
Қалған-құтқан ел болып,
Қадырберді сұлтан хан болып,
Әуелгідей біздің жұрт,
Желкілдетіп ту ұстап,
Шүйделі балта қолға алып,
Төрде отырған сіресіп,
Төбеншік көзді Едігенің
Шүйдесіне мінетін.
Бізге туған ауыр күн
Саған дағы туатын
Төбеңдегі шүйдеңе.
Төбелер кез болған-ды», -
деді де, басынан үш қайтара секіріп түсіп: «Ер болсаң өлерсің, қор болсаң жүрерсің», - деді де шығып кетті. Бұл қорлыққа шыдамай Едіге мен Нұралын аталы-балалы екеуі де құсамен өлді. Қадырберді сұлтан қайтып келіп, жұртына хан болды. Өмірін кешіріп қалды.
1Көн дауылпаз – жорықта пайдаланатын музыка аспабы.
Достарыңызбен бөлісу: |