328
♦ жоғарыда айтылған бақылау функцияларының орындалуын қамтамасыз ететін
әртүрлі бақылау әдістерін қолдану, бақылаудың жүргізілуі мен нәтижелеріне деген білім
алушылардың қызығушылығын арттыру;
♦ оқу бағдарламасының барлық тарауларын, теориялық білімдер мен тәжірибелік
дағдылар мен ептілікті қамтамасыз ететін бақылаудың толықтығы (жан-жақтылығы);
♦ студенттерді толық білмегендіктен немесе кейбіреуіне бір жақты көзқарасынан пайда
болған оқытушының субъективті және қате бағалау пікірі мен қорытындыларын
болдырмайтын бақылаудың әділдігі;
♦ әр оқу пәнінің (оның жеке тарауларының)
ерекшеліктерін, сонымен қатар әр білім
алушының жеке сипаттамаларын ескеретін дифференциацияланған тәсілдеме.
Оқытудың кәсіби-бағдарлы технологиясын жобалау және жүзеге асыру кезінде оқу
үдерісі нәтижелерін бақылаудың оңтайлы әдістерін таңдау маңызды орын алады.
Бақылау әдістері дегеніміз білім алушылардың оқу-танымдық пен басқа қызмет
түрлерінің және оқытушылардың педагогикалық жұмысының нәтижелілігін анықтаудың
тәсілдері. Қазіргі замандағы дидактикада бір-бірімен үйлестірілген ауызша, жазбаша,
тәжірибелік (зертханалық), машиналық (компьютерлік), білім алушылардың өз-өзін бақылау
әдістері қолданылады.
Бақылау әдістерімен қатар педагогикалық әдебиеттерде бақылау түрлері көрсетіліп,
келесідегідей жіктеледі:
- оқыту мақсаттарының масштабы бойынша: стратегиялық, тактикалық, оперативтік;
- оқу кезеңдері бойынша: ағымдық, аралық, қорытынды;
- уақыттық бағытталуы бойынша: ретроспективалық, алдын-ала, озық;
- бақылау жиілігі бойынша:
бір жолғы, мерзімді, жүйелі;
- бақылау ауданы бойынша: локалді, іріктеме, тұтас;
- оқытуды ұйымдастырудың формалары бойынша: жеке, топтық, тұтас (фронталді);
- әлеуметтік жанама формалары бойынша: сыртқы (әлеуметтік), аралас (бір-бірін
бақылау), ішкі (өз-өзін бақылау);
- оқу сабақтарының түрі бойынша: дәрістегі, семинардағы, тәжірибелік және
зертханалық сабақтағы, сынақтағы, коллоквиумдағы, емтихандағы;
- бақылауды жүзеге асыру тәсілдері бойынша: жазбаша, ауызша, стандартталған,
машиналық және т.б.
Өткізу мерзіміне қарай бақылау қорытынды және ағымдағы деп бөлінеді.
Ағымдағы
бақылау өз жағынан нақты ағымдағы және аралық деп бөлінеді.
Үлгерімнің ағымдағы бақылауы әр тақырып, тарау бойынша білімді игеру сапасын,
тереңдігін, көлемін; кемшіліктер мен оларды жою шараларын; білім алушылардың
жұмыстағы жауапкершілік дәрежесін, олардың қабілетінің даму деңгейін, жұмысқа кедергі
жасайтын себептерін; өзіндік жұмыс дағдыларын игеру деңгейін,
оларды дамыту жолдары
мен құралдарын анықтайды.
Сонымен қатар, бақылау болашақ мамандардың мамандыққа деген қызығушылығын,
танымдық белсенділігін арттырып, оқу материалын өз бетінше меңгеру дағдысын күшейтеді.
Ағымдағы бақылауды оқытушы күнделікті оқу жұмысы барысында жүзеге асырып,
сабақтарды ұйымдастыру формаларының шеңберінде өткізеді. Мұнда жалпы топтың және әр
білім алушының жеке жұмысы бақыланады, жаңа материалды меңгерумен, оны бекітумен
үйлестіріп білім, дағдылар, ептілік жүйелі тексеріледі.
Аралық бақылау. Ағымдық бақылау кезінде әр жеке білім элементінің, қалыптасатын
дағдының әр элементінің меңгерілуі қамтылады. Бұл өте маңызды,
бірақ тақырыптың бір
бөлігінің ғана емес, толық та терең қабылдануына жеткіліксіз. Оқылатын материал біртұтас
ретінде игерілу үшін, аралық бақылауды білім алушылардың әр тақырыпты меңгеру
дәрежесін, олардың оқу материалын алдындағы білімдермен байланыстырып, құбылыстар,
түсініктер, негізгі идеялардың дамуын, күрделіленуін бағалау қабілетін анықтауға мүмкіндік
туғызатын форматта өткізу керек. Мұндай формат ретінде аралық бақылауды жарты
семестрлік емтихан Midterm exam (Midterm examination)түрінде өткізуге болады.