Зат есімнің морфологиялық сипаттары Зат есімнің құрылымы Құрылымы жағынан зат есім жалаң да, күрделі де болады.
Жалаң зат есімдер екі салаға бөлінеді: біріншісі - түбір зат есімдер, екіншісі - туынды зат есімдер.
Түбір зат есімдер деп қазіргі кезде тиісті морфемаларға (түбірге және жұрнаққа) бөлшектенбейтін, тек бір ғана түбір морфема (сөз) ретінде қабылданатын заттық атауларды айтамыз.
Туынды зат есімдер деп қазіргі кезде түбір морфемаға және қосымша (жұрнақ) морфемаға бөлшектенетін, демек, түбір сөзден жұрнақ арқылы жасалған заттық атауларды айтамыз.
Күрделі зат есімдерге кемінде екі я онан да астам түбір морфемадан құралған формалар жатады. Ондай зат есімдер қазіргі қазақ тілінде төрт түрлі: Үлгі:Main Біріккен зат есімдер,
Қосарлаған зат есімдер,
Тіркес (құрама) зат есімдер,
Қысқарған зат есімдер.
Зат есімдердің жасалу тәсілдері Зат есімдер лексикалық, морфологиялық, синтаксистік тәсілдер арқылы жасалады.
Лексикалық тәсіл арқылы жасалған зат есімдерге байырғы зат есімдер, сондай-ақ, басқа тілдерден енген зат есімдер, бастапқы семантикалық мағынасы не кеңею, не тартылу, не ауысу арқылы туған жаңа зат есімдер мен өзге сөз таптарынан субстантивтену арқылы пайда болған зат есімдер жатады.
Синтаксистік тәсіл арқылы жасалған зат есімдерге кемі екі я онан астам түбірлердің бірігуі, қосарлануы, тіркесіп құралуы, қысқарып құралуы арқылы және лексикалану негізінде пайда болған күрделі зат есімдер жатады.
Морфологиялық тәсіл арқылы жасалған зат есімдерге зат есімнің өзінен, өзге сөз таптарынан тиісті жұрнақтар арқылы туған туынды зат есімдер жатады.
Мысалы: атшы, басшы деген туынды зат есімдер ат, бас деген зат есім түбірлерінен жасалса, атшылық, басшылық деген туынды зат есімдер атшы, басшы деген зат есім негіздерінен (туынды зат есімдерден) жасалған. Ал, жақсылық, үлкендік деген зат есімдер -лық (-дік) жұрнағы арқылы жақсы, үлкен деген сын есімдерден туған.
Сондай-ақ, егін, сауын туынды зат есімдері ек, сау деген етістік түбірлерінен жасалса, олардан -шы (-ші) жұрнағы арқылы егінші, сауыншы деген туынды жаңа зат есімдер жасауға болады т. Б