Хандықтың құлдырауы Үш жүздің қазақтарының біріккен ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қатты алаңдатты. 1843 жылы шілденің 27 І Николай империя құрамындағы қазақ хандығына қарсы ең көлемді әскери қозғалыстарға рұқсат беретін басқа мемлекет болмауы тиіс деген қағазға қол қойды. Бір кезеңде патша әскерлерімен және ымыраға келмес сұлтандармен күрес жүргізген Кенесары 1843—44 жж. біраз жеңістерге қол жеткізсе де, шегінуге мәжбүр болды. Шегіне келе Кенесары қырғыз жеріне шекаралас Ұлы жүздің аумағына орналасты. Ханның келесі бағыты қырғыз халқын орыс отаршылдығына қарсы ортақ күреске көтеру болды, алайда ол манаптар тарапынан күшті тойтарысқа тап болды. Кенесары Тоқмақ маңындағы екі жақтың күші тең емес шайқаста қаза болды. Кенесары сіңірген тарихи еңбегі — ол қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары ханның саясаты және идеологиясы ұлттың даму жолындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды. Кенесары туралы ақын-жазушылар шығармалары Астана қаласындағы Кенесарының ескерткіші Кенесары қазақ халқының дербес мемлекеттілігін қалпына келтіру, халқын бодандықтан құтқарып, басын біріктіру, азаттық пен бостандыққа қол жеткізіп, тәуелсіз ел ету мұратын көздеген сұңғыла саясатшы, қайраткер, ірі мәмілегер, дарынды әскери қолбасшы ретінде ел есінде қалды. Кенесарының өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақынның «Кенесары – Наурызбай» дастаны (19 ғ.) 1875 ж. сұлтан Жантөриннің тәржімасымен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланды. 20 ғ-дың 30-жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын (сахнаға бірер қойылуынан кейін тыйым салынған), 60-жылдары И.Есенберлин «Қаһар» романын жазды. Алғашқы зерттеулер ішінде «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» деген тақырыппен Н.Середаның 1870 ж. «Вестник Европы» журналының бірнеше нөміріне бастырған кітабының дерек көзі ретіндегі маңызы зор. 1888 ж. Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан К-ның баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес өкіметі тұсында К-ның күрес жолына іргелі ғыл. зерттеу арнаған тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов («ХІХ ғасырдың 20 – 40-жылдарындағы Қазақстан», 1947) саяси қуғын-сүргінге ұшырады. К. тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғаннан кейін ғана қолға алынды. Тарихшылар (Ж.Қасымбаев, т.б.) өз зерттеулерін жариялады.