Ақмолла, Муфтахетдин Камалетдинұлы Мұхамедияров (26.12.1831, қазіргі Башқұртстан Республикасы Белебей ауданы, — 8.10.1895, Миас ауданы, Сарласан ауылы) – айтулы башқұрт ақыны және ағартушысы.
Өмірбаяны
Шешесі — Бибігүлсім Сәлімқызы. Әкесі — қазақ, бірақ ерте қайтыс болған. Ақмолла жеті жасынан бастап тәрбиелеген өгей әкесі Камалетдиннің баласы болып кетеді. Хат таныған соң, өз бетімен оқып, өлең шығара бастайды. 1863 жылы Стерлитамак қамалындағы медресені бітіріп, Орынбор, Троицк қаларында оқуын жалғастырады. Троицк қаласы маңындағы Қарабалық ауылында бала оқытады. Халық оны “Ақмолла” атап кетеді. Ел ішінде зор беделге ие болып, әлеуметтік және ұлттық теңсіздікті әшкерелеген ол жалған жаламен 1867 — 1871 жылдары түрмеде отырған. Ақталып шыққаннан кейін Қостанай, Қызылжар, Көкшетау қалаларының маңындағы қазақтар арасында бала оқытады, өлең жазумен айналысады.
Ақын
Өзін “жәдитшілдік” ағымның бастаушысы Ш.Маржанидің шәкіртімін деп есептеп, оның ағартушылық жолын дәріптейді. Ақынның көзі тірісінде 1892 жылы “Дамулла Шиһыбеддин хазіреттің мәрсиясы” (қазақша “мәрсия” — жоқтау) деген жалғыз кітабы жарық көрген. Бұл кітап Ақмолла есімін қазақ, татар, башқұрт арасына кеңінен таратты. Ақынның бірсыпыра өлеңдері 1904 жылы “Ақмолла” деген атпен, біршама толық жинағы 1907 жылы “Мәшһүр шиғыр Ақмолланың өлеңдері” деген атпен жарық көрді. Ақын өз өлеңдерінде жаңа ағымның басшысы Маржаниді мадақтады, жаңашылдықты, өнер-білімді, қоғамдық пәндер мен орыс тілін медресе жүйесіне енгізу туралы мәселелерді жырлады. Ақмолла өлеңдерінде араб, парсы, кітаби сөздер жиі кездессе де, ойы орамды, тілі бейнелі, көркем кестелі келеді. “Көктем”, “Жаз”, “Күз”, “Табиғат құбылыстары” тағы басқа өлеңдері арқылы қазақ поэзиясындағы табиғат лирикасының дамуына айтарлықтай үлес қосты. 1911 — 1916 жылдары Троицкіде шыққан сатиралық журналдың “Ақмолла” аталуы да ақынның халық арасына кең тараған шығармашылық беделінің айғағы. С.Сейфуллин 1935 жылы Ақмолла өлеңдерін құрастырып, “Ақмолла” өлең жинағы деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Оған өзі алғы сөз жазды. 1981 жылы Ақмолланың туғанына 150 жыл толуы салтанатпен мерекеленді. Мәскеуде оның өмірі мен шығармашылығына арналған жұртшылық өкілдерінің жиналысы өткізілді. 1986 жылы ақын өлеңдері “Күндер мен түндер” деген атпен қазақ тілінде басылды. Ақын кісі қолынан қаза тапқан. Миас қамалының зиратында жерленген. Ақмолланың туған ауылында мемлекеттік мұражайы жұмыс істейді.
Өлеңдері
Өлеңдері сыни-философиялық, ағартушылық көзқараста жазылды.Башқұрт ақыны С. Қүдаш: «Үш ақынның алған бағыттарына үңіле қарасақ, Абай мен Ыбырай, Ақмолла творчестволары өзара үндесіп жатқанын байқаймыз»деп Ақмолланың өлеңдерін («Жастық ізімен», М., 1967) жоғары бағалады. 1911-16 жылдары Троицкі қаласында «Ақмолла» атты әдеби журнал шығып тұрды, С. Сейфуллин Ақмолланың өлеңдер жинағын құрастырып, алғы сөз жазып, 1935 жылы Алматы қаласында қазақ тілінде бастырып шығарды. Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінің меңгерушісі, абайтанушы ретінде Әуезов Ақмолланың шығармаларын жинауға, зерттеуге үлкен көңіл бөлді.Д.Қашқынбаев, Т. Ізтілеуов, О. Шипин тапсырған Ақмолла өлеңдерінің қолжазбалары институттың қорында сақтаулы. «Зар заман» ақындары» мен «Абайдың ақындық мектебі», «Кітаби ақындар» туралы 1949-53 жылдары саяси-идеологиялық қысым тұсында Ақмолланың мұралары да қатты сынға алынды. Алайда Әуезов өзінің ғылымдағы шәкірттеріне жазған хаттарында бұл ақынға ерекше көңіл бөліп, зерттеуге кеңес берді. «Ақмолла» журналының атына еліктеп, Ж. Аймауытов екеуі 1918 жылы «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығарды.
Ақмолла – қазақ, татар, башқұрт ұлтына ортақ шайыр, ағартушы. Азан шақырып қойған есімі Мифтахитдин. Дұрысы: Мифтахетдин Мұхамедиярұлы Камаладинов(1831-1895). Молдалығын, адалдығын бағалап халық «Ақмолла» атандырып кеткен ақын, үлкен ілім, салиқалы ой егесі. Белгілі оқымысты Шахабуддин Бағаутдинұлы Маржани бастаған діни-ағартушылық идеяларды жалғастыра дәріптеген ислам жанашыры. Жасынан мұсылманша хат танып, өзінің ізденімпаз пысықтығымен ілімін тереңдету мақсатында ат сабылта жүріп, Жайық бойын шарлап, Орынбор, Троицк аймағында сауатын жетілдіріп, осы маңдағы қазақ балаларының басын қосып, дәріс берген.
Жалпы, әдебиет тарихында Ақмолла жөнінде талас көп. Ғалымдардың кейбірі оны «башқұртқа» басыбайлы байласа, көпшілігі «татарға» тартады. Өз басы башқұрт жерінде дүниеге келген соң шығармалары да сол жақтың халқы арасына көп тарағанға ұқсайды.
Ал, тереңірек үңілсек ғұмырының біраз бөлігі қазақ сахарасында өткен. Өлеңдерінің де көбі қазақ тілінде жазылып, қазақ арасына кең тараған. Бұл жай туралы Татардың әйгілі ақыны Ғ. Тоқай: «Оның өлеңдерінен тек қазақ иісі, көшпелі халық иісі аңқып тұрады» десе, С. Сейфуллин: «Расында татаршадан гөрі, қазақша жазғандары көркемірек және тілі де таза...» деген ой қалдырған.
Ақмолла ғұмыр жолында тауқыметті көп тартқан. Әкеден ерте айрылу, өгей әкенің қыспағы, түрме қапасында жату т. б. осының бәріне қажымаған ақын тағдыр әрлі де нәрлі жырларымен халқының көңілінен шығып, көптеген қызметтер атқарғаны аңғарылады.
Ол 1831 жылы Башқұрт жерінде дүниеге келген. Әкесі Мұхамедияр – Ақмешіттің қазағы, шешесі Бибігүлсім – башқұрт қызы (Кей деректе татар қызы деп беріледі). Болашақ ақынның әкесі Мұхамедияр есейе келе тағдыр тәлкегімен туған елінен жырақта, Башқұрт даласында тірлігін жалғастырады. Башқұрт Бибігүлсім Салиманқызымен (кейбір мәліметте Сәлімқызы болып жазылады) бас қосып, түтін түтетеді. Осылайша қазақ Мұхамедияр мен башқұрт Бибігүлсімнің жұпыны отбасында ертеңгі ғұлама Мифтахетдин жарық дүние есігін ашады. «Шешесі – Бибігүлсім Сәлімқызы. Әкесі – қазақ, бірақ ерте қайтыс болған. Ақмолла жеті жасынан өгей әкесі Камалетдиннің қолында тәрбиеленіп, соның атына жазылады»[1-197].
Одан да бек ертерек кетіп қалдым.
Үстімде кірлі көйлек, жыртық дамбал,
Қайда молда бар десе, жетіп бардым, – дейді ақын, кейін, өзі туралы өрген бір өлеңінде.
Жырларында айтқанындай-ақ білімге, кітапқа құштар бала ауыл медресесінде оқиды. Алғаш өгей әке Камалетдиннен сауат ашып, онымен тоқталмай іздене жүріп, Ұлықпан молла медресесінен, кейін Ментаузтамақ, Аляпиовск, Шәмсидин Зәкір сопы медреселерінен дәріс алып, одан әрі ілімін Орынбор, Троицк қалаларындағы білімдар жандардан тереңдете түседі. Осы аймақта біршама жыл тұрақтап, білімі толысқан тұста төңірегіндегі қазақ балаларын топтастырып, ұстаздық етеді.
«...Көбінесе бала оқытып тұрған жері Троицк каласынан жүз шақырым
алыстағы қазақтың Қарақыпшақ руы, қарақыз елінде Қарабалық, Қарасор деген жер болған[2-11]. Молдалықпен қоса ағаш шабу, арба жасау т.б. қолөнер жұмыстарымен айналысқан. Реті келгенде айта кетейік оның өлімі де осы өзі жасап, көлік қып жүрген арбасынан болған көрінеді. У. Қалижанов бүй дейді: «...Ақынның арбасына қызыққан Нығметолла (Баймұратов) және Дәулетші деген башқұрттар Ақмолланы өлтіріп кетеді»[2-17].
Намысқой, өткір тілді шайыр түрменің де ащы дәмін біраз татады. Есенкелді, Бәтіш атты төрелер ақынның ащы мысқылына төзбей үстінен «солдаттан қашып жүрген башқұрт» деген арыз түсіріп, ақыры 1867-1871 жылдары абақтыға отыруына мәжбүр етеді. Төрелермен тірестің бір көрінісі былайша баяндалады: Ақмолла Құсмұрын елінде, Қозыбай бидің шаңырағында Дандыбай деген бимен кездеседі. Дандыбай шайырды менсіне қоймай шекесінен қарап: «Е, естек ақын екенсің ғой», – десе керек. Бұған шорт кеткен ақын, бидің беліндегі жалпақ белбеуін нұсқап:
Би болмас белін жалпақ буғанменен,
Тазармас көңілі харам жуғанменен, – деп төге бастағанда бидің қасындағы бір сопы мүлгіп отырса керек:
Кей надан көзін жұмып құр мүлгиді,
Сопылық табылмас көз жұмғанменен, – деген мысқылмен оны да түйреп өтеді. Одан әрі нақыл сөзбен өре келіп былайша толғайды:
Жігітке қиын сауда – білім деген,
Білімсіздер ауызға ілінбеген.
Білімсіз әркім бекер қаңғырады,
Бұзаудай енесі өліп телінбеген.
Ақмолла көпті көріп сырғанаған,
Әр жерде жаман адам қорғалаған.
Әркімнің алып жейтін бір аңы бар,
Мысық та тышқан көрсе жорғалаған[3-195]. Көпшілік ортасында мұндай сөздер есту белді-беделді адамдарға жеңіл тимесі анық. Әр жерде осылайша есесі кетіп жүрген Есенкелді, Бәтіш секілді жуандар өшігіп, ақыры жаламенен қапасқа қаматады. Ақмолла жазықсыз ұсталғанын жария қылып:
Сарғайдым терезеден қарай-қарай,
Зарығып шыдамайды тәтті жан-ай!
Есенгелді, Бәтішке қарсы келіп,
Ақмолла қорлық көрді талай-талай, – деп байлардан көрген қыспағын жырымен төгеді.
Әлмисақтан бойына арамдық бітпеген ақын түрмеде де ақ жолынан жаңылмайды. Біраз толғаулар жазып, қапастан құтылудың қамын қылып, беделді азаматтардан көмек сұрайды. Ойлағаны іске асып, 1871 жылы Троицкіге келген генерал-губернатор Кржижановскийге өзіне жала жабылғанын айтып шағымданады. Құдайбергенов Иманбай деген қазақ кепілдікке екі мың теңге беріп уақытша босатып алады. Бостандыққа шыққасын біршама уақыттан соң Қазанға жол тартып, генерал-полковник – Шыңғысханов Ғұбайдолла Жәңгірұлына жағдайын айтып өлең-хат жолдайды. Сұлтан Ғұбайдолла мән-жайға қанығып, қол ұшын созады. Сөйтіп жаладан біржола босатылады.
Шығыс шайырларынан тағылым алып, ислам мәдениетінен терең сусындаған Ақмолла, Жайық бойын, Орынбор өңірін шарлап, Қостанай, Қызылжар, Көкшетау аймағында ұстаздық ілімін жалғастыра береді.
Оның әдеби мұраларын татар, башқұртпен қоса қазақтың да белгілі ғалымдары, білімдар азаматтары зерделеген. Шығармашылығы XX ғасырдың басынан бастап-ақ зерделі, ойлы жандардың салиқалы көздеріне ілігеді. Көзі тірісінде-ақ, 1892 жылы Қазан қаласынан «Дамолла Шиһабетдин хазіреттің мәрсиясы» атты жинағы шығады. Ақын өмірден озған соң да мұралары бір-екі рет кітап болып, Қазаннан басылады. Ал, 1935 жылы С. Сейфуллиннің құрастыруымен қазақша нұсқасы жарық көреді.
Ақмолланы қазақ зиялылары дәріптеп қана қоймай біразы өнеге тұтқан.
Белгілі әдебиеттің, мәдениеттің көрнекті өкілдері Сұлтанмахмұт Торайғыров, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омары, Нұржан Наушабаев, Омар Шипин, Сәбит Мұқановтар ұстаз санап, жырларын жатқа білген. Мысалы оның «төрттағандарын» (рубаяттар) Тұрмағамбет Ізтілеуовтен кездестіре аламыз.
Ал, мұсылмандық көзқараспен айтқан нақыл түріндегі ғибратты сөздері Абыл Тілеуұлы (1777-1864) сынды жампоздармен қиюласып жатса, кейбір ойы, өлең өрнегі Ақтан Керейұлы, Әбубәкір Кердерілермен үндес келеді. Зер салыңыз: Абыл, Лә Илләһә Иллалла – иманымыз,
Бір имандай болмады жиғанымыз.
Күн деген бір әмірге жолыққасын,
Паякүн енді біздің болғанымыз.
Ақмолла: Ең әуелі керек нәрсе – иман деген,
Ақырет істеріне илан деген.
«Құда, кешір!» дегенмен іс бітпейді,
Үйренбекке «иманшарт» қинал деген.
Алланың хақ жолынан алшақтамаған ақын шариғаттан біраз уағыз айта толғайды. Жаны таза азамат уытты жырларымен жұртты имандылыққа шақырады. Қазаққа тән мінез-құлықты дөп басады. Көбіне сараң байлар мен дарақы болыстықты, арамза молдалық пен ғылымның хақ жолын баса айтады.
1911-16 жылдары Троицкіде шыққан сатиралық журналдың «Ақмолла» аталуы да ақынның халық арасына кең тараған шығармаларының беделінің айғағы десек те болады.
Ол, айтысқа да түскен. С. Негимов бүй дейді: «Ұлттық поэзия тарихында Ақмолланың ақындық мектебі ерекше құбылыс. Бұл орайда мына бір деректі айту жөн. Бірде АқмоллаУфа қаласында «Шора» журналының қызметкері, ғалым Риза Фахретдиновпен кездеседі. Ол Ақмолланы башқұрт ақыны Мұхамедсәлім Үмітбаевпен айтыстырады. Ақмолла дала (қазақтар) атынан, Мұхамедсәлім қала (башқұрт) атынан ой толғайды. Осынау дәстүрдің негізінде Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қала ақыны мен дала ақынының айтысы» атты атақты поэмасын жазды»[3-196].
Өнері, тәлім-тәрбиесі үш елдің ардақтыларына ықпал еткен Ақмолла ақын 1895 жылы Башқұрт жерінде, Мияс аудының Сарласан ауылында өмірден озып, сол жерге жерленген. 1981 жылы туғанына 150 жыл толуы салтанатпен аталып өтілген. Мәскеуде оның өмірі мен шығармашылығына арналған шаралар ұйымдастырылған. Ақын атындағы ауылда мемлекеттік мұражайы жұмыс істейді. Қазіргі таңда Башқұрт жұрты Ақмолланы кең дәріптеуде.
Ұлты қазақ ұланын кешегі ғалымдар бағалағанмен бүгін бізде ескерусіз қалып барады.
Ақмолла жайлы небір жақсы пікірлер келтіруге болады. Біз газет бетіне ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.
Бұхарда бар бұлама,
Ташкентте бар сұлама,
Бір сынаған жаманды,
Екінші рет сынама.
Бас қоспаған тірлікте,
Сыйласпаған, ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгеннен соң жылама!, – деп қазақы қалыппен толғап өткен шайырды біз де насихаттасақ несі айып.
Тентектері түрмеге тығып жатса да жүрегі «қазақ» деп соғып өткен ақынды көпке таныстыру мақсатында қолға қалам алдық.
Қазақ әдебиетінің тарихында айрықша орын алатын діни-ағартушылық ағым өкілдерінің шығармашылығы – рухани мұраларымыздың ішіндегі таным тұрғысынан қайта-қайта қаралып, әділ баға берілуге міндетті рухани мұраларымыздың бірі. Ғалымдар бұл ағымның ХІХ ғасырдың аяқ кезеңі мен ХХ ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік жағдайлармен байланысты кең өріс алғанын айтады. Мәселен, У.Қалижанұлы: «Қазақ даласын түгелдей отарлап алған патшалық Ресей енді қазақ халқын мүлде басқа дінге ендіру мақсатын көздеді. Сібірдің ұсақ ұлттарын күшпен шоқындырған патша өкіметі осындай миссионерлік саясатты қазақ жерінде де жүргізуге кірісті. Бірақ бұл саясат жергілікті халық тарапынан қатты қарсылыққа ұшырап отырды. ХХ ғасырдың бас кезіндегі ақындар патшалы Ресейдің қазақтың жерін алумен бірге оның өзін әр түрлі саясатпен жою мақсатын жүзеге асыруға жанын салғанын сезді. Олар патшалық Ресейдің осы қитұрқылығына қарсы тұрар жолдың бірі деп халықтың діни сауатын ашу жолын таңдады» дейді.
Ғалымның айтып отырған осы идеологиялық қысым қазақ даласында еркінен тыс мұсылмандық қозғалыстың тууына себеп болды, расында. Бұл қозғалыстың негізгі қозғаушы күші діни-ағартушылық бағытты ұстанған ақындар поэзиясы еді. Олар адамдардың ой-сезімін, санасын мұсылмандықтың жалпыға белгілі ізгілік идеясымен, нұрымен сәулелендіру арқылы адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу, адал өмір сүруге уағыздау, білім алуға, оқуға шақыруды мақсат етті. Адам бойында сол уақыттарда белең алған парақорлықтың, жауыздықтың, алдап-арбаудың басты себебі дінсіздіктен деп түсінді. Мұсылмандықтан тая бастаудың басты себепшісі Ресей отаршылар екенін жақсы түсінді. Сол себепті де азғындықтан сақтанудың бұлтартпас жолы ретінде діни ағартуды басты негіз етіп алды
Айналада болып жатқан рухани осындай сілкініс Ақмолла Мұхамедиярұлы шығармашылығына, оның өмірлік позициясына да әсерін тигізбей қоймады. Санасы жарық ақынның діни сауаты да терең еді. Сондықтан да ол қоғамда орын алған діни-ағартушылық бағыттың көш басынан орын алды. Ол, ең алдымен, исламды ар, жан тазалығы, адамгершілік пен имандылықтың кепілі деп ұқты. Жалпы, ағым өкілерінің қай-қайсысы да гуманистік, имандылық, адамгершілік ойларын діни ұғымдармен байланыстырып беруге ұмтылды. Құран Кәрім сүрелерінен, хадистерден, аяттардан үзінділе арлып, алынған ғибрат сөздердің астарына үңіліп, оларды өздерінің философиялық астарлы ойын беруге, халықтың ислам дінін шынайы, имандылық тұрғысынан терең танып, түсінуіне жағдай жасау үшін пайдаланды. Ислам дінінің адамгершілік сипатын суреттейтін жыр-дастандар жазды, сол мақсатта мінәжат, мадақ сияқты діни жанрларды пайдаланды. Мұның себебі де түсінікті еді. Патшалық Ресей саясаты, түптеп келгенде, отар елдердің бәрін шоқындырып, оларды түп негізінен ажыратуды мақсат етті. Осылайша, ұлттық рухты өшіріп, ұлттық код жазылған жадымызды өлтіру саясатын діни-ағартушылық ағым өкілдері терең түсінді. Сөйтіп өз шығармаларында азаттық, азаматтық позицияларын да білдірді. Ағартушылық идеясын ғана дәріптеп қойған жоқ. Түптеп келгенде, олардың шығамаларының түпкі астарында азаттықты аңсау сарыны байқалды.
Діннен ажыраған халықта рухани аштық болатынының бір көрінісі - бала әкені, қыз шешені тыңдамайтын жағдайдың орын алуы. Мұны зар заман ақындары да баса айтып, өз туындыларында күйзеле толғады. Он тоғызыншы ғасырда қазақтың ішкі-сыртқы жағдайын әбден зерттеп алған патшалық ресейдің отарлау саясаты ендігі жерде халықтың санасын да жаулап алуды мақсат етті. Сөйтіп, осы мақсаттағы әкімшілік жарлықтар да шыға бастады. Соның бірі - 1868 жылы қабылданған «Жаңа низам» заңы. Осы заңнан соң православие дінінің миссионерлік қоғамының міндетін тікелей өз міндетіне әкімшілік ала бастайды. Генерал-губернатор, уезд начальниктері, әскери губернатор, христиан дінінің басшылары осы шаруаға бел шешіп кіріседі. Дала генерал-губернаторы Брон Таубе Семейдің әскери генерал-губернаторына жазған бір хатында (1893 жылы 19 қаңтарда): «Сіз басқаратын облыста татарлардың, бұхаралықтардың ислам дінін насихаттауы күшейіп барады, бұған қашан тиым салынатынын сұрап, сондай-ақ бұқараны әкімшілік тарапынан бақылауға алу керектігі» айтылса, дала генерал-губернаторына жолдаған хатында облыстардағы мұсылман мешіттерінің көзін құртып, орнына православие шіреулерін салудың өте қажет екені айтылған. Сондай-ақ Зайсандағы татар мектебін жабу туралы да нұсқау берілген. Халықты осылайша қорлау, сеніміне балта шабу арқылы түптің түбінде халық ретінде оны біржола жер бетінен жоқ ету саясаты осылай ұйымдастырылған.
Қазақ халқының басынан өткерген осындай неше түрлі қитұрқылықты, ақындардың шығармаларын толыққанды зерттеп, жан-жақты саралай келе, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиевтер былай деген еді: «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет пен алдыңғы жарымындағы әдебиеттің бір-бірімен ұштасатыны да, айырылысатын жақтары да жқ емес, бірқ бұлардың суреттеп беру жолдары, алға қойған мақсат-тілектері бұрынғылардан да ерекшелеу еді. Махамбет т.б батырлықты жырлай отырып, қару алып, күреске шығуды үндесе, Мұрат, Шортанбайлар қарулы көтерілістің кезі деңгейден өтіп кеткенін сезіп, елді патша өкіметінен аулақ әкету, көшу мәселелерін қозғады.
Ақмолла (Мифтахиддин)Мұхамедиярұлы қазіргі Башқұртстанның Бәләбай контоны, Тоқсамбай ауылында 1839 жылы, жаңаша 27 желтоқсан күні туады. Ақмолланың әкесі қазақ, шешесі – татар. Стерлібастан Бектеміров Нығматулла хазрет Бұхарада оқып, еліне қайтып келе жатқанда, оған Ақмешіттен Мұхамедияр деген бір қазақ ереді. Ол Стерлібасқа барып, Нығматулланың үйінде тұрады. Біраз тұрғаннан кейін сондағы бір қызметші татар қызына үйленеді. Солардан ақын Ақмолла туады. Ақынның ата-анасының жайы, міне, осындай. Ақмолланың ата-анасы қойған бастапқы, шын аты–Мұфтахитдин. Ақмолла оның өз ойдан шығарып, беріде қолданған әдеби аты. Ақмолла бала күнінде тентек, сотқар, өжет болады. Есейе келе ол тентек, өжет мінездері оқуға, білім алуға ынтықтыққа, құмарлыққа ауысады. Ол ілімді молдадан сабақ үйренетін, бас көтермей кітап оқитын, қолына түскен кітапты әлденеше рет оқып, әбден біліп алатын талапты шәкірт ынталы болады. Ақмолла 24 жасқа келген соң шеттей оқу, білім іздейді; ел қыдырады: Еділ, Жайық бойын жағалайды; Орал тауын кезеді, оның көркем сұлу табиғатына кенеледі. Осы сапарында Ақмолла 1864 жылы Тройцкі қаласынан барып шығады. Мақсаты – оқуға кіру не қызметке тұру. Ақмолла 1865 жылы қазақ арасына шығып, осы күнгі Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы Қарақыз руына барып тұрады. Онда үш жыл шамасы молда болып, бала оқытып жүреді. Ақмолла ел кезіп жүргенде болсын, қазақ аулында тұрғанда болсын, қазақ халқының тұрмысын, ғұрып-әдетін, салтын, ауыз әдебиетін зерттеп, жақсы біледі; жалпы әлеуметтік тұрмыс жайын, табиғат құбылыстарын ойына мықтап тоқиды: татар, араб, фарсы, шағатан, түрік тілдеріндегі кітаптарды көп оқиды. Ғұламалармен, ишандармен, молдалармен пікір алысқанда, айтысқанда, өлеңдерінде Ақмолла жаңашыл – ұсулы жәдітшіл ой- пікір айтады. Ақмолла қарақыз елінде Мәметеқұлы Бәтіш дегеннін; үйінде тұрады. Бәтіштің Есенгелді деген ағасы болады. Бәтіш те, Есенгелді де бай, төре екен. Ел ішінде бұлардың бетіне келер жан жоқ ақ дегені – алғыс, қара дегені–қарғыс болады. Есенгелді мен Ақмолла Бәтіштің үйінде жиі кездеседі. Ақмолланың ірі табиғаттылығы Есенгелдінің көңіліне ұнамайды. Өйткені басқа уылдың молдалары бай, төре келсе «ләппайлап», олардың асты-үстіне түсіп, қас-қабағына қарайды. Ал, Ақмолла болса, Есенгелді сияқты бай, төрелерге өзі «ләппай» айтқызбақ болады. Мұның үстіне, Ақмолланың, ащы, зәрлі тілді өлеңдері, сөздері Есенгелдіге әрдайым естіліп жүреді, шан-шудай қадалатын болады. Осының бәрі Ақмолланы Есенгелдіге жау көрсетеді. Сондықтан Есенгелді ішінен оған: «Сені ме», – деп жүреді. Бір күні ауылда бір кемпір өледі. Акмолла соның жаназасына барады. Жаназада. Есенгелді Ақмолланы мазақтайды, таяғымен нұқып: Өлеңді жерде өгіз семіреді,
Өлімді жерде молда семіреді, –деген рас-ау, мьна молданың қарны қалай қампайып кеткен,–деп күледі.
Сонда Ақмолла оған кідірмей: Ие, өлеңді жерде өгіз семіреді, Өлімді жерде молда семіреді. Даулы елде төре семіреді, Егер молда болмаса, Сенің басыңды нт кеміреді, –деп жауап қайтарады. Осыдан кейін Есенгелді Ақмолланың үстінен алуан-алуан жала жабады. Соның ішінде: солдаттан қашып жүрген башқұрт деп жазады. Ақмолла ұсталып, 1868 жылы Троицкінің түрмесіне қамалады.
Ақмолланың түрмеде жатқанда жазған өлеңдерінің көрнектілері – «Түрмеде жатқанда», «Қарақыз еліне хат», «Ғұбайдолла төреге сәлем хат», «Замана туралы» деген өлеңдері. Ақмолла түрмеде төрт жыл жатып, 1871 жылы жаз айларында шығады. Келесі, 1872 жылдың басында Орынбор, Қазан арқылы Петерборға барып ондағы мұсылман молда, ишандары, татар қазақ төрелері арқылы патшаға арыз беріп, тұтқындар отрядында болудан құтылады. Ақмолла, Петербордан қайтып, тағы да қазақ арасына шығады; онда бір жерде тұрақтап тұрмай, ел қыдырып, молда болып, бала оқытып жүреді. Ақмолла көбінше Қостанай, Қызылжар, Көкшетау, Атбасар, Омскі, Жоғарғы Орал, Троицкі, Челябі жақтарында болады.
Ел аралайтын Ақмолланың екі аты, арбасы бар екен. Ақмолла қолының ебі– шеберлігі бар кісі екен. Ол арбасын ерекше етіп өзі істеген. Ерекше етіп істегені сол –оның арбасының іші үшке бөлінеді екен: Оның артқы бөлімінде кітаптары, қағаз, тағы басқа жазу жабдықтары жатады; алдыңғы бөлімінде үй-ішіне керекті заттар мен саймандар (табақ, шелек, шәйнек, балта, т.б.) болады; орта бөлімінде өзі отырады. Ақмолла елді осы өзінің ат, арбасымен аралайды екен,яғни көшіп жүреді десе болғандай. Ақмолла мектеп-медреселерде сабақ оқытқанда, жүрген жерлерінде өз өлеңдерін оқып, түрлі кітаптардан үлгілі сөздер келтіріп, өзі әркімге арнап суырып салма өлеңдер айтып, ақын кездессе, онымен айтысып, шәкірттерді, халықты еліктіріп әкететін болады. Шәкірттерге кітаптың әрпін, суретін оқытпай, мәнін оқытады, көбінше дүние танытуға тырысады. Әдетінше ел кезіп жүргенде Ақмолланы, оның Троицкіден Златаус қаласына бара жатқан бір сапарында, Миас заводы мен Сарласан ауылы арасында, 1895 жылы 8 қазан күні Нығматулла (Баймұратов), Дәулетше деген екі башқұрт өлтіреді. Өлтірушілер оның кітап, қағаздарын, тағы басқа керексіз заттарын суға тастап, аты мен арбасын алып кетеді.
Ақмолла өлеңдері мазмұнына, стиліне қарағанда «Молдалар туралы», «Ақындарға», «Қатимат» деген өлеңдері бір кезде, шамамен айтқанда 1864-1867 жылдар арасында жазылған сияқты да, «Түрмеде» «Қарақыз еліне хат», «Ғұбайдулла төреге хат», «Халыққа насихат», «Адамның да адамы бар» деген өлеңдері бір кезде, ақынның түрмеде жатқан, онан шығып, Петерборға барып қайтқан кезінде яғни 1867-1872 жылдар арасында жазылған. Ал қалған өлеңдері «Үлгілі сөз», «Достық туралы», «Байлық және мәртебе туралы», «Көктем», «Жаз», «Күз», «Табиғат құбылысы», «Сақыпжамалға», «Өзіме», тағы басқаөлеңдері кейінгі кезде жазылған. Ақмолла өлеңдерінің басым көпшілігі заман туралы, қазақтың тұрмысы, хал-жайы туралы, оқу, өнер, ғылым туралы, дін, мінезқұлық туралы болып келеді. Бұлардың бәрінің идеялық мазмұны, ақынның негізгі идеясы оянушылық, жәдитшілдік. Осы ретте Ақмолла татарлар арасында алғаш шыкқан ұсули жәдитағымы, оның көрнекті өкілі Шаһбутдин Маржаниді дәріптейтін; өзін жадитшіл, Маржанидің шәкірті деп жариялайды; Маржаниға арнапүлкен өлең жазады. Ақмолланың ақын атағын шығарған көбінесе оның осы өлеңі.
Ақмолланың Маржаниға арнап жазған өлеңі «Шаһбутдин Маржани хазреттің мәрсиясі» (жоқтауы) деп аталады. Бұл өлеңін Ақмолла әуелі «Мадих нама» («Мақтау кітабы») деп атаған, кейінбөлек кітап етіп бастырмақ болады. Осы кезде ол Маржанидың қайтыс болған хабарын естиді де мақтау өлеңін жоқтау етіп яқтайды.
Ақмолланың Маржани туралы өлеңі төмендегідей бес бөлімге бөлініп жазылған: Бірінші бөлім – дәріптеу. Мұнда ақын жәдитшілдікті, соны бастаушы Маржаниды дәріптейді. Маржани ислам дүниесі тарихында жаңалық ашты, өзінен бұрынғы бес жүз жыл ішінде болған батырлардан, кемеңгерлерден озды; мұның өзі де, жолы да басқа – жаңа, мұның ісі, сөзі дертке шипа дейді.
Екінші бөлім –ынтык, ғашық болу. Мұнда ақын өз тұсында Маржанидай жаңа пікірлі адам шықканына қуанады, өзінің Маржаниға, оның пікіріне ынтық екенін, соның жолына түскенін білдіреді.
Үшінші бөлім –үңдеу. Мұнда ақын Маржаниды қазақ халқына, оның игі жақсы адамдарына таныстырады, халыкқа Маржаниға көңіл бөл, сонан үлгі ал, соның жолына түс, айтқанын істе, сонда адаспайсың, қор болмайсың дегенді айтады.
Төртінші бөлім – арашалау. Мұнда Ақмолла жәдит-шілдікті, Маржаниды қадимшылдардан арашалайды. Бұл үшін ол, бір жағынан, жәдитшілдікті, Маржаниды тағы да мақтайды, екінші жағынан, жәдитшілдікке, Маржаниға карсы шыққан қадимшыларды сөгеді, сынайды; надандар қаншама жала жауып, кінә койғанмен жаңалық, ақиқаттың жол табатынын, жеңетінін айтады
Бесінші бөлім – жоқтау. Мұнда ақын Маржанидің өлгенхабарын естіген соң күйінеді. Шығыс дүниесінің бір үлкен ақыл-ойкемеңгерінен айрылғаньн айтып зарлайды. Ақмолла жәдітшілдікті, прогресті дәріптейді, арман етеді. Осытұрғыдан қарап, ол қазақ арасындағы ескілікті, ру-ақсақалдық, бектік-феодалдық қоғам қалдықтарын сынап, халықты оянуға, ілгері ұмтылуға, жаңашылдыкқа үндейді; ескі оқуды, қадим оқуын сынап,халықты жаңа-дүнияи оқуға, өнер, ғылымға шақырады. Біз ұйықтап қалдық, саясат шаруашылык, мәдениет жөнінен басқа халыктардың бәрінен мүлде кейін қалып отырмыз, Енді тез оянып, шұғыл жедел ілгері үмтылайық, озып кеткен елдерден үлгі, өнеге алайық оларды қуып жетейік, заман осыны тілейді, заманды аңғарайық заманға ыңғайланайық, дегенді айтады.
Ақмолланың бірқатар өлеңдері дін туралы, адамның ниеті, мінезі, қылығы туралы болып келеді. Ақын оның біразында өз заманындағы адамдардың, би-болыстардың, қожа-молдалардың, бай-саудагерлердің дүниеқорлық, хилап, теріс ниеттерін, мінездерін, іс-әрекеттерін сынап, мінейді.Ақмолла дін, ниет, мінез, қылық туралы өлеңдерінің енді біразында ізгілікті, адамгершілікті насихаттайды. Ол жұртты дүние қорлықтан, қиянатшылдық, зорлық-зомбылық, арамдық, жауыздық істерден тиыл, хақ жолын берік ұста, таза, тура жүр; сабыр, шүкірлік қыл, әдепті, қайырымды бол деп үгіттейді.
Ақмолланың бірқатар өлеңдері жыл мезгілдері, табиғат құбылыстары туралы: «Көктем», «Жаз», «Күз», «Табиғат құбылыстары» болып келеді. Бұл өлеңдерінде ақын табиғат, жыл мезгілдері көріністерінің, халық өмірінің бір қос жарасымды, келісімді суреттерін береді. Солардан өзінше саяси философиялық түю, қорытынды жасайды. Ақмолланың жыл мезгілдері, табиғат құбылыстары туралыөлеңдер жазу –оның өзі қатарлы ақындардың бәрінен бір өзгешелігі, артықшылығы. Өйткені бұл топқа жататын ақындардың Ақмолладан басқа ешқайсысы жыл мезгілдерін табиғат құбылыстарын жырлаған, суреттеген емес, яғни оларда табиғат лирикасы жоқ. Бұл Ақмолланың жалаң үгіт-насихат, мысал, назым болып келетін байырғы, шығыстық поэзиядан европалык үлгідегі жаңа поэзияға бой ұра бастағанын көрсетеді.Ақмолла өлеңдерінің тілі біраз шұбар, ала-шабыр: оларда татар, башқұрт, араб, фарсы сөздері жиі ұшырап отырады. Алайда, жалпыалғанда, Ақмолла өлеңдерінің тілі қазақша, қазақ бұқарасына әбден түсінікті. Ақмолланың дін, кітап сөздерін, араб, фарсы, татар, башқұрт сөздерін қолдануы халықтың билеуші, ақ сүйектерінің кітап, дін сөздерін қолдануды, шет тілде сөйлеуді сән көруінен бұқараға көмескі, түсініксіз тілде сөйлеуге, өздерінше жаргон жасауға тырысуынан болған. Бұл жағдай Ақмолланың діншіл ақын екенін тағы да айқындап түседі.