Реферат тақырыбы: Қ азақ пен қырғыз жазушысы Ш. Айтманов Тексерген: Хайржанова Бибигуль Сейлхановна



Дата04.03.2022
өлшемі23,54 Kb.
#27022
түріРеферат
Байланысты:
Кайырбекова София


Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

РЕФЕРАТ
Тақырыбы: Қазақ пен қырғыз жазушысы Ш.Айтманов

Тексерген: Хайржанова Бибигуль Сейлхановна

Шыңғыс Айтматов – қырғыз халқының ұлы жазушысы, ойшыл гуманист, қоғам және мемлекет қайраткері, Лениндік сыйлықтың иегері (1963), Қырғыз Республикасы ғылымдар академиясының академигі (1974), Социалистік Еңбек Ері (1978), КСРО Мемлекеттік сыйлығының үш мәрте иегері (1967, 1975, 1980). Қаламгер проза жанрында, драматургия, әдебиет сыны, аударма және киносценарий салаларында бірдей өнімді еңбек еткен. Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов 1928 жылы 12 желтоқсанда Қырғыстан Республикасы Талас өңіріндегі Шекер ауылында дүниеге келген. Жазушы өзінің туған жері туралы бір сөзінде: «Менің атамекенім – Шекер аулы ... Манас тауының шыңдарынан тамшыға тамшы қосылып, біздің Шекерге ақ көбік, көк бурыл су ағып келеді. Оның аты – Күркіреу. Атына заты жарасқан, маңындағы бар тіршілікке ғұмыр сыйлап келе жатқан су... Шекерге жақындағанда-ақ, жүрегім алас ұрады. Шіркін, алдыңнан күнге шағылыса асқақтап Манас-Ата шыңы көрінген сәттегі жан тебіренісін айтсаңшы!...» - деп өзінің туып-өскен жерін, табиғаты ғажайып қырғыз өлкесін сағынышпен тебірене еске алады.

Ш.Айтматовтың өміріне шолу жасайтын болсақ, оның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Тылдағы ауылдың небір қиындықтарын басынан өткереді. Мектептегі оқуын амалсыз тоқтатып, он төрт жасынан ауылдық кеңестің хатшысы, он бес жасында аудан бойынша салық жинайтын агент, трактор бригадасының есепшісі және хат тасушы сияқты түрлі жұмыстар атқарады. Адамның балалық шағы оның өміріндегі өзгеше бір оқшау, ерекше мәнге ие болатын кез. Балалық шағында келешек өміріне өзгеше әсер ететін қилы оқиғалар өтеді. Осының барлығы жазушының өмірінде терең із қалдырды. Ш.Айтматов: «Соғыс жүріп жатты. Елдің жаны жаралы, көңілі қаралы. Осы кезде өмір мен үшін беймәлім беттерін аша бастады. Халық тұрмысының небір сан тарауларын өз көзіммен оқуға мәжбүр болдым. Кейіннен мұның біразын шамам келгенше «Бетпе-бет», «Ана – жер Ана», «Жәмила», «Шынарым менің, шырайлым менің», сияқты повестерімде көрсетуге тырыстым. Көріп-білгенімді жаздым, бәрін есте сақтап жаздым», - дейді» .

1945 жылы мектептің алтыншы сыныбын бітірген соң, Жамбыл малдәрігерлік техникумының зоотехникалық бөліміне оқуға түседі, оны үздік бітіріп, Бішкектегі ауылшаруашылық институтына емтихансыз қабылданады. 1953 жылы ауылшаруашылық институтын үздік бітірген соң Қазақстандағы Жамбыл облысында зоотехник болып қызмет атқарады. Одан әрі: көптеген сан-сала жауапты жұмыстармен айналысады.

Ш.Айтматов түркі әлемінің дамуына үлес қосқан ерекше үлесі үшін Түркі тілді елдердің мәдениет министрлерінің кеңесі (TURKSOY) тағайындаған халықаралық көрнекті сыйлықтың тұңғыш лауреаты (2008), тағы да басқа көптеген халықаралық сыйлықтарының иегері. Ең бастысы, ол – туған елінің ең жоғарғы «Қырғыз Республикасының Батыры» атағымен марапатталған. Шыңғыс Айтматов жүріп, шығармашылық ізденістерден де қол үзген емес.

Ш.Айтматовтың алғашқы туындылары «Әшім» (1952), «Сыпайшы» (1953) «Ақ жауын» (1954), «Мұрап» (1955) ХХ ғасырдың 50-жылдары жарияланды. Онан кейін «Байтамтал бойында» (1961) «Аспалы көпір» (1956), «Бетпе-бет» (1957) «Алғашқы ұстаз» (1961), «Ботагөз» (1961), «Шынарым менің, шырайлым менің» (1961), «Құс жолы» (1963), «Қош бол, Гүлсары!» (1966), «Қызыл алма» (1964), «Атадан қалған тұяқ» (1968), «Ақ кеме» (1970), «Ерте қайтқан тырналар» (1975), «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» (1977), «Боранды бекет» («Ғасырдан да ұзақ күн») (1980), «Жан пида» (1986), «Кассандра таңбасы» (1995), «Құз басындағы аңшының зары» (1997), «Таулар құлағанда» (2006) т.б. болып жалғаса берді. Жазушыны алғаш әлемге танытқан таңдаулы туындысы әйгілі «Жәмилә» повесі (1958).

Шығармадағы басты кейіпкер – Жәмилә бейнесі қазақ оқырмандарына да қадірлі, қымбат. Қазақ халқы Жамиләны шынайы өмірден алынған жанды, бейнелі образ болғандықтан сүйді, құрметтеді. Жәмилә – соғыс кезіндегі тылдағы сан мыңдаған қазақ, қырғыз келіншектерінің прототипі секілді. Сонымен қатар, ол бізге өз махаббаты үшін күресе алатындығымен, қазақ жігіті Даниярды шын жүрекпен адал сүюімен ғана емес, ұлы жеңіске, болашаққа деген сенімділігі мен құлшынысы, жан дүниесінің байлығымен де қымбат. Жәмилә образы ішкі жан дүниесі терең ашылып көрсетілген, ойы таза, сезімі мөлдір, адамгершілік қасиеті мол бейне. Жазушы Жәмилә образы арқылы майдан кезіңдегі тылда тынымсыз еңбек еткен әйелдердің ортақ мақсатын, жеңіске деген құштарлығын бейнелейді .

М.Әуезов пен француз жазушысы Луи Арагон осы шығарма арқылы Шыңғыс дарынын жоғары бағалады. Л.Арагон «Әлемдегі ең асыл махаббат» атты мақала жазып, бұл повесті батыс елдеріне кең мадақтап, танытты. «Жәмилә» повесі Шыңғыс үшін алғашқы қадамындағы жаңа бір биік белес болды. Жазушы талантының жаңа қырын - оның лирикалық арнасын танытты. Ш.Айтматовтың «Жәмилә» повесіне Кеңес Одағындағы ең жоғары сыйлық – Лениндік сыйлық берілді. Осыдан кейін-ақ Ш.Айтматов шығармашылығы ерекше құбылыс болып саналып, оның қаламынан туған әрбір туындысы әлемдегі мың-сан оқырман асыға күтіп, қолдан-қолға тигізбей оқитын құрметке ие болды. Оның соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің ащы шындығымен көмкерілген нәзік лиризмі бүкіл әлемдік әдебиетке жаңа, соны бетбұрыс әкелді.

Ш.Айтматовтың әдебиетке алып келген жаңалығы мол. Соның ішінде жазушының әлемдік әдебиетке, сол арқылы әлеуметтік өмірге алып келген, ендірген «мәңгүрттік сана» термині туралы айтпау мүмкін емес. «Мәңгүрттік сана» ұғымын Ш.Айтматов «Боранды бекет» романында әлемдік деңгейде өзекті мәселе етіп көтерді (1980). Ал мәңгүрттік ұғымы ел арасында бұрыннан болғанымен алғаш қазақ әдебиетінде бұл проблеманы 28 жасында көтерген - Ә.Кекілбаев. Қаламгердің «Күй» повесі 1967 жылы «Жұлдыз» (№12) журналында жарияланды. Ал, орыс тілінде шығарма 1969 жылы Мәскеуден шыққан «Баллады забытых лет» деген жазушы жинағында жарияланғаны белгілі. Араға он үш жыл салып 1980 жылы Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романы «Новый мир» (№11) журналында жарияланып, қалың оқырманның бірден қалаулы шығармасына айналды. Міне, осыдан соң, мәңгүрттік проблемасы әдебиеттегі, қоғамдағы өзекті жаңалық болып танылып, ал бұл мәселені әдебиетте бірінші көтерген Ш.Айтматов саналып кетті. «Боранды бекет» романы қазақ тілінде 1986 жылы жеке кітап болып шықты.

Бірақ екі жазушы бір ұғым жөнінде екі түрлі қөзқараспен қараған, екі түрлі идеялық ой түйіндеген. Ә.Кекілбаев шығармасында мәңгүрттік мәселесі аңыз түрінде емес, екі ел (қазақ пен түрікпен) арасындағы шапқыншылық секілді өмір шындығына негізделіп бейнеленген. Мәңгүрт жасау – қолға түскен дұшпанан кек алу, оны мұқату, азаптау, тұтқынды ақыл-есінен айырып, басы байлы құл ету. Повесте мәңгүрт жасау ісі өмірде болған нақтылы оқиға ретінде суреттелген.

Ш.Айтматовтың мәңгүрттікті суреттейтін «Боранды бекет» романының оқиғасы қазақ даласы – Сарыөзек бекетінде өтеді. Оқиға аңыз-әңгімеге құрылған. Жазушы Найман-Ана аңызынан сыр шертеді. Ұрпағы үшін жанталасқан батыл, қайратты Ана бейнесін шеберлікпен сомдау арқылы мәңгүрттіктің адам баласы үшін аса қатерлі әлеуметтік дерт, қауіпті құбылыс екеніне жұртшылық назарын аудартады. Адамзат қоғамын мәңгүрттіктен сақтандырады.

Шығармада: «-Құдай-ау, қандай күйге душар қылған сені!, - деп сыбырлаған ана мұңлық қайтадан еріксіз аузы кемсеңдеп, ыза мен қайғыға булығып, өзін өзі баса алмай, өксіп-өксіп, үзіліп-үзіліп боздай берді. Ана қайғысы мәңгүртке шыбын шаққан ғұрлы көрінген жоқ.


Ау, жерінді, суыңды тартып алса мейлі, байлығыңды тартып алса, мейлі, тіпті жаныңды алса да мейлі, - дейді ана үнін шығарып. – Ау, адамның ақыл-ойын тартып алуды қандай қаражүрек ойлап тапты, құдай-ау?! О, құдай, бар екенің шын болса, мұндай сұмдықты жұртқа қалай дарыттың? Жер бетінде басқа сұмдық аз ба еді?» .

Жазушы есте жоқ ескі замандарда жуан-жуандардан зардап шеккен Найман ананың зары мен бүгінгі бейбіт заманда, жаңа дәуірде ешбір қорлық, азап көрмей-ақ мәңгүртке айналған Сәбитжан секілді қоғамның өкілдерін қатар ала отырып суреттеген.

Сабитжан - оқыған, басшы да болып жүрген, бәрін білетін, білгенін жұртқа үйрете алатын жігіт. Ол білгішсініп, дастархан басында түнімен сөйлесуге де бар. Ол күнделікті газет хабар-ошарды қойып, аспан әлемін шарлап кетуге де әзір. Бірақ, осынша «білгіш» Сәбитжан ата-баба аруағын, өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сыйлауды білмейді. Демек, шын, рухани мәңгүрт Сәбитжандар, естелік жазғаны үшін адамның тағдырын аяқ асты етіп, бір шаңырақтың отын өшіруші тергеуші Таңсықбаевтар. Бұлар ақыл-ойдан, адамшылықтан ада және өз айналасының, туған елі мен жерінің қадіріне жетпейтіндер.

Жазушының айтпағы – қаншама білімді кәсіп иесі болсаң да, түптің-түбінде, адами қалып басты өлшем болып қала бермек. Мәңгүрттену, мәңгүрт атану бір отбасына ғана емес, бүкіл ұрпақты жоюға әкелетіндігін, одан сақ болу керектігін үндейді. Жазушы: «Әне, анау Сәбитжанды айт. Титтейінен интернатта да оқыды, институтта да оқыды, түрлі мамандық көтеру курстарын да тамандады. Қазанғап байғұс Сәбитжаным мұқтаждық көрмесін, басқалардан кем болмасын деп тапқан-таянғанының бәрін соның аузына тосты – не шықты? Білімді білуін біледі-ақ. Бірақ жетесіздің аты жетесіз. Аузынан ақ май ағызсаң да адам болмайды» .

Найман-Ана аңызында Жоламан қара күштің зардабынан ақыл-есінен, сана-сезімінен айрылып, өз анасының жүрегіне сұр жебе қадаса, ал бүгінгі Сәбитжандар ешкімнің қорлық-зорлығынсыз, өз еркімен, атадан-балаға мирас ғұрыпты, салт-дәстүрді, адамгершілік парызды тәрк етушілер.

Шығармада әкесінің соңғы өсиетін орындап, ақыреттік соңғы сапарға шығарып салардағы Сәбитжанның іс-әрекетінен мәңгүрттік сана анық көрінеді. Осындай сындарлы шақта Сәбитжан әкесінің, туған-туыстарының, қала берді, елінің үмітін аяқтай алмай қалады. Кінәлі кім, оқытып, барлық жағдай жасаған, бірақ ата-бабалардың салт-санасын, дәстүрі мен жол-жобасын, жөн-жосығын бойына дарыта алмаған әке Қазанғап па, әлде қоғамдық жүйе немесе әлеуметтік орта ма?

Жазушының «Боранды бекет» шығармасында тоталитарлық жүйе тұсындағы тұтас қоғамға, соның ішінде бәріміздің ақыл-ойымызға, түсінігімізге идологиялық шіре салынғандығы, мұның өзі бір режимге бағындырып, бұғаулап ұстау мақсатында жүзеге асырылып жатқандығы айтылды.

Ш.Айтматовтың шығармашылық ерлігі сол, ол «Боранды бекет» арқылы Кеңес империясы барынша күшейіп тұрғанның өзінде ол жүргізіп отырған КСРО-да біртұтас «совет халқын» қалыптастырып, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» мәдениет жасау арқылы басқа халықтарды ұлттық сана-сезімінен айырып, орыстандыру саясатына қарсы шығып, алғаш үн көтерді. «Боранды бекет» шыққан соң, жұрт ендеп бара жатқан мәңгүрттікке назар аударып, ұлттың болашағы үшін аса қатерлі дерт деп танып, дабыл қақты .

«Боранды бекет» романын жазарда Ш.Айтматов мәңгүрттік тақырыбын үңіле зерттеген болатын. Мәңгүрттік туралы алғашқы деректердің бірі осыдан Х ғасырдан астам уақыт бұрын жырланып, қырғыз халқынын ерлік пен елдік энциклопедиясына айналған «Манас» эпосында кездеседі. Онда бала Манастың тентектігі мен шыдас бермеген күшінен қорыққан қалмақтар, оны мәңгүрт етіп жіберейік деп, уәж байланысқаны жырланады.

«Боранды бекет» романының алғашқы атауы «Шіре» болған. Әдеби ұғымдағы кепеш кигізу, шіре байлау деген сөздермен мәңгүрттіктің мән-мағынасы бір деуге болады.

Адамға деген шексіз махаббат Ш.Айтматовтың шығармашылық өнерінің ең басты қасиеті болды. Адамды қастерлей білу қай заманда болсын қоғамның негізгі мәселесі болмақ. Қаламгердің кез-келген шығармасында қарапайым адамдардан құдіретті ешкім жоқ. Айматовтың бүкіл шығармаларының әлеуметтік астары мен философиясы осыған саяды. Оның Танабайы мен Едігесі, Жамилә мен Әселі бүкіл адамзатты ізгілік пен адамгершілікке, бауырмалдық пен адал махаббатқа үндейді.

Оның бүкіл шығармашылығының алтын арқауы адам бойындағы ең жақсы қасиеттерге жол ашу: сенімнің тазалығы, махаббатқа адалдық, ел мен жер алдындағы азаматтық борышыңды ұғына білу. Ең бастысы жазушы өз замандастарына бірін-бірі, яғни адамды адамның қастерлей білуіне әсер етті.

Ш.Айтматов шығармалары өте ықшамды, көлемі аз болғанымен, мазмұн жағынан өте бай келеді. Жазушы көркемдіктің сыры ықшамдылықта деп таниды. Жазушының осы қасиеттері болар оған «Адамзаттың Айтматовы», «Айтматов айдыны», «Шығыстың Шыңғысы», «Түркі әлемінің жұлдызы» деген қанатты атауларды қалыптастырып, санамызға сіңдірді.

М.Шаханов бірнеше жыл Қазақстанның Қырғызстандағы Елшісі болды. Ш.Айтматов пен М.Шахановтың жиі-жиі кездесуі, заман туралы, өздері жайлы сырласуы дүниеге «Құз басындағы аңшының зары» (Ғасыр айрығындағы сырласу) атты ортақ, бірлесіп жазған эссені (1997), «Сократты ескеру түні немесе миғұла терісі үстіндегі сот» атты драманы (1998) әкелді.

Жазушының соңғы еңбектерінің бірі – «Кассандра таңбасында» басты кейіпкер ғарышкер ғалымның тұрағы – ғарыш, космостық орбита станциясы. Оның Отаны жоқ. Ұзақ жылдар бойы жасанды адамдарды зерттеген ғалым Жер-Анаға қайтудан үзілді-кесілді бас тартады. Өз күнәсінен арылып-тазарту үшін, осылайша ғарыш тақуасына айналады. Сондықтан да оны мазалаған ауылдағы қазан-ошақ, сары баланың қамы емес, жұмыр жердің, адамзаттың тағдыры. Шығарманың басты идеясы – адамзаттың жойылу қаупі басқа бір сырт күштерден, болмаса, табиғат апаттарынан емес, тек адамзаттың өзінен ғана келетінін ескерту. Расында, қазіргі кезеңде әлемде болып жатқан түрлі табиғат апаттарының себептері, тек адамдардың қоршаған ортаға, табиғатқа салғырт, немқұрайлы қарауынан, жұмыр басты пенелердің тойымсыздығы мен опасыздығынан болып жатқаны шындық. Иә, шындық қашан да ащы болмақ.

Ш.Айтматов шығармаларын қырғыз, орыс (негізінен орыс) тілдерінде жазды. Жазушының негізгі шығармаларының бәрі дерлік қазақ тілінде жарық көрді. Шыңғыс шығармалары қазақ даласына сиясы кеппей-ақ тез тарады, қазақ елінде оның шығармалары Қ.Нұрмаханов, Қ.Мұхамеджанов, А.Нұрқатов, З.Қабдолов, Ш.Мұртазаев, Б.Сахариев сияқты белгілі сөз шеберлерінің аудармаларымен де, түп нұсқалары арқылы да түгелдей дерлік жетіп отырды.

Ш.Айтматов – ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың ешкім қайталай алмайтын ұлы тұлғасы. Бір өзі бір әлем. Көзі тірісінде әлем әдебиетінің классигі аталса да, асу мен тасуды білмей, Құдай берген кішіпейіл мінезінен танбай, азаматтығына шаң жұқтырмай өтті (М.Шаханов).

Әдебиеттер:



  1. Ш.Айтматов, М.Шаханов. Құз басындағы аңшының зары. – А.: Рауан, 1997. - 352 б.


  2. Айтматов Ш. Жәмилә. Повестер. – А.: Атамұра, 2005. – 312 б.


  3. Мылтықбаев Р. Шыңғыс Айтматов. – А.: Жазушы, 1978. - 88 б.


  4. Айтматов Ш. Ғасырдан да ұзақ күн. Роман, повесть. – А.: Атамұра. 2005. – 312 б.


  5. Ысқақұлы Д. Айтматов айдыны // Жалын, 2008, № 11.




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет