Реферат Тақырыбы: Қазіргі қазақ поэзиясындағы көркемдік ізденістер



Дата13.10.2022
өлшемі31,54 Kb.
#42738
түріРеферат
Байланысты:
әдебиет теориясы Маржан


Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті
«Туризм және тілдер» факультеті
«Қазақ филологиясы» кафедрасы

Реферат


Тақырыбы: Қазіргі қазақ поэзиясындағы көркемдік ізденістер
Орындаған: Кял19/1 студенті Асабаева Маржан
Пән оқытушысы: Қабылов Әділет


Ақтау 2022

Өлең теориясы – әдебиет теориясының негізгі зерттеу нысандарының бірі. Қазіргі уақытта өлеңнің құрылымдық жүйесіндегі жемісті ізденістер ақындардың шеберлігі ретінде танылып, өлең құрылысы поэзиялық шығарманың ішкі болмысын ашуда үлкен маңызға ие болып келеді. Қазіргі өлеңдердің ырғақтық жүйесін зерттеуде бірқатар кандидаттық диссертациялар жазылып, докторлық жұмыстардың жекелеген тарауларында да талданды. Қазір поэзияның жекелеген даму кезеңдерін арқау етіп, талдау жасайтын ғылыми жұмыстар баршылық. Олардың жетістіктері – ғылыми жұмысқа негіз болған белгілі бір кезең ақындар өлеңдерінің құрылымдық жүйесіндегі жаңалықтар мен даму үрдістерін дөп басып, тани алғандығында. Ал олардың жұмыстарында кейбір сауал тудырған тұжырымдар жалпы қазақ поэзиясының шешімін күткен мәселелері болып табылады.


Қазақ өлеңінің құрылымдық жүйесі бүгінде қарқынды түрде дамып келе жатқаны дау туғызбайды. Мәселен, қазіргі өлеңнің бунағындағы буын сандары төрт буынмен шектелмей, енді алты, жеті, тіпті сегіз буынды бунақтардың пайда болуы, қазіргі өлеңдердің интонациялық ерекшеліктерінен туындайтын тармақаралық жіктен басқа өлеңнің эмоционалдық-экспрессивтік мазмұны талап ететін жіктердің көрінуі, өлеңдегі тыныс белгілер жүйесінің эмоционалдық, интонациялық маңызының артуы, жаңа ұйқас түрлерінің пайда болуы, буындар ассиметриясы сияқты құбылыстардың кең өріс алуы, дәстүрден тыс ырғақтық жүйе түрлерінің көбеюі сияқты мәселелер қазіргі өлеңдердің даму деңгейін көрсетеді.
Қазіргі қазақ өлеңіндегі кейбір тосын, жаңа ырғақтық-интонациялық сипаттардың орын алуын бүгінгі поэзиядағы мазмұндық-идеялық, тақырыптық ерекшеліктердің ықпалымен түсіндіруге болады. Қазіргі қазақ лирикасында интимдік сырлардың бірінші кезекке шығуын, сонымен қатар субьективті көңіл-күй мен ой-сезімнің поэзия тілінде тереңдікке, нәзіктікке жетіп, жалпылық, обьективті мәнге ие болуын қазақ өлеңіндегі бүгінгі түбегейлі мазмұндық-сапалық жаңару тенденциясына жатқызуға болады.
Бұл жөнінде В.Брюсов: «Поэзиядағы өзгеріс – үнемі, тынбай жаңа түр іздеу, адамның ойын, сезімін дәл, терең, әсем бейнелейтін құралдар табу»  дейді де, сол өзгерісті тудырушы құралдар «…тіл, үн, бейне. Ақын соларды жақсы білуге, сезуге, орынды және жарасты қиыстыруға тиісті. Әдебиетке келген әрбір жаңа ақын оған өзімен бірге жаңа сөз, жаңа ырғақ, жаңа бейне ала келеді. Сонымен бірге бұрынғыны өңдейді, ұстартады, ілгерілетеді, дамытады» — деп ғылыми тұжырым жасайды.
Қазақ поэзиясының формалық тұрғыдан жаңаруының негізін сол поэзияның ішкі тақырыптық-көркемдік жүйесінің, экспрессивтік-эмоционалдық сипатының жаңғыруынан іздеу қажет. Қазақ өлең құрылысы да осыған сай эволюциялық тұрғыда жаңарады. Қазақ өлеңінің даму кезеңдері тақырыптық-идеялық, көркемдік-бейнелілік жүйесімен қоса өлең құрылысын да жаңартты.
Сонымен, қазіргі қазақ поэзиясының жетістіктері, негізінен, тақырыптық-идеялық жаңалықтарында, мазмұн байлығында жатса да, сол мазмұнды ашуға жұмылдырылған форманың, яғни өлеңдердің өрнектік ерекшеліктерінің маңызын кемітуге болмайды. Қайта олардың пішіндік, түрлік ерекшеліктері мазмұнды шынайы жеткізер форма, оған қосымша көрік дарытып, сұлуландыра түсер көркемдік құрал ретінде баса айтылуға тиіс. Өйткені, «өлең сөз адамға өзінің ішкі мазмұнымен, суреттілігімен, бейнелілік мәнімен ғана емес, айтылу қалпы, әсем үнділігімен де әсер етеді. Сөздің ұғым-түсінік беретін мәнін, бейнелі мағынасын оның өлеңдегі ырғақ-үнділігі, әуезділігі сан түрлі рең беріп толықтыра түседі. Тіпті өлеңді сөйлеп айтпай, іштей оқығанда да оның үні, әуезділігі, ырғақ-интонациясы, үйлесі адам жанына қалай да әсерін тигізбей қоймайды. Мұны қандай ақын болсын тәжірибе жүзінде анық байқайды. Сондықтан олар өлең сөздің Абай айтқандай «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», «айналасы теп-тегіс, жұмыр келуін» өз қадарынша құнттайды» [3, 123]. Ал біз өз шамамызша қазіргі қазақ поэзиясындағы айтылмыш мақсаттағы ізденістер мен тәжірибелерді, жаңалықтар мен жетістіктерді мазмұн мен пішіннің қабысуы, үндесуі тұрғысынан сараптауға тырысамыз.
Өлеңтанудың негізгі зерттеу обьектілерінің бірі – өлшем мен ырғақ жүйесі. Өлеңнің өлшем, ырғақ сияқты бірліктері оның мазмұнына, идеясы мен мәніне әсер етіп отырады. Өлшем өлең тармақтарындағы буын саны негізінде пайда болса, оқу барысында олардың ырғағын анықтауға болады. Өлшемсіз ырғақ, ырғақсыз өлшем болмайды. Осыған орай белгілі ғалым С.Негімов: «Осы поэзиялық тәсілге қысқаша анықтама бере кетсек, онда қазақ өлеңіндегі ырғақ дегеніміз буынға негізделіп, бунаққа жіктеліп, бір тармақ құрап, әрі қарай жүйелі қайталанып, үйлесімділік тудыратын түр» [4, 86], — дей келіп, қазақ өлеңі ырғағын үш салаға бөліп қарастырады:
Біріншісі — жүйелікке, үндестікке, дыбыс әуезділігіне құрылатын дәстүрлі өлең үлгілеріндегі әуендік ырғақ. Мұнда ырғақтық бөлшектердің қабысуы, бір-біріне пара-пар келушілігі бар.
Екіншісі — жазба әдебиет өкілдерінің, атап айтқанда, Абайдың “Сегіз аяғындағы” келте тармақтарға құрылған ырғақтар. Атап айтқанда, бір фраза, бір сөз тіркесі келте ырғақтың ең шағын бірлігі болып есептеледі.
Үшіншісі — жазба әдебиет өкілдері поэзиясындағы алуан үнді айнымалы ырғақтар [4, 86].
Әрине, уақыт озған сайын, өлең өлшемдері жетіле келе жаңа ырғақтың пайда болуы, ырғақ құрылысында тың өзгерістердің жасалуы заңды құбылыс.
Ырғақтың даму ерекшелігін айта келіп, академик Қ.Жұмалиев өлшемдердің ең көп қолданылатын бес түрін көрсетеді:
1. Он бір буынды өлең
2. Сегіз буынды өлең
3. Жеті буынды өлең
4. Алты буынды өлең
5. Аралас буынды өлең [5, 162].
Ғалымның бұл тұжырымы арқылы қазақ поэзияндағы өлшем жүйесінің даму ерекшеліктерін, өзіндік мүмкіндіктерін байқауға болады. Бұдан басқа өлең өлшемдері қазақ поэзиясында аз кездесетіндіктен, ғалым оларды өлшемдер қатарында сөз етпеген. Уақыт өткен сайын бұл өлшемдер қатары көбейіп, жетіліп келеді. Силлабикалық поэзияның дамуына байланысты төрт, бес, алты, тоғыз, он, он екі, он үш буынды, көп буынды өлшемдер де дербес өлшем ретінде қалыптасты.
Поэзияда қысқа буынды өлшемдердің де өзіндік орны бар. Олардың қатарына төрт, бес, алты буынды өлеңдер жатады. Бұл өлшемдер негізінен екі бөлшектік бунаққа ие.
Қазіргі қазақ поэзиясында дәстүрлі өлшемдердің тасымал арқылы екі немесе бірнеше тармаққа жіктелу құбылысы кең орын алған. Дәстүрлі ырғақтық жүйелердің қазіргі қазақ поэзиясында кездесетін мүмкіндіктері аса мол. Жеті, сегіз, тоғыз, он, он бір, он екі буынды дәстүрлі өлшемдер бүгiнгi өлеңдер үшiн де алуан түрлі ой мен сезім әуенімен құбылып, ырғақтық-интонациялық негіз болып жүр. Қазiргi поэзияда дәстүрлі ырғақ кестелері бiр тармақта тiзiлiп тұра қалмайды. Бiрқатар өлеңдерде ол екi тармаққа жiктелсе, кейбір өлеңдерде әр бунағы бірнеше тармақтарға жіктеліп беріледі. Оның барлығы өлең құрылымының ырғақ жүйесін өзгерте алмайды, дегенмен, оны тек сыртқы графикалық кескіні деп мән бермеу, маңызын жете бағаламау үстірттік болар еді. Осы сыртқы графикалық суреттер өлеңнің ішкі тақырыптық-идеялық ерекшелігінен туындайтын бүгінгі ақынның жеке қолтаңбасы. Қазір он бір буынды өлшемнің бірнеше тармаққа тасымалданып жазылуы өріс алып барады. Оның шын мәнісін ғалым З.Ахметов былай түсіндіреді: «Осының мәнісін тереңірек түсінуіміз қажет. Жаңалықтың түп-төркіні өлең-жырды бұрынғыдай белгілі әуенге келтіріп, термелеп айтып, әндете оқымай оқуға, сөйлеу интонациясына лайықтап жазуға беттегендікке байланысты» [3, 206]. Бұл пікірді өлеңтанушы ғалым С.Негимов те нақтылай түседі: «Халықтың көркемдiк ойлау жүйесi мен есту мәдениетi үшiн поэтикалық шығарманың дәстүрлi өрнек шеңберiнен шығып, байырғы өлең үнiнiң жаңаша әуенге көшiп, баюының өзi қажеттiлiктен келiп шығады» [4,117].
Зерттеушiлердiң пiкiрiнше әр дәуiрдiң айтатын ойына сай ырғағы мен үнi болады. Сондықтан қазiргi поэзияның құрылымдық ерекшелiгiне үңiлмей тұрып, оның iшкi логикалық өрiсi, яғни айтар ойын саралап алу қажет. Ырғақтық-интонациялық құрылым құрамындағы сөздерге логикалық немесе интонациялық екпін түсіріп, өлеңнің эмоционалдық мазмұн құнарын көрсету үшін көп ақындардың жүгінетін амалы – бүтін ырғақтық-интонациялық құрылымдарды екі не одан көп тармақтарға тасымалдау. ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан қазақ поэзиясында дәстүрлі өлшемдерді тармақтарға тасымалдап, біртұтас ырғақтық-интонациялық құрылымды бірнеше тармаққа жіктеп, «шашу» құбылысы жаппай сипат алды, күрделенген қалыпта көрінді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет