6. Құрал-жабдықтардың жұмыс уақытын пайдалану және өндірістік процестердің суреттемесі Құрал-жабдықтардың жұмысын бақылауда тікелей өлшеу әдісі және мезеттік бақылау әдісі қолданылады. Суреттеменің мақсаты құрал-жабдықтардың жұмыс уақытын анықтау, тұрып қалуы және оның себептерін табу, сонымен қатар, құрал-жабдықтардың пайдалануын жақсарту шараларын анықтау. Бақылауды бір немесе бірнеше станоктардың жұмысын қадағалау арқылы жүргізуге болады. Құрал-жабдықтарды қолданудың пайдалы уақыт коэффициенгі есептеледі.
Өндірістік процестің суреттемесі көптеген ірі өнеркәсіп салаларында қолданылады. Мысалы, ауыр өнеркәсіп, химиялық, тамақ және көп станокты өндірістерде (тоқыма, жіп иіру) қолданады. Оның мәні жұмыс уақыты шығынын және құрал-жабдықтың жұмыс уақытын дұрыс пайдалануын бір мезетте зерделеу. Суреттеме тікелей өлшеу және мезеттік бақылау әдістерін қолдану арқылы жүргізіледі. Суреттемені екі бақылаушы жүргізеді. Біреуі – әрбір уақыт аралығында технологиялық процестердің көрсеткіштерін (температураны, жылдамдығын, шикізаттың уақытша қамтамасыз етілмеуінің уақыты мен себептерін, жабдықтардың тұрып қалуын) белгілесе, екіншісі - жұмысшылардың әрекеттерін жеке немесе бригадалық суреттеме арқылы белгілейді. Бақылау бір немесе үш-төрт ауысым бойы қатар жүргізілуі тиіс, ал үздіксіз процестерде тәулік бойы немесе екі-үш тәулік жүргізіледі.
Суреттеменің ауыр өнеркәсіпте кең тараған түрінің бірі - фотохронометраж. Бұл суреттеменің мақсаты – әрбір операцияның элементтері жеке-жеке бақыланып, уақыт шығындары белгіленеді, ал жұмысшының басқа әрекеттері суреттеме арқылы жүргізіледі. Фотохронометраж жеке және топты болуы мүмкін. Ол станоктағылардың жұмыс уақытын және күрделі немесе әр түрлі жұмыс істейтін жұмысшылардың уақыт шығындарын зерттеуде қолданылады (құрылыста, тау-кен өнеркәсіптерінде және т.б.).
7. Хронометраж Хронометраж - қайталанып отыратын еңбек операциялары мен оның элементтерін орындауға кеткен, жұмсалған жұмыс уақытын зерделеу әдісі.
Хронометраж операцияны орындаудағы уақыт шығындарының ұзақтығын тікелей өлшем әдістерін қолдану арқылы жүргізіледі. Олар: жаппай (үздіксіз), іріктеме және кезеңді (циклді) өлшеулер. Бақылау нәтижелері цифрмен, индекспен және график арқылы жазылады. Хронометраж хронограф, хроноскоптар, осциллиографтар және киноаппараттар, компыотер көмегімен жүргізіледі.
Зерттеудің мақсатына және бақылаудың объектісіне байланысты хронометраж жеке немесе топтық болуы мүмкін. Жеке хронометраж кезінде бір орындаушының жұмысы қадағаланып зерделенеді (оның жұмысты орындау әдістері, еңбек тәсілі, уақыт шығындары), топтық кезінде – бір тапсырманы орындайтын жұмысшы тобының қызметі зерделенеді.
Хронометражды жұмыс кезеңі басталған соң 50-60 минуттан кейін және 1,5-2 сағат бұрын жұмыс аяқталмай тұрып жүргізген дұрыс. Себебі сол уақыт аралығында жұмысшының еңбек қабілеттілігі жоғары болады да, еңбек нормаларын дұрыс анықтауға болады.
Хронометраж кезінде уақыт өлшемінің дәлдігі зерделенетін операцияның ұзақтығына байланысты. Мысалы, операция элементінің ұзақтығы 10 секундқа дейін болса, уақыт шығынын 0,1 секундқа дейінгі дәлдікпен өлшейді; ал егер ұзақтығы 10 секундтан жоғары болса, дәлдік 0,5 секундқа дейін болуы мүмкін. Хронометраж ағымдағы уақыт бойынша жүргізіледі.
Хронометраждың негізгі мақсаттары: еңбек нормаларын бекіту мақсатында жұмыс орнын күту және дұрыс ұйымдастыру; жұмыс тәсілдерін және оларды дұрыс орындау; нормаларын орындамайтын себептерін анықтау; операцияны орындауда істелінетін артық тәсілдер мен әрекеттерді зерделеу - аталған кемшіліктерді болдырмау шараларын белгілеу.
Бақылау объекті анықталғаннан кейін операцияның сипаттамасы хронометраждың негізгі құжаты – хронокартаға жазылады. Хронокартада қолданылатын құралдар, материалдар, жабдықтар, жұмыс орнын күту және ұйымдастыру тәртібі беріледі.
Хронометраж жүргізуге дайындық кезінде зерделенетін операция элементтерге – тәсілдер кешеніне, әрекеттерге, тәсілдерге бөлінеді.
Операцияны элементтеріне бөліп болғаннан кейін олардың дәлдік шектері немесе тұрақтандырылған нүктелері анықталады. Тұрақтандырылған нүктелер - операция элементін орындауда басталу мен аяқталудың кездейсоқ мезеттері. Мысалы, құралға, кнопкаға, детальге қолдың тиюі, электр двигателінің қозғалуы. Тұрақтандырылған нүктелерді дұрыс анықтау бақылауды жеңілдетеді. Егер хронометраж ағымдағы уақытпен жүргізілсе, онда операцияның бірінші элементі үшін тұрақтандырылған нүктелердің басталуы және аяқталуы белгіленеді, ал келесі элементтер үшін тек соңғы нүктелер анықталады.
Хронометраждың екінші кезеңі – бақылауды жүргізу. Хронокартада хронометраждың басталу уақыты және құралда (секундомерде) көрсетілген ағымдағы уақыт бойынша операцияның әрбір элементі жазылады. Хронокартада әр түрлі себептермен (уақытты өлшеудегі қателіктер, бақылаушының жіберген қателіктері) жіберілген кемшіліктер көрсетілуі тиіс. Сондықтан бақылау парағында арнайы бөлімдер бар: өлшемдер ақауы, ауытқу ссбептері, бақылау жүргізушінің ескертпелері.
Хронометраждың үшінші кезеңі – алынған мәліметтерді өңдеу. Операция элементтерінің ұзақтығын есептеуден бастайды. Ол үшін қазіргі операцияның ағымдағы уақытынан бұрынғы элементтің ағымдағы уақытын алады. Мысалы, белгілеу нөлден басталатындықтан бірінші элементтің ұзақтығы - 0,20 (0,20-0), екінші элементтікі 0,10 (0,30-0,20), үшінші элементтікі - 0,04 (0,34-0,30), т.с.с. бақылаудың нәтижесінде әрбір операцияның элементі үшін қатарлардың ұзақтығы мәнін аламыз, яғни хронометраждық қатар. Мысалы, бірінші элемент үшін келесі хроноқатар алынды делік: 0,20; 0,22; 0,32; 0,21; 0,20; 0,22; 0,21; 0,24; 0,20; 0,23. Хронокартаның саны операция элементтерінің санына сәйкес болуы қажет. Хроноқатарда элементтердің ұзақтығы бірдей болмайды, ауытқу болып тұрады. Кейде ауытқудың көлемі шамалы болуы да мүмкін, мұндай жағдайда ондай шамаларды қатардан алып тастайды. Ақаулы өлшеулерді анықтау және оларды шығарып тастау хроноқатардың тазалануы деп аталады.
Ұзақтылықты операция элементінің ең төменгі ұзақтылығына бөлу арқылы табады:
Мысалда берілген хроноқатарда үшінші өлшеу қате (0,32), оны қатардан шығарып тастаймыз.
Хроноқатарда алынған нақтылы орнықтылық коэффициенттері нормативтік мәнімен салыстырылады. Егер нақтылы орнықтылық коэффициенті берілген нормативтіктен кіші немесе оған тең болса, онда хроноқатар орнықты деп есептеледі. Бұл жағдайда жүргізілген бақылау сапалы болады. Ондай болмаған жағдайда бақылауды қайта жүргізу керек.
Хронометраждың төртінші кезеңі – бақылау мәліметтерін талдау. Артық әрекеттермен қозғалыстарды анықтап, оларды қысқарту шараларын, талдаудың нәтижесінде операцияны орындайтын қажетті шешімді уақытты белгілейді.
Хронометраждың кең тараған түрлерінің бірі іріктемелік хронометраж. Оның көмегімен жұмыстың жеке элементтері зерделенеді (әрекеттер, тәсілдер). Операция элементтерге бөлінбейді, тұрақтандырылған нүктелер анықталады.
Хронометраждың барлық түрлері операциялардың элементтерін зерделеу арқасында норма мен нормативтерді анықтау және әр операцияға белгілеу мақсатында қолданады.