ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ КОРПОРАЦИЯСЫ
СӘУЛЕТ ФАКУЛЬТЕТІ
Реферат
Тақырыбы: Көшпелілік (номадизм) мәдениет типі ретінде
Орындаған: Жарылқасын Алуа Б.
Тексерген: Нұралина Б.А.
Алматы 2023 ж.
Көшпелілік (номадизм) мәдениет типі ретінде
Көшпелілер немесе көшпелі қоғам, көшпелі өркениет дегеніміз — негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып, күнкөрісінің көзі мал өнімдерінен тұратын, белгілі бір қалыптасқан жүйемен көшіп-қонып тіршілік ететін адамдардың әлеуметтік-экономикалық, саяси қауымдастығы және өркениеті. Көшпелілер өркениетін зерттеу мәселелері. Көшпелілер туралы түсінік, алдымен отырықшы халықтар арасында қалыптасты. Б.з.д. V ғасырда өмір сүрген тарихшы Геродот көшпелі скиф тайпаларының тұрмысын мадақтап жазды. Көшпелілердің табиғат аясындағы өмірін басқа да антик тарихшылар, философтар, орта ғасырлар ойшылдары сипаттады. Оларға табиғаттың төл баласы сияқты көшпелілер өмірі таза, қулық-сұмдықтан, отырықшы-қалалық өркениеттің жаман қасиеттерінен ада болып көрінді. Сонымен қатар көшпелілер туралы нашар түсініктер де сол ерте заманда-ақ қалыптасты. Көне Қытайда «көшпелілер — жабайы, мәдениеттің қас жауы» деген түсінік қалыптасты. Еуропада да көшпелі ғұндарды «тағы жабайылардың тұқымы, өркениеттің жауы» деп есептеді. XVIII—XIX ғасырлардағы Еуропа ғалымдары да көшпелілер туралы өз көзқарастарын білдіріп отырды. Мысалы, Монтескъе көшпелілер қоғамын «әділетті, теңдікті қоғам» десе, Фергюсон,АдамСмит: «Көшпелілерде мүлік теңсіздігі, әлеуметтік теңсіздік ерте пайда болды», — деген. Ал философ Кант: «Мемлекеттің өзі көшпелілер мен отырықшы-егіншілердің өзара қақтығысынан, қорғаныс мақсатында пайда болды» деген тұжырым жасайды. Атақты философ Ф. Гегелъ: «Көшпелілерде әлеуметтік қарама-қайшылық болғанымен, мемлекет болған жоқ», — деп есептеген. XX ғасырдағы Еуропа ғалымдарының көшпелілікке көзқарасы әртүрлі болғанымен, бұл қоғамның жағымсыз жақтарына ғана назар аудару басым болды. Мысалы, Ратцелъ, Гумплович, Торнвалъд, Тойнби деген ғалымдар: «Көшпелілер өз бетімен өркениет жасауға қабілетсіз, олар мемлекетті, басқа да өркениет жетістіктерін отырықшы елдерді жаулап алу арқылы ғана үйренді» деген тұжырымдар айтты. Олардық жолын қуушы қазіргі заманғы зерттеушілердің пікірінше: «Көшпелі қоғам — бұл бір орнында тоқырап, өз бетінше дами алмайтын, отырықшы мәдениеттің әсерінсіз өркениет жасай алмайтын — болашағы жоқ қоғам». Көшпелілік кеңес ғылымында XX ғасырдың 20—40-жылдарынан бастап зерттеліп келеді. Бұл саладағы кеңес тарихшыларының еңбектерінде де маркстік-лениндік көзқарас басым болды, зерттеушілер, негізінен алғанда, көшпелілердің қоғамдық құрылысына ғана мән берді. Мысалы, А.П.Чулошников деген зерттеуші: «Көшпелілерде таптық қоғам болған жоқ, тек рулық қауым болды», — десе, П.Кушнер: «Көшпелілерде «рулық мемлекет», феодализмнің бастапқы нышандары ғана пайда болды», — дейді. XX ғасырдың 30-жылдары С.П. Толстов пен Б.Я. Владимирцевтің көшпелі қоғам туралы пікірлері 60-жылдардың соңына дейін әртүрлі нұсқада қайталанып, дамытылып келді. СП.Толстовтың пікірі бойынша: «Көшпелілер отырықшы халықтар сияқты, алдымен құлиеленушілік, содан соң феодалдың қоғамды басынан өткізді. Бірақ көшпелілердің құлиеленушілік қоғамы әскери құлиеленушілік демократия немесе патриархалдық монархия түрінде құрылды». «Көшпелілердегі меншіктің негізі жер ме, мал ма?» деген мәселенің төңірегінде пікірталас жүрді. Бір топ еалымдар: «Көшпелілерде рулық қоғам қалдықтарымен араласқан феодалдың қоғам болды және феодалдық меншіктің жерге қатысты негізін жерге жекеменшік құрады», — дегенді айтты. Екінші бір топ зерттеушілер: «Еуразия көшпелілері патриархалдық-феодалдық қоғамда өмір сүрді, осы таптық қоғамдағы меншіктің негізгі түрі малға қатысты жекеменшік болды, ал жер рулық қауымның ортақ иелігінде болды», — деген пікірді ұстанды. Көшпелі қоғамды зерттеуде қоршаған орта (табиғат) және адамның белсенді іс-әрекет мәселесі жиі қозғалып отырды. Олардың пікірі бойынша, далалы, шөлейтті, шөлді, таулы аймақтарды жайлаған халықтарда табиғат жағдайына қарай мал шаруашылығы, көшпелілік қалыптасқан. Осындай халықтардың бірі қазақ халқы далалы, шөлейтті аймақты игерудің бірден-бір жолы мал шаруашылығы деп білген және осындай табиғи жағдайға икемделе өмір сүрудің тамаша үлгісін көрсеткен. XX ғасырдың 30-жылдарынан бастап тоталитарлық жүйе идеологтері көшпелілікке қарсы шыға бастады. «Адам — табиғатты өзгертуші құдіретті күш» деген қағиданы басшылыққа алған.коммунистік идеологияның өкілдері көшпелі мал шаруашылығымен айналысып келген халықтарды жаппай отырықшылыққа айналдыру қажеттігін дәлелдеп бақты. Ал осы қате көзқарастан қазақ халқы 30-жылдары қатты күйзеліске ұшырап, жаппай қырылып, көпшілігі елден ауып кетуге мәжбүр болғандығы белгілі. XX ғасырдың 60—70-жылдарынан бастап жекелеген ғалымдар көшпеліліктің географиялық-экологиялық себептерін қайта мойындай бастады. Осы ғалымдардың пікірінше, көшпелілік дегеніміз, кейбіреулер айтқандай, «адамзаттық өркениеттің сара жолынан адасу» емес, керісінше шаруашылықтың, мәдениеттің ерекше даму түрі. Олардың пікірі бойынша: «Көшпелілер далалы, шөлді, шөлейтті табиғатта өз шаруашылығын қалыптастыр-ған, олардың негізгі күнкөріс көзі мал болған, мал басы өскен сайын жайылым айырбастау қажеттілігі туған, сөйтіп көшпелі өмір салты қалыптасқан». Көшпелі халықтар, оның ішінде ғұндар мен түркілердің тарихына ерекше мән берген тарихшы Л.Н. Гумилев болды. Ол Еуразия көшпелілерінің бұл құрлықтың тарихында алатын орнын өте жоғары бағалады. Дегенмен Л.Н.Гумилев: «Халықтар дамуында, олардың қалыптасуында, шаруашылық-мәдени ерекшеліктерінің пайда болуында географиялық, экологиялық фактор үлкен рөл атқарады» деп санады. Оның ойынша, «бүкіл тарихи үдеріс географиялық, биосфералық өзгеріске тікелей және толығымен тәуелді». Л. Н. Гумилевтің осындай көзқарастары кезінде сыналған да еді. Археолог К. Ақышевтің пікірі бойынша, Қазақстан жерінде көшпелі мал шаруашылығының қалыптаса бастауы қола дәуірінің соңы, темір дәуірінің басына, яғни б.з.д. IX—VII ғасырларға дәл келеді. Осы кезден бастап, Орталық, Батыс Қазақстан жерінде меридиан бойымен көшу, ал Шығыс Қазақстан мен Жетісуда қыста жазықтар мен қар аз түсетін таулардың қойнауын қыстап, жазда биік таулы жайлауларға көшу қалыптасқан. Оңтүстік Қазақстан аймағында ерте заманнан-ақ көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы шаруашылық пен тұрмыс орын алған. XX ғасырдың 60 — 80-жылдарынан бастап қазақ көшпелі қоғамы жөнінде қазақстандық ғалымдардың еңбектері шыға бастады. Бұл ретте С.Зимановтың «Қазақтардың XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық құрылысы», В.Ф.Шахматовтың «Қазақтың жайылымдық көшпелі қоғамы», С.Толыбековтің «XVII—XX ғасырдың басындағы қазақтардың көшпелі қоғамы», Д.Кішібековтің «Көшпелі қоғам: шығуы, дамуы, құлдырауы», НМасановтық «Қазақтардық көшпелі өркениеті», т.б. еңбектері жарық көрді. Осы ғалымдардың пікірінше, көшпелі жұрттар өз бетімен таптың қоғамның ең алғашқы сатысына жетеді, ал олардың әрі қарай дамуы отырықшы халықтардың ықпалымен ғана іске асады. Көшпелі қоғам — бұл даму болашағы шектеулі қоғам. Кейінгі жылдары көшпелі қоғамның ежелгі замандағы, орта ғасырлардағы мәдени, әлеуметтік-саяси оңды жақтары, артықшылықтары мойындала бастады. Көшпелі өркениетті адамзат тарихындағы заңды құбылыс, шаруашылықтың, мәдениеттің, өмір тұрмысының ерекше бір түрі екендігін көпшілік ғалымдар дәлелдеп отыр.
Көшпеліліктің шығу тегі. Көшпеліліктің шығуы, көпшілік жағдайда, географиялық ортаның тікелей әсерімен байланысты. Сондықтан да көшпелілік белгілі бір нақты тарихи кеңістіктерде ғана таралды. Көшпеліліктің пайда болуы — белгілі бір климаттық жағдайлар, экологиялық ұяның шектеулі мүмкіндіктеріне, табиғи ресурстарға байланысты. Көшпелілік белгілі бір геофизикалық, табиғи-климаттық аймақтарда қалыптасады. Бұл қандай аймақтар және олардың экологиялық жүйесі қандай? Әдетте, бұл — далалы, жартылай шөлейт, шөл және құрғақ далалар, тау бөктері, тау қойнаулары. Мұндай жерде көбінесе жаңбыр аз, жылдық ылғалдың мөлшері 200—400 мм арасында ғана болады. Осындай аймақтарға Қазақстан, Моңғолия, Жоңғария, Арабия түбегі, Оңтүстік-Батыс, Оңтүстік Азиядағы шөлдер мен шөлейтті аймақтар, Африка континенті жатады. Қазақстан шеңберінде көшпелілік қалыптасқан аймаққа Каспий маңы ойпаттары, Үстірт, Торғай, Жем жоталары, Бетпақдала, Балқаш маңы далалары, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау жоталары, Алтай, Тарбағатай, Жоңғар, Іле Алатауларының тау беткейлері және таулы өлкелері жатады. Бұл аймақтардағы өзен-сулардың маңайында, әсіресе осы аймақтар мен отырықшы-егінші мәдениеттер шекараларында маргиналдыц аймацтар қалыптасқан. Оларға тән шаруашылық-мәдени тұрпат — жартылай көшпелі шаруашылыц пен мэдениет. Мұндай аймақтарға Сырдың бойы, жартылай Ертістің, Тобылдың, Есілдің, Жайықтың бойлары, Жетісу, Шығыс Қазақстанның таулы және тау бөктерінің кейбір алқаптары, Аралдың маңайы жатады. Жоңғар, Іле, Қырғыз Алатауындағы тау бөктерінде жылына 500 мм-ден астам ылғал түседі. Бұл өңірлерде, әсіресе өзен-көлі сулары маңайында ежелден егіншілік пайда болып, отырықшы мәдениет қалыптасқан. Құнарлы топырақты, жұмсақ климатты Сыр бойы, Шу, Талас аймақтарында қола дәуірінен бастап-ақ егіншілік дамып, орта ғасырларда біршама дамыған қала мәдениеті қалыптасқан. Дегенмен де осы егіншілік, отырықшы мәдениет қалыптасқан аймақтардың өз ішінде де мал шаруашылығы егіншілікпен қатар дамып, жалпы алғанда, бұл өңірлердің де шаруашылық-мәдени тұрпаты жартылай отырықшы, жартылай көшпелі болған. Әр заманда климаттық ауытқуларға, тарихи-саяси, этномәдени ахуалдарға байланысты бұл өңірлерде бірде отырықшы, жартылай отырықшы егіншілік шаруашылық пен тұрмыс қалыптасса (мөлшермен VI—XIII ғғ. аралығы), ал енді бір замандарда жартылай көшпелі, кей аудандарында тіпті көшпелі шаруашылық-мәдени тұрпаты қалыптасты. Табиғи-климаттың өзгерістер ұлан-байтақ жерімізді ежелден мекендеген тұрғындардың шаруашылық мәдени келбетінің әр замандарда өзгеруіне әсер етті. Климатологиялық зерттеулердің қорытындысы бойынша, жекелеген құрлықтарда жаһандық климаттық өзгерістер 100—200 жыл өткен сайын болып отыратын құбылыс. Қазақ халқының ата-бабасы өмір сүрген кең-байтақ аумақ бірнеше рет климаттың өзгерістерді бастан кешірді. Ол халықтың өмір сүру салтына, шаруашылық-тұрмыстық өміріне, мәдени дамуына, т.б. әсер етпей қоймады. Сондай-ақ ол жекелеген табиғи-географиялық аймақ тұрғындарының белгілі бір антропологиялық типінің қалыптасу үдерісіне де өз ықпалын тигізді. Туыстық қатынастар. Көшпелі қоғамдағы саяси-әлеуметтік, экономикалық қатынастар туыстық жүйеге негізделді. Қазақ қауымындағы қоғамдық-әлеуметтік қатынастар, көп жағдайда, туыстық қатынастармен астасып жатыр. Туыстық жүйені ылғи да қандас туыстық деп түсінуге болмайды. Көшпелілерде шынайы қандас, ортақ ататектен тараған жүйе бар да, жалпы генеалогиялық туыстық жүйе бар. Дәстүрлі қазақ қоғамында ел, жүз, тайпа, ру, ағайын, жақын ағайын, туыс, жақын туыс, ата баласы, бір әке баласы деген туыстық атаулар бар. Ел деген ұғымға бүкіл қазақ халқы кіреді. Қазақтардың өз түсінігі бойынша, жүздер қандас туысқандыққа негізделген бірлестіктер. Үш жүздің арғы атасының аты — Қазақ, одан Ақарыс (Ұлы жүз), Жанарыс (Орта жүз), Бекарыс (Кіші жүз) деген үш ұл тарайды. Сол үш ұлдан үш жүзді таратады. Шежірелік бұл аңызды таза тарихи шындық деп қарауга болмайды. Бұл — белгілі мөлшерде көшпелі қоғамның рулық идеологиясы туғызған аңыз. Көшпелі қоғам туыстық қағида бойынша бірігеді. Шын мәнінде қазақ жүздері белгілі бір аса ірі аумақта құрылған этноаймақтық бірлестік болып табылады. Ол бірнеше ғасырларға созылған бірлесіп өмір сүру мен этникалық-мәдени және шаруашылық байланыстар нәтижесінде пайда болды. Тайпа. Қазақтың әр жүзінің өзі үлкен тайпалардан тұрады. Бұл жерде бір нәрсені ескерте кеткен жөн. Қазақтар тайпа деген атауды көп қолданбайды. Оның себебі бұл сөздің бізге арабтардан келгендігінен болса керек. Бірақ ғылыми әдебиетте ру деген сөзді орыстың род, ал тайпа деген ұғымды племя деген сөзбен атау қалыптасқандықтан, біз рудан үлкен, бірнеше рудың бірлестігі болып табылатын этникалық құрылымды тайпа деп атап жүрміз. Әйтпесе тайпа ұғымы кей өңірлерде ру ұғымынан тар шеңберлі ұғым болып есептеледі. Сонымен тайпа дегеніміз жцздерді щрайтын цлкенру бірлестіктері деп түсінгеніміз жөн. Қазақ қоғамындағы көпшілік тайпалардың атауы өте әріден белгілі. Мысалы, үйсіндер мен қаңлылар тарихи деректерде бұдан 2300 жыл бұрын аталса, найман, керей, жалайыр, қыпшақ, т.б. тайпалар тарих бетіне кейіннен, бұдан 1200 жыл бұрын шыққандығы белгілі. Аталған қазақ тайпаларының біразы басқа туыстас халықтардың да құрамында кездеседі. Мысалы, қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, қаңлылар туысқан өзбек, башқұрт, ноғай, татар, мажар (венгр), т.б. халықтардың құрамында бар. Бұл — қазақ тайпаларының көпшілігі әріден келе жатқан этникалық бірлестіктер екендігін және бұл тайпалар қандас туыстар бірлігінен гөрі этникалық, этносаяси бірлестік екендігінің куәсі. Ру. Біздің пайымдауымызша, шын қандас туыстық жүйе көбінесе 7 атадан басталып, 15—20 атаға дейін барады. Әдетте, мұндай туыстық жүйе ру деп аталады. Рудың ішіндегі жақын туыстар деп жеті атаға дейінгілер есептеледі. Жақын туыстар өзара қыз алыспайды. Балаға кішкентайынан жеті атасының кім екенін жаттатып өсірген. Бір атаның балалары жақындығы жағынан жеті атадан асқаннан кейін ғана өзара құдандалық қатынасқа түсуіне рұқсат етіледі. Оны ел ақсақалдары арнайы рәсімдейді. XVII—XIX ғасырларда кейбір рулар туыстығымыз, берекеміз бұзылмасын деп, 13—15 атаға дейін өзара қыз алыспаған. Жақын туыстар арасында қыз алыспау тәртібт рулық экзогамия дейді. Әріден келе жатқан үлкен руларда қандас туыстықпен қатар жай генеалогиялық (шежірелік) туыстық қалыптасқан. Рулардың өсіп-өну үдерісінде олар әртүрлі тарихи себептермен (соғыс, жер ауып көшу) өзара араласып сіңісіп отырған. Рудың өзінің көшіп-қонатын аумағы, рулық таңбасы, ортақ ұраны болған. Ұран ретінде сол рудың белгілі бір атақты адамының аты қабылданатын. Қазақ жөн сұрасқанда «Қай рудансың?», «Қай елсің?» деп сұраған. Мысалы, басқа тайпа арасына барғанда, алдымен қай жүзден, қай рудан, сол рудың ішіндегі қай тармақтан екенін, содан соң қай атадан тарайтынын айтқан. Мысалы: «Ұлы жүзбен, оның ішінде дулатпын, дулаттың ішінде жаныспын, оның ішінде жантумын, одан өтеміспін», — деп, бергі атасына дейін атап береді. Қазақ ру-тайпалары өзара жақын араласқан. Бұл ара-ласу, бір жағынан, бір-бірімен некелік қатынастар арқылы болса, екінші жағынан, ел басына күн туған соғыс, жұт, әртүрлі жұқпалы аурулардан қоныс аударудан болған. Сонымен қатар ру-тайпалардың араласуына тайпалар, рулардың бір саяси-этникалық одақтар құруы әсер етіп отырған. Қазақтың «Қарга тамырлы қазақпыз» деген нақылы олардың бір-бірімен туыстас екендігін көрсетеді. Әлеуметтік жіктелу. XVIII—XIX ғасырлардағы дәстүрлі қазақ қоғамы әлеуметтік, таптың жікке бөлінген қоғам еді. Қазақта байлар, орта шаруа және кедейлер табы болды. Дәстүрлі қазақ қоғамында қанау бүркенішті әдістермен жүргізіліп, езгі түрінде болмағандықтан, таптың қарама-қайшылық шиеленіс те болған жоқ. Оның үстіне, туыстық қағидаға негізделген рулық қауым идеологиясы байларға кедей туыстарын қанауға мүмкіндік бермеді, кедейдің өз туыстасының шаруашылығында жұмыс істеуі де қанау мазмұнын туыстық пиғылмен жеңілдетті. Қазақ қауымында басқа жұрттан келіп сіңген кірмелер, қоқсылар, аз да болса құл, күңдер болды. Қауымның бұл тобындағы кедейлерді қанау, оларға әлеуметтік қатынас рулас қауым мүшелеріне қарағанда қаталдау болды. Қазақ қоғамындағы ең ауыр жағдай щлдар мен кщдер басында болды. Олар өз қожайындарына экономикалың жағынан да, бас бостандығы жағынан да толық тәуелді еді. Әдетте, құл мен күң байдың шаруашылығында жұмыс істеді. Дегенмен қазақ қоғамында құл мен күң деген елеулі әлеуметтік топ болған жоқ, өндірісте де олардың орны біршама төмен болды. Қазақ қоғамындағы ханнан, ханның әулетінен кейінгі тұрған әлеуметтік топ — сцлтандар. Сұлтандар хандар сияқты тек төре тұқымынан сайланды. Төре деген әлеуметтік-этникалық топты Шыңғысханның әулетінен тараған ұрпақтарды ғана құрады. Олардың өз ұраны, өз таңбасы болды. Олар қазақ ішіндегі ақсүйек топқа жатады. Олар қазаққа қыз бермесе де, қазақтан қыз алды. Сондықтан қазаққа тезірек сіңісіп кетті. Төрені сағалап, паналап, басқа елден, тіпті басқа жұрттардан қазақ арасына сіңген кірмелер төлеңгіт деп аталды. Олар төренің малын бақты, жерін қорыды, сойылын соқты. Қазақ арасындағы тағы бір әлеуметтік-этникалық топты цожалар құрады. Олардың арғы тегі — арабтан шыққан, қазақ жеріне ислам дінін таратушылардың ұрпағы. Олар қазаққа қызын бермеді, ал өздері қазақ қыздарына өте сирек үйленді. Сондықтан да олар қазақ болып, қазаққа сіңісіп кеткенімен, генетикалың жағынан оқшау қалды. Басқару жүйесі. Көшпелі қазақ қоғамында өзінің басқа ру жүйесі болды. Көне заманда қазақ жерінде сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, қаңлылардың мемлекеттері болды. Орта ғасырларда наймандардың, керейлердің, жалайырлардың, қыпшақтардың мемлекеттіліктері болды. Ол мемлекеттіліктер жөнінде сендер төменгі сыныптардағы тарих материалдарынан білесіңдер және осы оқулықтың басқа тарауларынан танысасыңдар. XIV ғасырға дейін Қазақстан жерінде әртүрлі мемлекеттер болды, XV ғасырдан бастап Қазақ хандығы құрылды. Бұлардың барлығы да көшпелі қауымдастықтар құрған мемлекеттер. Сондықтан көшпелілерде мемлекеттілік болған жоқ, ал болса, «олар мемлекеттік басқару жүйесінің үлгісін отырықшы халықтардан алды, үйренді» деген пікірлер мүлдем қате. Қазақ жерінде хандық басқару жүйесі қалыптасқан XV—XVIII ғасырлар аралығындағы көшпелі қоғамның билік жүйесінде елдің ең жоғарғы саяси билігін хан жүргізді. Хан өкіметінің төмендегідей өкілеттігі және қызметі болды: 1. Хан бүкіл елдің, жердің иесі, қожайыны, басқарушысы болып есептелді. Қол астындағы елді, жерді қорғау оның басты міндеті саналды. 2. Хан бөтен елге соғыс ашу немесе бейбітшілік жөнінде келісім жасауға құқылы. 3. Хан бүкіл қазақ елінің атынан шетелдермен келісімшарттар жасады. 4. Хан елдің жоғарғы сотының қызметін атқарды, біреуді өлім жазасына бұйыруға немесе кешіруге құқылы болды. 5. Хан бүкіл елге қатысты заңдар, жарлықтар шығарды. Көшпелілерде қағандар, хандар, патшалар сияқты елбасыларына бағыну, солардың маңайына топтасу, ел бірлігін сақтау — ежелден қалыптасқан дәстүр. Өйткені оларда ел басқарушы адамдарға табыну дәстүрі болды. Сонау ғұндардың тәңірқұтыларынан, көне үйсіндердің күнбилерінен бастап, түркілердің қағандарына дейін ел басқарушыны тәңірдің жердегі өкілі деп түсінді. Түркі заманының қоғамдарында қазақ хандарын да солай құрметтеді. Оларды хан сайлағанда, боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге отырғызып көтерді. Қазақ хандарының жанында ақылшысы, кеңесшілері, төбе билері, жасақтары, іс жүргізуші мемлекеттік қызметкерлері болды. Хан жергілікті жерлерді өзінің әрбір жүздегі өкілдері — сұлтандар арқылы, үлкен тайпа көсемдері — билер, ру-тайпа ақсақалдары арқылы басқарды. Қазақ жүздерін, үлкен тайпалар мен руларды басқаруда билер кеңесі үлкен рөл атқарды. Жергілікті жердегі билікті билер, ру ақсақалдары жүргізді. Мемлекеттік істерді бүкіл үш жүздің билік өкілдері жиналған құрылтайда, халық жиналыстарында шешті. Ел ішіндегі істерді — ру, тайпа, жүздер арасындағы жер дауын, жесір дауын, үлкен барымталар дауын үш жүздің басы қосылған үлкен астарда да шешіп отырды. XVIII ғасырдың бірінші ширегіне дейін, яғни қазақ жерін Ресей империясы жаулап ала бастағанға дейінгі көшпелі, жартылай көшпелі қазақ қоғамындағы саяси билік түрі хандыц басцару болды. Сонымен қатар ел басқару жүйесінде ежелден келе жатқан дәстүрлі қоғамның потестарлық билік жүйесі кең орын алды. Потестарлық билік жүйесі дегеніміз — таптық қоғамға дейінгі және таптық қоғамның бастапқы сатысында сақталатын дәстүрлі билік жүйесі. Ол бойынша елді ханмен бірге ел арасындағы беделді ақсақалдар, билер, батырлар басқарды. Хан билігі бүкіл елге қатысты жоғары саяси билік болса, ру, тайпа көлеміндегі нақты билік сол рулардан шыққан беделді ру ақсақалдарының қолында болды. Олар ру ішіндегі, рулар арасындағы жер дауы, жесір дауы мәселелерін шешіп отырды. Ру ақсақалдары елдің дәстүрін, салтын бұлжытпай орындауды қадағалаушылар болды. Олардың билігіне туыстар, ағайын арасындағы дау-жанжалды шешу, көші-қон жолдарын, жайлау, қыстау жерлерін анықтау, рулар арасында келіссөздер, пәтуашылық жүргізу мәселелері кірді. Ру ақсақалдарының ішінен ел ішіндегі билер сайланды. Ру ақсақалдарының өзінің кеңесі болды. Кеңеске ел ішінде өмірлік тәжірибесімен, ақылымен, білім-білігімен ерекше беделге ие болған әр кіші рудың ақсақалдары кірді.
Қоғамдағы түрлі топтар қызметі. Көшпелі қазақ қоғамында ел қорғаған батырлардың орны ерекше болды. Олар елін, жерін жаудан қорғады, жастарды соғыс өнеріне тәрбиеледі. Дәстүрлі қазақ қоғамында батырлардың мәртебелігін ауыз әдебиеті шығармаларынан байқаймыз. Көшпелі қазақ қауымындаабыздардың, жыраулардың, бақсы-балгерлердің де өз орны болды. Абыздар мен жыраулар елдің рухани мәдениетін, оның елдік идеологиясын жасаушылар болды. Олардың ақылына, сәуегейлік көріпкелдігіне ел билеушілер, тіпті ханның өзі де құлақ асып, санасты. Дәстүрлі қоғамда ел ішіндегі емдоммен бақсы-балгерлер, шөппен емдейтін емшілер, оташылар, сыныцшылар айналысты. Олар әріден келе жатқан халық медицинасының әдіс-тәсілдерін меңгерген шипагерлер болды. Жалпы, көшпелі тұрмыстық жылжымалылығы, халықтың бір орында топтаспай, бытырап орналасуы, әртүрлі індет, жұқпалы аурудың тарауынан сақтады. Көшпелі қауымдастықтарда сол қоғам тіршілігіне қажетті барлық мамандық иелері болды. Олар — ұста, өрімші, үйші, ерші, атбегі, сыншы, құсбегі, есепші, бақсы, балгер, т.б. Ұста темірден таға, ауыздық, шалғы, орақ, күрек-сайман соқты. Көшпелі қазақ қоғамында темір ұсталарын, олардың дүниесін, көрігін қасиетті санаған. Сірә, олар отпен, металмен жұмыс істегендіктен қастерлесе керек. Жауынгердің қару-жарағын, сауыт-сайманын соғатын темір ұсталарының қоғамдағы бағасы да жоғары болды. Өрімші тері бұйымдарынан, қайыстан әртүрлі атәбзелдерін өрді. Үйші киіз үйдің ағаш сүйегін жасады. Ерші ер шауып, құрады. Атбегі ат баптады, сыншы асылтұқымды жүйрік аттың сынын анықтап, таңдады. Қцсбегі бүркіт, қаршыға, лашын құстарын қайырып, аңға, құсқа салды. Бақсы-балгер емдом жасады. Жауырыншы жауырынға қарап бал ашты, жол кесті, болашақты болжады. Әнші, күйші халық көңілін көтерді. Шешен ел атынан дауға түсті. Варымташы елдің басқада кеткен кегін малын тартып, айдап алу арқылы қайтарды. Майрампаз елді күлдірді, ел ішінде әртүрлі күлдіргі әңгіме тудырды. Олар Еуропа елдеріндегі сайқымазақтар сияқты, әдетте, хан ордасында, үлкен байлардың қолында жүрді. Майрампаз тауып сөйлейтін, мазақтаушылық қабілеті бар адамдар болды. Олардың орынды сайқымазағын ханның өзі де ренжімей көтерді. Қазақ жеріне ислам діні енгеннен кейін халықтың басқару жүйесінің идеологиясында қожа-молдалардың рөлі артты. Сопылар мен дәруіштер де өз тәлім-тәрбиелік қызметін атқарды, халықты имандылыққа, тақуалыққа, ынсап-тәубеге шақырды. Жалпы, қазақ жерінде мұсылман діні қызметшілері халықтың әдет-ғұрып, салт-санасымен санасты, соларды мұсылмандық жолмен үйлестіре отырып, өз саясатын жүргізді. Ислам діні мен оның идеологиясы жартылай көшпелі, отырықшы оңтүстік аймақтарда ықпалдырақ болды. Сонымен көшпелі дәстүрлі қазақ қоғамы — өзінің бірнеше сатылы этникалық құрылымы бар, саяси-потестарлық, әлеуметтік басқару жүйесі бар, этностың тіршілік қамын түгелдей қамтамасыз ететін нысандары бар қоғам.
Пайдаланылған әдебиеттер:
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет. ISBN 9965-33-633-4