Қазақстан Республикасының Ғылым және Жоғары Білім министрлігі М.Әуезов атындағы Оңтүстік қазақстан Университеті «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету" кафедрасы
Реферат Тақырыбы: Құндылықтар философиясы
Орындаған: Каден Б.Б. Қабылдаған: Бименов Қ. Топ: ИП-21-6к2
Шымкент 2023 Жоспар
I.Кіріспе
1.1 Құндылықтар философиясы түсінігі
II.Негізгі бөлім
2.1 Құндылықтар адамды неге үйретеді?
2.2 Ұлттық құндылықтар
III.Қорытынды IY.Пайдаланылған әдебиеттер
I.Кіріспе
Құндылық – бұл қандай да бір нәрсенің мәнділігі, маңыздылығы, қалаулылығы, пайдалылығы және қымбаттығы. Ол қашанда әлдекімнің (немесе әлдененің) бағалылығын, яғни объективті болмысты және сонымен бір мезетте оның әлдекім (немесе әлдене) үшін құндылығын, яғни субъективті бағалауды білдіреді. Құндылық - мәдениеттің құрамдас бөлігі. Мәдениеттің құрамдас бөлігі болуы себепті құндылық адамдардың өзін ұстауын реттейді, олардың шынайы тәртібін айқындайды. Мәдениет құндылықтары, тиісінше, материалдық және рухани болып бөлінеді. Құндылықтардың мазмұны қоғамның мәдени жетістіктерімен шарттастырылған. Құндылықтар әлемі, сөздің кең мағынасында, мәдениет әлемі деген сөз. Ол адамның рухани қызмет аясы, оның санасының дұрыстығын айғақтаушы, адамның рухани байлығының елшеуіші іспетті. Құндылықтарды мүдделердің қарапайым жалғасы немесе бейнеленуі ретінде қарастыруға болмайды. Олар салыстырмалы өзінділікке ие.Дүние құндылыққа толы – материалды (заттар, әшекей бұйымдар, алтын мен асыл тастар, ақша, меншік және т.б.), табиғи (күннің атуы мен батуы, теңіздер мен таулар, гүлдер және т.б.), көркем (әдебиет пен өнер туындылары) және адами (сұлулығы мен ізгі қасиеттері) құндылықтар. Бір нәрсені екіншісінен артық көру жалпы тірі табиғатқа тән. Аң екеш аңның өзі төлін қызғыштай қорғайды. Дегенмен, құндылықтың антропогенді, яғни адамға тән екендігін баса айту қажет, өйткені барлық жаратылыстың ішінде адам ғана табиғи және мәдени туындыларды, идеялар мен амал-әрекеттерді, жалпы басқа адам мен қоғамды, сондай-ақ өзін-өзі бағалауға қабілетті. Құндылықтар адамның әлеуметтік болмысына тартылған, адам құндылықтарға мүдделі әрі мұқтаж болып табылады. Кәсіби философияда құндылықтар туралы ілім аксиология деп аталады және өзінің бастауын жүзеге асқан құндылық – пайдалылықты игілік деп қарастырған ежелгі гректерден алады. Батыстық философияның тарихында бірқатар аксиологиялық теориялар белгілі: натуралистік психологизм (Мейнонг, Перри, Дьюи), трансцендентализм (Виндельбандт, Риккерт), персоналды онтологизм (Шелер, Гартман), мәдени-тарихи релятивизм (Ницше, Дильтей), социологизм (Вебер, Парсонс, Толкотт). Жалпы құндылық термині еуропалық рационалдық философия мен христиандық моральдың іргелі ұғымдарын теріске шығарған XIX ғасырдағы неміс ойшылы Фридрих Ницшенің «балғамен шеге қаққандай» етіп жазған атақты «Билікке деген ерік» атты трактатында «құндылықтарды қайта бағалау» қажеттігін афористік тұрғыда негіздегенінен кейін кең қолданысқа түсті. Сөйтіп батыс еуропалық философияның негізгі тақырыбының біріне айналып, танымның барлық салаларында пайдаланыла бастады.
II.Негізгі бөлім
Құндылықтар адамды неге үйретеді?
Адам құзырындағы заттар, қоғамдық қатынастар жəне олар қамтыған табиғат құбылыстары құндылықты қатынастар нысандары ретінде танылған және бағалы заттар сипатында іс-əрекетке қосылады. Яғни бұлардың бəрі де жақсылық пен жамандық, шындық пен жалған, əсемдік пен ұсқынсыздық, əділдік пен əділетсіздік жəне т.б. тұрғысынан пайымдалады. Белгілі құбылыстарды бағалауға негіз болған тəсілдер мен өлшемдер субъективті баға түрінде қоғамдық сана мен мəдениетте бекиді де, адам əрекетін бағыттаушы құралдарға айналады. Алайда құндыны қарапайым бағалыдан, қажеттіден, тиімдіден, пайдалыдан ажырата да білу керек. Барлық тірі және шынайы сүйікті нәрселер құрал бола алмайды. Әдетте материалдық игілік пен тұтынушылық нарықты, еңбек өнімі мен тауар айырбасының нәрсесін білдіретін қарапайым құндылықтар экономикалық құндылықтар болып табылады. Айырбасқа көнбейтін, орны толмайтын жоғары құндылықтар да болады, әдетте оларды «баға жетпес» деп жатады. Бұл тұрғыдан алғанда олар қасиеттілік ұғымына жақындайды. Діндар адамдар үшін барынша қастер тұтып, қадірленетін құндылықтар бұл – діни құндылықтар. Құндылықтар әлемі шексіз десе де болады, тіпті жаратылыстың өзі біз үшін танымдық, философиялық және эстетикалық тұрғыдан құнды болып саналады. Діни құндылықтар Құдайға сенуге негізделеді және әрбір дін адамның Жаратушымен рухани-практикалық байланысын анықтап қана қоймай, оның жалпы қоғамдағы және тұтас әлемдегі орнын реттейді. Жоғары діни құндылықтар адамдардың өмірінің мәні мен қамын айқындайды. «Құндылықтық фактор» Құдай идеясының өзінде болады, өйткені құндылықтық басымдылықтардың мазмұны мен мәртебесі Жаратушының өзінен туындайды. Көптеген діни жүйелерде этикалық, яғни моральдық-адамгершілік қасиеттердің эталоны Құдайдың аты мен затынан, сипаттарынан алынады, содан әрбір діни ағым құндылықтық императивтерді, парыздар мен тыйымдарды қалыптастырады. Бір Құдайға табынушылықтың тәухид концепциясы мейлінше жетілген соңғы дін ислам діні болып табылады. Оның негізгі қайнар көздері – қасиетті кітап Құран және пайғамбардың өсиеттері Сүннет. Осы қайнарлардан шыға отырып, мұсылманның тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл отбасылық және қоғамдық өмірқамын Шариғат айқындайды. Шариғаттағы ақида иман негіздерімен айналысса, фыкх мұсылмандардың жүріс-тұрыс ережелері мен қалыптарын қамтиды. Əрбір тарихи нақты қоғамдық құрылым өзіне тəн құндылықтар жиынтығымен ажыратылады. Бұл тұрғыдан алғанда Батыстың Шығыстан, қаланың даладан, көшпенді қоғамның отырықшы қоғамнан, сондай-ақ әрбір ұлттың өзіндік менталитетіне сай айырмашылықтары болады. Сол сияқты адамзаттың дәстүрлі кезеңінде бағаланған нәрселер мен қазіргі заман құндылықтарының арасында да айырмашылықтар бар. Қазіргі құндылықтар белгілі бір әлеуметтік-мәдени қауымның немесе халықаралық қауымдастықтың қандай да бір құндылықтарды насихаттауы барысында қалыптасады. Бүгінгі қоғамдағы жақсы, дұрыс немесе қалаулы деп есептелетін құндылықтар жүйесін жалпы адамзаттық деп атау қабылданған, алайда оның кейбірінің батыстық түбірге ие екендігін ескеру қажет. Құндылықтар жүйесінің бұл көрінісі қалыпқа немесе нормаға айналып кеткен. Ол қалыптарды әлеуметтік құндылықтарға жатқызуға болады, бірақ норма мен құндылық түсініктерінің айырмасы бар. Құндылықтар – бұл абстрактылы жалпы ұғымдар болса, ал қалыптар – адамдардың әр алуан ахуалдарда ұстанатын ережелір мен ұстындары. Қазіргі қоғамда қалыптасқан құндылықтардың қатарына мыналарды жатқызуға болады: денсаулық, отбасы мен туыс жақындар, үй мен материалдық игілік, жұмыспен қамтылу және қанағаттану, қоғамдағы әлеуметтік мәртебе мен жағдай, дін мен рухани құндылықтар, білім алу, шығармашылық, демалыс, еркіндік (таңдау мен сөз еркіндігі т.б.), тұрақтылық және басқалары. Қазіргі заман мен қоғамда адамды ең жоғары құндылық ретінде тану, соған сәйкес адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, балаларды қорғау, білім мен тəрбиедегі демократиялық принциптерді берік ұстану алдыңғы орынға шығып отыр. Сонымен қатар әр алуан ұлттар, діндер мен мәдениеттер өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі үшін өзара түсіністік, сұхбат пен толеранттылық халықаралық ұйымдар тарапынан насихатталуда. Әрине, мұнан басқа да құндылықтар бар. Құндылықтарға қатысты әр адамның әр алуан басымдылықтары болады.
Ұлттық құндылықтар
Әлеуметтік-тарихи тәжірибе әрбір жаңа ұрпақ өз халқының өткен тәжірибесін қайта ойлап, ұлттық дамудың мақсаттары мен міндеттерін айқындауымен қатар, оның перспективаларын тұжырымдап, нақты уақытта ұлтқа тән саяси, идеологиялық, экономикалық, мәдени бағдарларды, қазіргі заманғы әлемге сәйкес ұлттық сана-сезімді қалыптастыратынын көрсетеді. Бұл процесс ұлт тарихының аса күрделі, сыну кезеңдерінде қарқынды жүреді. Ұлттық сана-сезім ұлт пен адам ретінде, осы қауымдастықтың мүшесі ретінде сипатталатын маңызды фактор болып табылады. Жеке тұлға өзін ұлттың ажырамас бөлшегі ретінде сезіне отырып, өз халқының тарихын, ұлттық құндылықтарды (жазу, ұлттық тіл, рухани мәдениет пен тағы басқа жетістіктері), ұлттық менталитет, халықтың әлемдік мәдениет қазынасына қосқан үлесін бағалап, оның дамуына ықпал етеді. Ұлттық сана-сезімнің дамуы индивидтің өз ырымдарын, дәстүрлерін, яғни этникалық тамырын білуімен байланысқан, сонымен бірге осы үдерісте адамгершілік жалпыадамзаттық құндылықтарды тану маңызды. Яғни, ұлттық сана-сезімді дамытудағы маңызды тарап ондағы этностық, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың арақатынасы болып табылады. Жеке тұлғаның ұлттық сана-сезіміне өзінің ұлттық қатыстылығы туралы субъектіні таныстыру, өзінің этникалығын позитивті қабылдау, ұлттың тарихи өткеніне, оның бүгіні мен болашағына деген көзқарас, ана тілін меңгерудегі белсенділік, халық мәдениетін зерделеудегі белсенділік, ұлттық мүдделер мен құндылық бағдарларын ұғыну және қабылдау, басқа да этникалық қауымдастықтарға қарым-қатынасты қалыптастыру, оның аумақтық тұтастығын сақтауға дайындық, оның байлығын арттыруға ұмтылу кіреді.
Ұлттық құндылықтар – олардың тарихи өзіндік ерекшелігі Отан, тіл, тарих, өнер, әдебиет және тағы басқалар сияқты көрініс тапқан қандай да бір этностық қауымдастық өкілдерінің рухани идеалдарының жиынтығы.
Әр ұлттың дүниетанымы, ойлау түрі, темпераменті, ұлттық санасы және т. б. белгілі бір жолмен үйлеседі. Жалпыадамзаттық құндылықтар ұлттық құндылықтарға да тән орнықтылық және тұрақтылықпен сипатталады. Ұлтқа және жеке тұлғаға қатысты менталитет бастапқыда әдеттегі-эмоционалды түрге ие болды деп айтуға болады, тек экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуға негізделген құндылықтардың пайда болуымен ғана ол көп қырлы дүниетанымдық сипатқа ие болады. Ұлттық менталитет адамның рухани және материалдық құндылықтарын тарихи іріктеу нәтижесінде қоршаған әлемге қарым-қатынас жүйесінде көрініс табады.
Жалпыадамзаттық құндылықтардың бір бөлігі ретінде ұлттық құндылықтар - құлық пен құндылықтар түрінде оң тәжірибені сақтаушы ұлттың өзін дамыту шарасы болып, индивид пен этнос өмірінің дербес факторы болып табылады. Қоғамдық қатынастардың нақты жұмыс істеуі оның деңгейіне байланысты. Ұлттық және әмбебап жалпыадамзаттық құндылықтар ұлт субъектісінің қоршаған шындыққа деген шығармашылық қатынасын көрсетеді. Адам өзін-өзі тануға, өзін-өзі жетілдіруге, белгілі бір этнос өкілі ретінде өзін-өзі дамытуға қабілетті жарқын даралық ретінде жасайды. Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері, моральдық нормалары, ұлттық құндылықтары бар. Ұлттық құндылықтар – қандай да бір этникалық қауым өкілдерінің өзіндік тарихи көрінісі бар рухани мұраттарының жиынтығы. Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше екені белгілі. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие – ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізі ғасырлар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен моралдық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды. Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат ғасырлар бойы шыңдалып қалыптасты. Сол сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіріп тәрбие мәселесінде пайдалану бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік деп білемін. Ұлттық отаншылдықты қалыптастыруда ата-бабаларымыздың ұлағатты ойлары мен тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше. Осы жерде қазақ халқының ұлы ақыны, ғалым М. Жұмабаевтың мына сөзі ойға оралады: «Ұлт тәрбиесі – баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әр ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесі мен тәрбие қылуға міндетті». Бала тәрбиесінің ұлттық сипатта болуына ерекше мән беру керектігін атап өтеді. Ал ұлттық сипат – сол ұлт тарихының таңбасы. Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу ұлттық идеяның негізгі бағыты болып табылады. Ұлттық идея – қазақ халқы тудырған моральдық нормаларда және ұлттық құндылықтарда бекітілген патриоттық тәжірибені меңгеру, ұлттық этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тану, тарихты құрметтеу арқылы іске асырылады. Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы «Ұлттың рухани мұралары мен дәстүрлерін, қаһармандық ерлік салтын қастерлеу – ұлттық идеяның басты көзі болады, оның дүниежүзілік өркениеттер арасындағы өзіндік дербестігін нығайтады» - деп келтіреді. “Жас бала – жас бiр шыбық, жас күнде қай түрде иiп тастасаң, есейгенде сол иiлген күйiнде қайтып алмақ” – деген тұжырым жасаған қазақ халқының ұлы ақыны ғалым М. Жұмабаев. Бүгінгі жас ұрпақты бала шақтан, яғни ерте жастан ұлт құндылықтарына сүйене отырып тәрбие жүргізу керек. Тәрбие iсi – мемлекеттiк iс. Өйткенi бүгiнгi дұрыс тәрбие – болашақтағы жақсы елдiктi танытар азаматтардың өсетiнiн танытады. Сол себептен де Елбасы өзінің мақаласында «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» – деп ой қорытады. Бүгінгі күн тұрғысынан қарайтын болсақ, егемен елдің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың бойына жастайынан ата-бабаларымыз негізін салған ерлік рухты, отаншылдық сезімді сіңіру кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып отыр. Ұлттық сезім мен ұлттық намыс, ұлттық рухты көтеру – бүгінгі таңның кезек күттірмес міндеті деп білемін. Яғни елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәрбие саласында жұмыс жасау басты міндетіміз. Ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»-деген болатын. Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Осы ұлттық идеяны іске асыратын басты фактор мемлекет болып табылады. Сондықтан да осы мемлекеттік іске салғырт қарамай ұлттық идеяның негізгі бағыттарының тетіктерін жасау қажет.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, құндылықтың басты белгісі оның бойында адамға игі ықпал ететін қасиеттердің болуымен сипатталады. Адамгершілік құндылықтармен айналысатын саланы гуманистік аксиология деп атауға болады. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы адамгершілік, тұлғалық немесе кісілік құндылықтардың өзіндік ерекшеліктері болды. Адам мен адамгершілік мәселелері қазақтың ақын-жырауларын да, би-шешендерін де, абыз-әулиелерін де, қараша халықтан бастап ханға дейінгі ақсүйек игі жақсыларын тегіс толғандырған. Батыстағыдай кәсіби философия болмаса да, қазақты тумысынан философ-халық деп бағалауға болады. Оның философиясындағы негізгі тақырып – адам философиясы, кісілік қалыптың өлшемі, не жақсы не жаман төңірегіндегі этикалық мәселелер. Сондықтан қалт айтпайтын халық «жақсылардың кеудесі алтын сандық», «білімді туған жақсылар аз да болса, көппен тең», «жақсыменен өткізген бір күнім, мың күніме татиды» деп жырлайды. Қазақтың кім екені оның философиясы мен дүниетанымынан, тілі мен дінінен, ділі мен дәстүрінен, мәдениеті мен өнерінен, күнделікті өмірқамы мен әдет-ғұрпынан, мінген аты мен тартқан домбырасынан көрінеді. Бүгінгі біздің қоғамда ата-бабаларымыз берік ұстанған бұл кісілік құндылықтардың көмескілене бастағаны байқалады. Оны күнделікті отбасының тұрмысынан да, қоғам өмірінен де аңғарып жүрміз. Батыстық бұқаралық мәдениеттің тегеуірінді ықпалы интернеттен де, теледидардан да, басқа ақпарат құралдарынан да қарқынды жүргізілуде. Әрине, поэзия мен ән-күй өнерінде қазақы қоңыр үн мен ырғақ, бояу мен нақыш сақталып отыр, оған да шүкір дейсің, әйтпесе дүниеге келген нәрестеге не тыңдатып, не көргізеріңді білмей дал боласың. Дегенмен, жалаң еліктеушілік, «өзгенің асылын малшылау» басым, оған тоғышар¬лық, көзбояушылық, науқаншылдық, ұраншылдық, әсіреқұмарлық, шенқұмарлық, даңғазалық, мақтаншақтық сияқты антиқұндылықтар қосылып отыр. Ол күнделікті тіршіліктен де, ғылым, әдебиет, өнер тәрізді «рухани» мәдениет салаларынан да анық байқалады. Мұндай келеңсіз құбылыстарда құндылық қайдан болсын, рух қайдан болсын. Рух, руханият ұғымдарын нақтылай келе, біз құндылықтар әлеміне келіп тірелеміз. Оны зерттейтін философия саласын аксиология (aksios - құнды, logos - ілім) дейді. Жалпы алғанда, құндылықтар дегенде адам өмірінің бағытын анықтайтын, оған керек, мәнді, оның құрмет тұтатын, керек болса, бас иетіннің бәрін жатқызуға болады. Құндылықтар «әлемінің өмір сүруінің терең себептері адамның өзінде, оның саналы пенделігінде, өмірдің мән-мағнасын іздеуінде жатса керек. Өйткені адам - ерікті пенде, ол өз тағдырын өзі күнделікті өмірге келетін мүмкіндіктерді таңдау арқылы жасайды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005
Қоғамдық білім негіздері: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық
Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007