Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты
РЕФЕРАТ Тақырыбы: С.Аманжоловтың «Сөйлеу мен ойлау» туралы пікірі экстралингвистика нысаны
Орындаған: Әлім Г.Қ ҚБ 41
Тексерген: Ауезова Ш.С
2023-2024 оқу жылы
Тіл ғылымы (лингвистика) негізінде адам баласы тілінің жазылуын, өсу-өнуін, оның құрылысын, бұрынғы, қазіргі күйін, оның бірімен-бірі өзара қарым-қатынасын, олардың даму жолдарын, ондағы заңдарды тексереді. Сонымен қабат, тіл ғылымы тіл-тілдің келешегін де, қалай дамитынын да, болашақ тілдің жасалу жолдарын да әңгіме қылады. Алайда, әңгіме мұнымен бітпейді. Тіл мен ойлау және жазу мәселелері бір нәрсе сияқты. Бұларды да тіл ғылымы ішіне алады. Олай болса, бұл ғылым – бүтіндей адам баласының тіршілігіне байланысты ғылым. Тіл арқылы да, жазу арқылы да адам ойын іске асырады.
Жоғарыда тіл ғылымы қоғамдық қатынас құралы және ол тап құралы деумен оның маңызын беріп бітіре қойғанымыз жоқ. Мұның ең басты маңызды жағы оның дүние тану құралы да екенімен шешіледі. Тіл дүние тану құралының бірі... Мұны қалай түсіну керек? Бұл сөз түрлі мәнге байланысты айтылған:
1)әуелі тіл ғылымы хат тану, оқу, жаза білудің басқышы;
2) хат тани білу арқылы жаңа адамның басқа білімдерге қолы жетеді;
3) басқа білімдердің тарихын білу арқасында адамның өз ой-өрісі кеңейеді;
4) тіл ғылымы арқылы бір халық бір халықпен дұрыс қатынас жасайды; бірінің тілін бірі тез үйренуге де тіл ғылымы себепкер;
5) қысқасы, тілсіз, тіл ғылымынсыз әуелде еш бір мәдениет болған емес.
Қазақ тіл білімінің негізін салған ғалымдарымыз: «тіл – құрал, тіл – қор» деп санаған А. Байтұрсынұлының, «тіл – таным қоймасы» деп санаған Қ. Жұбановтың тұжырымдарымен қоса, профессор С. Аманжолов: «тіл – адамның сана-сезімін өсіруші, тәрбиеге, үгіт-насихат ісіне, еңбекті өндіруге, ғылым-білім алуға керекті құрал» [3;55б] – деп, алғашқы айтылған ғалымдардың пікірлерін толықтыра, айқындай түседі.
«Тіл ғылымы (лингвистика) негізінде адам баласының тілінің жазылуын, өсу-өнуін, оның құрылысын, бұрынғы, қазіргі күйін, оның бірімен-бірі өзара қарым-қатынасын, олардың даму жолдарын, ондағы заңдарды тексереді. Сонымен қабат, тіл ғылымы тіл-тілдің келешегін де, қалай дамитынын да, болашақ тілдің жасалу жолдарын да әңгіме қылады…» деген пікірі жалпы тіл білімінің мәселелері мен бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. С.Аманжолов өз зерттеулерінде дәстүрлі бағытты жалғастыра отырып, тіл ғылымының зерттеу нысанын, өзге ғылым жүйелері қатарында алар орнын, атқарар қызметін нақтылауды мақсат еткен: «бұл ғылым – бүтіндей адам баласының тіршілігіне байланысты ғылым» деген тұжырымы нақты дәлел бола алады. Ғалым өзіне дейінгі зерттеушілердің пікірлерін қолдай келе, тілдің адамзат табиғатына – оның тұрмыс-тіршілігін, дамуын, өркендеуін қамтитын құбылыс ретінде қарастыру қажеттігіне ерекше зер салды. Осыған орай, тілдің жалпы танымдық, психологиялық, қоғамдық, философиялық негіздері ғалым зерттеулеріне арқау болды.
Ғалымның тіл танымдық зерттеулері лингвистикалық талдаулардың өзгеше амалын құрайды, себебі автор тілдік құралдар табиғатын анықтауда құрылымдық факторды адамның ішкі ойлау, қабылдау, тану мүмкіндіктерімен, сыртқы қоғамдық-мәдени өмірімен шебер сабақтастыра білген. Ол «Тіл – амал, құрал, оның арқасында адам бірімен-бірі қарым-қатынасқа енеді, пікір алысады және бірін-бірі түсініседі. Тіл ойлаумен тікелей байланысты болғандықтан, сөзді және сөйлемдегі сөздердің бірлігінде ойлау ісінің жетістіктерін тіркеп отырады. Демек, адамның дүние танудағы жетістіктері сөзде, сөйлем құрылысында тіркеледі, сөйтіп адам қоғамында пікір алысуға мүмкіндік жасайды» дей отырып, сөз, сөйлем, сөйлем мүшелері сынды бірліктердің әрқайсысын экстратанымдық аспектіде талдап көрсетеді. Осыған орай, біріншіден, тілші сөйлем табиғатын, оның құрамына енген сөздерді қоғамдық қажеттілікті өтеу нормалары тұрғысынан айқындай келе, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін, біріншіден, «айтушы логикасына» байланыстырса, екіншіден, «сөздің тұрған ортасына, айналасына» тәуелді қарастырады.
Тіл мен ойлаудың байланысына айрықша мән берген С.Аманжолов сөздер мен сөйлемдер құрылысын «адамның дүние тану жетістіктерінен» сабақтастырып, сол арқылы тілдің функционалды-семантикалық ерекшелігін, қоғамдық сипатын, адамзат табиғатымен байланыстағы болмысын айқындап береді, өйткені «сөйлеу процесіндегі сөздің ерекшелігі – ол объективтік шындыққа, өмірге байланысты бағамдарды сананың қабылдауы нәтижесінде ойды бейнелейді. Сонымен қатар іс-әрекет жүріп жатқан ортаның әсерін, адамның көңіл-күйін де қоса білдіреді», -деп тілдік қатынас табиғатын зерттеуші Ф.Ш.Оразбаева атап көрсеткендей, адамдар арасында жүзеге асатын «тілдесім» мен оның қатысымдық тұлғалары жоғарыда келтірілген белгілердің барлығын бойына жинау арқылы ғана өз мақсатына жетеді. Осы ретте ғалым лингвистиканың нысанын адамды қоршаған әлеммен байланыстыра, тілдің жер жүзіндегі қызметін басшылыққа ала отырып талдаған дұрыс деген тоқтамға келеді. Сондықтан тарихи тіл ғылымының мәселелеріне де когнитивтік аспекті арқылы келеді, «табиғаттағы танылған құбылыстың бәрінің аты бар. Қоғам ілгері басқан сайын, адамның дүние тануы да кеңейеді, өнері, техникасы артады. Онымен байланысты жаңа заттар пайда болады. Жаңа заттарға лайық жаңа атаулар пайда болады».
ХХ ғасырдың І-жартысында тілдің қатысымдық қызметтері тілге тиек болғанымен, оның «дүниені тану» қабілеті әлі толығымен жүйеленбеген еді. Ғалымның ерекшелігі – ол танымдық факторларды тек атаумен шектелмейді, олардың сатылы түрде жүзеге асуын талдап көрсетеді.Жалпы тіл білімін тек тілдердің ортақ заңдылықтарын, тарихын, шартты байланыстарын зерделейтін ғылым саласы тұрғысынан ғана емес, оның адамның жаратылысын, тілдің шығуын, оның динамикалы түрде дамуын саралап көрсетіп береді.
Тілдің танымдық қасиетіне баса назар аударған тілші тұжырымдарының басым көпшілігі тілге сырттан әсер етуші фактілерге шолу жасаумен байланыстырылады. Сөйтіп, «Тілдер дамуындағы бірлік әр тілдің өз ішіндегі жағдайға ғана байланысты емес. Оның дамуы сыртқы себептерге де байланысты» деген қорытынды нәтижесінде ғалым тіл табиғатын пәнаралық байланысқа арқау ете отырып, лингвистиканың қарастыратын мәселелерін төмендегідей таңдайды: «…бұл ғылымның қарайтын, тексеретін нәрселерін алатын болсақ, 1) тілдің шығуы;
2) тілдердің құрылысы;
3) тілдердің даму жолының бірлігі;
4) әдебиет тілі мәселесі;
5) лексика мен семасиология мәселесі;
6) грамматика, стилистика мәселесі;
7) грамматикалық категориялардың шығуы;
8) ұлт тілдері, олардың даму жолдары;
9) тіл мен ойлау мәселесі;
10) тіл мен жазу мәселесі». Осыған орай, С.Аманжолов тіл ғылымын тарих, философия, психология, политэкономика, әдебиет, көркемөнер сынды басқа да салалармен сабақтастыра келе, оларды «тектес, сыбайлас» бағыттар деп атайды, сөйтіп, «Байланыс жағынан алып қарағанда бұл ғылым география, этнография (халықтардың салт-санасы, мәдениет мұрасы жөніндегі ғылым), археологиямен (табылған ескі мұралардың көзі жөніндегі ғылым) тығыз байланысты екенінде ешкімнің дауы жоқ. Өйткені бұлардың бәрі – бірін-бірі толықтыратын, біріне бірі материал беретін ғылымдар…» деген қорытынды жасайды.
Ғалым «…сөз, сөйлем ойдың көрінісі, суреті болғандықтан, сөздер, сөйлемдер адамның ой-санасының тарихын, ізін, жолын көрсететін деректер» деген тұжырым негізінде тілдің сатылы дамуын танымдық процестің қалыптасуымен байланыстырады. Нәтижесінде «…сөз – асыл қазына. Тіл – сана-сезімнің, ойдың тәжірибеде керінетін заттық сәулесі» деген аса құнды қорытынды жасады. Сөйтіп, алғашқылар қатарында тілдік бірліктерді танымдық ұғымдармен байланыстыра айқындаудың қажеттілігіне назар аударды, ол сөзді тек лексикалық не грамматикалық нысана ретінде ғана емес, адам ойы мен тәжірибесінің «асыл қазынасы» деп таныды, оның ішкі-сыртқы мүмкіндіктерін тең дәрежеде зерделеуге бетбұрыс жасады.
Қазақ тіл білімінің іргетасын қалауға ат салысқан С.Аманжолов зерттеулері, шын мәнінде, терең философиялық тұжырымдардан тұрып, адамзат баласының дүниетанымдық ой әлемімен сабақтастыра отырып тіл туралы ғылымға тереңдей түседі. Бұл мәселеге ғалымның тілге деген мынадай пікірі: «мыңдаған жыл өмір сүрген адам баласының дүние тануына үнемі қызмет еткен тілді…» нақты дәлел бола отырып, тілші зерттеулеріндегі тілдік талдауларының этникалық, мәдени, әлеуметтік және психологиялық ерекшеліктерін диалектикалық таным ұстанымдарымен қатар, тіл мен таным бірлігінің табиғи сабақтастығын айқындау арқылы маңызды тілтанымдық қорытындылар жасады.