Әбіш Кекілбаев
(1939 жылы туған)
Тудырған бұл Әбішті қиын дәуір,
Тұлғасын бұза алмады қиын-дауыл.
Асылы бар қазақтың бойында жүр,
Ақылы бар қазақтың миында тұр
Жолдасбеков М
Қазіргі қазақ әдебиетінің танымал суреткері Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау ауданы, Оңды ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде әдебиет қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген. 1964-1968 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде репертуарлық-редакциялық коллегия мүшесі қызметтерін атқарды. 1970-1975 жылдар аралығында «Қазақфильм» киностудиясына бас редактор болып жұмыс істеді, 1975-1984 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі. 1984-1986 жылдар аралығында Қазақ ҚСР Мәдениет министрінің орынбасары, 1986-1988 жж. Қазақстан жазушылар Одағы басқармасының 2-ші хатшысы, 1988-1990 жж. Қазақ КСР тарихы және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық Кеңесі президиумының төрағасы қызметтерін атқарған.
1990 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі. 1991 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы. 1992-1993 жж. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1993 жж. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, 2002 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.
Алғашқы «Алтын шуақ» атты өлеңдер жинағы 1962 жылы жарық көрді. Проза, әдеби сын саласында елулі еңбек етіп келеді. Сонау 20 ғасырдың 60-жылдарынан бері күні бүгінге дейін оның әр кездегі жарық көрген «Бір шөкім бұлт», «Дала балладалары», «Тырау-тырау тырналар», «Бір уыс топырақ», «Үркер», « Елең алаң», «Мартовский снег», «Плеяда- созвездия надежды», «Заман мен сұхбат», «Үш белес», «Талайлы Тараз» повестері мен әңгімелері, эсселері мен романдары, әдеби-философиялық, публицистикалық жинақтары, «Абылай хан»-тәуелсіздік алған қазақ елінің жаңа әдебиетінің төлбасы туындысы, халықтық қаһармандық драмалық дастаны оқырмандарға жақсы таныс.
Л.Н.Толстой, К.Гоци, Г.Мопассан, Г.Ибсен, А.Чехов пен И.Буниннің бірқатар туындыларын қазақ тілінде сөйлеткен.
Немістің «Фольк унд Вельт» кітап баспасы жүргізілген сауалнама хаттамасында оның есімі «20 ғасырдың таңдаулы жазушылары» тізіміне енгізілген.
«Үркер», «Елең-алаң» романдар циклі үшін 1986 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. «Құрмет Белгісі» орденінің, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері (2003).
Кез-келген жазушының алғаш қадамын өлең жазудан бастайтыны мәлім. Оның себебін жан сырын лирикамен жеткізуді көздесе, екінші себебі екі ауыз өлең құрау жыр сүйген қазақтың қанына сіңген өнер болса керек. Ә.Кекілбаевтың да 1962 жылы шыққан «Алтын шуақ» 1999 жылы шыққан «Дүние ғапыл» жыр жинақтарына қарап осы сырды аңғарамыз.
Оның лирикалық өлеңдері қазақ халқының басынан өткен (20 ғасырдағы) ірі-ірі тарихи оқиғаларды сезіне білген ақынның ой толғанысын білдіреді.
Қаламгер тарихи тұлғаны сомдағанда, өзі сіреттеп отырған оқиғасына сай, тарихи оқиғалардың хронологиялық уақытын сақтап, әрекет үстінде, тарихи тұлғаның өміріне қатысты оқиғаларды бөліп-бөліп суретттеген тұстары бар. Тарихи тұлғанының образын жасауда көркем шығармалары мен зерттеу мақалаларындағы ойлары бірін-бірін толықтырып, оқырманға ой тастап, ой қосады, екеуін жарыстыра береді. Бұл-жазушы шығармашылығын түсінудің, ұғынудың кілті. Қортындыны оқырманның өзіне қалтырады.
Ә.Кекілбаевтың және сол шамалас жас ұрпақтың балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыркезеңімен тұтас келгені белгілі. Сол кезеңнің ауыр шындығы ақын ойында, сезімінде орнығып қалғанын оның алғашқы өлеңдері анық байқатады. «Сол жылдар әрі жадымда», «Танктер», «Әйел күлкісі», «Біздің бала шағымыз», «Қарындасым Нұрғайша», «Жүректе әлі жатыр мұң» өлеңдері сұрапыл соғыс салған ауыртапшылықты шынайы бейнеледі.
Соңғы жылдары негізінен, басқа жанрға (проза, драматургия, публицистика) ауысқан жазушының кейде өзінің ой толғамдарын өлең арқылы танытуы оның көкірегіндегі ақындық сезімінің ұшқыны екені даусыз.
Ә.Кекілбаевтың проза саласындағы алғашқы қадамы (Бір шөкім бұлт) (1966), «Дала балладалары» (1968) кітаптары арқылы көрініп орнықты. Бірсапыра әңгімелері мен повестері «Құс қанаты» (1978) кітабына енді. Оның аталмаған шығармалары кезінде сыншылар мен әдебиет зерттеушілердің назарына ілікті.
Жазушының әңгіме, повестерінде адамдар арасындағы адамгершілік, моральдық мәселелер көтерілген. Жазушы тосын орта, тосын оқиға іздеп «әуре болмайды, күнделікті өмірде болып жатқан жайттарға терең үңілу нәтижесінде заман, адам, оның тіршілігі жайлы философиялық түйін жасайды. Оның заманнан қалған адам бойындағы тән жарасы мен жан жарасы, қазақ ауылының кешегі тұрмысы, бүгінгі қала қазақтарының тыныс-тіршілігі сынды мәселелер қозғалады.
Әбіш Кекілбаев драматургия жанрына да біршама үлес қосты. Оның әлем әдебиетінен тәржамалған драмалық туындылары қазақ театрларында ана тілінде сөйлеп, көпшілік көрерменнің ыстық ықыласына бөленген.
Алғашында ақын, кейін сыншы болып танылған Ә.Кекілбаев қазақ әдебиеті сынының қалыптасып, дамуына да біршама үлес қосты. Оның «Дәуірмен бетпе-бет» (1972), (Әебиет әлемі, өнер өрісі» (1999) кітаптарына енген сын, рецензия мақалалары-осы тұрғыдағы еңбегінің жемісі. Сыншының негізгі жетістігінің бірі-ақын-жазушылардың әдеби портретін жасаудағы шеберлігі. Оны біз сыншының Т.Әлімқұлов, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов шығармалары жайлы пікірлерінен танимыз.
Сыншы қазақ әдебиетінің бүгіні мен келешегіне немқұрайлы қарай алмайды. Бүгінгі қол жеткізген табысымыздың төркінін, шыққан тегін сөз ету-оның қаламына тән ерекшелік. Қазақ әдебиетінің қол жеткізген табысымыздың төркінін, салыстыру негізінде ғана көрсетеді. Ә.Кекілбаев терең ойлы, сындарлы сын, рецензияға мақалалары қазақ әдебиеті сынына қосылған үлес.
Ә.Кекілбаевтың публицистикалық еңбегінің бір саласы-сапарнамалар. Бұлардың да тірге тиек етерлік өзіндік ерекшеліктері мол. «Ұя мен жебе» (1968ж), «Ақ желкен» (1999ж), «Тырау-тырау тырналар» (1984), (Ұйқыдағы аурудың оянуы» (1975ж), осы атты кітаптарының жазылу стилі бір. Ол әрбір елдің, жердің, бүгінін айту үшін оның тарихына үңіліп, өткені мен бүгінін салыстыруға, жер-су атауларына қатысты аңыздар мен нақты болған әрбір елдің экономикасына, географиясына, мәдениеті мен өнеріне, тарихы мен әлеуметтік жағдайына терең үңіле біледі. Он екі томдық шығармалар жинағының 8, 9-томына кірген (Толғау тосқан тарих», «Ғасыр өтіп барады...» атты мақалалар оның публицистикасының екінші қырын ашар дүниелер. Осындағы «Әйтеке би», «Жәнібек тархан жайлы» мақалаларының орны бөлек. «Тұла бойы тұңған жұмбақ жан» арабтың «Бейбарыс» халықтық романының С.Әбдірахманов аударған қазақша баламасына алғы сөз ретінде жазылған. Мұнда 1968 жылы жазылған сапарнамадағы ойлар жаңа қырынан толыға түскен. Автор романда келтірген деректердің шындыққа қаншалықты үйлесетінін зерттеуге тырысқан.
Ә.Кекілбаев өтте іздемпаз жазушы. Ол өзінің әр бір жазбаларына биік талап қойып, биік деңгейден көріне біледі. Ғылыми зерттеу негізінде жазылған әрбір мақала өз ғылымилығымен құнды. Қаламгер өзін көп толғантқан, шешімін тапқан өзекті мәселелерге қайта-қайта оралып отырды. Оны Әбілқайыр хан, үш би (Қазыбек, Төле, Әйтеке), сұлтан Бейбарыс жөніндегі жазбаларынан көруге болады.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ә.Кекілбаев-қазақ әдебиетінің поэзия,проза, драматургия, сын, публицистика, аударма жанрларына бір кісідей үлес қосқан қарымды қаламгер. Оның поэзия жанрындағы алғашқы ізденістерінен бастап,соңғы жылдары жазылған сыршыл лирикасы, әңгімесі, повестері, романдары, қазақтардың кешегі,бүгінгі өмірі жайында терең сыр шертеді. Оларда жасалған тарихи тұлғалар мен біздің замандастарымыздың толымды бейнесі оқырмандар талапынан үлкен қызығушылық танытуда. Оның тілінің құмға да, тасқа да тіл бітірген образдылығы, елі мен жерін сүйген отаншыл (патриот) азаматтың бүкіл шығармашылығының қазақ халқының азаттығы мен тәуелсіздігін негізгі идея ұсынуы да қолдау табуда.
20 ғасырдың екінші жартсындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі - Әбіш Кекілбаев.Алғашқы жыр жинағынан елді елең еткізген қаламгер бар күш- жігерін қазақ елінің бүгіні мен болашағы үшін жұмсап келеді. Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, 1992 жылы Қазақстан және келісім сыйлығының иегері, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атанған ол-халқының абыройлы перзентінің бірі. Таяуда тәуелсіз еліміздің рухани көркем ой-санасын және қоғамдық –мемлекеттік үрдістерін қалыптастырудағы, дамытудағы, өркендетудегі ұшан-теңіз суреткерлік, әрі қайраткерлік еңбектері үшін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сөз өнерінің сардары, қазақ әдебиетінің саңлағы Әбіш Кекілбайұлына 70 жас толуына орай, оның ел дамуына қосқан айрықша үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Достарыңызбен бөлісу: |