шаруашылығы; сушаруашылық, сушаруашылығы; түйешаруашылық, түйешаруашылығы; халықшаруашылық, халықшаруашылығы), енді бірде бөлек берілген (балара шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық; көпсалалы шаруашылық; қосалқы шаруашылық; натуралды шаруашылық; ұжымдық шаруашылық; экстенсивті шаруашылық, т. с. с.). Орфографиялық
сөздіктің жауапшы шығарушылары алдыңғы сөзімен изафеттік тіркес құраған шаруашылық сөзіне тағы бір сөз (министр, министрлік, өнім, т. с. с.) тіркесетіндіктен, біріктіріп жазып
жібергендерін айтады. Қазақ тілінің ерекшелігіне сәйкес екі тәуелдік жалғаулы сөз қатар келе
алмауына байланысты тәуелдік жалғауы соңғы сөзге ғана жалғанады: Ауыл шаруашылық министрлігі, ауыл шаруашылық өнімі, т. с. с. Сонымен қатар мұнда орыс тілінің үлгісімен сөз
құрау ықпалы да бар. Орыс тіліндегі животноводство, растениеводство, овцеводство, оленеводство, т. с. с. сөздердің үлгісімен қазақ тіліндегі осындай сөздерді бірге жазуға тырысу
байқалады. Әр тілдің өзіндік ерекшелігі болатындықтан, бір тілде бірге жазылған сөзді басқа
тілде де бірге жазу дұрыс бола бермейді. Бұл орайда академик Р. Сыздықтың «Күрделі сын
есім жасап тұрған екі (кейде үш) сөздің әрқайсысы өздерінің нақтылы лексикалық мағынасына
ие болып тұрса, бір-бірінен бөлек жазылатындығын алдыңғы айтылған (көрсетілген)
топтармен шатастырмау керек. Мысалы: үш бұрышты тақтай, көп таңбалы сан, ауыл шаруашылық артелі. Бұл жердегі көрсетілген күрделі сын есімдердің әр сөзінің бөлек жазылу
себебі олардың өз мағыналарын сақтап тұруларында. Аударма әдебиетте, содан барып төл
жазбаларда да осы тектес сын есімдерді қосып жазып шатастыру кездеседі, себебі бұлар орыс
тілінде біріккен сөз болады: треугольная дощечка, многозначное число, сельскохозяйственная артель. Бірақ екі тілдің сын есімінің жасалуы мен жазылуы тепе-тең емес екендігін, яғни
айырмашылық болатындығын қатты ескеру қажет», – деген тұжырымын басшылыққа
алуымыз керек. Бұл орайда профессор Р. Әмір мен академик Р. Сыздықтың ұстанымдары
сабақтасып, тоқайласып жатқанын көреміз[4].
Шынтуайтына келгенде, алдыңғы сыңары бір сөзімен келген құрылым да, -ым (-ім) жұрнағымен келген ұлттық өлшем атаулары да, шаруашылық сөзінің тіркесуі арқылы
жасалған құрылым да бір модельге жатады. -ым (-ім) жұрнағымен келген өлшем атауларын
анықтауыштармен де алмастыруға да болады: аспісірім уақыт – ас пісіруге кететін уақыт; етасым уақыт – ет асуға кететін уақыт; біртістем ет – бір тістерлік, бір тістейтіндей ет; бірұрттам су – бір ұрттауға жететін, бір ұрттарлық су; бірүзім нан – бір үзуге келетін, бір үзерлік нан; біршағым қант – бір шағарлықтай, бір шағуға жететін қант, біршайқам май – бір шайқарлық, бір шайқайтындай май; біршымшым шай – бір шымшып аларлықтай шай, т. с. с. Яғни бұл модель де анықтауыш-анықталушы қатынасындағы бірліктерге ұқсас.
Сондықтан балықжуғыш мәшине; балыққасаптауыш мәшине; дәнақтауыш мәшине; дәнжарғыш мәшине; дәнсепкіш мәшине; дәнтазалауыш мәшине; балықтазалағыш құрал; т. с.
с. құрылымдармен қатар қоюға болады. Бұлардың бәрі де екі сөзден құралған кезде бөлек
жазылып жүрді, бөлек жазылуы керек те: бір асым; бір ауыз сөз; бір аттам; бір атым; бір жұтым; бір күндік; бір қайнатым; бір салым; бір сауым; бір турам; бір тілім; балық жуатын; балық қасаптайтын; дән ақтайтын; дән жаратын; дән себетін; дән тазалайтын; балық тазалайтын; т. с. с. Бұлардың үстіне тағы бір сөз қосылып, үш құрамды болған кезде
алдыңғы екі сыңары бағыңынқы сыңарға айналып тұр. Яғни бұған дейін басыңқы сыңар асым,