32-бап. Республикалық референдум өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi Республиканың Конституциялық Кеңесiнiң қарауы 1. Республика Президентiнiң, Парламент Палаталары төрағаларының, Парламент депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша Конституциялық Кеңес даулы жағдайда республикалық референдум өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi шешедi. Мұндай ретте республикалық референдум нәтижелерiн шығару өтiнiштiң қаралу кезеңiне кiдiртiледi. 2. Орталық референдум комиссиясы республикалық референдум өткiзудiң дұрыстығы туралы дау туындаған жағдайда референдумға дайындық пен оны өткiзуге байланысты материалдарды Конституциялық Кеңеске бередi. 3. Конституциялық Кеңес Конституция бұзылған жағдайда референдумды Республика Конституциясына сәйкес емес деп тануға хақылы. Мұндай жағдайда Орталық референдум комиссиясы референдум Конституцияға сәйкес емес деп танылған учаскелердегi (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердегi) референдум нәтижелерiн жарамсыз деп тану, сол учаскелерде (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде) бiр айдың iшiнде қайта дауыс берудi өткiзу туралы шешiм қабылдайды. 4. Конституцияға сәйкес емес деп танылған республикалық референдумның нәтижелерi Орталық референдум комиссиясының шешiмiмен тиiстi дауыс беру учаскелерiнде (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде) жарамсыз деп танылады. Өткiзiлген референдумды Конституцияға сәйкес деп тану референдумның қорытындыларын шығаруды жүргiзе беруге әкеп соғады. 33-бап. Республикалық референдумның қорытындыларын жариялау Референдумның қорытындылары туралы Орталық референдум комиссиясының ресми хабары дауыс беру өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен кешiктiрiлмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. IV тарау Қорытынды ережелер 34-бап. Республикалық референдум қабылдаған шешiмдердiң күшiне енуi Референдумда қабылданған Конституция, конституциялық заңдар, заңдар, олардағы өзгертулер мен толықтырулар, референдумға қойылған өзге де шешiмдер, егер Конституцияның өзiнде, конституциялық заңда, заңда, олардағы өзгертулер мен толықтыруларда, референдумда қабылданған өзге де шешiмде басқа мерзiм белгiленбесе, референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшiне енедi.