Несеп құрамы. Жаңа туылған балалардың несебінде нәруыз іздері кездеседі. Бұл физиологиялық альбуминурия мальпиги шумағының эпителиі мен бүйрек түтікшелері өткізгіштігінің жоғарылауына байланысты болады. Ересек жастағы балалардың несеп құрамында нәруыз болмайды.
Балалар несебінің құрамында сүт қанты, гликур қышқылы, гормондар, ферменттер (пепсин, диастаза, трипсин, мальтаза, уропепсин және т.б.) көп кездеседі. Мочевина 3-4 айлық балаларда ересек балалармен салыстырғанда аз мөлшерде болады. Мочевина мөлшері біртіндеп жоғарылайды, екі жастағы балаларда екі есе көбейеді. Натрий мен хлор иондары балаларда түтікшелерден қанға жеңіл сіңіріледі. Сол себепті, ересек балалармен салыстырғанда емшектегі балалардың несебінде хлорид шамамен он есе аз мөлшерде болады. Балалар организмінің ерекшелігі натрийді организмде ұстап қалу, бірақ өсе келе несепте натрийдің мөлшері артады.
Несептің құрамы жас өсе келе өзгереді. Балалар өмірінің алғашқы күндерінде несеп мөлшері біраз шамада: тәулігіне 261-ден 222 мл-ге дейін ауытқып отырады. Өмірінің бірінші айының аяғында несеп мөлшері тәулігіне шамамен 330 мл, бір жаста 750 мл құрайды. Бала 4-5 жаста тәулігіне 1 литр, 10 жаста 1,5 л несеп бөледі. Жаңа туылған бала тәуілігіне 20-25 рет, емшектегі жаста тәулігіне 15 рет, 2-3 жаста тәулігіне 10 рет, мектептегі шақта тәулігіне 6-7 рет несеп шығарады. Орташа есеппен әр несеп бөлу кезінде жаңа туылған бала 10-50 мл, 1 жастан асқан бала – 50-100 мл, 5 жастағы бала – 90-200 мл, 15 жастағы бала – 200-300 мл несеп шығарады.
Несептің салыстырмалы тығыздылығы бала туылғаннан кейін салыстырмалы түрде жоғарылайды, емшектегі балаларда 1,003-1,005 дейін төмендейді. Өскен сайын салыстырмалы тығыздылығы арта түседі, 10 жаста ересек адамдар сияқты 1011-1020 құрайды.
Ересектермен салыстырғанда балаларда несеп тұтқырлығы төмен болады.
Несеп реакциясы жаңа туылған балаларда қышқыл, өсе келе әлсіз қышқыл болады. Несеп реакциясы баланың жеген тамағының ерекшелігіне қарай өзгеріп отыруы мүмкін.
Бүйрек қызметінің реттелуі. Бүйректің қызметін орталық жүйке жүйесі реттеп отырады және ағзаның басқа да барлық жүйелерімен тығыз қызметтік байланыста болады. Несеп түзілу және несеп шығару үдерістеріне эмоциональдық күй мен қоршаған орта факторлары (температура, ылғалдылық, тамақтың мөлшері мен сапасы, қабылдаған сұйықтықтық мөлшері және т.б.) әсер етеді.
Жаңа туылған бала бүйрегі қызметінің физиологиялық ерекшеліктері:
- нефронның түтік жүйесінің жетілмеуі;
өмірінің алғашқы күндеріндегі минуттық диурез жеткіліксіздігі мен келесі күндері оның жылдам жоғарылауы;
несептің қоюлану мүмкіншілігінің азаюы;
түтікшелерінің сөл бөлу мүмкіншілігінің төмен болуы;
Сондықтан да, балаларда бүйрек қызметінің негізгі көрсеткіштері төмен болады, қызметі ересек адамның деңгейіне екі жаста жетеді. Бұл негізінен иірімделген түтікшелердің жетілмегендігі мен бүйректің қыртыс қабатының толық дамымауына байланысты болады.
Несеп шығару.Несеп шығару – бұл рефлекстік үдеріс. Несептің қуықта жиналуы ондағы қысымның артуына алып келеді, оның қабырғасын кереді. Қуық қабырғасында орналасқан механорецепторларды тітіркендіреді. Туындаған қозу жұлынның сегізкөз бөлігінде орналасқан несеп шығару орталығына барады. Қозу импульстері жұлыннан сфинктері босаңсып, қуық қабырғасының біріңғай салалы еттерінің жиырылуына алып келеді. Нәтижесінде, несеп шығару түтігі арқылы сыртқа шығады. Бұл еріксіз несеп шығару. Бұл емшектегі балаларда да болады. Өсе келе балалар, ересектер сияқты, несептің шығарылуын ерікті түрде ұстап, саналы түрде басқара алады. Бұл шартты рефлекстік түрдегі ми қыртысының басқарылуымен жүреді. Бұл балалардағы рефлекстер негізінен 2 жаста қалыптасады. Бірақ шаршау, ұйқының бұзылуы, дұрыс емес дене қимыл-қозғалысы және т.б. түрлі күйзелістік түрткілер, тіпті мектеп жасындағы балаларда да бұл рефлекстің нашарлауына алып келеді. Сонда түнде несептің ұстамауы – энурез туындайды.