Роман бірінші бөлім



Pdf көрінісі
бет1/12
Дата02.11.2022
өлшемі1,57 Mb.
#46844
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
шырағың сөнбесіе




Роман
БІРІНШІ БӨЛІМ
1
Жылқы кісінейді. Қара дауылда дүрліге шапқан қалың жылқының
шошынып шыңғыра кісінеген даусы келеді құлағыма. Алды апан ба, ор ма,
өн бойын үрей билеп алған жануарлар опыр-топыр орғып, шыңғырып
кісінеп барады. Менің бойымды да қалтыратқан жаман үрей бар. Қалың
тұяқтың дүрсілінен жер селкілдейді. Жылқыларды анық көре алмаймын,
жүн қаптап қойғандай қою күңгірт, қара қожалақ аспанның реңкінде
едірейген құлақтары мен төгіліп толқып бара жатқан жал құйрықтарының
бедерін ғана аңғарамын. Таудан құлаған тасқын сияқты ұмар-жұмар толқын
болып ағып барады. Ағыза шапқан айғырлардың алқына шыңғырып
кісінеген айқайы шабыстарынан озып, ұзап алысқа кетіп жоғалады.
Құлағымда тек тұяқ дүрсілі қалады. Мен де алқынып, шайқалып жылқы
толқынының арқасында келемін. Өн бойымда үрей бар. Еміс-еміс есіме
келеді, осы үрей қазір ғана лап еткен жоқ. Мына жөңкіле шапқан қалың
жылқының зəреңді ұшырған тұяқ дүрсілінен бұрын тұла бойымды жайлап
алған. Бірден ол үрейдің қайдан, неден келгенін ұмытып қалыппын.
Қазіргісі тек ажалдан үркіп, əңгіріп жөңкіп бара жатқан көп жылқымен
қоса бір жерде омақата құлаймын ба деген қорқыныш. Бірде шабыс
бəсеңдеп тұяқ дүрсілі əлсірегендей болды. Бураның шудасындай
бұйраланып, жердің еңсесін басып тастаған қою қара аспанды жыртып
шыңғырған дауыс естіледі. Дауыс өзгеріп, анықталып келеді. Шұбалта
созып, шыңғыра айқайлаған паровоз екен. Қалың жылқы көз алдымнан
ғайып болды. Паровоздың айқайлағаны, жылқының шыңғыра кісінегеніне
ұқсайды екен — ау. Төменгі жақтан көрінбейтін доңғалақтар дүрс-дүрс етіп
вагон теңселіп келеді. Басымды желкеме қайырып тартқандай мойыным
қарысып ауырып қалыпты. Сірə бірінің астында қалса керек Біреудің
бөксесі бүйірімнен сығып, ішімді ауыртып жіберген. Бұрымымды босатып
алып жөнделіп жаттым. Бүйірім де кішкене солқылдап ауырып барып,
шым-шымдап
басылып
балбырап,
ұйқылы-ояу
тəнім
балбырап
тынышталып келеді. Тəніммен бірге, барлық, қорқыныш пен үрей, дүрлігіс


— дүрбелең артта қалғанын, үлкен қатерден құтылғанын сезген көңілім де
жайбарақат тыныштыққа беріліп, ұйқылы-ояу манаураған күйі, арадағы
үрейді аттап өтіп, алдыңғы күнгі тəтті елесті көз алдыма əкеле жатыр.
* * *
Онда қуанып оянып едім. Əлі до арылып болмаған тəтті түсіме алдағы
келе жатқан жайдары, жақсы қуанышты, үзбей жалғастырғым келіп,
бұйығып біраз жаттым. Адамның көңілі тоқ, төрт құбыласы түгел болса —
ұйқы мен оянудың арасында сондай бір тəтті сəттері болады, оны бірден
сілкіп тастап, ұшып тұруға дəтің бармайды. Тек мені елегізіткен бір нəрсе...
оң жағым ойсырап бос жатыр. Ойбай-ау, Қасымбек менен бұрын тұрып
кетіпті. Күйеуінің өзінен бұрын тұрғаны жас келіншекке жараспайтын —
ақ нəрсе. Егер елде, ауылда болсам, жас келіннің əр қадамын баққан,
сумаңдаған əйелдердің сүйір тіліне ілінер едім. Мұндай жағдайда мен үшін
бір тəуірі біз елден алыста — Батыс Белоруссияда жүрміз. Күйеуім
Қасымбек əскери адам, аға лейтенант. Ал əскер дегеннің заңы өзіне басқа
болады екен, күн демейді, түн демейді, кез келген уақытта жөнеле береді.
Əрине енді, жай уақытта мен бұрынырақ оянушы едім, бірақ, соңғы кезде
Қасымбек менен бұрын тұратын əдет тауып алды. Мен оянып кетіп
түрегелейін десем де: «Жоқ, сен жата тұр, саған қазір күтіну керек»,— деп
тұрғызбайды.
Бұрын дəл сондай бір əйел жанды мінезі жоқ, кəдімгідей байсалды —
ақ жігіт болатын. Көрінеу көзге ерсі — елпілдеп əйелінің асты-үстіне түсіп,
иіліп — созылып киіміңді əперіп жатпайтын. Орыстың еркектері сияқты су
тасып, отын жарып та ұятқа қалдырмайтын. Енді қазір тіпті өзгеріп кетті.
Басқасын айтпағанда — таңертең тұрып алып шай қоятынды шығарды.
«Қой құрысын, ұяттағы», — десем, «Бұл жер ел іші емес, бізді ұялтатын
адам жоқ»,— деп дес бермейді. Айтатыны: «саған ауыр көтеруге
болмайды».
Ондай ауыртпалықты əзір өз басым сезе қоймасам да, күйеуімнің
айтқанына көне салған боп, оған əйелдің жұмысын істетіп қоятын бір
жаман əдет тауыппын. Ондай сəттерде, үш айдан бері өлердей сағынып
жүрген ел-жұртымның алыста болғанына шүкірлік етем. Денемнің
толысыңқырап келе жатқаны да рас, қынама көйлектерім құрсағымды
қысатынды шығарды. Ертеңгі демалыста қалаға бара қалсақ, кеңірек
көйлек іздеп көрмек ойым бар.


Сырттан Қасымбек кірді. Майкішең, иығында сүлгі, жуынып келіпті.
Жуынар алдында самаурынға су құйып, от тамызып жібергенін де айтпай-
ақ біліп жатырмын. Кереуеттің шетіне келіп отырып салқын қолымен
маңдайымнан, шашымнан сипайды. Денесінен ертеңгі салқын, таза ауаның
исі келеді. Маған бір жақсылық айтқысы келе ме, əлде жай көңілі жадырап
жақсы оянды ма, қалың ерні дүрдиген атжақты, құба жүзінде,
быттиыңқырап тұратын кішілеу дөңгелек көзінде болашақ қуаныштың
табы бар. Өзім де сергіп жақсы оянып едім, Қасымбектің көзіндегі ұшқын
кеудемді жылытып рахаттанып көзімді жұмдым. Салалы ірі қолы
маңдайымнан, жағымнан сипайды. Көзім жұмулы болса да, оның еміреніп,
телміре қарап отырғанын білемін. Бірақ осындайда адамды бір қатты
қысып, құшырланып сүйіп алуға... именшек пе, болмаса сезімге сараң ба?..
Алақаны қарынымды сипап аузымның үстіне келіп қалды. Саусағынан
сүйіп алдым. Қолын бетімнен алмастан Қасымбек ақырын еңкейді де
ернінің ұшымен самайымнан сүйді. Мені бір уатылып кететін шөлмек дей
ме екен?
Соңғы кезде Қасым тіпті сыпайы боп барады. Мен қазір оған полк
командирінің үйіндегі хрустальден жасаған қымбат ваза сияқтымын,
командирдің əйелі Елизавета Сергеевна онысына қол тигізбей, жібекпен
ғана сүртетін, Қасым да маған қаттырақ тиіп кетуге қорқады. Енді өзі ғана
емес сөзі де сыпайыланып, бұрынғы қазақылық мінезінен қалып, менің
қасым мен қабағымды қапысыз танитын болып алды.
Оның сезбейтіні бір-ақ нəрсе. Мен əлі де күшімдемін. О жер, бұ жерім
ауырып, денем ауырлаған жоқ, жар құшағына құштарлығым да кеміген
жоқ. Кеміген жоқ деймін-ау, сол құрғыр, мені масқара қылғанда,
артыңқырап кетсе де өзі білсін. Қасымбекке онымды сездіруге... қысылам.
Əлі күнге дейін екеуміздің бетіміз ашылмаған ба... Бір-бірімізді қанша
жақсы көрсек те, арамызда аттап өте алмайтын нəрселер бар.
Ал маған Қасымбектің осы именшек қалпы да ұнайды. Бір түрлі
қызық... Өзі жұмыр денелі əжептəуір ірі жігіт болғанмен ұялшақ бала
сияқты. Анау, кішкене пісте мұрнын одан бетер кішірейтіп тұрған,
дүрдиген қалың ерні... Алғашқыда маған ұнамағаны да сол еді. Екі қалың
ерін бір-біріне жуыспай ашық тұратын. Ашық ауыз... адам кейде көріп
тұрып соқыр болады екен-ау, қазір қарасам содан сүйкімді ерін жоқ.
Жиырма бестен асқан дырау жігітке құдды жас бала сияқты аңқау кескін
беріп сүп-сүйкімді етіп тұрған сол ерін. Күлгенде тым жақсы жұқарып,


үлкен күрек тістерін жалаңаштап, екі езуіне жаңа туған ай сияқты екі нəзік
сызық түседі. Көзім жұмулы болса да біліп жатырмын, Қасымбек маған дəл
солай жымия қарайды, көзімді ашып алсам езуіндегі нəзік сызықтарды
көрем. Төрт құбылам түгел, жақсы халде жатырмын, осы рахат сəтімді
өзгертпей тəтті қиялға елігіп жата бергім келеді. Көзімді ашып алғанда
Қасымбектің шар сияқты дөңес маңдайын көріп, «шашы қаша бастаған жоқ
па екен?» деп ойлап қалдым. «Болашақта күйеуім қасқа бас болады — ау»
деп уайымдауға — көкірегім рахат тыныштыққа толы еді, тек Қасымбекті
жақсы көрдім де қойдым.
-
Жаңа майор Масловты көрдім, — деді Қасымбек.— Ертең
семьяларымызбен Брестке барып келуге бір машина беретін болды.
Meн үндемей ғана басымды изедім: қайда барсақ та маған бəрібір,
əйтеуір алдымызда жайма-шуақ жақсы күн бар, жадыраңқы көңіл бар.
— Жүк машинасына орындық қойғызатын болды. Отыруға жайлы
болады.— Қасымбек мені қуантқысы келген адамша сөйлеп отыр.—
Жетпіс-сексен шақырым жер. Ерте шығып кетсек тіпті рахат. Күні бойы
қалада болып, қонаға қайтып келеміз. Сонда өзіңе керек-жарағыңды да
қарарсың.
— Бұрын көрмеген қалам еді, жақсы болды,— дедім Қасымбекті риза
қылғым келіп.
— Я, десейші, жап-жақын жерде тұрып, қанша уақыттан бері бip бapa
алмап едік, — деп Қасымбек менің сөзімді іліп əкетті. Енді міне, сəті де
келді.
Қанша ерке келіншек болсаң да ұятты білу керек, орнымнан тұрайын
деп басымды көтеріп алып едім, Қасымбек самаурынды қарағысы келді ме,
сыртқа шығып кетті. Байқаймын, құрсақты болғаннан бері менің тəнімді
көруге қаймығады.
Шай үстінде Қасымбек маған бірдеңе айтқысы келгендей бір-екі рет
қарап қойды. Ондайда бір нəрсеге екі ойлы боп қалғанын сезем де, енді
қипақтап қинала бермесін деп сəл қабағымды қозғаймын. Оны өзі түсінеді.
-
Қалаға бapyғa мұрындық боп жүрген біздің Николай көршіміз.
«Ертең 22 июньде аттай жиырма беске шығам. Ондай мерекемді атап


өтпесем масқара — тағы»,— дейді. Жеті-сегіз жолдасын қалада ресторанға
апармақ. Өзі де шашылатын түрі бар. Бір айлығымды түгел жұмсаймын
дейді. Əрине, өзінің тікелей бастығын ұмыта ма, бізді де шақырып отыр.
Қасымбек іркіліп қалды, көмейін түсіндім.
— Онда біз қандай тарту апарсақ екен?— дедім.
Оның əйелімен ақылдасқысы келгені, менен күткен сұрағы да осы еді,
соны айтқызып алған соң, өп-өтірік:
— Ойбай-ау, мен оны ойламаппын — ау. Бəсе не апарсақ екен?— деді.
—Жиған-терген тиынымызды ала барамыз ғой. Қаладан іздерміз,—
дедім мен.— Бұл жерден не табамыз.
Шайын ішіп болып киініп жатып Қасымбек «кі — һе» деп мырс етті.
Ойына қызық, бір нəрсе түсіп кеткенде сөйтіп мұрнынан күліп алатын əдеті
бар.
— Николай маған шақыратын жолдастарының тізімін көрсетті. Қарап
тұрсам кілең келіншегі барлар. Бойдақтан, амалы жоқ, біздің ротадағы екі
жолдасын ғана шақырыпты. Светасын тіпті сорақы қызғанады.
Николай
Топорков
Қасымбектің
ротасында
взвод
командирі,
шынашақтай ғана жігіт, кішкене гимнастеркасының жағасында қызыл
эмаль жалатқан төрт бұрышты жалғыз кубигі бар — кіші лейтенант.
Кішкентай адамдардың көбісі — ақ шелтеңдеген пысық болады ғой — бұ
да сондай. Шекесі жұмырықтай, сопақ бет, аласа шот маңдай, су ішуге
мойнын созған аттың басы сияқты иегі ілгері ұмсынып біткен. Өзінің
кескіні — ақ қызық — қит етсе төбелесе кетейін деп тұрған тентек бала
сияқты. Бір-екі рет саптың алдына шыққанын көргенім бар. Кішкентай
кеудесін жырта керіп, екі шынтағын ширатып кейін шығарып, қаздаңдап
билей басады. Тұсынан өтіп баратқан бəйгеге делбесі қозып, шыдай алмай,
жер тарпып ауыздығымен алысып тұрған тай — құнан сияқты. Бірақ
əйтеуір өзі бір нағыз адал жігіт, ар жағында бүкпесі жоқ, не де болса дыз
етіп сыртына шыға келеді. Қасымбек оны сонысы үшін ұнататын.
Оның келіншегі Света, орысша айтқанда, менің подругам Екеуміздің
қаншалықты жақын дос екенімізді өзім де əлі мықтап ажыратқаным жоқ.


Осыңда келгенде алғашқы араласқан адамым сол. Бөлмелеріміз көрші,
оның үстіне Қасымбек пен Николайдың қызметі бір. Əрине мінезің
жараспай, жұлдызың қарсы болса бұл екеуінің бірі де кісіні жақындастыра
алмайды. Света екеуміздің мінезіміз жарасты ғой деймін,— жақсымыз.
Света аппақ, ақсары келіншек. Шашы ақселеуден гөрі сəл сарғыштау.
Атжақты, ұш жағы өткірленіңкіреп келген жұқа танау қыр мұрынды.
Қабағы жұқалаң кішілеу көзі ашық көк пе, əлде жасыл ма, ажырата
алмаймын. Қызғылт шалған шикіл өңі — ар жағынан күн көрінгендей нəзік
бүкіл талдырмаш тұлғасында, балапанның түгіндей ақсары шашында,
биязы ширақ қимылында тал жібектей есілген нəзіктік бар. Еркек тұрсын
əйелдерді тартатыны да осы нəзіктігі болар. Ұрғашы болып, өмірінде
түтігіп ашуланып, шаптығып біреудің бетінен алып көрмеген шығар деп
ойлаймын.
Өзім əзірге Светаның сабасынан шыққанын көргенім жоқ. Ренжісетін
де еш нəрсеміз болған жоқ, бірақ енді, ұрысқақ əйелге сылтау жоқ жерден-
ақ табылады ғой. («Есіктің алдын күнде қоқытасың, ылғи мен сыпырам
ба?»,«Жолға суды кім төккен?», «Самаурынның шоғын төгіпсің, үйімізді
өртемексің бе?») Светаның бір рахаты, əйел болып ондай ұсақ-түйекке бір
күңк етпейді. Мақтанғаным емес, мен де ұрысқақ емеспін. Орысша
ұрысуға тілім де шорқақ. Елден, қазақтың даласынан келген адам, кілең
орыс əйелдерінің ішінде бөлексініп, қаймығып жүрем. Бұ жағынан
Светамен екеуміз, жолымыз болып, жақсы қосылдық.
Мен қазақшаға да сөзшең емес едім, орысшаға ауысқалы тіпті
үндемейтін болып алдым. Света да сөзге сараң, бірақ кісі жатырқайтын
тұйық емес, ажары ашық, адамға ылғи жылы шыраймен қарайды. «Жүзі
игіден түңілме» деген, менің бүйрегім де Светаға қарай бұра береді. Көп
сөйлеспесек те, екеуміз үйір болып алдық. Қолымыз бос болса, бірге
отырамыз, баратын шаруаға бірге барамыз.
Оның қасында жүргенде жайма-шуақ көктемде далада оңаша келе
жатқандай, жаның да жайлы, құлағың да тыныш.
Света күйеуін жақсы көреді. Əрине енді, біреудің ішіне кіріп шығу
қиын, бірақ қасында жүрген менің білуімше солай сияқты. Ал Николай
болса... оның Светаны жақсы көретіні соқыр адамға да көрініп тұрады. Ол
əйелін сүйгенде жай емес, кəдімгідей күйіп-пісіп сүйеді. Кейде өзін


қорсынып, бұртаңдап жоқ нəрсеге өкпелеп таусылып қалса, кейде əйелін
мақтаныш етіп танауы шелектей болады. Сұңғақ бойлы сұлу келіншегін
қолтықтап ап, шынашақтай боп шіреніп баратқан түрін көрсең... тура
«іштерің күйсе тұз жалаңдар» деген кескіннің өзі.
Осында келгелі Николаймен жиі араласып, жақындасып кеттік. Байғұс
жаман жігіт емес, бірақ күнəқар болсам да, шынымды айтайын: өз басын
Светаға Николайды теңсінбеймін. Светаның еркек-ұрғашыны бірдей
тартатын ерекше бір лебі бар. Еркектер оны көргенде өңдері жылып,
көздері мұнарланып, іштей күрсініп қояды. Нағыз бір ересек, ұстамдылары
тамағын кенеп, көзін тайдырып əкетіп, бірақ кімге, қайда қарарын білмей,
қипақтап қалады да, аржағында сайтаны барларының, май ұрлаған
мысықтай, көздері жылтырап шыға келеді. Жұрт назарын Света сезбейтін
сияқты, жайма-шуақ, ақжарқын қалпынан аумайды. Əрине сезбейтін болар,
егер сезе қалса... онда жайбарақат қалпын жоғалтып, мінезі өзгеріп, не
іштей тіксініп, бойыма дарытпаймын деп, тəкаппарсып кетер еді, не оңай
сықырмен еліктіріп, жігіттердің ындынын кептіре түсер еді ғой. Дегенмен,
тереңінде жатқан, тіпті өзі де білмейтін, бір сиқыры бар шығар. Болмаса,
асқан сұлу емес... əлде нəзіктігі ме?..
Бірақ осының бəрін Николай сезеді. Командирлер бас қосқан жерде
ұстараның жүзінде отырады. Кейде, сыр алдырғысы келмей, қанша
ақжарқын болғысы кеп бақса да, орайын тіпті келтіре алмайды. Əзіл-
қалжыңы да орынсыз шығып, даусы дабырлап, өзін-өзі зорлап күлдіріп,
оқыс тұйықталып қала береді. Содан сөзге араласпай, қабағының астынан
жұрттың ажарын жіті бағып, əйеліне түсіп кеткен көздерді аңдып отырады.
Қара торы жүзінің, шешек дағы ма, безеу ме, мен ажырата алмаған қожыры
бар, əрі-беріден соң түтігіп, беті тіпті қарайып кетеді. Түрін тышқан
аңдыған мысыққа ұқсатып, кішкене көзі ғана ызалы жылтырайды.
Қасымбек жаңа: «Светасын тіпті сорақы қызғанады»,— дегенде,
Николайдың дəл осы кескіні көз алдыма келіп тура қалды. Қайтсын енді,
еріккен бойдақ командирлерді шақырса, өзінің ертеңгі қуанышты тойын
азапқа айналдырмай ма?
2
Біз үлкен селоның шетінен оқшау салынған особнякта тұрамыз. Бұл өзі
заманында бір мықты байдың үйі болу керек — еңсесі биік, екі қанатын кең


жайған келісті үй. Ауласының шет — шетінде шағын ғана екі-үш бөлмеден
кішкентай үйлер бар — оны флигель дейді екен. Бұларда осы мықтының
күтуші, қызметшілері тұрса керек. Біздің полктың семьясы бар
командирлері осы особнякқа түгел сыйып кетті. Мықтырақтары ана үлкен
үйдің өзінде тұрады да, біз сияқтылары бір бөлме алып флигельде тұрамыз.
Ауланың іші аллеялары бар, кəдімгі парк, əр жерде скамейкалар,
беседкалар. Жалпы тұрысымыз жаман болған жоқ.
Осы бір рахат жерге келіп орналасқанымызға айдан асып кетті.
Əйелдер: «Нағыз курорт», — деп, қуанып жүр. Тек бір ыңғайсызы
күйеулеріміз таңертең қызметке кетеді, содан қара кеште бір-ақ оралады.
Жаздың ұзақ күнінде өңшең əйел қаламыз. Əйел деген халық, айналып
кетейін, жақсы ғой, тек өздері бірыңғай қалған жерде шаң-шұңы да көп
болады екен.
Бірақ біз жабайы əйелдер емес, қызыл армия командирлерінің
əйелдеріміз. Біздің де өзімізге лайық бастығымыз, тəртібіміз бар. Полктың
əйелдер советі — деген ұйымымыз бар. Оның бастығы полк командирінің
əйелі Елизавета Сергеевна дəрежесі үлкен болғанмен, өзі кішкентай адам.
Аузы, мұрны, қол-аяғы бəрі де шағын ғана келген, ып-ықшам. Кішілеу ғана
шүйке бас, сопақ бет, қоңырқай жүзді кісі, ұшы шошайыңқырап көтерілгені
болмаса, мұрны да пістедей. Сөйлегенде, жұқалаң ерні тісіне жабысып,
аузын шымшып сөйлейді.
Бұл əйел сырт адамға, бір қарағанда, қораш көрінер, бірақ біз үшін
аруағы асқар таудай. Кішкентай кеудесі шошайып, аяғын нығыз басып, ол
келе жатқанда, өзіміз қаймығып, етек-жеңімізді жия бастаймыз. Кісіге
кейігенде, тəкаппар жүзінен ызғар тепсініп тұрады.
— Сіз неге бүгін саяси сабаққа келмедіңіз?
Даусын көтермесе де, əр сөзін шегелеп, нығарлап айтады. Кішілеу
тарғыл көзінде сұс пен қабат ащы мысқылдың ұсқыны суық жылтырап, өзі
де, шегелеп тастағандай, нығыз тұрады.
— Meн бір үйдің ішінің кір-қоңын жуам деп...
— Саяси сабақтан қалуға ешқандай дəлел қабылданбайды. Ал кір жуу
деген тіпті де дəлел емес. Мəселеңді əйелдер советінде қараймыз.


Көбіміз — ақ Елизавета Сергеевнадан мықтап қаймығамыз, шүйкедей
болғанымен, алды қатты кісі. Біздің арамызда да əскери қатал тəртіп
орнатпақ ойы бар.
— Біздер командир əйелдеріміз. Əскер бөлімінің жанында тұрамыз.
Сондықтан бізге де əскери тəртіп керек. Салдыр-салақтықты жою керек.
Тəртіпке бағынбаған əйел жолдастарға қатал шара қолданамыз,— деп талай
сөйлеген.
Күйеулеріміз ертеңгі асын ішіп қызметке кетіп, үй-ішін жиыстырып
болған соң, сəске түсте Елизавета Сергеевна бəрімізді жинап алады. Көбіне
үлкен беседкаға жиыламыз, небəрі жиырмаға тарта əйел дөңгелек кең
беседкаға түгел сыямыз. Бүгін де айтқызбай жиналдық, Елизавета
Сергеевнаның төрде председательдік орны бар, ол соған барып отырды.
Оған жалғас оның орынбасары, полктың штаб бастығының əйелі Алевтина
Павловна келіп отырды. Алевтина Павловна ақсары, сұлу келіншек, оның
аты қандай құлаққа майда жұмсақ болса, кісінің көзіне өзі де сондай əсер
етеді. Денесі аршыған жұмыртқадай жұп-жұмыр, сəл ғана ұрты білініп,
бұғағы үлбіреген дөңгелек жүзді, үш жағы қайқайған кішілеу ғана «ерке
мұрын». Мұның да шертіп тұрған əсем кеудесі мен жас баланың білегіндей
тамағын, əсіресе сүйіске құштар үлбіреген ернін көргенде, талай еркек
тамсанар еді, бірақ бұл маңда оған өресі жететіндер жоқ. Ол штаб
бастығының, майор Масловтың əйелі.
Алевтина Павловна өз бағасын жақсы білетін кербез келіншек, бəрімізге
де жоғарыдан төмен сəл мүсіркей қарайды. Бірақ, сонысын өзімсінген
еркелігі басып кетеді де, сенің намысыңды шабақтамайды. Басына қонған
бақыты мен құдай берген ажар, көркі бірдей болса, қай келіншек
бұлғақтамайды. Алевтина Павловна тек Елизавета Сергеевнаға ғана кішілік
көрсетеді, оның алдына шығып сөйлемейді. Елизавета Сергеевнаны
сөйлетіп қойып: «Қайтесің, айта берсін»,— дегендей, сол ғана езу тартып
жымиып, өзі зерігіп үнсіз отырады.
Елизавета Сергеевнаның сол жағына əйелдер советінің хатшысы
инеліктей қатқан арық, сұңғақ бойлы Маруш Аршаковна келіп отырды.
Мұның тұлғасы мен келбеті Алевтина Павловнаға қарама-қарсы
жаратылған, бірі күн болса, бірі түн сияқты. Маруштың шашы көмірдей
қара, жылтыратып ортасынан қақ айырған, биік қабақты, үлкен дөңес
мұрынды қатқан қара торы келіншек. Əйелге сонша үлкен мұрынның


жарасқанын алғаш рет осы Маруштан көрдім. Егер мұрны осыдан кішілеу
болды бар ғой, анау биік қабағына, тостағандай қара көзіне, мына жақ
бітіміне жараспас еді. Арық болғанмен, арсиып тұрған жоқ, денесі де
жинақы, сымбатты, тек бір ғана айыбы қушықтау иығына ірі жүзді бас
қондырысы үлкендеу. Орыс тілін басқа бір нақышқа салып, əсем бүлдіріп
сөйлейді. Оған Алевтина Павловна «Шығыс Мадоннасы» деп ат қойған.
— Мен қайдан Мадонна болам. Мадонналар сен сияқты толық болады.
Нағыз славян Мадоннасы өзіңсің,— деп күледі оған Маруш.
Маруштың жас шамасын айыру қиын, Елизавета Сергеевна сияқты
отыздан əжептəуір асып кетсе де өзі білсін.
Елизавета Сергеевна столды тықылдатып тəртіпке шақырды да, сөзін
бастады.
— Жолдас командир əйелдері, мəжілісімізді бастаймыз. Өздерің
білесіңдер, ертең күн демалыс. Бірсыпыра жолдастар Брестке барады.
Қалғандары өз қалауынша дем алады. Ал, біздің көптен бері қанша
талқылап, шеше алмай...
Осы кезде Наташа деген келіншектің емшектегі баласы шырылдап
жылап қоя берді. Өзім де неғып жыламады деп отыр едім, бұ баланың
күндегі əдеті осы — Елизавета Сергеевна сөз бастарда, шырқын бұзады.
Шешесі Наташа сидиған бойы болмаса, бір шайнам еті жоқ, адырақ көз,
арық келіншек. Жас та болса кеудесіне жабысып, солып қалған емшектен
не сүт шықсын, содан болар, баласы зар жылауық. Өкшесі қанап көрмеген
Елизавета Сергеевна қоңыз жұтып қойғандай тыжырынды.
— Наташа, Наташа, жұбатсаңызшы. Ылғи өстіп жиналыстың шырқын
бұзасыз.
Наташа еш уақытта кісінің бетіне келмейтін келіншек: «І — і — і» деп
бебеу қағып, баласын əлдилейді. Бала ерегіскендей, одан сайын бақырады.
— Бері əкелші маған,— деді осы кезде бір əйел.
Бұл — Валя. Кеспелтек, балғадай келіншек, мұның да емшекте баласы
бар. Баласының екі шекесі торсықтай.


— Бері əкел. Мен емізіп берейін,— деді Валя.
Елизавета Сергеевна тағы бір қоңызды жұтып қойды.
— Валя, қалай ғана ұялмайсыз. Осындай жиналыстың үстінде емізіп
отырмақсыз ба?— деді Елизавета Сергеевна, жұқа танауын тыжырып.
— Е, емізсе несі бар, басқа ешкім жоқ, кілең қатындар емес пе,— деп,
шап ете қалды шүйкедей арық əйел. Бұл кəдімгі аты шулы ұрысқақ Муся.
— Муся... э... Мария Максимовна, осы дөрекіліктің керегі не? Қатындар
деп... Сіз совет командирінің əйелісіз.
— Е, немене, қатын демей, «əйел» деп сызылғанда, қайтадан қыз
болармын деп не ең? Сені мен біздің қыз дəуреніміз енді айналын келмейді.
Қатынның аты қатын, — деп, ұрысқақ Муся бастықтың өзін тойтарып
тастады.— Одан да емізсін ана Валя. Екі емшегі екі сиырдың желініндей.
Жетеді. Наташа деген, жас та болса, мен сияқты кеуіп қалған қу шандыр
емес пе?
Бұл фəниде Елизавета Сергеевнаның жалғыз қорқатын адамы — осы
ұрысқақ Муся. «Пəледен машайық қашқан» деген емес пе, өзін «полктың
анасы» санайтын, бізге əмірін мықтап жүргізетін Елизавета Сергеевна осы
ұрысқақ Мусяға келгенде, тайқып шыға келеді. Бастығымыз үнсіз қалды —
онысы Мусяның айтқанына амалсыз көнгендігінің белгісі.
Валя өз баласын Наташаға ұстатты да, оның жылауық баласын баурына
салды. Ұрысқақ Муся бекерге шабалаңдамаған екен, заржақ бала Валяның
кеудесіне жете бере жым болды, тіпті құлқыны кеуіп қалған екен, сораптап
емгеніне дейін естіліп тұр. Бір сəт бəріміздің көзіміз ашқарақ балаға
шүйілген екен, Елизавета Сергеевна есін жиып, үзіліп қалған баяндамасын
қайта жалғады.
— Жолдас командир əйелдері, үлкен қаладан шет тұрғандықтан,
сіздердің ешқайсыларыңыз қызмет істемейсіздер. Уақыттарыңыз босқа
кетіп жатыр. Əйелдер советі сіздердің сол бос уақыттарыңызды пайдалы
нəрсеге жұмсау жайлы мəселе қарады. Ақылдасып келгенде, өте маңызды
екі шешім қабылдадық. Біріншісі — неміс тілін үйренетін үйірме ашамыз.
Күніне екі сағат сабақ өткізіледі. Светлана Андреевна,— деп Елизавета
Сергеевна Светаға бұрылды,— Сабақ беруге сізді тағайындамақ болып


ұйғардық.
— Бізге Света сабақ бере ме?— деп шықылықтап кеп күлді ұзын бойлы,
иығы еңкіштеу, қызыл бет келіншек.
— Э — э, Муся, сіз несіне күлесіз? — деп кейіді Елизавета Сергеевна.
— Жоға əншейін,— деп Муся одан бетер сықылықтады,— Мен жəй... һ
— е – һе — һе.
Екі Мусяны шатастырып алмас үшін, жұрт бұл келіншектің атын
«Күлегеш Муся» қойған — ды. Оның ерекше бір қасиеті көбіне күлетін
жерде күлмейді де, нағыз бір күлмейтін жерде күледі. Бір күлсе, көпке
дейін тоқтай алмайды.
— Елизавета Сергеевна, менің өзім неміс тілін мардымды білмеймін.
Кімге ұстаз бола алам?— деді Света қызара бөртіп.
— Шырағым Света, біз əуелі сенің білгеніңді біліп алайық,— деді
Маруш болар-болмас қана езу тартып. — Содан кейін ар жағына басқа
мұғалім іздерміз.
— Қоғамдық тапсырмадан бас тартуға болмайды, — деді Елизавета
Сергеевна аузын шымшып сөйлеп,— Светлана Андреевна, сіз де, біз де
əйелдер советінің шешіміне қалтқысыз бағынамыз. Сонымен бірінші
мəселені қабылданды деп есептейміз ғой, əйел жолдастар? Кəне, дауысқа
қоям. Құптағандарыңыз қол көтеріңіздер.
Света қызарып төмен қарап отырып қалды, өзгелеріміз қол көтеріп
құптап шықтық. Əйел бастығымыздың екінші мəселесі тігін үйірмесін
ұйымдастыру екен. Бұл да жақсы — ақ нəрсе — екі қолың алдыңа сыймай,
бос отырғанша, өнерге үйренесің, балаңның көйлек — көншегін қайысаң
да, не зияны бар. Маруш Аршаковна шебер екен — сабақ жүргізеді.
Əйелдер бұл ұсынысты жамырасып, жабыла қостап еді, артындағы бір
кілтипанына келгенде, екпіндері қайтып қалды. Ол — тігін машинасын
сатып алу, сол үшін кісі басы ақша жинау, жəне сөзбұйдаға салмай, ертең
Брестке барғанда ала келу керек. Қинаған жері осы ара. Тіпті бар болса да,
қапелімде қалтадан ақша суырып беру... Ойламаған, күні бұрын есепке
кірмеген шығын. Есепсіз ақша кімде бар... Елизавета Сергеевна шырылдап
қанша үгіттегенмен, бола қоймады. Артық ақша жоқ... Ойлану керек.


Əрине ақша жинау керек қой, бірақ қапелімде... Кешке күйеуіміз келсін...
Қанша айтқанмен, ақша табатын солар ғой... Ақылдасайық... Ертеңнен
басқа да жексенбі бар ғой. Брест те қашық емес... Келесі жұмада барса да...
Бұл мəселе осылай жіңішкеріп барып сиырқұйымшақтанып бітіп еді...
3
Елде менің Қамқа деген əжем бар. Жақсылық пен жамандықты күні
ілгері сезетін «көріпкелі» бар адам. Оң көзі тартса, қуанады; сол көзі
тартса, ренжиді, болашақ көп нəрсені түсінде көреді де, соларын айнытпай
жориды. Үйге ақша түсе қалса: «Е, бəсе, кеше уысым қышып еді»,— деп;
алыстан сағынған адамы келсе: «Алдыңғы күні түсімде бір табақтан ас
ішіп отыр едім-ау», — деп, бəрінің үстінен түсетін. Жасым он тоғызға
қараған дырдай келіншек болсам да, Қамқа əжемнің сол «көріпкелі» маған
қонбапты. Қырық бірінші жылдың жиырма бірінші июнь күні маған
жамандық емес, жақсылық əкеле жатқандай көрініп, жағам жайлау,
жайбарақат жайсаң күн болды да, бар оқиғасы бадырайып көз алдымда
тұрып қалды.
Сол күннің өзі де толысып піскен жемістей толықсып тұрған — ды.
Шаңқай түске қарай көтерілген күн, ыстық аптабымен күйдірмей, қалың
ағашқа, жайқалған көк шалғынға, құйқалы топыраққа мол қызуын сіңіріп
балқытып келеді. Шуақ қою ауа жұмсақ жылуын бүкіл тəніңе дарытып, өн
бойыңды ұяң тартқызып, көңіліңді тыныштыққа, бейбіт рахатқа бөлейді.
Жасыл көк шөптің, қызып келе жатқан дымқыл жердің исі аздап мас
қылғандай басыңды айналдырады. Кенет мұрныма еміс қана саумалдың исі
келгендей болды — ол қай шөптің исі екенін ажырата алмадым.
Адам ертеңгі күнінің не боларын білмейді. Бірақ ақыл — ойдың
болжамы жетпеген нəрсені кейде тəнің сезетін сияқты. Бірнеше жылға
созылмыш азап пен мехнат алдында дүниенің бар жылуы мен
тыныштығын, аз ғана рақатын əр клеткасына сіңіріп алғысы келгендей, бар
денем балбырап, болашақ қауіп пен қатер, жан ұшырған үрей алдында —
тынығып алғысы келгендей, көңілім де жай тауып, жадырап келеді.
Аллеядағы скамейкада Света екеуміз отырмыз. Үндемейміз. Светаның
барлық төмен етектіден артықшылығы да осы. Құлағың тыныш. Қасыңда
бір жақсы адам барын біліп, бүйірің жылып отыра бересің.


Света бір кезде маған қарай қисайды да, белімнен құшақтап алды.
— Надя, — деді содан соң. Мұндағы орыс əйелдері менің Нəзира
атымды «Надяға» айналдырып алған... — Meн əйелдерден естіп сенбей
жүрсем. Рас екен ғой.
Ол жұмсақ алақанымен менің құрсағымды майда сыпырып өтті.
— Рас,— дедім мен.
— Мен де аңқаумын. Сенің қасыңда жүріп, жұрттың ең соңынан
біліппін.— Света кішкене қабағын шытып отырды да.— Япыр — ай, бекер
болған екен мұның,— деді.
— Неге?
— Сен немене, еш нəрсені сезбейсің бе?— деп Света қабағын көтеріп
таңырқай қарады.
— Шекарада тұрмыз. Ертең не боп кетерін қайдан білесің?
О жағын мен ойламаппын. Рас, шет жерде, бір қиырда жүргенде аяғым
ауырлағанына көңілім күпті болатын. Əйтсе де, жалғыз емеспін. Арқа
сүйер азаматым бар.
— Не қылар дейсің. Күнім жақындағанда елге қайтам ғой,— дедім.
— Əйтсе де, сақтануың керек еді,— деді Света.
— Ay, қалай сақтанам?— деп таңырқадым. Шынында да осы күнге
дейін біздің халықта баладан сақтанды дегенді естіген жоқ едім.
— Өзің сақ боласың да, — деді Света мойнымнан құшақтап...— Еркек
шыдамсыз болады ғой, — Света менің мойнымды босатып, туфлиінің
тұмсығымен дымқыл жерді түрткіледі.— Біздің Николай да бала сүйгісі
келеді. Бірақ мына жағдайда... Білмеймін, Өзім секемшілмін бе, əйтеуір
қобалжи берем.
Мен де қобалжи берем, бірақ менің қобалжуым басқа. Əуелі əйел болып
бір үйдің тұтқасын ұстағаныма сене алмай бір түрлі боп жүрдім, жəне үй


дейтін қайбір үйің бар, айналдырған екеусің. Оның үстіне адам сияқты елде
— ағайын — туғанның арасында түтін түтетіп отырған жоқсың. Жел
айдаған қаңбақтай, қос чемоданыңды қолыңа алып... Əскердегі жігіттің
қанжығасында... Өз жағдайымды өзім онша түсіне бермеуші едім. Енді
аяғым ауырлап мынадай халге ұшырадым. Осы мен шынымен ана болып,
бала сүйем бе? Амандық болса, солай болуға тиіс қой. Бірақ... тағы да бір
түрлі... қобалжи берем. Əлде Светаның айтқаны дұрыс па? Ол бұдан бұрын
да бір жолы сақтанып жүргенін айтып еді, онда мен елеген жоқпын — ды,
қазір ойлап қарасам... қашан орнығып, бір ыңғайланып алғанша... оның
сөзінің жаны бар сияқты.
Қайтеміз енді, əркім бұйырғанын көреді де.
Əнекей бір топ бала ойнап жүр. Олар да осы командир балалары. Төрт
жасар, сары шашты бала:
— Стой! Смилно!— деп айқай салады.
Ол штаб бастығы, майор Масловтың баласы. Түр келбеті шешесі
Алевтина Павловнаға тартқан — бөртіп піскен нандай топ-томпақ, ойнап
жүрген балалардың ішіндегі ең кішкенесі сол болса да, өзгелеріне өктемдік
жасап команда беріп жүр. Балалардың ойынында ылғи командирі сол
болады. Сондықтан ба, əйтеуір оны үлкен-кішісі бірдей «Вовка командир»
атап кетті. Баласының осы лауазымы ата-анасына да ұнайтын болу керек,
өйткені «Вовка командир» деген атты балалардан гөрі үлкендер көбірек
айтады, əсіресе майор Маслов пен Алевтина Павловнаның құлағына
жетеді-ау деген жерде:
Вовка командир, сенің əскерің қайда? Кəне, сапқа тұрғызшы.
— Өзі аумаған майор Маслов. Түбі мықты командир болады. Нағыз
жаугер.
— Болатын бала қаршадайынан — ақ көрініп тұрады. Өзінде нағыз
командирдің тегеуріні бар,— деп қошеметтей еркелетіп жатады.
Алевтина Павловна жақынырақ жерде болса:
— Көп мақтай бермеңіздер. Бала дандайсып кетеді,— дейді назданып.


Бұл Алевтина Павловнаның бер жағы, ар жағында баласының жұртты
тамсандырған қасиетіне деген мақтаныш жатыр, даусының назды
шығатыны да содан. Жалпы Алевтина Павловна көбірек назданады. Басқа
біреу сөйтсе ерсі көрінер еді, ал толықсыған сұлу келіншекке бəрі
жарасады.
Бала атаулы соғыс ойнағанда командир балалары қайтіп қалсын, бұлар
да əскер болып ойнайды, үлкендерден көргенін істейді. Вовка командир
сынық сүйем бойымен шіреніп тұра қалып, бір қолын шолтаң еткізіп,
созып:
— Стлойся! Становись! — деп айқайлайды.
Балалар соны қызық көріп, жапа-тармағай жүгіріп келіп сапқа тұрып
жатыр. Баланың аты бала емес пе, шарт та шұрт ұрысып, таласып қалады.
— Мен алға тұрам.
— Жоқ мен алға тұрам. Менің бойым ұзын.
— Жоқ, жоқ, қарашы. Міне менің бойым ұзын. Төбем артық тұрған жоқ
па?
— Мə, сен аяғыңды ұшынан баспа. Кəне, қарсы тұрып мұрнымызды
тақастырайықшы.
Бұлардың ішінде бізбен бір флигельде тұратын көршіміз Ираида
Ивановнаның алты жасар Шуригі мен бес жасар Борисі да жүр. Ол екеуі
басқа балалардай ілгері тұруға таласпайды да, көп шуламайды, аналарына
тартқан салмақты, момақан ғана. Вовка командирдің айтқанын істеп,
көрсеткен жеріне тұра береді. Тек «мен Борядан ұзынмын, мен мұнда
тұрам», деп араларына басқа бала кіріп кетсе, оған көнбейді. Екеуі егіз
қозыдай, жұбы жазылмайды. Бірақ бұлар ата-анадан екеу ғана емес, Ираида
Ивановнаның төрт баласы бар, Ең үлкені Ваня жетіден сегізге қараған,
кішісі емшекте. Ванясы ертерек есейген, ойыннан гөрі шаруаға үйір —
көбіне кішкентай інісін бағады, су əкеледі, үй шаруасында шешесінің нағыз
қолқанаты. Ағалары шешесінің қасында болған соң, Шурик пен Боря
жұбын жазбай бір жүреді де, бірге ойнайды. Ираида Ивановнаның
балалары алтын асықтай. Орта бойлыдан төмен, толықша келген шешелері
мінезге бай, жайсаң адам болғанға ма, балалары да орнықты, шыр еткен


даусын естімейсің.
Еркек балалармен бірге ұрысқақ Мусяның қызы Люся да соғыс ойнап
жүр. Ол жеті жаста. Сорайып балалардың ең алдына тұрып алған,
шешесіндей емес, бойшаң болатын түрі бар.
— Вова, Вовочка, мен саған орынбасар болайын. Қазір мен команда
беріп, саған баяндайын,— деп жалынады Люся.
Кіп-кішкентай боп шіреніп тұрған Вовка — командир оны менсінетін
емес.
— Қыздар командир болмайды,— дейді ол.
— Мен орынбасар болам.
— Жоқ, мен болам,— деп балалар тағы да жамырай шулап кетеді.
Мен балалардың ойынын қызықтан отырғанмын. Света үндемей отыра
беруге іші пысты ма:
— Июнь айы да бітіп қалыпты — ау, апырай-ə?— деді есінеп.
— Иə, бүгін жиырма бірі. Ертең Брестке барамыз. Қалаға барған соң,
сендерге қонақ боламыз ба?
— Николай туған күнімді мейрамдаймын дейді,— деді Света сол
бұйығы қалпынан серпілмей. — Мейлі. Қарсы болғаным жоқ. Кісі жиырма
беске күнде келмейді.— Ол жұп — жұмсақ білегін менің мойныма артты.
— Сен ғой, əлі жиырмаға келген жоқсың, Надя. Қандай жассың. Туған
күнің қашан?
Туған күніңді білмеген шынында да ұят екен, жауап бере алмай
қысылып қалдым. Менің білетінім доңыз жылы туыппын, ол жиырма
үшінші жыл, дəлірек айтқанда көктемге қарсы — наурыздың іші болса
керек, — оның бəрін Светаға қалай түсіндірем. Көп сөзден үндемей
құтылатын əдетім бар еді, оның үстіне Светаның бір рахаты жауап
бермесең қазбалап сұрамайды. Жаңа ғана берген сауалын əп-сəтте ұмытып
кеткен адамдай, қысылмайсың.


— Meн күзде жиырма екіге шығам,— деді Света.— Сөйтіп жыл дегенің
өте береді. Өте береді. Бір күні қартайғаныңды да білмей қаласың.
Светаның ойына кəріліктің қайдан келгенін білмеймін, өз басым осы аз
жасымда кəрілікті ойлап көрген емеспін, ол əзірге менің қолым жетпейтін
алыс дүние. Тезірек үлкендер санатына қосылу, ұл болсын, қыз болсын, бар
баланың асыға күтетін арманы емес пе, мен қайта ер жетуге асығушы едім.
Кішілеу кезіңде кейбір үлкендер сені баласынып, кішірейте сөйлесе —
дүниеде қор қылатын нəрсе сол болушы еді. Бірақ қазекеңнің бір жақсы
жері қыз баланы онша кішірейте бермейді, қайта ертерек есейтеді. Он төрт,
он бестен былай қарап — ақ, болашағыңды ойлатады. Өйткені он сегізден
асса — ақ өтпей отырған кəрі қыз деген жаман атақ бар. Ондай атақтан
қыздың өзі ғана емес, ата-анасы, аға-жеңгесі, төңірегі түгел қорқады.
— Қасымбекке қалай ғашық болғаныңды айтшы, — деді Света кенет
менің иығымда жатқан жұмсақ білегімен мойнымнан құшақтап, дауысында
əлденені аңсаған арман бар. Дауысында ғана емес, бүкіл өн бойында бір
аңсау бар сияқты.
Мен үндей қоймақ едім.
— Айтсайшы, нең кетеді, — деп жармасты. Кісіге ондай қадалмаушы
еді.
— Білмеймін,— дедім мен.
— Білмегені қалай?
— Əйтеуір ұнатқан болуым керек. Ал былай өліп — талып... Қойшы,
одан да Николайға ғашық болғаныңды айт өзің,— деп мен де жармаса
кеттім.
Света кішкене үндемей ойланып қалды да, күліп жіберді.
— Мен де білмеймін. Ақ көңіл елпілдеген жақсы жігіт екен. Бір
көргеннен есі кетіп бəйек болды да қалды. Тіпті жанын беруге бар. Менің
бетімді бері қаратқан сол ықыласы болу керек. Əйел қанша асқақтағанмен
еркектің ықыласына түсіп қалады ғой.


— Сонда қалай?.. Əйелдер ғашық бола білмей ме? Тек еркектердің
дегеніне көне бере ме?— дедім.
— Əрине,— деп күлді Света. Алдымен көзі түсіп айналдыратын
еркектер емес пе. Ендеше біз солардың жетегінде кетеміз де, ғашық болдық
деп өзімізді алдарқатамыз.
Ойланып қарасам мына сөзінің жаны бар сияқты. Əрине енді, көңілі
қаламаса кісі қырындаған еркекке көнбейді ғой, бірақ... Менің түсініп те,
түсіне алмай, көзім жыпылықтап қиналып отырғанымды байқады ма, Света
бетіме қарап жымиып қойды. Содан, маған ықыласы түсіп кетті ме, əлде
ішкі қатпарын ақтарып тазарып алғысы келді ме, кейде адамда ондай да
болады, иығымнан қаусыра құшақтап:
— Менің қалай ғашық болғанымды білгің келіп бара ма?— деп күле
сұрады.
— Иə, білгім келеді.
— Шынында мен де ғашық болғанмын. Тіпті есім кеткен кездері болды.
— Николайға ма? — деппін мен де қарап отырмай.
Света ыңғайсызданды ма, сəл іркіліп барып:
— Жоқ,— деді.— Сен оған таңырқамай-ақ қой. Жұрттың бəрі алғашқы
сүйген адамына тие бермейді. Оның үстіне, о кезде, мен əлі ақыл
тоқтатпаған жас едім. Əкем Ленинградта үлкен қызметкер еді, бір үйдің
ерке өскен жалғыз қызы. Тіл де үйретті, музыканы да үйретті. Он жетіге
келмей жатқанымда — ақ қырындаған жігіттер де көп болды.— Света
мырс етіп күліп қойды. — Мен өтімді қыз болдым, Надя. Бірақ менің
көңілім бір балаға ғана ауды. Саша, аты Александр болатын, менен бірер
жас үлкендігі бар. Жалғыз шешесі ғана бар, өздері тым жұпыны тұратын.
Бірақ өз талабымен оқуға түскен студент еді. Өзі сымбатты, сұлу жігіт
болатын. Көрдің бе, Надя, менің сұлу жігіттерім де болған,— деп Света
иығымнан қағып қойды.
Бəсе Николайды бұған өзгелер ғана емес, өзі де қомсынады екен ғой.
Өйтпегенде қайтсын, көрініп тұрған нəрсе емес пе.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет