«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы
Жоба аясында өлкедегі киелі орындарды анықтау, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, олардың картасын жасау көзделген. Жобаны жүзеге асыру мақсатында Ұлттық музей жанынан республикалық «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы құрылды. Бүгінгі таңда Қазақстанның қасиетті жерлерін анықтау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы «Қасиетті Қазақстан» орталығының жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық кеңес отырысы өткізілді. Нәтижесінде Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізімі толықтырылып, олардың саны 206 нысанға, ал жергілікті маңызы бар киелі жерлерінің саны 575 нысанға жетті.
Сонымен қатар Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген, республикалық маңызы бар 23 тарихи және мәдени ескерткішке ғылыми реставрациялау жұмыстары жүргізілді. Олардың қатарында Қожа Ахмет Яссауи, Айранбай кесенелері; Аппақ ишан, Ақыртас кешендері; Ескі Түркістан, Отырар, Сауран, Сығанақ қалашықтары; Сырымбеттегі Уәлихановтар үйі т.б. бар. Ал «Бозоқ» музей-қорығы үшін елордадағы Есіл ауданынан 412,6 га көлеміндегі жер учаскесі бөлінді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің арасында «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөніндегі өзара түсіністік пен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Биыл қорық аумағында орналасатын нысандардың (визит орталық, археологиялық парк) жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу, ал келесі жылдан бастап құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ өткен жылы «Ботай қонысындағы әлеуметтік-экономикалық және дүниетанымдық контекстерді зерттеу және қайта құру» ғылыми жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай қонысының маңынан көне Ботай мәдениетінің үйі салынды. Алматы облысындағы «Таңбалы», Түркістан облысындағы «Отырар» музей-қорықтары сапар орталықтарының құрылысы аяқталды. 2019 жылы 1 желтоқсанда «Отырар» музей-қорығының сапар орталығының ресми ашылу салтанаты өтті. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының сапар орталығының құрылысы ағымдағы жылы аяқталады. Қазіргі уақытта Күлтөбе қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары белсенді жүргізілуде, 15 ғылыми қызметкер мен 40 зертханашы жұмыс жасауда. Археологиялық саябақ құру бойынша жұмыстар 2021 жылы толық аяқталады. Жалпыұлттық киелі нысандар туралы мобильді форматтағы 30 дана бейнеролик түсіріліп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әлеуметтік желілерде таратылды. Қазақстанның киелі жерлерінің жалпыұлттық тізіміне енген 15 нысанның 3D моделі жасалды олардың ішінде: саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Алжир» мемориалды кешені, Қабанбай батыр кесенесі, Қосбатыр-Құмай мемориалдық кешені, Кенесары үңгірі, Беспақыр, Рабия Сұлтан Бегім, Гауhар ана, Есім хан, Ибраһим ата, Қарашаш ана, Үкаша ата, Қарабура, Домалақ ана, Хақназар хан кесенелері, Бірлік – Ордабасы кешені бар. «Қасиетті Қазақстан» энциклопедициясының қазақ және орыс тілдерінде 3-ші томы жарыққа шықты. Онда Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарының киелі жерлері қамтылған. Жоба аясындағы жұмыстар биыл да жалғасады. Киелі жерлер көп шоғырланған өңірлерде: Алматы облысындағы «Есік», Түркістан облысындағы «Ордабасы» және «Әзірет Сұлтан» музей-қорықтарында сапар орталығының құрылысы басталады.
Достарыңызбен бөлісу: |