Рза Қунақова
Рза Қунақова – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ақын 1937 жылы 14 желтоқсанда Жамбыл облысы, Красногар ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» газетінде бастап, «Қазақстан пионері» газеті мен «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналында тілші, редактор, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып еңбек еткен.
Қунақованың тұңғыш кітабы «Сурет» деген атпен 1963 жылы жарық көрген. Одан кейін «Жас жүректер» (1965), «Жәннәт жер» (1967), «Керімсал» (1971), «Ерке елік» (1973), «Кемпірқосақ» (1977), «Келеді көктем» (1979), «Аққулы жаз» (1982), «Менің достарым» (1983), «Қызыл жалау» (1985) сияқты өлең кітаптары жарияланған. Қунақованың қаламынан «Ол он жетіде еді» (1975) атты прозалық шығарма дүниеге келген. 2000 жылы «Сырымды айтам» атты бұрын жарияланбаған жырлары жеке кітап болып басылды. Қордай атындағы Ырғайты орта мектебіне Қунақова есімі берілген.
Рза Қунақованың 1975 жылы жарық көрген «Ол он жетіде еді» атты очеркі біршама танымалдылыққа ие. Шығарма Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» повесімен мазмұндас. Жиырманшы ғасырдың екінші жартысындағы ұлт басына төнген надандық, әйел теңсіздігі мәселесі көтерілген. «Алғашқы ұстаз» повесінде ата-анасыз өсіп келе жатқан, оқуға құштар қыздың өмір желісі сөз болады. Қыз ғұмыры «Күйеуге шығу, ана атанумен ғана шектеледі» деп түсінетін жұрт үшін оқу, білім алу таңсық нәрсе болғаны рас. Тағдыр талқысынан өткен қыз, ұстазы Дүйсеннің арқасында білімді азаматшаға айналады.
Ал «Ол он жетіде еді» шығармасында өз анасының қолында болса да, таяқ жеумен күні өткен қыз біраз сыннан өтіп, білім жолын қуады. Өзін біреу алып қашпай тұрғанда өміріндегі ең дұрыс шешім «Қалаға кетуді» таңдайды. Заида ұстаздық етіп жүрген ауылындағы жетім қыз Айгүлдің де тағдыры осы оқиғаларға ұқсас келеді. Айгүлді басқа ауылға ұзатып жібереді. Ал Заида болса батылдық танытып, дәл той күні қызды алып кетеді. Артынша қалаға оқуға жібереді.
Шығарма тақырыпаты осы оқиғалардағы өрімдей жас қыздың көмек беріп, бала оқытқандағы жасы небәрі он жетіде болғанын арқау етеді. Сонымен қатар сол замандағы осындай оқиғаларға негіз болған арулардың бір ғана өлкеден емес, бірнеше аймақта кездесіп тұратынына саяды.
Туындының басты идеясы – әйел теңсіздігі, надандық және қоғамдағы бай мен кедей мәселесі. Сол ғасырдағы әйелдердің ештеңеге еркін түрде араласа алмауынан бірашама хабар береді. Екі шығарманың мазмұнын салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, екеуінде де әйел затына жеке бас құқығы берілмеген. Қараңғылықтың әсерінен оқуға құштарлығы бар Заиданы ауыл адамдары «Ұят» мәселесіне әкеп тіреп, тұрмысқа беру дұрыс деп оның үстінен шешім шығарады. Мәселен, «Әмина жүгіріп келді. Түсі оңған матадай боп-боз болып кетіпті. Ентігін баса алмай көзі жасаурап: – Заидаш, сені бүгін түнде молда бір-екі жігітке алып қаш деп отыр. Көрші ауылда жылқышы көрінеді. «Аттарыңа өңгеріп әкетіңдер. Оның құнын сендерден ешкім сұрамайды»,- деді».
Шығарма эпилогінде, прологінде Заиданың қандай тұлға болып өскендігі уақыт пен кеңістік тұрғысынан оқырманға жақсы әсер етеді. Оқырман туындыны оқи отыра бүгінгі мен өткен мәселесін еркін саралап, сараптай алады.
Сондай-ақ сол дәуірдегі дүмше молдалар да назардан тыс қалмайды. «Әлиф», «Бә», «Тә» - ні дұрыс айтпаған баланы шыбықпен сабап, қинайды. Көзін ашқаннан естіген Құранды дұрыс деп санаған жұрт үшін молда ең ұтымды нұсқа еді. Ауыл тұрғындарына балалары біреу алдында ілім үйренгенінің өзі жеткілікті болды. Ал молдасымақ болса шала-шарпы білгендерін ауыз көпіртіп айтып, үй аралап, оқитын бала жинайтын. Молданың айтқанының дұрыс еместігін сезген балалар, оның шыбығын көргендер Заиданың мына шумақтарын мазақ үшін де, жұбаныш үшін де айтатын:
«Ей, алжыған молда,
Құраның бар қолда.
Оқуыңа бармаймыз,
Не бар бізге онда».
Ендігі бір мәселе, бай мен кедей теңсіздігі болатын. «Бай мен кедейдің үйінде мал саны теңдей болуы теңдікке әкеледі» деп түсінген саясат уағы осындай шығармалардың тууына әкеп соқты. Өмірде қанша жерден мейірімді байдың тұрпаты кездессе де, байлар тек нашар сипатта қарастырылды. Байлар малы конфискеленді. Шығарманың драмалық, әсер етушілік жағын арттыру үшін де осындай бейнелерді қолдану көптеп кездеседі. Мысалы, «Неге олай түңілесіз? Байлар аз, ал халық көп. Егер бәріміз бір жеңнен қол шығарып, байларға қарсы күреспесек мал да, жер де бәрі кедейлер мен шаруалардікі». Шығармада мұндай бөліктердің болуы сол замандағы соқыр саясаттың әсерінен туындаған.
Осыған ұқсас шығармалар саны аз емес. Бұл шығармалардың жазылуы Хакім Абайдың кезеңінен басталады. Әрине болған тарихқа талас жоқ. Дегенмен осындай көзқарас тудыратын шығармалар бүгінгі күні де адамдар санасында біраз бекіп, өзгерместей қатып қалған. Мысалы, бүгінгі қоғамда бай адамдардың барлығын «Жаман» деп қабылдау қате пікір. Өкінішке орай, әлі де сондай ойда жүрген адамдар баршылық. Ондай жандардың ойынша байлар тек ішіп-жеуді, қанауды ғана білетін тәрізді. Тіпті кей адамдардың аузынан «Сол ақша, дүниелерін барлығына таратып берсе болады ғой» деп жатқанын естіп жүрміз. Мұның артында өз өміріне жауапкершілік алмау, жалқаулық та жатқан болар. Бірақ қай заманда болмасын бес саусақ бірдей емес екенін ескеру керек.
Шығарманың көркемдік ерекшеліктері мен жанрына тоқталып өтейік. Біраз ақпарақ көздерінде шығарма очерк деп берілген. Очерк – көркем әдебиетте нақтылық, фактіні қолдану және публицистикалық элементтердің болуын талап етеді. Бірақ бұл туынды әңгімеге жатады. Себебі әңгіме, әдебиетте — оқиғаны қара сөзбен баяндайтын шағын көркем шығарма жанры.
Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, көркемдік жүйесі арқылы айқындалады. Әңгіменің көлемі шағын, кейіпкерлер саны аз, сюжет ұйытқысын құрайтын оқиғаның басталуы, шарықтау шегі мен шешімі болады. Онда адам, оның өмірі мен тағдыры, аса маңызды деген оқиға жинақы беріледі. Мұнда бір айтылған жайларға қайта оралуға, тәптіштеп баяндауға, ұзақ суреттеуге орын жоқ. Әңгіме жанры аз сурет арқылы көп жайды аңғарта білетін айрықша көркемдік шеберлікті талап етеді.
Бұл әңгімеде көркемдік ерекшеліктер айтарлықтай көп қолданылмаған. Диалог барысында бірен-саран ғана кездесіп отырады. Метафора, эпитет, теңеу сынды құралдар табиғатты суреттеуде, ұзақ жолды сипаттағанда ұтымды қолданылған. Мәселен, «Бұл өлкеде көктем ерте шықты. Күміс бетегелі, боз жусанды шалқар даланы шұғылалы шуағына шомылдырған. Күңкейдегі күртік қардың көбесі сөгіліп, жердің жеті қабат тоңы да ери бастаған. Ойдым-ойдым қалың қабаттың әр жерінен үкінің көзіндей жылтырап, бусанған бұлақтар төбе-төбеден жылғаға қарай жарыса ағып барады. Қары кеткен күңгейдегі жартастардың жасыл қынасының арасынан көктемнің хабаршысы – бәйшешек қылтиып, күн сәулесіне елтіп тұр. Ақ көбелектей ақ теңбіл нәзік гүлдің қар астында жатып көктеп, көктемнің жаршысы болып лезде шыға келгеніне ерекше сүйсінесің». «Көк теңбіл аспанда гауһардай жарқырап жанған мың-сан шырақ» т.б.
Жоғарыда аталған еңбектер қатарынан тағы да ауыз толтырып айтар нәрселер жетерлік. «Сағыныш», «Келеді көктем», «Сырымды саған айтам» өлеңдер жинақтары сондай сырлы сезімнен туған жырға толы. Үш жинақтың да жарық көрген жылдары әртүрлі. Бірақ оларды байланыстыратын бір нәрсе көзге оттай басылып тұр. Ол – Рза Қунақованың патриотизмі.
Расымен Рза Қунақова туған елі мен жерін шын сүйген перзент болған. Себебі қай кітаптың бетін ашпасаңыз да өлең тақырыптары «Туған жер», «Отан – Ана» деген тақырыпаттармен басталып, сонымен аяқталған. Өз еліне деген махаббатын ақын жүрек қағаз бетіне асыл маржандай төккен. Оған дәлел ретінде үш жинақты салыстырмалы тұрғыда қарастырып өтейік.
«Сағыныш» жинағының бесінші бетінде «Ұлы Отаным» атты өлеңі:
«Ұлы Отаным – бақыт теңдік ордасы,
Болашаққа бастай-тұғын жол басы.
Жүрек те бір, тілек те бір бауырымыз,
Барлық ұлттың ұл-қыздары – жолдасым»
«Келеді көктем» жинағы бесінші бет, «Отан – Ана»:
Отан – Ана,
Сенсің асыл мекенім.
Сенде өсіп,
Арманыма жетемін.
Сенің басып ыстық топырағыңды,
Мен әрқашан арман қуып кетемін»
«Сырымды айтам» кітабы бесінші бет «Арал» өлеңі:
«Күтпеген шөліркеп бір таудың қарын,
Тыншымай жататын тек асау арын.
Бір күнде ағып түскен көздей болдың
Тұзды Арал тартып жатыр шөлдің зарын»
Байқасақ, автор әр кітабының алғашқы беттерін Отанға деген махаббатымен бастап, сонымен аяқтайды. Өлеңдерін оқып шықсақ ерекше ұйқасты, сазды байқай аламыз. Тіпті Отанына деген әдемі сезім ғана емес, ондағы болып жатқан әлеуметтік, экономикалық жайттар да сырт қалмаған. Соңғы берілген үзіндіде Арал теңізінің сан жылдар бойғы мәселесін алға тартып, ауыр өкінішпен еске алған.
Өлеңдердің сыртқы формасына келер болсақ, қара өлең ұйқасы, 11 буынды екенін көреміз. Көркемдеуіш құралдардан метафораны жиі қолданғанын байқауға болады.
Автор өлеңнен бөлек, мысал жанрында да қалам тербеп, поэма да қалдырған. Ондай туындылары жоғарыда айтылған жинақтарының ішінде қосымша қамтылған. Мысалы, «Варс пен Сава», «Жаралы лақ», «Күшік пен Мысық», «Өнерлі бала», «Жыл басы не?», «Асқабақ», «Айға ұшамыз» мысалдары, «Солдаттың баласы» поэмасы т.б.
Рза Қунақова өзінің 54 жылдық ғұмырын аз да болса мәнге толтырған ақын. Ол өз жанындағы сағыныштар мен ашық ойларын жасырмады. Керісінше, келер ұрпаққа үлгі, мұра ретінде қалдырды. Қаламынан әр шығармасын шынайы сезіммен толқып отырып тудырған жан. Өзіндік ойлары мен көзқарастарын жинақтап, прозада да ізін салған дара жолдың үлгісі.
Достарыңызбен бөлісу: |