С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология


Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары



бет11/97
Дата29.09.2023
өлшемі2,04 Mb.
#111873
түріОқулық
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   97
Байланысты:
исаев морфология

Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары
Ең алдымен грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері деген ұғым мен жолдары деген ұғым бір ме, бөлек-бөлек пе? Осыны нақтылап түсініп алу қажет.
Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері деген ұғым белгілі бір мағына типтерінің (түрлерінің) не арқылы және қалай берілуінің тілдік қабат негіздері жиынтығы, тобы болып табылады да, ол өз ішінде жекелеген түрлерден тұрады. Грамматикалық мағынаның белгілі бір берілу тәсілінің бірнеше түрлері болуы мүмкін. Сол түрлер ол тәсілдің немесе мағына берілудің жолдары деп аталады.
Грамматикалық мағынаны білдірудің ең бірінші тәсілі – семантикалық тәсіл. Ол - сөздің лексикалық мағынасының абстракцияланып жалпылануы арқылы іске асады. Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына пайда болады. Екінші – синтетикалық тәсіл. Грамматикалық мағынаның синтетикалық тәсіл арқылы берілуінің тіл білімінде бірнеше жолы бар. Олар: қосымша қосылу жолы, яғни грамматикалық тұлғалардың (формалардың) үстелуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, префикс қосылу жолы, яғни сөзге префикс - приставка қосылу арқылы грамматикалық мағынаның берілуі; ішкі флексия жолы, яғни сөздің ішкі кейбір дыбыстарының өзгеруі, алмасуы, қосылуы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі; екпін арқылы, яғни екпіннің өзгеруімен грамматикалық мағынаның берілуі; супплетивті жол, яғни грамматикалық мағынаның жеке-жеке сөздер арқылы берілуі. Үшінші – аналитикалық тәсіл. Аналитикалық тәсілдің бірнеше түрі, жолы бар. Олар: негізгі сөздердің тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі (мысалы, алтын сағат, темір күрек, ағаш үй, шәкірт бала сияқты тіркестерде алғашқы зат атаулары алтын, темір, ағаш, шәкірт, екінші зат атауын білдіретін сөздермен тіркесу арқылы заттық мағынада емес, қатыстық-сындық мәнде қолданылған) негізгі сөз бен көмекші сөздің (көмекші етістік, шылау, т.б.) тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің қосарлануы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің орын тәртібі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, дауыс ырғағы, интонация арқылы грамматикалық мағынаның берілуі. Сондай-ақ, аралас тәсілдер де болуы мүмкін яғни грамматикалық мағынаның берілуінде бір емес бірнеше тәсілдің элементі болуы мүмкін.
Ал грамматикалық мағынаны білдірудің осы көрсетілген тәсілдері мен жолдары барлық тілдерге де тән бе? Бұл жағынан қазақ тілінің ерекшелігі бар ма?
Грамматикалық мағынаны білдірудің көрсетілген тәсілдері мен жолдары бір тілде толық кездесе бермеуі, кейбіреулері ғана қолданылуы мүмкін. Қазақ тілінде бұл тәсілдердің кездесетіндері мыналар.
І. Семантикалық тәсіл. Лексикалық мағынаның жалпыланып, абстракциялануы арқылы жалпы грамматикалық мағынаның пайда болуы. Мысалы, белгілі бір топ сөздердің жалпы зат атауын немесе заттың сынын я санын, немесе жалпы қимыл, іс-әрекетті білдіруі, сөйтіп, белгілі бір топтарға (сөз таптарына) жіктелуі.
Әрине, бұл жерде әңгіме лексикалық мағынасы бар сөздер жайында болып отыр. Лексикалық мағынасынан айырылып қалған көмекші сөздердің жалпылануы туралы әңгіме қозғаудың қисыны жоқ. Лексикалық мағынасынан айырылып қалған көмекші және А.Ысқақовтың көрсетуінше одағай сөздердің де бұл салада жағдайы мүлде бөлек. Ондай көмекші сөздер сөйлем ішінде белгілі бір сөздердің жетегінде, шылауында жұмсалып, оған әр түрлі қосымша мән береді не үстейді, қосады. Бұдан байқалатыны – бұл сияқты көмекші сөздерде семантикалық процесс бұрын болып, енді олар сөйлемде дайын қосымша тілдік элемент ретінде пайдаланылады. Ал толық мағыналы (лексикалық мағынасы бар) сөздерде бұл процесті сөйлемнің өзінен-ақ көруге болады.
Лай суға май бітпес қой өткенде, күлеміз қасқыр жалап, дәме еткенде (Абай). Жасамаймын еңбектің жемісін көзбен көрем деп, жасаймын бір қолқабыс кейінгіге берем деп (С.Торайғыров). Берілген сөйлемдегі сөздерді жалпы грамматикалық мағыналарының ортақтығы жағынан мынадай топтарға бөлуге болар еді: І) Су, лай, қой, қасқыр, дәме, еңбек, жеміс, көз, қолқабыс, бір топ, 2)(май) бітпес (қой) өткенге, күлеміз, жылап, (дәме) еткенге, жасамаймын, көрем (ін) деп жасаймын, берем (ін) деп екінші үлкен топ; 3) лай, кейінгіге т.б. үшінші топ. Бірінші топтағы әр сөздің нақты лексикалық мағынасын айқындай отырып, ол сөздердің бір-бірімен жақындығы жоқ екендігін анықтап, абстракциялану, жалпылану барысындағы мәніне назар аударсақ, яғни нақты су мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні нақты лай мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні, нақты түлік, малдың бір түрі қой мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні, дәл нақты қасқыр мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні, дәл сол сияқты дәме, еңбек, жеміс, көз, қолқабыс нақты ұғымдық атаулардың жалпы зат атауы мәні, екінші топтағы әр сөздің (май) бітпес - біту, (қой) өткенге - өту, күлеміз - күлу, жылап - жылау, (дәме) еткенге - ету, жасамаймын жасамау, көремін деп көру, беремін деп - беру өздері ғана білдіре алатын нақты іс-әрекет, қимыл, процесс болып, одан жалпы іс-әрекет, қимылды білдіруге және үшінші топтағы лай дегеннің су зат ұғымының сапалық бір белгісі (таза емес, тұнық емес т.б.) болу негізінен жалпы заттың сапалық белгісі болу, кейінгі сөзінің нақты ұрпақ, жастар сияқты болашақ қауымның қатыстық белгісінен жалпы қатыстық (одан субстантивтену) белгіге көшуі көрініп тұр.
Сөйтіп, сөздер лексикалық мағынасы арқылы дараланып, сараланып, ерекшеленіп, тілдің жеке-жеке лексикалық көрінісі болып тұрса, ол лексикалық мағыналарының абстракцияланып, жалпылануы арқылы ортақ грамматикалық қасиеттерге ие болып, грамматикалық әр түрлі топ (сөз топтары) құрауға мүмкіндік туады. Яғни тілдегі бір топ сөздер зат атауы ұғымымен байланысты болып, заттық ұғымды білдіретін сөздер (зат есім), екінші тобы әр түрлі қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздер (етістік) үшінші тобы заттың әр түрлі белгісін, сапасын, түсін, қатысын т.б. мәнді білдіретін сөздер (сын есім), сандық ұғымды білдіретін сөздер (сан есім), қимыл, іс-әрекеттің әр түрлі амал, сын-қимылын, мекен-мезгілін, себеп-мақсатын т.б. білдіретін сөздер (үстеу), орынбасар сөздер яғни осы көрсетілген сияқты сөздердің орнына жүретін сөздер (есімдік) деп саралауға болады. Осыдан анық көрінетіндей, сөздің жалпы грамматикалық мағынасы яғни лексикалық мағынаның негізінде пайда болатын грамматикалық мағына (семантикалық тәсіл) сөздерді семантикалық сипаты жағынан грамматикалық топтарға бөлуге негіз де болып саналады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет