С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология


Грамматикалық категорияның түрлері



бет18/97
Дата29.09.2023
өлшемі2,04 Mb.
#111873
түріОқулық
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   97
Байланысты:
исаев морфология

Грамматикалық категорияның түрлері
Жоғарыдағы талдаудан байқалатындай, грамматикалық категориялар грамматикалық сипаты жағынан, жасалу жолы мен тұлғалық жүйесі жағынан біркелкі емес. Қайткен күнде де грамматикалық категориялар белгілі грамматикалық топтағы сөздердің тұлғалану, түрлену жүйесімен, соған лайық олардың грамматикалық мәнімен, сөйлеу процесінде сол сөздердің атқаратын қызметімен, басқа сөздермен қарым-қатынасымен байланысты болғандықтан да, грамматикалық категорияларды тілдік деңгейге қатысты шартты түрде морфологиялық категория және синтаксистік категория деп бөлуге де болады. Сондай-ақ морфологиялық категорияларды сөз түрлендіру мәнді (словоизменительные) морфологиялық категориялар және топтау я жіктеу мәнді (классифицирующие) морфологиялық категориялар деп те бөлу дәстүрі бар (М.-МКСРЯ, 26). Бірден көзге түсетін ерекшелік грамматикалық категорияның және олардың түрлерінің сөз таптарына қатысына байланысты.
Грамматикалық немесе морфологиялық категориялар сөз таптарына қарай топталып жіктеледі. Бұның өзі грамматикалық (морфологиялық) категория сол сөз табының грамматикалық ерекшелігі, түрлену жүйесінің сипаты екендігін көрсетеді. Бірақ тіліміздегі сөз таптарының барлығында бірдей грамматикалық (морфологиялық) категория бола бермейді. Кейбір сөз табында (мысалы, сан есім, есімдік, үстеу т.б.) грамматикалық категория атымен болмауы мүмкін, өйткені бұлар (осы сөз таптарына енетін сөздер) белгілі парадигмалық жүйемен өзгермейтін, грамматикалық, тұлғалық түрлері жоқ сөздер болып келеді. Ал грамматикалық категориялары бар сөз таптары – зат есім, сын есім және етістік. Олар мыналар: зат есімнің сан-мөлшер (көптік) категориясы, тәуелдік категориясы, септік категориясы, сын есімнің шырай категориясы, етістіктің салт-сабақты етістік (немесе салттылық-сабақтылық) категориясы, етіс категориясы, болымсыз етістік (болымдылық-болымсыздық) категориясы, рай категориясы, шақ категориясы, жіктік (жақ) категориясы.
Белгілі сөз табына қатысты грамматикалық (морфологиялық категориялардың грамматикалық) сипаты сол сөз табының семантикалық, грамматикалық ерекшеліктерімен айқындалады. Сондықтан да грамматикалық (морфологиялық) категориялардың түрлену жүйесі мен семантикалық сипаты біркелкі емес. Олардың морфологиялық көрсеткіші болып табылатын грамматикалық тұлғалары бірде таза грамматикалық қана мағына үстеп, сол сөз табының сөз түрлендіру жүйесінің формалары болса, бірде ондай формалар таза грамматикалық сипаттан гөрі түбірдің семантикасына аздап болса да өзгеріс, мағыналық реңк үстеп, лексика-семантикалық сипатқа да ие болады. Сын есімнің шырай категориясының етістіктің етіс категориясының, салт-сабақты етістік категориясының, болымсыз етістік категориясының семантикалық мағыналық мәні жағынан, грамматикалық сипаты, парадигмалық жүйесі жағынан басқа грамматикалық категориялармен (зат есімнің көптік, септік, тәуелдік, етістіктің жақ, рай, шақ категорияларымен) салыстырғанда, ондай ерекшеліктері анық байқалады. Мысалы, шырай қосымшалары түбірге (сапалық сын есімге) жалғанып, жаңа мағыналық сөз тудырмағанмен, сын есім түбірінің негізгі сапалық мағынасына қосымша мән, реңк үстейді. Яғни түбірдің семантикасы бүтіндей өзгеріссіз қалмайды. Бірақ ол – жаңа мағыналы сөз емес, яғни сөзжасам көрсеткіші емес, грамматикалық мәнге қатысты шеңберден шығып кетпейді. Семантикалық жағынан үлкен мен үлкендеу, биік пен биігірек, жақсы мен өте жақсы, таза мен тап-таза т.б. бірдей емес. Сонымен бірге шырай қосымшасы үстелгеннен түбірдің грамматикалық сипаты (сөз түрлендіргіштік, сөз байланыстырғыштық, қызметтік, басқа сөзге қатыстық қасиеті) өзгермейді. Сондай-ақ етіс, болымсыз етістік категорияларының тұлғалары, біріншіден, түбірдің семантикасына аз да болсын өзгеріс, мағыналық реңк үстейді (келтір яғни өз бетімен келуі емес, біреудің алып келуі, келме -қимылдың болмауы), екіншіден, түбірдің грамматикалық сипатының атап айтқанда, етістіктің сырттай жекеше, анайы 2-жақ бұйрық рай тұлғасымен сәйкес келіп, тікелей жіктеле алмай, сөйтіп, осы күйінде сөйлемде қолданыла алмай, түбірге модификациялық тұлға жасауы олардың лексика-грамматикалық категория екендігінің негізгі белгісі болып табылады. Яғни кел, сөйле деген сияқты етістік түбірлер (негізгі я туынды), бір жағынан, сен кел, сен сөйле деген сияқты 2-жақ жекеше, анайы бұйрық рай тұлғасымен сырттай ұқсас келіп отырса, екінші жағынан, мен кел-мін, сөйле-мін немесе кел-ім, сөйле-м, сен кел-сің немесе кел-ің, сөйле-ң т.б. сияқты тікелей жіктеле алмайды, түбір күйінде басқа сөздермен грамматикалық карым-қатынасқа түсе алмайтындықтан, сөйлемде сол күйінде қолданыла да алмайтын болса, етіс және болымсыз етістік тұлғалы етістікке де дәл осы қасиеттер тән: келтір, сөйле-т, кел-ме, сөйле-ме дегендер, бір жағынан, сен кел-тір, сөйлет, сен кел-ме, сөйле-ме тәрізді 2-жақ бұйрық райдың жекеше, анайы тұлғасымен ұқсас келіп, екінші жағынан, мен келтір-мін, сөйлет-пін, келме-мін, сөйлеме-мін, сен келтір-сің, сөйлет-сің, келме-сің, сөйлеме-сің тәрізді жіктеле алмайды да, басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түсе алмай, сөйлемде сол күйінде қолданылмайды. Ал етістіктің салттылық-сабақтылық мәні жоғарыда көрсетілгендей, оның семантикалық сипаты болып саналады да, бұл категорияның жасалуында грамматикалық тұлғалар міндетті түрде қатыспайды, ол сабақты етістіктің тура объектісі табыс септік тұлғалы сөзді) қажет етуі сабақтылық мағынаны жасаудың тәсілі емес, керісінше, сабақтылық мағынаның салдары сол мағына болудың нәтижесі болып табылады: семантикалық сипаты басым болып, бірінші орында тұрады да, грамматикалық сипаты екінші орында қалады. Осы тұрғыдан келгенде, көптік, тәуелдік, септік жалғаулары түбір білдіретін грамматикалық заттық мағынаға ешбір нұқсан келтірмей, оған сан-мөлшерлік, немесе тәуелділік, немесе меншіктілік – объектілік сияқты мағыналар ғана үстеп, көбінесе оны сөйлемде басқа сөздермен байланыстыру, қарым-қатынасқа түсіру қызметін атқарады. Етістіктің рай, шақ тұлғалары да түбір білдіретін грамматикалық қимыл, іс-әрекет мағынасына ешбір өзгеріс енгізбей, сол қимылдың орындалуының мезгілін (шағын), ақиқатқа, шындыққа, болмысқа қатысын білдіріп, түбірдің грамматикалық сипатын, тұлғасын (2-жақ бұйрық рай тұлғасымен сәйкес келуін) өзгертіп, жіктеліп келіп басқа сөздермен қарым-қатынас жасаудың негізінде сөйлемде жұмсалуға негіз болады.
Морфологиялық сипаты жағынан грамматикалық категориялардың бір тобын, түбір семантикасына қандай да болсын әсер ететін түрлерін лексика-грамматикалық категория деп атап, екінші тобын, яғни түбір семантикасына ешбір әсер етпей, өзгертпей, оған қосымша мән үстейтін түрлерін таза грамматикалық категория деп бөліп көрсетудің осындай негізі бар. Осы тұрғыдан келгенде морфологиялық жағынан грамматикалық категориялардың күрделі екенін байқаймыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет