С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология


Етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар



бет53/97
Дата29.09.2023
өлшемі2,04 Mb.
#111873
түріОқулық
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   97
Байланысты:
исаев морфология

2.Етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар.
Етістіктен сын есім тудыратын негізгі жұрнақтар:
1.-ғақ, -гек, -қақ,-кек, -ақ, -ек: ұрыс-қақ, үрк-ек, қорқ-ақ, бөл-ек т.б.
2. –ық, -ік, -қ, -к: тол-ық, сын-ық, аш-ық, ақса-қ, сире-к, біт-ік т.б.
3.-ғыш, -гіш, -қыш, -кіш: біл-гіш, жаз-ғыш, көр-гіш, айт-қыш, бар-ғыш т.б.
4. –ғыр, -гір, -қыр, -кір: ұш-қыр, ал-ғыр, тап-қыр, біл-гір т.б.
5. –шақ, -шек: ұрын-шақ, жасқан-шақ, сүрін-шек, қызған-шақ, мақтан-шақ т.б.
6. –ыңқы, -іңкі, -ңқы, -ңкі: бас-ыңқы, көтер-іңкі, шаш-ыңқы, салбыра-ңқы т.б.
7. –ынды, -інді, -нды, -нді: жаса-нды, құра-нды, түй-інді, т.б.
8. –малы, -мелі, -балы, -белі, -пелі: көтер-мелі, таңда-малы, айнал-малы, жылжы-малы, ауыс-палы, көш-пелі т.б.
9. –ымды, -імді, -мды, -мді: жара-мды, шыда-мды, қон-ымды, келіс-імді т.б.
10. –аған, -еген: қаш-аған, сүз-еген, қаб-аған т.б.
11. –улы, -улі: қаңтар-улы, іл-улі, ая-улы, ас-улы т.б.
12. –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе: қыз-ба, бұра-ма, бас-па, боя-ма т.б.
Сын есім қатары адъективтену (сын есімге ауысу) процесі арқылы да толығып отырады. Мысалы, сүзеген, қабаған, тебеген, жанар (тау), құттықтау (сөз), т.б. қазіргі кезде етістік емес, сын есім деп танылады.
Грамматикалық, құрамдық сипаты жағынан сын есімдер көбіне негізгі түбір және шырай категориясын жасауға негіз болатын сөздер, қатыстық сын есімдер, туынды түбір (басқа сөз таптарынан жасалған) және шырай формаларын жалғамайтын сөздер болып келеді.
Сын есімнің түрлену жүйесі деп шырай тұлғаларын айтып жүр. Бірақ бұл – дұрыс емес. Түрлену жүйесі жағынан сын есім - түрленбейтін сөз табы. Ал шырай тұлғалары жалпы сын есімнің емес, оның бір ғана тобының – сапалық сын есімнің ғана лексика-грамматикалық категориясы.
Сапалық сын есімнің шырай категориясы
Шырай категориясы әдетте сын есімнің категориясы деп танылып жүр. Бірақ, біріншіден, сын есімнің бәрі бірдей, яғни сын есімге сөз табына жататын сөздердің барлығы шырай тұлғаларымен түрленбейді, шырай тұлғалары кез келген сын есімге жалғана бермейді. Мысалы, жақсы -жақсырақ -жап -жақсы-тым жақсы, үлкен-үлкендеу-үп-үлкен-аса үлкен, сары-сарылау-сап-сары-өте сары т.б. болса да, таулы дегеннен таулырақ, не тап-таулы, өте таулы деп, кешкі дегеннен кешкілеу не кеп-кешкі, аса кешкі деп, алғыр дегеннен алғырарақ не ап-алғыр деген сөз формаларын, шырай түрлерін жасауға болмайды. Яғни сын есімнің бір түрі-сапалық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғанып, шырай түрлерін жасауға болса, сын есімнің мағыналық тобының екінші тобы-қатыстық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғана алмайды да, одан шырай түрлері жасалмайды. Сонда шырай категориясы жалпы сын есімге емес, сын есімнің бір ғана семантикалық түрі - сапалық сын есімге ғана тән екен. Екіншіден, сын есім – қазақ тілінде түрленбейтін сөз табы. Яғни сын есім өзінің семантикалық (мағыналық), қызметтік ерекшелігі – зат атауының (зат есімнің) әр түрлі сапалық, сындық белгілерін, түр-түсін, бір сөзбен айтқанда, заттың әр түрлі белгісін білдіретін сөздер болғандықтан, сөйлеу процесінде осы мәнде негізінен зат есіммен тіркесіп қолданылатыны белгілі.
Кейде қимыл, іс-әрекеттің, процестің сын-қимылын, амалын білдіріп, етістікпен тіркесіп, кейде тіпті зат есімнің орнына субстантивтеніп жұмсалуы сын есімнің әдеттен тыс қолданылуы болып саналады. Сын есімнің әдеттегі қолданысында ол түбір тұлғасында тұрып, өзі анықтайтын зат есіммен (немесе заттанған сөзбен) тек орын тәртібі арқылы байланысып, синтетикалық түрлену тәсілінің оған ешбір қатысы болмайды. Мысалы, Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан (А). Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ (А.) Сұйықтау, қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді. (М.Ә.) Шымқай қызыл гүлдердің үлкеп шоғы бірден назар аударады (М. Иман-жанов). Желсіз түнде жарық ай. Сәулесі суда дірілдеп, Ауылдың маңы терең сай, тасыған өзен гүрілдеп (А). Берілген мысалда сын есімдер зат атауын анықтап, сұр деген бұлтты, түсі суық деген бұлтты, дымқыл деген тұманды, шоқпардай деген кекілді, сұйықтау және қоңыр деген шашты, шымқай қызыл деген гүлдерді, үлкен деген шоқты, желсіз деген түнді, жарық деген айды, терең деген сайды анықтап, атрибуттық қатынаста орын тәртібі арқылы байланыса қолданылған. Бұл мысалдан сын есімдердің, біріншіден, сапалық түрі болсын, қатыстық түрі болсын өзі анықтайтын сөзімен байланысында, сол сөзге қатысында, сол сөздің қандай тұлғада жұмсалуына бейтарап екенін, қызметі жағынан анықтауыштың, байланысу тәсілі жағынан таза орын тәртібі арқылы ерекшеленетінін байқау қиын емес. Екіншіден, сын есім түбір күйінде қолданылса да, шырай тұлғаларында қолданылса да, оның бұл грамматикалық тұлғалық көрсеткіші яғни шырай формасы зат есіммен грамматикалық байланысқа ешбір қатысы болмай, тек сол сын есімнің семантикалық сипатын, семантикалық реңдік мәнін айқындау, көрсету үшін қолданылғанын көреміз.
Мысалдағы грамматикалық сипаты жағынан сұйықтау шаш (сұйық деген сапалық сын есім – тау қосымшасы үстелу арқылы салыстырмалы шырай түрінде қолданылған) пен қоңыр шаштың арасында ешбір айырмашылық жоқ. Әрине, бұлардың (сын есімдердің) семантикалық ерекшеліктері яғни біреуінің сұйықтық-қоюлық жағынан сындық белгісі, екіншісінің түске байланысты мәнін білдіріп отырғаны ескеріліп отырған жоқ. Бұл жағынан келгенде, мысалы, орыс тіліндегі сын есіммен салыстырғанда, грамматикалық сипаты жағынан үлкен айырмашылығы бар. Орыс тілінде сын есім зат есіммен грамматикалық байланысқа түсіп тек жағынан (мысалы, большая школа - үлкен мектеп, болъшой институт - үлкен институт), жекешелік - көптік жағынан, септік түрленуі жағынан (у болъшой школы - үлкен мектептің, большому институту үлкен институтқа т.б.) бір тұлғада ғана түрленіп (согласование) қолданылады да, ол сын есімнің түрлену жүйесі деп танылады. Ал қазақ тіліндегі сын есімнің сипаты, жоғарыда көрсетілгендей, мүлде басқаша. Сондықтан да осындай грамматикалық сипатына қарап, сын есімді сан есім, үстеу сияқты түрленбейтін сөз табы деуге болады. Ал шырай тұлғалары жалпы сын есімнің сөз табы ретіндегі түрлену тұлғасы емес, бір ғана мағыналық тобының семантикалық сипатын көрсететін лексика-грамматикалық тұлғалану көрсеткіші болып табылады. Шырай категориясы затқа, құбылысқа байланысты біртектес, бір ыңғайлас сынның, сапалық, белгінің, түр-түстің т.б. сапалық сипаттың артық я кемін немесе тым артық я тым кем екенін білдіретін белгілі қосымшалар үстелу немесе басқа тәсілдердің жүйелі жолдары арқылы жасалатын сапалық сын есімнің парадигмалық түрі. Сондықтан шырай категориясы, біріншіден, жалпы сын есім атаулының емес, тек сапалық сын есімнің, екіншіден, таза грамматикалық емес, лексика-грамматикалық категориясы болып табылады. Өйткені жоғарыда көрсетілгендермен бірге, шырай қосымшалары сапалық сын есімдердің (сын есім түбірдің) семантикасына (жалпы грамматикалық мағынасына) өзгеріс енгізіп, қосымша реңк үстейді, семантикалық жағынан улкен мен үлкендеу, үп-үлкен, өте үлкен, биік пен биіктеу, біп-биік, күрең мен күреңдеу, күп-күрең т.б. бір емес.
Бұл жағынан (семантикалық) келгенде, сөз жоқ, шырай категориясы сапалық сын есімнің реңдік мәні немесе белгі реңінің бір көрінісі болып табылады. Айта кету керек, сөз табының реңдік мәні оның ерекше семантикалық түрі болып саналады да, грамматикалық немесе лексика-грамматикалық категориясы дәрежесіне жете алуы да, жете алмауы да мүмкін. Осы мәндес зат есімнің реңдік мәнді түрлері белгілі қосымшалар арқылы жасалатын тобы (әр түрлі эмоциялық-экспрессиялық мән үстейтін, сыйлау, қүрметтеу, еркелету, менсінбеу, кекету, қомсыну, кем түту т.б. мән үстейтін) болса да, зат есімнің жеке грамматикалық немесе лексика-грамматикалық категориясы болып таныла алмайды. Ал етістіктің модальділік сипаттағы түрлері бір емес, бірнеше грамматикалық категориясы (рай категориясы, және шақ категориясы т.б.) болып қалыптасқан. Ал модальдылықтың үшінші бір тобы (жекелеген сөздер арқылы, мысалы, көрінеді, болады, болмайды, шығар т.б.) көмекші етістіктер: айтатын көрінеді, сөйлеп болмайды және қосымшалар арқылы, мысалы, -сы-сі, -сын, -сін, -ымсыра, -імсіре т.б. жасалатын жеке сөздер де грамматикалық немесе лексика-грамматикалық категория дәрежесіне көтеріле алмады (танылмай жүр.) Сондықтан да сапалық сын есімнің реңк сынның я белгінің реңкі мәнді тобы толық грамматикалық лексика-грамматикалық категориясы бола алмай, оның белгінің реңкінің бір түрі шырай түрі ғана лексика-грамматикалық категориясы болып қалыптасқан. Сондықтан да сынның (сапаның) белгісінің артық я кемін, солғын я айқын сияқты т.б. дәрежелерін білдіргеннің бәрі шырай көрсеткіші деп танылып келсе, әсіресе ондай таным арнайы зерттеулерден берік орын алса да (М. -ҚШК), кейінгі еңбектерде оларды жаппай шырай категориясына енгізіп, шырай тұлғалары деп тани бермей, осы айтылғандай сипаттары зерттеушілерді ойландыруда, А.Ысқақов белгінің реңін және шырай категориясын бөле отырып, заттың белгісі, сипаты (түсі, түрі, сапасы, көлемі, аумағы, салмағы, сыры т.б.) біркелкі болмай, рең жағынан әр түрлі дәрежеде болатынын, демек, сипатының – я белгінің бір затга артық, бір затта кем болатынын білдіретін сын есім формалары шырай формалары деп аталады дейді. Заттың сындық белгілерінің бәсеңдік, солғындық реңдері мен мәндерін білдіретін формаларға -ғыл, (-қыл), (-қылт), -ғылт, -ғылтым (-қылтым), -ғыш, -ғана (-кене), -ілдер, -қай, -қан, -ақ (-ек), -шыл (-шіл) -шылтым (-шілтім), -ша (-ше) қосымшалары жатады", дей келіп, шырай категориясы түрлерін жасайтын қосымшаларға -рақ, -рек, -ырақ, -ірек, және -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу екі қосымшасынан басқа өнімсіз жұрнақтар ретінде -қыл, -кіл, -ғыл, -қылт, -ғылт, -тым, -шыл, -шіл, -қай, -ақ қосымшалары жататынын көрсетеді (Ы.А. -ҚҚТ, 192, 197). Яғни шырай формаларының қатарына -ша, -ше, -ақ -ек, -ғыш, -қана, -кене сияқты қосымшалар енбей қалған. Ал И.Маманов шырай категориясының тұлғалары деп бірді-екілі емес, сапалық сын есімнің баршасына да жалғана алатын, сөйтіп, сапалық сын есімнің кез келген шырай түрін жасай алатын қосымшаларды атайды.
„Қазақ тіліндегі сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшалардың ара жігін айыру үшін, олардың сөз мағынасын өзгерту, өзгертпеуі толық критерий бола алмайды. Сондықтан да форма тудырушы қосымшаларды сөз тудырушы қосымшалардан айырудың екінші бір басты белгісі – оның грамматикалық абстракция жасау қабілетіне сүйенген жөн. Былайша айтқанда, форма тудырушы қосымша бір сөз табына, не бір сөз табының бір тобына, тіпті кейбіреулері бірнеше сөз табына түгелдей жалғанады да, грамматикалық абстракция жасайды. Шырай формаларының морфемалары сын есімнің бір тобы сапалық сын есімдерді түгелдей қамтитын грамматикалық көрсеткіші болып саналады. Мысалы, жақсырақ, ақылдырақ, үлкендеу, тарлау т.б. Мұндағы -рақ, -рек, -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу қосымшалары сапалық сын есімдерге түгелдей жалғанады. Алғыш, -гіш, -ғылт, -шыл қосымшалары бірді-екілі сөздердің ғана құрамында кездеседі. Сонымен бірге ақшыл, сарғыш, сұрғылт, сөздерінің өзі шырай формасымен түрленеді. Мысалы, ақшылырақ, сарғыштау т.б. Жалпы тіл білімінің қағидасы бойынша, бір категорияға жататын грамматика-лық формалар бірінің үстіне бірі жалғанбайды. Бір септік жалғауының үстіне екінші септік жалғауы, бір есімше формасының үстіне екінші бір есімше жалғанатын -ғыш, -шыл, -ғылт қосымшалары шырай формасының грамматикалық көрсеткіші емес, олар сөз тудырушы қосымшаға жатады. Есімше, көсемше, рай және субстантив формаларының қосымшалары жалғанған сөздеріне грамматикалық мағына үстеумен қатар, барлық түрлеріне түгелдей жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды. (М. — ҚҚТЛТ, 49-50). Жол-жөнекей айта кету керек, ғалымның бұл позициясының тілдегі грамматикалық тұлғалардың мәнін анықтай түсуде ғылыми негізі бар мәнді дәлел екенін, көптеген грамматикалық құбылыстарды қайта қарап, қайта саралау керек екенін көрсете отырып, ғалым пікірінің екінші критерийіне байланысты тіл заңдары қатып-қалған, өзгермейтін қағида емес, белгілі бір құбылыстарға байланысты кейбір шарттылық та болып отыратындығын да ескерткен жөн екенін естен шығармауымыз керек. Етіс жұрнақтарының бірінің үстіне бірі жалғануы соның көрінісі, тілдік құбылыстың грамматикалық емес, лексикалық немесе лексика-семантикалық сипатының бір белгісі болу керек. Ал А Ысқақов шырай жұрнақтарының бірінен кейін бірі үстеліп әсіресе -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу жүрнағының қосыла жалғануын оғаш деп есептемейді (ЫА -ҚҚТ. 197).
Сапалық сын есімнің шырай категориясы мен реңдік мәнді топтары (түрлері) бір-біріне жақын тілдік құбылыс болғанымен, бірдей емес екенін көреміз. Сын есімнің реңдік мәнді түрлері зат есімнің реңдік мәнді түрлерімен (Ы.А. - ҚҚТ, 165-169) семантикалық (лексика-грамматикалық) сипаты жағынан сәйкес келеді. Зат есімнің де, сын есімнің де реңдік мәнді түрлерін жасайтын қосымшалар, бір жағынан, әдеттегі форма тудыратын парадигмалық жүйенің түрі болып табылатын қосымшалардан да, екінші жағынан, белгілі топқа жататын сөздерге түгел жаппай жалғана алмау сипаты жағынан, сөзжасам қосымшаларынан да, семантикалық сипаты яғни жаңа сөз, лексема тудыра алмау жағынан да ажыратылып, өзгеше топтағы қосымша екенін көрсетеді. Сондай-ақ сапалық және қатыстық сын есімдердің ара жігін ажыратуда да кейде қиындық туып отыратынын да ескерте кеткен жөн. Бұның өзі, ең алдымен, тілдің өзі, оның жекелеген элементтері қатып қалғап нәрсе емес, әр уақытта даму үстіндегі болып отыратын тілдік процесс, құбылыс екенін көрсетеді. Мысалы, қатыстық сын есімдер тұлғалық құрамы жағынан әдетте туынды түбірлер болып келеді де, оның мағынасы сол сөздің түбірі білдіретін мағынаға қатысты болады. Сын есімнің бұл түрі қатыстық деп аталуының мәні де осында жатыр. Бірақ ондай қатыстық мәндегі туынды түбір сөздердің біразы семантикалық өзгеріске үшыраудың салдарынан сапалық сипатты, мәнді біртіндеп білдіре бастаудың нәтижесінде сапалық сын есімге ауысады. Мысалы, толық, ашық, ақылды сияқты сындар толу, ашу қимылына, ақыл деген заттық ұғымға тікелей қатысты, солардан жасалған, бірақ сол қатыстық мәнді ғана білдірумен шектеліп қалмаған, екінші бір заттың сапалық сипатын білдіруге ауысқан, сондықтан да оларға шырай формалары жалғанып, шырай категориясы жасалады да, ол шырай категориясы сапалық сын есімнен жасалады: толық – толықтау – толығырақ – топ-толық – тым толық – ашық – ашықтау – ашығырақ-ап-ашық-өте ашық, ақылды-ақылдылау- ап-ақылды -өте ақылды т.б.
Сын (сапалық) есімнің шырай категориясы лексика-грамматикалық категория, жалпы сын есімнің түрлену жүйесі емес, сапалық сын есімнің семантикалық және грамматикалық тұлғалану сипаты болып табылады. Өйткені шырай қосымшалары түбірге (сапалық сын есімге) жалғанып, түбір білдіретін мағынаны өзгертіп жібере алмағанымен, оған сәл де болса өзгеріс енгізіп немесе қосымша реңк, мән үстеп отырады. Мысалы, қызыл мен қып-қызыл, үлкен мен үлкенірек, ащы мен ащылау семантикалық жағынан бірдей емес. Зат есімде үй-ді (салды), үй-дің (төбесі),үй-лер-дің (көрінді), етістікте (сөзді) айт-ып-ты, оқы-ған-мен т.б. сөздерде -ді табыс септік жалғауы: -дің ілік септік жалғауы, -лер көптік -ің тәуелдік және атау септік нөлдік тұлғалары үй деген сөздің жалпы грамматикалық мағынасына ешбір өзгеріс енгізбей (деректі зат атауы болып қалып отыр), оған тек қосымша тура объектілік, грамматикалық меншіктілік, көптік, 2-жаққа тәуелдік субъектілік мағыналар үстеген; етістікте де -ып көсемше жұрнағы, -ты 3-жақ жіктік жалғауы -ған есімше жұрнағы -мын 1-жақ жекеше жіктік жалғауды да айт, оқы қимыл, іс-әрекеттің мағынасына ешбір нұқсан келтірмей, өзгеріс енгізбей, сол жалпы грамматикалық (түбір білдіретін) мағынаның қимыл және сабақты мәннің үстіне шақтық, жақтық (жекешелік) мағыналарын үстеген. Ал айт-ыл-ма-ды, жүр-гіз-се-м дегенде, біріншіден, -ыл, -гіз қосымшалары түбірдің семантикасына өзгеріс енгізген: сабақты етістікті (айт) салт етістікке айналдырған (айтыл), салт етістікті (жүр) сабақты етістікке айналдырған (жүргіз), яғни түбір білдіретін жалпы қимыл, іс-әрекет өзгермегенмен, сабақтылық-салттылық сипаты өзгерген, екіншіден, қосымша мән үстелген: қимылдың субьект мен обьект арасындағы белгілі қатысты білдіру, сондай-ақ -ма (-ба) жұрнағы сол қимылдың (айту, жүру) болмайтынын білдіріп, түбір семантикасына өзгеріс енгізіп отыр, ал -ды, -се, -м қосымшалары (жедел өткен шақ, шартты рай, 1-жақ жекеше жіктік жалғауы) түбір семантикасына өзгеріс енгізбей тек қосымша шақтық, шарттылық, жекеше жақтық мағыналар үстелген. Осыдан көрінетіндей, шырай категориясының грамматикалық сипаты етістіктің сабақты-салт етістік, етіс болымсыз етістік категорияларына ұқсас келеді де, лексика-грамматикалық категория болып табылады. Шырай категориясының мәнін тану үшін А.Ысқақовтың мына пікірін келтіре кетейік: Сын есімнің шырай деп аталатын категориясының мазмұны да, формасы да әлденеше заттың (әр түрлі я біркелкі белгілерін емес) біркелкі белгілерінің өзара айырмашылықтарын демек, сол біркелкі белгілердің бір-бірінен я артық, я кем екендігін анықтау арқылы туады. Екінші сөзбен айтқанда, біреуі ақ, біреуі қызыл, біреуі қара, біреуі сары, біреуі қоңыр, біреуі көк түсті нәрселерді немесе біреуі үлкен, біреуі кіші, біреуі тік, біреуі сопақ, біреуі тік нәрселерді (дұрысында түстер мен сындық белгілерді) (-И.С.) салыстырудан шырай категориясы тумайды. Шырай категориясы я бірыңғай ақ, я бірыңғай қызыл, я бірыңғай қара, я бірыңғай сары, я бірыңғай қоңыр, көк түсті әлденеше (кемі екі) заттардың реңдеріндегі ерекшеліктерді немесе бірыңғай үлкен, я бірыңғай кіші делініп танылған әлденеше заттардың көлем-аумақтарындағы артық, я кемдік дәрежелерін өзара салыстыру арқылы туады. Әрине, ондай реңдер мен дәрежелер сан жағынан да, сапа жағынан да салыстырылады. Өйткені біркелкі белгінің осындай сандық я сапалық айырмашылықтары, сайып келгенде, шырайларды бір-бірінен айыратын өлшеу де, тірек те, негіз де болып саналады (ЫА -ҚҚТ, 196).
Солай бола тұрса да, шырай қосымшалары сияқты оның түрлері туралы да қазақ тіл білімінде бірыңғай пікір жоқ. Ең алдымен, бірден көзге түсетін ерекшелік-грамматикалар мен оқу құралдарында шырай түрлерін жасауға негіз болатын тұлға деп көрсетілетін жай шырай түрін жеке шырай деп бөліп көрсетеді. Тек шырай түрлеріне негіз болатын, ал өзі шырай түрлеріне мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да оппозициялық қатар құрай алмайтын, сөйтіп, басқа түрлермен тепе-тең парадигмалық жүйе жасай алмайтын тұлға ол категорияның ішіне, шеңберіне кіре алмайды. Дәл осындай жағдай етіс категориясындағы негізгі етіс деген ұғымға да қатысты. Сөйтіп, бұл жерде жай шырай деген ұғым сапалық сын есім деген ұғыммен барабар, ал жай шырай дегеннің ондай қасиеті бұл еңбектерде ашық көрсетіледі: заттың белгісін, түсін (түрін), сапасын, көлемін, салмағын, аумағын, тағы басқа сондай негізгі сын-сипаттарын білдіретін сапалық сын есім жай шырай болып есептеледі (ЫА. ҚҚТ, 196). Сонда сапалық сын есім тұлғасы мен жай шырай деген ұғым бір болса, ол бір ұғымды, біріншіден, екі түрлі атағаннан не ұтамыз? Екіншіден, категориялық түрлену тұлғаларына негіз болатын тұлға (сапалық сын есім деген ұғым да, тұлға да ол категорияға (шырай түріне) енбейді. Мысалы, тәуелдік категориясына негіз болатын тұлға – зат есімнің түбірі. Бірақ зат есімнің түбірі тәуелдіктің ішінде бір түрі болып саналмайды. Осы ерекшелік академиялық грамматикада алғаш рет дұрыс көрсетілген: „Мектеп грамматикаларында жай шырай сын есімнің басқа шырай формаларын жасаудағы негіз, таяныш тұлға болатынын көрсету үшін беріледі. Бірақ бұл атау формада ешбір салыстыру жоқ, ендеше шырай емес, ақ, қызыл, сары, дегендерде бұл күйінде шырай мағынасы жоқ. (ҚТГ, І, 85). Оның үстіне ешбір грамматикалық тұлғасыз-ақ аналитикалық тәсіл арқылы да кейде шырай (салыстырмалы шырай) мәнін жасауға, білдіруге болады. Атап айтқанда, субъект (атау септіктегі сөз) пен салыстырылатын зат, заттық ұғымды сөз, сөз тіркесі, кейде жіктеу есімдігі шығыс септікте немесе шығыс септік пен гөрі шылауы тіркесіп, я көмектес септікте салыстырғанда немесе барыс септікте қарағанда сияқты сөздермен тіркесіп, сапалық сын есім анықтауыш қызметімен бірге көбіне предикат қызметінде қолданылады: Саған жар менен артық табылса да (А). Ескі қалаға қарағанда бұл ауданның үйлері биік. Бұрынғы құрылыстармен салыстырғанда жаңа құрылыстың ірге тасы да, қабырғасы да мықты т.б. Академиялық грамматикада бұл – салыстырмалы шырайдың аналитикалық жолмен жасалатын бір түрі ретінде беріледі (ҚТГ, І, 86) Бұл – бір. Екіншіден, басқа шырай түрлері жайында да бір ортақ пікір жоқ.
Жоғарыда талданғандай жай шырай дегенді есептемегенде, бір оқулықтарда екі түрі салыстырмалы және күшейтпелі шырайлар (Қ.ЫА. -ҚТГ, 117-118, И, Н, -КТ) енді біреуінде үш түрлі салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай және асырмалы шырай (ЫА. -ҚҚТ, 196-197), тағы біреуінде төрт түрі салыстырмалы шырай, бәсең я шағын шырай, күшейтпелі шырай және асырмалы шырай (ҚТГ, І, 86-90), тіпті кейбір зерттеулерде одан да көп түрі беріледі (М-ҚШК).
Күшейтпелі және (асырмалы деп аталатын шырай түрлерін біріктіріп қарайтын болсақ) асырмалы деп жүрген шырай түрі де күшейтпелі мәнді білдіреді: өте жақсы -жап-жақсы, аса биік-біп-биік т.б.), шырайдың сапалық сын есімнің лексика-грамматикалық категориясы ретінде екі-ақ түрін көрсетуге болады: салыстырмалы шырай және күшейтпелі шырай.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет