С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология


Сөздің ішкі мағыналық және сыртқы дыбыстық жағы



бет3/97
Дата02.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#64523
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   97
Байланысты:
ЛЕКЦИЯға

Сөздің ішкі мағыналық және сыртқы дыбыстық жағы
Тілдегі ең кіші мағыналы бөлшек - сөз. Сондықтан сөз белгілі бір ұғымды, яғни белгілі бір заттың атын немесе сынның, сапаның белгісін, санды, әр түрлі әрекет-құбылысты, қимылды т.б. білдіреді. Сондықтан сөз туралы әңгіме болғанда, ең алдымен, сол сөз білдіретін мағына, яғни сөздің ішкі сипаты, мазмұны қоса жүреді. Рас, морфеманың кейбір түрі, мысалы, түбір морфеманы мағыналы бөлшек дейміз.
Түбір морфема мәселесіне қазақ тілі (сондай-ақ түркі тілдері) тұрғысынан келсек, түбір белгілі бір мағынаны білдірумен байланысты. Бұл жағынан түбір деген ұғым мен сөз деген ұғымдар сайма-сай келеді де, сөз деген ұғымға енетін туынды түбір дегендер ғана одан өзгеше болады. Сондықтан да түбір жеке сөздің баламасы ретінде ешбір түрленусіз түбір күйінде тілде қолданыла алады. Мысалы, Зеңбірек снарядтары суға үсті-үстіне түсіп, аспанға шапшыған судан күміс бағаналар орната бастады (Ғ.Мүсірепов). Ызғырық, суык, сұр бұлт аспанды тегіс қаптаған (Б.Майлин). Төрт бөлмелі тас үй салқын да жайлы (Ғ.Мүсірепов).
Берілген сөйлемдердегі күміс, сұр, төрт, тас деген сөздер түбір күйінде қолданылған, яғни олар - әрі түбір, әрі сөз. Бірақ түбір деген ұғымға қазіргі кезде ешбір мәнге ие бола алмайтын не жеке қолданыла алмайтын өлі түбірлер де енеді. Мысалы, оян, оят, баданадай, алпамсадай, момын, момақан, шалқақ, шалқалау т.б. сияқты сөздердің түбірі, сөз жоқ, оя, бадана, алпамса (я алып), мом, шалқа екенін бір түбірден өрбіген түбірлес сөздер де көрсетіп тұр. Бірақ бұлар қазір тілімізде түбір күйінде қолданылмайды, жеке тұрып ешбір мағына да білдіре алмайды.
Сөйтіп, түбірлік қасиет қазіргі түрғыдан келгенде жоқ я жойылып кеткен. Бірақ бұндай сөздерге салыстырмалы-тарихи талдау жасасақ, қатар тұрған түбірлес сөздердің өзі-ақ көрсетіп тұрғандай, берілген сөздердің өздері негізгі түбір емес екенін байқаймыз. Осы жағынан келгенде, түбір деген ұғымның өзін әрі айқындап, әрі шектеп алудың мәні ерекше сияқты. Яғни түбірдің ең басты белгісі, ерекшелігі не дегенге нақты, дәл жауап беруіміз керек. Әдеттегі беріліп жүрген анықтамаға сәйкес олар мынадай: 1) сөздің ең кіші мәнді бөлшегі, 2) қосымша морфемалар үстелу арқылы жаңа сөз немесе сөз тұлғасын жасауға негіз болатын бөлшегі. Ал өз бетімен сол қалпында (түбір күйінде) сөйлемде қолданылуы түбірдің өз ішінен туындайтын қолданыстық қасиеті емес, ол түбірдің жеке тұрғанда да белгілі мағынаны білдіруімен байланысты. Ол мағына (мән) лексикалық мағына болып табылады. Сондықтан да ол мән түбірде ол жеке тұрғанда да болуы керек. Түбір сол түлғасында екінші сөзбен байланысқа түсіп, сөйлем ішінде қолданылғанда, оған қосымша грамматикалық яғни екі сөздің байланысы нәтижесінде туатын мәні де үстелуі мүмкін. Айталық, жоғарыда берілген сөйлемдердегі күміс (нақты зат атауынан басқа, бағаналардың неден жасалғаңдығын, заттан гөрі нақты затқа қатыстығын), тас нақты зат атауынан басқа, үйдің неден салынғандығын, затқа қатыстығын білдіріп, түбір білдіретін мағынаның үстіне жаңа қосымша қатыстық мағына қоса білдірсе, сұр (жалпы түсті білдіру нақты бұлттың түсін білдіруге ауысуы), төрт (үй бөлмелерінің нақты санын білдіру) түбір қалпында қолданылу сипаты біркелкі емес. Осы талдаудан көрінетіндей, сұр, төрт сөздерінің түбірлік тұлғасы мен білдіретін мағынасы, сөйлемдегі қызметі арасында алшақтық көрінбейді (бұл екеуі де зат атауы мен тіркесіп – бұлт және бөлме [лі] үй, анықтауыштық қатынаста жұмсалған), ал күміс пен тас сөздерінің тұлғасы мен білдіретін мағынасы және сөйлемдегі қызметі арасындағы қатынас бұзылып жаңа сипатқа ие болған: нақты зат атауын білдіретін сөздер (күміс, тас) екінші бір зат атауын білдіретін сөзбен таза аналитикалық сипатта байланысқа түскенде қосымша мәнге ие болып (енді нақты зат атауын білдіруден сол затқа қатыстылық мәнді білдіріп яғни бұл екінші заттың жасалу тегін, қатысын білдіріп) жаңа синтаксистік қызметке ие болады: атрибуттық-анықтауыштық қатынаста жұмсалады. Зат есімдердің түбір тұлғада кейбір шылаулармен тіркесіп келіп (бұл сияқты зат есімнің түбір тұлғасы оның осыған сырттай ғана ұқсас атау септік немесе предикат мәнінде – баяндауыш қызметінде 3-жақ жіктік жалғау, я тіпті ілік, табыс септіктердің жасырын, түсіп қалған тұлғасымен бір емес бөлек-бөлек грамматикалық тұлғалар екенін ашық айту керек) себеп-салдарлық, мақсаттық, мезгілдік-мекендік т.б. мәнде және соған сай әр түрлі синтаксистік қызметте жұмсалуы да зат есім түбірдің өзіндік ерекшелігі бар екенін көрсетеді.
Осы сияқты өзіндік ерекшелік етістік түбірден де байқалады: етістік түбір лексикалық мағынаны білдіргенмен, тікелей сол қалпында жіктелмейді, түбір қалпында сөйлемде қолданылмайды. Бірақ соған қарамастан зат есім болсын, етістік болсын, басқа сөз табы болсын олардың ортақ грамматикалық қасиеттері арқылы жоғарыдағы талапқа, критерийге сай ортақ түбір деген ұғымды бөліп көрсетуге болады. Оның үстіне тілдің бірқалыпта тұрмай, өзгеріске түсіп, дамып отыратынын ескерсек, түбір ұғымының кейбір шарттылығын да байқаймыз. Қазіргі тілімізде жеке тұрып ешбір мән білдіре алмаса да, осы қалпында сөйлемде қолданыла алмаса да, ол сөздердің оя, бадана, алпамса алып), мом, шалқа я болмаса кейбір дыбыстық өзгерістері бар түбірлер болғанын аңдай аламыз. Сондықтан да оларды өлі түбір дейміз. Ал басқа тілдерде, мысалы, орыс тілінде, түбір әр уақытта мағыналы бола бермейді, жеке тұрғанда ешбір мәнді, ұғымды білдіре алмайды. Мысалы, прочитать (оқып шығу) деген сөздің түбірі - чит, про - приставка, ать - жұрнақ, бұндағы чит бөлшегі жеке тұрып ешбір мәнге ие емес. Сондай-ақ тілімізде өте сирек болса да, сөз бен дыбыстың да сәйкестігі кездеседі. Мысалы, у (Мен ішпеген у бар ма?(- Абай), и (басыңды и) тәрізді сөздер бір-бір дифтонг дыбыстан тұр. Осыған қарап кейде жеке дыбыстар да мәнді болады, мағына білдіре алады деп тұжырым жасауға бола ма? Әрине, жоқ. Сондықтан әр уақытта белгілі бір ұғымды білдіре алатын, тілдің ең кіші мағыналы бөлшегі сөз болып табылады. Бұл - сөздің басты және тұрақты лексика-семантикалық және грамматикалық қасиеті.
Сөздің белгілі бір мағынаны, ұғымды білдіруі оның ішкі мазмұны болса, сөз белгілі бір дыбыстар жиынтығынан тұратындықтан, оның сыртқы дыбыстық жағы да бар. Кез келген сөз белгілі бір дыбыстар жиынтығынан, демек, дыбыстық кешеннен тұрады.
Т Мысалы, бала деген сөз төрт дыбыстан тұрады, оның бірі (а) екі рет қайталанған, келмеген 8 дыбыстан тұрады, оның бірі (е) үш рет қайталанған. Ол түсінікті. Сонымен бірге сөздің ішкі мағыналық жағы мен сыртқы дыбыстық жағы арасында байланыс бар ма, болса, оның сипаты қандай деген заңды сұрақ туады.
Сөздің ішкі мағыналық жағы мен сыртқы дыбыстық жағы арасында, әрине, байланыс бар. Егер олардың арасында ешбір байланыс болмаса, кез келген дыбыстар жиынтығы сөз бола берер еді ғой, жаңағы бала, келмеген деген сөздер белгілі дыбыстар жиынтығынан және ол дыбыстардың белгілі бір тәртіппен орналасуынан жасалып тұр. Ондағы дыбыстарды абла немесе лаба немесе лбаа, т.б. етіп қосқаннан сөз жасалмайды. Бұның өзі лексикалық единица ретіндегі сөз, оның білдіретін мағынасы мен сыртқы дыбыстық қабыршағы арасында белгілі бір байланыс бар екенін көрсетеді. Бірақ ол байланыс – табиғи байланыс емес. Өйткені дыбыстар жеке тұрғанда, ешбір мәнге ие бола алмайды: б, а, л, а дегеннің әрқайсысынан ешбір мән туып тұрған жоқ. Тілімізде біркелкі дыбыстар жиынтығынан түратын, тіпті бірдей дыбысталатын сөздердің мағыналары әр уақытта бірдей бола бермеуі, лексикалық омонимдер – осының дәлелі. Мысалы, қара дегенге қарама-қайшы түсті білдіретін 1) ақ (ақ шәйі орамал) және адал, кінәсіз, жазықсыз деген мағыналардағы, 2) ақ (Ынсапсызға не керек істің ақ пен қарасы ( - Абай) сөздері мен малдың сүті және сол сүттен жасалған айран, қатық, қымыз сияқты тағамдар мәніндегі, 3) ақ (ақ ішіп оңалып) сөзі мен жоқ болу, суалу деген мәндегі, 4) ақ болып кету сөзі, шындық ақиқат, хақ мәніндегі, 5) ақ (ақ өлім немесе ақ сөйле), судың арнасымен жылжуы мәніндегі, 6) ақ (судай ақ) сөздерінің (ҚТТС, І, 126-137) дыбыстық құрамында, айтылуында бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ. Соған қарамастан яғни қаншалықты бірдей дыбыстардан тұрып, бірдей айтылғанмен әрқайсысы бір-біріне байланыссыз, кейде байланысты (көп мағыналық негіздегі омоним болса) әр түрлі мағынаны білдіреді. Сондай-ақ қорек, тағам, тамақ мәніндегі І. ас (ас адамның арқауы), тамақ пісіру, әзірлеу мәніндегі, 2. ас (ет ас), бір жерден екінші жерге қарай өту, өрлеу мәніндегі, 3. ас (таудан ас), т.б. сөздер де (ҚТТС, І, 365-367) дәл осындай. Бұл сияқты омоним сөздерді көптеп келтіруге болады. Бұның өзі сөз білдіретін мағына оны сөзді құрайтын сыртқы дыбыстар мәнінен туындамайтынын көрсетеді. Жекелеген дыбыстар ешбір мәнді білдіре алмайды.
Демек, сөздің ішкі мағыналық жағы мен оның сыртқы дыбыстық жағы арасындағы байланыс табиғи емес, тарихи қалыптасқан дәстүрлі байланыс болып табылады. Басқаша айтқанда, жекелеген дыбыстардан тұратын, қалыптасқан дыбыстық кешен жеке-жеке бір тілдік единица ретінде белгілі бір ұғымды білдіретін болған. Міне, ол ұғым – сол сөздің мағынасы.
Сөздің мағынасы әр түрлі болады. Сөздің жеке тұрғанда да белгілі бір ұғымның аты ретінде танылатын нақты мағынасы да, одан туындайтын әр түрлі ауыс, келтіріңді мағынасы да, сөйлеу процесінде неше түрлі тұлғалар қосылуының нәтижесінде пайда болатын немесе басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу арқылы туатын сан салалы жалпы мағыналары да болады.
Әрине, ол мағына түрлерінің бір-бірімен байланысы, жалғастылығы болумен қатар бір-бірінен айырмашылықтары, өзгешеліктері де болады. Ең алдымен, сөз білдіре алатын мағынаны екі түрге бөліп жүрміз: лексикалық мағына және грамматикалық мағына.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет