Сақ мәдениетінің аң стилі негізінде қалыптасқан өнерінің дүниетанымдық түсініктермен байланысы. Қазақ даласындағы сақ қорғандарын қазу барысында табылған құнды жәдігерлер ертедегі көшпенділердің «аңдық стиль»
Байланысты: Сақ мәдениетінің аң стилі негізінде қалыптасқан өнерінің дүниетанымдық түсініктермен байланысы
Сақ мәдениетінің аң стилі негізінде қалыптасқан өнерінің дүниетанымдық түсініктермен байланысы. Қазақ даласындағы сақ қорғандарын қазу барысында табылған құнды жәдігерлер ертедегі көшпенділердің «аңдық стиль» үлгісіндегі туындыларын танып білуге үлкен мүмкіндік туғызды. Кейбір деректерге сүйенсек, сақ тайпаларының әр жерде орналасуының бірден бір себебі көшпенділердің қозғалысқа өте бейімдігімен түсіндіреді. Демек, осы уақытқа дейін жеткен мәліметтерге сүйенсек, сақтар мал шаруашылығы жайылымына қолайлы өңір ретінде Тәңіртаудың солтүстік етегін мекендесе, ал грек тарихшысы Геродоттың пайымдаулары бойынша Тарбағатай мен Алтай тауларында тиграхауда сақтары яғни шошақ бөріктілер тіршілік еткен делінген. Демек, тиграхауда сақтарынан бастау алған өнердің жалпы стилистикасы Жетісу өңірін мекен еткен сақтардың стилімен ұқсас келгендіктен жалпылама «аң стилі» деген даму генезисі қалыптасқандығын көруге болады. Қазіргі уақытқа жеткен жануарлардың бейнесін біз адамзат тарихының ең ерте кезеңінен-ақ білгенімізбен, аң стилін ерте темір дәуіріндегі алғашқы далалық мемлекеттер дәуірінің мұрасы ретінде еш нәрсемен салыстыру мүмкін еместігіне көзіміз жетті.
Ғалымдардың пайымдауынша ерте қола дәуіріндегі сақ тайпаларында зооморфтық этно-әлеуметтік стильдің пайда болуы үшін сол заманның өзінде барынша жағдай қалыптасқан екен. Оларды жасауда өз кезеңінде дамыған технологияны қолданғаны, сондай-ақ ою-өрнек үлгілерін жасау үшін пайдаланатын құрылғылары қалыптасқандығын осы уақытқа дейін жеткен заттай құндылықтардан көруге болады. Демек, ерте темір дәуірінен бастау алған аңдық стильдегі әшекейлер қоғам өміріне қарай бейімделіп, аспан әлемі мен жер әлемі арасындағы мифологиялық дүниетанымның бірсыпыра әлементтерін бейнеледі. Сақ кезеңіндегі аң бейнелері үштік әлем (яғни құс, тұяқты жануарлар, жыртқыш) мен тіршілік арасындағы сабақтастық идеяны тудыру негізінде қалыптаса керек. Сондай-ақ аң стилі өз кезеңіндегі өрнектердің алдыңғы қатарында болды.
Ендеше, VII-VIII ғасырларда қалыптасқан «аң стилі» сақ өнеріне тән туындылардың шоғырын қалыптастырды. Олар: жыртқыш аң, мүйізі шиыршықталған арқар, төрт тұяғымен тіреп тұратын тұяқты жануарлар, жыртқыш құс, гриф немесе құлағы ұзын грифон, мүйізі ағаш бұтақтар түріндегі бұғылар және мүйізі арқасына дейін жайылған қырынан жатқан тау ешкілер бейнелері еді. Демек, ағаш пен сүйекті ою арқылы «аң стиліне» тән кескіндемелерді жасағаны белгілі болды. Кейбір мәліметтерге назар аударсақ, аң стиліне тән зергерлік бұйымдардың бірсыпырасы Шілікті қорымынан табылғаны баршаға аян. Бұл тоналған қорған болса да, осы жерден табылған кейбір алтын әшекейлер зергерлік техниканың әртүрлілігімен таң қалдырады дейді ғалымдар. Деректерге назар аударсақ, күн символы мен тірі және өлі табиғат туралы дүниетанымдық түсінік барша сақ әлеміне тән дүние екендігі белгілі болды. Ендеше, бұғының мүйізін өмір ағашымен байланыстырса, шеңбер тәрізді шиыршықталған мүйізді арқарды өсіп өну культімен өрбіткен.
1969-70 жылдары Есік қорғанынан тоналмай табылған сақ ханзадасының
қабірінен төрт мыңнан астам алтын тоғалар мен жапсырмалардың басым көпшілігі аңдық стильде жасалғандығын ғалымдар мен археологтар өз еңбектерінде көрсетіп жүр. Демек, алтынды өндеу мен аң стиліндегі тоғаларды жасаудағы сақ өнерінің өзіндік ерекше туындыларын әлемге паш етуге үлкен мүмкіндік туды десек қателеспейміз. Тек бас киімінің өзінде жүз елуге жуық алтын тоғалар болса олардың басым бөлігі аңдық стильде жасалған. Мәселен, бас киімдегі қос жебе түріндегі әшекей, геометриялық пішіндегі тіліктер, тік қарғыған аттың жарты бөлігі түріндегі тіліктер, тау шыңдары бейнесіндегі тіліктер, арыстанның бет-әлпеті түріндегі қапсырма, таутеке мүйізді қанатты аттардың мүсіндері, тау шыңындағы барыс түріндегі қапсырмалар, таутеке бейнелі әшекейлер, барыс бейнесіндегі қапсырмалар, құстың кіші қанаты түріндегі тіліктер, тік тақтайшалар арасындағы жолбарыстың басы түріндегі қапсырмаларды айта кеткен жөн.
Жалпы сақ ата-бабаларымыздан жеткен аңдық стильдерді қазіргі таңда қазақ халқының қолөнер шеберлері күнделікті тұрмыстық бұйымдарға, сән әлемінде ұтымды әрі жаңаша бағытта қолданып жүр. Дегенмен, сонау сақ кезеңінен бастау алған композициялық туындылар өз кезегінде заманауи үйлесімділікке ие болып жандана түсуде. Демек, өрнектердің композициялық орналасуындағы тұрақтылық пен жүйелік әдістер адамзат пен әлем арасындағы тылсым күштің, рухтың жақындығын, тәңірге табынушылықтан туындаған дүниетанымдық көзқарастарды көрсететін керемет дүниелер сонау сақ заманынан жеткен аңдық стильдің бір тармақшалары болып табылады. Бізге жеткен мәліметтерге қарасақ, ою-өрнектің мазмұндық ерекшеліктері символы, дүниені тану, салт-дәстүр, наным-сенімнен туындаса, ал сондағы бояу түсінің идеялық мазмұны, эмоциялық әсері адамның ішкі жан дүниесін көрсетсе керек. Сондай-ақ ат әбзелдеріндегі ерекше қолөнер туындылары сақ кезеңінен бастау алған жылқыға деген ерекше құрмет пен пір тұту, серік ету сияқты дүниетанымдық көзқарастардан басталған. Мәселен, ердің қасына салынған аңдық және геометриялық ою-өрнектер салу, өсіп-өну, құт береке, байлық нышандарымен тығыз байланысты екендігі белгілі.
Қорыта келе, сақ дәуірінен бастау алған «аңдық стиль» қазіргі таңда жалғасын тауып ата-бабаларымыздан жеткен өнер туындылары жанадана түсуде, бұл дегеніміз өнердің ешқашан өшпейтінін, заман талабына сай көркейіп, дамып, жетіле түсетіндігін көрсетеді. Демек, сақ өнерінің жауһарлары қаншама уақыт өтсе де, өз миссиясын жоғалпағандығын меңзейді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Акишев К.А. Новые художественные бронзовые изделия сакского времени // Прошлое Казахстана по археологическим источникам. – Алма-Ата, 1976. 183-195 бб.
2. Акишев К.А. Искусство и мифология саков. – Алма-Ата, 1984.