Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.
Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім.
Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.
“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз.
Ұстаз деген – шәкірттердің айнасы. Ұстаз мамандық әлеміндегі ең ғажайып мамандық. Көзі жаудырап алдында отырған шәкірттер ертеңгі ел басқаратын, ғылымның тылсым сырын ашатын, қоңыр даланың ғарышқа самғайтын немесе ақылдың нұрымен суарып кітап жазатын еліңнің ертеңгі қожалары емес пе!