«Ақтау теңіз порты» АЭА 2002 жылдың 26 сәуірінде Президенттің Жарлығымен «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Құрудағы басты мақсат:
қолайлы инвестициялық климатты құру және экспортқа бағдарланған инвестициялық жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік инвестицияларды тарту;
аймақтың экономикасында импортты алмастыру үшін заманауи өндіріс пен инновациялық технологияларды жедел дамыту;
жаңа жұмыс орындарын құру және жергілікті қызметкерлердің біліктілігін арттыру.
«Ақтау теңіз порты» АЭА 6 субаймақтан және жағалау аймағынан тұрады, жалпы аймағы — 2000 гектар. Қазіргі таңда, аймақта 17 жоба жүзеге асты. Тағы да 9 жоба іске қосылуы тиіс. АЭА-та 1400 жаңа жұмыс орны ашылған. 98 млрд теңгелік инвестиция тартылды.
АЭА қатысушыларына жер телiмдерi 2028 жылға дейін беріледі.
«Оңтүстік» АЭА Жеңіл, химия, мұнай-химия өнеркәсіптері бойынша жобаларды іске асыруға бағытталған «Оңтүстік» АЭА 2005 жылдың 6 шілдесінен бастап құрылды. Бұл Түркістан облысы, Сайрам ауданында орналасқан АЭА-тың мақсаты:
тиімділігі жоғары, жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістерді қоса алғанда, өнімнің жаңа түрлерін дамыту, инвестицияларды тарту;
нарықтық қатынастардың құқықтық нормаларын жетілдіру, заманауи басқару мен басқару әдістерін енгізу;
әлеуметтік мәселелерді шешу;
мақта өңдеу, тоқыма және тігін өнеркәсібі кәсіпорындарын дамыту.
Ауданы 200 гектарды құрайтын «Оңтүстік» АЭА-да барлығы 1396 жұмыс орны бар. 29,5 млрд теңгеге инвестиция тартылды. 2019 жылы «ATLAS Company» ЖШС, «B.A.E.R» ЖШС, «Назар — текстиль» ЖШС, «Kaz Biotech Group» ЖШС жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Қызметін 2030 жылы тоқтататын АЭА-та 12 жоба толық іске қосылды.
«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА ҚР Президенті 2007 жылдың 19 желтоқсанында жалпы ауданы 3475,9 га құрайтын «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА құру туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа АЭА Атырау облысында бой көтерді.
Негізі мақсаты:
көмірсутек шикізатын тереңдете өңдеу,
кеңінен бәсекеге қабілетті мұнай-химия өнімін шығару жөніндегі әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өндірістерін құру мен дамыту жөнінде серпінді инвестициялық жобаларды әзірлеу және іске асыру.
Қазіргі таңда, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА-да 16 қатысушы бар. Ал АЭА жұмысын 2032 жылы тоқтатады.