Қос жарнақты тұқымның құрылысы. Қос жарнақты тұқымның мысалы ретінде үрмебұршақ (фасоль) тұқымын қарастырайық (1-сурет). Тұқымның қабығы (қауызы), жарнағы және ұрығы болады. Үрмебұршақ тұқымының пішіні бүйрекке ұқсайды. Оның ойыс жағында жеміске бекінген жерін тұқым кіндігі дейді. Тұқым кіндігінен тұқымның ішіне ауа, су кіреді.
1-сурет. Үрмебұршақ тұқымының құрылысы (ұзынынан қақ жарылған).
Тұқым қабығы (қауызы) қалың, тығыз, сырты тегіс жылтыр, түрлі түсті. Қабығы тұқымды кеуіп кетуден, мезгілсіз өнуден, зақымданудан, шіруден сақтайды.
Қабығын сылып алса (суға жібіген тұқымда тез сылынады), ішінен екі тұқым жарнағы көрінеді. Тұқымда екі тұқым жарнағы бар өсімдіктер қос жарнақтылар деп аталады. Қос жарнақтыларда (күнбағыс, қауын, қарбыз, асқабақ, қияр және т. б.) ұрыққа қорек болатын заттар жарнақта жиналады. Жарнақты ұзынынан екіге жарса, бір ұшында жабысып тұрған ұрығы болады.
Ұрық – алғашқы тамырша, алғашқы сабақша және бүршікшеден тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |