М.Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан
мемлекеттік университеті
№1 Тәжірибелік сабақ
Тақырыбы: «Әдебиеттік оқу» пәнінің мақсат, міндеттері, мазмұны»
Орындаған: Бельгибаева А.А.
Тексерген: Мухаметжановна И.А.
2020-2021 оқу жылы
1-тақырып: «Әдебиеттік оқу» пәнінің мақсат, міндеттері, мазмұны.
Дайындық сұрақтары:
«Әдебиеттік оқу» пәнінің мақсат, міндеттері.
«Әдебиеттік оқу» пәнінің мазмұны, әдістемесі.
«Әдебиеттік оқу» пәні – ұлттық рух пен зиялылықты қалыптастыратын ғылым саласы. Бастауыш сыныптардан бастап, өзінің ана тілі мен әдебиетімен терең сусындап, рухани дамудың бастау бұлағы болатын бұл пәннің атқарар міндеті мен жауапкершілігі жоғары екендігі әрбір бастауыш сынып мұғалімі үшін ақиқат.
«Білім негізі бастауышта» сондықтан оқушылардың функционалдық сауаттылығының іргетасы бастауыш мектепте қаланады. Оқушылардың дұрыс оқуы әдебиеттік оқу сабағында қадағаланып, жоғары дәрежесіне дейін жетеді. Сонымен қатар өздеріне ұсынылып отырған балалар әдебиетінің жақсы шығармаларын оқу арқылы оқушылар сөйлеу мәдениеті мен тәртібін, салауатты өмір салтын, жеке бас гигиенасын, отандық және әлемдік мәдениетті түсінеді, меңгереді. Стандарт бойынша бастауыш білім мазмұнын айқындауда жаңа ұстанымдар басшылыққа алынып отыр.
«Әдебиеттік оқу» пәні 2-сыныптан басталады. Көбіне оқулықтар екі бөлімнен тұрады. Оқулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен бастауыш білім деңгейінің 2-4 сыныптарына арналған «Әдебиеттік оқу» пәнінің жаңартылған мазмұндағы Типтік оқу бағдарламасына сәйкес дайындалады. Пәнді оқытуда суретпен жұмыс, шығармашылық жұмыс, сөздік жұмыс, жеке жұмыс, жұптық жұмыс, топтық жұмыс, жазу жұмысы арқылы мақсат, мінеттерге қол жеткізіледі.
«Әдебиеттік оқу» пәні:
1) қазақ балалар әдебиеті мен әлем әдебиеті үлгілерін талдай отырып, ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды бойына сіңіруіне;
2) көркем шығармадағы тілдік қолданыс ерекшеліктеріне бақылау және талдау жасай отырып, тілдік құралдарды саналы түрде дұрыс таңдауына және өмірлік тәжірибесінде қолдануына;
3) алған білімі мен дағдыларын өмірлік жағдаяттарда және басқа адамдармен қарымқатынас барысында пайдалануына көмектеседі.
Әдебиет сөзінің мағынасы көркемсөз дегенді білдіреді. Әдебиеттік оқу пәнінің мақсаттары:
оқушылардың оқу дағдысын қалыптастыру;
оқушылардың өздігінен оқуға деген қызығушылығын арттыру;
оқушылардың тұлғалық дамуындағы рөлін түсінуі;
балалардың оқу аясын кеңейту;
оқушыларды оқырмандық сауаттылыққа баулу.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын пәннің өзіндік міндеттері айқындалады. Білім алушылардың дайындық деңгейі үш аспект бойынша бағаланып, олар тұлғалық нәтижелер мен пәндік нәтижелермен айқындалып, әрқайсысының атқаратын өзіндік функциясы дәлелденген. Олар: тұлғалық нәтиже, жүйелі-әрекеттік нәтиже, пәндік нәтиже.
Осы мақсат пен міндеттерге қол жеткізу үшін оқушылар әрбір шығарманы көңіл қоя отырып оқуы тиіс. Әрбір оқулықта мақсат пен міндеттер кіріспе бетінде жазылады.
Оқушылар пәннің мақсат, міндеттері арқылы нәтижеге қол жеткізуі үшін пәннің мазмұны мен әдістемесі жақсы пайдаланылуы жөн. Ұстаз оқулықтағы әр мәтінді жақсы меңгеріп, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың жақсы нәтижеге жетуіне жол сілтеуі керек, бірақ бастауыш сынып оқушыларына тек бағыт-бағдар ғана берілмейді, олардың психологиялық, физиологиялық дамуына қарай оқу жүйесі ұйымдастырылуы тиіс. Мәселен, Фариза Оңғарсынованың «Әже» өлеңін мысалға алсақ, балалар әрине әжелерін жақсы көреді, сол сезімдерін оқушылар әжетайым менің деп білдірсе қандай әсерлі болар еді!? Міне, осылайша оқушылар әсерлі көркемсөзді үйрене бастайды. Оған «қасиетті үштік» (ұстаз, ата-ана, кітаптар, хрестоматиялар) көмек береді.
Оқулық – оқу мақсатын көздейтін арнаулы кітап. Ол оқу процесінде мұғалімге де, оқушыға да тірек құралы ретінде қолданылады. Оқулықпен жұмыс оқу құралдарының ішінде ең белсенді жүргізіледі. Ол оқушылар үшін сабақ үстінде жаңа білімді алуда, түрлі тапсырмаларды орындауда қолданылса, үйде білімді бекітіп, қайталау үшін, өз беттерімен дайындалу үшін пайдаланылады. Мұғалім әр сыныпқа арналған кітаптың құрылысын әбден біліп меңгеруге тиіс. Сонда әр тақырыпқа байланысты қандай әдіс-тәсіл, көрнекілік қолдану керектігін оңай таңдай алады. Оқулық мұғалімге де, оқушыға да арналған. Оқушы үшін ол ақпараттық, анықтамалық жаңа білімді меңгеру құралы болса, оқытушы үшін ол әдістемелік жүйенің көзі. Оқулық авторлары жаңа материалды орналастыру мен үйренудің әр түрлі амал-тәсілдерін пайдаланады. Әрине, ең алдымен оқушының жас ерекшелігі ескеріледі. Оқулық әр сынып бағдарламасына сәйкес келуі керек. Оқулық негізінен сол сыныпта игерілетін білімнің жүйесін сақтай отырып, жасалады. Оқулықта алдымен қаламгер туралы мағлұмат, оның көркем шығармасы толық немесе үзінді түрінде беріліп, соңында сұрақтар мен тапсырмалар көрсетіледі. Егер мәтін көлемді болса, ол ықшамдалып, ұсынылады. Қаншама мәтінге сүйенеді дегенмен, көп ретте оқушылардың мәселе байыбына баруы, қорытынды жасауы қажет етіледі. Оқушыларға бұндай тапсырма түрлерімен шектелмей, мұғалім өз тарапынан жеке, топтық тапсырма түрлерін дайындап келуіне болады. Осы секілді сұрақтарға әзірленген оқушы мұғалімнің оқулықтан тыс, өзге материалдарынан дайындап келген тапсырмаларын орындауға да бейімделеді. Оқулықтағы мұндай тапсырма түрлерін кеңейтіп, үйде орындап келуге тапсырмалар ұсынуға болады.
Әрбір оқулықтың кіріспесінде әдебиеттік оқу пәнінің қысқаша мазмұны беріледі.
Әдебиеттік оқу пәні оқулығының мазмұнында тұлғалық нәтижеге жеткізетін шығармалар – Қазақстандық азаматтың өз Отанын, халқын мақтан етуге, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты меңгертуге, ұлттық құндылықтарды бағалай білуге, туған еліне деген сүйіспеншілікке, басқалардың көңіл-күйін түсінуге, эстетикалық, адамгершілік, жанашырлық сезімге тәрбиелеуге лайықты шығармалар ұсынылып отыр.
Әдебиеттік оқу пәні бойынша жүйелі-әрекеттік нәтиже арқылы оқушыларды оқырмандық сауаттылыққа баулу ісі жүзеге асырылады. Оқушылардың белсенді танымдық іс-әрекеті олардың өзін-өзі жетілдіруін, ұжымдық, топтық жұмыстарда оқу әрекетіне ынтымақтастықпен қатысуын қамтамасыз етеді.
Пәндік нәтижелерге жету үшін оқулықта халық ауыз әдебиеті мен балалар әдебиетінің түрлі жанрларын және әр түрлі тақырыптық түрлерін қамтитын білім мазмұны берілген. Әдебиеттік оқу пәні оқулығында әлемдік және ұлттық мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрі сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізудің құралы оқушының жеке басының дамуы үшін аса қажетті деп есептелетін әртүрлі жанрдағы шығармаларды саналы түрде меңгеруге, оларға баға беруге арналған материалдар ұсынылып отыр.
Бастауыш сынып оқушылары саналы түрде дауыстап және іштей оқудың мақсатын түсінуі – басты мәселе. Оқушы дауыстап оқығанда белгілі бір мақсатқа байланысты – басқалардың тыңдауына немесе мәтіннің мазмұнын түсініп, оны өзі айтып беруі үшін оқиды. Мұндай оқудың түрлері оқу іс-әрекетінде оқушылардың мәнерлеп оқу дағдысын қалыптастыруға негіз болады. Оны іске асыру тек сабақта ғана емес, сыныптан тыс оқуға арналған материалдар арқылы да жүзеге асады.
Әдебиеттік оқу пәні бойынша басқа пәндермен пәнаралық байланыс ұйымдастырылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Б.Т. Қабатай, С.Р.Рахметова, Ә.С. Амирова, А., «Әдебиеттік оқу кітабына» методикалық нұсқау 2015.
2. Байтанасова Қ., Айтуғанова С. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі. Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2016. – 160 бет.
3. Т.М.Әбдікәрім. Әдебиеттік оқу, А., 2016
4. М.Көккөзова, САбақан. Әдіскер тағылымы. Алматы, 2015.
Достарыңызбен бөлісу: |