БАСТЫ МӘСЕЛе – БАСПАНА Бүгінде баспана мәселесі баршаны алаңдатады. Үй-күйсіз жүргендердің көбі қалтаның жұқалығынан пәтер жалдап, туысын жағалайды. Әйтеуір, үй салуға, сатып алуға қара жердің көк тіреген құны кесір. Бұл орайда жұртшылықтың жоғын түгендеуге мемлекет те қарап отырған жоқ. Оған жыл сайын халық игілігіне берілетін көппәтерлі үйлер дәлел. Дегенмен, уақыт санап артып отыратын халық саны шеті көрінген мәселені біржақты етуге мүмкіндік бермей отыр. Тұрғын үй мәселесі бүкіл әлемде шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік мәселелердің бірі. Қала тұрғындарының саны өскен сайын тұрғын үйге қол жеткізу барған сайын қиындай түседі. Баспананы сатып алу былай тұрғанда, жалға алу қиындықтар туғызады. Ал жас отбасылар үшін бұл шешілмес мәселеге айналып отыр. Осылай тарихта көретініміздей бұл тұрғындарды нашар жағдайларда тұруға мәжбүрлейді. Мәселен, АҚШ-та 60-жылдардың екінші жартысында тұрғындардың 25%, Ұлы Британияда 28%, Жапонияда 23 %, Францияда 25 % нашар жағдайларда тұрды. Халыққа Жолдауында ҚР Президенті Н.Назарбаев тұрғын халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде баспанамен қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 69050 мың шаршы метр болатын тұрғын үй салу жоспарланған екен. Баспана өткен ғасырдан бастап қазақтың «бас ауруына» айналған. Шындығында, қазақ урбанизация үдерісіне ілінгенде-ақ қаладағы қорап пішіндес шектеулі шаршы метрлерге тәуелді бола бастады. Содан бері кем дегенде үш буын ұрпақ шаһарларда пана болар жеке шаршы метрлерге зар болып, тәуменді болуға бой үйретті.
Сатирик жазушы Ерболат Әбікенұлының студент кезінде жазған «Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесі – шағын да болса, әдебиет қауымын елең еткізген шығарманың бірі. Мұнда еліміздегі, әсіресе, жастардың басындағы әлеуметтік мәселелердің маңыздысы – баспана мәселесі сөз болады.
Табанынан тозып, пәтер іздеу машақатын шынайы сипаттайды, Алматы қаласындағы пәтер іздеушілердің ұзақ жыл орны болған «жетім бұрыш» туралы да келтіреді: «Алматыны алты айналып, жетім бұрышты жеті айналғанда өкшем опырылып түсті. Енді маймақ жүріске бастым, аяғым ауырды деп келіншегім отыра кетті».
Жағдайды көзімізге дәл елестету үшін диалогпен береді, құлағымызға пәтер үшін жанталасқан жандардың дауыстары келеді:
«Құмырсқаның илеуінше қайнаған жетім бұрыштан бізге лайық пәтер табылмады. Табылмады емес, табылды-ау, әкесінің құнын сұрайды, тіпті делдал саған қарайтын емес, сөйлесу үшін де кезекке тұрады екенсің.
.....
– Пәтер бар ма, апай? – Бір қыз керек. – Пәтер бар ма, ағай? – Бір жігіт керек. – Апа, пәтер керек еді. – Екі қыз керек. – Келіншегім екеуміз тұрсақ бола ма? – Болмайды, келіншегіңнің қасына бір қыз қос та, өзің басқасын жалда. – Пәтер керек еді. – Жас отау керек. – Біз жас отаумыз, – қуанып кетіппін, дауысым шәңк етіп шықты. – Онда естіп ал, елу мың теңгеден, жүз елу мың теңге үш айдың ақшасын алдын ала тапсырасың – Бөліп тапсырса ше? – Онда барыңдар ары»…..