15 практикалық сабақ тақырыбы: «Мәңгілік Ел» идеясы мен «Рухани жаңғыру» жобасы – Қазақстанның тарихи дамуының жаңа векторлары.
Тақырып бойынша қарастырылатын сұрақтар:
Кеңістік-уақыттық континуумдағы «Мәңгілік Ел» және «Ұлы Дала» категориялары.
Мәңгілік ел — мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынған.
2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезекті халыққа жолдауын: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті«,- деп бастады.
Бұл орайда елең еткізген жаңалық — тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы. Бұл — Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым.
Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. «Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады.
Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналында: «Мәңгілік ел — түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея...» — екендігін жазған . Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік ел» идеясын қолға алды. Мәңгілік ел — мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда.«Күл тегін» жазуының қазіргі қазақ тілінің нормасына келтірілген Ғұбайдолла Айдаровтың нұсқасында: «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін...» — деген жолдар бар .Бұл жерде елдің тарих сахнасынан кетпей, сақталуын тілейді. Мәңгілік ел дегеніміз — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады.
Орхон өзенінің бойында Түрік қағанатының Ордабалық деген астанасы болған. Қағанаттың хан ордасы мемлекеттің ішкі ядросы. Оны қорғайтын арнайы полиция(тұрғақ деп аталған) және оған қоса тұрақты әскер (шерік деп аталған) пайдаланылды. Ішкі қорғаныс деп атаған екінші шеңбер белдеуін түрлі тайпалар қорғап тұрды. Үшінші шеңберде он-оқ Түркештер тұрды. Қырғыздар, Кидандар, Татабилер, Таңғыттар, Басмылдар да үшінші шеңбердің қорғаушысы болды. Осы үш шеңбер тұтас империяны қорғап тұрды. Түріктер осы 3 шеңберді орнатып болған соң, «Мәңгілік ел» идеясын нық бекемдейді.
Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. М. Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйініп аша келіп, оның болашақ ұрпақ үшін дүниетанымдық маңызы зор, мәңгілік мұра екенін атап өткен. Қазақ халқы арасында тараған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Қорқытты мәңгі өмірді іздеген, бақилық болғысы келмеген деген түсінікті, халқына жерұйықты іздеген Асан Қайғымен түсіндіруге болады. Асан Қайғы өз халқы үшін ең қолайлы, ең құнарлы жерді іздегендігі белгілі. Утопиялық көзқарастағы Асан қайғының жерұйықты іздеудегі мақсаты, халқының жайлы жерге қоныстанып, болашақта мәңгі ел болуын қалаған.
Көрнекті еуразияшыл ғалым, тарихшы-этнолог Л.Н.Гумилев «От Руси к России» атты еңбегінде: «Еуразия құрлығы үш рет біріктірілді. Алғашында оны Ұлы Түркі қағанатын құрған көне түріктер біріктірді. Түріктерден кейін Шыңғыс хан бастаған монғолдар, кейіннен Ресей өз қолына алды» — дейді.Л.Н.Гумилев еуразия құрлығының бірлігі, мәңгілігі туралы ойын көне түріктерден бастайды. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қалыптасып жатқан Еуразиялық идеясының негізінде Ресейлік емес, түріктік ынтымақтастыққа қол жеткізіп, көне түріктердің мәңгілік ел идеясының өміршеңдігін дәлелдеуіміз керек.«Тұтас түрік елі» идеясынан «біртұтас Түркістан» идеясына дейінгі бабаларымыздың атқарған істері едәуір. Елбасы Түрік бірлігі идеясын тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап көтеруде. Ел азаматтары мен Қазақстан саяси элитасының ұлттық идеология қалыптастыру жолындағы ойларын Елбасы сараптады. «Біртұтас Түркістан идеясы», «Түркістан конфедерациясы», «Еуразиялық одақ идеясы», «Қазақстандық ұлт идеясы», «Жерұйық», «Атамекен», «Қазақ Елі идеясы» сынды ұғымдар арқылы мемлекет құрушы қазақ халқы мен тарихи тағдыр тоғыстырған ұлттарға ортақ боларлық идея, мемлекеттік мәнге ие боларлық идеология қарастырылды. Мәңгілік Ел идеясы —қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және елімізді ортақ Отан еткен жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың ұлттық идеясына негізделген идеология болатынына сенуге болады.
Еуроцентристік көзқарас бойыншатүркі тілдес халықтардың ынтымақтастығына деген сын айтушылар көп. Түркі интеграциясын Т. Рысқұлов пен М.К. Ататүрік бастаса, кейін нақты практикалық шараларды қолға алған ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шешуші саясаты өз жемісін берді. Н.Ә. Назарбаевтың түрік халықтарының бірлігін нығайтудағы тарихи рөлінің қаншалықты маңызды болғанын аңғаруға болады. Қазақстан Халықаралық «Түрксой» ұйымына қолдау көрсетіп, түрік дүниясының барын бағалап, жоғын түгендеуге жол сілтеді. Халықаралық аренада Қазақстанның беделі нығайған сайын, түрік мемлекеттерінің бірлігі идеясы ашық әрі табанды насихаттала бастады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жаппай-тұрмай іздестіруді міндеттейді» [3, 120 б.], — дей отырып, түрік мемлекеттері интеграциясының тиімді жолдарын іздеу қажеттілігін көрсетті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2000 жылы 14-желтоқсанда латын алфавитіне көшу мәселесіне қатысты өз пікірін білдіре келіп, өте мұқият дайындықтан соң латын алфавитіне көшетінімізді айтты. Бұл жерде Тоныкөк негізін салған «Мәңгілік ел» идеясын қалпына келтіруші, жандандырушы Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың қазақ халқына славяндық кириллица емес, түркі тектес бауырларымыз қолданатын латын қарпіне көшудің қажеттілігін айтты. «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады. Бұл бағыттағы алғашқы игі қадам ортаазиялық одақтың құрылуы болды. Оның шеңберінде біздің бәрімізге ортақ мәдени ұқсастығымызды жете сезіну арқылы деңгейіміздің көтеріле түсетіні сөзсіз» — деп түрік бірлігінің болашағына зор үмітпен қарады [3, 121 б.]
Қазіргі кезде, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген түркі тілдес мемлекеттерді жақындастыру саясаты, елімізді Орталық Азияның көшбасшысына айналдыру идеясы өз жемісін берді. Оған Түркістандағы Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ашылуы, 2009 жылы Түркияның «Түрік ошақтары» қоғамдық ұйымынан Н.Ә.Назарбаевқа «Түркі әлеміне қызмет» марапатының берілуі, Астанада Түркі академиясының ашылуы, сонымен қатар, Анкара қаласындағы «Генчлер» саябағына Н.Назарбаев ескерткішінің орнатылуы, Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Президент Н.Назарбаевты «түркітілдес халықтардың көшбасшысы» деп бағалауы — Елбасының түркі әлемін біріктіру, экономикалық және мәдени салаларды тығыз байланыстыру жолындағы тарихи еңбегіне берілген әділетті баға болды. Елбасының түркі интеграциясы жолындағы қызметінің мақсаттарының бірі — экономикалық ынтымақтастыққа негізделген.
2012 жылдың 12-желтоқсаны күні Түркия астанасы Анкара қаласында Лев Гумилевтің 100 жылдығына орай өткен «Лев Гумилев және оның түркологиялық ғылыми мұрасы» атты конференцияда Алтайлық түркітанушы Беликовтың: «Бүгін Мая күнтізбесі бойынша тұтас бір кезең аяқталып, түркі жұртының дәуірі басталды!» — деген жалынды сөздері барша түркі халықтарын дүр сілкіндіріп, ертеңге деген ерен сенім ұялатып отырғаны аян. ХХІ ғасырды Түрік мәдениетінің ғасыры болады деп болжам жасаушылардың қатары күн санап артып келеді. Осы орайда Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары, түркітанушы ғалым Дархан Қыдырәлі: «Енді осы Еуразиялық кеңістікті толтыра беруіміз керек. Түріктің бойындағы пассионарлық қасиет қайта оянуда. Түркі мәдениетінсіз, түркілік санасыз, түркі тарихынсыз Еуразия кеңістігін елестету мүмкін емес. Ежелгі түркілер, сақтар мен скифтер, ғұндар мен қыпшақтар Еуразияның ен даласын еркін қоныстанған. Бүгінгі түсінікпен алғанда, Алтын Орданы да Еуразиялық мемлекет деп атауға болады. Біздіңше, Шыңғысхан идеялық тұрғыда ұлы түркілік идеяны көтеріп, қос мұхиттың арасын мекендеген халықтың жадындағы тарихи сананы қайта жаңғыртқан», — дейді.
Белгілі тарихшы, 1837-1847 жылдардағы Кенесары Қасымов бастаған қазақтардың көтерілісі жайында диссертация жазған ғалым Елтоқ Ділмұхамедовтың қызы Эльза Ділмұхамедова Л.Н.Гумилевтен сұхбат алады. Лев Николаевич Гумилев «Қазақтың пассионар тұлғасы кім?» деген сұраққа: «Ол, әрине, хан Кенелерің» деп жауап беріпті. Эльза Елтоққызы «Қазақстанды алда не күтіп тұр?» деп сұрайды. Сонда ол: «Қазақстанда таяу уақытта мықты серпіліс, пассионарлық дүмпу болады» деген екен. Бұл жерде Л.Н.Гумилевтің этностардың өмір сүруі теориясы бойынша әрбір ұлт, әр халық 1200-1500 жылдай өмір сүреді. Осы кезеңде халықтың туып, өсіп-өркендеп, даму шыңына жететіні, содан соң біртіндеп құлдырап құрдымға кететіні дәлелденген. Осы эволюциялық үрдіске 1500-дей жыл кетеді екен. Ал Қазақ хандығы ХV ғасырдың ортасында құрылды. 14 ғасырдың орта шенінде қазақ халқы пайда болады. Соған қарағанда, халықтың даму жолының шырқау шегіне жақындап қалдық деп ойлаймын. Эльза Ділмұхамедова Гумилевке тағы да бір сұрағын қойып, «халықтың күшейіп бара жатқанын қалай білуге болады?» дейді. Сонда ғалым: «Оның белгісі сол жерде алқалы жиындар өтеді. Халық пассионарлық болып жатса, тарихын зерттейді. Пассионар тұлғалар көбейеді. Алдымен бір адам туады, ол өз ойларымен екінші адамның ойын қозғайды. Және адам баласының ойына келмейтін биік мақсаттар қойып, елді жұмылдырып, соған қол жеткізеді. Міне, пассионар халықтың белгісі осындай» деген екен .
Гумилевтың айтқан сөздері жаңа дәуірге қадам басып жатқан Қазақ елінің қазіргі жағдайымен тұспа-тұс келеді. Гумилевтың «алқалы жиындар өтеді» дегені түркі ұрпақтарының ынтымақтастық жолында атқарып жатқан шаралары болса, «тарихын зерттейді» дегені түркі академиясының құрылуы және де 2013 жылы 5 маусымдағы М.Тажиннің ұлттық тарихты зерделеу бағдарламасының жариялануы, сонан кейін, «бір адам туады» дегені Ұлт Көшбасшысының дүниеге келуі, сонымен қатар, «адам баласының ойына келмейтін биік мақсаттар қойып, елді жұмылдырып, соған қол жеткізеді» дегені Елбасының Қазақстан 2030 стратегиясын мерзімінен бұрын аяқтап, дамыған 30 елдің қатарына кіру бағытын алға қоюы деуге болады.
Көне түркілердің «Мәңгілік Ел» идеясы үш негізден тұрады: оның біріншісі — көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгілік Ел» идеясы, екіншісі — Әл-Фарабидің «Қайырымды қалада» философиялық шығармасында, әсіресе, бұл идеяның теориялық-методологиялық тұрғыдан тиянақталуы және үшіншісі — Жүсіп Баласағұнның осы идеяны негіздеген «Құтты Білік» дастаны. Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұрақты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың, барлық күштердің ұйытқысы болу қажеттігі түп нысана ретінде айтылады. Түркі халқының елдігінен айырылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» паш етіледі.Осының бәрі кейінгі ұрпаққа да үндеу ретінде айтылғаны көрінеді. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндесіп тұр.
Әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің «Мәңгілік Ел» философиясының теориялық негіздемесін жасап берді. Ғалым «Мәңгілік Ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат» шығармаларында баяндайды. Бақытқа жету жолында адамдардың арасындағы қайырымдылық пен түсінушілік, бір-біріне көмек беру, достық пен бейбітшілік, тәрбие мен тәлім — Әл-Фарабидің тұтас әлеуметтік-саяси теориясының ажырамас бір бөлігін құрайды. Мемлекет пен қоғамның кемелденуі туралы әлеуметтік-саяси теориясында мемлекет басқарушылары мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың да ұстануы тиіс мемлекетті басқарудың императивтері мен механизмдері көрсетілді. Сондықтан, бұлардың бәрі қазіргі таңда түркітілдес мемлекеттердің ұлттық құндылықтары ретінде саналуы тиіс. Фараби мемлекеттің міндетін және оның ішкі және сыртқы міндеттерін толық анықтап береді. Сыртқы міндеті ретінде мемлекеттің қайырымды қала тұрғындарын немесе мемлекетті сыртқы жаулардан қорғау, яғни күшті қорғаныс ұйымдастырумен жүктеледі. Ішкі міндеті ретінде мемлекеттің өз халқының бақытқа жетуі үшін көрнекті шараларды іске асыру керек: олар — әділеттілікті орнату, халықты оқыту, оларды керекті ғылыммен толықтыру, адамгершілікке тәрбиелеу, қайырымдылықты тарату және ең жақсы бақытқа жеткізетін әдеттерді бойға сіңіру. Қалған мәселелердің бәрі — экономикалық және саяси мәселелер — негізгі міндетке бағынады, яғни адамдардың бақытқа жетуі олардың рухани жетілуіне тәуелді.
«Құтты білік» дастаны Қарахан мемлекеті түріктерінің тілінде жазылғаны белгілі. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасы, араб-парсы әдебиетінің көшірмесі емес. Дастанда X–XI ғасырлардағы Жетісу жерінде тұрған тайпалардың салт-санасы, әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері көп жырланған. «Құтты білік» кейіпкерлерінің есімдері де бұрынғы тәңірілік дін нанымдарына қатысты. Басты бейне Күнтуды — әділ ел басшысының рәмізі. Бұл бейне «Күлтегін» («Түркі қағанаты туралы сөз») жазуларынан басталып, әл-Фараби мен Қожа Ахмет Иассауи армандаған түрік мәдениетіндегі үлгі, мұрат тұлғаның бастысы. Жүсіп Баласағұнның басты кейіпкер қылып Күлтегінді көрсетуі түркі мәдениетін жалғастырушы, мәңгілік ел бағдарының қолдаушысы екендігін айқындайды.
XVIII ғасырда Қазақ хандығының басын қосып, Айдаһардай Қытайдың аузына түсірмей, ақырған аюдың тырнағынан аман алып қалған Абылай ханның саясаты түркілік мәңгілік ел идеясын жандандырушы тұлғаның ерлігі. Шығыстағы ежелден дұшпанымыз қытайлар жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып, сол арқылы қазақ жерін де, жоңғарларды да өзіне қарату еді. Осы соғыста не қазақ, не жоңғар, болмаса екеуі де құруы керек екендігі алпауыт елдердің жаттанды саясаты еді. Бірақ қазақ елі аман қалды. Қазақтың бақытына орай Абылай хандай дара тұлға тарих сахнасына келді. Нәтижесінде бұл соғыста қазақ емес, жоңғар 1758 жылы тарих сахнасынан мүлдем жойылып кетті. Ел басына түскен үлкен қиыншылықтан Абылай хан бабамыз елді біріктіріп, жұмылдырып, соның арқасында қазақ елін аман сақтап қалды. Ендеше, Абылай хан елді біріктірген ұлы тұлға және «мәңгілік ел» идеясын жалғастырушы екендігін мақтанышпен айтуға болады.
Мәңгілік Ел — жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мелекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін, «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болады деуге толық негіз бар. Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні — мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті.
2. Қоғамдық сананы жаңартудың негізгі бағыттары.
Қоғамдық сана - қоғамның рухани өмірінің, адам ойында шындықтың бейнеленуінің барлық түрлерін қамтитын философиялық категория; әртүрлі әлеуметтік қауымдастықтардың өмір сүруі процесінде пайда болатын адамдардың әлемге және өздеріне деген қатынастарының рухани тәсілдерінің жүйесі.
Оған қоғамдық идеялар, теориялар, саяси, құқықтық, адамгершілік, эстетика, философия және діни қозғалыстар, ғылыми білімдер, т.б. жатады. Қоғамдық сана әлеуметтік сезімдер мен көңіл-күйлерді, әдет-ғұрыптар мен мінез- құлықтарды, қалыптасқан дәстүрлерді, үлттар мен халықтардың психикалық кейіп ерекшеліктерін де қамтиды. Қоғамдық сана қоғамдық болмыстан туып, соның бейнесі мен туындысы болып табылады. Сана болмыстың бейнесі болғандықтан, қоғамдық болмыс өзгергеннен кейін сана да өзгереді. Бірақ қоғам мүшелерінің санасы белгілі бір мерзімге дейін өзгерген болмысқа сәйкес келмеуі, яғни артта қалуы мүмкін. Қоғамдық сана болмысты бейнелеп қана қоймайды, ол бейнеленген нысанды қозғайды, оны өзгертіп, дамытады. Оның күрделі ішкі құрылымдарының деңгейі мен түрлерін ашып көрсетуге болады. Қоғамдық сананың деңгейлеріне тікелей бүқараның, жекелеген әлеуметтік топтар өмірінің күнделікті жағдайларынан туатын қарапайым, эмпирикалық сана және қоғамдық топтардың түпкілікті мүдделерінің рухани көрінісі ретінде ғылыми-теориялық сана жатады. Қоғамдық сананың түрлері объективтік дүние мен қоғамдық болмыстың адам санасында бейнеленуін көрсетіп, адамның тәжірибелік іс-әрекеттерінен байқалып, қоғамның рухани мәдениетінің қүрамдас бөлігіне айналады. Қоғамдық сананың тарихи қалыптасқан түрлері: саясат, құқық, философия, мораль, өнер қоғамдық болмысты бейнелей отырып, оған белсенді түрде ықпал етеді. Оның әрқайсысының өз нысанасы мен бейнелеу тәсілінің болуына қарамастан, болмыс пен адам санасына өзіндік әсерін тигізіп, идеялық-саяси күресте ерекше рөл атқаруымен сипатталады.
қоғамдық таптар - ортақ мүдделері және құқылықтары бар әлеуметтік тұрақты (салыстырмалы) топтар (мысалы, шаруалар, жұмысшы табы, буржуазия, орта тап және т.б.). Таптар мен тап күресі тұжырымдамасы XIX ғ. Еуропада кеңінен таралды (К. А. Сен Симон, О. Тьерри, Ф. Гизо және т.б.). К.Маркс пен Ф.Энгельс таптардың болуын қандай да бір өндірістік әдістермен байланыстырды, таптар күресін тарихтың қозғаушы күші ретінде санады және пролетариата буржуазияны күшпен төңкеріп тастау және тапсыз қоғам құру тапсырмасын жүктеді. Әлеуметтануда қоғамды тапқа және әлеуметтік топтарға (жастық, экономикалық, кәсіби, құқықтар мен міндетгер жүйесі, әлеуметтік мәртебе) бөлу орын алған. Қазіргі қоғамда қоғамдық еңбек бөлінісі, жекеменшік қатынастары, басқа да факторларға сай әлеуметтік жіктелу және ықпалдасу проңесіне орай араларында әріптестік, бәсекелестік немесе қақтығыс туындайтын, дегенмен, демократиялық принциптер негізінде реттелетін әртүрлі жіктер мен топтар қалыптасады
3. Еуразияшылдық және Қазақстан даму
Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма жылдығын кешегі кеңестік кеңістіктегі елдер арасында өзін қайта жаңғыру көшбасшысы сапына көтерген түбегейлі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жасау жолындағы ауқымды да зор жетістіктермен қарсы алып отыр. Біздің мемлекетіміздің халықаралық жоғары беделінің айшықты дәлелі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығы және Астана Саммитін ең жоғары дәрежеде өткізуі болып табылады. Төрт мұхит кеңістігіндегі барлық беделді мемлекеттердің басшылары қатысқан жаһандық басқосуда 54 мемлекеттің қатысуымен қорытынды құжат – Астана декларациясының қабылдануы бұл Саммиттің тарихи маңызы мен салмағын еселей түссе керек. Қазақстан ұлттық мемлекеттілігінің негізін қалады және нығайтты, елдің аумақтық тұтастығын және мызғымас шекарасын қамтамасыз етті, экономиканы нарықтық даму жолына түсіріп, әлемдік қауымдастыққа ойдағыдай интеграцияланды. Қазақстанда бірден-бір барынша қарқынды даму жолындағы экономика құрылды, ашық демократиялық қоғамдық институт қалыптастырылды, тұрғындардың әлеуметтік өмір стандарттары жақсарды. Ең бастысы – осы жылдар ішінде көпұлтты көпконфессиялы Қазақстан халқы ел ішіндегі ерекше тұрақтылық және барлық көрші мемлекеттермен бейбіт жағдайда өмір сүріп келеді. Қазақстанға халықаралық қоғамдастықтағы ең беделді де ықпалды мемлекет ретіндегі шынайы атақпен қатар, өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында елеулі жетістіктерге жеткен мемлекет деген үлкен баға да берілді. Осы орайда, ең алдымен, Қазақстанның осындай зор жетістіктерге жетуінің ерекше маңызды факторларының бірі 2030 жылға дейінгі Қазақстанның ұзақ мерзімді Даму стратегиясының қабылдануы және ойдағыдай жүзеге асырылуы болып отырғандығын ерекше атап көрсеткен жөн. Сонау бір өкпені қысқан өтпелі кезеңде, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясы өзінің бойына ең маңызды базалық тұжырымдар мен қағидаттарды сіңіре білді. Оның стратегиялық бағыттарының дұрыстығы, басымдықтардың дәл таңдап алынуы бүгінде қазақстандықтар орынды мақтан тұтатын зор табыстардың тұғыры болды. Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет Ұлттық қор құрды. Қазір бұл қорда 33 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жинақталып, ел экономикасының болашағына сенімді серпін беруде. Бұл қор қызметі күні кешегі әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың ұлттық экономикаға тигізетін кері әсерлерін жеңілдетіп, болашақ тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму жолына негіз қалады. Қазір елдегі инфляция белгіленген шектен аспайды. Ұлттық валюта бағамы тұрақты қалпында сақталуда. Елдің халықаралық алтын-валюта қоры 64 миллиард АҚШ долларынан асып түсті. Мемлекетте тартымды инвестициялық ахуал қалыптасты. Қазақстан ТМД елдері ішінде нарықтық экономикасы дамыған мемлекет ретінде танылды. Бүкіләлемдік Банк Қазақстанды әлемдегі шетелдік инвестиция үшін ең тартымды ел ретінде таныды. Қазақстан өзінің экономикалық дамуының өтпелі кезеңін жоғары деңгейде жүргізе отырып, жаңа сапалы даму деңгейі – әлемдегі ең бәсекеге қабілетті 50 елдің құрамына кірмек. Экономикалық даму жолында жасалған табысты реформалар Қазақстанға қоғамды демократияландыруға ерекше жоғары мүмкіндіктер берді. Бүгінде қос палаталы кәсіби Парламент жұмыс істейді, тәуелсіз сот жүйесі қалыптасқан. Тұрақты түрде еркін және бәсекелестік жағдайындағы ел Президентінің, Парламент палаталарының, жергілікті өкілетті органдардың сайлауы өтіп тұрады. Қазақстандықтардың мақтанышына айналған, елдің айбыны мен айбары болып табылатын жаңа елорда бой көтерді. Астана халықтың гүлденуінің, қуатының және болашағының айшықты көрінісі болып табылады. Астананы еуразиялық құрлықтың орталығына көшіру жас мемлекеттің геосаяси ахуалын жақсартты, оның қауіпсіздігін нығайтты, экономиканың маңызды салаларының дамуына жағдай жасады және тұрақты полиэтникалық мемлекет құру жолындағы стратегиялық бағытты нығайтты. Бұл шын мәніндегі патриоттық бастама болды. Бұл бабалар бастаған азаттық жолындағы арманды жаңа тарихи шынайы бағыттарға бастаған, ең алдымен – Қазақстан тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған баламасыз қадам. Арқа төсінде бой көтерген ғасырдың құрылыс алаңы, қайталанбас архитектуралық кешендер Астананы тек тәуелсіз Қазақстанның ғана жарық жұлдызы емес, сонымен бірге Еуразия құрлығының жауһары екендігіне көз жеткізді. Ұлы даланың төсінде жаңа идеялардың, батыл бастамалардың және қайталанбас жобалардың орталығы бой көтерді. Астана таяу болашақта Еуразия құрлығының шын мәніндегі саяси және экономикалық орталығы болатындығына ешқандай күмән жоқ. Президенттің ойынан туған және нақты жүзеге асырған Қазақстанның жаңа елордасы Астана қаласын тұрғызу жөніндегі бастама шын мәніндегі ғасыр құрылысына айналды. Әлемнің дуалы ауыз сарапшыларының барлығы бүгінде Астана қаласы құрылысының ХХІ ғасырдың ең озық жобасы екендігін бірауыздан мойындайды. Президенттің батыл да баламасыз ерік-жігерінің арқасында Астана аңыздан ақиқатқа айналды. Тұрақты ішкі саяси ахуал, ұлтаралық келісім және дінаралық татулық, жүйелі де тиімді мемлекеттік құрылыс – міне, осының бәрі Қазақстанның жалпыұлттық Көшбасшысының кезең-кезеңмен жүргізген сара саясатының нәтижесі екендігі даусыз. Қазақстан халықаралық сипаттағы көптеген жобалардың бастамашысы әрі белсенді қатысушысы болды. Бүгінде ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК сияқты жалпы әлем мойындаған халықаралық сипаттағы жобалар Қазақстанның және оның Президентінің жүйелі де батыл рөлінің арқасында құрылды және одан әрі жемісті дамып келеді. ЕурАзЭҚ-тың 10 жылдығына байланысты 2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында өткен Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің отырысында Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер басшылары Нұрсұлтан Әбішұлы кешегі кеңестік кеңістіктегі ең жемісті және тиімді интеграциялық бірлестік – ЕурАзЭҚ-тың бастауында ғана тұрған жоқ, сонымен бірге оны алға жылжытатын нағыз интеграция «моторы» болғандығын атап көрсетті. Ең алдымен, Қазақстан Президентінің 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында сөйлеген тарихи сөзінде айтылған батыл еуразиялық идея ЕурАзЭҚ-тың бүгінгі жетістіктерінен нақты көрініс тауып, өмірде іс жүзіне асырылып отыр. Еуразиялық мемлекеттер одағын құру туралы сонда айтылған жобада бұл идея «кеңестік кеңістікте экономикалық-әлеуметтік жаңғыруды, тұрақтылықты және қауіпсіздікті нығайту мақсатындағы егемен мемлекеттердің интеграциялану формасы» деп айқындалған болатын. ЕурАзЭҚ-тың құрылуы кеңестік кеңістіктегі елдердің мемлекетаралық қатынасы тарихында аса зор оқиға болды. Ол мемлекеттер арасындағы интеграциялық қатынастарды жаңа сапалы деңгейге шығарды. Бұл ретте біздің мемлекеттеріміз үшін өзара сауда-экономикалық байланыстарды жаңа стратегиялық бағыттарға шығарып, бүгінгі геосаяси жағдайға сәйкес келетін түбегейлі жаңа байланыстарды орнатуға тура келді. Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен сол кездесуге қатысып отырған мен осындай баламасыз батыл идеяның ашық айтылғанына Ресей ғалымдарының ерекше таңданған жүздерін көрдім. Ол кезеңде мемлекеттер арасында еркіндікке ұмтылған бастамалар белең алып тұрған еді. Міне, осындай жағдайда интеграциялану жобасын жариялау нағыз батырлық еді. Әркім өзінше жеке-жеке отау құрып, бөлшектену ахуалы белең алып тұрған кезеңде Қазақстан Көшбасшысының терең ойдан туған бұл ұсынысы шын мәнінде ТМД құрамына бірігудің шешуші қадамы болды. Тарих бізге ХХІ ғасырға өркениетті жолмен өтуге мүмкіндік беріп отыр. Оның бір жолы біздің ойымызша бұрынғы КСРО халықтарының бірігуге деген ерік-жігерін және кеңестік кеңістіктің одан әрі логикалық нақты дамуын айқындайтын интеграциялық әлеуетті іс жүзіне асыратын Еуразиялық одақ құру бастамасы болып табылады, деп атап көрсеткен еді Қазақстан Президенті 1994 жылы наурыз айында. Бүгінде ЕурАзЭҚ-тың жемісті дамып келе жатқандығын барша жұрт көріп отыр. 2010 жылы 5 шілдеде Қоғамдастықтың 10 жылдығына байланысты Астана қаласында өткен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің мәжілісінде қабылданған бірлескен мәлімдемеде былай деп атап көрсетілді: «Дамудың жаңа сапалы деңгейіне шығу үшін интеграциялану стратегиясының маңызын жете түсіне отырып, Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер ХХІ ғасырға халықаралық «Еуразиялық экономикалық қоғамдастығын» құру арқылы кіріп отыр». Біз өзара тиімді ынтымақтастықтың және сенімнің жаңа қағидаттарына негізделген ұйым құрдық. Осы орайда Ресей Федерациясының президенті Д.Медведев он жыл – аз уақыт емес, басқа жағынан алғанда – тарих үшін бұл қас-қағым сәт. Кейбір ретте біз бір орында тұрып қалғандай сезінуіміз мүмкін. Ал іс жүзінде біз жылдам жүрдік. Өздеріңіз есептеп көріңіздерші, ЕурАзЭҚ шеңберінде, оның аясында құрылғалы отырған Кеден одағы шеңберінде біз қандай даму жолдарынан өттік. Ал Еуропадағы интеграция қалай дамығанын біз білеміз. Біз олаға қарағанда жылдам қимылдап келеміз. Үлкен жұмыстар атқарылды. Алайда, алдымызда одан да орасан зор міндеттер тұр. Осы ретте тағы да біздің құрылымымыз нағыз интеграция тұғырына өткендігін атап көрсеткім келеді, деді. Астанада өткен ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық кеңесінің мәжілісінде Қазақстан Республикасының Президенті былай деп атап көрсетті. Алғаш құрылғаннан бері 10 жыл өткеннен кейін біз ЕурАзЭҚ-тың кеңестік кеңістікте құрылған ең жемісті интеграциялық бірлестік болғандығын зор сеніммен атап өтіп отырмыз. Бүгінде бұл біздің мемлекеттеріміздің экономика, ғылым, әлеуметтік және басқа да салаларда интеграциялануды тереңдететін шынайы алаңына айналып отыр. Қол жеткізген осы жетістіктерді сақтап қана қалмай, осы орайдағы әлемдік озық тәжірибелерді есепке ала отырып, біздің Қоғамдастығымыздың дамуы мен гүлденуін қамтамасыз етуіміз керек. Өз кезегінде Беларусь Республикасының президенті А.Лукашенко: Егер, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың құрылуы туралы айтатын болсақ, оның бастауында Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғандығын атап көрсетуіміз керек. Нұрсұлтан Әбішұлы ЕурАзЭҚ аясындағы біздің барлық қарым-қатынасымыздың қозғаушы күші болды. Бір уақытта біз ЕурАзЭҚ-тың қарым-қатынастарын іс жүзінде тұралатып тастағанымыз да менің есімде. Сонда ол біздің одан әрі жылжуымыз үшін арнайы топ құру қажеттігін алға тартқан болатын. Бұл осыдан бес немесе алты жыл бұрын болған оқиға еді. Шын мәнінде бір жылдан кейін ол ЕурАзЭҚ-ты қалай жандандыру қажеттігі жөніндегі бірқатар ұсыныстарын жариялаған еді. Ақыры біз осы ұсыныстарды іс жүзіне асырдық. Қазірдің өзінде біз Еуразиялық жобаның жемісті дамып отырғандығын көрсететін нақты мысалдарды келтіре аламыз. ЕурАзЭҚ аясында нақты жұмыс істеп келе жатқан еркін сауда режімі Қоғамдастық мемлекеттері арасындағы сауда айналымының тиімді өсімін қамтамасыз етті. Мәселен, ол 2000 жылғы 29 миллиард доллардан 2008 жылы 123 миллиард долларға дейін немесе 4,1 есе өсті. ЕурАзЭҚ бойынша ішкі жалпы өнім орташа есеппен алғанда 59 пайызға, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 48 пайызға, жүк тасу көлемі 44 пайызға артып, негізгі капиталға тартылған инвестиция 2,3 есе өсті. Инвестициялық ахуал елеулі түрде жақсарды. ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер арасындағы өзара инвестиция салу көлемі 4 есе артты. Белсенді жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ЕурАзЭҚ аясында құрылған Кеден одағының мерзімінен бір жыл бұрын 2010 жылдың 1 қаңтарында жұмысқа кірісуіне мүмкіндік туды. Кеден одағы шеңберінде импортталатын тауарларға Бірыңғай кедендік тариф енгізілді. Ал бұл 11 мыңнан астам тауар номенклатурасын қамтиды. 2010 жылдың басынан бастап Кеден одағы комиссиясы Кеден одағының сыртқы саудасын реттейтін тарифтік және тарифтік емес салаларда ұлтүстілік өкілеттік алды. Бүгінде Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінде Бірыңғай тауар номенклатурасы және Кеден одағының Бірыңғай кедендік тарифі қолданысқа енгізілді. Интеграцияланған үш мемлекет басшылары өздерінің бірлескен мәлімдемесінде, қысқа мерзімде іс жүзіне асырылған сапалы жұмыстардың бүгінгі өскелең талаптарға және уақыт үніне жауап беретін мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың жаңа дәуірінің іс жүзіне асырылғандығын атап көрсетті. Мәселен, Ресей Ғылым академиясының халық шаруашылығын болжау институтының есептеулеріне сәйкес, Кеден одағының үш мемлекеті тығыз интеграциялану нәтижесінде алдағы 10 жыл мерзімде ішкі жалпы өнімнің 15 пайыз өсіміне және инвестициялық белсенділіктің ерекше жоғарылауына қол жеткізбек. ЕурАзЭҚ-тың нақты жетістіктері, оның ішінде жедел мерзімде Кеден одағының өмірге келуі халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды. Біздің елдеріміздің БСҰ-ға мүшелікке кіруі сияқты халықаралық саясат шеңберінде шешілетін мәселелердің де бірінші кезекте ЕурАзЭҚ-тың тиімді жұмыс істеуіне байланысты екендігі жасырын емес. ЕурАзЭҚ қызметінің негізгі мақсаттарының бірі Қоғамдастықтың әлемдегі рөлін арттыратын халықаралық ұйымдармен жұмыс жүргізу екендігі белгілі. Бұл өз кезегінде өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық ауқымын кеңейтуге жағдай жасамақ. Қоғамдастық 2003 жылы БҰҰ-ның Бақылаушысы дәрежесіне ие болды. 2007 және 2010 жылдардың желтоқсан айында БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында БҰҰ және ЕурАзЭҚ арасындағы ынтымақтастық хаттамасына қол қойылды. ЕурАзЭҚ мүше-мемлекеттері арасындағы кезекті жаһандық мәселе – Бірыңғай экономикалық кеңістік құру болып табылады. Оның мақсаты жұмыс күшінің, капиталдың, қызметтің және тауарлардың еркін қозғалысына жағдай жасайтын нарықтық үдерістерге негізделген экономиканы реттеудің бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз ету және үйлесімді құқықтық нормаларды қалыптастыру болып табылады. 2009 жылы желтоқсан айында Алматы қаласында болған Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы президенттерінің бейресми саммитінде Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі 2010-2011 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді. Бұл жоспар бойынша, екі жыл ішінде, яғни 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін БЕК-ті құруды қамтамасыз ететін халықаралық келісімдер пакетіне қол қою және оны іс жүзіне асыру мәелелері қарастырылған. Президенттердің саяси ерік-жігері және тараптар үкіметтерінің, Қоғамдастық құрылымдарының белсенді түрде жүргізген жұмысының нәтижесінде бұл міндеттерді ең қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік жасалды. Яғни 2010 жылы 19 қарашада үкімет басшылары алғашқы 4 келісімге қол қойса, 2010 жылдың 9 желтоқсандағы ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің (Кеден одағының жоғарғы органы) отырысында БЕК-ті құруға қажетті қалған 13 келісімге қол қойылды. БЕК-тің құқықтық базасын құруды аяқтау – кеңестік кеңістік шеңберіндегі интеграциялық үдерістерді жүргізудің дәуірлік құбылысы болды. Міне, қысқа мерзімде атқарылған осы кешенді жұмыстардың арқасында БЕК шеңберінде тауарлардың, қызметтердің, капиталдардың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы қамтамасыз етіледі. Нарықтық қағидаттарға негізделген экономиканы реттеудің бірыңғай тетіктері қалыптастырылып, үйлесімді құқықтық нормалар қолданысқа енгізіледі. Осы кеңістік аясында бірыңғай инфрақұрылым жұмыс істейді және салық, ақша-кредит, қаржы-валюта, сауда және кеден салаларында келісілген саясат жүргізіледі. Жалпы тауарлар рыногы біздің мемлекеттерімізде шығарылған тауарлардың еркін айналымын қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен бірге Бірыңғай кедендік кеңістіктегі мемлекеттерге үшінші бір мемлекеттен әкелінген тауарлардың да еркін айналымға шығуына жағдай жасайды. Ал қызмет көрсету саласында біртұтас рынокты қамтамасыз ету мәселесі ұлттық заңдылықтардың үйлесімдігі және мемлекеттерде берілген лицензияларды өзара мойындау мәселелері бойынша жүзеге асырылады. Ал ортақ жұмыс күші рыногын қалыптастыру, БЕК шеңберінде жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету нәтижесінде жүзеге асырылады. БЕК-ке мүше мемлекеттер азаматтарының екінші бір мемлекет аймағында құқықтық дәрежелері реттелініп отырылады. Сонымен бірге білім алуға рұқсат етіледі. Жоғары және орта кәсіптік білім беру дипломдары БЕК-ке мүше мемлекеттер арасында бірдей танылады. Капиталдың бірыңғай рыногын қалыптастыру қаржы, банк және сақтандыру рыноктарына барлығының бірдей еркін қатысуы, валюталық реттеу нормаларын үйлестіру, бірыңғай төлем-есеп айырысу жүйелерін құру және ортақ валюта рыногын қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады. БЕК-ті құру жөніндегі жоғарыда айтылған бағыттарды іс жүзіне асыру, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер үшін тауарлардың, қызметтердің, жұмыс күшінің және капиталдың барлығына бірдей ортақ рынок қалыптастыруға жағдай жасайды. БЕК құру – бұл біріншіден, біздің бірыңғай кеңістігімізде еркін бәсекелестікті дамыту және инновациялық белсенділікті арттыру болып табылады. Бәсекелестік – рынокқа шығарылатын тауарлардың және қызметтердің сапасын арттырудың бірден-бір тиімді жолы. Сонымен бірге ол бизнесті шынықтырады, өндірісті жақсартады, шығынды азайтып, еңбек өнімділігін арттырады. Біздің мемлекеттеріміздің арасындағы ортақ рыноктағы еркін тауар айналымы Кеден одағына мүше мемлекеттердің басқалармен бәсекелестікке түсуіне ықпал жасайды. Жаңа жағдайда біз тауар сапасы үшін тек өзара бәсекеге түсіп қана қоймаймыз, сонымен бірге сырттан импортталатын өнімдер мен қызметтер сапасы үшін де бәсекеге түсеміз. Мұндай бәсекелестіктен ұтпасақ ұтылмайтынымыз ақиқат. Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыру сонымен бірге қаржы институттарының арасында да тиімді бәсекелестік қалыптастырады. Темір жол көлігі, электр энергетикасы, мұнай және газ салаларындағы ережелер мен нормаларды үйлестіру біздің мемлекеттеріміздің экономикасын дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды. Мұның бәрі – біздің ортақ рыногымыз. Оған бүгінде біздің мемлекеттерімізде интеграциялық үдеріс мәселелерін дамытушылар, бірлескен кәсіпорындар құрушылар, біздің мемлекеттерімізде шығарылған қосымша тетіктерді құрастыру арқылы өз өнімін жасаушылар қызығушылық танытып отырғандығы да жасырын емес. Ақиқатын айтсақ, өзара сауда қатынастары барысында кедендік және басқа да кедергілердің жойылуы Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің кәсіпорындары арасында өнім өндіру кооперацияларын дамытуға қолайлы жағдай туғызып, қолбайлау болып отырған мәселелерді шешуге ықпал етеді. БЕК қалыптастыру нәтижесінде мүмкін болатын ережелер мен нормаларды үйлестіру кәсіпорындарда бәсекеге қабілетті өндіріс құруға және оларды инновациялық даму жолына түсіруге барынша жағдай жасайды. Осының бәрі біздің мемлекеттеріміздің экономикасының барлық саласын әртараптандыруға жағдай жасап, кешегі стандарттардан бас тартып, ертең және болашақта кең сұранысқа ие болатын өнімдер шығаруды қамтамасыз етеді. БЕК-ті қалыптастыру біздің елдеріміздің арасындағы жаңа интеграциялық бастамаларға серпін береді. Біздің халықтарымыздың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттеріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуды жылдамдату мақсатында мүше-мемлекеттер экономикасының жақындасуына жағдай жасайды. Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы президенттер Д.А.Медведев, Н.Ә.Назарбаев және А.Г.Лукашенко қабылдаған Декларацияда былай деп атап көрсетілген: «Кеден одағын және Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамыта отырып, біз халықаралық экономикалық бірлестіктермен және басқа мемлекеттермен үйлесімді, бірін-бірі толықтыратын және өзара тиімді байланыстарды қамтамасыз ету мақсатындағы Еуразиялық экономикалық одақ құруға жақындай түстік». Қорыта келгенде, ЕурАзЭҚ-тың интеграциялық жетістіктері кеңестік кеңістіктің ХХІ ғасырдағы өркендеуінің ең басты даму қырын айқындайды.