Тірі ағзалардың барлығына тән қасиет - жасушадан құралады. Жасушада ядроның болуы да, болмауы да мүмкін. Мысалы, вируста жасуша да, ядро да жоқ. Бытыранықта (бактерияда, көк-жасыл балдырла) жасуша бар, бірақ ядросы жоқ. Бұлардың тіршілік әрекеті өсімдікке де, жануарға да ұқсас емес. Сондықтан ғалымдар саңырауқұлақтар дүниесі тәрізді, бытыранықтар мен вирустарды өз алдына жеке дүние етіп топтастырды. Өсімдіктер мен жануарлардың құрылысында, тіршілік әрекетінде ұқсастық бар. Алайда ерекшеленетін айырмашылықтарды да байқауға болады. Жасыл өсімдіктер қоректенуге күн энергиясын пайдаланады. Ауалан - көмірқышқыл газ, топырақтан су және минералды заттарды сіңіреді. Бұлар - бейағзалық заттар. Олар осы заттардан қоректену арқылы ағзалық зат түзеді. Ал жануарлардың қоректенуі бұдан өзгеше. Олар өсімдік дайындаған ағзалық заттарды қорегіне пайдаланады.
Оқшауланған ядросы болмағандықтан, ядросыз ағзалар жынысты, жыныссыз жолдармен көбеймейді. Тек қарапайым жолмен, жасушалары екіге бөліну арқылы көбейеді.
Ядролыларға жататын ағзалардың жасушаларындағы ядроның сыртында екі қабат жарғақшасы бар. Ядросында ядрошығы, хромосома жіпшелері және цитоплазмасында жарғақшамен қоршалған органоидтары болады. Ядролыларға саңырауқұлақтар, өсімдіктер, жануарлар жатады.