Дене тәрбиесі сабағының тығыздығын анықтау Дене тәрбиесі сабағының тығыздығы, ол оқушыларға мүмкіншілік болғанынша көбірек жаттығулар орындату, оларды бос, тыныштық жағдайында көп қалдырмау. Дене тәрбиесі мен спорт тәжірибесінде сабақтың жалпы және қозғалтатын тығыздығы болады.
Сабақтың бүкіл ұзақтығы кезінде педагогикалық тұрғыдан дұрыс пайдаланылған уақытты сабақтың жалпы тығыздығы дейміз. Педагогикалық тұрғыдан дұрыс пайдаланылған уақытқа жататындар: дене тәрбиесі жаттығуларын орындау, мұғалімді тыңдау, көрсетілген жаттығуды бақылау, түсінгенді ұғыну, сабақ өтер орынды дайындау, тынығу және т.б.
Педагогикалық тұрғыдан ақталмаған уақытқа жататындар: мұғалімнің немесе оқушылардың сабаққа кешігуі, снарядтарға ауысқан кездерде болатын ұзақ бос тұрып қалушылықтар, тәртіп бұзуға байланысты үзілістер, құрал-жабдықтардың істен шығуы, мұғалімнің спорт залдан себепсіз шығуы және т.б. Бұл кемшіліктер ұйымдастыру түрінің нашарлығына жатады. Толық дұрыс өткізілген дене тәрбиесі сабағының жалпы тығыздығы 100% болуы керек, сондықтан да уақытты тиімді пайдаланған дұрыс.
Сабақтың жалпы ұзақтығы кезінде дене тәрбиесі жаттығуларын орындауға кеткен уақытты қозғалтатын тығыздық дейміз.Қозғалтатын тығыздық – сабақтың негізгі бір өнімділігін, сапасын көрсететін көрсеткіш. Біз оның жоғары болуына ұмтыламыз. Қозғалтатын тығыздық жаттығу сабақтарында – 70-80%, оқу сабақтарында – 60-70% болуы керек. Сабақтың қозғалтатын тығыздығын көбейту үшін мұғалімдер түсіндіру мен көрсетуді біріктіреді, жаттығуларды толассыз орындау әдісін, айналмалы жаттығу әдісін қолданады, сыныпты топтарға бөледі, барлық оқушы бірден жаттығуға мүмкіншілігі бар жабдықтарды пайдаланады, сабақта сынып белсенділерін көмекке тартады.
Сабақтың тығыздығын анықтау хаттамасы сынып оқушыларының ішіндегі белсенді, тәртіпті, дене тәрбиесі сабағында орташа үлгеретін оқушының қимыл- әрекеттерін тіркеу арқылы жүргізіледі. Сабақ тығыздығын анықтауға қатысар алдында біз қағазға толық дұрыстап жазып, сызып хаттаманы дайындап алуымыз керек. Хаттама жүргізген кезде хаттама жүргізуші жазып, келесі бақылаушы адам секундомерді қоса отырып, бақылаудағы оқушының орындаған барлық іс-әрекеттерін айтып, жазып отырады.
1-бағанаға оқушының әрекеттерінің мазмұны,
2 бағанаға секөнд бойынша қимыл-әрекеттердің аяқталған уақыттары жазылып отырады (хаттама үзіндісі келесі бетте).
Оқушының мынандай қимыл-әрекеттері хаттамаға тіркеледі:
1. Жаттығуды орындауы. Барлық жаттығуларды орындау уақыттарын секундомермен дәл анықтау. Уақыт 4-бағанада көрсетіледі.
2. Жаттығуды орындағаннан басқа ретте оқушының жағдайлары: мұғалімнің көрнекі құралдарды, жаттығуларды көрсетуін бақылау, тыңдау, тынығу, келесі орындалатын тапсырманы тосу, қайта сап құру, сабақ орнын дайындау т.с.с. Уақыты 3-бағанада көрсетіледі.
3. Педагогикалық тұрғыдан дұрыс пайдаланылмаған іс-әрекеттер: мұғалімнің немесе оқушылардың сабаққа кешігуі, снарядтарға ауысқан кездерде болатын ұзақ уақыт бос тұрып қалушылықтар, тәртіп бұзуға байланысты үзілістер, құрал-жабдықтардың істен шығуы, мұғалімнің спорт залдан себепсіз шығуы және т.б. Бұл әрекеттер арқылы уақыттар хаттаманың 5-бағанасында тіркеліп, олар мұғалімнің кінәсінен болған бос уақыттар деп аталады.
Дене тәрбиесі сабағының тығыздығын анықтау хаттамасының үлгі ретінде нұсқасын төменге кестеден қараңыз (11-кесте).