Сабақта тиімді қолданылған ойын түрлері мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың аса зор ілтипатпен тыңдап, жемісті, сапалы меңгеруіне сенімді көмекші бола алады
Сабақта тиімді қолданылған ойын түрлері — мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың аса зор ілтипатпен тыңдап, жемісті, сапалы меңгеруіне сенімді көмекші бола алады. Өйткені, кіші жастағы оқушылар жас ерекшеліктеріне байланысты ойынға өте ынталы келеді. Балалар тез сергіп, тапсырмаларды тез, әрі қызығып орындайтын болады. Ойын балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін, қызығушылығын арттырудағы басты құрал. Ойын барысында балалардың белсенділігі, шығармашылығы дамиды. Ал мұғалімнің міндеті — балаларды ойынға өз қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын қамтамасыз ету. Жалпы мектепте балалар сабақта аса зор ынтамен ойнайды, олар ешқашан шаршамайды, тіпті уақыттың қалай өткенін де байқамай қалады. Ойын оқушының жеке ерекшеліктерін ашуға мүмкіндік береді, мысалы, өзара көмек, бірін - бірі қолдау, жолдастық сезім, сондай - ақ бірқатар психикалық үдерістердің: есте сақтау, ойлау, көңіл бөлу, сөйлеу, пайымдау т. б. дамуына әсер етеді. Ойын төменгі сынып оқушыларының топта жұмыс істеу арқылы ұжымдасуына көп көмегін тигізеді. Егер ойын сабақтың басында өткізілсе, балалар қалған уақытта тамаша жұмыс істейді, нашар оқушылар жеткілікті дәрежеде белсенділік танытады, сабақтың ортасында да, соңында да сабаққа қызығушылығы артып, назар аударуы жоғарлайды. Қорыта келгенде, бастауыш сыныптарда қазақ тілі сабақтарында ойын технологиясын пайдалану, біріншіден, оқушылардың білімін берік меңгерту құралы болса, екіншіден, балалардың сабаққа деген қызығушылығын, белсенділігін арттырып, білім сапасын көтеру болып табылады.