«Параллелограмм» грек сөзі. Проклдың жазуынша, оны Евклид енгізген. Параллелограмм түсінігі және параллелограмның кейбір қасиеттері пифагорлықтарға да белгілі болған. Евклидтің «Бастамаларында» мына теорема дәлелденген: «Параллелограмның қарама-қарсы қабырғалары және қарама-қарсы бұрыштары тең, ал диагоналі оны тең екі бөлікке бөледі». Параллелограмдардың толық теориясы орта ғасырлардың аяғына қарай талданып, XVII ғасыр оқулықтарында көрініс тапты. Параллелограмдар туралы теоремалардың бәрі де тікелей немесе жанама түрде Евклидтің параллельдік аксиомасына негізделген.