1.3 Қазақ халқының қалыптасуының негізгі кезеңдері мен факторлары
Қазақтар халық болып қалыптасып, тарих сахнасына шығысымен-ақ олар алыс-жақын елдерге танымал бола бастады. "Қазақтар" деген халық және оның "Қазақ Ордасы" деген мемлекеті туралы мәліметтер австриялық дипломат Сигизмунд Герберштейннің күнделігінде (ХY ғ.), ағылшын көпесі Антоний Дженкинсонның жолжазбаларында (ХYІ ғ.) кездеседі [193; 198; 199]. Алайда қазақ халқының шығу тегін, бұл процестің заңдылықтары мен ерекшеліктерін анықтауға бағытталған ғылыми талпыныстар ХYІІІ ғасырдың орта кезінен басталды. Бұл мәселемен И.Г. Андреев [200],В.Н. Татищев [201, док. 155-156], П.И.Рычков [202], Г.Ф. Миллер [203; 204; 205], И.Е. Фишер, М. Тев-келев [206] т.б. тарихшылар мен орыс орталық әкімшілігінің қызметкерлері айналысты .
ХYІІІ-ХІХ ғасырлар ширегінде И.П. Фальктың, П.С. Палластың, И.Г. Георгидің, И.Г. Андреевтің, Х. Барданестің, Г. Спасскийдің, Е.К.
Мейендорфтың, Я. Гавердовскийдің және А.И. Левшиннің еңбектері жарық көрді [207- 5, 72, 73, 208, 209, 210; 211].
Бұл авторлардың қай халық болса да өзінің қалыптасу тарихында әр алуан ассимиляцияға ұшырап отырғаны жөнінде методологиялық тұрғыдан дұрыс принципті ұстанғанымен, олардың қазақ халқын қырғыздармен шатастыруы, тіпті, қазақтардың Енисей қырғыздарынан таралғандығы (Н.К. Витзен, П.И. Рычков) жөнінде пікірде болуы [202; 212] аталмыш проблеманың тарихи шындық тұрғысынан зерттелуіне мүмкіндік бермеді. ХІХ ғасырда қазақтарды қырғыздар деп атаудың жаңсақтығын А.И. Левшин, Ш.Ш. Уәлиханов, Е.К. Мейендорф атап көрсеткен. Солай бола тұрғанымен бұл қателік орыс және батыс еуропа тарихнамасында ХХ ғасырдың бас кезіне дейін түзетілген жоқ. Оның үстіне ХІХ ғасыр тарихнамасы қазақтардың шығу тегі жөнінде жаңа жорамалдар әкелді, бірақ қазақтардың халық болып қалыптасу процесінің көне тарих қойнауынан іздеуге бағытталған алғашқы қадамдар да жасалды. ХІХ ғасырдың бас кезінде Я. Гавердовский скифтер мен қазақтардың туыстығы жөнінде алғашқы рет пікір білдіреді. Н.Я.Бичурин қазақтарды ежелгі замандағы кангюйлердің мұрагері деп жазды. Тарихи шындыққа бір табан жақындай түскен А.И. Левшин қазақтар "көне халық", "түрік тайпаларының бір бұтағы" деген ойды алға тартты. Оның пікірі бойынша, қазақ халқының негізін бір-бірімен ұзақ уақыт араласып бүтін бір халыққа біріккен бірнеше түрік, монғол тайпалары құрайды.
Соңғы үш автордың (Я. Гавердовский, Н.Я. Бичурин, А.Н. Левшин) бұл тұжырымдары қазақтардың шығу тегі жөніндегі автохтондық концепцияның негізін қалады деуге болады. Бірақ мұнан осы проблема нақтылы тарихи материалдар негізінде түбегейлі зерттелді деген ұғым тумаса керек.
Қазақтар этногенезі проблемасының ғылыми негізде зерттелуі Ш.Ш. Уәлиханов пен В.В. Вельяминов-Зерновтың еңбектерінен бастау алады. Олар бір-бірімен байланысты шығыс деректеріне, әсіресе, Мұхаммед Хайдардың "Тарих-и Рашиди" еңбегіне назар аударып, қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталу кезеңіне жан-жақты сипаттама берді. Академик Р.Б. Сүлейменов: "Қазақтардың этногенезін зерттеуде өткен ғасырдың (ХІХ ғ. - С.Г.) 60- жылдары шешуші кезең болды. В.В. Вельяминов-Зерновтың жұмыстары нәтижесінде көптеген шығыс деректерінен, әсіресе, Мұхаммед Хайдардың "Тарих-и Рашидиінен" орыс тілінде үзінділердің жарық көруіне байланысты", – деп көрсетеді [107].
Ш. Уәлиханов бірнеше рет өз зерттеулерін жазба деректерді қазақ генеалогиялық аңыздары және шежірелерімен салыстыра отырып жүргізді. Бұл оған сол кезеңде Дешті-Қыпшақ даласындағы этногенетикалық процестің кейбір қырларын ұғынуға мүмкіндік берді. "Кейбір" деп отырған себебіміз – Ш. Уәлиханов деректердің жетіспеушілігіне байланысты қазақ халқының қалыптасу уақыты, оның құрамына енген ру, тайпалардың тілдік, нәсілдік сипаты жөнінде жаңсақ тұжырымдар жасады. Дегенмен қазақ ғалымы көшпелілер қоғамындағы этникалық процестің ерекшеліктерін отандық тарихнамада алғаш талдап берді. Соңғы кездегі зерттеулерде этногенез процесі, яғни бірыңғай этникалық белгілердің қордалануының, ал қазақ қоғамы жағдайында ол нышандардың шаруашылық-мәдени үрдістің ерекше түріне негізделгені анықталды. Бөлектену барысында "біздер-олар" деген ұлттық сана-сезімінің іргетасы қаланады. Қазақ қоғамында көшпелі мал шаруашылығы бір текті этникалық белгілердің пайда болуы мен дамуының материалдық негізін құрады. Ш.Уәлиханов қазақ халқы көне халықтар қатарына жатпайды, ол Бердібектің өлімінен кейін (1359 ж.) Ордада басталған қырқыстар кезінде түрлі түрік және монғол тайпаларының одағы ретінде пайда болды деп жазды [213-132,205б]. Осы мәселе төңірегінде Ш.Уәлихановтың көзқарасына тоқталған кейбір авторлар қазіргі заманғы отандық тарихнама оның жоғарыда аталған пікірін қолдап отыр деген сыңай танытады [214, 198б]. Бұл тұжырым шындыққа сай келе қоймайды. Қазақ ғалымы халқымыздың құрылу кезеңін әр текті рутайпалардың жалпы мүдде мен белгілі бір жағдайларға байланысты жеке саяси қауымға біріккен мезгілге саяды. Басқаша айтқанда, Ш. Уәлиханов бұл халықтың этногенезі процесінің соңғы сатысын саяси организмнің, яғни қазақ хандығының құрылу уақытымен байланыстыра қарастырады. Осыған орай қазіргі заманғы этнос теориясының авторлары да қандай да болсын этнос өз этногенезінің аяқталу кезеңінде жеке саяси, мемлекеттік организмін құруға ұмтылады деген пікірін еске сала кеткен жөн.
Ш. Уәлиханов сонымен қатар қазақ халқының құрамына енген этникалық компоненттер қазақтардың антропологиялық типі, тілі, шаруашылығы, мәдениеті т.б. мәселелерді зерттеп, қазақ этногенезі проблемасын ғылыми тұрғыдан жан-жақты пайымдаудың негізін қалады. Оның бұл проблеманы зерттеуде отандық тарихнамаға қосқан үлесі Р.Б.
Сүлейменовтың [72], Э.Ж. Уәлихановтың, Ж.Р. Көшкімбаеваның [215], Д.И.
Дулатованың [71] еңбектерінде терең талданған.
Қазақ этногенезі тақырыбы ХІХ ғасырдың екінші жартысында А. Мейердің, М. Красовский, В.В. Радлов, Г.Н. Потанин, А.Н. Харузин, Н.А. Аристовтың еңбектерінде қарастырылды.
А. Мейер, М. Красовский жоғарыда аталған Мұхаммед Хайдар мен В.В. Вельяминов-Зернов еңбектерін өздерінше пайымдап, қазақ халқын "өз жетекшілерінің төңірегінде шоғырланған тобыр" ретінде қалыптасқан деп және мұны кездейсоқ оқиға ретінде сипаттауға әрекеттенді [216; 217]. Бірақ А. Мейер қазақ халқының этникалық компоненттерінің ішінде түрік тайпаларының басым болғандығын мойындайды.
А.Н. Харузин – қазақтардың шығу тегі туралы арнайы еңбек жазған авторлардың бірі, сондықтан бұл мәселе жөніндегі көзқарасына кеңірек тоқталуды жөн көрдік. А.Н. Харузин қазақ халқының құрамына енген рутайпалар тарихына мән беріп, оның компоненттері қатарында "кірме" элементтердің рөлін әсірелей көрсетеді. Осы арқылы ол қазақ халқының этногенезі құрамалы сипатта болғандығы жөнінде тұжырымға келеді. Түрлі тайпалардың басын біріктірген қазақтардың халық болып қалыптасуының басты себебін олар өмір сүрген ортадан іздеу керек деп есептейді бұл автор. Көшпелілердің мекені болып табылатын шетсіз де шексіз дала осында өмір сүргендердің барлығын да бір-бірімен санасуға, өздерін бір отбасының мүшелері ретінде сезінуге мәжбүр ететін секілді [218-88б]. Осы пікірді И.И. Крафт та қолдады [219, 7-8б].
Осыған қарағанда, отарлық иедология ықпалындағы орыс ғалымдары Ресейдің бодан халықтарының, әсіресе, түрік, монғол нәсілдес халықтардың халықтық болмысын бұрмалап көрсетуге бейім тұрғандығы көрінеді. Мұндай сыңаржақтылық көбіне халықтардың шыққан тегін зерттеуде кеңінен орын алды. Олар қазақтар мен қырғыздарды тайпалық дәрежедегі, әлі халық болып қалыптасып үлгермеген этникалық бірлестік ретінде санады [218,88-89б]. А. Харузин "Қырғыз тайпасының конгломераттық құрылымы" деп жазса [218, 88б], басқалары Красовский [217], А. Мейер [216], В. Радлов [220], В.Вельяминов-Зернов [221] қазақтар табиғи өсіп-өну нәтижесінде емес, түрлі кездейсоқ ру, тайпалардың құрамасы ретінде пайда болды дейді .
А. Харузин: "Қырғыз, толық мәнінде, өзінің туып-өскен даласының ұлы болып табылады, ол болса өз ұлының мінез-құлық ерекшеліктерін, оған тән тұрмыс салтын дүниеге әкелді. Мұнымен ғана шектелмей, дала өзінің тылсым ортасында оны түрлі элементтерден жасап шығарды. Соңғыларының бір-бірімен сығымдалып біріккені соншалық, жаңа құрылым "қазақ" деген жалпы тайпалық атты алып жүруге құқылы болды" дейді. Бірақ, оның пікірінше, бұл бірлестік айқын антропологиялық топты құрай алмаған [218, 91б]. Ташкент пен Ходжент арасында тұрып жатқан "Құрама" деп аталатын "халық" ("народность") қандай болса, түрік, монғол және басқа да тайпалардан құралған, " "сан алуан қиындылардан тігілген" "қырғыздар" да сондай деп нығырлай түседі [218, 92б].
Сонымен А. Харузин: "Қырғыз халқында ежелгілік те, тұтастық та жоқ, онда этнологиялық және антропологиялық бүтіндіктің болмауы былай тұрсын, жеке-жеке элементтерді өз төңірегіне топтастыратын айқын ұйытқы (өзек) да болған жоқ" деген тарихи шындыққа кереғар қорытынды жасады [218, 88б]. Ол қазақ халқының көне заманнан бастау алатындығы жөнінде өзінен бұрынғы жазған авторлардың пікірін жоққа шығаруға тырысып, ХY ғасырдан бұрын қазақтар туралы ешбір "нақтылы материал болмағандығын" ескертеді . Автор қазақтардың шығу тегін, басталуын да, аяқталуын да Мұхаммед Хайдардың "Тарих-и Рашиди" кітабынан іздестіреді. "Қазақтардың билік жүргізуін Мұхаммед Хайдар ... 870 жылына, яғни шамамен 1465[66 жылдарға жатқызады, – дейді А. Харузин. – Қазақ халқының негізін қалаған екі ағайындының үлкені Керей болды, одан кейін хан тағы мұрагерлік жолмен Бұрындыққа, Бұрындықтан кейін Жәнібектің ұлы Қасымға тиді" [218, 53б].
Сонымен Харузин қазақ халқының қалыптасуын қазақ хандығының құрылу уақытымен шенестіріп, бір уақытта орын алған саяси әрекетке тірейді. Халық этногенезі ұзаққа созылатын күрделі процесс нәтижесі екендігін ескермейді. Автор этногенетикалық процестің мәнін түсіне алмады.
Ал белгілі шығыстанушы В. Григорьев те: "Қырғыздар бұрын халық болмаған, бастапқы кезде бір-бірінен тәуелсіз түрік тайпаларының қалдықтарынан құралып, далалық азияның "қазақылық" салтымен өмір сүрген саяси бірлестік" дейді [222].
Қазақ халқының тарихын Ресей империясының отарлық мүдделеріне сәйкес зерттеген бұл ғалымдар оның автохтондығын жоққа шығаруға, бергі кезеңде ғана құралғандығы, ежелгі сақ, ғұн, үйсін субстратымен байланысының жоқтығы, оның үстіне этникалық нышандары толық пісіпжетілмегендігі жөніндегі идеяларды дәлелдеуге тырысты. Оларға ХІХ ғасырдың өзінде-ақ тойтарыс берілгенімен, Н.Э. Масанов жақын арада былай деп жазады: "Бұл көзқарасты қалай болғанда да 200 жылдан астам уақыт бойы зерттеушілердің көпшілігі қолдап келеді" [41, 58б]. Сөйтіп, бұл автордың өзі де осы "миграциялық" концепция (Н. Масановтың атауынша) жағында екендігі жөнінде сыңай танытады, себебі бұл пікірді жақтаушылар – тарих ғылымын саясат құралына айналдыруға тырысқан саусақпен санарлық азшылық қана.
Н.А. Аристов қазақтардың халық болып қалыптасуында тегі алтайлық түрік тайпалары ғана емес, оларға дейінгі жергілікті этникалық қабаттың маңызды рөл атқарғаны жөнінде идеяға негізделген өз ғылымы концепциясын ұсынды [223]. Оның "Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей" деген іргелі зерттеуі отандық тарихнамада елеулі құбылыс ретінде бағаланды.
Қазақ халқының автохтондығы жөніндегі ізденістер басқа да ғалымдар тарапынан жалғасын тапты. Қазақстан тарихнамасында кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында қазақ этногенезі мәселесімен С.И. Руденко, А.Н. Самойлович, Б.А. Куфтин, А.Н. Чулошников, М. Тынышпаев секілді ғалымдар айналысты. Әсіресе, соңғы үш автордың еңбектері жөнінде[14; 224; 225] баспасөз беттерінде әрқилы пікірлер айтылды. Мұның себебі тақырыптың деректік негіздерінің әлсіздігіне ғана емес, сонымен бірге зерттеушілердің этностенудің мәні бойынша теориялық-методологиялық дайындықтарының жетіспеушілігіне де байланысты. Осы тұрғыдан алғанда С.Ж. Асфендиаровтың ғылыми ізденістері аталмыш тақырыпты зерттеуде біршама ілгерлеуге әкелді. Автор "халық – биологиялық ұғым емес, әлеуметтік ұғым" деп ескерте отырып, қазақ, өзбек, ноғай, қарақалпақ, башқұрт т.б. халықтардың этникалық компоненеттеріне енген көне дәуірдің үйсіндері, наймандары, қыпшақтары және басқа да тайпаларды беріректе қалыптасқан қазіргі заманғы қазақтармен байланыстыруға болмайды деп жазады. Осы тұрғыдан ол М. Тынышпаевтың қазақ халқының қалыптасуы және этникалық территориясы жөніндегі ұстанымына қатал сын айтады
[226, 93б].
С.Ж. Асфендиаровтың пікірінше, қазақ халқының қалыптасу процесінің заңдылықтары мен ерекшеліктері мынандай ретте орын алған. Ең алдымен көшпелі түрік-монғол халықтары Түркістанның шаруашылығы, тұрмыс салты және тілдері жат отырықшы халықтары – тәжіктер мен арабтардан бөлектенген. Кейін көшпелілердің бір бөлігі отырықшылыққа көшіп, тәжіктермен сіңісе бастағанда олар өздерін "сарттар" (саудагерлер) атанған отырықшы туыстарына қарсы қойды. Ол кезде көшпелілер мен "сарттар" арасындағы айырмашылық тілінде емес, кәсібінде болды. Содан соң отырықшылыққа ауыса бастаған көшпелі өзбектер өздерін бөлініп кеткен көшпелілерге қарсы қойып, соңғыларын "қазақтар" деп атай бастады.
Теориялық тұрғыдан келгенде автор қазіргі тарих ғылымында қалыптасқан көзқарасқа бір табан жақындай түскен сияқты. Ол бойынша халық қалыптасу барысында өзін-өзі "біздер-олар" деген ұлттық сана-сезім негізінде таниды делінеді. Бірақ нақтылы-тарихи тұрғыдан С.Ж. Асфендиаровтың қазақ халқының қалыптасуының тарихи кезеңдері жөніндегі ұстанымы схемалық түрде екендігі анық. Оны автордың осы мәселелер жөніндегі ой-пікірлерін бекітуге талпынысынан да көруге болады.
Автордың ойынша, Орталық Азия аумағында түрлі этникалық топтардың қалыптасуы үш кезеңді бастан кешірген.