Қазақстанның ортағасырлық проблемалары бойынша ізденістер академиялық шығыстану мектебінің жетістіктерімен, оның белгілі өкілдері Х.Д. Френ, В.В. Вельяминов-Зернов, И.Н. Березин, Н.И. Веселовский, В.В. Радлов, Б.В. Бартольд есімдерімен тығыз байланысты. Қазақ және түркі тектес халықтардың тарихына қатысты шығыс деректерін, сол арқылы қазақ этногенезі және Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде А.Ю. Якубовский, А.Н. Бернштам , С.П. Толстов, Б.Я. Владимирцев секілді ғалымдар да көп еңбек сіңірді. Олардың түркологияға қосқан ғылыми үлесі кезінде өз замандастары тарапынан да, кейінгі ұақыттағы Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы мен этногенезі мәселелерімен шұғылданған оқымыстылар тарапынан жоғары бағаға ие болды [3; 4; 5; 6; 7; 8; 9; 10; 13].
Проблеманың нақтылы зерттелуі мен оның тарихнамасы өзара байланысты екендігі белгілі. Сондықтан да қазақ халқының қалыптасуы мен оның мемлекеттілігінің құрылуы туралы еңбектерге кейбір шолулар, талдаулар мен сын пікірлер өткен ғасырдың 20-жылдары баспа бетінде А.П. Чулошниковтың «Қазақ-қырғыз халықтарының тарихының очерктеріне» байланысты жарық көрді [14]. Бұл еңбегінде автор қазақ тарихын басқа түрік халықтарының тарихымен байланыстыра қарау жөніндегі оң методикалық тұжырым жасады. «Вопросы о происхождении киргизской народности в исторической науке и народные киргизские придания как источник дальнейшего изучении» деген мақаласында тарихи аңыздар мен қазақ шежірелерін дерек көзі ретінде пайдаланды [15]. Ғалымның бұл ізденістері Қазқстан тарихнамасында өз ізін қалдырғанымен, оның еңбектерінде біршама қателіктерге де жол берілгенін айту керек. Олардың қатарына географиялық факторға басым мән берушілік, қазақ қоғамындағы әлеуметтік жіктелушілікті жоққа шығару жатады.
Өткен ғасырдың 30-жылдары С. Асфендияров қазақ халқының шығу тегі, рулық құрамы туралы мәселе қойды [16]. Осыдан кейін қазақ халқының қалыптасуы мен оның мемлекеттілігінің құрылуы туралы мәселе ұлтшылдыққа қарсы қуғын-сүргін науқаны кезінде мүлдем ұмытыла бастады. 1946 жылдың 28-29 қазанында КСРО Ғылым Академиясының тарих және философия бөлімінің сессиясында баяндама жасаған П.П. Иванов та Қазақ хандығының құрылуы кезеңінен аттап өтіп, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ХҮІ – ХІХ ғасырлардағы тарихын зерттеу міндеттеріне ғана тоқталады [17]. Әсіресе, 1951 ж. «Правда» газетінде жарияланған «За марксистско-лениинское освещение вопросов истории Казахстана» деген атышулы мақала мен осы негізде 1951 ж. 10 сәуірде қабылданған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қаулысынан кейін аталмыш тақырыптарды зерттеуге қысым күшейе түсті [18; 19].
Қазақ этногенезі мен Қазақ хандығы тарихын таптық көзқарас тұрғысынан зерттеуге ұмтылушылық қазақ қоғамындағы қатынастар сипаты мәселесіне әкеп тіреп, мұның өзі көптеген жылдарға ұласқан ғылыми айтыстар мен жорамалдарға жол ашты. Солардың бірі ретінде отандық тарихнамада 40-50 жылдары М.П. Вяткин, С.В. Юшков, С.Л. Фукстың араларында орын алған пікір таластарды айтуға балады. Олар қазақ мемлекеттілігінің экономикалық және әлеуметтік негізгі саяси формасы туралы ой өрбітті [11; 20; 21; 22]. Осы кезеңде республика Ғылым
Академиясының тарих, археология және этнография институтында Қазақстан тарихын зерттеудің негізгі бағыттары анықталып, олардың қатарында қазақ этногенезі мен мемлекеттілігі тақырыбы аталды [23]. Академиының ғылыми сессиясында Қазақ халқының құрылуы туралы
Х.М.Әділгереевтің баяндамасы тыңдалды. Кейін баяндама толықтырылып, Ғылым Академисының «Жаршысында» жарияланды. Мақалада қыпшақ және қазақ тілдерінің жақындығы, монғол шапқыншылығының қазақ халқының қалыптасуы мен қазақ мемлекеттілігінің құрылуына ықпалы қарастырылды [24].
Бұл мәселелер төңірегіндегі автор көзқарастары сол кезеңдегі тарих ғылымының даму деңгейін айқын көрсетеді.
Тарих ғылымының дамуына серпіліс берерлік тарихнамалық, теориялық методологиялық ізденістер болмады, негізінен бұл бағыттағы әрекеттер рецензиялар, пікірлер және шолулармен шектелді. Мұның себебі тарихнамалық зерттеудің деректік негіздерінің дамымауында, 1917 жылға дейінгі қазақ қоғамының патриархалдық-феодалдық қатынастардың үстем болуы сияқты қайшылықты пікірдің орын алуында еді.
1957 ж. М.Ақынжановтың “Об этногенезе казахского народа” еңбегі жарық көрді [25]. Оны К. Ақышев, С. Ибрагимов және Е.Агеева “сәтсіз монография” деп бағалады. Рецензияда жұмыстың басты кемшіліктері ретінде қазақ этногенезін зерттеуде тектік шежіренің рөлін асыра бағалаушылық, жазба деректердің аз пайдаланылуы, қыпшақтар мен наймандардың тілдік атрибуциясын дұрыс анықтамау, қазақ этногенезі процесінде оғыз бірлестігінің үлесін жоққа шығарушылық атап көрсетілді. Еңбектің қазақ халқының қалыптасу жолдары мен кезеңдері жөнінде жасалынған тұжырымдары да мойындалмады [26].
Мұнан кейін бұл тақырыпқа ешкім тереңдеп бармады, М.Ақынжановтың еңбегі осы уақытқа дейін бірден-бір монографиялық зерттеу болып отыр.
Қазақ мемлекеттілігінің құрылуы жөнінде де арнайы ізденістер қолға алынбады. Осыған байланысты бұл екі проблема бойынша тарихи білімнің қорлануын қарастырған зерттеулердің болмауы өзінен-өзі түсінікті. Жарық көрген еңбектердің көпшілігінде тарихнамалық талдау берілмеді, тарихшылардың қайшылықты мәселелерге, өзінен бұрынғы авторлардың зерттеу әдістеріне баға беруге батылы бармады. Тек 50-жылдардың аяқ кезінен ғана кейбір тарихнамалық ізденістер көріне бастады] 27; 28; 29].
Қазқстан тарихы, қазақ халқы мен оның мемлекеттілігі туралы тарихи таным-түсінік республикамызда ғана емес, одан тыс жерлерде де қалыптасқандығын ескеру қажет. Осы себепті жұмыста Орта Азия, ноғай, башқұрт, тағы да басқа түрік тілдес халықтардың шығу тегі мен мемлекеттілігі туралы еңбектер де зерттеу нысанымыздан тыс қалмады. Кейбір методологиялық мәселелер мен концепциялық тұжырымдары тұрғысынан КСРО-да тарих ғылымының даму тарихы туралы очерктердің жарық көруі республикада тарихнамалық саланың алға басуына ықпал жасады [30].
Қазақ хандығы тарихнамасының құрамды бөліктерінің бірі осы тақырыпқа, тікелей, не жанама қатысы бар жеке ғалымдардың өмірі мен шығармашылығына арналған шолулар мен талдау мақалалар болып табылады. Орыс шығыстану ғылымының көрнекті өкілдері қатарына жататын, сонымен қатар "қазақ" термині, Орта Азия мен Қазақстанның ортағасырлық тарихының басқа да проблемалары, мұсылман хроникалары туралы еңбектердің авторы А.Н. Самойлович туралы Б.В. Луниннің [31], Ортағасырлық Қазақстан тарихы мен хронологиясын зерттеуге ұланғайыр еңбек сіңірген көрнекті шығыстанушы В.В. Бартольдтың ғылыми мұрасы жөнінде К.М. Байпақов пен Б.Е. Көмековтің мақалалары жарияланды. Соңғы еңбекте ғалымның көшпелі социумда мемлекеттіліктің пайда болуының алғы шарттары жөніндегі пікірлеріне баға беріліп, оның бұл мәселе бойынша тарихи концепциясының В.Я. Владимирцов, А.Н. Бернштам және А.Ю. Якубовскийдің еңбектерінде жалғасын тапқандығы туралы тұжырым жасалған [32].
Қазақ хандығы тарихнамасының кейбір мәселелері Г.Ф.Дахшлейгер, Б.Ә. Төлепбаев [33; 34], Т.И. Сұлтановтың [35], М.Қ. Қозыбаев [36] пен кеңес дәуірі кезінде жарияланған еңбектерінде қарастырылды. Оларда қазақ хандығының құрылуы, мерзімі, сипаты мен алғы шарттары мәселелері сол кезеңдегі идеологиялық, методологиялық ұстанымдар шеңберінде көрініс тапты. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап Қазақстанның саяси дербестікке қол жеткізуі өзінің өткен тарихын жан-жақты да терең зерделеуге, мәдени құндылықтары мен мемлекеттілік тарихын танып-білуге мол мүмкіндіктер туғызды. Бұл өз кезегінде қазақ халқын дүниежүзілік тарихи процестің субъектісі ретінде қарастырып, оның тарихындағы мемлекеттілік дәстүр мен сабақтастық мәселелерін қоюға жол ашты. М.Қ. Қозыбаев [36], Т.И. Сұлтанов [35], К.А. Пищулина [37,31-61], М.Қ. Әбусейітова [38], Б.Е. Көмеков [42], Ж.О. Артықбаевтың [39] зерттеулерінде қазақ хандығының құрылуы және дамуы жөнінде тарихи ойпікірдің қалыптасуының негізгі кезеңдері, аталмыш проблемаға қазақ зиялыларының көзқарасы Ш.Т.Омарбековтың кандидаттық диссертациясында сөз болды [300]. М.Қ. Қозыбаев Қазақ хандығы тарихнамасында әлі де болса ақтаңдақ проблемалар баршылығына назар аударып, бұл мемлекеттің құрылуының шешуші алғы шарттары ретінде мына факторларды ескеруді ұсынды:
Қазақстан жеріндегі түркі тілді тайпалардың саяси және ішкі әлеуметтік – экономикалық дамуы;
Қазақ хандығының құрылуының Евразия сахарасында дәл осындай орталықтандырылған мемлекеттік құрылымдардың пайда болған кезіне сәйкес келуі;
ХІY-ХY ғасырлардың аралығында қыпшақ этносының бөлшектелінуі, одан бірнеше халықтардың бөлініп шығып, өздерінің ұлттық мемлекеттерінің іргетасын қалады [40].
Қоғам дамуына көзқарастардың түбірлі өзгерістерге ұшырауы, таптық принциптерге иек артқан методологиядан жаңа танымдық теорияларға ауысу барысында Қазақ мемлекеттілігі жөнінде тарихнамада қайшылықты пікірлердің де болуы өтпелі кезеңдегі "сана дағдарысының" көрінісі деп білеміз. Оған кейбір авторлардың әлі де болса аталмыш проблеманы "көшпелі феодализм", "көшпелі мемлекеттілік" теориялары тұрғысынан түсіндіруге тырысушылығы, Қазақстан аумағындағы этногенетикалық процестер мен мемлекеттілік дәстүрдің тарихи сабақтастық сипатын жоққа шығаруға әрекеттенуі, Қазақ халқының түркілік болмысын, дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесін бұрмалап көрсетуге бейімділік танытуы дәлел бола алады [41].
Мұндай көзқарастар Ж.О. Артықбаевтың «Қазақ мемлекеті: сипаты, құрылымы және қызметі» деген ХYІІІ ғасыр материалдары бойынша жазылған тарихнамалық мақаласында орынды сынға алынды. "Осы күнге дейін қазақ тарихына қалам тартқан ғалымдар халқымыздың өткен жолынан мемлекет деген ғаламат маңызды құбылысты тани алмай келеді. ХY-ХYІІІ ғ. аралығында өмір сүрген Қазақ хандығы туралы жазылған азды-көпті зерттеулерде мемлекет деген атаулар қолданылмаған, оның ішкі және сыртқы құпиясы, құрылымдық қасиеті, өзге мемлекеттерге қарағанда өз ерекшеліктері туралы дәлелді тұжырым жоқ" дей келіп, С. Плетнева, Г. Марков, Н. Масанов, И. Ерофеева секілді тарихшылардың түсінігі бойынша "көшпелілер тек шаруашылық қауым болып қана өмір сүреді, саяси конъюктураның сәті түскенде ғана "әскери-көшпелі қауым құрайды (яғни империя)" деген тұжырымның ғылыми негізсіздігіне уәж айтады [39, 20-
21б].
Б.Е. Көмеков [42], С. Жолдасбайұлы, Б. Кәрібаев [43, 70-71б; 44] еңбектерінде де Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде орын алып келе жатқан жаңсақ пікірлер мен фактологиялық қателіктерге назар аударылған және тарихи шындықты қалпына келтіруге бағытталған нақтылы тұжырымдары баяндалған .
Қазақ хандығының құрылуы және оның этникалық, әлеуметтік, саяси алғышарттары, қазақ халқының қалыптасу процесінде негізгі этникалық ұйытқы болған ошақтар мен мемлекеттік құрылымдар, осы және басқа да мәселелерге арналған түрлі шолулар, рецензиялар жарық көрді [45-31 б.; 46; 47; 48; 49; 50; 51]. Мұндай сипаттағы ізденістер де тақырыптың зерттелу деңгейін көрсетеді. Қазақ хандығының құрылу тарихының деректік негіздері түбегейлі зерттелді. Монографияның тарихнамалық сипатта орындалуына байланысты деректану саласында ұзақ уақыт бойы жүйелі зерттеулермен айналысқан С.К. Ибрагимов [52; 53], Н.Н. Мингулов [52], К.А. Пищулина [52;54],Т.И. Сұлтанов [55], Б.А. Ахмедов [56], В.П. Юдин
[52, 61б; 57; 58], М.Қ. Әбусейітова [59; 60; 61; 62], Б.Е. Көмеков [63; 64], А.Ш. Қадырбаев [65], А.Исин [117], Н.Атығаев [298], Қ. Өскенбай [269] сынды зерттеушілер есімдерін бұл жерде тек атап өтумен ғана шектелеміз. Олардың еңбектері келесі тарауларда біршама сараптамадан өтеді. Бұл ғалымдардың зерттеушілік қызметі нәтижесінде көптеген шығыс деректері ғылыми айналымға қосылды, олардың танымдық әлеуеті мен мүмкіндіктері анықталды. Ал олардың белгілі бір сауалды шешуде қаншалықты маңызы мен мәні болғандығы бірқатар мәселелерді тарихнамалық тұрғыдан талдаған кезде таразыланып отырады.
ХY-ХYІ ғасырлар кезіндегі Қазақтан тарихы мәселелерін пайымдауда Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати мен Ш.Ш. Уәлихановтың еңбектері ерекше орын алатындығы белгілі. Солай бола тұрғанымен, Ш.Ш. Уәлиханов еңбектері көбірек зерттелді де, Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашидиіне» соңғы жылдары ғана назар аударып, өзінің жан-жақты танымдық мазмұны арқылы әлемдік деңгейге көтерілді.
Ш.Ш. Уәлихановтың шығармашылығын, тарихи-қоғамдық көзқарастарын зерттеп, іргелі еңбектер ұсынған академик Ә. Марғұлан екендігі мәлім [66]. Д.И. Дулатованың [70; 71], О. Сегізбаевтың [67], М. Елеусізовтың [69] т.б. ғалымдардың еңбектерінде Ш.Ш. Уәлихановтың тарихи, философиялық және экономикалық көзқарастары талданды. Соңғы кездегі зерттеулер қатарында академик Р.Б. Сүлейменовтің 1989 ж. жарық көрген «Шоқан Уәлиханов – ХІХ ғасырдағы Орталық Азияның көшпелі халықтарын зерттеуші» деген еңбегі мен Е.Ж. Уәлихановтың 1996 ж. сәуірде Алматыда өткен халықаралық конференцияда жасаған «Шоқан Уәлиханов және қазақ мемлекеттілігінің мәселелері» деген баяндамасын атауға болар еді [72; 73].
Бұлай көзқарас таныту себебіміз ұлы қазақ ғалымының шығармашылығына, әсіресе, оның қазақ мемлекетінің құрылу уақыты мен алғы шарттары, қазақ халқының этникалық компоненттері т.б. мәселелер төңірегіндегі пайымдауларына бүгінгі күн талабы мен тарих ғылымының жетістіктері тұрғысынан қарауға ұмтылушылықтың айқын көрініс тапқандығына байланысты. Әсіресе, бұл екі жұмыста да Ш.Ш. Уәлихановтың Қазақ мемлекетінің тарихи сабақтастығы және қазақ халқының автохтондығы жөніндегі діңгекті тұжырымдар зерттеушілердің басым көпшілігінің методологиялық бағыт-бағдары екендігі белгілі. Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасуының негізгі дерек көзін құрайтын Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегі сан қырынан талданды. Бірнеше ғылыми-теориялық конференциялар ұйымдастырылды [74; 75; 76]. ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бүгінгі күнге дейін «Тарих-и Рашиди» әлемнің бірнеше тілдеріне аударылып, ол жөнінде бірнеше зерттеулер жарық көрді, қоғамдық көзқарас сараланды, қазақ халқының тарихын зерделеудегі орны анықталды [77; 78; 79; 80; 81, 26 б; 82; 83; 84; 85; 86; 87; 88; 89].
Қазақстанда тарихнамалық ізденістердің жандануына 1969 ж. жарияланған Г.Ф.Дахшлегердің «Историография Советского Казахстана», 1984 ж. жарық көрген Д.И.Дулатованың «Дореволюционная историография Казахстана (1861-1917)» атты монографиясы, шетелдік тарихнама саласындағы К.Л. Есмағамбетовтың ізденістері өз ықпалдарын тигізді. Бірақ бұл авторлардың еңбектерінде қазақ этногенезі мен мемлекеттілігі мәселелері арнайы зерттеу нысаны болған жоқ.
Монографияның деректік негізін ХY ғасырдың екінші жартысы – ХYІ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ хандығының құрылуы мен нығаю тарихы бойынша отандық және шетелдік тарихшылар, этнологтар мен археологтардың орта ғасырлардан күні бүгінге дейін жарияланған еңбектері құрайды. Хронологиялық тұрғыдан оларды үш топқа жіктеуге болады:
орта ғасырлардан 1917 жылға дейін белгілі бір әлеуметтік топтың не мемлекеттің, көп жағдайда еуропалық құндылықтардың артықшылығы идеясы тұрғысынан жазылған тарихи және этнологиялық шығармалар;
марксистік методологияға негізделген кеңес тарихшыларының еңбектері. Бұл кезде проблема «көшпелі феодализм» концепциясы шеңберінде, ал Батыс елдерінде революцияға дейінгі орыс ғалымдарының ұсынған схемалық тұжырымдары негізінде қарастырылды;
өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталған жаңа тарихи жағдайда пайда болған және плюралистік теорияларға негізделген зерттеулер.
Монографияда жан-жақтылық, нақтылық және объективтілік принциптері басшылыққа алынды. Бірақ әрбір тарихи тақырыпқа қойылатын нақтылы талаптар бар. Біздің зерттеу нысаны ретінде алынып отырған проблемада да өзіндік теориялық-методологиялық ізденістер тән. Әсіресе, Қазақ хандығының құрылуының этникалық алғышарты болып табылатын қазақ халқының шығу тегі мен қалыптасуын зерттеуде этнос және этникалық нышандардың қалыптасуының жалпы заңдылықтарына арналған теориялық-методологиялық еңбектердің тарихнамада алатын орны ерекше. Осыған орай С.А. Токарев [90], Н.Н. Чебок-саров [91], Г.В. Шелепов [92; 93], Ю.В. Бромлей [94; 96], Ю.В. Павленко [95], В.П. Алексеев [97; 98] секілді ғалымдардың әлем халықтарының этногенезі, этникалық қауымдастық және оның түрлері, этностың қалыптасу процесінің алғы шарттары, жалпы этнография ғылымының методологилық мәселелері туралы еңбектерін атаған жөн. С.А. Токарев Қазақ халқының этникалық тарихын және оның методологиялық негіздерін пайымдаудың межелі кезеңі КСРО-да идеологиялық қысым бәсеңсіген өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысынан бастау алады деп есептейді. Бұл бағыттағы маңызды шара ретінде 1987 ж. наурыз айында Қазақ КСР ҒА-ның «Қазақ халқының этногенезі және этникалық тарихы» деген тақырыпта өткізген пікір-сайыс болды. Онда академик Р.Б. Сүлейменовтің, К.М. Байпақов, К.А. Ақышев, Х.А. Арғынбаев, М.Қ. Әбусейітова т.б. ғалымдардың аталмыш тақырыпқа қатысты баяндамалары мен хабарламалары тыңдалды [99]. Бұл ғылыми форумның ең басты жетістігі - көшпелі өркениет мәселесі жөніндегі, этногенетикалық процестердегі тарихи сабақтастық, этностың қалыптасуындағы түрлі факторлардың рөлі туралы зерттеулерге жол ашты. 80-жылдардың аяқ кезінде осы және басқа тақырыптарға арналған Х.А. Арғынбаев, Н. Әлімбаев [100; 101], Н.Э. Масановтың [102; 103], 90жылдарда К.М. Байпақов, М.З. Цинман [105], М.К. Хабдулина [104], Р. Сүлейменовтің [106] еңбектері жарық көрді.
Осы кезеңде қазақ халқының этногенезі тарихнамасына арналған Р.Б. Сүлейменовтің [107] мазмұнды мақаласы жарияланды. Автордың қазақ халқының қалыптасуы жөнінде жазылған еңбектерге қатысты пайымды пікірлеріне иек артқанымызды ескерте кетеміз. Олардың ішінде этносты әлеуметтік жүйе ретінде қарастыру туралы ұсынысы методологиялық маңызға ие.
Отандық және шетелдік тарихнамада Қазақ хандығының құрылуы тақырыбымен байланыстырыла отырылып, көшпелі қоғамдардағы мемлекеттілік проблемасы көтерілді. "Көшпелі мемлекеттілік" концепциясы тарихнамада бұрыннан белгілі болғанымен, оны қазіргі уақыттағы пайымдауларда кейбір өзгешеліктер байқалады (Ол жөнінде негізгі мәтінде сөз болады) [108; 109].
Бірақ қазақ мемлекетінің пайда болу тарихының методологиялық мәселелері әлі түбірлі зерттеле қойған жоқ. Дегенмен соңғы кезде бұл бағытта да біршама ілгерілеушілік байқалады. 1996 және 1999 ж. Алматыда “Эволюция государственности Казахстана” және “Кеңестен кейінгі Шығыс елдеріндегі мемлекет және қоғам” деген тақырыптарда екі халықаралық конференция өтті [110; 111].
Әсіресе, тәуелсіздік жылдарында Қазақ хандығы тарихын зерттеуде 1996 ж. Алматыда ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырған «Қазақстан мемлекеттілігі: бастауы және дамуы» деген теориялық конференция елеулі оқиға болды. Онда ғалымдардың «Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің көне формалары», «Орта ғасырларда Қазақстан жерінде мемлекеттіліктің дамуы», «Ортағасырлық Қазақстан көшпелілерінің мемлекеттілігі туралы», «Қазақ хандығы: құрылған уақыты, даму кезеңдері» және басқа да баяндамалар тыңдалды.
Осы ғылыми форумдағы Ж.О. Артықбаевтың «Қазақ мемлекеті проблемасының методологиясына» баяндамасы да ғалымдар назарынан тыс қалмау керек. Себебі онда автор көшпелілердің қоғамдық өмірін реттеу механизмі ретіндегі туыстық (рулық) қатынастардың рөлі, қоғамдық шағын жүйелеудің орны, тапсыз қоғамда да мемлекеттің пайда болу мүмкіндігі т.б. тұжырымдары соны ізденістерге түрткі болуы керек.
Елбасы Н. Назарбаевтың "Тарих толқынында" т.б. еңбектерінде отандық тарих ғылымы үшін методологиялық маңызға ие көптеген мәселелер баяндалған. Олардың ішінде біздің тақырыбымызға тікелей қатысты ұлтты жанды организм ретінде, қозғалыста және әлеуметтік-биологиялық және мәдени факторлардың өзара ықпалдастығы барысында қарастыру керектігі туралы тұжырымдары этнос және этногенез проблемаларын зерделеген әлемдік озық теориялар қатарына жатады [112, 9б].