Орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – МЖБС) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-1) тармақшасына және 56-бабына сәйкес әзірленді және оқыту нәтижелеріне бағдарланған білім беру мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне, білім алушылардың даярлық деңгейіне, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды айқындайды.
МЖБС-ы меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын әзірлеушілер қолданады.
2. МЖБС-да келесі терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) базалық құзырет – жеке, әлеуметтік маңызы бар және кәсіби қызмет үшін қажетті білім, білік және дағдылардың жиынтығы;
2) базалық модуль – түлектің базалық құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламасының функционалдық аяқталған құрылымдық элементі;
3) бағалау критерийлері – оқыту нәтижелерін құзыреттілікке қойылған талаптарға сәйкестігін бағалау бойынша көрсеткіштер;
4) білім алушының жеке компоненті – жобалық-қолданбалы модуль, факультативтер мен консультациялар арқылы біліктілікті меңгерудің практикалық тәжірибесін кеңейтуге бағытталған білім беру бағдарламасының бөлігі;
5) білім беру ұйымының таңдау компоненті – WorldSkills стандарттарын ескере отырып, өңірлік даму жоспарына, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес білім беру ұйымы ұсынатын модульдер және(немесе) пәндер тізбесі;
6) біліктілік емтиханы – теориялық және практикалық дайындықтың, тәжірибе мен құзыреттіліктің жеткіліктілігін объективті анықтауға, олардың талаптарға сәйкестігін бағалауға және біліктілік деңгейін тағайындауға мүмкіндік беретін рәсім;
7) жеке оқу жоспары – меңгерілетін орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламасы шегінде жеке білім беру қажеттіліктерін іске асыруға ықпал ететін білім алушының оқу жоспары;
8) жобалау-қолданбалы модуль – дербес жобалау (қолданбалы) қызметін дамыту, білім алушылардың өндірістік қызметке және немесе жобалау-зерттеу жұмысына терең, тұрақты қызығушылығын қалыптастыру жөніндегі құрал;
9) кәсіптік модуль – кәсіби құзыретті қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламасының функционалдық аяқталған құрылымдық элементі;
10) кәсіби құзырет – кәсіби қызметті тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін білім, білік және дағды, сондай-ақ жеке қасиеттер негізінде кәсіби міндеттер жиынтығын шешу қабілеті;
11) KаzCVET кредиті – білім беру бағдарламасын игеру шеңберінде қол жеткізілген және бағаланған білім алушылардың оқу нәтижелерінің нақты жетістіктерін өлшеу бірлігі;
12) модуль – орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламасының тәуелсіз, өзіне-өзі жеткілікті, толық бөлімі немесе оқыту кезеңі;
13) міндетті компонент – білім алушылар міндетті түрде меңгеретін оқу пәндердің және (немесе) модульдерінің тізбесі;
14) оқу жұмыс бағдарламасы – оқу жұмыс жоспарының нақты пәні және (немесе) модулі үшін орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы әзірлейтін құжат;
15) оқу жұмыс жоспары – орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы әзірлейтін, оқу пәндерінің және (немесе) модульдерінің тізбесін, бірізділігін және көлемін, бақылау нысанын регламенттейтін құжат.