Өкініште 1 Қазір Абай ауылы Қызылқайнар деген жерде қоныстап отыр. Қарабатыр, Әнет, Торғай мен Топайдан талай ауыл көршілес қонған. Үй ішінде Абай мен Әбіш оңаша сөйлесіп отыр. Әңгіме адамгершілік, арнамыс, бай мен кедей арасындағы әділетсіздік жайлы болып отыр. Кейіннен ел ұрылары жайлы сөз қозғалды. Байдың иті боп күн көргенше намыскер ұры болған дұрыс дегендер де бар екенін айтып, Әбіш те кейігендей болды. Сағат, күн, тәулік деген зымырап бара жатқанын Абай ескеріп, қарттықтың есік алды келіп қалғанын айтады.
Бір күні жастар Қоңырәулие деген тауға баратын болды. Әбіш, Мағаш, Көкбай, Кәкітай мен Әлмағанбет секілді жас қауым сол мекенге жол алысты. Олар жол-жөнекей Ноғай Махмұт ауылына ат басын бұрды. Себебі бұл ауылда Әбішке көрсетпек болған Махмұт қызы Мағрипа болатын. Бұл кездері Махмұттың өзі қайтыс болған еді. Қонақтарды Мағрипаның үш ағасы жақып, Мұса және Мұсабайлар қуана күтіп алып, оларды жолдан бір күн ұстап қалды. Сол күнгі кеш өте қызық өтті. Әбіш әдеттегідей өзінің скрипкасында түрлі әуендерді салды. Кеш тарап кеткен соң, Әбіш жалғыз өзі өзеннің бойында қатты түңіліп, біраз отырып қалды. Оған шешесі Ділдә осы қызды айттырамын деген болатын. Әрине, Мағрипа - өте сұлу, көрікті қыз. Бірақ Әбішке Петербордағы доктор қазіргі кезде үйленбеуін маслихат еткен болатын. Себебі Әбіште жаңа аурудың түрі, құрт ауруы, пайда болған екен. Егер ол үйленетін болса, дерт Мағрипаға да өтіп кетуі мүмкін еді. Бірақ Әбіш үй ішіне: «Әуелі оқуым бітсін, сосын айттырасыздар», - депті. Қонақтар ертесіне қайта жолға шықты. Кеш түсе Әбіштер Қоңырәулие тауының етегіндегі бір ауылға түсті. Бұл ауыл Оспанның әйелі Еркежанның төркіні болған Байтас ауылы екен. Қоңырәулиеге ертесінешығып, аралап қайтысты. Жастар таудың баурайында серуендеп жүріп, бір үңгірге тап болады. Жастар қолына бір-бір шамнан алып, ішке кіре бастады. Талай ішкерілей түскенде алдарынан тұнық көл шығады. Сосын көлді жағалай жүріп, тасқа қашалып салынған кісі бейнесін көреді. Содан кейін жастар қайта тысқа шықты. Үңгірдер шыққан бойда Көкбай Абылай жорықтары жайлы баяндап кетті. Жоңғарларды Абылай ханның әскерлері құғанда, жоңғарлар осы үңгірге бекініп, білдірмей келіп, талай қазақты қырыпты. Сонда Абылай өз батырларына: «Кімде-кім амалын тауып осы жоңғарларды жоятын болса, сол менің ең бірінші қолбасшым болсын», - деген екен. Сонда Қаракерей Қабанбай амалын тауып, топтасқан жоңғарлардың көзін құртыпты. Осы амалды қақтығыстардан кейін, Абылай оған «Дарабоз» деген ат беріпті.
Жастар Қоңырәулиеде жүрген кезінде Абай мен Ербол Базаралының науқастығын есітіп, соның жағдайын білуге барыпты. Ескі достар әз әңгіме құрып, біраз уақытқа дейін отырысты. Базаралының өңі ағарып кеткен. Достарын көріп бетіне қан жүгіргендей болды.